Поэзиядағы Дулат Бабатайұлы дәстүрі және ұлттық тұтастық идеясы

Бөлісу:

27.05.2022 4820

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде Дулат Бабатайұлының 220 жылдығына орай «Поэзиядағы Дулат Бабатайұлы дәстүрі және ұлттық тұтастық идеясы» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияға аталмыш университеттің басқарма мүшесі-проректор, академик Дихан Қамзабекұлы модераторлық етті. Ғалым жиынның ашылу сөзінде Дулат ақынның шығармашылық мұрасын айқындау, ондағы өзекті мәселелерді ойталқыға салу сынды күн тәртібіндегі маңызды сұрақтарды атап өтті.

Дулат Бабатайұлы қазақ әдебетіндегі айтулы ақындардың бірі. Оның:

Халыққа емес сыйымды,

Парақор баспақ биіңді,

Ел бүлдіргіш бегіңді,

Улы тілммен улаттым, - деген өлең жолдарынан сол кезеңдегі өмір шындығын байқауымызға болады. «Халықты» қасқырша талаған», «итше қапқан» ел пысығының бойынан ақын «күшігендік» қасиетті де көреді. Елді сорған ауылдың атқамінерін «жемтікке қонған күшігенге» баласа, енді бір тұста сол «күшігендікті» әжуа -мысқылға толы бейнелі тіркестермен әрлей түседі: «Кебеже қарын, кең өңеш, Өлексе көрсе үңгіген, Күшігеннен кем емес», - деп Дулат өлеңдерінің астарына филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Омаров қысқаша шолу жасады.

Ақын өз өлеңдерінде халқының мұңын мұңдап, сол замандағы ауыр ахуалды көрсете білген. Міне, осындай тұста Дулат өлеңдерінен «ел» сөзімен байланысты тіркестерді көп байқаймыз. Конференцияда ақын шығармаларындағы осы тұсты баяндамашылар барынша ашып көрсетті. Конференцияның мақсаты да сол, Дулат Бабатайұлының шығармашылық мұрасын насихаттап, қазақ әдебиетіндегі орынын айшықтау.

Жиында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов «Дулат Бабатайұлы тағылымы» атты баяндама жасады. Одан кейін сөз алған ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Несіпбек Айтұлы «Арыстан жүрек дала шайыры» атты баяндамасында: «Дулат Бабатайұлының ақындық ұстаханасының көрігінен шыққан өшпес бейнелер-ел-жұрт іс-қылығынан үлгі алатын тұлғалар емес. Образдар жүйесі ол міндетті арқалап тұрған жоқ. Бұл арқылы халықтың қасіретнамасы, заманының шерлі шежіресі айтылады. Дулат сомдаған бейнелер – отаршылдық кезеңнің қайғысын қоюлата түскен, жау жағадан алғанда, бөрі боп етектен шалғандар», - дей отырып, ақын шығармашылығын толықтай зерттеу керегін баса айтты.

Заманында «Байғыз қарт» атанған ойшыл, «Көнелерден сұрасам, сөзін жинап, құрасам...» - деп көмейіне келген сөзді кімнен болса да тайсалмай тура айтатын шыншыл ақын Дулат Бабатайұлының шығармаларын қазақ халқына ғана емес, күллі түркі тілдес халықтарға насихаттап, қазақ әдебиеттінің өрісін кеңейтсек – нағыз құптарлық іс сол болар еді. Осы ойдың жетегімен Түркиядағы Муғла Сыткы Кочман университеті Қазіргі түркі тілдері мен әдебиеті кафедрасының доценті Экрем Аян онлайн форматтағы пленарлық мәжіліске қатысты. Сөйтіп Дулат Бабатайұлының шығармаларын өз елінде кеңінен таныстыруға үлес қосатынын тілге тиек етті.

Аталмыш халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға алаштанушы Тұрсын Жұртбай, белгілі тарихшы Тұрсынхан Зәкен, жазушы-драматург Роза Мұқанова т.б. зиялы қауым өкілдері, көрнекті ғалымдар мен ұлттық ән өнеріне еңбек етіп жүрген бірқатар белгілі азаматтар қатысты.

Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ

ФОТО АВТОРДЫКІ

Бөлісу:

Көп оқылғандар