«Абай жолының» аудармасына Әуезовтің көңілі толмаған

Бөлісу:

28.09.2022 4837

Мұхтар Әуезов шығармашылығы терең мұхит секілді түбі көрінбейтін тұңғиық. Әдебиет зерттеушілері мен қаламгер қауымның ұлы жазушы жазбаларына айналып соға беретіні де сондықтан болса керек. Классиктің әр туындысының астарына бойлаған сайын алуан түрлі сыр-сымбатына қанығып, тамсана түсесің. «Қалайша мұншама әсерлі де әдемі етіп жазды екен?» деген ойға берілесің. Биыл – ұлы Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл. Ғасырдан аса уақыт өтсе де, суреткер феномені оқырманын әлі де ойға жетелей түсуде. Қаламгер шығармаларының сыры мен сынына қаныға түсу мақсатында әуезовтануға үн қатып, атсалысып жүрген белгілі жазушы, филология ғылымының докторы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері Нұрдәулет АҚЫШПЕН әңгімелескен едік.

– «Осы күнгі жазушылар Мұхтар Әуезовтің деңгейіне жақындай алған жоқ» деген пікірді естіп едім. Әуезовтің қалам қасиеті оның көркем тілінде  ғана ма әлде басқа да факторлар бар ма? 

– Менің өз пайымдауымша, Мұхтар Әуезов феномені – әлі толық ашыла қоймаған ерекше бірегей құбылыс. Көптеген ғалымдарымыз, алғашқы әуезовтанушылардан бастап бүгінгі жастарымызға дейін осы төңіректе үнемі әңгіме қозғап келе жатыр. Мұхтар Әуезов шығармашылығының терең құпиясы туралы білгісі келетіндер аз емес. Бір жағы оқырман ретінде, бір жағы қалам ұстаған жазушы, ғалым ретінде менің өзім де сол топтың ішіндемін. Алдымен, өзімнің пайымдауларымды қысқаша қорытып кетсем деймін. Небәрі алпыс төрт жасқа жетпеген ғұмырында ұлы жазушының ғажайып көптеген шығармалар тудырып кеткенін қайталап еске салып отырудың еш артықтығы жоқ. Өйткені бүгінгі ұрпақ, қазіргі оқырманымыз жас буын осы жөнінде біле жүргені абзал. Кейбір қалам ұстаған жандардың арасында Мұхтар Әуезов болашақта оқылмауы мүмкін деген болжам айтқанын да оқып қаламыз. Тіпті «Абай жолы» төрт томдық эпопея ғой. Соны оқырманға қысқартып берейік. Оның көп жерін алып тастайық» деген пікірлер кездесті. Соның бір парасын марқұм, қазақтың талантты жазушысы Рақымжан Отарбаев айтқан еді. Кезінде оның пікірімен келіспеушілер де болып, жекелеген пікірталасқа да барды. 

Өйткені болашақта Мұхтар Әуезов оқылмайды деген сөздің өзі ұлы ғұлама жазушы шығармаларының келешегіне күмәнмен қарау болып шықпай ма. Мұхаңның ұлылығын өзінің көзі тірісінде көптеген шетелдің ғұламалары, данышпандары, атақты жазушылары тиянақты бағасын беріп қойған болатын. Сондықтан да біз Мұхаң туралы пікір айтқан кезде, оның сол шығармашылығының құпиясын, тылсым табиғатын терең білуге тырысуымыз керек деп ойлаймын. 

– Әуезов шығармаларын өзге шет тілдерге аудару мәселесі бүгін де өзекті. Жазушының туындыларының аудармасына көңіліңіз тола ма? 

