Камал Әлпейісова. Ертегідегідей махаббат

Бөлісу:

16.06.2022 5428

(әңгімеге өмірде болған жай негіз болған)

Тұрған төсегінде әрі-бері аунақшып, көрпесін біресе жамылып, біресе серпіп ашып тастап, әжесінің келуін күтіп жатыр. Есіктің жоғары жағындағы әйнегінен әжесінің әрі-бері өткенін көрген сайын елең етіп, әне-міне кіреді деп ойлап қалады. Бірақ, әжесінің шаруасы ылғи да тап бұл ұйқыға жатар кезде көбейіп кететін сияқты. Тұрғанның соны сылтау етіп, анда-санда жылап алатыны да бар. Міне, бүгін де оның тезірек кіре қоймағанына ренжіп, түрі бұзылып, аузы бұртия бастаған қыз, әжесі есікті ашқанда, иығын қиқаң еткізіп, кілт теріс айналды.

- Ақ тоқашым, айдай сұлуым... Жасаған берген, жарылқап берген, - деп, табалдырықты әдеттегідей айналып-толғанып аттаған әжесі оның бұл кіре бергенде қыр көрсетіп, теріс қарап жатып алғанын елең қылмай, еңкейіп, немересін мейірлене иіскеді.

- Ұйықтап қалған екен ғой менің ақ қозым... жарайды, ертегіні ертең айтармын онда, - деп бұйра-бұйра шашынан сипап, күбірлей сөйледі.

Тұрған шалт бұрылып, әжесін құшақтай алды:

- Жо-о-оқ, бүгін айтыңыз...

- Өй! Сен әлі ояу ма едің? - Әжесі таңданғандай кейіп танытты.

- Иә... – деді Тұрған бұртиып. – Күтіп жатырмын... күтіп жатырмын... Келмей қойдыңыз ғой тіпті...

Немересінің өзін тағатсыздана күткеніне мәз болып, жүрегі елжіреген әжесі «Шүкір... шүкір...» деп күбірлей жүріп, оның жастығын түзеп, көрпесін қымтап, керуетінің жанына жайғасты. Бұл – әжесі мен Тұрғанның қашанғы әдеті. Бейнебір орындалуы міндетті ғұрып сияқты. Қандай жағдай болса да әжесі оны бұзған емес. Міне, бүгін де немересін айналып-толғанып алып, қоңыр үнімен ертегісін бастады...

- Сонау бір заманда бейғам жатқан елге тұтқиылдан жау шауып, ер-азамат қолға қару алып, майданға аттаныпты. Олардың ішінде бір жалғызілікті әйелдің жалғыз баласы да бар екен. Неше жылға созылған соғыстан ол жігіт анасының тілегіне қарай аман-есен оралып және жалғыз келмей, майдан жолында танысқан, татар деген жұрттың қызын ерте келіпті.

Тұрған елең ете қалды. Әдетте әжесінің ертегісі «Тұрған деген ақылды қыз болыпты...» деп басталатын. Бұл жолғы бөлектеу кіріспе қызығушылығын оятып, көзі шырадай жанған қыз әжесінің әңгімесіне елти құлақ түрді.

- Жас жұбайлар бақытты ғұмыр кешсе де, дүниеге келген сәбилері бірінен кейін бірі шетіней берген екен. Жалғыз тұяқтың тұқымы тарамай ма деп уайымдаған анасы жылап-сықтап, жаратушыға жалбарынумен болады. Арада бірнеше жыл өтіп, енді немере сүйе алмаймын ба деп күдері үзіле бастағанда келіні босанып, алтын шашты аппақ қыз дүниеге келеді.

Оны алғаш қолына алғанда ұлына емес, келініне көбірек ұқсайтынын көріп, сәл қызғанса да, лезде тәубасына келіп, «кімге тартса да осыдан кейінгі балалары тұрса екен» деп ырымдап, немересінің атын «Тұрған» деп қояды...

Өз аты аталғанда қыз жүзінен жаңағы қызығушылықтан із де қалмады.

- Ой, әже, бұл ертегі қызық емес, - деді сосын аузын бұртитып.

- Неге қызық емес? Қызық болғанда қандай!

- Ой, білем ғой, «әжесі ол қыздың шашын өріп береді екен, мектепке жетелеп апарады екен» дейсіз әрі қарай...

- Ал, сосын не деймін? Сен оның мектептен кейінгі өмірін білмейсің ғой. Өйткені ылғи ұйықтап қаласың...

- Мектептен кейінгі өмірі қандай? – деп енді қызыға бастады Тұрған.

- Керемет! Тура ертегі сияқты...

- Ертегі сияқты? Ақбоз атқа мінген ханзада кездесіп, оны қиял-ғажайып еліне алып бара ма? Түу, әже, сіз маған қалай аяқталатынын... тез-тез айтып беріңізші. Әйтпесе мен «Қалай бітті екен?» деп ойлап, ұйықтай алмаймын ғой.

