«Талтүс» романындағы Таласбек Әсемқұловтің қаламгерлік қолтаңбасы

Бөлісу:

12.09.2022 4849

«Талтүс» романын талдауға бел шешудегі мақсат шығармагердің осы туындысы арқылы дүйім еліне жеткізбек болған ойын айқындау. Зерделі сөздің зейінде сақталып, мезеті тақағанда сөз болып өрнектелетін бұл жанрдың құдіретін саралау. Автордың шығармашылық лабораториясына терең көз жүгіртіп, ашылмаған сырлардың мәнісіне қанығу. 

Арнайы “Таласбек” сыйлығы үшін

         «Талтүс» жайында айтылар сөз, анықталар ақиқат, шырқалар шындық көп меніңше...Бұл романның тақырыбында сіз бен біз білмейтін терең пайымдау жатқандай. Романды талдамастан бұрын туындының әлқиссасын анықтау, талғампаз жазушының тақырып қоюындағы шеберлігі мені терең ойға сүңгітті. «Талтүстегі» дәл талтүс уақытын алуы қызығынан бұрын қиын атау. Себебі, талтүс уақытында күннің дәл төбеден түсіп, көлеңке өз-өзімен теңесетін уақыты емес пе? Күннің нәзік шашақтары обьектіге тура түсіп, жылуын мейілінше төгетін, ыстық қуатқа малындыратын уақыты бұл талтүс мезеті. Сәйкесінше автор «Талтүстегі» Әжігерейдің атасының әбден өмірдің мән-маңызын саралаған, сараптаған уақыты. Күн Әжігерейдің атасы болса, күннің көздеген нысанасы Әжігерей. Демек, Сабыт ақсақал өзінің бойындағы талантын, энергиясын, өнерін күннің нәзік сәулесі іспетті Әжігерейге құйып тұр. «Талтүстегі» дәлме-дәл талтүс уақытын салыстырмалы түрде, шамасы күн нұрының «тал» көлеңкесіне тік түсуіне байланысты. 

      

            Романдағы тақырыптың қойылу шеберлігін автор күннің сәулесімен байланыстыруындағы себеп Сабыт ақсақалдың киелі өнердің қасиетін Әжігерейге дарытуы, өнермен жас талшыбықтың кеудесіне нұр құю. Ал бұл таң бозарып атқанда, не күн қызарып батқанда емес, дәл жарықтың бағыты, күннің нәзік спекторы нысанаға дөп түсетін сәті. Демек, Сабыт ақсақал да Әжігерейге дәл уақытында «күй» өнерін үйретуде өз жарығын толығымен түсірген сәті болмақ. «Күй» өнерін күнге балайтын болсақ, ал күйдің бағыты халық болмақ. Халықтың игілігіне арналып, төбе құйқаны шымырлатып, сүйексіз болса да сүйектен өтердей бұл күйдің қасиеті де дәл күн секілді. Күн болмаса жарықтың жұтаңданатыны секілді, күй жоғалса халықтың рухани азықтан жұтаң тартатынын автор «Талтүс» уақытын тақырыпқа қою шығармагердің эстетикалық шеберлігін танытып тұрғандай.

         Қарапайым ақыл-ойдың не болмаса күнделікті пайымдауларға бейнелі түрде баяндау бірлігі болып табылатын шығармадағы сарындарға автор аса жіті көзқараспен қараған. Романдағы оқиға желісінде кездесетін сарындардың түріне келер болсақ 3 түрін нақты атап көрсетуге болады. Олар: үрей, өлім, қайғы. Үшеуі де адамның бойында қорқыныш сезімін тудыратын күй. Көңілді күй емес, керісінше көңілдің ұңғыл-шұңғылын қозғап, қопарып тағдырмен тартысатын сезім. Автордың бұл үш сарыны сюжет жасаушы элемент ретінде танылып тұр. Әуелі алғашқы сарын – үрей.

           «Үрей» сарыны романда ең алғаш апасы Күлбағила мен атасы Сабыт қарттың әңгімесі жараспай, төркіннің араласуымен қайта татуласқан сәтіндегі Әжігерейдің бойында билеген үрей. Келесідей жолдардан байқауға болады: 

«Көзіне көзі түскенде, көзінен ғана емес, бүкіл әлпетінен төгілген өштік пен жиренішті көргенде бойын билеген қуаныш ілезде жоқ болды. Жүрегі үзіліп түскендей, ішін баяғы өзіне таныс үрей бүріп ала жөнелді» [1, 12]. Күлбағиланың өзіне қараған суық пейілінен Әжігерей қорқып тұрған жоқ. Қорқыныштан бұрын ішін бүрген үрей сезімінің бет алысы өзгерек. Нағыз ананың Күлбағиладай болмайтыны анық. Үрей күрделі психологиялық сезім. Үрейге қарсы үміт сезімі. Әжігерей дәл осы сюжетте үрейленіп тұрып үміттен мақұрым қалмайды. «Су аттың тізесінен келді. Содан соң тұңғиық ашылғандай, сары жалқын лап қойып тізеге дейін көмген. Әжігерей атасына үрейлене қарады» [1, 16]

«Бүгінгі көрген теперіші есіне түскенде қаны басына теуіп, алқынып, көзінің алды қарауытып кетті. Бірақ бір қызығы, өз ішіне қанша үңілсе де бұрынғы үрейді таба алмады. Санасын жадылап тастайтын үрей ұшты-күйлі жоғалыпты» [1, 60].

«Қорқыныш пен үрейді адам ойлап шығарған. Міне, өлім қол созым жерде тұр. Тұңғиық қарасудың түбіндегі қызыл шайыр от боп жанып, жайнап жатыр. ...Өмірде бір сәт болады. Ондай сәтте адам өмір не, өлім не – ажырата алмайды.... Міне, өзі де... өз бойынан ешқандай үрей таба алмай тұр» [1, 61]. Автордың үрейі моральді үрей. Өзінің ойында сапырылысқан моральға құрылған ойлардың қақтығысынан туған үрей. 

          «Қайғы» сарыны. Романдағы «қайғы» сарыны ұжымдық мотивке жатады. Шығармадағы әрбір кейіпкердің жүрегінде қайғы бар. Автор жеке кейіпкердің қайғысынан көрі ұжымның санасын қарпитын қайғыны суреттейді. Шығарманың бірінші тарауында үрей сарыны белең алса, екінші тарауында қайғы сарынын аңғарсақ болады. Ол келесідей жолдарда айқын көрінеді:

       «Атасы айтады, адам қайғыны өзі сұрап алған деп...Темірді алтынға, тозақты ұжмаққа айналдыратын қасиетті от... кеудеде тұрса ... адам өзінің нанымынан айнымайды, мәңгі адам болып қала береді... Көсеге... Менің Көсегем... Қайғымның аты жоқ еді... Енді мен сені ғана ойлаймын... Сені ойлап қана қайғырамын... кей-кейде атыңды атамасам, кеш мені, себебі қайғырғаным, қамырық шеккенім – сенің атыңды атағаным, сені айтқаным...» [1, 113]. Осы жолдарды оқып автордың басты кейіпкердің психологиясын беруде қайғы мотиві қолданғанын түйсінеміз және Хәкім Абай 5-ші қарасөзінде «Көкірек толған қайғы кісінің өзіне де билетпей, бойды шымырлатып, буынды құртып, я көзден жас болып ағады, я тілден сөз болып ағады» деген болса, автордың жүрегін билеген қайғы күй болып төгіледі.

         «Басқаның қайғысы неге жүрегімді тырнайды деді атын ақырын тебініп келе жатып. О дүниедегі адам үшін мынау фәни дүниедегі есесі қайтты не, қайтпады не – бәрібір. Есе тірі адам үшін керек...» [1, 116]. Өзі үшін емес өзге үшін қайғы шеккен адамның сыбағасы – рухани жетілу. 

         «Бүкіл дүние, бүкіл болмыс қамырықтың дариясына батқандай қасіретке малшынып тұр. Сол қасіреттің ішінде, енді ешқашан оянбастай болып ұйықтап кеткен сияқты. Өнебойы қалтырай тоңды. Қайғыдан ыбылжып, дел-сал күйде үйге кірді» [1, 144].

         «Назалана, қайғыра сөйлеген домбыра, аяғына қарай аққаудай сұңқылдап, айтқыш әдетін тапты» [1, 154].

         «Әжігерей күйді тыңдап отырып таңқалды. ...Алайда домбырашы шалдың саусақтары ескі әдетпен қашаған пернелерді сипап өткенде немесе екі перненің ортасына түсіп, келесі пернеге сырғанай жетіп, қобыздың үніне ұқсас дыбыс шығарып, керіліп, толғанып тұрып қалғанда көңілді әуеннің астарындағы сұмдық сыр жалт етіп көрніп қалады. Қайғының сақырлаған қазаны, бір сәт қақпағы ашылғандай, ішіндегі арылмас қасіреттің бір тамшысы шапшып, отқа шыж етіп төгілгендей. Ойын мен күлкі, би менен ән қасіреттің кіреукесі екен! Бәрі де айта білуде екен» [1, 157]. Қайғырып, қамырықтың дәмін тапқан автордың бұл сарынды алуы және оны өлімге әкеліп теңеуінде де өзіне ғана аян дүние жатыр. Автор үшін қайғыдан қорқатындай себеп жоқ, өйткені ол қасіретке жақын. Ал қасірет өлімге өкше тірейтін сезім. Ал өлім автор үшін азапты өмірдің ақыры. Келесі сарын «Өлім» сарыны. 

           «Өлім» сарыны. Бұл танатологиялық өлім сарыны өмірге қарсы тұрмайды. Шығармадағы өлім өмірмен қатар суреттеледі. Екеуі ажырағысыз егіз дүниедей танылады. Автор мен оқырман арасындағы делдал (нарратив) – өлім. Әжігерейдің өлім мен өмірді қатар ойлап, санасындағы екі сарынның текетіресі ұрыстан көрі, тонның ішкі бауындай етене жақын. Қаламгердің даралық қолтаңбасы осы «өлім» сарынын философиялық шеңбердің аясында, адамның психологиялық ой-түйіндеріндегі шиеленістерді айқындап көрсетуінде жатыр. «Өлім» сарыны төмендегідей мәнмәтіндерде көрініс табады:

«Пенденің жалғыз жұбатушысы – өлім. Ал, ешқандай қызық көрмеген, өзінің құс қанатындай қысқа өмірін жоқшылықта, қорлықта, аш-жалаңаш жүріп өткізген адам үшін жалғыз ғана үміт – ол да өлім» [1, 112].

«Өйткені туа сала есейген, пайғамбар тағдырлы адам, қысқа ғұмырында Құдаймен дау үстінде өткен адам, өлім алдында кішіреймесе керек. Өз түйсігінен біледі, тіршілікке бауыр басып үлгермеген адам жылауды да білмейді. Себебі, ол үшін өмір – өлім, өлім – өмір» [1, 113]

«Бірақ өлімнің хақ екені рас болса, қайғының да бір күн өліп, таусылатын мерзімі болмаушы ма еді...Иә... Өмірдің өлім екені шын болса, онда өлімнің де өмір екені сонша ақиқат...» [1, 115]. Өлім сарыны – философиялық мәні асқақ, күрделі ментальді дүние. Өлім тырнағына ілініп кетуден қорқатын кейіпкерді шығармадан таба алмайсың. Демек, автор кейіпкердің бойындағы өлімге деген құрметін ақиқатпен салыстырады. Өлім мен өмірдің үндестігі нақты әрі икемді суреттеледі. 

            «Ағаш ат Ахметжан атаның ешкімге бұйырмай, ешкімге қонбай кеткен ғажайып өнері. Өзімен бірге кеткен өнері» [1, 150] деп келетін мәйекті жолдарда қаламгер бір-біріне қарсы қатар дүниені жеткізді. Себебі, Сабыт қарт өзінің өнерін Әжігерейге дарытуы қуанышты күй болса, Ахметжан ақсақалдың ұсталық өнерінің ешкімге жұқпай, жалғасын таппауы орны толмас өкініш, һәм күнә. Ахметжан ұстаның өмірінің соңғы сәттерінде ішкілікке салынып, адам танымастай өзгеруі қасірет. Ұсталықты жанына медет тұтқанмен оның жалғасын тұтатпағаны қарттың өзегінде қатқан өкініш. Қасиет пен қасірет қатар суреттелген романның көтерген ауыр жүгі оқырманға айқын сезіледі. Ахметжан қартты автордың «Бөрі арығын білдірмей, жүнін қампайтады» деген суреттеуімен-ақ ішкі халін көрсеткісі келмей, ащы сумен бүркемелеуі бөрінің жүнін қампайтқандағы иллюзиясы.

         Қаладан музейге алмас қылыш қоюға тапсырыс алған Ахметжан ұстаның киелі де оқшау өнері хақында оқиға желісін өрбітуі романның эстетикалық сапасынан да салмақты рухани құндылығын танытады. Ұлттық кодты бүкпесіз жақұттай оқырманға алып шығуы киіз үйді құрау, домбыра шабу өнері, қылыш, қанжар соғу хақындағы детальдардан бой көрсеткен. Ахметжан қарттың қанжар соғу үшін түн қатып жүріп, түс көрмей темірдің небір асылын талғап жүріп таңдауында да үлкен сыр жатыр. Кәдімгі темірден соға салмауы оның морт сынатын қасиетін білдіріп тұр. Қасындағы көмекші жігіттерге жақсы темір ешқашан тат баспайтыны арқылы жақсы адамның көңілінде жаман қасиеттің таты тұрмайтынын салыстырып тұрғандай. 

Сабыт ақсақалдың «Аңшының кешіккенінен сүйін» деген сөзі Ахметжанның қанжар соғудағы асықпауына теңелініп, бұл өнердің де киелі саналатыны, ұлттық құндылықтың, рухани дүниенің ең нәрлі қабаты екендігін танытып тұр.

         Шығармадағы Сәруәр қарттың да шәкіртсіз өтіп бара жатқандығы негізгі идеяның ашыла түсуіне себепші. Кәрі күйшінің бүкіл бет-әлпетінен шегі жоқ мұң төгіліп тұратыны кейіпкердің портретін беруде сезіледі. «Баяғыда домбырашыны ат арытып іздеп келіп, күй үйренуші еді. Енді Қазығұрттың басында қалған кемедейміз. ...Нансаң мені осы жасыма дейін бір адам іздеп келген жоқ. Шәкіртсіз өтіп бара жатырмын». Ахметжан қарт пен Сәруар қарттың да шәкіртсіз өтуі, іздеусіз қалуы үлкен трагедия. Бәлкім, шексіз өкініш, нағыз қасірет...

         Еш қоспасыз таза дыбыспен «Зар Қосбасар» күйін шерткен Ғазиз ұстаздың өнеріне тәнті болған Әжігерей өзгерек күй кешеді. Сабыт атасынан талай естіген және Сәруәр қарттан да естіген таныс күйі еді. Бірақ ұстазының шеткенін естігенде күйдің күмбірінен көрі мағынасына ден қойғанын аңғарды. Жанды ышқынтып кеудені қасіретке жуып жіберетін күйдің өшпейтін құдіретін түйсінді. Тозбайтын, таусылмайтын, ұмытылмайтын қасірет болмайды, алайда еш із-түссіз жоғалып кетпейтін қайғы мәңгі өмір сүреді. Қайғыны ең ұлы өнегеге теңеген автордың келесідей келтірген мәнмәтіні: «Бәрі де өшеді, бәрі де өтеді... Қайғы – ең ұлы өнеге...Қасірет – ең ұлы тағылым... Бірақ өмір бар емес пе...Иә... Өмір. Иә, қуанышынан қайғысы көп. Бірақ қасірет пен азап... бел асырды емес пе... Домбыраның үнінде еш қайғы жоқ. Бірақ осы мөп-мөлдір тазалықтан басқа бір қасірет қозғалып, ой өлкеңнің бұрын өзің танып-білмеген жаңа тарабына аяқ бастырғандай. Иманға тіл бітсе, осылай сөйлер еді. Әжігерей өзінің кемел тартқанын шамырқана, қуана сезінді». 

         Сабыт атасының күйді үйретуінде де шеберлік бар. Әжігерейге күй үйрету үстінде «Тыңдап отырған адамға сенің тартқаның күй болып көрінеді, күй болып естіледі. Ал оның сырты... азап, қара тер. Есіңде болсын, еңбексіз ештеңе келмейді» деген өнегесі қай тарапқа тартарын, нендей шыңдарға жетелейтінін Әжігерей сезіне қоймаған еді.  

         Үшінші тарауда Гүлшат есімді алғашқы махаббатын жолықтырады. Әжігерейді көңілмен шын сүйсе де, соры қалың адамның жары болу оңайға соқпайтынын сезген Гүлшат түптің түбінде екі жолайырыққа түседі. Әжігерейдің соры – өнерінің заңғарлығы, ал сол заңдарға жету азап, мехнат. Сол мехнатты қосыла көтеру үшін оның жанында маңдайына сиятын өзіндей жүйрік керек. Гүлшаттың махаббаттан да биік нәрсе ақиқат екендігін түсінгендігі оқырман қауымды сұраққа қалдырады. Ол сұрақ: Гүлшат неге Әжігерейден іргесін аулақ салды? Ол сауалдың нақты жауабын автор келесідей жолдармен кестелейді: 

«Адам жүректен ары бара алмайды – қайғың осыны білгеннен. ...Бала жасынан қуаныштан, бақыттан қорқатын, себебі бақыттан кейін, қуаныштан кейін келген қайғы екі есе ауыр. Ол қасіретке ғана сенетін. Қасірет – кемеңгер. Қасірет ешқашан алдамайтын адал, себебі ол қашанда жаныңнан табылады». Шығармагердің келтірген жауабы арқылы Әжігерейдің санасында өмір сүретін қасірет айнымас серігі екені күмәнсіз.  Қасіретті алпыс екі тамырымен таразылап, ой әлемінде әлдилеп, оны мезгілі жеткенде күй арқылы шертуі Әжігерейдің бақыты. Қасірет арқылы бақытқа жеткен кейіпкердің жанды бейнесі автордың өзі...

        Әжігерейдің атасы талқаны таусылып, бұл өмірмен қоштасып, өлім құшағына енгендегі кешкен күйі қалыптан тыс. Қайғырайын десе қайғыра алмағаны, қамырық шегуге қам көңілдің рұқсат бермеген себебін автордың идеясының іске асқанын аңғаруға болады. Яғни Сабыт ақсақал көркем шығармадағы бейнесін өмір сүргізе отырып, өмірдің өзі істен, істің төресі өнерден құралатындығы, ал өнерді ілескен ұрпаққа аманаттау борыш екендігі жеткізіліп тұр. Өлім мен өмірдің еш айырмашылығы жоқ, айырмасы сол өз қолтаңбаңды қалдыру. Автордың қаламгерлік қолтаңбасы, күйшілік қасиеті кейінгі ұрпаққа аманат болып қалды. Автордың шығармадағы өз сөзі дәлел: «Түптеп келгенде өмір деген рахат та емес, қасірет те емес. Өмір деген – іс. Атасы өз ісін аяғында дейін жеткізді. Бір адамға осынша хикметтен өту оңай ма». Десе дегендей-ақ, автордың осы романды қағаз бетіне түсірудегі мақсаты күй өнерінің ұлы құдіретін көрсету ғана емес, автобиографиялық роман ретінде бастан өткерген тар жол, тайғақ кешуін, сол жолда табаннан өткен сызды, санада сақталған сырды ақтару.

         Шығарма Әжігерейдің кезінде мәдениет үйінің меңгерушісі болған Атығай домбырашыны іздеп барып, күйден келелі кеңес алуымен, шерткен күйінің құдіретімен аяқталады. Атығайдан радиодан саяси жетістік жайындағы жаңалықты естігенде, өзінің қарсылығын білдіре Әжігерей рахаттана керіліп, нағыз елеулі жетістік, есте қаларлық оқиға  осы күйді үйренуі, күйдің салтанат құруына теңегені бекер емес.

           Қорыта келгенде, «Талтүс" көтерген күй тақырыбы мәңгілік өмір сарыны. Күйсіз біздің нендей күйде боларымыз, қай тарапқа тартарымыз беймәлім. Таласбек Әсемқұловтің бұл романы өмір мен өлім шеңберіндегі рухани құндылықтарды, адами қасиетті, қазақ дүниетанымын басты назарда ұстаған туынды. Сөз зергерінің тілі орамды, айтар ойы асқақ екені сөзсіз.

Пайдаланылған әдебиет:

Т.Әсемқұлов. «Талтүс. Тәттімбет сері», Астана: Күйшілер одағы, «KazHeritage», Лиля Калаустың Баспа үйі, 2020. – 436 б.

Өтеміс Айгүл Сәкенқызы

            Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің  2-курс магистранты 

Бөлісу:

Көп оқылғандар