Дидар Амантай. Любовь Бергман

Бөлісу:

19.06.2022 3954

(Әңгіме)

Аяз. Тізеден қар жауып, соңы бет-аузын жұлмалаған қызыл шұнақ аязға ұласты. Құрғақ, шынылтыр, шытынаған – қаңтар айы. Барған жерінен тез қайтып келді. Қолында – шарап, көзінде – мұң. Есіне түсті. Жирен шашты нәресте елең-алаң түсіне кіріп жүрді. Бір кезде кілт жоғалып еді – қайыра мазалай бастады.

Көзін алмай қарап жатты, ұзақ – түсі суық. Үнсіз, қолын созбайды – ештеңе түсінген жоқ. Ел аяғы басылған. Әдетте, дәліз толы – қаптаған кісі. Күнделікті тіршілік. Қайнап жатқан өмір: қарбалас, қым-қуыт, ығы-жығы. Енді тоқтаған. Бүгін – жексенбі.

Омырауынан сүт аңқиды. Қарны ашқан тәрізді. Ана сүті жақын маңда екендігін жұпарынан таниды. Таныс иіс, мұрнын қытықтайды. Иісінің өзі құдырет, көңіл жұбатады, бойға қайрат береді.

Ол өзіне құйып қойды. Түс көретін уақыты ішіп отыр. Көкжиек бозарып келеді. Таң атып қалды. Қа-бырға іргесіне арқасын сүйеді. Енді тыныш, алаңсыз, ішімдігі қасында. Кірпіктері айқасып, көзі ілініп барады екен, оянып кетті. Үстелге қолын созды. Шара толы қызыл шарапты төңкере салды. Бойын жылытып, ішін қыздыра жөнелді.

Любовь.

Төңірегі жым-жырт. Кенет құлаққа ұрған танадай тыныштық орнады. Ешкім жоқ – бүкіл дүниеде екеуі ғана тәрізді. Басқа адам баласы көрінбейді. Жаз. Терезеден жел еседі. Шалқасынан ашық. Қазір суық тиеді. Кім жаппай кетті екен? Көше жақтан дауыстар естіледі. Емен-жарқын. Қым-қуыт тіршілік. Сыртта. Іште – тып-тыныш. Қимылдап еді, тастай. Қол-аяғы қозғалмайды, мұқият орап, тартып, түйіп байлап тастаған. Жалықты. Аунағысы келеді. Жібермейді.

Жанары – тұздай. Тостаған. Көз салғанда, жанарын төңкеріп қарайды. Түсін жылытып еді, күлімсіреп, әдемі күлкісі бейкүнә ақ құба жүзінде айқындалып келе жатып, тосын сыңғыр етіп жылдам күліп жіберді. Дүние бақыт түсіне боялды. Шат күлкі таудағыдай жаңғырып шықты. Сөйлеп жатыр. Шер тарқатып тілдеседі. Уәж айтады. Кімге екені күңгірт. Тілі ғажап, шұрайлы, бірақ, құпия. Жұмбақ. Әлемге шертер әңгімесі көп. Өз хақысы бар. Құдайдан бұйырған ғұмыр. Өмір сүруге құқылы.

Періштелер күлдіреді. Ол – періштелердің бірі. Көз алдынан кетпейді. Қанаттары сытыр-сытыр етеді. Әрі-бері ұшып жүр. Дастарқан басында ұйықтап отыр.

Пештің аузы ашылып, ағаш еденге от құлады. Байланып, жымдасып жанған шала, қызған тұсынан тұтас бұзылып, қопарылып, төмен сау етті, аунап-аунап барып, босаға түбінен, табалдырық алдынан тоқтады. Жан-жаққа шоқ шашылып түсті. Тас көмір. Еденге тиген жерінен жалын көтерілді. Түтін бұрқырап, бөлмені алып кетті.

Шат күлкі тағы шықты. Қашықтан естіледі, жоқ, тақап келе жатыр.

– Әке!

– Әу.

– Қуып жете алмайсыз.

– Қуып жетемін.

Күлкі қайта құмығып алыстап барады. Кері бұрыл-ғанда, қайыра айқындалады.

– Тоқта!

– Ұстаңыз.

– Ұшақпын.

– Автомобиль.

Ол әуеде ұшып жүр.

– Ғанипа!

– Иә, ана.

– Үйге кіріңдер.

– Қазір.

Екеуі құшақтасып тұр.

– Ас дайын.

– Тыныстап алайық.

