Жадыра Шамұратова. Кешіру

Бөлісу:

13.01.2023 3272

Новелла

Түзеу мекемесінен шыққан шешесі қарттар үйіне орналасыпты. Соны естігелі ойы онға бөлінді. Бейнесін көз алдына әкелмек болып біраз әуреленді. Жиырма үш жыл бұрынғы есінде қалған ол бейне мен қайта-қайта жаза басып, екі қайтара отырып шыққан әйелдің арасында қандай ұқсастық қалуы мүмкін? Осы кезге дейін шешесінің қай жерде жазасын өтеп жатқанын да сұрастырып білуге, тым болмаса бір рет кездесуге талпынбағаны өзінің де көңілі суығанын білдірмей ме? Жоқ, оған барудың қажеті жоқ. Бұларды керек қылмаған адамды... іздеп барғанның не мәні бар... Бұл түн Еділ үшін мазасыз болды. Көз алдынан картиналар өте берді.

Көз жасы араласқан құймақ

Ыбырсыған тар бөлмеде жуылмаған ыдыс тау болып үйілген раковина алдымен көзге түсетін. Әбден семіріп алған тарақандардың көптігінен қабырға жан бітіп қозғалып тұрғандай. Соңғы рет қашан жуылғаны белгісіз көнетоз көкшіл халат киген, көлкілдей іскен көзі ойдан мақұрым, жүзі қуарыңқы әйел бір қолымен майланып кеткен шашын қайырып, бір қолымен табадағы құймақты аударып тұр. Табаға қарып пісірген құймақтың иісі қарны ашқан балалардың дегбірін алып барады. Шешелері асүйден шығып кетісімен жүгіріп келіп бір-бірден құймақ іліп әкеткен балақайлар асығып-үсігіп қарбыта асап жатыр. Сосын тағы бірін... тағы... 

- Кім сендерге жеуге рұқсат берді, а?

Балалар оқыс шыққан қатты дауыстан шошып кетіп, құрғақ құймақты жұта алмай түйіліп қала жаздады. 

- Қайсысың алдыңдар құймақты? Жәндәріңді ш-шығарайын, айтыңдар, кәне!

- Кәне тез, айтыңдар?

- М... мен... Еділдің көзі жәутеңдеп тұр. 

- Мен алдым.

- Ә, иттің баласы! Кәзір көрсетейін саған рұқсатсыз алғанды.

Әйел баланы иығынан бүріп ұстады да, қабырғаға ұрды. Тас қабырғаға иығымен соғылған бала басымнан ұра ма деп екі қолымен төбесін қорғаштайды. Шешесі қайтып қол көтермеді, тек жұлқылап бұрышқа апарып, өзін бері қаратып қойды да, оған қарама-қарсы қыз баланы тұрғызып, оның қолына құймақ берді.

- Мә, же, осылай ағаңа қарап тұрып же!

Ештеңені түсініп жарытпаған үш жасар қыз шешесі берген құймақты аузына апарды, ал алты жасар ұл оған қарап жылап тұрды.

Әжені паналау

Маскүнемдерде болатын күлімсі иіс, шуаш пен көптен төгілмеген тамақ қалдықтарының иісі қосыла шыққан бір бөлмелі пәтердің ауасы әлем-тапырық. Көне серванттың алдына ұзына бойына сұлаған ақсақ ағайдың, қалай болса солай жиылған жүктей болып теңкиіп жатқан Рита тәтейдің қасынан аяғының ұшымен жүріп өткен бала шашы дудырай етпетінен түскен шешесінің жанында көжектей үрпиіп отырған қарындасын қолынан тартып ас үйге алып шықты да, құлағына «әжеге барамыз» деп сыбырлады. Бес жасар қыз мұның жақсы сөз екенін түсінетін. Тіпті «әже» дегенде мұрнына ыстық бауырсақтың иісі келгендей болды. О жер, бұ жерде шашылып жатқан киімдерді жинап әкелем деп жүргенде аяқ астындағы бос бөтелкеге байқамай аяғы тиіп кетті де шыны еденнің бетімен дырылдай домалап барып, есікке соғылды. Екі баланың да зәресі ұшқаны сондай, бұл оларға аспаннан бірдеңе құлағандай зор дыбыс болып естілді. «Қап, мамасы оянып кеткенін қарашы. Қазір тұрады ау...» Еділ қарындасын ас бөлменің есігінің артына жасырды да, өзі ұйықтаған болып жата қалды. Аяқ-қолын әрең игеріп, тәлтіректей басқан әйел ас үйдегі краннан су ішіп келіп орнына қайта жатты. Ештеңе байқамады. 

Күздің ызғырық желі тұла бойды қалтыратып, жылы жерді аңсатады. Әженің үйіне асыққан екі бала бір-бірінің қолынан ұстаған күйі аяқтарын тез-тез басады. Ымырт үйірілген шақта бойларын қорқыныш билеген балалардың кішкентай жүректері дүрс-дүрс соғады. 

- Қолқам... Еділ, мен қолқам, – деп жыламсырады кішкентай қыз.

- Қорықпа. Мен бармын ғой... 

