«Жусан иісі» әдеби байқауы. Менің анам

Бөлісу:

30.11.2022 13432

Қазақтың классик жазушысы Сайын Мұратбековтің шығармашылығына арнайы ұйымдастырылған  республикаық «Жусан иісі» әдеби байқауы қазан айының басында әлеуметтік желілерде жарияланып,  15 қазаннан 15 қараша ралығында бір ай бойы шығармалар қабылданған  болатын.  Байқауға шығарма қабылдау аяқталғаннан кейін, келіп түскен шығармалар іріктеліп, жүлдеге үмітті деген бір қатарын авторын жасырып реттік номермен «Әдебиет порталы» арқылы оқырман назарына ұсынып отырмыз. 

Құрметпен: ұйымдастыру алқасы

№7 шығарма. Менің анам

"Ана сұлулығы жүзіндегі мейірімінен көрінеді».

Ғабит Мүсірепов

«Мама! Мамам үйде ме?» бұл сөз мектептен үйге келген әр баланың алдымен айтар сөзі шығар.  Расымен де үйіңнің табалдырығын аттаған бойда бірден іздейтін адамың ол сенің анаң. Анаң үйде болса, үйдің іші жарқырап кетеді. Ал анаң бір шаруаларымен үйде болмай қалса, жап-жарық үйдің іші саған қараңғы көрініп, жабырқап қаласың.

Менің анам - жер бетіндегі барлық аналардай өте мейірімді, алтын адам. Сонау қайтып келмес балалық шағымнан есте қалғаны – үйде жайдақ орындық көп болатын. Әкем отбасындағы барлық адамға осындай кішкентай ағаш орындық жасататын. Қазірде ол орындықтар біздің балалық шағымыздың куәсі болып үйде тұр. Сол орындыққа анамның артынан қалмай жүріп қылқылдап отырғызып, мамасын еметінім еміс-еміс есімде қалыпты. Анам ауылда көрші әйелдермен бірге теплицада жұмыс істейтін. Таңнан сол жұмысқа кетеді, түскі асқа кейде келсе, кейде ішетін тамақтарын өздерімен ала кететіп, кешке дейін жұмыстарын жалғастыра беретін. Жоспарды орындау керек деп  қас қарайғанда үйге бірақ келетін. Ол заман келмеске кеткен, қылшылдап тұрған Кеңес үкіметінің кезі. Жұмыстан қалу жоқ, жұмыс уақытында көшеде бос сенделіп жүрген адамды көрмейсің, бәрі заңмен жүрген заман. Онда баламын ғой, мамам неге жұмысқа кете береді, үйде жүре берсе ғой деп іштей армандайтынмын. Сол кездері мен ата-анамның біз үшін, бізді қатарымыздан кем қалдырмау үшін еңбек етіп жүргенін түсінбеппін, баламын ғой. Бірде жазды күні ертеңгісі оянсам, мамам жұмысқа кетіп барады екен. Теплица біздің көшенің бас жағында орналасқан. Оған жету үшін жарты көше жаяу жүру керек. Сол күні мамамның артынан «Мама, мен де жұмысқа барам, сізден қалмаймын!» деп айғайлап жылағаным әлі есімде. Қазір есіме алып, сол бір балалықтағы шалалығыма күлкім келеді. Бірақ сол кездегі анамның қандай күйде болғаны, жылаған баласы – мені ойлап жүрегінің ауырғаны есіме түсіп кетсе, қатты толғандырады. 

Мен үйдің кенжесі болдым. Менен кейін мамам тағы бопа көтерген екен, бірақ ол баланың ғұмыры қысқа болып, шыр етіп дүние есігін ашқан соң, көп ұзамай шетінеп кетіпті. Мамам сол күнді еске алып айтып отырады. – Ол қыз шашы бұйра-бұйра әдемі еді, босанғанда шар етіп жылағаны есімде қалыпты, содан дәрігерлер құлатып алды ма «өлі сәби тудыңыз» деп, емханадан баласыз қайттым дейді. Ана үшін бауыр еті баласынан айырылу өте қиын. Сөзбен жеткізу оңай емес. Көзге көрінген соң, баланың аман болуы ата-ана үшін – зор бақыт. Әсіресе перзентханадан шыққанда баламен шығып бара жатқан бақытты жандарды көріп, жалғыз шығып бара жатқан сенің жүрегің қарс айырылып, жаның шығып кете жаздайды. Бірақ бұл тағдыр. Оған қарсы тұра алмайтының ақиқат. 