Ол бақытты білмейді. Бірде іздеген жоқ. Бірде ойланған емес. Бірде... Білмесін, бақытты еске түсірудің қажеті бар ма, пенде бақытын түсінбейді. Түсінбеген соң, бағаламайды. Сол кезде бақытты. Ғұмырдың мәні тәрізді. Жоғалтқанда, ойланады. Сырт киімін шешті де, босағадан озды, ванна бөлмесіне кіріп, бұранданы ашып, су ағызды, жылы суға қолын жуды, уыстады, бетіне жұмсақ тиеді, сүлгі алды, сүртінді, Шынар сұлу еді, Маржан перизат, Сәуле қылықты. Уақыты өтіп, заманы өзгерді, орта жасты кешіп, көңілі ортайды. Жазған-сызғанын тиянақтап қоятын мезгіл жетті, опа тапты ма, ойран болды ма, маңдайына қиын тағдыр бұйырды, пешенесіне не жазды, соны көрді, бірақ, бұққан жоқ, оңайға, жеңілге қашпады, бұқпантайлады ма екен, бас сауғалады ма, үнемі шепте тұрды, алда жүрді, өкінбейді.

– Әке жеңіліп қалды.

– Рас.

– Түскі астан соң, ағылшын тілін оқимыз.

– Жақсы.

– Ұйқы ше?

– Ұйқыдан соң.

– Келер жылы француз, сосын, испан, неміс, жалпы алты тілде сөйлейтін боласың.

– Марат ше?

– Марат төртеуін игерді.

– Орыс тілі керек пе?

– Керек.

– Бұл тілде Пушкин, Толстой, Тургенев, Достоевский, Бунин, Мережковский, Пришвин, Паустовский, Булгаковтар сөйлеген, деп айтсаңшы.

– Набоков бар.

– Мен, бәрібір, архитектор боламын.

– Жоқ.

– Неге?

– Біздің Ғанипа – болашақ заңгер.

Екеуі қаланың бас жоспарын қарап отыр. Ғанипаны тапты. Бастығы – үнсіз. Жаңа үйлер ауа арнасын бітеп тастайды. Тау бөктерінен құйылған таза ауа қаланы жарып өтіп, жан-жағына жайбарақат жайылушы еді. Енді, зәулім ғимараттар көлденең тұрғызылып жатыр, жоғарыдан тасқындап ағып келетін самал желдің жолын, ұзын дәлізді жауып қалатын болды. Сондықтан, бұл ғимараттарды өзен бойынан алыстату қажет.

Ғани архитектуралық кескіндемелерді зерттеп, зейін қойып, оқи отырып, қалың да қатты қағаздың ар жағынан күлімдеп тұрған Ғанипаның бейнесін көрді. Ол үйлерді орнынан жылжытып, жоғарыдан төмен ауыстырып жатты. Шаршады. Кенет қолынан қарындашы түсіп кетті. Қор ете қалды. Ұйқысы ұзақ, қалың еді. Теміржол бекетіне келгенде, пойыз күткен әкесін аңғарды. Жалғыз өзі. Таңертеңгілік мезгіл – алагеуім шақ. Пойыз тоқтады, бірақ, жетінші вагон есігінен ешкім шыққан жоқ. Әкесі кетіп қалды. Тез-тез басып, вокзалдан ұзап бара жатты. Үйіне жетіп, дастарқан басында бала-шағасымен шай ішіп отырғанда, сөмкелерін сүйретіп анасы келді.

– Қайда жүрсің? – деді әкесі.

– Перронда сөйлесіп қалдым.

– Кіммен?

– Бір ер адам. Телефонымды сұрап қоймады.

– Бердің бе?

– Иә.

– Онда, басың бос, бағың ашылсың.

Әкесі орнынан тұрып, киімдерін алды да, балаларын ертіп, жүгін арқалап, көшеге шығып кетті.

– Еңғұрмаса, сен, Ғани, соңынан барма, – деді анасы.

Ғани өртке оранған үй ішінде, үстел басында, бір жағына қисайып жатқан, күйік шалған анасын көрді. Қарсы алдында бір шөлмек шарап тұр. Бір мысқал төмендеген, тіпті, бір шара ішілген қалпы, шара бос. Әуелі, сірә, иіс тиіп өлген тәрізді.

– Белсебетіңді түнде кіреберіс сенек не дәлізге кіргізіп қой.

– Ешкім ұрламайды, әже.

Әжесі таңертеңгілік асқа ботқа пісіріп жатыр.

– Жаз шықты, енді ұрлық-қарлық көбейеді.

– Мен теңізге кеттім.

– Жаяу бар.

– Көлігім ше?

– Жоғалтып аласың.