– Мұхтар Әуезовтің көзі тірісінде шығармаларын аударушылардың ішінде Пантиелев Алексей Наумович деген кісі болған. Оның көптеген шығармаларды орысша көркем аударма жасауға қатысқаны қазір ұмытыла бастады. Атап айтқанда, «Қилы заманды», «Көксеректі», «Өскен өркеннің» кейбір тұстарын аударуға қатысқан. Сол кісі «Қилы заман» хикаяты негізі үлкен трилогияның алғашқы бөлігі болып жоспарланған» деп айтады. Бұл шығарманың бас кейіпкерлерінің бірі Серікбай деген кісінің баласы Азамат соғысына қатысуы тиіс екен. Яғни, ол «Қилы заманның» екінші кітабының қаһарманына айналуы тиіс екен. Үлкен трилогияның келесі жалғасы Ұлы Отан соғысының қасіретін бейнелеу екен. Оның бас кейіпкері ретінде Серікбайдың немересі  таңдалып алынған көрінеді. Алексей Пантиелевтің айтуынша, міне, осылардың тағдыры арқылы бір-бірімен жалғасып кететін үлкен панорамалық шығарма өмірге келуге тиіс болыпты. Бұл туралы Пантиелев «Жазушы» баспасынан шыққан «Жайсаң жазира жыршысы» атты естелігінде айтады. Соған қарағанда, «Қилы заманды» алғашқы кітап етіп ала отырып, ұлы жазушымыз тағы да үлкен панорамалық шығарма жазуды көздеген және ол трилогияда қазақ халқының трагедиясы қат-қабат көрсетілмек болған тәрізді. 

Жалпы аударма туралы айтқан кезде, еске түсетіні Мұхтар Әуезовтің тілінің ерешелігі – «күрделі де бейнелі» екендігіне байланысты. Қазақи ұғымдарды, қазақи сөздерді аударудың соншалықты қиын болғандығы жайында аудармашылардың өздері айтып жүрген екен. Ұлы Мұхаң «Абай жолы» эпопеясының аудармасына көп адамдарды қатыстырған. Алдымен жолма-жол аударма жасалатыны белгілі.  Бұл жауапты жұмысқа қазақтың белгілі қаламгерлері Зейін Шашкин, әдебиеттанушы ғалым Темірғали Нұртазин және басқа да орыс тілін жете меңгерген адамдар тартылыпты. Сонымен бірге көркем аударма жаскушылардың ішінде белгілі орыс жазушысы, Лениндік сыйлықтың лауреаты Леонид Соболев те қатысқан екен. Бірақ жақсы сыйлас адамы болса да, сол Леонид Соболевтің аудармасына Мұхаңның көңілі толмаған көрінеді. Оған жазушы «Менің сөйлемдерім ұзақ та күрделі. Оның мәнісіне, терең табиғатына ене отырып аудару керек. Ал сіздің аударғаныңыз телеграфтық стиль. Қысқа-қысқа сөйлемдер. Қайта-қайта нүктелер қойып отырасыз. Бұл менің стилімнен алыс жатыр» дегенді айтыпты. 

Соның салдарынан Леонид Соболев «Абай жолының» төртінші кітабын аударуға қатыспаған көрінеді. Өйткені екеуі аударма мәселесінде екіжақты көзқараста болып, бірін-бірі түсінісе алмаған сияқты. Қарап отырсақ, бұл арада автордың қойған талабы өте орынды. Жалпы Мұхаңның шығармаларын аудару өте күрделі. Өзі өмірден өткенше Мұхтар Әуезов «Абай жолы» эпопеясының аудармасына көңілі толмағаны байқалады.

Осыны аңдаған кейбір аудармашылар бұл шығармаға қайта айналып соғуды мақсат еткендігі рас. Соның бірі – аты-жөні ТМД елдеріне жақсы белгілі аудармашы Анатолий Ким деген ұлты кәріс азамат. Ол кісінің аудармасы салыстырмалы түрде, орыс тілін білетіндердің айтуынша, бұрынғыларына қарағанда тәуір шыққан. Бірақ соның өзінде кейбір нәзік те қазақтың салт-дәстүріне байланысты тұстарын дәл аудара алмағанын байқалыпты. Төрттомдық эпопеяны екі кітап қып шығарған жаңа аударманың. тұсаукесері Алматыдағы Балалар және жасөспірімдер театрының ғимаратында өтті. Бұл іс-шараны көпшілікпен бірге мен де тамашаладым. 

Қазаққа есімі мәшһүр Герольд Бельгер шығып сөз сөйледі. Сонда ол: «Анатолий, мен бұл аударманың қолжазбасын маған оқытқансың.  Менің жасаған менің ескертулерім бар еді. Кітапты сол қалпында шығардың ба? Жоқ, әлде ол ескерткен жерлерді жөндедің бе?» деп сұрады. Аудармашының «Ол қандай ескерту?» деген сұрағына Герольд Бельгер қолам-қол: «Мысалы, сен қазақтың атқамінері, рубасы, сол аймақтағы үлкен тұлға Құнанбайды байталға мінгізіп қойыпсың. Ал қазақтар сыйлы адамды үлкен бесті атқа немесе әбден сәні келіскен жылқыға ғана мінгізеді. Байтал дегеніміз ол –әйел адамдар немесе балалардың мінетін көлігі. Оған мінгізсең, Құнанбайдың беделін көпе-көрнеу түсірген боласың» деп еске салды. Аудармашының сасқалақтап қалғаны байқалды. Қасындағы көмекшісі екеуі кітапты қолма-қол аударып, Герольд Бельгерге ол жердің түзетілгенін хабарлады. Міне, егер қолжазбаны  қазақтың салт-дәчстүрін жақсы білетін адам оқымағанда, аудармада қазақи этнографияның бір штрихы орыстілді оқырманға көмескі болып қалар еді. 

Жалпы аударма деген жауапты да үлкен  жұмыс екендігін осыдан-ақ білуге болады.  Бүгінге дейін Мұхаңның туындылары көптеген шетел тіліне, нақтырақ айтқанда,  116 тілге аударылған дегенді айтып жүр. Бірақ солардың бәрі өз деңгейінде шықты ма, жоқ па? Міне, әңгіме осында. Бүгінгі күнде де кезекті өлмейтін мәселенің бірі Мұхаңды басқа тілге өз деңгейінде аударып жеткізу. Енді бүгінгі таңда аудармашылардың мүмкінді деректер бар. Бұрын шет тіліне тек орыс тілі арқылы ғана тәржіма жасалса, бүгінгі таңда әр тілден аударатын мамандарымыз көбейе түскендіктен, басқа тілдерге тікелей аударуға  мүмкіндіктер бар. Бірақ сол аудармашылар ұлы жазушының бояуларын сол қалпы жеткізе ала ма, мәселе сонда. Сондықтан да қай тілге қотарылса да Мұхаңның бояуын сақтап аудару әлі де қиын екендігін қаперімізде ұстағанымыз абзал. 

- Классик жазушының «Абай жолы» роман-эпопеясынан кейінгі сүйекті шығармасы жайында не айтар едіңіз? 

– Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясынан кейінгі көлемді туындысы – «Өскен өркен» романы. Бұл – кеңестік дәуірдегі жаңа заманның келбетін көрсетуге арналған шығарма. Мұнда «Абай жолындағыдай» емес, жаңа кезең, жаңа социалистік дәуірдің жасампаз еңбеккерлерін суреттеу мақсаты қойылған. Бір кездері «Осындай совет адамы» деп аталатын девиз болған, шығарма соның көркемдік шешімі қандай болғанын көрінісі деуге келеді.  Бірақ автор құр дақпыртқа, жалаң патетикаға ілесе бермей, сол кездегі өмір шындығынан мүмкіндігінше алыстамауға тырысқаны байқалады. Бұл романдағы оңтүстік өлкедегі еңбеккерлердің көңіл күйі, жұмысты ұйымдастыру барысындағы қайшылықтар, жеке адамдардың тағдырлары қым-қиғаш. Талас-тартыстар да, қайшылықты жағдаяттар да аз емес. Кезінде әдебиеттанушылар мен сыншылар бұл романды советтік дәуірдің келбетін жақсы көрсетуімен құнды деп баға берген болатын. Әрине, ол бағалаулар, ең алдымен, талдаулар арқылы көрініс тауып жататын еді.

Осындай пікірді естіген кейінгі буын оқырман «Бұл шығармада жаңсақтықтар орын алған болар. Кеңестік дәуірді марапаттағаннан кейінгі жағдай белгілі ғой» деген ойға келеді. Бірақ бұл арада ескеретін бір нәрсе бар екенін қаперге сала кеткеніміз жөн. Кеңестік өмірді суреттеу  барысында Мұхтар Әуезов мүлде ашық-жарқын бояуларды қалыңдатып жағып, өмір шындығынан алыстап кетпегенін жоғарыда сездіріп өттік. Жазушы өзінің көркемдік ұстанымына берік. Жеке адамның басындағы қиындықтар, әсіресе шопандар өміріндегі ауыртпашылықтарды бейнелейтін эпизодтар да бар.  

Мысалы, бір жерінде шопанның әйелімен ажырасуы оның әлеуметтік жағдайының нашарлығына байланысты көрсетілген. Сонымен бірге бүгінгі таңда көп айтылмай жүрген мәселенің бірі қазақ халқының әлде де отаршылдықтың ықпалында жатқанын Мұхтар Әуезов жақсы біліпті. Оңтүстікке жасаған бір сапарында ол сол сапарда Шымкент қаласындағы ірі өндіріс орындарының бірі қорғасын зауытына барады. Сонда өзінің блокнотына зауыттағы жұмысшылардың ұлттық құрамын да түртіп жазып алған екен. 

Мұхтар Әуезовті зерттеуші ғалымдардың бірі Талатбек Әкімовтің айтуынша, сол 40-шы жылдардың шілде айында зауыттың жұмысшыларының саны 300-дей болыпты. Оның ішінде орыстар мен украиндар – 39,6 пайыз, яғни 92 адам болса, қазақтар – 32 пайыз, яғни, 74 адам болған көрінеді. Өзбектер – 37, татарлар – 24, қалғаны басқа ұлттардан құралған екен дейді. Ал, енді осыдан жиырма жылдай уақыт өткенде, яғни 1959 жылы «Өскен өркен» жазыла бастаған тұста зауыттың жұмысшыларының саны 3170-ке жетеді. Яғни, 10 еседен артық өскен. Бірақ пайызға шаққанда қазақ жұмысшыларының саны жоғарыдағыдай 32 пайыз емес,  керісінше, төмендеп кеткен көрінеді. 

Мұхаң осының сырын білу үшін жұмысшылармен әңгімелеседі. Сонда ол өзінің блонотына былай деп жазған екен: «17 партия ұйымы бар – біреуі қазақ емес, цех бастығы – Қобдабергенов. Бәйділдаев Орынбек он екі жылдан бері смена мастері – өзгермейді, өсірмейді. 1935 жылдан бастап істеп келеді. Кешкі техникумда оқиды, без отрыва. 9 жыл оқуды бітіртпейді. Оқуға барарында орнында істейтін адам болмай қалады». Міне, осы арады қазақ жұмысшыларын, қазақ кадрларын өсірмеу үшін қолдан жасалған кедергілердің бой көрсеткені анық. Нақты цифрлар арқылы өзінің блокнотына жазып қалдырған осы мәселені жазушы романында шым-шымдап көтеріп те кетеді. Цезура қатты жұмыс істеп тұрғандықтан, ойындағысын ашық айта алмаған да болар. Бірақ ұлттық мәселе түзеле бастағандай шешім шығарады. 

Онда да жергілікті ұлттарды көтеруде романның бас кейіпкері, яғни облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Карповтың өзі араласып, жағдайды жөндеуге ықыластық танытады. Міне, «Өскен өркен» романына қатысты айтылып кететін бүгінгі таңда еске алу, қаперге салуды қажет ететін жағдаяттың бірі осы. Қазақ халқының патриоты, өзінің туған жері үшін отаншылдық сезімін қашанда сақтай білген ұлы Мұхаң қазақтардың жағдайын үнемі қаперінде ұстағанын осы үзінділерден-ақ байқаймыз.

Шығарманы жазу барысында ол көптеген нақты адамдардың прототиптерін пайдаланған. Олардың кейбіреулерінің аттарын өзгертіп жіберген. Кейіпкерлердің көбі өмірде болған адамдар. Мысалы, Әбентаевты – Есентаев, Шоқановты – Жақанов, Бегімбетовті – Ерімбетов деген сияқты, сөйтіп, жаңа есімдер беріп отырған. Оның неге олай жасағаны да түсінікті. Өйткені белгілі бір дәрежеде бұл адамдар өзара тартысқа түседі. Пікір алуандығы орын алады. Бір-бірімен келіспей жататын жағдайлар болады. Соның бәрін ашып көрсету үшін Мұхаң көптеген қаламгерлерге тән прототип, яғни, түптұлға мәселесін жақсы меңгерген деуге болады. 

Жалпы бүгінгі күнде қарап отырсақ, аталған романда тек совет азаматтарының жақсы жақтарын ғана емес, осындай әлеуметтік, тарихи, саяси мәселелерін де шетпұшпақтап көрсетуге тырысқанын көреміз. Біздіңше, осы тұрғыдан алғанда, бұл романның күні өте қойған жоқ. Қайталап оқысақ та ұтылмаймыз деген пікірдеміз. Рас, романды Мұхаң қайтадан жөндеп, үстінен қарап түзетуге мұршасы болмады. Осы шығарманы аяқтаймын деп жүргенде өмірден өтіп кетті де, біздің қолымызға әлі толық түзетілмеген, аяқталып болмаған нұсқасы ғана қалды. Соның өзінде жазушының шығармашылық ұстанымын, азаматтық белсенділігін, әлеуметтік позициясын айқын аңғаруға болады деген пікірдеміз. 

– Классик жазушының балаларға арнап жазған шығармаларын зерттеп жүр екенсіз. Көпшілік бұл жайында біле бермесе керек. Толығырақ тоқталып өтсеңіз...

- Ұлы Мұхтар Әуезовтің балалар әдебиетіне қатысты  көркем туындылары бар ма, бар болса олар қайсысы дейтін болсақ, әдебиеттанушы қауымның ойлары көбінесе бір жерден тоғысады. Оның нақты дәлелі –  мектеп оқулықтарына, хрестоматиялар мен балаларға арналған жинақтарға енгізіліп келген жекелеген шығармалары. Атап айтқанда, бірінші кезекте «Көксерек» повесі болса, одан кейінгі кезекте «Бүркітші», «Жетім» және бірер санаулы әңгімелері аталады. Әдебиет зерттеушілерімен бірге педагог ғалымдар да бұл айтылған шығармаларды Мұхтар Әуезовтің балаларға лайықты дүниелері деп тұжырымдауға бейім. Тақырыпқа орай басқа шығармалары туралы әңгіме бола бермейді. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында орта  және арнаулы оқу орындары үшін оқулықтар мен оқу құралдарының жетісе бермегені белгілі. Өйткені оларды жазатын авторлар жоққа тән болатын. С.Сейфуллин, С.Мұқанов тәрізді қаламгерлердің осы ділгір шаруаға араласуға мәжбүр болғандығы да сондықтан.  Міне, осы қатардан ұлы Мұхаң да бой көрсетіп, оқулық жазуға араласыпты.

1929 жылы жарық көрген «Оқулық» және «Жеткіншек» деп аталатын оқулықтар – соның дәлелі, сол кездегі педагогикалық бағытта жасаған жұмыстарының нақты мысалы. Қазақ мектептеріне арналған орыс тіліндегі бұл оқулықты М.О.Әуезов Д.Ысқақов деген автор екеуі жазып, құрастырған. Онда орыстың ақындарынан енгізілген жекелеген өлеңдерімен бірге Мұхаңның өзі қазақ тұрмысын бейнелеп жазған бірсыпыра шығармасы бар. Осы арада Д.Ысқақовтың кім екендігін айта кеткен орынды болар. Бұл кісі туралы өздерінің зерттеу мақалаларында Т.Жұртбай, Б.Атығаевтар қысқаша мәліметтер беріпті. Бір деректе 1894 жылы, ал енді тағы бір құжатта 1898 жылы туған делінеді.  1937 жылғы қызыл террорға ілігіп, қамалады да, 1945 жылы айдауда жүріп қайтыс болған екен. Хрущев жылымығы кезінде 1957 жылы ақталыпты.«Д.Ысқақовтың да М.Әуезов оқыған Семей қалалық училищесінде, Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінде оқығаны белгілі. Сонымен қатар халық ағарту, саяси-әлеуметтік қызметтері жиі-жиі бір жерден шығып отырған» депті зерттеуші Р.Әбдіғұлов 4-томға жазған түсіндірмесінде.

Балалар да, үлкендер де қызығып оқитын «Көксерек» хикаяты  – қазақ әдебиетіндегі классикалық туындылардың бірі. Мұнда қолға түскен қасқырдың бөлтірігі мен адамдар арасындағы күрделі қарым-қатынас баяндалады. Қолға түскен бөлтірікті қатты қызықтап, «Көксерек» деп ат қойған Құрмаш деген бала оған бар ықылас-пейілін арнайды. Қолға алып өскенше бағып-қағады. Маңайындағы үлкен адамдардың наразылығына құлақ аспайды. Реалистік сипаты күшті шығарманың астары да осал емес. Ақыр соңында кішкентай Құрмаш өзі баққан жыртқыштың шабуылынан қазаға ұшырауы соны білдіреді. Хикаяттың жазылуы аса көркем, тілдік ұстанымы да мықты.Шығарма арқауына айналып, реалистік сипатта баяндалатын соқталы ой  – «Қасқырды қанша асырасаң да, орманға қарап ұлиды» деген мақалдың шындығы, тағы жыртқыштың ешқашан қолға үйренбейтіндігіжәне ең бастысы адам баласының өзіне жасаған жақсылығын ұмытып кететіндігі. 

Бұдан басқа жазушының «Бүркітші» атты оқиғалы әңгімесі де балалар әдебиетінің туындысына жатқызылып жүр. Онда Қазақстанның таулы өңір арқылы өтетін шекарасындағы бір бүркітші ақсақалдың қашқынды қалай ұстағандығы туралы қызықты оқиға сөз болады.        Сараптай келгенде, М.Әуезовтің бүгінгі оқулықтарға еніп жүрген шығармаларының бәрін тұтасымен балалар әдебиетіне жатқыза салу асығыстық болар еді. Олардың қатарын тізбелеп көбейту ұлы жазушы балалар әдебиетіне атсалысқан деген пікірді тиянақтау үшін ғана керек сияқты. Мысалы, «Жетім» әңгімесінде ұлы жазушы әлеуметтік және таптық теңсіздікті көтере отырып, ересектерге ой салатын қадау-қадау мәселелерді қозғаған. Әңгіменің түпкі идеялық қазығы бала тағдыры үшін жауапты жандардың, ең алдымен, үлкен кісілер болатындығында, соған орай негізгі көркемдік идеясының ересектерге бағытталғандығында жатыр. Сондықтан да жазушының Қасым деген жетім жеткіншек туралы бұл шығармасын балалар әдебиетіне жатқызу шарт емес деп білуіміз керек. Оның әдебиеттің бұл саласына жатқызылуына басты себеп – бас кейіпкердің бала болып келуі ғана. Ал бас кейіпкері бала болып келген туындылардың баршасының балалар әдебиетіне жатуы шарт емес.  Немесе, керісінше, тек кейіпкерлері ересек адамдардан тұратын шығармаларды тек үлкендерге арналған туынды деп кесіп-пішуге тағы болмайды. Мәселен, атақты Д.Дэфоның «Робинзон Крузо» атты авантюралық романының бас қаһарманы ересек адам болғанымен, балалар әдебиетінің көрнекті туындысы деп саналады. 

Ұлы жазушының жазу стилі қандай болып келетіні әдебиет зерттеушілеріне ғана емес, кітапсүйер қауымның өкілдеріне де жақсы таныс. Ол кісінің көркем тіркестер мен айтар ойын айшықтандырып, күрделендіріп беретіндігі, кейде тіпті құрмалас сөйлемдерді үсті-үстіне қабаттастыра отырып, тым салмақты пайымдауларға ден қоятындығы жақсы мәлім. Мұхаңның  көркем оралымдарының арасынан бұрын айтылмаған көптеген сәулелі сөздерді, бейнелі де соны тіркестерді тауып алуға әбден болады. Ал аталған оқулықтардың жазылу стилі олай емес, балалардың түсінігіне лайықталғаны көрініп тұр. 1929 жылы жарық көрген «Оқулықтың» ішіндегі көптеген әңгімелердің жеңіл стильмен жазылу себебі – жазушының оларды балалар түсінігіне лайықтауды мақсат еткендігінен. Сөйлемдері қысқа да түсінікті болып келген әңгімелердің көлемдері де шағын.Оның үстіне оқулықтағы шығармалары түгелімен орыс тілінде жазылғанын ескеру керек. Мұхтар Әуезовтің орысшасы осал болмаған. Ол – сонау Семейде оқыған кезінен бастап Ленинградтағы студенттік күндерінде де орыс тіліне аса ден қойып, оның әдеби нормасын жете игерген саналы қазақтардың бірі. 

«Оқулық» кітабындағы тақырыптар бірнешеу. Негізінен сол уақыттардағы елдің тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрінің жекелеген көріністерін көлденең тарта отырып, жалпы ескі қазақ өмірінен хабар беретін көркем шығармалар шоғыры десек те болады. Басым бөлігі – көшпелі өмір сүрген қазақ халқының көшіп-қонуына, жайылымы мен малдарды бағып күтулеріне, денсаулық сақтау мәселесіне қатысты шағын тәмсілдер. Енді осы арада нақты ақпарат беру үшін жекелеген шығармаларына сәл тоқтала кетейік. 

Аталған оқулықта М.Әуезовтің сиыр малына қатысты екі әңгімесі бар екен. Оның бірінде Айша деген қыздың әкесі «Қара сиырымыз бұзаулағалы жүр» деп алдын ала ескертіп қояды. Сондықтан далаға жібермей, қораның ішінде жем-шөппен бағады. Бірақ бір күні сиыр ашық қалған есіктен шығып, далаға кетіп қалыпты. Әкесі іздеп жүріп, кеш батқан кезде оны әрең табады. Сөйтсе, сиырдың қасында кіп-кішкентай қара түсті бұзауы тәлтіректеп тұр екен. Оның қасында айналшақтап сұр қасқыр жүр. Егер иесі келмеген жағдайда қасқырдың бұзауды жеп қоятыны анық еді. Айшаның әкесі ара түсіп, сиыры мен бұзауын аман-есен алып қалады. Ал екінші әңгімеде басқа бір қара сиырдың қашан бұзаулайтынын үйдегі әжей біліп отырады. Оны анықтау үшін әлсін-әлі сиырдың сүтін сауып, тексеріп отыру керек екен. Сиырдың сүті қошқыл түсті болса, бұзаулайтын уақыты әлі ерте деген сөз. Сүт ағара бастаған кезде барып қана әжей сиырдың бүгін бұзаулайтынын айтады. Жазушының осылайша ұтымды пайдаланатыны – күн көрісі тікелей малға байланысты болған қазақ тұрмысынан хабардар ететін керекті детальдар.

Қысы-жазы мал бағу, оған тіпті көз шырымын алмастан да, кірпік қақпай, ие болу – қазақы тіршіліктің әбден үйреншікті көрінісі. Сондай жағдайдың бірі жазушының осы оқулыққа енген «Нападение волка на стадо» деп аталатын әңгімесінде баяндалады. Онда Қасым мен Оспан деген балалардың түнгі қой күзетінде жүрген сәті суреттелген. Кенет бұларға серік болып жүрген Жолдыаяқ деген ит шабаланып үріп, ауылды айнала жүгіріп кетеді. Бір отар қойдың қасқырдан аман-есен қалуы – екі бала  мен оларға бас-көз болып жүрген Қаратай отағасының қайрат көрсеткендігінің арқасы. Бірақ соның өзінде аш жыртқыш отардан бірнеше қой мен бірер қозыны жаралап кеткен екен. Және бір қызығы бұлардың майлы құйрықтарын жұлып алып, асап жібергендігі айтылады. Бұл оқиғаның да өмір шындығынан алынған нәрсе екендігі сөзсіз. Әңгімеде алдыңғы планға шығатын – қасқыр деген жыртқыш хайуанның ақылдылығы, өжеттілігі мен өте ептілігі. 

Басқа ұлт өкілдерінде қазақтар жыл он екі ай киіз үйдің ішінде тұрып келді деген түсінік бар. Бірақ үнемі олай бола бермегені Әуезовтің осы әңгімелерінен де байқалып қалады. Мәселен, «Ауыл» аталатын әңгімесінде қазақтардың күн жылына киіз үйге көшетіндігі айтыла келіп, шаруашылықтың бөлінісі туралы да сөз болады. Ұйымдасып, ұжымдаса еңбек еткен ауыл адамдарының біразы қой бағумен айналысса, екіншілері жылқы бағымына қарайды, үшінші бір тобы бие сауып, төртіншілері ауыл маңындағы судың көзін аршып, жер қойнауынан ауыз су шығарумен шұғылданады. Кеңес дәуіріндегі кәдімгі ұжымшар десек те болады.

Балаларға арналған әңгімелерінде жазушының тағы бір қозғайтыны –денсаулыққа қатысты мәселелер. Бір үйде емші құшынаш келіп, ауырған әйелдің ісігін емдейді. Жазушының акцент сала отырып баяндайтыны –ешқандай дезинфекция жасамастан, кеселді жерге пышақты тығып алғаны, одан кейін ісіктің одан әрмен күп болып ісіп кеткендігі. Бұған куәгер болған кісі шыдай алмай, ақыры дәрігер шақыртады, Бірақ, аурудың уақыты өтіп кеткеннен кейін, қанына басқа нәрсе араласып, науқас әйел гангренадан қайтыс болады. Міне, осындай жағдайда ауыл мұғалімі қарап жатпай, жаңағы құшынашты жауапқа тартуы да заңды. Әңгіменің түпкі идеясы – ескі қазақы өмірдегі медицинаның негізін білместен, ем жасайтын кейбір дүмшелерді сын садағына ілу. 

Жалпы ұлы Мұхаң заманауи ертегінің үлгісін сонау өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының аяғында-ақ салып кеткен. Бір ауыз сөзбен айтқанда, Мұхтар Әуезовтің бірыңғай балаларға бағыттап арнайы жазған шығармаларына назар аударылмай келе жатқандығы қынжылтады. 1929 жылы жарық көрген оқулыққа енген шағын шығармаларды  көлденең тарта отырып, ұлы жазушының балалар әдебиетіне арнайы қалам тартқанын байқаймыз. Ұлы жазушының бұл бағыттағы негізгі көркемдік арқауы –өскелең ұрпақтың рухани тұрғыдан азамат ретінде дұрыс дамуына мән беріп отыру.

Осы арада айта кететінім – мен кәсіби әуезовтанушы ғалым емеспін. Әдеби тұрғыдан байқағандарымды ғана ортаға салып отырмын.

– Әңгімеңізге рақмет! 

Бөлісу:

Көп оқылғандар