Біз үйде бес баламыз. Анамыз - көпбалалы ана, Күміс алқа иесі. Үйдің кенжесі болғандықтан мені үйдегілер қатты еркелетті. Анам кейде үйдегі күйбең тірлігін ысырып қойып, жайдақ орындыққа отырып, мені алдына алып құшақтап, мейірлене бетімнен сүйіп, «кәмпитім, алтыным, тортым, шоколадым» деп еркелететін. Сол кезде әрине менен бақытты жан болмаушы еді. 

Туған күн – әр баланың күн санап, асыға жететін қуанышты күні. Сол күні анам қонақ жейді деп тығып қойған тәттілерін шығарып, сөмкеме толтырып беретін. Сыныптастарыңмен жейсің дейтін. Әкем ол күні таңнан тұрып, бетімізден сүйіп, қос құлағымыздан тартатын. Күлкіден шегіміз қатып, қуанып, мәз-мейрам болып жататынбыз. Құлақ тарту - біз үшін туған күнде жасалатын дәстүр боп кеткен. 

Менің алдымда Гүлмира атты өзімнен үш жас үлкендігі бар әпкем болатын. Жаным әпкем... Аурудың тауқыметін мол көрді. Кішкентайынан жасы менен үлкен болса да, мен одан үлкен боп көрінетінмін. Бірде қысты күні ол мені көшеде шанамен сүйреп, ойнап жүргенбіз. Көрші орыс Льенти кетіп барады екен. Бізге қарап: «Большая сидит, а маленькая тащит» демесі бар ма. Біз бұл сөзге әбден күлдік. Сөйтсе ол кісі мені үлкен, ал әпкемді менен кіші деп ойлайды екен. 

Үйде біз бес баламыз. Үлкеніміз - Асқар  атты бауырымыз. Көке деп атаймыз. Сосын үш әпкем және мен. Әпкелерім: Айгүл, Гүлнар, Гүлмира. Анам: «Оразтайдың (менің әкем)  төрт қызы бар деп ел айтады» дейтін. Себебі бізде қыз көп болды. Үйде сенбі сайын мамам бір дәу тегеш нан ашытып, бауырсақ пісіретін. Бәріміз ол кездері нан жеп өскен баламыз. Бала көп болған соң ба әйтеуір мамам тегеш-тегеш нан ашытып, табаға сап, кейде бауырсақ қып пісіріп жататын. Үйдегі әр баланың өз қызметі бар. Әпкелерім нан жайып кесетін болса, біз Гүлмира әпкем екеуміз ағаш тақтайларға салып алып бауырсақ таситынбыз. Өзімізді қазіргі кездегі жедел жеткізу көліктері сезінетінбіз. Ыстық қазанның қасында бауырсақ пісіріп жатқан мамам: «Әкеліңдер, бауырсақ қайда, май күйетін болды»,- деп айғайлайтын, біз жүгіріп, үлгермей, бір-бірімізге: «Бол, бол» деп, кейде асығып жүгіргенде тақтайдағы бауырсақтарымыз үйірінен бөлініп қалғандай жерге ұшып түсіп жататын. Оны жалма-жан ала салып, топырағын үрлеп-үрлеп жіберіп, бөлініп қалған қатарына қайта қосып қоятынбыз. Сол үлгермей жатқан шақтарда осы неге мамам отты көп жағады екен деп іштей ойлаушы едік. Ал кейде май қызбай, бауырсақтар кезек күтіп, алды ескіріп, беті кеуіп қалатын. Ол бауырсақтар әпкелеріме қайтып барып, қайтадан иленіп, бауырсақ боп кесілуші еді. Бауырсақ пісіп біткен соң, көшеге ойнауға шығамыз. Мамамыз ұзын щыбыққа бауырсақтарды шашлык сияқты тізіп беретін. Біз бір-бір «шашлыкты» қолымызға алып, көршілер көрсін деп мақтанып жеп, көрші құрбыларымызға да бір-бір «шашлыктан» жасап, мәрттік танытып жатушы едік.