Қарындасын жұбатуды білгенімен Еділдің өзі де қорқып келе жатқан. Қалтарыстан жалғыз көзді дию шыға келетіндей, болмаса соңдарынан біреу қуып жетіп, қорқынышты ұзын қолдарымен бұларды ұстап алып, тік көтерген күйі үлкен қанар қапқа тыға салатындай... Өзіне салса жүгіріп-ақ жетіп алар еді, кішкентай Әсел жүгірмек түгілі қайта-қайта сүрініп, адымын тұсап келеді. 

Жүзі әжімнен көрінбейтін кемпір ақсаңдай басып есікті ашқан кезде апақ-сапақта қол ұстасып келіп тұрған балаларды көріп қызының «ескі әніне» қайта басқанын түсінді. 

- Ий, құлындарым сол, періштелерім ау... Әшейін ғана жарықтарым, үйді тауып келгендеріңнен ау сол... 

Айналып-толғанып жүріп балаларды шешіндіріп жатып көзінің алдына үйірілген жасты сүртіп қояды. Нағашы әжелері ысытып берген кеспеге нан батырып жеп бойлары жылынған балалар сол бойда маужырап ұйықтап кетті.  Еділдің бауырына тұмсығын тыққан күйі пысылдап ұйықтаған қыз бейне өзінен сәл-ақ үлкен ағасынан пана іздегендей. Отырып-тұрған сайын жүрегі аузына тығыла жаздап, ырс-ырс етіп әрең демалатын дімкәс кемпір «уф, қайтейін» деп күрсінді. Әжелерінің үйінде бұл екеуінің қарны ашпады, үйдің астаң-кестеңін шығарып ойнаса да әжесі ұрыспады. Екі-үш күннен соң мамалары келіп өздерінің үйіне алып кетті. 

Балалар үйінде

Мамасы мен әжесінің әңгімесінен әлдеқалай бір шақыру қағазы келгенін білді. Ертеңінде біреу есіктің қоңырауын басты. Шешесі боғауыз сөздерді төпетіп, келгендерді үйге кіргізбеймін деп ашу шақырды, әжесі жылап жүр, дәлізде айқай-шу шығып, мамасын әлдекімдер ұстап тұрды ма ау, ашу қысқан ол келгендермен алыса кетуге, төбелесуге дайын еді. Оның «милициядан келген иттер, сұмырайлар» деген дауысы Еділдің құлағында біразға дейін қалып қойды. Еділ мен қарындасын бұлар танымайтын үш адам үйден алып шықты.

- Сендер қорықпаңдар, ол жерде сендерге жақсы болады, – деді форма киген апай.

- Біз, әжемізбен бірге боламыз, – деп жылады ұл.

- Әжелеріңмен қала алмайсыңдар, мектепке баруларың керек.

- Жоқ, жоқ, бармаймыз! Бармаймыз біз... 

Есі кіріп қалған ұл өзімен ешкімнің ақылдаспағанына өкпелі еді. Баланың көзімен қарағанда оның да өз өмірі бар еді, осы үйреншікті, «жеке» әлемінде өзін әлдеқайда еркін сезінетін. Қарны бірде тоқ, бірде аш болса да, жаңа ойыншығы болмаса да, мамасының көңіл-күйі жиі өзгеріп, кей сәтте бұларды айналып толғанып, ал кей кезде аяқ астынан айқайлап, тіпті ұрып жіберсе де әйтеуір мамасының қасында болғаны жақсы емес пе, тіпті оның үстінен спирт иісі шығып тұрса да ол иіс Еділ үшін шешесімен байланысты таныс иіс еді. Ол көрші үйдің ауласындағы тығылыспақ ойнауға болатын қуыс-тесікті де бес саусағындай білетін. Заң болса өзі кәрі, өзі дімкәс қарт адамға балалардың келешегін сеніп тапсыра алмады, ағасы мектеп-интернатқа, ал қарындасы балалар үйіне бөлінді. Бөтен, мүлдем бейтаныс жерге тап болу, ең жақын адамдарыңнан алыстау, өзіңе тиесілі нәрселеріңнен, тіпті үйден киіп келген киімің мен басыңдағы шашыңнан да айырылудың қиын екенін Еділ алғаш рет өз басынан өткерді.

Қарны ашқан бала көбіне ас-ауқатты ойлап жүретін. Интернатта кешкі тамақ 7-де берілетін де, бұлар сағат 10-да ұйқыға жататын. Осы екі аралықта кешкі аста берген бөлкені өздерімен ала кетіп, жатарда жегісі келер еді. Бірақ, өйтуге рұқсат жоқ, шыға берісте кезекшілер тексереді. Тексергенде де қауіпті бірдеңе жасырып алып бара жатқандай қалтасын, қолтығын, жеңінің астын түгел қарап шығады. Ал, егер тауып алса нанды сол бойда тартып алады, тіпті бір тістеуге де бермейды. Бәрінен бұрын үстіне қант ұнтағы себілмеген, ішіне джем де салмаған, жай ғана өсімдік майы мен қантты араластырып пісірген бөлкені барлық бала үйден пісірілген бөлкеге ұқсайтындығы үшін сүйіп жейтін. Тәтті пирожныйларды дүкендердегі әйнектің астынан ғана көретін интернаттың балалары үшін осының өзі дәмі тіл үйіретін, қолға түспес тағам еді. Кластағы 29 баланың 8-і өздерін бақыттырақ санайтын, өйткені 8-інің туыстары келіп тұратын. Келген сайын тәтті әкелетін. Туыстар саған деп әкелген тәттілерді міндетті түрде бөлісуің керек, әйтпесе, келесіде сенімен ешкім бөліспейді. Бөлісе білген баламен басқалар да санасады. Еділ де әжесі әкелген тәттілерді бөліседі, бірақ, жарты кило конфет пен печенье кімге жетсін? Егер балалар өз іштерінде бекітілген ережелерді бұзатын болса да туыстары әкелген тәттілермен, тамақпен, кейде туыстары қалтасына салып кететін ақшамен де қателіктерін «түзейтін». Бұл жерде балаларды ұйқыға жатпағаны, жүгіргені, шулағаны, бір сөзбен айтқанда бала болғандары үшін жазалайтын. Ең салқын, ең қараңғы залдың сап-салқын еденінде түрсишең, жалаңаяқ тұрған жеті жасар ұл да бірден ұйқыға жата қоймағаны үшін айыпты болып тұрған. Табанынан сыз өтіп барады, тізесін бүккен күйі дір-дір етеді. Қолында басына жастанатын жастығы. Осы кезде тәрбиешінің бірі жақындады.

- Енді ұйықтауға барамысың?

- Ия, – деді бала иегі дірілдеп. 

- Тағы біраз тұра тұр, әбден шаршағанда ұйқы да жақсы келеді. 

Құдаймен келісім

Еділ төртінші класқа келгенде оған әжесінің қайтыс болғанын айтты. Еділ алғашында бұған сенбеді. Уақыт өте келе ғана әжесін енді мүлдем көрмейтініне көндіге бастады. Осы кезден бастап бала жаңа әдет тапты. Мұнысы сырт қараған адамға әлдебір келісімге не саудаға да ұқсайтын. «Құрметті менің Құдайым, – дейтін ол күбірлеп, – өтінем, жалынып сұраймын, сен менің әжемді өзіңе алып кеттің ғой, енді оның орнына мамамды қайтаршы. Ол ешуақытта арақ ішпейтін болып, бізге қайтып келсінші. Анау қасындағы ағайлар мен апайларды оның қасына жақындатпашы. Олар маған ұнамайды. Өтінем, Құдайым, егер сен осылай істесең мен екі күн тамақ ішпей жүре алам. Керек болса жүзге дейін санағанша дем алмауға шыдар едім. Керек болса тоқтамастан жүгіріп отырып мектепті он рет айналып шығайын. Керек болса...»

Еділ кітапты жақсы көретін, кейде ұзақ үңіліп отырған күйі қалғып та кететін. Оның оқыған кітаптарының ішінде бәрі болды, ізгілік, мейірім, армандар... тек балалар үйі жоқ еді. Бірде әдебиет мұғалімі Еділдің кітапқұмарлығын, сонымен бірге кітапты басқа жұрт секілді басынан емес соңынан бастап оқитын әдетін байқап: «кітапты басынан бастап оқу керек» деп ескертті. Ал Еділ үшін оқиғаның соңы қалай аяқталатыны маңызды еді. Ол соңы бақытты аяқталатын кітапты ғана оқығысы келетін. 

Қаталдық

Үлкендердің тірі жетімдермен соғысындағы ең қатал қаруы бір сәттік мейірім. Кейде тәрбиешілер жетімдерге мейірімділік танытуы мүмкін, бір сәтке ашылып, онымен тең адамша сөйлесуі де... Бала да аяқ астынан байқалған сол ықыласқа шөліркеп жүргенін жасыра алмай, жайнап, оған жауап ретінде өзінің жанын ашып, осы сәтті соза түсуге асығып, жүрегінде не бар, соның бәрін тезірек ақтарып айтқысы келер еді... бірақ бұл үлкендерге түк те қызық емес. Немесе тап қазір баланың жанын тебірентіп, дәл осы сәтте бала үшін маңызды көрініп тұрған нәрсені ересек адам баяғыда бастан өткеріп, біліп қойған. Ал, ол жетімектің сұрайтыны болымсыз ғана нәрсе еді. Ол ересектер мұны түсінсе, жүрегіне үңілсе дейді. Әдетте тәрбиешілердің арасында жақсы актер болмайды, олар жетім баланың өзінен де, сөзінен де әбден жалыққанын жасыра алмайды. Бұл немқұрайлылықты жетім де сезеді. Немқұрайлылық бала жанын мұздай суық темірдей тітіркендіреді. Бір сәттік сенімнің алдамшы екенін білгеннен кейін жетім де өзінің айтпағының түкке тұрғысыздығын, оның жаны, сезімінің ешкімге керек емесін, тіпті өзінің де ешкімге керексізін түсінеді. Жетім осыдан кейін өзі құдайдай сенген тәрбиешінің жұбатқанына да, мейірімді сөздеріне де бұрынғыша иланбайды, оның ішінде үлкендердің арамдығын, қитырқұлығын сезіп қоятын қабілетпен қоса қарсылық та оянады. Бұл бір сәттік, бір жолғы мейірім дегенің қабырғаның астынан туралай кірген пышақтан да қорқынышты екенін Еділ де ертерек түсінген. 

Жаза

Жаңа тәрбиеші келіпті деген хабарға балалардың бәрі елең етті. Бәрі оның көзіне түскісі келді. Әрқайсысы жаңа тәрбиеші өзін елесе екен, басқалардан ерекшелігін, бір жақсы жерін көрсе екен дейді. Жаңа тәрбиеші расымен де мейірімді көрінген. Еділдің өзі де сәнді киінетін, үстінен қымбат әтірдің иісі шығып тұратын жаңа тәрбиешіні айналшықтап, қасынан шықпайтын болды. 

- Бәрі сенің қасыңнан шықпайды, сенің кезекшілігің қашан деп сұрап жүреді, сен оларды тым еркінсітіп жібердің, – деді бірде үнемі қатулы жүретін Вера Алексеевна жаңа тәрбиешіге. Ол осыны балалардың көзінше айтты. 

- Бұлар кәдімгі бала ғой, аздап еркелегендерін көтеруге болады. 

- Саған солай көрініп тұрған шығар, бірақ бұлармен басынан қатал болмасаң болмайды. Басыңа шығып алса бітті, түспей қояды. Сен байқа, олардың сұғанақтығы да бар, бірдеңені ұмытып кетсең сол бойы қақшып кетеді.

Жаңа тәрбиешінің мейірімі ұзаққа бармады, балалардың «басқа шыға бастағанын» байқаған сәттен қатал әдістер қолдана бастады. Тәрбиешінің аз уақытта өзгере қалғанына қитыққан балалар оны сыртынан мазақ етуге, кейде оның айтқанын тыңдамауға көшті. Бірақ, жас тәрбиеші тәжірибелі Вера Алексеевнаның «ақылын» тыңдап, бәрінің шешімін тапты. Кішкентайларды ерте ұйқыға жатқызу үшін жоғары кластың балаларына өзі шегетін шылымынан беріп мәз қылып қоятын болды. Кішкентайлар болса тәрбиешілердің айқайынан гөрі үлкен балалардың жұдырығы мен тепкісінен қатты қорқатын. «Шефпен» оңаша қалу жақсы емес. Ол бәленің ойлап таппайтыны жоқ. Бұршақты шашып тастап, соның үстіне бірнеше сағаттар бойы тізерлетіп тұрғызып қоюы да, бірнеше сағат бойы орындықты жоғары көтертіп қоюы да, тіпті ертеңінде ешбір дақ, таңба қалмайтындай етіп ішіңе боксер соққысын беруі де мүмкін. Бұл бір үлкендер мен кішілер арасындағы бітпейтін майдан секілді. Ол майданда күш те тең емес және ол бір сәтке де тоқтамайтын...

Балалар өз іштерінде бөлек ұйым секілді, тәртіп бұзғандарды өзара шешім шығарып жазалай алатын. Бірде басында теміреткісі бар, көзі алақ-жұлақ етіп жүретін Федя қашып кетті. Оның ұрлық жасап қашып кеткені белгілі болды. Кеше ғана сол бөлмедегі баланың туыс апасы келіп, оған бес мың теңге ұстатқанын көрген екен, Федя болса сол ақшаны қалтасына басып, терезеден шығып, су жүретін құбырдың бойымен сырғып түсіп безіпті. Бүгін ұсталған кезде оның қалтасынан бес мың теңге табылмады, болымсыз тиын-тебен қалған болып шықты. Ол қалған ақшаны ойын автоматына, сыра мен темекіге жұмсағанын айтты. Балалар «егеуқұйрықтың» (ұрлық қылғандарды солай атайды) аузына кір орамал тығып, үстіне қалың көрпе жауып жабылып ұрды. 

Қоймада бәрі бар екенін, бірақ, сол жаңа киім мен әдемі ойыншықтардың тек өте маңызды адамдар келгенде шығарылатынын балалар білетін. Тоқсаныншы жылдардың қиындығынан шығарда балалар үйінің өз амал-тәсілдері болатын. Егер бөлінген ақша жетпей жатса ең сүйкімді бүлдіршіндерді ине-жіптен шыққандай киіндіріп, жақсы сөздер жаттатып, үлкен басшылықтың кабинетіне апарып әлдебір мерекемен құттықтап шығатын. Бұл сол бойда өз нәтижесін беріп жататын. Кейде, әсіресе, жыл аяғында үлкен кәсіпорындар демеушілік көрсетіп балалар не нәрсеге мұқтаж болса соның бәрін үйіп-төгіп тастайтын, бірақ, неге екенін сол құнды заттар қоймаға бір кірсе қайтып сол жерден шықпай, сөйтіп акт бойынша үлде мен бүлдеге оранып тұрған балалар былайғы уақытта жұпыны жүретін. 

- Қоймадан жаңа киім алуға неге рұқсат берілмейді? Менің де жаңа киім кигім келеді – деді Еділ бірде.

- Қай балаға не керегін өзіміз шешеміз.

- Солай дейсіз де тек өзіңіз жақсы көретін балаларға киім бересіз.

- Немене? Енді сен ақыл үйретейін дедің бе?

- Балаларды бөліп қарайсыз, өйтуге қақыңыз жоқ. Үнемі осылай, сондайдан мезі болдық, – деп салды Еділ. 

- А-а, мезі еттік пе? Біз екен ғой сендерді әбден мезі қылған?

- ...

- Сен оны өзіңнің шешеңе айт, сендерді тастап кеткен! Қазір ішіп, шегіп, қаңғып жүрген шығар?! Маскүнемдер мен нашақорлар! 

- Менің мамам туралы олай айтпаңыз!

- Менің мамам, ха-ха! Бұлардың бәрі осындай, жақсылықты білмейді! Бар, бара ғой өзіңнің шешеңе! Ол сені мезі қылмас. Бірақ, осы жерде жүруіңе қарағанда сенің өзің оны мезі қылған болып тұрсың ғой!

Еділ осыдан кейін жүрегіне тікенше қадалған сөздерді естіп қалмайын деп сақтанып жүретін болды, тіпті жаңа киім кимей кетсе де мамасын осынша тілдегенге шыдамас. Сонда бұл неге мамасын шыр-пыр болып қорғады? Не қадірі өтті бұларға? Әсел екеуі өздері өсті, таланып, таласып жүріп жетілді... Қараңғы жерде көзі бақырайып жатқан жігіттің кеңсірігі удай ашығандай болды. Аузы құрғап кеткендей ме... Ол орнынан тұрып ас үйден су ішіп келіп қайта жатты. Көзі ілінер емес. Бір ойдан соң бір балалап кете беретіндей. 

Паша ағай

Паша ағай оларға садақбауды да, найзаны да қолдан жасатты, бұлар қызыға кірісіп, жебе лақтыруды үйренді. Жаңа мұғалімнің өздеріне көңіл аударған ықыласына ма, әлде өздерін нағыз нояндардай сезінгеннен бе, ұлдар сол жолы кәдімгідей қанаттанып кетті. 

Бірде Паша ағай бәрін орманға алып барды. 

- Балалар, қараңдаршы, не байқадыңдар? 

- Бұлт, шөп... балалар жамыраса жауап берді. Балалар ағайлары берген тапсырманың қай-қайсысын да жақсы көретін, ынтамен орындайтын. 

- Міне, мынау сенің орның, осы жерден қозғалмай айналаны ұзақ бақылап, өзің үшін ерекше бірдеңе байқап, сол туралы бір қызық әңгіме ойлап шығар. Және өзің байқаған ерекше тас па әлде шөп бола ма, тышқанның іні бола ма, суретке түсіріп көр. 

Тапсырма бұлар үшін күрделі әрі қызықты еді. Бәрінен бұрын Паша ағайдың әрқайсысымен тең адамша сөйлескені олардың көңілін биіктетті, қуантты. Ал, өздері фотоаппаратты ұстап алып, ерекше көрініс тауып суретке түсірген кезде содан керемет шабыттанды, құдды өздерін ғажайып жаңалық ашатындай көрді. Ол кезде қолға ұстауға ыңғайлы шағын фотоаппараттың жаңа шығып жатқан кезі, оны қолына алуға бәрі құмар. Бірде Паша ағай Еділді өзімен бірге үйіне алып кетті. «Сенің сурет салуың керек, сенде жетінші түйсік бар» дейтін ол мұның салған суреттеріне қарап. Еділдің кейде өзінен-өзі ұялыс табатын кездері бар. Сонда топ баланың ішінен өзін таңдағанына бұл қуанбапты-ау. Ризашылық та білдірмепті. Тіпті «бұл кісі мені жақсы көргендіктен де мен осында отырмын ау» дегенді ойлай алмағаны өзіне аян. Себебі «біз сияқты «детдомскийлерді» ешкім жақсы көрмейді» дегенге санасы иланып қалған еді. Психологтың келе сала өздеріне сурет салғызғаны, әр баланың осы ортаға сай, әлдебір қауіптен сақтану үшін киіп жүрген бетпердесін ашып, оның жан-дүниесіне үңілуге тырысқан әрекеті бұларға ұнай бастаған. Бірақ балалар жақсы көрген психолог балалар үйінің меңгерушісіне ұнамады. Директор одан балалардың не айтқанын өзіне жеткізіп отыруды талап еткен кезде екеуінің ара қатынасы ушығып кетіп, ақыры Паша ағай жұмыстан өз еркімен кетті. 

Ех, Паша ағай... Еділ осы кезге дейін Паша ағайды есінен шығарған емес. Есейе келе өмірдің бұралаң жолында адасып кете жаздап барып жол тауып кетуіне, қайсыбір шақта сынып кетпеуіне Паша ағайдың жалғыз ауыз сөзі себепші болғанын іші сезеді. Әкесі емес, туысы емес, айдаладағы Паша ағайдың «Еділ, сенің сурет салуың керек» деп баланың өз ішіндегі сенімін оятқанын қалай ұмытады? Кейін Көркемсуретке оқуға түскен кезде де сол сенім бұны жетелеп жүрген. 

Карим

Дене бітімі ірі, жалпақ бас, жуан дауысты Карим басқаларға әлімжеттік жасауға үйренген. Қара дәу іші пысқанда өстіп көңіл көтереді. Бүгін де өзімен өзі отырған Еділдің басынан ноқалай алып, бетіне түкіре салды. Бұл Еділдің зығырданын қайнатты. Үнемі әлімжеттік көре бергеннен запы болған адам кейде батылсыздығын қолмен сыпырып шешіп, бір сәтте арқаланып кете ме, Еділ көз ілеспес шапшаңдықпен холлдағы гүл салатын вазаны алды да, Каримнің маңдайынан періп қалды. «А-а-ахх»! Каримнің даусы жер астынан шыққандай гүжілдеп шықты. Маңдай терісі сыпырылып қанап қалыпты. Оның жарақатын тігуге тура келді. Дегенмен басқа балалардың қуанысып қалғандары байқалды. Олардың бәрі де Каримнен жәбір көргендер еді. 

Әсел

Еділ бұдан былай өзіне қорқақ болып көрінуге болмайтынын түсінді. Қорыққаныңды білдірдің бе, өзгелердің ойыншығына айналасың. Күшің сәйкес келмесе де қарсы тұра білуің керек деп ширықтырды өзін. Оған мұндай күш қайдан келді? Оның жалғыз себебі – Әсел болатын. Жасы ересек тартқан Әселдің де осы жерге ауысып келгеніне көп уақыт бола қоймаған. Еділ енді Әселге қорған болуы тиіс. Еділдің мамасын кешіре алмайтыны – көбіне Әселге байланысты еді. Қасында мамасы жоқ Еділ өзін қорғауға үйренген, бірақ қасында мамасы жоқ Әсел жуас, жасқаншақ болып өсті.

Бірде Еділдің класқа кіре бергені сол еді, «Еділ, сенің қарындасыңды ұрып жатыр!» деп кіші ұлдардың бірі жүгіріп келді. 

- Әселді ме? Кім? Кім ұрып жатыр?

Бала бірдеңе айтты, бірақ, Еділ ол баланың не дегенін толық ұқпастан интернатқа жүгірді, аяқ астынан көтерілген ашу ештеңе ойлатар емес, аяғын о жер, бұ жерден басады. Дәлізді шарлай жүгіріп, қарсы кездескен балаға жабысты. 

- Әселді, менің қарындасымды көрдің бе? 

- Ол қыздардың әжетханасында. 

Еділ енді келесі қанаттағы қыздардың әжетханасына қарай жүгірді. Құлағына қарындасының бақырып жылаған даусы шалынды. Алыстан көріп келеді, бір топ бала мұны көріп ысырылып жол аша бастады, бір ұл Әселді жұтқыншағынан қылғындыра ұстап «бұл саған ана қыз туралы айтқаның үшін» деп ішінен бір тепті. Әр тепкен сайын қыздың басы қабырғаға соғылып жатты. Ұл Еділді байқап қызды еденге тастай салды. Келесі ұл келіп аяғымен қыздың басынан теппекші болғанда жетіп үлгерген Еділ оның өзін артынан теуіп жіберді. Қаны басына шапқан Еділ қарындасын жәбірлеген ұлдарды аямастан сабады, мұрындарынан қаны дірдектеген олар бірігіп Еділге жабылмақшы болды. Еділ енді әжетхананың еденінде жылап жатқан қарындасын сүйемелдеп алып жүріп, бөлмесіне апарды. Байғұс қыз есірік ұстағандай күйге түсті. Жұбанар емес. «Мен өлем, өмір сүргім келмейді. Өлем» деп айқайлап жатты қыз. Түсінгені, Әсел қасындағы қызбен әлденеге келіспей қалған. Ол қыз осындағы «авторитет» баламен дос болатын, соған шағымданса керек, бір топ бала кіріп келіп, қаннен-қаперсіз отырған Әселді әй-шәй жоқ тепкіге алған. Сол күні кезекші болған тәрбиеші қарындасының жанында отырған Еділге келіп: «Қарындасың өзіне бірдеңе істеп жүрмесін және бұл төбелес туралы басшылық біліп қоймасын» деп ескертті. Тәрбиеші үшін ең маңыздысы қара басының тыныштығы. Ертеңінде Еділдің қарындасын жәбірлеген балаларды ұрғаны жауапсыз қалмады. Интернаттан қашып кетіп көшеде қайыр сұрап, ұрлық жасап, темекі тұқылдарын теріп жүрген бір топ бұзық кейде осындағы «шектен шыққандарды» тезге салып, өздерінше тәрбиешіге көмегін де тигізіп қоятын. Олар көп еді, Еділ кеште келе жатып өз жауларымен бетпе-бет келуден қатты сескенетін. Аулада ешкім болмаса екен деп тілейді. Келе-келе өзінің осы қорқынышын тереңге тығып тастайтын болды, егер әлсіздік көрсетсе оны «жеп» қоятынын түсінді. Әселді уайымдап жүретін Еділдің мамасына деген өкпе-ренішінің қалыңдай бастағаны да осы кез еді. Өзімен өзі жүретін елеусіз, жуас қыз көп жәбір көреді, бірақ, өзінің үнемі қарындасының қасында жүре алмайтыны тағы бар. Қарындасының өз бөлмесіне барудан қашқақтайтынын, тек жатар орынға баратынын да біледі. 

Мамасы... тірі болса бір келмей ме, мұны қойшы, осы жерден Әселді алып кетсе ғой. Мүмкін, мамасы бұлардың осында екенін білмейтін де шығар... Мамасының екінші қайтара түрмеге түскенін естіген Еділдің «әйтеуір, бір келер» деген үміті де жаздағы аптапқа қурап, күздегі дымқылдан шіріген ескі арқандай тозды. Жоғарғы класқа көшкенде мінезі өзгеріп, тығылып ішімдік іше бастады, түтінін бұрқыратып темекі тартты. Сырт көзге момақан, тұйық баланың іші ашу мен ызадан қайнап жатты. Ол бәрін жек көрді. Бұрынғыдай мамасын да сағынбайтын болды. Кейде ішімдікке салынып, аналық құқынан айрылған әйелдердің өзі балаларына келіп, көзі бұлаудай болып ісіп, қарлығыңқы даусымен кешірім сұрап отырғанын көретін, бұлардың мамалары тіпті сондай азып-тозған күйде келуге де жарамағанына не дейсің... 

Еділдің мамасын кешіре алмайтыны себебі аз емес. Адамның өмірінде көптеген оқиға болуы мүмкін, бірақ, соның бір-екеуі ғана ешқашан ұмытылмастай болып өміріңе таңбасын салады, әп-сәтте рухын сындырып жібере алады. Сондай оқиға Еділдің есінде. Бірде бұған тісін қайрап жүрген Карим аяқ астынан өзгеріп, мұның өзімен дос болғысы келгендей түр танытты. Кейін естіді, ол Әселмен өзінше жақсы байланыс орнатып алыпты. Әселге «онымен сөйлеспе, маңыңа жақындатушы болма» деп қанша ескертсе де, қарындасы ағасына: «Сен білмейсің, Карим жақсы бала, ол мені қорғайтын болды» деп жауап берді. Ызаға булыққан Еділ: «Мен ше, мен! Мен бар емеспін бе?» деп айқайлады. Әсел оның сөзін тыңдамады. Көп ұзамай Әселдің жасырып темекі шегетіні туралы, тіпті екі рет мас болып келгенін де тәрбиешілерден естіді. Еділ Каримге өштесе түсті. Оның Әселдің басын айналдырғандағы арамдығы, әйтеуір ішіне жасырған бір қитырқұлығы жатқанына күмәні жоқ еді. Еділ қалайда бұған Әселдің көзін жеткізіп, Каримнің кеудесін басуы керек. 

Кек алу

Бір күні ол Каримнің балалар арасында Әселді қалай мазақ еткенін айтып мақтанып отырғанының үстінен түсті. Еділ оған жақындап келді. Оның бойы да, күші де Каримге жетпейтін. 

- Әселдің шаруасы бітті. Менімен әуелден байланыспай, аяғыңды тартып жүруің керек еді. Енді қарындасыңды абортқа апарасың. Өзің! Ха-ха-ха!

Карим еліріп, әжуалап, қарқылдай күлді. Оның күлкісі Еділдің құлағына қарғаның қарқылдағанындай естілді. Ол қарындасын бүкіл баланың көзінше қаралап, мазақ қылған Каримді аямауға бекінді. Ашу еркін билеп кеткенде адамның көзі байланып, ақылы тұсалып, қолы да, аяғы да шамадан тыс қатты қимылдап кететіні бар. Рас, Еділ Каримді аузы-мұрнын тегістеп сабай алмайтын, оған шамасы келмейтін, бір күні ол орайлы сәтті пайдаланып көптен дайындалып, қойнына тығып жүрген қаруын алды да тістеніп тұрып сұғып алды. Оның ойлануға еркі жоқ еді. Әселді, мұның жалғызын жәбірлеген адамды аямауға ғана бекінген. Көз алдында Каримнің құлап бара жатқанын, әп-сәтте еденге қан жайылып кеткенін көргенде барып... есін жиды. Ашуы да әп-сәтте басылып қалды. Осы кезде интернат іші дүрлігіп кетті. Қан көп кеткені сонша, көпшілік Каримнің тірі қаларына күмән келтірді. Істің ақыры осылай боларын Еділ ойламаған еді. Енді бәрі Карим, Карим деп, Каримнің жайы бүкіл тәрбиешіні алаңдатты, бәрін уайымға батырды. Ауыр жағдайда реанимацияға түскен Каримнің кішкентай қызды жәбірлегені ұмытылып, оған пышақ сұққан Еділдің қатыгездігі, жүгенсіздігі, қаны бұзылғандығы ғана айтылып жатты. Директор Каримді тірі қалсын деп тілеумен жүдеп жүрді. Егер оған бірдеңе болса басшының да басына бұлт үйірілетінін балалар да шамалайтын. Көрер жарығы бар екен, операция сәтті аяқталып, Карим бір ажалдан қалды. Бірте-бірте есін жинады. Келе-келе аяғына тұра бастады. Осы кезде интернат ішінде қызық жағдай қалыптасты. Жәбірленуші ретінде Карим тәрбиешілердің, директордың сүйіктісіне айналды да, керісінше интернаттағы балалардың бәрі бірдей Еділдің жағына шықты. Өйткені бір ажалдан қалған Каримді аяушылар, мүсіркеушілер онсыз да көп еді, ал Еділ... Үлкендердің логикасы мұны қабылдай алмайды, бірақ, интернаттың балалары Карим өліп кеткен жағдайда Еділді милицияның тепкісіне түседі, колонияға кетеді деп уайым етті. Сол сәтте Каримнің де хирург столында өліп кетуі мүмкін екенін балалар ойлап жатпағандай. Тіпті Карим тәуір болып орталарына оралған кезде де оны суық қарсы алды. Тәрбиешілер Каримге қамқорлық қолын созу бәрінің қасиетті парызы екенін айтса да, балалардың жүзінде «ол кім еді сонша?» деген жазу тұратын. 

Өкіндірген, жасытқан, тісін шықырлатып ызаландырған, қайта ширықтырған бір жыл... Еділ колониядан шығып, орталарына қайта оралғанда балалар оны нағыз батыр секілді қарсы алды. Бұл шынымен таңғаларлық жағдай еді. Директор балаларды түгел жинап, «Еділдің класымызға қайтып келуіне қарсымыз» деп дауыс беріңдер» деп талап қойды. Қайдағы... балалардың бәрі Еділ үшін дауыс берді. Тіпті қарны жарылып өлімші болған Каримнің өзі сөйтті. Шын мәнінде Еділдің орталарына қайта келгені осы жердегі барлық баланың жеңісі болатын. Өйткені... Үлкендер кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін қағаздағы заңдарға сәйкес шешетін болса, балалар төбелестің нәтижесіне қарамай-ақ кімдікі дұрыс, кімдікі қате екенін білетін. Балалар үйіндегі әділдік ұғымы осы. 

***

Еділ орнынан тұрып шылымын тұтатты. «Мама, – деді ішінен, мүмкін саған өкпелеуіміз артық та шығар. Тіпті өкпеге де тұрмайтын, дүниедегі ең әлсіз, ең бейшара адам шығарсың. Айналып келгенде біздің әкесіз дүниеге келгеніміз, сенің маскүнемдікке салынып артынша сотталып кеткенің, әжемнің күйіктен қайтыс болғаны, балалар үйіне тап болғанымыз, менің Каримді өлтіріп қоя жаздап колонияға түсуім, Паша ағайдың аз ғана уақытқа келіп суретшілік қабілетімді байқағаны, көркемсуретке оқуға түскенім... бәрі менің тағдырым, о бастан маңдайда түскен жазу шығар... Бірақ, сол қиын сәттерде өзіңді қалай сағынғанымды, зарыға күткенімді білмейсің ғой, мама. Енді келіп іздейсің... Сұрастырасың. Сол жылдары, бізге керек кезде қайда болдың? Не үшін іздейсің? Не үшін көргің келді? Біз сені кешіреді деп кім айтты? Шынымен де бізді кешіреді деп ойлайсың ба, мама... Жоқ». 

***

Ол қарындасына телефон шалды. Өзі хабарласпаса қарындасы іздей бермейді.

- Әсел, халің қалай? Неге хабарласпай кеттің?

- Қолым тимейді. 

- Әсел, біз кездесуіміз керек. Сондай маңызды.

- Не-е... Ақша бересің бе?

- Қажет болса берем. Өзің жұмыстасың ба?

- Жоқ, жұмысты жек көретінімді білесің ғой. Не айтайын деп едің?

- Келмейсің бе?

- Айта берсеңші.

- Мамамыз бізді іздеп жатыр екен.

- Мамамыз? Ол жазасын өтеп жатыр емес пе?

- Ол жерден шығыпты, қазір қарттар үйінде көрінеді.

- Ммм... Сонымен не айтпақсың?

- Мамаңды көргің келе ме?

- Жоқ.

- Мүлдем көргің келмей ме?

- ...

- Әсел, неге үндемейсің?

- Өзің бара бер. Мен бармаймын.

- Әсел...

- Бармаймын дедім ғой. Бізді керек қылмаған, өзін де, туған балаларын да қор қылған адамды анам деп есептемеймін. Менің анам жоқ. Енді маған ол туралы айтушы болма! Естігім келмейді!

«Әсел дұрыс айтады, – деп ойлады жігіт. Өз ішінен шыққан балаларын осынша уақыт бойы керек қылмаған адам әуелі бұларды тани ма екен өзі? Қай бетімен, не деп іздейді? Керек десең бұл екеуі оны кешіруге де міндетті емес».

Осылай ойласа да көңілі байыз табар емес. Аяқталмай қалған жұмысына да зауқы соқпады. Күздің күні жаз секілді жаймашуақтанып тұр еді. Үстіне қымбат күрте киген жігіт  гүл сататын киоскіге бет алды.

Жадыра Шамұратова

24.11.2017

Көрнекісурет: https://a-dobra.ru сайтынан алынды

Бөлісу:

Көп оқылғандар