Ол тамағын апыл-ғұпыл ішті де, жалғызаяқ тро-туарға түсті. Жүгіре жөнелді. Шілік арасымен жүріп келе жатты да, жағажайға шықты. Алдынан жарқырап теңіз көрінді.

– Ғани! Ғани!

– Мен мұндамын.

Бәрі жиналып қалыпты. Тамызық тұтатып, от жағып жатыр. Қармақтарына қамыр түйіп салып, кезек-кезек, қатар-қатар суға лақтыра бастады. Ұзын сапты қармақтарды, әуелетіп толғап-толғап жібереді, ат үстінен тастаған көк сүңгі, көсем найза секілді сілтейді. Құрықтың, ұзындығы жеткен жерінде, ұшынан ажырап, сыпырылып түскен бұғалық арқаны тәрізді, шек екпінмен алысқа ұзап барып, төмен құлайды да, қамыр шаншыған инесі суға топ ете қалады, қорғасын төмен тартып, қалқымасы безілдеп, билей жөнеледі.

– Ілінді.

– Жоқ

– Қара, ілінді.

– Жеп кетті.

Балықтың қызығы көп. Қас қарайғанша қармақ тастап, әңгіме шертіп отырады.

– Әже, жақсы кезіміз өтіп кетіпті ғой.

– Любовь қалқамның қазасы ғана жаныма батады.

– Жақсы адам болды ма?

– Иә, жақсы адам болды.

– Несіне өкінесіз?

– Пенденің күйігі, өкініші таусылған ба?

– Менің есімде жоқ.

– Қандай еді!

– Сұлу ма?

– Жас кезінде жауқазындай еді.

– Иманды болсын.

– Табытпен қойдық.

– Неге?

– Жүзіне қарай алмадық емес пе.

Түсім. Әжемді сағынамын. Көп елді араладым, талай жанмен таныстым. Бірақ, әжемдей асыл адамды көрген, кездестірген емеспін. Ғани оянып, шаңыраққа қарап, ойланып жатты.

– Мардан, үлгереміз бе?

– Иә.

– Есімін өзің қоясың ба?

– Өзім.

– Келістік.

– Жеті рет!

– Иә, жеті рет.

– Сегізінші жолымыз – жөн.

– Әрине.

– Енді көтеруге денсаулығың жоқ.

– Сүйкімді екен.

– Бала жақсы.

– Есіме түсіп отыр.

– Не?

– Көлік астына түскен сәби.

– Оны неге ойлап отырсың?

– Жылағым келеді.

– Тағдыр.

– Жаным түршігеді.

Сара көзін сүртті.

– Құдайға жағамыз деп бара жатырмыз.

– Бағы ашылсын.

Көлік перзентхана ауласына кіріп тоқтады. Ептеп жаңбыр сіркіреп тұр. Күн – жексенбі. Түске дейін ыстық болды. Қазір де салқын емес. Соқыр жауын. Тез басылды. Өткінші нөсердің соңы.

Мейірбике қарсы жүріп келе жатты.

– Рабиға, жалғыз ба?

– Жалғыз.

– Қандай жақсы!

– Жылай-жылай кетті.

– Қиын екен.

– Негізі, қимады. Елден ұялды, әйтпесе тастайтын түрі жоқ.

– Көлденең бала тауып, қауесетке ілігу оңай ма.

Рабиға абайлап есікті ашты. Нәресте төбеге қарап жатыр. Сөйлегендей болады, аузын жыбырлатады, ернін әлсіз қимылдатады. Бала Марданға қадала көз салды. Күліп жіберді.

– Ханның қызындай екен!

Жаздың жайма-шуақ күндерінің бірінде, 1975 жылдың 20 маусымында Мардан мен Сара нәрестені жылы орап, далаға бет түзеді. Көлік перзентхана ауласынан шығып бара жатқанда, мейірбике Рабиға көзін қайта-қайта сүртіп жылап тұрды. Ол:

– Қуаныштан, қуаныштан, – деп күбірлей берді.

Виртуал құлақтандыру мәтініндегі екі мәлімет Ғаниды қатты толқытып жіберді: бірі – анасының аты-жөні толық көрсетілгендігі, екіншісі: 1975 жылы 6 маусымы күні дүниеге келген хабарландыру авторы екеуінің анасы бір екендігі. Ол бірден телефон соқты:

– Ғанипа ма?

– Иә.

– Кеш жарық!

– Кім екен?

– Мен, Ғани, Любовь Николаевна Бергман ханымның кенже баласымын.

Әр жақтан бір әйелдің кемсеңдеп жылағаны естілді.

13.04.2020

Бөлісу:

Көп оқылғандар