Біздің үй мектептен көп қашық. Мектептен алыс тұрамыз. Бірақ сабақтан қалмаймыз. Сабақтан бір себептермен қалып қалсаң, бір нәрседен құр қалғандай сезімде болатынсың. Папам кейде аптаның соңғы күні қалжыңдап: «Шаршадың ғой, сабаққа бармай-ақ қой»,- дейтін. Сонда сабақтан қалмайсың ғой, шіркін. Мектеп пен үйіміздің арасында алма-ағаш бағы болатын. Сабақтан қайтқанда, кейде сабаққа бара жатқанда уақытымыз болса, тәтті алмасын сөмкемізге толтырып алып, жеп баратынбыз. «Мама, неге үйді мектепке жақын салмағансыздар?» дейміз кейде, сонда мамам: «Шыдаңдар, әлі-ақ автобуспен барасыңдар»,- деп жарқын болашақты көзімізге елестетіп, сендіріп қоятын. Бірақ біз мектеп бітіргенше ол автобус келмеді. Әлі де жоқ. 

Көрші қыздар, ұлдар көп болды. Солармен бірге мектепке барамыз, бір-бірімізді күтеміз, бірге қайтамыз. Сол кез өте қызықты шақ еді. Мектепке кетіп бара жатып, жол-жөнекей мак ойнайтын жақсы тасты көзімізбен іздеп барамыз. Жолда табыла қалса, сүртіп-сүртіп, сөмкемізге сап аламыз. Сабақтан келе сала сабақта өткенімізді ұмытып қалмайық деп, үй тапсырмасын орындап тастайтынбыз. Әпкелерім кейде: «Не болды, андағы миың тынықсын да?» деп жататын, бірақ оған қарамайсың, тездетіп тапсырманы орындап тастап, ойын деген қызметіңе кірісесің. 

Анам біз ауырғанда өзі емдеп, жазып алатын. Халықтық ем-домдары бар. Менің тамағымның баспасы (ангинасы) бар. Суық ішсем, бірден тамағым ісіп шыға келетін. Дауысым шықпай, жұтындырмай ауыратын. Тамағың ауырған соң, барлық денең ауырып, мең-зең күй кешесің. Сондай кездері анам тұз бен ұрпақты қыздырып, орамалға орап, тамағымды орап қоятын. Солай жазылып кететінбіз.

Мамам бізге дауыс көтеріп ұрсып, қол көтеріп ұрып көрмепті. Өте қатты еркелететін. «Адам өле өлгенше үйренеді дейді, ештеңе жоқ үйреніп кетесіңдер»,- деп отырады. Бізді жұмсамайды да. «Қыз – қонақ» дейтін. Бар жұмысты өзі істей беретін. Бізді әпкелеріміз жұмсап, тәрбиелейтін. Кейде үлкендерден таяқ жеп қалсақ, «Папама айтам!» деп шығатынбыз. Сол күні расымен папама айтатынбыз. Папам: «Бұл менің балам, кейін өз балаң болғанда ұрсасың» дейтін. Сол сөзге мәз боп, арқаланып қалатынбыз. 

Үйге тазалық жұмысын жүргізгенде әпкелеріміз бір-бір шелек әкті алып, үй майлайтын. Ал сол бөлмені жуып-шаю біздің мойнымызда болатын. Әпкелеріміз үй ақтадым, шаршадым деп жатқанда тамған әктерді жуып жүріп, біз шаршайтынбыз. Еденді жуып, үйді тазалап болған соң, «Пол кепсін» деп ол үйге ешкімді кіргізбей қоритынбыз. Қазір күлкілі болса да, бірақ сол кезде ол біздің еңбегімізді бағалағанымыз шығар деп түсінемін. 