Әжесі аппақ жүзі алаулап, әдемі қой көздерін жыпылықтатып, өзіне тағатсыздана қарап отырған немересінің бұйраланған сарғыш қоңыр шашын саусақтарымен тарақтап қойды.

- Жарайды, құлыншағым... – Әжесі көзін бөлменің бір бұрышына қадап, айтарын алыс көкжиектің ар жағынан көріп отырғандай әңгімесін сабақтады.

- Аллатағаланың мейірімімен Тұрған дүниеге келген күні ол ауылдан атпен алпыс күн, жаяулап жүз алпыс күн жүретін жердегі патшалықта бір ханзада дүниеге келіпті. Ұғымтал, ақылды боп өскен бала ер жеткенде ақбоз атқа мініп, үлкен шаһарға өнер-білім іздеп барады.

Шаһардың әсем сарайларын, арықтарда сылдырап аққан мөлдір суын, көше бойындағы жасыл желек жамылған талдарын тамашалап келе жатқан ханзада алмасы мен алмұрты, өрігі мен шабдалысы уылжып пісіп тұрған баққа кіріп, онда гүл теріп жүрген сұлу қызды көреді. Көреді де ғашық болып қалады. Мына қызықты қараңыз, бұл тап сол кезде шаһарға оқу іздеп келген Тұрған қыз болатын...

- Ой! Сосын ше? Сосын ханзада оны ақбоз атына мінгізіп, қыдыртады ма? Патшалығын көрсетеді ме?

- Иә, сөйтеді... Патшалығына, әке-шешесіне ертіп апарып, баталарын алып, екеуі қосылады. Сосын ханзада сүйген жарына арнап жеке сарай салады. Тура Тәж-Махал сарайындай... Дүниеге келген балалары сол сарайдың ішінде асыр салып, ойнап, ауладағы хауызға шомылып, бақта өсіп тұрған небір жеміс-жидекті теріп жеп, уайымсыз өсіпті.

- Сосын не болыпты?

- Сосын... екеуі еш уайымсыз, бақытты өмір сүріпті. Ағайынға қадірлі, жарлы-жақыбайға жанашыр болып, айналасына көп жақсылық жасапты. Балаларын аяқтандырып, олардан немере, немерелерден шөбере сүйіпті. Сөйтіп, ұза-а-ақ, ғасырдан да көп жасап, ертегідегідей өмір сүрген екеуі мезгілі келгенде бір күнде жұмаққа аттаныпты...

- ... ертегідей... – деп былдырлады ұйықтап бара жатқан Тұрған.

Арада бірнеше жыл өтті. Ертегі тыңдап өскен Тұрған шындығында да қараса көз тоятын бойжеткен болып өсіп, Алматыдағы үлкен білім ордасына оқуға түсті. Семей полигонының әсері ме, әлде басқа себептер де бар ма, бұл туып-өскен Жаңғызтөбе жері көктемдегі көз қуантар көркінен мамыр өте айырылып, жазда аңызақ желден топырақ суырып, оған мал тұяғынан көтерілген шаң қосылып, ауыл маңы айтақырға айналушы еді. Ана бір жылдары қысқы қара суықтан жер қақ айрылып кетті деп отыратын әжесі.

Табиғаттың сұлулықты там-тұмдап қана берген өлкесінде өскен ол поезбен келе жатып, көз ұшында көгілдір таулары мұнартқан жасыл желекті қаланы көргенде «Әжем айтатын жұмақ деген осындай болатын шығар...» деп ойлаған. Алматыны бірден ұнатты. Құдай оңдап, осы қалада оқимын деген тілегі қабыл болған Тұрған атақты «қалыңдықтар факультетінің» студенті атанды. Курсында кілең қыздар оқыды десе де болғандай: қырық қыздың шуынан он жігіттің дауыстары да естілмейтін.

«Құлыным, сабағыңды жақсы оқы, - деп жазатын әжесі хатында, - абайлап жүр. Ақшаңды ұқыппен ұста. Қыдырам деп әлдекімдердің торына түсіп қалма». Тұрған әжесінің хатында тұспалдап отырған ойының астарын түсініп, мырс ете қалды: қайран әжесі үлкен қаланың әр бұрышынан сары тентегіне қауіп төніп тұрғандай уайымдап, хат сайын сақтандыратын. Бірақ, қорыған жерге құмар бола түсетін заңдылық бұл жерде де қылтиып, көңіл түкпірінде жатқан бір алаңдаушылық – ертегідегі ханзада қыз ойына барған сайын жиі оралатын болды.

Алғашында Тұрған оны курстағы жігіттердің арасынан кездестіріп қалам ба деген сезімде жүрді. Бірде аудитория алдында тоқайласып қалған жігіттің сымбатты тұлғасына көзі түскенде «осы ма?» деген ой жылт ете қалып, бірақ, өз ойынан өзі ұялып, өрекпіген көңілін басып тастады. Тағы бірде сабақ айтқан курстасының қоңыр даусы еріксіз құлақ түргізді: жігіт өлеңді тура кәсіби дикторлар сияқты оқып тұрғанда қыз қиялы біресе көкке ұшып, біресе жерге түсіп, сан құбылды. Курстастарының сүйсіне тыңдап отырғаны әсер етті ме, жігіт те арқалана түсті – Тұрғанға оның шағын ғана бойы асқақтап бара жатқандай көрінді. Өлең аяқталғанда жаңағы әсер де жоқ болды. Жігіттердің бірінің білімділігі таң қалдырса, бірінің ақкөңілділігін ұнатып, сүйсінетін. Бірақ қанша үңіле қараса да ешқайсысын әжесі айтатын ханзадаға ұқсата алмады – жүрегі «бір кездессем ғой» деп дүрсілдеген жоқ.

Студенттер қатарына қабылдау кешінде өзіне жымия қарап тұрған бейтаныс жігітті байқап қалды. Сымбатты екен – жүрегі лүп-лүп етіп кетті. Көздері түйіскенде жігіт басын изеп, бұған қарай беттегені сол еді, Тұрған сасқанынан сыртқа атып шығып, жатақханаға қарай қаша жөнелді.

Келесі күні жігіт аудиторияға іздеп келіп танысты, аты Ерлан екен.

Ерлан курстың қыздарына бірден ұнады – оның себебі де әртүрлі еді: қатарлас қыздар үшін араларынан қыз бен жігіттің шыққаны қызық-тын. Содан ба, олар Тұрғанмен сөйлесе қалса, «Түрі Төлегенге келеді екен», «Әдемі киінеді, талғамы бар», «Қиылып қарағаны қандай...» деп жапа-тармағай Ерланды мақтай жөнелетін.

Қыздардың сөздерінің жаны бар-ды – сымбатты екені рас. Тіпті сұлу десе де болғандай. Жігіт терезесінің алдында сенделіп жүргенінде перде артына тығылып тұрып, өзі де сүйсіне қарайтын. Қиялында түрлі жоспарлар түзіле бастайтын... Бірақ алғашқы кездесуге барғанда-ақ екеуі сөзге келісіп қалды. Тұрған ерке өскен қыз болса, Ерланның да бала кезден ешкім бетінен қағып көрмеген – одан кейін де екеуі де қыңырайып, өз дегендерін дәлелдеп шартпа-шұрт болып қала берді. Сезімнен мінез басым түсіп, өзімдікі жөн деп өскен екеу сол мінездерінің қайраңына жиі соғылып, жаңа ғана жайраңдап күліп отырса, әп-сәтте керісіп қалатын. Сосын жүргендері бұртиып.

Тұрған кейде өзінің қателігін түсініп, оңашада көз жасын сығып алып жүрсе де, бойға біткен қиқарлығына басып, татуласу үшін бірінші қадам жасамайтын. Ол – ол ма, Ерлан келіп, арадағы кірбіңді жуып-шайғысы келсе, сыртқа аттап баспай зықысын шығаратынын айтсайшы. Амалы құрыған жігіт арадағы тоң-торысты жібітер деген үмітпен бөлмелес құрбыларын жағалайды.

Алдымен бөлмелес құрбыларын өзіне қаратып алды. Әрқайсысына қолқаны да әрқалай салады. «Оразбибі, анекдоттарыңмен кім-кімді де күлдіретін ең ғой, мен Тұрғанға келгенде сондай әңгімелеріңді айтшы» деп қиылады. «Сенің салмақты сөзіңе құлақ асары анық, ақыл айтып қойшы» дейді Секерге. Ал Сәулені көрсе «Түу, сенің күлкің естілсе Алматы аспанының бұлты да ыдырап кетеді, оның қасында курстасыңның қабағын ашу түк емес қой» деп қалжыңдайды.

Тіпті курс жігіттерін де «Бөріктінің намысы бір» екенін тілге тиек ете жүріп, кезек-кезек ортаға сала бастады. Жасы шамалас жігіттер Ерланның хаттарын тасып жүргенде топ комсоргы Бату қабағын түйіп, «біреулердің «махаббат машақатына» бас қатырмай, сабақ оқу керектігін» айтыпты деген сөз курсқа лезде тарады.

Бұл сөз қыздарға екіұдай әсер етті. Мектеп бітіре салысымен студент атанған қыздар шулап, «машақат» деген сөзді айтқан жігітті біраз талқылап тастады. Тіпті «ол «шалдар» романтика дегенді қайдан білсін?» десті қызды-қыздымен. Ал оң мен солын танып барып, оқуға түскен қыздардың ішінде Тұрғанға ақыл айтып, «басқа қонған бақты бағалау» туралы аз-кем «дәріс» оқып жібергендер де болды.

Қашан көрсең кітапханаға кетіп бара жататын, не келе жататын Сара оқиғаның бәрін бөлмелес қыздардың әңгімесінен естіп, біразға дейін басын шайқап қойып жүрген. Ақыры шыдамады.

- Осы сені түсінбеймін, Өмірханова, - деді бірде мектепте жұмыс істеп жүргендегі әдетімен және жасы үлкендігін пайдаланып қатқылдау сөйлеп. - Ерлан – түр десең түрі бар, жағдай десең жағдайы бар жігіт. Ең бастысы – өзіңді жақсы көреді. Ал сен... не әрі емес, не бері емес, бұлтаңдап, басын қатырып... не затсың өзің? Неге өйтесің?

Тұрған көзі жыпылықтап тұрды да, жылап жіберді:

- Мен зат емеспін. Адаммын!

Сара батыстықтар қолданатын сөзді курстастары түсінбей, ренжіп қалатынын талай байқаған. Сол есіне түсіп, дереу жұбата бастады:

- Ой, Тұраш, ол менің сөзімнің мақалы, еш астарсыз айта салам. Соған да жылайсың ба, түу, не затсың өзің!

Соңғы сөздерді естігенде жаңа ғана дүние күйіп кеткендей жылап отырған Тұрған сықылықтап күліп жіберді. Сол жерде тұрған Нұрбағда да:

- Иә, ол сөз Сараның мақалы екен рас. Алғаш естігенде біз де түсінбей қалғанбыз, - деп қосып қойды. – Мен де сен сияқты ренжіп, жылағанмын.

Бірте-бірте бұл екеудің бір арнаға түспей қойған «махаббат хикаясы» курстың басты назарындағы мәселе болудан қалды. Бәлкім, басқа жігіт-қыздардың жүректерінде бүршік жара бастаған махаббат сырлары көңілдерін аударды ма? Немесе курстастары бауырмал, қиялшыл Тұрғанның жанын түсіне бастағандықтан да болар, бәлкім...

Екінші оқу жылы аяқталғанда бүкіл курс фольклорлық экспедицияға аттанды. Бұл өзі факультетте өтетін дәстүрлі практика болғандықтан, оған бәрі де университеттегі сабақтың жалғасындай қарап, маусым айында қызы көп, жігіттері аз екі топ улап-шулап Кенен ақын атындағы ауылға, көнекөз қариялардан халық ауыз әдебиетінің нұсқаларын жинауға аттанды.

Ауыл ішінде «Алматыдан студент қыздар келіпті» деген хабар тез-ақ тарады. Бұған, әсіресе, сессияларын тапсырып, күндіз ата-аналарына шөп шауып, мал бағуға көмектесуден қол босамаса да, кешқұрым іштері пысып жүрген ауылдың студент жігіттері елең ете қалысты. Кейбіреулері сол кеште-ақ клуб жаққа тартқан – бірақ бөтен қыздарды көрмеді. Ол жерден шыққан соң сұрастырып тауып, студент қыздар тұратын үйдің маңын біраз айналшықтап жүрді де, өзара келісіп, ертең осы жерде кездесетін болып, тарасты.

Ертесіне жігіттер уағдаласқан жерге біреуі гитарасын арқалап, біреуі магнитофонын ала келді. Кәдімгідей-ақ «барын киіп, бақанын сайлап» келгендері көрініп тұр: біреуі «адидас» костюм, біреуі гүлді жейде, балақтары «клеш» шалбар киіп алғанына қарап, бөлмеде кезекшілікке қалған қыздар «Мыналар бізге сән көрсетпекші ме?» деп сықылықтап күліп қояды.

Күн бата бұлар іздеген қыздардың қарасы көрінді. Топтарға бөлініп, үй-үйді аралап кеткен бойжеткендер есік алдында үйіріліп тұрған жігіттерге көз қиықтарын тастап, өзара сыбырласып, бұлардың «ау, қарындас», «биге шығыңдар, қыздар!» деген сөздеріне сыңқ-сыңқ күліп, қастарынан өтіп жатты. Ең соңында аяқтарын сылбыр басып келе жатқан жігіттер ғана кідіріп, «Әмірхан», «Бақытбек», «Құдайберген», «Тілеухан» деп, бұлармен қол берісіп амандасты.

Ауыл жігіттері бір-біріне көз қысып, жымың-жымың етісіп бұларға:

- Жігіттер, аздап... бір думанды кеш ұйымдастырсақ қайтеді? – десті.

- Хоп мейлі, - деді Бақытбек елп етіп.

- Кештеріңді мына жерде өткізесіңдер ме? Не, бұл ауылдың жігіттері емессіңдер ме? – деді Құдайберген жағалай қарап.

- Осы ауылданбыз ғой... былай енді... бүгін таныссақ. Сосын ертеңге отырыс жоспарласақ дегеніміз ғой, - деп ауыл жігіттерінің ересектеуі сөз тауып кетті. Онымен иықтаса тұрған жігіттер өздерінше мәселе шешілді деп ойлап, бұларға көздерін қадай қалысты.

- Онда ертең отырыстарыңда сөйлесейік... - деді Тілеухан көзілдірігін түзетіп қойып. Бағанадан бері сынай қарап тұрған Әмірхан бұл сөздерге мырс ете қалды да:

- Жалпы біз қыздарымызды есіктің алдына келген жігіттермен таныстыра бермейміз, - деп шегелей сөйлеп, аяғын нық басып, үйге беттеді.

Қалған үшеуі «сөз бітті» дегендей оның соңынан ерген. Ернін жымқырып келе жатқан Бақытбек ұзай бере курстастарына дүрсе қоя берді:

- Ей, сендер қашаннан қыздардың қорғаушысы бола қалғансыңдар?

Басқалары мырс-мырс күлді.

- Үндеме, - деді Құдайберген, - әлі түсінбей тұрсың ба? Қыздарымызды бұлдап, күнде бір үйге қонаққа барып, тамаққа тойып жүрсек, тақияңа тар кеп тұр ма?!

Оның бұл сөзіне басқа жігіттер де сылқ-сылқ күлгенде, жаңа ғана аң-таң боп тұрған Бақытбек курстастарының тапқырлығына риза болып, алақанын сарт еткізді. Ауыл асханасының сылдыраған сорпасына тоймай, кешелі бері қарын тойдыру басты уайымына айналған ол, курстас жігіттердің ашқұрсақ күйден арылу үшін ойлап тапқан әдемі амалына мәз болды.

Сөйтіп, ауыл жігіттері өз сөздеріне өздері тұтылып, ертесіне келген студенттердің құрметіне кеш ұйымдастырды. Марқаның жас картоп қосып бұқтырылған етін сүйсіне жеп, әсіресе дастархан жағалап жүрген шараптан бірнеше рет ұрттағаннан кейін екі жақтың жігіттері тіл табысып, тіпті құшақтасып, біраз әңгіменің басын қайырып тастады. Гитараға қосылып ән айтып, би билеп, түн ортасы ауа әзер тарасқан қыз-жігіттер түні бойы әркім өз төсегінде аунақшып, қиял әлемін шарлап жатты.

Тұрған қашан да таңертең ерте тұратын. Сол әдетімен ертесіне де қыздар ұйықтап жатқанда оянып, бөлме ішін жинастыра бастады. Төсегін жинап, бөлме ортасында жатқан кілемшені қағайын деп сыртқа шығып еді – есік алдындағы ұзынша орындықта кешегі жігіттердің бірі отыр екен. Состиып тұрып қалған қызды көріп атып тұрған ол жайдары жымиып жақындай берді.

- Алсай, - деді бұған қолын ұсынып.

- Нені алайын? - деді Тұрған түк түсінбей.

Жігіт түк ренжіген жоқ, керісінше күліп жіберді де, әзілдей тіл қатты:

- Нені қаласаң, соны ал! Қажет болса, мені де...

- Керек едің... – бір-ақ сәтте бетіне қаны теуіп, қып-қызыл боп кеткен Тұрған бұрқылдай сөйлеген қалпы кілт айналып, үйге кіріп кетті.

Жігіт басын шайқап жымиды. Есікке қарайлап біраз тұрды да қыз қайта шықпаған соң баяу басып, қақпаға қарай жүрді. Тұтқаны ұстай беріп, артына бұрылған – терезеге тұтылған ақ шілтерлі перде дір ете түсті. «Қарап тұрған екен ғой...» деп ойлады ол. Жымиып, кенет лүпілдей жөнелген жүрегін тыныштандырғысы келгендей, кеудесін алақанымен сипап қойды...

Жастардың келесі бір басқосуында қыздардың ұсынуымен «Шын сұрақ – шын жауап» ойыны ойналды. Ойын шарты бойынша бос бөтелкені шыр айналдырып, ол тоқтаған кезде ауыз жағы қараған адам қарсы алдында отырған адамға сұрақ қояды, ол шын жауап беруі керек. Анадайда тұрған Алсай әдейі Тұрғанға қарама-қарсы жерге барып отырды. Бір кезде шыркөбелек айналған бөтелкенің аузы қызға қарап тоқтай қалды. Не сұрарын білмей сасып қалған Тұрған: «Қай жылы қай айда туғансың?» дей салды.

- 1955 жылдың 1-ші қаңтары, - деді Алсай жайбарақат.

- Соқ өтірікті! - деді орнынан ұшып тұрған қыз.

Енді Алсай сасып қалды: «Рас айтам», - деді түкке түсінбей, көйлегі ағараңдап кетіп бара жатқан қыздың соңынан қарап тұрып.

Жан-жағынан жамырай сөйлеген қыздар оған Тұрғанның да тап сол жылы, сол айдың бірі күні туғанын айтқанда, не дерін білмей, ыржиып күле берді. Түнде қиялдап жатып, мұндай сәйкестікті жақсылыққа балаған...

Арада бірнеше күн өткенде студенттер басқа ауылға кетті. Олар кеткелі ауыл босап қалғандай өзін қоярға жер таппай жүрген Алсай бір күні көрші тұратын досына қолқа салып, «қыздарға барып қайтайықшы» деді қипақтап. Досы бұған көзін сығырайта қарап:

- Ана бір сары қызға барғың келіп тұр ма? – деп тыржың етті.

Түрінен, сұрау мәнерінен ол қызды жақтырмай тұрғаны байқалды. Онысымен қоймай:

- Қойшы соны, қыз құрып қалғандай... Біртүрлі ғой өзі. Мінезі шырт етпе сияқты. Біздің жігіттер сөйлескісі келсе, ешкімді жанына жолатпапты. Танысуға келген жігіттерге атын Толқын деп, келесіде Меруерт деп өтірік айтыпты, - деді.

- Жақсы емес пе онысы, - деді Алсай жымиып, - жолататын адамды күтіп жүрген болар... Ал маған шын атын айтқан – Тұрған екен...

Аз ғана күнде көздері үйреніп қалған ауылды артқа тастап, шоқы-шоқының арасымен жүйткіген автобустағы қыздар Сұлутөрдің ғажап табиғатына тамсанып, тілдері байланып қалғандай көпке дейін ешқайсысы үндемеді. Тұрған болса терезеге үңіліп: «Мүлде ұзап кеттік... мына автобустың тоқтайтын түрі жоқ қой» деп уайымдап отыр. Артта қалған ауылды, Алсайдың жымиып тұрған қалпын көз алдына елестеткенде жүрегі сыздады. Жылағысы келді ме, әйтеуір, кеңсірігі ашып, көз алды буланып, бір түсініксіз күйге түсті. Қанша ойланса да миында ызыңдап тұрған «Не істесем екен?» деген сұраққа жауап таба алмай, қыстыға күрсінді...

Автобус тоқтаған кезде жаңа ғана жарқырап тұрған күн бұлт арасына жасырынып, аспан түнеріп, сіркіреп жаңбыр жауа бастады. Таулы жердің ауа райы құбылмалы келеді дегенді естіп жүрсе де тап осылай тез өзгереді деп ойламаған қыздар, қолжүктерін сүйрелеп, жатақ-үйге қарай жүгіре жөнелді.

Тұрған сөмкесін алам деп тартып қалғанда бауы үзіліп кетті де, енді дәп-дәу сөмкені көтеріп, мықшыңдап келеді. Сонша үлкен сөмке алғанына, бәрінің соңында қалып қойғанына, жаңбырдан үсті-басы су-су болғанына ызаланып, оған артта қалған ауылға алаңдауы қосылып, жылап жіберді. Тамшылар жүзін жуып келе жатып, жүрегінде бұл не айтса да байыппен тыңдап, жайбарақат күліп тұратын жігітке деген бір сезімнің бүр жарғанын ұқты...

Содан кейін уақыт өтпей қойды. Мұның ойға беріліп, үнсіз жүру себебін сұраған қыздарға: «Үйімді сағындым» деп, көзін сығып-сығып алады. Ал ішінен: «Мына практикасы құрғыр тезірек аяқталса екен. Сосын каникул тезірек өтсе... - деп армандайтын болды ол, - Оқу басталғанда іздеп келетін шығар, Алматыда оқимын деп еді ғой...»

Арада бірнеше күн өткенде үй аралап келе жатқан қыздар бұлардың жатақхана-үйінің алдында тұрған Алсайды көріп, шу ете түсті. Жалт қараған Тұрған өз көзіне өзі сенбей қалт тоқтады. Іле лықсып келген сезіміне ие бола алмай көзінен жас ыршып кетті... Бойын билеген қуаныш пен қасындағы қыздардан қымсыну біресе алға жетелеп, біресе тізгіндеп, тыпырлады да қалды. Сосын барып, өзінен бұрын алға қарай «тұра жүгірген» жүрегінің дегені басым екенін қапиясыз ұқты. Ұқты да, қаумалап, жапырлай амандасып жатқан қыздардың арасынан мойнын созып, көзімен мұны іздеп тұрған жігітке жүзі жайнап, күлімдей қарады...

Сол жылғы күзден бастап екеуінің жұбы жазылған жоқ. Курстастары көз алдарында туындаған махаббатты аялап, қорғаштап-ақ бақты. Студенттік кештерде ақ жағалы қара көйлегі мен қасықтай ғана қара туфлиін киіп ап, сықылықтай күліп жүрген аппақ жүзді, бұйра-бұйра шашты қызға көздері түсушілер көп-ақ еді. Тұрғанның сондай ортаға түсіп қалғанын байқаса біресе бөлмелес қыздар қаумалап, біресе курстас жігіттер кие-жарып кеп алып кететін. Сосын: «Сен Зооветіңде жайбарақат жүргеніңде мына қызды біреулер қағып кететін түрі бар. Енді қашанғы күзетеміз? Той қашан?», - деп Алсайға ойын-шыны аралас базына айтатын.

Тұрғанның бір жігітпен кездесіп жүргені туралы естіген бойда Ерлан жатақханаға құстай ұшып жеткен. Есік алдында отырған күзетші апайға шоколад кәмпитін беріп, жалынып жүріп, ішке әзер кірді. Бөлменің есігін қаққалы ұмсына бергені сол еді, ол сарт етіп ашылып, ар жағынан жайраң қағып Тұрған шыға келгені. Бұған көзі дөңгелене таңырқай қарады да, түк болмағандай:

- Ой, Ерлан, сәлем, бізге келдің бе? - деді. - Мен кетіп бара жатыр едім, іште қыздар бар. Кіре бер...

- Сәлем, Тұрған, мен саған келдім ғой... Сөйлесейікші...

Тұрған қабағын түйді.

- Ерлан, біз киноға баратын едік. Кешігіп қаламын, ренжіме, - деді де өкшесі тық-тық етіп, баспалдақпен түсіп кетті.

Мең-зең боп тұрып қалған жігіт ұзын дәліздің терезесіне жақындап, сыртқа көз салған – Тұрған енесіне ерген ботадай ойнақтап, сұңғақ бойлы, арықша жігітке еркелей сөйлеп кетіп бара жатыр екен. Ерлан тістеніп, терезенің жақтауына қолымен сүйеніп, үнсіз тұрып қалды. Іші-бауыры удай ашып, тұлабойы бір ысып, бір суып, бір сәтте мың-сан күй кешті...

Тұрғанның әлдекіммен сөйлескен даусын естіп, бөлмеден шыққан Зұлқия терезенің алдында тұрған Ерланды көргенде жігітке жаны ашып кетті. Не дерін білмей сасқалақтап:

- Ерлан, сәлем! Ішке кір, шәй ішейік... - деп, бөлмеге қарай жетектеді.

Әшейінде у-шу боп, бөлмені бастарына көтеріп жататын қыздар шәй үстінде біраз үнсіз отырды. Бір-біріне қабақтарын қағып: «сөйлесей», «бірдеңе десей» дегенді білдіріп отыр. Ақыры осындайда өзіне салмақ түсетінін білетін Сара ақырындап сөз бастады.

- Ерлан, өзіңді құрметтеп, сыйлайтынымызды білесің ғой. Тұрғанға деген сезімің де бізге аян. Бірақ, махаббат дегеннің біз білмейтін құпиясы мен сыры көп екен. Сен – тамаша жігітсің... Өзіңе лайық жақсы қыз кездеседі әлі...

Осы кезде оның көңілін көтерейін деп Оразбибі қуақылана сөз қосты:

- Қамықпа, Ерлан. Бізде қыз көп...

- Қыз журфакта да жетерлік... Бірақ Тұрған бәрінен өзгеше ғой. Тыз етіп ашуланатыны да өзіне жарасады... Ана жігіт ол мінезін көтерер ме екен?

Қыздар өз құлақтарына сенбегендей Ерланға әрі таң қала, әрі сүйсіне қарады. Сүйгені қайрылмай кетіп бара жатса да жүрегі елжіреп, оның сәл нәрсеге бұрқ-сарқ етіп шыға келетін мінезі опық жегізбейді ме екен деп уайымдап отыруы әсер еткені сонша, айтуға сөз таппады. Біреуі осындай жігіттің қадіріне жетпеген Тұрғанға өкпесі қара қазандай болса, екіншісі құрбысының болашағына Ерланмен бірге алаңдап, тағы біреуі «Шіркін-ай, осындай бойымдағы бар кемшілігіммен сүйер жанға қашан кездесер екенмін?» деп армандап отыр еді.

Қоштасарда Ерлан жанары жасаурай тұрып тағы өрелі сөз айтты: «Реті келсе Тұрғанмен кездесіп, ақ тілегімді білдірермін. Кездеспесек, сәлемімді жеткізерсіңдер, қыздар?! Бақытты болуына тілектеспін!»

Бесінші курс жақсы жаңалықпен басталды – екі жас танысып, махаббат дастандары басталған ауылда ұлан-асыр той өтті. Сүйгенінің курстастарын шығарып салып тұрып, әшейінде көп сөзге жоқ Алсай толқи сөйледі: «Тұрған ауылға алғаш сендермен бірге келіп еді. Содан да сендер – мен үшін өмірдегі қымбат жансыңдар. Қашан да сезімімізге қорған болдыңдар. Міне, бүгін бақыт құсымды қолыма қондырып кетіп барасыңдар...

Тұрған ертегі оқып өскен қыз ғой, ертегідегідей өмірді сыйға тарта алам ба, жоқ па деп біраз жүрексіндім. Енді сол ертегі әлемімізді екеуміз бірге жасаймыз деп отырмыз. Ал сендер қашанда сол әлемнің ең қадірлі қонағы боласыңдар...»

Оның бұл сөздері жүректерін елжіретіп, тіпті көңілдерін босатқан курстастар қол ұстасып тұрған Алсай мен Тұрғанды қайта-қайта құшақтап, қимай қоштасып, автобусқа мінді. Таң атқанға дейін болған тойдан шаршаған олар көздері ұйқыға кеткенге дейін:

- Тұрған қандай бақытты! Жүзі жайнап жүр жанымның!

- Алсайға риза болдым... Сөзі қандай!

- Бақыттары баянды болсын!

- Тату да берекелі ғұмыр кешсін!

- Келер жылы бесік тойға келейік, - десіп, өрекпіген көңілдерін баса алмады.

Оқу аяқталып, диплом қорғау, елге кету, Алматыда қалғандар пәтер іздеу, жұмысқа тұру сияқты таусылмайтын тірлікпен бөлмелес қыздар бір-бірінен қара үзіп қалған-ды. Соның да әсері болар көкбазарда кездейсоқ кездескен Бикамал мен Сәуле жүз жыл көрмегендей жылап көрісті. Біраз әңгімелессе де сағыныштарын баса алмай, ақыры сол маңды мекен ететін Тұрған мен Алсайдың үйіне соғып, тосынсый жасамақшы болды. Айтты – болды. Екеуі бұл кезде аяғы ауырлаған Тұрғанға пайдалы деп аздаған көкөніс, жеміс-жидек алып достары тұратын үйге келді.

Бұлар сыртқы есіктен кіргенде төр жақтағы бөлмеден Тұрған шыға келіп, таңғалғаннан көзі дөңгелене қарады. Ал ортадағы кең бөлмеде үлкен столға аппақ дастархан жайылып, үсті жайнап тұрғанын көрген қыздар болса: «Қонақ келе ме екен?» деп ыңғайсызданып тұр еді.

Жүгіріп келіп, бұларды қаусыра құшақтай алған Тұрған ештеңені байқаған жоқ: «Ой, жақсы болды ғой келгендерің. Алсай қуанатын болды...» деп дабырлап сөйлеп жүр. Сәуле сәнмен жасалып тұрған дастарханды иегімен нұсқап: «Қонақ шақырып па едіңдер?», - деді ақырын ғана.

- Жо-оқ... Қайдағы қонақ? Мен Алсайды күнде осылай дастархан жасап күтіп аламын, - деді Тұрған жүзі жайнап...

Құрбылары оған сүйсіне қарады.

Алматыда қалған курстастар бастары қосылғанда, елге кеткендердің қайсы отбасын құрып, қайсысы балалы болғанын, қайсысының қызметі өсіп, мекенжайы өзгергенін айтып отыратын. Тұрған мен Алсайдың қызметтері өсіп, әже ертегісінде айтылатындай, қайырымды, жоқ-жітікке жанашыр, орталарына қадірлі тұлғаға айналғандарын мақтан етті. Олардың тұңғыш ұлдары Бұланды атасы мен әжесі бауырларына басқанын, сосын Жұлдыз есімді қызды болғанын, кейін дүниеге келген баланың аты Аян екенін естіп, бір-бірінен сүйінші сұрасып жүрді. Достар үшін көз алдарында бүр жарған махаббаттың осындай баянды болғанынан асқан қандай қуаныш бар?..

Бірде Алсай ортақ таныстарынан бұларға: «Тұрғанға «хан сарайындай үйде тұрасың» деп берген уәдем бойынша зәулім үй сатып алып жатырмын. Достар қоныс тойға келуге дайындала берсін. Хабар өзімнен болады» деп сәлем айтып жіберіпті.

Екі жастың арасында бүр жарған махаббатқа куә болған ауылға барып, олардың толысқан, марқайған шақтарын көруге асыққан курстастар ел жаққа мойын созып жүргендерінде суық хабар келді...

Асыға жеткен достарына ауыл адамдары Алсай мен Тұрған жаңа үйінің пеші тартпай, иіс тиіп көз жұмғанын, ақ төсекте, құшақтасып жатып о дүниеге аттанып кеткендерін жеткізді... Балалары сол күні ата-әжелеріне кеткен екен.

Өксіктері көмейлеріне тығылған қыз-жігіттер Алсай мен Тұрған жоқ үйге кіре алмай, есік алдында біраз кідірістеп қалды. «Ананы қарашы», - деді Әділғазы қасында тұрған Гүлнарға күбір етіп... Ол Әділғазы иегімен нұсқаған жаққа көз тігіп еді: екі аппақ көгершін шатырда, мұржаның түбін айналып жүр екен. Енді бәрінің назары соларға ауған. Соны сезгендей аппақ жұп пыр етіп көтеріліп, бір-екі айналды да, биіктеп ұшып, көзден ғайып болды.

Бөлісу:

Көп оқылғандар