Біздің екі апамыз болды. Бірі өз апамыз, бірі нағашы апамыз. Өз апамыздың аты– Рабиға, нағашы апамыздың аты – Асылбала. Жарықтық марқұм апаларымыз өте жақсы кісілер еді.  Нағашы апам бізбен тұрды. Бізді арқалап өсірді. Түнде апамның қасына мен жатам деп Гүлмира әпкем екеуміз таласып жататынбыз.  Нағашы апам он үш құрсақ көтердім дейтін, бірақ көбісі кішкентайында көз тиіп, шетінеп кетіпті. Содан қалғаны – Гүлжахан, Орынбала, Сайлаубала. Сайлаубала – көзі тірі кіші қызы, біздің анамыз. Асылбала апам бес уақыт намаз оқитын. Біз апам намаз оқығанда байқатпай келіп, арқасына отырып алатынбыз. Апам әр иілген сайын арқасында отырған бізді әрі-бері теңселтетін. Бірақ намазын тоқтатпайтын. Апам туған күнін білмейтін «Әйтеуір ит жылы туғам, мен туғанда қызыл қар жауған екен» деп отыратын. Біз қызыл қар дегенге қызыл қар да бола ма деп  таң қалатынбыз. Өте еңбекқор еді. Екі апамыз да бізді, немерелерін, өте жақсы көрді. 

Рабиға апам үйге қонаққа кеп тұратын, біз апамдікіне қонаққа барып тұратынбыз. Апамның кейінде құлағы естімей қалды. Бірде Гүлмира екеуміз апамның халін білейік деп апамдікіне бардық. Телевизор көріп отыр едік, Мақпал Жүнісованың концерті боп жатыр екен. Апам Мақпал Жүнісованың әндерін сүйіп тыңдайтын. «Теледидардың дауысын шығар» деді, біз дауысын жоғарылатып, дауыс жоғарылатқыш тетікті бұрап жатырмыз. Бар дауысына қойдық. Апам тамсанып тыңдап отыр. Үй кинотеатрдай болды. Қатты дауыстан біреу есікті тарсылдатып тұрғандай боп сезілді. Жүгіріп барып қараймыз, ешкім жоқ. Сондай қызықтар болған. Алла марқұмдарымызды иман нұрымен нұрландырсын.

«Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің» деп дана халқымыздың бекер айтпағанын өзіміз ата-ана болып, бастан өткен соң ғана түсініп жатырмыз.Анамыздың аялы алақаны әлі жылуын жоғалтқан жоқ. Түн ұйқысын төрт бөліп қарағаны, баққаны, қаққаны – мәңгілік үлгі. Біз ата-анамызға қарыздармыз. Жарық өмір сыйлағандары үшін, балалығымыздың  бақытты күндерге толы болғаны үшін, өмірде адаспай өз орнымызды тапқанымыз үшін, бәрі-бәрі үшін ата-аналарымызға борыштармыз. 

Мағжан ақынымыз өзінің «Сүйемін» деген өлеңінде:

Күлдей күңгірт шашы бар,
Тоқсан бесте жасы бар,
Көз дегенің – сұп-сұр көр.
Тасбиқ санап бүгіліп,
Жерге қарап үңіліп,
Көрсе ауыр күрсінер,
Менің бір қарт анам бар,
Неге екенін білмеймін –

Сол анамды сүйемін!- дегендей мен де анамды сүйемін! Өз перзентіне деген махаббаты үшін, зор адамгершілігі үшін үлкен алғысымды айтып, басымды иемін! Осындай ананың перзенті болғанымды мақтан тұтамын!  Балаларыңыздың бақыты үшін жүз жасаңыз, мама!- дегім келеді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар