Дидар Амантай. Тоты құс түстi көбелек

Бөлісу:

17.01.2023 2361

Қазақтың көрнекті қаламгері Дидар Амантайдың жиырма бес жасында жазған бұл романы алаш оқырманына кеңінен таныс. Романда бейнеленетін образдардың басым көпшілігі өмірде болған адамдар, тіпті, автордың жора-жолдастары, дос-жарандары, ағайын-туысы.

Шығармадан жас жазушының жан-жақты ізденістерімен қатар, сәтімен жүзеге асқан жоспарын, талпыныстарын ,табыстарын байқаймыз, айрықша жазу мәнері, сол шатқаяқ өліара кезеңде, аумалы-төкпелі заманда қалыптасып келе жатқан талғамы, енгізген жаңалықтары, әдеби әдіс-тәсілдері көзге бірден түседі.

Жалғасы, басы мына жерде

ХI тарау

Такси Ленин даңғылымен зымырап келе жатты да, екi жүз төртiншi үйдiң жанынан тiзгiнiн тартты. Әуелi өзiм шығып, артынан Айдананың түсуiне көмектестім. Тура iргемiзден түсі қара темiр ауланың жарма қақпасы кең ашылған. Екеумiз қақпа арқылы аулаға өттiк те, қарамай төселген асфальт жолмен iлгерi жүрдiк. Алдымыздан биiк қабырғалы зәулім сарайдың өзi көрiндi. Бiз еңселі ғимаратты сол қанатынан айналып, есiк аузына келдiк. Көп адам серуен құрып, босаға маңынан ұзап, қыдырыстап барады. Есiктен iшке кiрiп, әсем безендiрiлген салтанатты залға тап болдық. Төр жақтан қалқиған баспалдақ көзге шалынды. Баспалдақпен екiншi қабатқа өрлеп шыға бердiк. Үстiнде кiсi мол екен. Ауыр өнеркәсiп саласының төрағасы бiзден әрiрек, терезеге таман әйгiлi жазушымен емен-жарқын әңгiмелесіп, қауқылдасып тұрған. Олар бiздi аңғарған жоқ. Мен ешкiмдi танымадым. Азамат Болатұлы мен Дана Ғалымқызы әлi қала аралап, сауықтап жүрген болып шықты. Жас жұбайларды ұзақ күтiп қалдық та, көңiлiмiзге кiрбiң ұялады. Үстелдер бір-біріне сірестіріліп, иық тiрестiре үш қатардан қойылған. Торғын дастарқаннан қазақ асының барлық түрін табуға болады. 

Содан кейiн, көптен бiр көрудi аңсатқан ашаң жүзді жас келiн ақ отауға түстi. Төңірегіне әлсін-әлсін қуана көз тастап, күлім қаққан жайдары екi үлкен абысыны оның ажарын жiбек шілтермен қалқалап, ел назарынан жасырып, тасалап көрсетпей ұстап тұрды. Суырып салма ақын, өнерпаз асаба – жас жұбайлардың алдына келiп, домбырасының құлағын бұрап, күйін келтірді де – екі-үш мәрте шертiп, қағып-қағып жiберіп, беташар жырын бастап кетті. Келін туған-туыс, ағайын-жегжатқа тегіс сәлем салып болған соң, сері жігіт оның бетін ашып, күміс табақтағы мол ақшаны қалтасына салып алды. Жас жұбайлар төргi оңаша дастарқанға қарай жүрді. Айдана екеумiз жайлап басып, екiншi үстелдiң аяқ жағына барып тiзе бүктік. Оған “Ркацители” шарабынан толтырып берiп, өзiме қазақ коньягынан құйып қойдым. Әлдекім ұзақ сөз сөйледi, ел даурыға қол шапалақтады. Бiз әлсiз соғыстырып, төңкерiп тастадық. Коньяк тiлiмдi қуырып, тамағымды қырнап өтті де, кеудеме жайылып, маңайын қыздыра бастады. Маған қарсы бір орта жастағы ер адам отырып алыпты. Айданаға тесіліп қараған қалпы ет пен картоптан жасалған салаттан шанышқымен алып жейдi. Айдана алма толған тостағанға қол соза берiп, оның көз қарасын аңдап қалды да, ашық-жарқын әлпетiмен маған назарын аударды. Мен күлдiм. 

– Ғашық болып отыр ма, – дедi ол.

“Ркацителиден” оған тағы шүпiлдетiп қойдым. Ол тартынбастан iшiп салды. Фужердi дастарқанға қоя беріп, қолы шанышқыға жүгiрдi. Қызанақ салатына сұғып, бiреуiн түйреп алды да, аузына апарды. Енді тағы бір салиқалы, жасы үлкен кiсi сөз алған. Бiз тыңдаған жоқпыз. Үстелге қуырдақ таси бастапты, тоя жеп жаттық. Айдана қайыра фужерін маған итерiп қойды. Екеумiзге “Лев Толстой” арағынан толтырып, тілектің толық айтылып бiтуiн тоспай, тартып жiбердiк. Өңешiмдi жыртып өтiп, көкiрегiме жеттi де, айналасын жылытты.

– Болат ағаның жалғыз-ақ баласы бар ма? – дедi ол.

– Жоқ.

– Қанша?

– Үшеу.

– Осында ма?

– Сенен кейiнгі үшiншi. Ең кiшiсi туысының қо-лында.

Айдана оң жағына бұрылып, Зәуре Болатқызына қарады. Сосын:

– Сүйкiмдi екен, – деді.

– Маған да ұнайды.

– Оның болашағы қамдалып, жоспарланып қойыл-ған шығар.

– Иә.

– Жiгiтi бар ма?

– Білмейді екенмін.

– Бәрi шешiлiп қойылған болса, өмір сүргенде не қызық қалады.

– Рас, ешқандай мұрат болмайды.

Зәуре Болатқызы жүзiн сол қанатына аударып, менi көрдi де, сыпайы жымиды. Мен күлiп жауап бердiм. Ол шашын желкесiнен шолт қиған, үстіне бюстгальтерi көрiнетiн әдемі ақ торғын блузка мен етегi шұбатылған қара түстi белдемше киiп алыпты. Сүйкімді Зәуренің көз қиығы ұзын, кiрпiктерiн жоғары қайқайтып, ептеп әсірелеп бояп алған. Ол дөңгелек өңдi, ақ құба, жұқа ерінді болатын.

– Әкесi бай шығар.

– Солай.

– Менiң де әкем бай адам, бірақ, әрине, министр емес.

– Әкең тiрi болса, одан асқан арман бар ма, – дедiм. 

– Кешiр, – дедi Айдана.

Менi айнала қоршап, үстімнен төнген байлық, дәулет иелерi көңiлiмдi қоңылтақсытып жiбердi. Жүрек түкпірінде жатқан асыл арманым мына дүние-мүлік, қазына салмағынан жаншылып қалған тәрiздi.

– Торықпа, – дедi Айдана.

Оған көз салдым. Жүзін мұң торлай қалыпты.

– Мен дәулетке қызықпаймын. Қаржының көптігі, керісінше, ақшаның құнын түсіреді.

– Мүмкiн.

– Сенi бiр апта көрмесем, неге екені белгісіз, үйге сыймай кетемiн.

Оны қолаң шашынан сипадым. Ол әдемi қой көздерiмен маған қадалып тұрды. 

– Бәрiмiз бiр сәтке ғана дүниеге келгенбіз.

– Келісемін.

– Мен он тоғыз жыл өмiр сүрдiм, бiрақ сол жылдар әлдеқалай ұшты-күйлi жоқ. Әлi де көп жылдар жер басып жүргім келедi.

– Елу жылдан соң, бiз боламыз ба, жоқ па, кім біледі.

– Боламыз.

– Рас па?

– Ешқашан өлгiм келмейдi.

– Менiң де.

– Тұрмысқа да шыққым келмейді.

– Бiреуге немере керек қой, – дедiм.

– Сосын олар да осылай қиналу үшiн бе.

– Жоқ.

– Өмiр – қашанда үлкен сәтсіздік, қатты өкініш, түзетілмейтiн қателік, туған соң, дүниежарықты қиып, тастап кете алмай, қиналып жүресiң.

– Мұндай ғажап әлемдi көріп тамсанатын сана бола алмайтын өлi табиғаттың несi жақсы.

– Бiлмеймiн.

– Бiр мәрте көрiнiп, мәңгiлiк ұмытылу – өмiрдiң мұраты, мүмкін, мәні де. 

Ол арақтың қақпағын бұрап ашты да, екеумiзге құйып қойды.

– Не үшiн iшейiк?

– Сен үшiн.

Айдана жылы күлiмсiредi.

– Жүрегім қамырдай езілді. 

– Көрiктiсiң. 

– Шын ба?

– Шын айтамын.

– Саған әр кеште ұдайы бiр әйел заты ғашық болып қалады.

– Рақмет. Саған да ғашық болып қалады.

– Өзiмдi ұнаймын деп ойламаушы едiм.

– Маған ба? Нұрлыбек те ұнатады.

Ол тосылып қалды. Үстелден өрiк алып, аузына салды да, сабырлы қалпы жеп жатты. Сүйегiн босаған ыдысқа тастады.

– Тiрлiкте бақытты болу мүмкiн бе?

– Мүмкін.

– Сенбеймiн.

– Бақыт дегенiмiз – сүйікті ісіңмен айналысу, әуре өмірден мән-мағына іздеп әлектенбеу.

– Махаббатсыз адам бақытты бола ала ма?

– Бұл, зады, әрбiреуімiздiң сезiм тұңғиығымызға байланысты. 

– Яғни, болмайды.

– Солай.

– Өзiң ешкiмдi жақсы көрмей жүре алар ма едiң?

– Жүре алмаймын.

– Мен үшiн бақыт тек махаббаттан тұрады.

Ән көтерілді. Жұрт орнынан түрегелiп жатыр.

– Тағы бір көремiз бе?

Айдана шөлмектi ұстады. Мен басымды изедiм. Ол екi фужерге лықылдатып құйды да, менi күтпей, тастай салды. Фужердi қойған бетi қызанақтан жедi. Iшкi дүниемді көңілсіздік иектеді. Ыдысты қолыма алып, кiдiрместен жұтып жiбердiм.

Орнымыздан тұрдық. Би алаңына жеттiк те, жұрт құттықтап жатқан Азамат Болатұлы мен Дана Ғалымқызына тiлегiмiздi айттық. Олардың шуақты күлкiге шомылған жүздерi біртүрлі қападар көрінді. Бiз Блэктiң орындауындағы “Wonderfull Life” сазына толқыған күйiмiзде шыр көбелек айналып, билей жөнелдiк. Келiн қимаған жанарымен ұзатып, алыстап қала берген. 

– Сезiм тозағына күйген тағы бiр мұңлық пайда болды, – дедi Айдана.

Ол езу тартқан кейпi басын қойныма тығып, маған жабысып, фойенi шеңберлей, жүзiп бара жатты. Саз үзiлген шақта үстелге бардық та, шабдалы шырынынан ұрттадық. Қайта оралғанда, Whitney Houston шырқаған “I Am Every Woman” әнi естілді. Фойе шетiнде, әуен әсерiмен толықсып жүрген меймандарды көзiмiзбен шолып, оқшау тұрдық. Маған бiреу телмiрiп қарағандай көрiндi. Бұл көз қарасты үйiрiле билеп, жолды тасалаған топтың ар жағынан байқадым. Оның үстiне кигенi төгіліп жерді жапқан ақ торғын әдемі көйлек. Төбесiне гүл әдіптеген ықшам тақиясын қондырған. “2 Unlimited” төңіректі жаңғырықтырып, “No Limited” әнiне басты, билеген топ тез тарқасып кеттi де, келiн мен күйеу екеуiнiң бейнесi ашылды. Азамат Болатұлы қалыңдығын әрi бұрып алып, жай ғана ән нақысына салынып, теңселіп кете барды.

– Бiрақ, сен қарама, – дедi Айдана.

Мен оған көз салдым. Ол қуақыланып, жымиып тұрды.

– Мұнда көңiлсiз, – дедiм.

– Тысқа шығайық

– Аһа.

– Үйлердi тамашалайық.

– Iшкi iстер босстары уақытын осында өткiзедi.

– Бiр кезде бәрi халықтыкi деушi едi.

– Қазiр де солардыкi.

– Әкем ештеңе өзгерген жоқ, коммунистер iскерлiк қабiлет танытып, бүгiнде барлық сауда мен банк билiгiн өз қолдарына алды дейдi.

Банкет залының салтанаты қайыра қаншама жыл көксеп, аңсап, сағынып келген арманымды таптап, езіп бара жатқандай көрінді. Болашақтан бiзге орын қалмаған сияқты.

– Бiрақ, мәселе – анада емес.

Айдана қолымен қымбат бағалы люстралар жайнаған төбені көрсеттi.

– Мынада.

 Ол жас жұбайларды нұсқады. Олар бiр-бiрiмен құпия, жасырын келiсiм арқылы қосылғандай, бiреуiнiң асқан дәулеті бар, екiншiсi патша сарайын тоты құстай жайнатып, құлпыртып жiбере алады. Айдана, тегінде, шынайы махаббат, шыншыл жандарды іздейтін тәрізді. 

– Бұл бiздiң жұмысымыз емес, – дедiм, – олар өздерi бiледi.

– Қос жар, демек, қолтықтасқанда ғана әсем екенi рас.

– Ойыңа пiкiр қосқым келмейдi.

– Түсiнемiн.

Екеумiз баспалдақпен астыңғы қабатқа түсiп, босаға жаққа қарай жылжыдық. Далада жаңбыр жауып тұр екен. Бiз табалдырықта iркiлiп қалдық. Үстiңгi фойеден Witney Houston шырқаған “I Am Every Woman” сазы қапылыс қайта естілді. Айдана Саматқызы көшеге атылып шықты да, қолдарын сермеп, сәнмен билеуге көшті.

Жаңбыр тамшылары жүзiмен шапшаң төмен ағып барып, омырауына үздіксіз құйылып жатыр. Ол бiр сәт бүкiл әлемдi өзiне қаратып алғандай әсер еттi. Ұлы жаратылыс, көк жүзінде қалтырап жана бастаған марғау жұлдыздар, бiзге мүлдем беймәлiм қашық нүктелер тек сұлу қызға ғана қадалып қалғандай. Жауын екі бетін жуып, иегiнiң ұшына жетіп болмашы кiбiртiктейдi де, төмен үзiлiп түседi. Қара шалбарының сыртынан жiберiлген ақ блузкасы малмандай су. Денесiне етімен ет болып жабысып қала бередi. Қолдарын жоғары көтерiп, қос қапталына толықсып лақтырып қалады да, өзi екi жағына кезек-кезек теңселіп, тоқтаусыз сықылықтап күледі. Әуез баяулай беріп, ол iшке жүгiрiп кiрдi. Менi қаға-соға, залға баса-көктеп ентелей өтiп барып тоқтады. Маған жанарын тiктеген күйi сақылдап күле берген. Қасына жылдам таяп келдiм де, оны жерден жеңiл көтерiп алдым. 

– Бақыт деген осы!

– Сондай бақыттымын, – дедi ол.

Маған жоғарыдан жылы күлiп қарады. 

– Жақсы.

Ол түнеріп, қамырыға сөйледі. 

– Тек қана менi Нұрлыбек Асқарұлы сүйедi деп айтпашы.

Оны жерге түсiрдiм. Жаңағы қуаныш ұшты-күйлі жоғалды – шаттық бiздi қапыда жалғыз тастап кетті. Айдана көзiмен ғимараттың тас еденiн шұқылады. Оны аядым. Қапсыра қатты құшақтап, шие ернiнен сүйiп алсам ба деген ой қамалады.

Не iстерiмдi бiлмедiм. Қатал өмірде ұдайы солай. Айданаға қарай алмай тұрып, өзiмдi қандай да бір келешексiз сезiндiм. 

ХII тарау

Таңғы салқынмен әуежайдан Айдана Саматқызын Ташкентке шығарып салдым да, келесi күнi пойызға мiнiп, тәулiк жүрiп, Қарағанды шаһарына ат басын тiредiм. Теміржол бекетінен Құрмет Игiлiкұлы мен Асқат Жақанұлы қарсы алған. Күн бұлыңғырланып, терiстiктен суық жел соғып тұрды. Бiз такси ұстаған бетiмiзде “Бибiгүл” кафесiне тартып кеткенбiз. Құрмет екеуімiз үш рюмка коньяктан iшiп жiбердік. Сосын, қалбырдағы “Holsten” сыраларын сатып алдық. “Бибiгүл” кафесiнен шыққан соң, Асқат Жақанұлы Айдананы сұраған. 

– Ол Ташкентке ұшып кеттi, – дедiм.

– Жай ма?

– Атасы оны біреуге айттырып қойған сияқты.

– Келiскен бе?

– Жоқ.

– Бекер.

– Реттеп, қайтып келеді.

– Бірақ, түбі тұрмыс құрмай қайда барады.

Құрмет Игiлiкұлы асфальт жиегiне тақап, автомобиль тоқтата бастады.

– Білуімше, Айдананың күйеуге шыққысы кел-мейдi, бала тапқысы да келмейдi.

Асқат жауап қатпады. “Нива” маркалы машина қапталдай тоқтап, бiз топырлап салонға кірдік, автомобиль жылдамдығын арттырып, қаланың “Оңтүстiк-Шығыс” ықшам ауданына қарай – атқан оқтай зымырады. Бағдаршамда қалт аялдап, моторы жолайрықта дүрілдеп тұрды. Фонарьдың жасыл көзі жанған мезетте орнынан ауыр қозғалды. Автомобиль енді баяу сыдыртып келедi. Әр тұстан андыздап шыққан көліктер бір арнаға құйылып, алды-артынан қаптай тақап, қапылыста төңірегін байлап, кептеп тас-тапты. Келесі жолайрықта бағдаршамның қызыл оты жанып, машина жүрiсiн шұғыл қатты бәсеңдете бастады. Көлденең жолға таяп қалғанда, сықырлатып тежеуiшiн басты. Бiз алдыға ұмтылып барып, қайтадан арқалыққа шалқаладық. Салонға Фредди Меркьюри сазы тарады. Әуен ой-санамызды әлдилеп, көңілімізді тербеп, “Орбита” мөлтек ауданы іргесінен тiзгiндi iрiкпей өтiп бара жаттық. Машиналар тарыдай шашылып кетіпті. Басқару тетiгi солға айналып,

бағытын түзеп алған көліктің – жылдамдығы жедел өсті. Кешiкпей, “Оңтүстiк-Шығыс” ықшам ауданына iлiктiк. Көп ұзамай Құрмет Игiлiкұлының пәтерiне жеткен біздер жүгiмiздi бұрышқа тастап, қонақжай достың табалдырығынан аттадық. Құрмет асүйге кетiп қалды да, iле-шала шыжғырылған майдың иiсi шықты. Асқат екеумiз теледидар көрiп отырдық. Сүт пiсiрiм уақыт өткенде, асқа шақырылдық. Үстелде, табада – қуырылған дәмдi қуырдақ күтiп тұрды. Асқат Жақанұлы босағада жатқан сөмкелерден төрт дана “Holsten” сыраларын алып, дастарқанға қайтып оралды. Екеуiн ашып, алдымызға итерiп қойды. Мен нан тiлiмiн шетiнен тiстеп, үлкен қасықты қуырдаққа батыра салдым да, аузыма апардым. Қуырдақ пияздың шырынына бөгiп, жақсы бұрышталған екен. Қалбырдағы сырадан азырақ жұтып, қуырылған еттен қарбыта жедiм. Iзiн ала сүт қатқан үндi шайы келген. Ас ішіп болған соң, жүгiмiздi алып, тоғызыншы қабаттан лифтімен түстiк те, көшеден такси ұстап, автовокзалға зырлап бара жаттық. Бекеттен Қарағайлы кентіне қатынайтын автобусқа мінiп, Қарағанды шаһарын тастап шыға бердiк. Ульяновск қалашығын басып өтiп, үш сағат iшiнде Қарқаралы қаласының вокзалына жеттік. Он минуттан кейiн басқа көлікке отырып таудың бауырына жасырынған әсем қаладан марғау, ақырын қозғалып кеттік. 

Шығаберісте Үлкен көлді қаптал іргесінен қиып, қатпарлы қалың жота, піл сауырлы қоян жон белдердің тас қабақ жарымен қабырғалап жүріп, алдағы шаһардың алқым тұсынан қапылыс биік дөңге көтерілдік. Бiз іңірлетіп Қарағайлы қалашығына жеткенiмiзде, күн шапағы көкжиектi күреңдетіп, солғын, күңгірт қызыл түске бояп, таудың екі жақ қия беті отқа малынғандай көрінді. Бекет басында сапаршылар үшке бөлiнiп, әркiм өз үйiне тарқасып кеттiк. 

Мен үйге қоңырау соққанымда, анам пәтерде жалғыз отыр екен. Көзiлдiрiк киiп оқып жатқан газетiн креслоға асығыс тастай салған ол күлімсіреген күйі маған қарсы жүрді. Жүктерiмдi алып, көршi бөлмеге апарып, қайтып келдi.

– Соңғы айлар неге хат жазбай қойдың? – дедi ол.

– Не жазарымды бiлмедiм.

– Ұмыттың.

– Бір пәлеге ұшырасам, хат мiндеттi түрде келетiн едi.

– Жаман сұмдықты бастама.

– Жарайды.

– Түс көріп жүрмін.

– Қалжырадық. Жолдан қажыдық.

– Бiлесің бе, біз сенiң жасыңда ана, әке атанған-быз.

– Үйлену қажеттiлiкке айналса, келін түсіруден бас тартпас едiм.

– Қажет емес пе?

Бiз асүйге өттiк. Анам шәугiмдi суға толтырып, газдың үстiне қойды. Шкафтан құмшекер салынған тостаған мен екi кесе алып, берi бұрылды. 

– Қажет емес.

– Сенi отбасы қызығын көрмей өте ме деп, жиi уа-йымдаймын.

– Әжем не дейдi?

– Көзiм тiрiде шөберемнiң маңдайынан иiскесем дейдi.

– Бұдан ештеңе өзгермейдi.

– Кәрi адамның бақыты сол.

– Азғана бақыт.

– Неге?

Анам орындыққа тiзе бүктi. Екi қолын дастарқанға шынтақтады.

– О дүниеде, бәрiбiр, ештеңе жоқ.

– Пайғамбар, салла(А)ллаһу аләйһи уә сәлләм, жолына қайшы сөзді айтпа, – дедi анам.

Өзi әрi айналып, шкафқа беттедi. Туралған нан мен қарақат тосабын алып, үстелге әкеле жатты.

– Адамдар қашанда жалғыз. Өмір де серік бола алмайды, о дүниеге сапар шегiп, мақшарда тұрғанда немесе мүлдем жойылғанда, ол, тегі, бұ дүниеде қалады, пенде барлық қиындық пен белгiсiздiкте жалғыз жү-редi.

– “Адасқан күшік секілді Ұлып жұртқа қайтқан ой”, – дедi анам.

– Кейде әкем қайда кетті, жеті қат көкті, түпсіз ғарышты шарлап жүр ме екен деп топшылаймын.

– Кім біледі.

– Меніңше, жалғыздық жастықта қызықты, мосқал тартқанда – дерт.

– Қартайғанда – ажал.

– Ал, қайтқанда ше?

– Серік.

Анам жылап отырды. Қолындағы орамалмен жанарын жайлап сүртiп қойды.

– Ендi жыламаймын. 

– Білемін.

– Мен қаншама ауыртпашылықты басымнан өткер-дiм.

– Білемін.

– Бұ дүниеде не қызық көрдік, бақыт барын да байқамаған екенбіз.

– Бұны да білемін. 

– Ендi ештеңе жоқ.

– Неге?

– Бiз қайтып ешқашан кездеспеймiз.

– Рас.

– Мен өткен өмірімді ойлап тірлік кешіп жатырмын.

– Бірақ, кім білген, мүмкін, кейiн бәрi болатын шығар, өмір де, жарқын кездесулер де.

– Сонда, ажал қашан келеді?

– Ешқашан.

– Шаршап қалмаймыз ба?

Анам күлді. Перде тұтпаған терезеден көше шамдары назарға түседi. Терiстiктен үйiрiлген суық желдiң уiлi құлаққа жетедi. Анам орнынан тұрды. Көзiнде белгісіз бір қуаныш, құпия шаттық, алыстан үміт күткен жайдары күлкі бар. Ол шәугiмдi газдан алып, аққұманды қамдады да, қайтадан орындығына келiп жайғасты. 

ХIII тарау

Қарағайлыдан таң сәулесi жотаны шомылдырғанда, шыққанбыз. Автобус iлгерi енжар ұзап бара жатыр. Терiстiктен ескен түнгi суық жел мүлдем басылыпты. Жиырма минут бойы тынымсыз жүйткiген көлік Үлкен көлге жеткен соң, Қарқаралы қалашығына келiп кiрді. Бiз қалашықты қақ жарып өтiп, Қарағанды бағытына, батысқа тартқан қарамай жолға түсiп кеттiк те, біраз жүріп барып, сол қапталымызға бұрылдық. Қарсы алдымыздан Тасбұлақ елдi мекенi көзге түсті. Елдi мекендi аял қылмаған бетi артқа тастап, қалың орманға сiңiп, көз ұшынан жылдам жоғалдық. Жол оң қанатына қиғаш тартқан, ЛАЗ машинасы шайқалып кетті, ауыр жүкпен ақырын теңселіп барып қайыра түзелiп алды. Науа жол бірте-бірте солға тартып, машина қабырғалай жүрді, шай қайнатым уақыт өтпей, алдымыздан демалыс үйлерi кезiге бастады. Бiз әрi қарай кедергiсiз жөней бердiк. Оң жағымыздан басқа демалыс жайы көрінді. Доңғалақтар бағытын өзгерттi. Жүргiзушi екi пәтерлi жер үйдiң iргесiне иек артып барып, тiзгiнiн iрiктi. Тысқа әуелi Асқат Жақанұлы шықты, қыздарға қолын созып, түсуге көмектесiп жатты. Бiз жүктердi түгел жерге тастап, салонды босатып қойдық. Асқат Жақанұлы демалыс орны қожайынымен сөйлесуге кетiп қалды да, кешiкпей, қасына шашы бурыл егде адамды ертiп келе жатты. Таяп келді де, Асқат бiздi таныстырып өтті. 

– Нешеусiңдер? – дедi ол.

– Сегiз, – деп жауап қайтарды Құрмет.

– Осы үйге кiрiп, орналаса берiңдер, көрпе-жастық-ты қоймадан аласыңдар. 

– Қазiр ме?

– Қазiр де болады.

Құрмет Игiлiкұлы екеумiз қожайынға ерiп, жүк қоймасына қарай беттедік. Қарағай мен шырша иін тiресе өскен шағын тоғайды бойлай жүрiп, ашық алаңқайға кез болдық. Қоян жон дөңдi асып, арғы беткейіне шыққанда, жүк қоймасы жанарымызға iлiкті. Кенет қожайын тоқтай қалды да, қалтасына қолын сұғып, темекi қорабын шығарып, шылым ұсынды. Бiз басымызды шайқадық. Өзi бiр талын суырып алды да, тiсiне қыстырып, қорапты қалтасына қайтадан салып қойды. Оттығын жағып, темекiсiн тұтатты. Ауаға бұрқ етiп түтiн жайылды. Егде адамның екi бетi шарапты өлшеусiз көп iшкендiктен, күп болып iсiп, түсi қара қошқылданып, бұзылып кетiптi. Бойы тым аласа, көздерi бойына сәйкес емес, бадырақ. Ол шылым сорып тұрып, Құрмет Игiлiкұлына жасқаншақтай қарады.

– Маған қыз бар ма?

Дауысы бiртүрлi сенiмсiз естiлдi.

– Жiгiттер мұнда өз қыздарымен ғана келген.

– Түнде бiр-бiрiмен ренжiсiп қалатындар болады ғой.

– Болады.

– Сонда құлағдар етіп... дегенiм ғой.

– Қолқаңыз қиын, – дедi Құрмет.

Мына шал – жеккөрiнiштi. Темекiсiн апыл-ғұпыл 

екi-үш мәрте сорды да, жерге лақтыра салды. Өзi-нiң қолдары бiрдеңе ұстағанда, қалтырап кетедi, бірақ қалтасына салып жүргенде, дірілі мүлдем бай-қалмайды. 

Бiз көрпе-жастықты сегiз адамға санап алдық та, төбешіктi керi асып, қожайынға көрiнбей кеттiк. Далаға самауыр шығарып, от жаққанбыз – мұржасынан көк түтiн ирелеңдеп, жоғары тартты. Үйге барып кiрсек, кең бөлмесiне дастарқан жайылып, үстiне шараптар тiзiлiп қалыпты. Ардақ Сабырқызы қиярды асхана пышағымен турап, сосын қаймаққа бұлғап, ептеп тұз септi. Тұз сеуіп болған соң, қызанақты iрiлетіп турауға кiрiстi. Башира Сабырқызы ұзын сәкiнiң орта тұсында отырып, маған назар тастап, ақырын күлiмсiредi. Мен оған тақап келiп, жанынан тiзе бүктiм.

– Қарқаралы тауының ауасы қандай тамаша, – дедi ол.

– Иә.

– Ардақ сені роман жазып жатыр деген.

– Шын.

– Кейіпкерлерінің ішінде өзiм де бармын дейдi.

– Бар.

– Мен ше?

– Бiлмеймiн.

– Романда жүретiн болсам, елдiң бәрi оқыр едi.

– Оқымайтын да шығар.

– Егер жақсы роман болса, неге оқымайды.

– Кітаптың басына күн туды.

– Не болды?

– Қазiр әдебиет ешкiмдi қызықтырмайды.

– Қызықтырады.

– Мен о бастан осы кiтапты жазамын деп, алдыма мақсат қойғанмын, сондықтан оны әйтеуiр бір жазу қажет.

– Сол үшiн ғана ма?

– Кiтап жетпеген мұратымның жалғасы тәрізді.

– Сонда шығармашылық өкініштің орнын толтыра ма?

– Иә.

– Маған өмiр сүру ұнайды.

– Өзiмдi, төңірегімдегі елдi таңғалдырғым келдi, ендi соны бағамдап көрсем, ешкiмге қажет емес талпыныс екен. Роман адамның тағдыры сияқты, дүниеге келгенін көп оқырман – білмей кететiн де шығар, сол білмейтіндер туындыны ешқашан оқымағандықтан, бұл шығарма қаһармандарына қуанбастан һәм ренжі-

местен – өмірден озатын шығар. Романның жазылға-нын не жазылмағанын, тіпті, естімеген күйі жер қойнына аттанады, сонда олар, тегі, сол бір кітап тағдырына араласпаған, қатыспаған  оқшау қалпында мәңгi қайыра мылқау әлемнiң өзiне айналады.

– Қазiр барлық адам сондай.

– Менiң өлi-тiрi екенiмдi бiлмейтiн, тегінде, жара-тылғанымды құлағы шалмаған кiсiнiң бар екенiн топшыласам, көңіл-күйім біртүрлі жаман болып ке-тедi. Бұл – осы бейтаныс сана иесi үшiн нақ менің ғұмырымның құны жоқ дегенге саяды емес пе.

Ардақ Сабырқызы қолын сүрте бастады. Сүртiп болған соң, шүберектi дастарқанның шетiне тастай салды.

– Әңгiмелерiң жанды жабырқатады, мұңға толы, – дедi ол.

– Бәріміз де қападармыз.

– Пәлсапа iш пыстырады.

– Қайтiп?

– Сенi тыңдасам деймiн?

– Ницше мен Шопенгауэрден түсiнгенiмдi айтайын ба?

– Данайдың романы қандай болады екен? – дедi Башира Сабырқызы.

– Өзiмiз жайлы.

– Ардақтыкi дұрыс па?

– Жобасы келеді. 

– Пәлсапаны доғарайық, – дедi Құрмет Игiлiкұлы.

– Құрметке пәлсапаның керегi жоқ. Ал, пәлсапаға құрмет керек.

Ардақ сыңғыр етiп күлiп алды.

– Керек.

– Несi?

– Данайды ауық-ауық ұғып қалу үшiн.

Табалдырықтан Асқат Жақанұлы көрінді. Самауыр көтерiп, жылдам берi жүрдi. Шоғы өшпеген самауыр ызыңдап келедi.

– Данай, төрге өт, – дедi ол.

– Өттім.

– Арақты ашайын ба? – дедi Рамазан Төкенұлы. 

– Аш.

– Құрмет шыдамай барады.

– Ішімдік көңілді демейді, шарап iшкендi жақсы көремiн, – дедi ол.

– Ардақтыкi аз.

– Тағы құяйын ба?

– Жетедi деймiн.

– Рамазан, Башираны ұмытып барасың.

– Елмира ше?

– Мүлдем татып алмаймын.

– Светаға құюға болады, – дедi Асқат.

– Данай тілек айтсын.

– Құрмет, өзiң көтертсеңшi. 

– Жоқ, сен. 

– Асқат және оның достары үшiн.

– Ардақ мас болып қаламын ба деп қорқады.

– Асекең ескертті, онда кеттік.

– Асекең үшiн.

– Оның достары үшiн, – дедi Рамазан Төкенұлы.

Мен жұтып салып едiм, бидай арақ өңешiмдi жыртып өткендей болды да, кеудеме жетiп, айналасын қыздыра бастады.

– Тағы жалқы тост, – дедi Құрмет Игiлiкұлы.

– Рамазан, құя бер.

– Елмираға ептеп толтырайын ба, Асеке.

– Иә.

– Iшпеймiн.

– Iшпесең де.

– Қыздар үшiн iшейiк, – дедi Ардақ Сабырқызы.

Жүзi күлкiге шомылды, сосын Асқат Жақанұлына ұрлана көз тастады. 

– Ардақтың ұсынысына тартып жiберiңдер.

– Асеке менi қолдады, – дедi Ардақ.

Бiз төңкерiп тастадық. Арақтың кермек дәмi сезiлмей барады. Рамазан Төкенұлы тағы да құйып қойды. Қияр салатынан кiшкене жеп көрдiм де, артынан нан тiлiмiн шетінен тістедім. Башира Сабырқызы әрi бұрыла беріп менi шынтағымен қағып кеттi. Қағыта сөйледі.

– Кешiр.

– Ештеңе етпейдi.

– Масайып қалдым, – дедi ол.

– Коньяктан коктейль жасап берейiн бе?

– Рақмет.

– Сен үшiн.

Мен сiлтеп жiберісімен, iле-шала Башира Сабыр-қызы да көтердi. Ол рюмкасын үстелге қоя салып, шанышқысымен салат түйреді.

Қызанақтан түйреп алып, аузына апарды да, жеу-ге көштi. Жұтып болған соң, көзi жасаурап, маған қарады.

– Iшудi үйрене алмай-ақ қойдым, – дедi.

Бидай арақтан тең етiп құйып, бiз әлсiз соғыстырып, тастап алдық. Аузымызды арақтың кермек дәмi бiлiнер-бiлiнбес шайып өттi. Рамазан Төкенұлы тысқа шығып кеткен, кешiкпей ойнақы әуен кешкi Қарқаралы орманын әсем күйге бөледi. Ол қайтып келдi. Өкшесiн баса, манағы қожайын шал есiктен көрiндi. Қолында он алты миллиметрлiк аңшы мылтығы бар. Ол паң, кербез пiшiнмен қаруын бұрышқа сүйеп қойды да, жорта түсін суытып, бiзге тәкаппар қарады.

– Рысбек аға, берi өтiңiз, – дедi Асқат Жақанұлы.

– Тыныш па?

– Иә.

– Демалыңдар, бiрақ тыныштық болсын, – дедi ол. 

Рамазан Төкенұлы оған үлкен қырлы стақанға толтырып берді. Рысбек қожайынның алдына тосып еді, ол стақанды ұстап, екi иығын керіп, терең тыныстады да, лезде iшiп жiбердi. Үстелден нан тiлiмiн алып, ұзақ иiскедi. Сосын берi бұрылды.

– Асқат, сенiмен сөйлесу керек.

Асқат орнынан түрегелдi де, оның – соңынан ердi. Екеуi далаға шығып кетті. Магнитофоннан Ванесса Паради орындауындағы “Joe le taxi” әуезi құлағымызға жеттi. Бiздiң билегіміз келіп, жабыла тұра бастадық. Көңілімізді тәттi бір түйсiк төңіректеп кетпей жүр. Бойымызға тараған арақ уыты ән әсерiмен күшейе түседі. Әсемдікке, үйлесiмдiлiк әлемiне жетелеп әкетедi. Мен Башира Сабырқызымен ұзын, күңгiрт дәлiзде билей жөнелдiм. Екеумiз ырғақпен толықсып, шыр көбелек айналып, төрге ілгеріледік, сосын екпiндей шалқып, теңселіп дөңгелеп кете бердiк. Саз ерте, қалт үзiлген уақытта бiз босаға жаққа жетiп қалғанбыз. “Ace Of Base” тобының “All That She Wants” әуенi естілді де, бiз соны биге елтiп, қозғалып кеттiк. Осы сәтте Асқат Жақанұлы кірді. Ол соңына бұрылып, сөйлеп тұрды.

– Болмайды, – дедi.

– Бiреуi артық шығар, – дедi қожайын шалдың дауысы.

– Болмайды. Жiгiттердiң өз қыздары.

– Осында жиналғанда, ескерген жөн едi.

– Кейiн.

– Кейiн бе?

– Иә.

Дауыс жауап қатпай қойды, Асқат Жақанұлы берi жүрді. Құрмет Игiлiкұлы Ардақты ертiп келе жатты да, табалдырықтың тұсында теріс айналып, даланы қымтаған қараңғылыққа сіңді. Асқат маған тақап келдi. 

– Түсiнбей қалдым.

– Қыдыра берсiн, – дедi ол.

– Ағаттық жасама.

– Мен үшiн ешкiм емес.

– Бекер.

– Не iстейiн?

– Қыз ұнаса, қылығына төз.

– Тәкаппарлығын айтамын, ызамды келтiредi.

– Сонда да.

– Ардақтан басқа да қыздар бар шығар.

– Орға жығатын орам.

Есiк жаққа Рамазан Төкенұлы Башира Сабырқызын қолтықтап келедi. Екеуi құшақтасып алған. Жылдам басып, босағадан өтiп, қараңғыға құлады.

– Башира да кетті.

– Асқат, есiңде ме, мақтаушы едің ғой.

– Есiмде. 

– Саған кет әрi емес еді.

– Қыдыра берсiн, – дедi ол.

Вальс шырқалды да, Асқат Елмира Тұрсынқызымен шыр көбелек айнала жөнелдi. Олар көп билеген жоқ. Кiреберiске таман жылжып барды да, қысқа шүйiркелесiп, лезде көзден таса болды.

Кассета аяқталып қалыпты. Дәлiз iшi көмескi тартады. Терезе жақтауына сүйенiп, Света Таңатқызы ойға шомып тұр. Мен қасына таяп келдiм.

– Ұйқы қысты, – дедi ол.

– Мен кеш жатып үйренгенмiн.

– Қыдырамыз ба?

– Зауқым жоқ, – дедiм.

Света кiдiрiп қалды.

– Ғафу ет.

– Кештім, – деді күліп.

– Өкпелеме.

– Жарайды, ұйықтауға кеттiм.

Бағана дастарқан жайылған бөлмеге кiрдi де, жолай шырын iшiп, түкпiр үйдің есiгiн ашты. Әрi құлап кеткен ол қараңғылық құшағына жұтылды. Алакөлеңке дәлiз алабөтен күңгірт – қаңырап бос тұр. Мен Света сүйенген терезеге қарай жүрдiм де, әйнектен тысқа назар салдым. Қарқаралы орманы манаурап, айлы түннiң барқыт мақпалына, тыныштық құшағына жайбарақат батып, бір уақ сыбдырсыз қалғиды. Қарағайлы орманнан жоғары, батыс көкжиектен – таудың екі жақ қия беті ай жарығында алабарқын тартып қарауытады. Үй iргесiнен Башира Сабырқызының ашулы дауысы естiлдi. Аяқ тықыры шықты. Біртіндеп алыстап бара жатыр. Ақыры жоғалды. Кеудемде тіршілікті өгейсіген көңілсіздік оянды.

ХIҮ тарау

Алматыда күн ысып кетiптi. Пойыздан түскен бетте такси жалдап, Нұрлыбек Асқарұлының аялдаған пәтерiне iздеп бардым. Ол аула ішінде жолықты, бiз құшақтасып, жылы шыраймен амандастық. Әңгiме шiлденiң аптап ыстығына ойысып, сыраханаға барып келудi мақұл көрдiк. Біз Горький бағының кiреберiсінде орын тепкен “Вигвам” сыраханасын құп көріп, екеумiз машина тоқтатып, Гоголь көшесiмен жөнеп кеттік. Межелі жерге жеткенде, Нұрлыбек шопырға ақысын төледi, үстіне азын-аулақ ақша қосып берді. Жүргiзушi ризашылығын бiлдiрiп, есiктi айналып барып өзi ашты. Бiз сол тұстан түсiп қалдық.

Iшке аттағанымызда, жуан тақтайлардан құрасты-рылған ағаш үстелдер назарға iлiктi. Қабырғаларын өңделген ағаштардан жонып жасап, үстін жылтыр бояумен сырлап тастаған. Бiз орта тұстағы үстелге отырдық. Төргi есiктен алдына алжапқыш байлаған даяшы шықты. Қолында сыра толы графин. Ол ширақ басып келдi де, графиндi үстелге қойып, қойын дәптерін суырды. Мантыдан бас тартып, кептiрiлген тұқы әкелудi сұрадық. Даяшы ештеңе түртпеген қойын дәптерін қалтасына қайыра сұғып, әрi айналып, дастарқаннан ұзап бара жатты. Жаңа шыққан есiгiне қапыл жылдам кіріп, сол жағына бұрылып, көрiнбей кетті. Нұрлыбек екi бокалға графиннен сыра құйды да, бiреуiн маған қарай ысырып қойды. Мен бокалды алып, кенересiнен ептеп ұрттадым. Сыра салқын, дәмі жағымды екен. 

Графиндi үнсiз iшiп тауысқан екеуміз даяшының қайта оралуын күтiп отырғанбыз. Даяшы есiктен көрiнді. Ол табақ ұстап келе жатқан. Қолындағы ыдыс толы жайпақ табақ жүрген сайын ақырын теңселеді. Тәрелкелерде бір-бірден кепкен, тұздаған тұқы балық, оған қатар бiр графин сыра тұр. Тез басып, оқыс таяп келді де, әуелi екі балықты түсiрiп, содан кейiн сыраны алып, алдымызға қойды. Сосын даяшы табағын көтерiп, кетiп қалды.

– Бүгiн “Азия дауысы” байқауының гала-концертi, – дедi Нұрлыбек Асқарұлы.

– Барайық.

– Айдана осында ма?

– Иә.

– Ол баратын шығар?

– Барады.

– Көрмегелi қашан.

– Оны ма?

– Иә.

– Кеше келуi керек-ті.

– Қайдан?

– Ташкенттен.

– Жаз бойы түк бiтiрмедiм, – дедi Нұрлыбек. 

– Үйленетiн уақыт таяды ма?

– Ойланып жүрмін.

– Мен де.

– Кейде бейнеттің бәрі бекер тәрізді.

– Рас, осы талай адам үйленбей-ақ тiрлiк кешті емес пе?

– Бірақ, салт басты сабау қамшы бойдақ өмір кімдерге опа берген. Жалғыздық Құдайға ғана жарас-қан.

– Сондықтан, қайғымыз дұрыс.

– Әрине, дұрыс.

– Айдана Саматқызы ешқашан тұрмысқа шықпай-мын дейдi.

Нұрлыбек бокалды толтырып алды да, түбiне шейiн сiмiрді. Сосын балықтан түтелеп үзiп, аузына салды. Ол көзiн төмен түсiрдi.

– Оны ұмыта алмай жүрмiн.

– Көрiктi, ажарлы ұрғашы көп қой.

– Махаббат мен үшiн тақсiрет болса да, сезiмiмдi жеңiп шыға аламын. 

– Білемiн.

– Бiрақ, сонда қандай қызық қалады.

– Әуелі оны ұмытсаңшы, артынан қызық нәрсе өзi келедi.

– Ештеңеден қорықпаймын. Өлiмнен де. Тек ғұ-мырға деген құштарлығымды жоғалтып алсам, қайтып бiрдеңеге қызықпай кетемiн бе деп қорқамын.

– Түсiнемiн.

Бiз сырадан iштiк те, үнсiз қалдық. Нұрлыбек терең ойға батқан. Менi беймәлім қауіп биледi. Даяшы жаңа адамдарға қызмет көрсетiп жатты. Екеумiз орнымыздан тұрдық. Бізді көріп, даяшы берi жүрді.

Ол шотын қағып, тамақ құнын есептеді. Бiз ақы-сын төлеп, тысқа маңдайымызды түзедiк. Аялдамадан Айданаға телефон шалып, Қабанбай батыр мен Ленин даңғылының қиылысында жолығатынымызды айттық. Нұрлыбек тоғай ішімен серуендеп қайтуды ұсынды, сонсоң бақтың еңселі қақпасына қарай аяңдап кеттiк.

Бақтан шыққанда, күн кешкiрiп қалған. Бiз такси алып, қиылысқа кездесетiн мезгiлден ерте жеттiк. Оны күтiп, сәкiде ойға берiлiп, шаршай бастадық. Айдана едәуір кешікті. Біз оны жолды қиып өтiп келе жатқанда бір-ақ байқадық. Жиекке тақағанда, бiздi аңғарған Айдана сыпайы күлiмсiредi. Оған қарсы жүрдiк. Жақындап келген Нұрлыбек екеумiз ернiмiздiң ұшымен бетінен өптік. Үстiнде жасыл түстi, ықшам, әдемі, қонымды плащ, мойнына жұқа ақ шарф тағып алыпты, шашын жайып жiберiп, кекiлiн бiр жағына қайырып тарап қойыпты. Киген түссіз капрон шұлығына жылтыр қара туфлиі жараса кетiптi. Ол бiз амандасқан соң, шашын керi серпiп, маған езу тарта қарады.

– Қарқаралыға қалай барып қайттың?

– Жақсы.

– Менi ұзатпақ болды.

– Жiгiт нашар ма?

– Сымбатты.

– Маған анам келер жазда үйлен дедi. 

– Келiстiң бе?

– Жоқ.

– Осы өмiрдiң өзi тамаша сияқты.

– Ешқашан үйленбей ме?

– Иә.

Автобус келiп, жылдамдығын iрiктi. Бiз мiнiп алдық та, ең артқы орындыққа барып жайғастық. Жұрт кіріп жатыр. Iргемiзден қоңыр түстi былғары күртеше киген талдырмаш екi қазақ қызы тiзе бүктi. Олар сағыз шайнап, сақылдай күлiсiп алды. Автобус есiктерiн жапты да, моторын iске қосып, жолға түсті. Сол қанатымыздан жиырма бес қабатты қонақүй көрiнді, сосын шыршалар арасынан үлкен тас тақтаға жазылған, “Қазақстан” деген iрi әрiптер қарауыта бердi. Жазу бадырайып тұр. Ілгерi талпынған автобусқа iлесе алмай бiрсiн-бiрсiн кейіндеп барады. Басында тауға қарай ақырын жүрiп, соңыра жүргiзушi жылдамдықты оқыс арттырып алды.

Бытыраған үйлер қос қапталдан шашырап қалып жатыр. Медеу шатқалына қиналып әзер шығып келедi. Қоңыр түстi былғары күртеше киген екi қыздың бiреуi орнынан тұрды. Ол үстiн қақты да, келесi орындықтың арқалығынан ұстап, алыстап кетті. Құрбысына қарап күлiмсiредi.

– Неге кетiп қалдың? – дедi отырғаны.

– Шаң.

– Жеткенше аяғың талады.

– Мына жерге келсеңшi.

– Өзiң кел.

– Шаң.

Тұрғаны отырғанынан әдемiрек. Ақ құба, сұңғақ бойлы, аққу мойын, кептер иық, жазық маңдай. Аш белінен төгілген мақпал белдемшесі тобығынан түседі. Оларға тесiлiп қалыппын. Айдана шынтағымен менi түрттi. Бетіме қарап, қулана жымиды.

– Ұнай ма?

– Қайсысы?

– Тұрғаны.

– Ұнайды.

– Бiрақ, ол әлi жас.

– Иә.

– Отырғаны, тегі, қара торы, Данай ақ сарыны жақ-сы көреді.

– Маған екеуi де ұнамайды, – дедi Нұрлыбек.

Автобус қысқы мұз айдыны кешеніне жетпей тоқтады. Асфальт жол кешен аузына дейiн созылып кете барады. Екі қапталына үлкенді-кішілі қаптаған ләпкелер, дүңгіршектер, дүкендер орналасып алыпты. Бiз автобустан түсiп бара жаттық. Күртешесi бар екi қыз сыртқа толықсыған топқа қосыла берiп, бiзге бұрылды да, қапылыс жымың еттi.

– Олар бәрiн естiп қойыпты, – дедi Айдана.

Қос қыз әрi жылжып, нөпірге араласып кетті. Бiз жол жиегiн жағалай, биiкке көтерiле бердiк. “Медеу” мұз айдыны ғимаратының бергi қабырғасына ағылшынша “Welcome” деп жазып, жанына қазақшасын аударып қойған екен. Қос өкпеден екi заңғар тау қысып келе жатқандай, қасқиып тұр. Шатқал iшi қаладан гөрi салқын, денемiз ызғарды сезiп келедi. Күн түнеріп, бұлттанып алған. Бiз баспалдақпен көтеріліп, шарбақ қақпадан өттiк те, алдымызға қарадық. Екі қаптал кiсiге толы. Мұз айдыны үстiне тақтайдан еден төсеген, сосын, ағаш еденге сәкiлерді қаптата жинапты. Оған да кiсiлер мол отырыпты. Шығыс жақтан бос сәкiлер көрдік. Сонда бет алдық. Іздеген орнымыз ең соңғы қатарда, бiр шеті сахнаға тақау екен. Тегіс отырып жатып, қолайсыз жердi таңдап алғанымызға өкiндiк. “Азия дауысы” компаниясының жарнамасы үлкен экранда дөңгеленіп көрсетіліп жатты. Сазбен көмкерілген жарнама экранда жақсы көрінді. Апақ-сапақта жарқылдап, соңы құлпырып шықты. Содан кейiн, бiреу құбылтып, жылдамдата сөйлеп, Роза Рымбаеваның ән салатынын хабарлады. Әншi орта тұстан байқалды. Алдымызда отырған пысық жiгiттер бидай арағын алып шықты. Бiреуi стақандарды жағалатып құя бастады. Өздерi бiр-бір стақаннан жөнелткен соң, шөлмек ұстаған бозбала жүзiн бiзге бұрып, менi қолымнан тартты.

– Iшесiңдер ме?

– Жоқ, – дедi Нұрлыбек.

– Мен iшемiн.

– Қарындастың есiмi қалай?

– Әуелi толтырып бер, ныспымды өзiм-ақ айтамын.

Жалма-жан бос стақан тапқан жігіт шүпілдете

құйды. Шарап ернеуiне дейiн жылдам көтерiлiп келе жатып, сыртына төгiлдi.

– Көп, – дедi Айдана.

– Онда мен алайын, – дедi Нұрлыбек.

Нұрлыбек Асқарұлы стақанды алып, жұтып салды. Жiгiт қайтадан шүпiлдеттi. Айдана төңкерiп тастады.

– Сен ше?

– Зауқым болмай тұр.

– Мен ішемiн, – дедi Айдана, – Данай үшiн.

Стақан қайта толтырылды. Айдана Саматқызы iркiлместен тартып жібердi, дәмiне ашырқанып, алақанымен аузын басты.

– Айдана, өзiмiз сатып алайық, – дедi Нұрлыбек.

– Барғым келмейдi.

– Серуендеп қайтамыз.

– Мен бара салайын.

Орнымнан тұрдым да, тас баспалдаққа жетiп, ләпке жаққа маңдайымды түзедiм. Бір шөлмек вискимен оралсам, Нұрлыбек кетiп қалыпты. Айдана көзiмен жер шұқылап отыр. Сахнаға Мақпал Жүнiсова шықты. Мен тақап келдiм де, Айдананың қасына жайғастым. Ол басын көтердi.

– Оны ренжiтiп тастадым. 

– А-а.

– Мазамды ала бердi.

– Нұрлыбек – данышпан жігіт.

– Иә.

– Iшесiң бе?

– Ендi аяп отырмын.

– Мен ештеңе дей алмаймын, бiрақ бекер өкпелеттің.

– Оның күштi боксшы екенiн де, көп нәрседен озық екенiн де, қайраткер тұлға екенiн де талай естiгенмiн.

 Айдананың дауысынан ызғар бiлiндi.

– Мен оны жақсы көрмеймiн.

Үнсіздік орнады.

– Бұл өзі сондай қайғылы уақиғаға айналды.

– Тойымыз біткен жоқ, бiз әлі Ыстықкөлге барамыз.

– Сенiмен бiрге Ыстықкөлге барғаным қалай болар екен.

Ол тосылып қалды. 

– Менi бәрi жалықтырды, – дедi бiр уақ.

– Кiтап жаз.

– Қолымнан келмейді.

– Iшейiк те. 

– Екеумiз ғана ма?

– Иә.

– Көп болады.

– Сонда да.

– Сен ешқашан өкiнбейтiн шығарсың, үнемі өмiрден мағына таба бiлесiң.

– Менің де қасiретім бар, – дедiм. 

Айдана жабырқап қарады.

– Сен роман жазып жатырсың ғой?

– Иә.

– Қандай өкiнiш болуы мүмкiн.

– Жазып бiткен соң, ешкiм оқымай қойса ше.

– Оқиды. 

– Осы соңғы жазғаным болады. 

– Айтқансың.

– Кiтаптардың онсыз да мол екенін білесің, қаншама бай кiтапханалар бар, бәрін түгел оқып тауысуға бiр адамның ғұмыры жетпейді.

– Ақын-жазушылар да қисапсыз.

– Иә, рас, жөнсіз көп.

– Бiрақ, әлем айтылып бiткен жоқ.

– Оны Томас Манн жазған.

– Iшейiк те?

Мен вискидiң қақпағын бұрап аштым да, стақанға құйдым. Ол стақанды ұстап, жайлап қысты да, алақанын жазып жiбердi. Стақан еденге сыңғыр етiп соғылып жарылды, жан-жаққа шынылар ұшты.

– Iшкiм келмейдi.

– Доғар, Айдана.

– Қалай түсiнбейсiң, оны мүлдем жақсы көрмеймiн.

– Түсiнемiн.

– Ештеңе түсiнбейсiң.

– Жылағаның не, мен саған ешқашан өтiрiк айтқан емеспін.

– Бәрiн сезiп жүрдiң сен.

– Бекер жылайсың, Айдана, басқаша шешуге болатын едi.

– Маған не iстеу керек едi, Данай.

– Бiлмеймiн.

– Тегі, бiреудi сонша сүйемiн деп ойламаппын.

– Бәрi де өтедi.

– Менi тағдыр үнемi аяғымнан шалып жүредi.

– Доғар, Айдана.

Ол ағыл-тегiл жылады. Ықылық ата бастады. Қолымды созып, жауырынын қапсырып, бауырыма тарттым. Айдана тоқтай алмай, бет-аузын кеудеме тығып, өксіп жылап, егіле берді. Шашынан сипадым. 

– Болды, – дедi. 

Көзiн сүртіп, жылжып отырды.

Алатаудың қойнауы – тас қараңғы. Тік жартас қия шатқалдың аңғарлы сайында, түнгі алқапта от шашқан “Медеу” кешенінде не iстерiмдi бiлмей отырып, оны аяп кеттiм.

ХҮ тарау

Айдана бұрын кетiп қалды. Мен жұмысымды бітіріп, үш күн кешiгiп шықтым. Түнгi он бiр жарымда Алматыдан аттанған көлік Георгиевкаға екiнiң шамасында жеттi. 

Қалғып кеткенiмде, автобус Қырғызстанның шекарасын басып өтiптi. Таңғы алтыда шұғыл тепкен күш, қатты серпіннен оянсам, Ыстықкөлдi жағалап, сырғып келеді екенбiз. Көлдiң ар жағынан қарауытқан Тянь-Шань тау сiлемi қара үзіп қалып қоймай, соңымыздан ерген алыптай – ілеседі. Тау сiлемi екі көкжиектiң арасында іркіліп тұрған айдынға қабат жатыр. Оң қапталыма көзбен шолып қарағанымда, әрдайым қарлы шыңдарын қойдың шарбы майындай селдіреген ақ бұлттар омыраулаған Тянь-Шань тау сiлемiн көрiп қаламын. Бiз Сары-Ой айылын артқа тастадық. Автобус қасқа жолда қалауынша, емін-еркін зырлап, бiрте-бiрте Чолпон-Ата шаарына иек аса бастадық. Шаар айдынға тым жақын орналасқан. Қаладан шығып бара жатып, қайыра елдi мекенге кездесе кеттік. Әуелі көрген тақтайшада “Бостерi” деп жазылып қойылған. Автобус жол жиегiне таяу тұрған дүкенге жете бергенде, қалт тоқтады, мен сол жерден түсiп қалдым да, азырақ жүрiп барып, оң қапталыма бұрылдым. Тар, енсіз тротуармен жайбарақат аяңдап, “Гүлқайыр” демалыс жайын асып өттім де, Қазақ Ұлттық университетi тынығу орнының қақпасына тақап келдiм. Аспанмен астаса шалқып Ыстықкөл жатқан. Ар жағынан Тянь-Шань тау сiлемi жаздың айсыз көгіндегі Құсжолындай болып жанарға мұнартып жетедi. Санаторий штабынан, тiзiмнен Айдана Саматқызы бөлмесін тауып алдым да, далаға шықтым. 

Ол бөлмеде кiтап оқып жатыр екен. Есiктен кір-генімде, кiтаптан басын көтерiп, менi көрдi де, жылы күлiмсiредi.

– Сәлем.

– Ыстықкөл қалай екен?

– Тамаша.

– Саған арнап мажар шарабын әкелдiм.

Жолсөмкенi орындықтың үстiне қойдым. Көршi төсектiң арқалығында ер адамның галстугы iлiнiп тұрды. Айдананың түрi бұзылып кетiптi. Ұйқысы қанбаған тәрізді.

– Әлiбектiң досы осында.

– Танимын ба?

– Танымайсың.

– Мынау саған.

Шарапты дастарқанға қойып, сөмкеден шоколад қорабын шығардым. Ол төсектен тұрып, шашын қобыратып, кейiн қайырды. Оң иығына жинап, қолымен уыстап алды.

– Қазір, жуынып келейiн.

Жеңіл сандалын ілдi. Үстiнде ақ түстi селдір тоқыма, омырауы ашық. Iшiнен сары реңді жейдеше, бұтына жасыл спорт шалбарын киiптi. Шкафтан сүлгiнi алып, сыртқа беттедi. Шығып кеткен.

Оқып жатқан кiтабын парақтадым. Франсуаза Саган, “Здравствуй, грусть”. Мұқабасы нашар түптелiнiптi. Кiтапты жаба салдым да, төсекке аунай кеттiм. Галстук қайтадан көзiме түсiп, орнымнан көтеріліп, қолыма алып көрдiм. Пьер Карден туындысы. Есiк сықырлай ашылып, Айдана көрiндi. Салқын су өңiн жадыратып жiберiптi. Жайбарақат кірді де, сүлгiнi шкафқа тастап, айнаға таман барды. Шашын тарауға кiрiстi.

– Ұмытып кетiптi, – дедi ол.

Галстукты арқалыққа iле салып, үстелге барып, тiзе бүктiм.

– Ашуыңа болады.

Шараптың тығынын ашып, екi кесеге толтырып құйдым. Ол орындыққа келiп отырды. Iшті де, қайыра көтерiлдi. Киiмдерiн реттеп жатыр. Көзiлдiрiгiн ұстады. Киiп алды да, маған қарады. Келбетi күлкiге шомылды.

– Жарасады.

– Тезiрек бол, жағажайға барамыз.

– Қарным ашып қалыпты.

– Асханаға соға кетемiз.

– Мұнда таныс бiреу бар ма?

– Ешкiм жоқ.

Ол шілтерлі тоқымасын шештi де, төсекке лақтыра салды.

– Әрi бұрылшы.

Әрi бұрылып отырдым. Түйме сырт етiп ағытылды. Бiрдеңе жерге сусыды. Екi аяқ кезек-кезек едендi таптады. Түйме қайтадан сырт етiп салынды. Бiрдеңе киiлiп жатып, шу жоқ болып кеттi.

– Болды.

Айдана балағы тiзесiнен шорт қиылған джинсы шалбар мен ақ түстi кең футболка киiп алыпты. Футболканың етегi кiндiк тұсына жиналып, түйіліп тасталған. Ол күлiмдеп, жайнақы көз салды.

– Әлi iшпегенсiң бе?

Кесенi қолыма алып, кенересiнен асықпай жұттым. Шарап тамағымды қытықтап, кеудеме құйылды.

– Киiмiңдi ауыстырып ал, мен сыртта күтемін.

Ол табалдырықтан аттады. Тез киiмiмдi ауыстырып, тысқа шықтым. Айдана дәлiзде темекi шегiп тұр екен.

– Мына бөлме сенiкi болады.

Қарама-қарсы есiктi нұсқады. Темекiсiн тiсiнiң арасына қыстырған қалпы қалтасынан кiлтiн суырып, өз есiгiн екi бұрап жапты. Түтiндi ащысынып, бiр көзiн кiшкене қысып алған беті ажарланып берi айналды.

– Кеттiк.

Екеумiз асханаға соғып, таңертеңгi асты iштiк те, жағажайға апаратын жолға түстiк. Таңертеңгi аста майға шыланған күрiш, сұйытылған қаймақ және құймақ жедік. Айдана ілгері озды. Сүрлеу үзiліп, жағажай басталды, бiз жеңiл тәбiшкемiздi шешiп тастадық. Құм үстiмен сылбыр iлбiп барамыз. Тәбiшкемiздi қолымызға ұстадық. Көл жиегiне таяқ тас-там жерден тоқтадық та, киiмiмiздi басымыздан асыра, сыпыра бастадық. Айдана сары түстi омыраулық пен енсіз лыпа киiп алыпты. Жiңiшке бикини омыра-уын толық жаппаған екен, төсі жоғары тұсынан жартылай ашық. Кiндiгiнiң айналасын аптап күн қақтап, азырақ тотыққан, ептеп қызарып тұр. Ол етек-жеңi мол сүлгiсiн бiр шетiнен бүрiп ұстап, жайып жiбердi. Құмға төсей жазды. Сүлгi әсем кiлемдей құлпырып жайыла кетті. Өзi тiзерлей отырып, ту сыртына құлап, шалқасынан жатты. Мен қасына жантайдым. Сосын, толықсып аударылып, шалқалап, аспанға көз салдым. Көктен шуақ төгілді. Жібектей жайлы, мақпалдай жұмсақ. Төңірек пейіштің төріндей жайнақ, жаннаттай көрікті. Күн қызуы табандап артып келедi. Көкiрегiмiздi әлсiз қарып, енді жайлап күйдіріп барады. Шай қайнатым уақыттан соң, бір қырымызға аунап түсіп, етпетімізден жаттық. Алғашында шұғыла арқамызды жылы аймалап, рақатқа батыра бердi де, соңыра күн қатты ысып, тәнімізді шыжғыра бастады. Айдана түрегелiп, киiмiнiң арасынан темекі iздеп та-уып алды. Ол темекі шегіп, маған қарады.

– Суға түсейiк, – дедi.

– Жүр.

– Бiрден қойып кетпесек, бата алмай, көпке дейiн тұрып қаламыз.

– Жарайды.

Көл жиегiне тақап келдiк. Мен бiраз жалдап бардым да, деңгейi кеудеме жеткен заматта сүңгiп кеттiм. Су астымен баяу сырғып келемiн. Әредік аяғымды шұғыл серпіп қоямын. Екi қолыммен көл iшiн қақ жара, сусып алдыға жылжимын. Тынысым тарыла бас-тады. Тұншығып кетiп, су бетiне тез қалқып шықтым да, шашымды сiлкiп жiбердiм. Жан-жағыма шашымнан үзiлген тамшылар шашырады. Соңыма көз тастадым. Айдана құлаштап берi жүзiп келедi. Бірқалыпты ырғақпен ешқандай қорқынышсыз жүзедi. Мен қарсы құлаштай жөнелдiм. Ол да жағаны көздеп, қиғаш тартқан. Екеумiз қатар малтып келеміз.

– Шаршадым, – дедi.

Байқамай су жұтып қойған.

– Сөйлеме.

Басын изедi. Екеумiз кiшкене жүзiп барып, тайызға жеттiк те, түрегелдік. Ол сыңғыр етiп күлiп алды.

– Қорқып кеттiм.

– Неге?

– Денем тартылып қалды емес пе.

– Жағаға шығайық.

– Тым алысқа жүздiк.

Екеумiз көлден шықтық. Орнымызға аунай кетіп, көзiмiздi жұмдық.

– Тоңдың ба?

– Иә, – дедi көзін ашпаған күйі.

– Қазiр жылынамыз.

– Жақсы ма?

– Жақсы, – дедiм көзiмдi жұмып жатып.

– Кеше күнi бойы жағажайдан шықпай қойдық.

– Сол қызығыңды бүгiн тағы қайталайық.

– Әлгі, анадай жағажай жасап көрсе, тегі, айтшы, несі жаман.

– Қызық болар едi.

– Жалаңаш жүргендi ұнатамын, – дедi ол.

– Құлын мүсiнділер үшiн рақат.

– Рақмет.

– Мақтағаным емес, шындықты меңзегенiм.

– Өзiме де ұнайды.

– Аяғы қисық қыздарға жаным ашиды, – дедiм.

– Өкінішті.

– Бiрақ, махаббат шынайы болса, не кедергi.

– Рас, алайда, түзу аяқтың әсемдігі, бәрiбiр, әркiм-нiң жүрегiн қытықтайды.

– Мүмкiн.

– Менiң аласа бойлы жiгiттерге жаным ашиды, – дедi Айдана.

– Жалпы, кімнің төрт құбыласы түгел дейсің.

– Әрине.

Бiз үндемей қалдық.

– Махаббатқа сенесiң бе? – дедi бiр уақ.

– Иә.

– Мен де сенемiн.

– Сезiм ұлылығына сенбесем, жазушы бола алмас едiм.

– Тән рақатын жақсы көресiң бе?

– Жақсы көремiн.

– Денеме жанасқанда, ішім алай-түлей боп кетеді.

– Білемін.

Езу тартты. 

– Нені білесің?

 Мен де күлдім. 

– Әйелдердің жан дүние толқынысын, аласапыран күйін жақсы білемін.

– Жасыратын ештеңе қалмады.

– Бәріміз жабылып аштық. Енді әлемге ешқандай құпия жоқ деп жариялауға болады.

– Заман айтылып бітті. Белгісі...

– Қызыл сөз, жалаңаш сезiм, тойымсыз нәпсi, – дедiм. 

– Бiреудi сүйiп жүрiп басқа бiреумен төсектес болу дұрыс па?

– Бiлмеймiн.

– Менiңше, ешқандай қайшылық жоқ тәрізді.

– Оны да білмеймін.

– Кешке “Бар-Би”-ге барайық.

– Жарайды.

– Сен тәуiр билейсiң, жаныңда еріп жүру маған мақтаныш болады.

– Ұйқың келген жоқ па?

– Келiп жатыр.

– Жол соғып тастаған ба, шаршап қалыппын.

– Түнде кiрпiк iлген жоқпын, – дедi ол.

– Көз шырымын алсаңшы.

– Ұйқысырап жатып әңгiме шерткен қандай ғанибет.

– Меніңше, сен қызық өмірге аса құштар, өте сауықшыл жансың.

– Тұрмыс құрғанша қыдырып алудың ешқандай әбестiгi жоқ.

– Мүмкiн.

– Барлық қыздар сөйтедi.

– Сосын, өкінішке қарай, әдетiн тастай алмай жү-редi.

– Тастайды.

– Маған адал жар, айнымас дос Абай заманы әлде-қайда ыстық секiлдi.

– Маңдайыма біткен жалғыз ғұмырымды бір ғана ер адамға арнайтынымды ойлағанда, зәрем ұшады.

– Жігіттің нары болса ше.

– Қалғып барамын, – дедi Айдана.

– Ұйықтаймыз ба?

– Иә. Нарды қайдан табамыз, тапсақ та бұл қуа-ныш болмыстың жалқы тіршілігі дүниеден озғанда, жоқтауымызға тоқтам айтып, опықты күндерімізді жұбата ала ма? 

– Басыңды бүркеп жат.

– Өзiң де.

– Қазiр.

Ол сүлгiнiң бір шетімен басын бүркедi. Қозғалмай жатып қалыпты. Көк теңбіл биіктен аппақ күн мол қызуын аямай төгiп жатыр. Күн қызуы найзадай түйреп, шаншыла қадалады. Айдана Саматқызы ақырын пысылдай бастады.

 ХҮI тарау 

Екеумiз ағаштан қиып салған коттедждердi артқа тастап, шырша аралас өскен қараағаш тоғайына тап болдық. Оны жарып өтiп, жалғызаяқ соқпаққа құладық. Тоғай жолақтанып шұғыл аяқталды да, бiз кiрпiштен қаланған екi қабатты үйлерге ұшыраса бастадық. Сәл жүрiп барып, екiншi қабатында “Бар-Би” орналасқан үйге ат басын тiредiк. “Бар-Би”-ге, қабырғаның iргесiне жанай салынған темiр баспалдақ бұрала көтерiлiп алып бара жатты. Бардың залына кiргенiмiзде, жыпырлата оқшау тiзiлген үстелдер жанарға iлiктi.

Сол қапталымыздан бар көрінді. Бармен фужерді дымқыл шүберекпен сүртiп жатыр екен. Көркем әуен сол жақтан, үлкен күйсандықтан шығып, зал iшiне тербетіле баяу таралады. Кестелі, өрнекті жақсы әнді нәшіне келтіріп шырқап жатқан Chris De Burg. Бар жақтауынан бермен қарай, фойеде үш жұп солғын қимылмен дөңгелене билеп, өкпек желдің лебімен теңселген көк майса шалғындай жайқалып, толықсып ұзап барады. Бiз орта тұстағы бос үстелге барып жайғастық. Жұрт әр үстелде бес-алты адамнан топ құрап отыр. Көбiсi жеңіл шампан iшіп, ауыр коньякқа әлi жете қоймапты. Айдананы үстел басына жалғыз қалдырып кеттiм де, барға тақап, шөлмектердiң жазуын оқуға көштiм.

– Шампан алыңыз, – дедi бармен.

– Бiреу.

– Жақсы шарап, – дедi бiреуiн алып берiп жатып.

Құнын төлеп, шампанды алдым да, керi қайттым. Айданаға қарсы қапсағай денелі, күжір желке жуан мойын, қорасан талағандай бұжыр қара отырып алыпты. Үстелде орталанған қырғыз коньягының шөлмегi.

– Данай Байқуаныш, менiң жақын досым.

– Руслан Ботпай, Бiшкек қаласынанмын, – дедi ол.

– Қайда демалып жатырсыз?

– “Қырғыз теңiз жағалауы” демалыс орнында.

– Бiз көршi шипажайданбыз.

– Онда сыбаға, қонақасы үзілмейтін шығар.

– Болады.

– Шоколад алайын ба?

– Рақмет.

– Өзiм қырғыз болсам да, қазақ бикештерiн іш тартып, жақын тұтып тұрамын.

– Шегесіз бе?

Айдана шылым ұсынды. Ол басын шайқады.

– Спортпен айналысамын.

– Қандай түрi? – деп сұрады Айдана.

– Еркiн күрес.

– Iшпеймiз бе?

– Коньякты тауысып қояйық.

– Әуелi шампан, Данайдың еңбегiн бағалайық.

– Руслан өзi бiлсiн.

– Айдананың айтқаны.

Мен шампанды ашып, үш фужерге толтырып құйдым.

– Қазақ қыздары үшiн.

– Бiз мүлдем басқамыз, – дедi Айдана.

– Әкеңіз қазақ па?

– Қазақ.

– Сіздер үшiн.

– Бiз Азия бойжеткендерiне де, Еуропа бикештерiне де ұқсамаймыз.

– Жаңа ұрпақ үшiн, – дедi Руслан Ботпай.

Еркiн күрестiң шеберiне ызам келдi. Фужердi алып, сiлтеп жiбердiм. Шампан жылдам әсер ете бастады. Руслан коньяктың шөлмегiн ұстап, әрбiреуімiзге көзбен мөлшерлеп, орталап құйды.

– Бекер араластырып жатырмыз, – дедi Айдана Саматқызы.

– Билеймiз.

– Данай тәуiр билейдi.

– Мықты.

– Өзiңiз де нашар билемейтiн боларсыз.

– Нашар.

– Спортшылар әрдайым сондай.

– Кiлемде бәрiн лақтырамын.

– Сенемiз.

– Данайды да лақтыра аламын.

– Көрiңiз, – дедiм.

– Тыныш жатқан жыланның құйрығын бастыңыз, – дедi ол.

– Сонда да.

– Жiгiтім, жақсылап, әбден ойланып, қабырғаңызбен кеңесiп алыңыз.

– Бұл шақыру ма? – дедiм.

– Иә.

– Қабылдаймын.

– Данай, саған не болып кеттi?

– Ертең жолығайық, – дедi ол, – қазiр кеш түсіп, ымырт жабылып, қараңғы болды әрі мастықтың буы бар.

– Руслан, сізбен оңаша сөйлесуге бола ма?

– Иә.

Екеуi бардан шығып кетті. Мен коньяктан ұрттадым. Маған қарай орыс қызы жүрiп келедi. Көз жанарымыз түйiскен сәтте езу тартып, болмашы жымиды. Үстiнде денесіне жабысқан қара түстi тар көйлек, қысқа етегi тым шолақ, омырау қиығы далиып жатыр. Әдемi басып, жүрiп келдi де, қасымнан өтiп, әрi ұзап бара жатты. Бұрылып, соңынан көз тастадым.

– Жаным, қарындас.

Қаздай қалқып, жүзіп барып тоқтады. Нәркес көздері жәудіреп, толықсып берi айналды. Ақ сары жүзі наз күлкіге шомылды.

– Маған айтасыз ба?

– Иә.

– Не қажет болып қалды?

– Шампаннан дәм татыңыз.

– Бүгінге мен естіген көңiлге қонымды ең жақсы ұсыныс осы болды.

Үстелге таяп, қарсы тiзе бүктi. Оған шампаннан құйып бердiм. Екеумiз соғыстырдық та, төңкере салдық.

– Есiмiм – Светлана.

– Қазақшаны қайдан бiлесiз?

– Бұрын Талдықорғанда тұрғанмын, кейiнiрек Түр-кiменстанға қоныс аудардық.

– Жалғыз жүрсiз бе?

– Құрбылас қызыммен.

– Тағы?

– Құйыңыз.

Тағы шампаннан шүпiлдеттiк. Ол iшiп салды да, алтындай жарқыраған сары шашын қолымен сипай, төбесiне қайырды.

– Коньяктан көрейiк, шампаннан бiрдеңе сезiп жатқан жоқпын. 

Екеумiз коньяктан тең бөлiстiк те, жұтып жiбердiк. Коньяк тамағымды өртей, көкiрегiме жетiп, жылыта жөнелдi.

– Билейiк.

– Қарсы емеспiн.

Бiз фойеге дейiн селқос келдiк те, Айдана мен Руслан есiктен көрiнгенде, билеп бара жаттық. Әуез аяқталғанда, үстелге қайта оралдық.

– Руслан көл жағалай қыдырайық дейдi.

– Қыдырайық.

– Мынау кiм?

– Светлана.

– Айдана Саматқызы.

– Сәлем, Светлана.

– Бiр-бiрiңдi бiлесiңдер ме? – деп сұрады Айдана.

– Иә.

– Данай, шампаннан құйыңыз.

 Мен фужерлерді толтырдым да, әркiмнiң алдына ыдысын итерiп қойдым. Бiз сыңғыр еткiзіп қағыстырдық та, түбiне шейiн сiмiрiп тастадық. Айдана Саматқызы фужерiн дастарқанға қоя берiп, маған езу тарта қарады.

– Кеттiк пе?

– Иә.

– Светлана баратын шығар.

– Сұрамаппын.

– Барамын.

– Қайтқанда, шығарып саламын.

Бiз залды орта тұстан қиып, босағадан шықтық. Сосын, баспалдақпен төмен түстік. Екi қабатты үйлердi айналып өтіп, жағажайдың шетiне iлiне бердік. Жаңа, тегі, бәрімізді тегіс маужыратып, ұйқы шақырған еді. Енді құм үстімен сергек, ақырын сырғып келемiз. Руслан Ботпай Айдананы қолтықтап алған. Олар iлгерi озып, бізден ұзап барады. Көл жиегiне тақап қалғанда, сол қапталына бұрылды. Жиектi жағалай отырып, жүрiстерiн бәсеңдетті, көл жаққа жүзiн жиi аударып, ауық-ауық жұмбақ шалқар дүниеге, тынық жаратылысқа үңіліп қарайды. Светлана екеумiз үнсiз келе жатырмыз. Мақпал түн тылсым буғандай жым-жырт, ауа қолмен ұстағандай жұмсақ, мезгіл-мезгіл ептеп қоңыр салқын жібек самал соғып кетедi. Ала бұлттан таза, жұлдыздар қалтыраған ашық аспанда ай жамбастап аунайды. Бiз пирс орнатылған тұсқа таяп қалдық. Пирс сүйір тұмсығын көлге тығып, су ішіне жиырма қадамдай сұғынып жатыр. Руслан мен Айдана пирсқа мiнiп бара жатты. Iзiн ала біздер де келіп жеттік. Келе сала көлге жоғарыдан көз жiбердiк. Жал-жал ақ жалқын толқындар жағаны ұрып, шалқасынан аунап түседі де, тулап кейін қашып бара жатып, жайқын көл бетінен жаппай, шапшаң жоғалып кетеді. Көршi санаторийден “Ace Of Base” тобының “Happy Nation” әуезi талып жетедi. Шалқар көлдiң ар жақ қабағынан Тянь-Шань тау сiлемi қарауытады. Қарсы тұстан, сол қашық алқаптан андыздап көп оттар көрінеді. Менi көңiлсiздiк басты. Бергi жағалау түнгi шамдардың мол жарығына толып кетiптi. Бiз әрi қарай iлбiдiк. Пирстiң айдынға сүңгідей қадалған ұшына жетiп, екеуміз төмен қарадық. Су бетiнде ай сәулесi жылтырайды. Светлана бiр нүктеге қадалып, ойға батып тұр. Айдана мен Руслан кетiп қалыпты. Пирс үстiнде ай сәулесiне тесiлiп тұрып, өзiмдi жалғыз сезiндiм.

ХҮII тарау

Мен қайықпен жағажайға қарай жайлап сырғи жөнелдiм. Баяу жүзiп келiп, жағаға тірелген соң, қайықтан түсiп, сәл iлгерi итерiп, тұмсығын құмға шығарып қойдым. Айдана екi жiгiтпен әңгiмелесiп тұрды. Кеудесiн сарғыш реңді бикини омыраулығымен тартып, ұштарын желкесіне байлап түйіп қойыпты, бұтына кигенi сол түстес көлемі шағын қиық лыпа ғана. Ол менi көрдi де, қоштаса бастады. Екi жiгiт оны бетiнен алма-кезек сүйiп алды да, ары қарай аяңдап кеттi. Өзi берi жүрдi. Тақап келдi де, қайыққа мiндi. Мен қайықты қайыра көлге түсiрдiм. Су деңгейi тiземнен асқанда, секiрiп мiнiп, ескектi қолыма ұстадым.

Ол қайықтың бас жағында бетiн маған бере отыр. Ескек бірқалыпты ырғақпен жайбарақат еседi. Қайық баяу жылжиды. Бiз жағадан алыстап бара жаттық. Айдын шалқар көл – тереңдей бастапты. Малта тастар іріленіп, бедері домаланып, мөлдiреп көзге түседi. Салқын самал пайда болды.

– Ортасына жете аламыз ба?

– Жоқ.

– Қорқынышты.

– Бойың үйрене алмай келе жатқан шығар.

– Тағы ұйқым қанбады.

– Қайтып келген соң, ұйықтап алуыңа болады.

– Ыстықкөл биыл қызықты сияқты. 

– Саған көз іліп алу керек.

– Шаршап жүрмiн.

– Жүзiң абыржып кетiптi.

– Басым шыңылдап бара жатыр.

– Тағы ішiп пе едiңдер?

– Иә.

– Не iштiндер?

– Виски.

– Араластырған жоқсың ба?

– Сыра қосып едiм.

– Бекер. Шампан, коньяк, виски, сыра.

– Ендi басым шыңылдап бара жатыр.

– Әлiбектiң қандай жоспары бар екен?

– Фильм қоймақшы.

– Ол ше?

– Ол сценарийін жазады.

Мен баяу есiп келемін. Қайық жағадан бiрқалыпты екпiнмен ұзап барады. Айдана Саматқызы шалқайып отырды. Шашы қобырап кеткен. 

– Қайтайын ба?

– Аялдай тұршы.

– Су түбіңе қарағың келе ме?

– Иә.

– Мөлдiреп жатыр.

– Қолымды суға матырсам, қайық шайқалып кетпей ме?

– Шайқалмайды.

Ол қолын суға салды. Шалпылдатты. Судан көсіп – маңдайына басты.

– Қайтайық.

Мен қайықты жайлап бұрып алдым. Жаға алыста жатыр. Жеңiл сырғып, үдемелеп сыдыртып, жиекке тақап келемiз. Ол селқос отыр.

– Қамыққанды қой.

– Ұйқы қысып, жанарым жұмыла бередi.

– Кешке не істейміз?

– Бiлмеймiн.

– Руслан әлi осында ма?

– Осында.

– Маған ертең Алматыға қайту керек.

– Уақыт тез өтiп кеттi. 

– Оқуың не болды?

– Римді, Италияны қалап алдым.

– Жақсы ел, ауа райы да қолайлы, жайма-шуақ.

– Сабақ қашан басталатыны белгiсiз.

– Мен Алматыда қыркүйек айының отызыншы жұл-дызына дейiн боламын.

– Романды аяқтайсың ба?

– Жоқ.

– Көп қалды ма?

– Барлас пен Надираның үйлену тойы бар.

– Тойы қашан еді?

– Қыркүйек айының ақырғы аптасында.

– Маған романыңды оқытшы.

– Оқытайын.

– Мен Ыстықкөлден қайтқанша жағалауда өткен күндерiмiздi жазып қой.

– Ол жүйрік қаламның бабына, шабытты көңілдің хошына байланысты.

– Нақ бүгін қай жерiне келдің?

– “Азия дауысы” байқауының гала-концертi өткен күнге.

Жаға жақын қалыпты. Қолым шаршап, қарым тала бастаған. Айдана Саматқызы көзiн сығырайтып пансио-нат үйлеріне қарады, сосын жүзiн маған бұрды.

– Шыда.

– Сұлап түсетiн шығармын.

– Саған ерте тұрудың қажетi жоқ.

– Қолың талды ма?

– Ештеңе етпейдi.

– Руслан сенi боксшы ма дейдi.

– Сен не деп жауап бердiң?

– Иә, дедiм.

– Сосын?

– Ойланды.

Қайық екпiндеп барып, қайраңға соғылып, су кемеріне тiрелдi. Айдана орнынан тұрып, құмға секiрiп түстi. Мен қайықты берi тартып, жиекке шығарып қойдым. Екеумiз киiмiміздi алып, салқын душ қабылдауға кеттiк. Содан кейiн ол ұйықтап алатын шығар.

ХҮIII тарау

Бостерiден күндiзгi төрттiң шамасында қозғалып кеткенбiз. Автобус Чолпон-Ата шаарына жеткен соң, сәл аял қылды. Сол-ақ екен, көліктен жапырыла түскен жұрт қарақат пен өрiк сатып алуға жүгiрдi. Одан әрі бiз Сары-Ой, Тамчы, Кош-көл, Чырпыкты айылдарын басып өттiк. 

Жол бойы Ыстықкөл айдыны көкпен астасып сол қапталымыздан ілесiп отырды, асығыс, суыт жүрген ұшқыр автобустан ұзақты кеш қалмай келе жатты. Мен көкжиекте шалқасынан жатып көсiле шалқыған ұшы-қиырсыз әдемі көлден бiр сәт көзiмдi алған жоқпын. Айдана Саматқызы бардың төрiнде, едәуір үлкен би алаңында шаттана билеп, сықылықтап күліп жүрген шығар. Естеліктер дәптері, күнделік жазбалар тұрғысында қолға алынған көркем роман жайлы ойға батып, сапарнама тарауларын жадыма түсiрмекшi болдым. Арайын шашқан күн қызылы ұясына бауыздалып қонған шақта, Тору-Айгыр мен Қызыл-Өрiк айылынан озып, Балыкчы шаарчасына кiре бердiк. Ыстықкөл сүйiрленiп барып, шаарча басталған тұмсықтан үзiлiп қалды. Менi көңiлсiздiк жайлады. Автобус кедергiсiз зымырап, Ыстықкөлден бiрте-бiрте қашықтап, аулақ кетiп барады. Дала жым-жырт, апақ-сапақ уақыт. Кок-мойнақ елдi мекенiне құлағанда, жолдың сол жағынан баяу аққан жыланшық өзен көріндi. 

Боом шатқалына ендiк. Ыстықкөл шалғай жатыр. Көл жағасында қыздырынған Айдана Саматқызы есімнен шықпай қойды. Қазiр шулы бар iшiнде шампан iшiп, менiң кетiп бара жатқанымды топшылап, қапылыс шерленіп қалатын шығар. Бiз кiдiрiс жасайтын орынға келiп жеткен кезде, автобус тежеуiштi басып, тiзгiнiн тартты. Тысқа шығып, жолды кесiп өттiм де, “Боом” кафесiне кiрдiм. Кафеде ығы-жығы кісі, сапырылысқан халық. Жұртқа қунақ қызмет көрсетiп жүрген – жас қырғыз әйелi. Үш рюмка қырғыз коньягын сұратып жiбердiм. Әйел табаққа салып, үш рюмка коньяк және стақан толы мандарин шырынын әкелдi. Мен оған ақысын төледiм де, үстiнен азырақ ақша тас-тадым. Даяшы әйел бiр қолына табағын ұстап тұрған, екiншi қолын алдына байлаған алжапқышына сүртiп, маған ұсынды. Сосын, ақшаны ала салып, үстелден жылдам алыстап кетті. Коньякты жұтып жiбергенде, тамағымды қырнап, кеудеме құйылды да, айналасын қыздырып бара жатты. Құнарлы сусыннан іштім. Үш рюмканы тауысқан соң, шырыннан тағы ұрттап, кафеден шықтым да, автобусқа беттедiм. Кемин шаарчасына жете бере, көзiм iлiнiп кетiптi. Көлік Георгиевка қалашығына барып тоқтағанда кенет оянып, терезеден көшеге қарадым. Алакөлеңке қараңғылықта екi әйел мен үш ер адам түсiп жатыр екен. Менi қайта көңiлсiздiк иектедi. Автобус жайлап орнынан қозғалды. Кiрпiгiм айқаспай қойды. Көлік ыңыранып жүрiп келеді. 

Бір кезде оттары самаладай жарқырап Алматы шаһары көрінді. Көше бойлап нұр шашқан бағаналы шамдар қаптап жанып тұр. Тізгін тартқан көлік аялдамалар табанына тоқтағанда, өзiмдi біртүрлі жайсыз сезiндiм. Төле би көшесiнен, жаңа автовокзал қасынан түстiм де, ең шеткi таксиге бардым. Шопыр шынысын түсiрiп, басын шығарды. Ол лезде келiстi де, мен жүгiмдi салонның артқы орындығына тастап, өзiм алдына жайғастым. Такси ескі Төле би көшесiмен баяу сырғыды. Түн баласында Тастақ ауданы әлдеқайда самарқау, недәуір жайбарақат тартып тұрғандай сияқтанады. Біртіндеп құлаққа ұрған танадай марғау тыныштық орнады. Жолайрықтар, қарауытқан ауланың іші, үйлердің маңайы алабөтен жым-жырт, ешқайдан дыбыс, шу естiлмедi, көшені қақ жарып оқшау келе жатқан такси көкіректегі жалғыздықты оятады. Жүргізуші “Алматы” қонақүйiне әкелiп тас-тады, алакөлеңке жарықта ақысын төлеп, артқы салоннан жүктерiмдi алдым. Сосын, такси абайлап кері бұрылды да, басқа жылдамдыққа қосылып, қонақүйден солғын ұзады. Мен ақырын Reception дәлізге қарай беттедім. Кiреберiс сенекте кезекшi әйел қалғып-шұлғып маужырап отырған. Менi көрiп, бойын жинап, еңсесін тіктеді. Ол құжатымды мұқият қарап, еркiн кiретiн рұқсат қағазын жазып бердi. Пұлды алған соң, бөлменiң кiлтiн ұстатты. Лифтiмен қалт лықсып үшiншi қабатқа көтерiлдiм. Ұзын дәлiзбен сүйретiле жүрiп, сол жақ қапталдағы науан есiктердiң кезек сандарын оқи бастадым. Үш жүз оныншы бөлменi тапқан соң, құлпын ағытып, табалдырықтан аттадым. Ауызүй көзге түртсе көргісіз тастай қараңғы. Сипалап жүріп түнгi шамды жақтым. Бөлме ішіне алакеуiм жарық құйылды. Креслоға отыра кеттiм де, көйлегiмдi шешiп, төсекке лақтыра салдым. Басымды көтерiп едiм, қарсы қабырғадан шарайнаны байқадым. Күреңітіп күнге күйген қызғылт қоңыр денем шыныдан жақсы көрініп тұр. Ыстықкөлде өткен тамаша күндерді әйгілеп тұрғандай. Жүрегiмдi сағыныш сезiмi шымшыды. Орнымнан көтеріліп, тысталған көрпені ашып, төсегiме сүңгідім. Кірпіктерім айқаспай қойды. Ұйқым қашты. Көз алдыма шүпілдеген суы кемеріне жетіп толған Ыстықкөл келеді. Орындықта жатқан сағатыма қол создым. Таңғы бес, құлқын сәрі. Қара мақпал түн түндігі түріліп, қараңғылық сейілетін беймезгіл уақыт. Елең-алаң. 

Зады, тезiрек Асқат Жақанұлына жолыққан абзал. Ол ұдайы – көңілге алданыш, әрдайым дітке жаққан – оңды, тәуір нәрсе айта алады. Қарағайлыдан қайтпаған болса, Нұрлыбек Асқарұлын iздеп табуға, бір көруге тиістімiн. Мүмкiн, оның жанға медет, дәтке қуат, қапысыз алдарқатар жақсы сөзi бар шығар. Бүкіл шаһар саяқтықтан шерменде, қамырықты мені ескірген қоныс, сары жұртқа жалғыз тастап, таудай қопарыла, дүркіреп, үдере көшіп кеткен сияқты.

ХIХ тарау

Нұрлыбек Асқарұлын Ұлттық университеттiң бокс залынан таптым. Ол қабырға іргесіне таяу салбыратып қойған былғары қапшықты солқылдатып бүйірінен ұрғылап жүрдi. Үстiне боксшы киiмiн киіп, қолына шингарт тартып алған. Менi тақап қалғанда байқады. Қапшықты селкілдетіп жұдырықтауын доғарып, күлiмсiреп тосып тұрды. Екеумiз құшақтаса кеттiк.

– Қарайып кетiпсiң, – дедi ол.

– Тәуір демалдық.

– Мен осында болдым.

– Көп жаттығасың ба?

– Жететiн шығар.

– Асқат Жақанұлын тауып алайық.

– Маған киiм ауыстыру керек. 

– Жақсы. Тыста күтемiн.

Ол бокс залында қалды да, мен шығар есiкке қарай бет алдым. Шетжол жиегiнде бояуы оңған сәкi бар еді. Сәкіге барып отырдым да, газеттердi ақтара бастадым. Барлық газеттiң бiрiншi және үшiншi бетiне Дiнмұхам-мед Ахметұлы Қонаевтың қаралы суретi басылып, астынан қысқаша қазанама берiліптi. Марқұм тамыз айының жиырма екiншi жұлдызында дүниеден озыпты. Далаға Нұрлыбек Асқарұлы шықты. Біз тротуарға түстiк те, Тимирязев көшесiне маңдайымызды түзедiк. Күн ысып кетіпті. Сағымға шомылған үйлер көзге бұлдырап шалынады. Нұрлыбек үнсiз келе жатыр. 

– Қонаевтан айырылдық, – дедi ол.

– Сен құрмет тұтатын жазушы да биыл дүниеден қайтты емес пе?

– Иә.

– Тәуiр жазушы.

– Оған дау жоқ. Бiрақ дегдар тұлға тым ерте үзiлдi.

– Өмiрде қашанда солай.

– Асыл қаламгер соңынан мықты туындылар қал-дырды, алайда оған тек “Атау-кере” романын жазбау қажет едi.

– Оқымаппын.

– Бұл роман оның әлсiз жақтарын байқатып алды.

– Қонаев киіз туырлықты қазақ үшiн айрықша жан едi.

– Бiлмеймiн.

– Неге?

– Маған бұйралардың[1] ешқайсысы ұнамайды.

– Бекер, – дедi Нұрлыбек Асқарұлы.

Бiз Тимирязев көшесiнен такси ұстап, ат басын Ақсай мөлтек ауданына бұрдық. Салонда қазақтың ұлттық әуенi шырқалып жатты. Асқат жалға алып тұрып жатқан үйдiң iргесiнен – жолақы төлеп көліктен түсiп қалдық. 

Ол үйде отыр екен. Есiктi ұйқысыз түннен түрi бұзылған сұңғақ бойлы жас бикеш ашты. Оның көздерi қысыңқы, ернi дүрдиген қалың. Бiз Асқатты іздегенімізді айттық, ол күлiмсiреп төрге озуымызды сұрады. Босағада аяқкиiмiмiздi шешiп, жиып қойдық. Телебағдарлама тамашалап жатқан Асқат Жақанұлы бiздi көрiп, диваннан түрегелдi. Үстiне көгiлдiр реңді спорт кәстөмiн киiп алыпты. Оның да ұйқысы шала сияқты. Көзi кiртиiп кетіпті.

– Қашан келдiң? – деп сауал тастады ол.

– Кеше.

– Таудың ауасы мен көлдiң суы жаққан тәрізді.

– Айдана әлi сонда демалып жатыр.

– Оның көңiл-күйi қалай?

– Жақсы.

– Бозбала жiгiттермен қыдырып жүр ме?

– Мейлі, қыдырсын, бірақ өмірде опа бар ма?

– Жай айтқаным ғой.

– Өзіне бүкіл Ыстықкөл ғашық.

– Маған қазақы мінезі жоқтығы ұнамайды.

– Заты жайдары мінезді, жарқын жүзді адам.

– Мүмкiн.

– Мына бойжеткен кiм?

Бойжеткен дастарқан жасауға кiрiстi. Ортаға дөңгелек, аласа үстел әкелiп қойды. Асүйден тағамдар тасыды. Бiраздан кейiн жоғалып кеттi.

– Абай бол, – дедiм.

– Сақтануды бiлемiн.

– Өзi үндемей ме?

– Өзіне бәрiбiр.

Бойжеткен босағадан қайта көрiндi. Ол шәугiм әкеле жатты. Маған тiктеле қарап, әлсiз жымиып қойды. Бiз шайға отырдық.

– Третьяков галереясының көрмесi ашылмақшы, – дедi Нұрлыбек.

– Сен болып па едiң?

– Мәскеуде оқығанда, түгел көрiп, аралап шық-қанмын.

– Барайық, – дедi Асқат.

– Айдана Саматқызы келсiн, – дедiм.

– Қапшағайда уәде берген, – дедi Нұрлыбек Асқар-ұлы.

– Жақсы, күтейік.

Шай iшкен соң, Асқат Жақанұлы көршi бөлмеге өтiп, бiрнеше газеттер алып келген. Оның барлығында Д.А.Қонаевтың қайтыс болуына байланысты басыл-ған азалы, қаралы беттер бар екен. 

– Бiз естiдiк, – дедi Нұрлыбек Асқарұлы.

– Мен бүгiн ғана баспасөзден оқыдым.

– Жақсы адам едi, – дедi Асқат.

– Бiлмеймiн.

– Ертең жерлейтiн күні екен, – деді Нұрлыбек Ас-қарұлы.

– Барасың ба?

– Иә.

– Менiң басқа, шұғыл жұмыстарым бар, қоштасарға үлгере алмайтын шығармын.

– Елге бәрiбiр, – дедiм.

– Ол бiздiң елдi көркейткен, – дедi Асқат.

– Белгiсiз.

– Неге?

– Қазiр қай жерi көркейiп, гүлденіп жатыр. 

– Оның кiнәсi емес.

– Иә.

– Барлас пен Надираның тойы қашан? – деп сұрады Асқат.

– Осы аптаның аяғында.

– Бара алмайтын шығармын, – дедім мен.

– Түркiстан тиiп тұрған шаһар емес пе.

– Маған Айдана Саматқызын күтiп алу керек.

– Асқат та бармаймын деп отыр.

– Нұрмұхамбет Асанұлына Талдықорған, Жаркент жаққа баруға келiсiм берiп қойғанмын.

Одан кейiн бiз тысқа шықтық та, қол алыстық.

– Романның тағдыры қалай? – деп сұрады ол.

– Аяқтай алмай жүрмiн.

– Чехов секiлдi күрт үз де, тамамдай сал.

– Көремiз.

– Айтқан сөздерiмiздi келтiресiң бе?

– Өзгертiп жазамын.

– Есiмiмiздi сол қалпында қалдырғаның дұрыс болар.

– Иә.

– Ардақ екеуміз туралы жазбай-ақ қой.

– Романның өзi бiледi. Кiтап та адам тәрізді өмір сүредi, кешегi жаңсақ, қапылыс басқан қадамыңды түзете алмайсың, келесi беттерден бейхабар, дерексіз жүресің. Жазылып бiткен кiтап таусылған ғұмыр сияқты. Бірак, кiтап жарық дүние есiгiн ашып жатқан Адам Атаның балалары секілді өмірге толассыз келе бермек.

Асқат үнсiз тыңдап тұрды. Бiздiң өзiмiз қайтадан жазып шығуға болмайтын ғалам кiтабының парақтарына ұқсап кеттiк.

ХХ тарау

Мақсұтты “Шегiз” ресторанынан тауып алдым. Орман екеуi қуырылған ет жеп, шырын iшiп отыр екен. Келе жатқанымды көрдi де, орнынан тұрып, қарсы жүрдi. Кездескен тұсымызда құшақтасып амандастық. 

– Қазiр қайда барасың?

– Ешқайда.

– Бiзбен бiрге жүр, Қырғауылды ауылында туған дау-жанжалды шешiп беру қажет.

– Жарайды.

– Бүгiн таңертең Коля келiп, танысының жұмысы хақында айтып едi. Бiреуге үш килограмм анаша сатыпты, долларға және кеңес ақшасына. Айлакер та-уарды алып, ақысын бермей, алдап қашып кетiптi. Кейiн Коляның танысы соңынан iздеп барса, бiр топ жiгiттерімен қорқытып жiберiптi. Кешке кездесуге сөз байласып, уақыт белгілеп қойған екен, бiзге жәрдем бересіңдер ме деп өтiнiш айтқан еді. Бірден келістік.

– Неше адамсыңдар?

– Он екi.

– Арасында мен танитын бiреулер бар ма?

– Көбiсi тақауда қосылған қазақтар.

– Түсiнiктi.

– Тамақ iшесiң бе?

– Жоқ.

– Орман болсын, сосын тысқа шығайық.

Ас iшiп болған Орман қасымызға таяды. Ол қолын беріп амандасты да, маған күлiмсiрей көз тас-тады.

– Не жаңалық бар?

– Әзiрше ешқандай жаңалық жоқ.

– Уақыт түгесілiп қалды, кездесуге бару керек.

– Естiдiм.

– Данай барсын, – дедi Мақсұт.

– Қауiп мол, басымызды қатерге тiгiп барамыз.

– Қу ақша не iстетпейдi, – дедi Мақсұт қайтадан.

– Кеттiк пе?

– Иә.

Үшеумiз көшеге шықтық. Алматыға алакеуiм шақ орнапты. Ленин даңғылы бейуақта толқындана аққан автомобильдер тiзбегiне толып кеткен. Кешкi салқын ауа тынысымызға құйылып, бойға соны леп әкеледi. Қонақүйдiң алдында екi бикеш пайда болды. Бiздi нысанаға алып, самарқау жүрiп келедi. Екеуi де қысқа етек белдемше киіпті, блузкаларының түймесiн ағытып тастаған. Бiзге жақындап келдi де, бiр-бiрiне алма-кезек қарап, күле бастады. Бiреуiнiң кеудесi үлкен, шала жапқан омыраулықтан айқын көрiнiп тұр. Екiншiсi арықтау келген, ұзын сирақ, өзi тым қатты жүдеп кетiптi, шығыңқы іші андағайлап жанарға түседi. Шермиген қарын жадау өңге біртүрлі жараспайтын тәрізді. Көңiлге аяныш туғызады. Әлде оны кiнәлауға болмай ма?

– Шылым шегiңдер, – дедi Орман.

Екi тал темекi ұсынды. Шермиген қарны бар, ұзын сирақ бикеш әуелi қолын созып, шылымды алды да, саусағымен домалатып, аузына салды. Мақсұт шырпы жағып, көлденең тосты. Темекi тұтатып жатқан қыздың омырауы сырт көзге анық байқалмайды. Бо-йына біткен баланың болашағы жайлы ойланғым келдi. Бикеш үшiн мұнда тұрған еш қасiрет жоқ секілді. Аузынан бұрқ етiп көк бұйра түтiн толқынданып шыққан. Екiншiсi езуiн тартқан қалпы оттыққа ұмсынып барады.

– Демаламыз ба?

– Бiз қымбатқа түсеміз, – деп жауап қатты толысқан денелiсi.

– Және де тек сүйген жандармен ғана демаламыз.

– Бiз үлгеремiз бе? – деп сұрады Мақсұт.

– Үлгеремiз, – дедi Орман.

– Такси ұстайық.

Орман жолға көтеріліп, қолын бұлғай бастаған. 

– Біз әлі келіскен жоқпыз.

– Көңілдеріңізді доллар табады.

– Жарайды.

Такси тоқтады да, Мақсұт екi қызды жетектеп сүйреткен бойы салонға енгiздi. Менi шопырдың қасына жайғастырған Орман артымыздан басқа көлікпен қуып жетемін деп сыртта қалып қойды. Автомобиль Абай даңғылына шұғыл бұрылды, сосын жылдамдығын арттырып, жұлдызша аға жөнелді. Өзге жеңiл машиналарды қуып жетіп, сынаптай сырғып ілгері озып келедi. Алдымызға “Toyota” автомобилi түсiп алды. Желтоқсан көшесiне иек асқанда, сол қанатына тiзгiн бұрып, көзден ғайып болды. Бiз Наурызбай батыр көшесiне тақап келген кезде, такси тежеуiшiн басып, жол жиегiне iлiне бере, тоқтады. Мен ақысын төлеп, есiктi ашып, салоннан шықтым. Бикештердің түсуiне бiр-бiрлеп көмектескен Мақсұт есiгiн жауып, берi жүрді. Сол қиылыстан Абылайды көрдiк. Ол бiзге қарай тез басып келiп, қолын бердi.

– Машина күтiп қалды, жаңа өзгерiстер бар, – деді Абылай.

– Орман келсiн.

– Мыналар кiм?

– Жезаяқ, қыдырымпаз, жақсы қыздар.

– Қайтарып жiберiңдер, әйтпесе кешiгiп қалуымыз мүмкiн.

– О баста келiспейiк деп едiм.

– Жiгiттiң екi сөйлегенi – өлгенi, – дедi толықша денелiсi.

– Таяқ жемей тұрғанда... зытыңдар.

– Мына дәу сары Тәңiрiн ұмытқан ба?

– Қазiр соққыға жығылады, – дедi Мақсұт маған қарап.

– Қайтесің, ұрмай-ақ қоя бер.

Мақсұт толықша денелiсiн өзiне қарай тартып қалды да, өңменінен кейiн итерiп жiбердi. Бикеш шегіншектеп барып, әрi құлап түстi. Отырып алып, жылауға көштi. Ащы дауысы құлақтан өтеді. Өзi малдас құрып, ыңғайлы отырып алыпты. Ақымақ. Етегi жиырылып, аппақ күпшек сандарын ашып тас-таған. Жүктi қыз оның қасына таяп, төмен иiлді де, сықылықтай күлiп жiберді. Жылауқордың зары ендi ұятсыз күлкiге ауысты. Арсыз күлкiнiң жетегiнде кетiп барады. 

– Жезаяқтарға амал таусылды, – дедi Мақсұт.

– Кетпеймiз, – дедi жерде бүктелген қалпы.

– Маған шикіл сары ұнады.

– Теуіп қалып, шалқаңнан түсірейін бе?

– Айбат шекпе, қоқан-лоқы жасап, ешкiмдi қорқыта алмайсың.

– Қоқан-лоқы емес, бұл таяқтың нақ өзі.

Мақсұт оны зор жұдырығымен қойып қалды. Ол теңселіп барып, шермиген қарнын кейін сүйрете, шалқасынан омақаса құлады. Жалпасынан түсiп, қимылсыз жатты, сәлден соң ыңырсыған үнi жеттi.

– Ештеңе етпейдi, – дедi жерде малдас құрған құрбысы.

Мен қасына келiп, жүрек соғысын тексердiм. Қарны дөңкиiп жоғары шығып жатыр. Бiр ауыз сөзге бола адамды қорлау, зорлық-зомбылық көрсету мақшарда ақталына ма? Қан айналымында пәлендей өзгерiс жоқ. Қолын түсiрiп, алқам-салқам ашық омырауын жауып, жерден тұрғызып алдым.

– Мына қыз әрі итеріп, бері тартты ғой.

– Бәрiмiз де адамбыз.

– Ақындар қызық, – дедi Мақсұт.

Қыз өзіне-өзі келе алмай тұр.

– Кейде талып қалады, – дедi құрбысы.

– Төсектi неге iздейдi екен, – дедiм.

– Жүкті, айы-күні толды, ендi мәселенi оңынан шешкiсi келедi.

Бикеш көк аспанға қапыда тесiле қарады. Оның көздерi үкінікіндей үлкен, қасы қарлығаш қанатындай қиылған. Терең дем алып, ауаны қинала жұтады. Адам ғұмырын кiтап парағы тәріздi жыртып тастауға да, кешкен тiрлiгiнен соңыра кiтап жазуға да болады. Алайда, соңғы кезде екеуiнiң де қадiрi қашып, құны айрықша құлдырап бара жатыр. Сөзді жүндей сабайтын дәуiрде адамды кiтап емес, дәулет билейдi, қоғам ақынға емес, саудагер дүниеқорға бағынады.

– Доссыңдар ма? – дедi жүктi қыз.

– Иә.

– Менi сүйемелдемей-ақ қойсаң болады.

– Талықсып кетпе.

– Сосын, толықсып та.

– Түсiнбедiм.

– Суретшiсiң бе?

– Жоқ.

– Омырауыма неге қадалып қарадың?

– Жай.

– Суретшi халық әйелдердi шешiндiрiп, жалаңаш бейнесiн көшiрiп алады деушi едi.

– Кiтап жазамын, – дедiм.

– Кiтап?

– Иә.

– Оны кiм оқиды?

– Білмеймін, мүмкін, бiреу табылар.

Бойын түзеп, көйлегiн жөндеп қойдым. Ол шашын қобыратып, төбесiне жинады.

– Ешқашан кiтап оқымаппын.

– Қазір жұрт оқымайды.

– Сен көп кiтапты тауысқан шығарсың.

– Көп.

– Кiтаптарда не жайлы айтылады?

– Махаббат, зұлымдық, сосын жақсылық жайында.

– Мен үшiн түсініксіз ұғымдар, бірақ адам ғұмы-рынан жазатын ештеңе жоқ екенiн анық бiлемiн.

– Бар.

– Қайдам. Кiтап оқитындар бөлек, алабөтен халық шығар, ал оқымайтындар мерзімді басылымдарды өртеуге қашанда әзiр.

– Неге?

– Барлық қасірет, шын бақытсыздық ақпарат құ-ралдарынан басталады.

– Жаңсақ пікір, – дедiм.

– Қайғының көзі, уайымның қайнары – кітап.

– Арнасы ше?

– Баспасөз. Жорналшылар шерді тарқатпайды, қоз-ғайды және таратады.

– Мүмкiн. 

– Оқу мұң тудырады.

– Қападар жан екенсің.

– Өмiр сүргiм келмейдi.

– Туу қиын, өлу – боқтан оңай, – дедiм.

– Сонда да.

– Өзiңе қол жұмсап көріп пе едің?

– Өзiме ме?

– Иә.

– Қорқамын. Құдай кешiрмейтiн iс. Бiзді топырақ-тан жаратқан – Тәңiр, топыраққа айналдыратын да Өзі. Өзiме-өзім қол салсам, ертең Құдай алдында жазықты болып, қатаң жауапқа тартыламын.

– Зады, Құдай адамзатпен тек кітаптар арқылы ғана тілдеседі.

– Шын.

– Кiтапты жек көруге хақымыз жоқ.

– Маған әңгiмемiз ұнай түскен сықылды.

– Құрбың күтiп қалды.

Бикеш ту сыртын бере, керi айналып, iлгерi жүрiп кеттi. Жолай құрбысы қосылып, екеуі күліп бара жатты. Қапелімде күлкі сап тиылып, олар ұзақ уақыт зеңгiр көк аспанға жүздерiн аударғандай болды. Мүмкiн, Құдай, тегі, қайыра естерiне оралған шығар. Барлығымыз не Тәңiр жоқтан жаратқан, не кiтап бардан сомдаған сана иелерi екенiмiз рас болса керек. Менi тосып, жiпсiз байланған Мақсұт пен Абылайға қарай маңдайымды түзедiм.

– Неге кешiктiң?

– Обал.

– Кiмге?

– Сәбиге де.

– Алдырып тастайды, – дедi Абылай.

– Ендi кеш.

– Өзi кiнәлi.

– Оған бәрiбiр, бойындағы нәрестенi – тек дұшпан көреді.

Мақсұт жауап қайырмады. Мүмкiн, ол мүлдем басқа нәрсе туралы ой толғап бара ма, кім білсін. Бiреудiң қайғысы басқаның жарасын сыздатпайды. Өзгенің қуанышы біреудің көңiлiн жадыратпайтыны сияқты да. Мұны қағаз бетiне түсіруiм әбден мүмкiн, бiрақ оны аласапыран кез оқымай кетпесе игi едi.

Бiз жаяу жүрiп келемiз. Көшеде қыбырлаған жұрт аяғы басылып қалыпты. Сәтбаевтың Желтоқсан көшесiне қиылысатын тұсына жақындап келдiк те, жолдың оң қапталына бұрылдық. Машина бiздi сол бұрышта күтiп тұрған.

ХХI тарау

Машина екеу болып шықты. Алты адамнан екiге бөлініп, шетелдік көліктерге мінiп алған біздер Байтұрсынұлы көшесiне бет түзегенбіз. Қараңғылық қоюлана түскен сайын самаладай жарқыраған оттар молайып келедi. Қысыла-қымтырыла мiнген жiгiттер түгел үнсiз, әредiк бiреуi ауық-ауық әлсiз жөтелiп қояды. Қылмысқа ақшаның күші итерген олар қауiптiң аузына, ажалдың тұзағына өздерi сұранып барады. Байтұрсынұлы – оңға бұрылар межеде аяқталып, Тимирязев көшесiне тура келiп түстiк. Онымен атқан оқтай зымырап, құйындата жөнелдiк те, бағдаршам кездесе кеткенде, қызыл түске кiдiрiп, қайтадан жылдамдықты шапшаң көбейтiп алдық. Оң жағымыздағы аялдамадан өткенде, Ұлттық университеттiң темiр шарбақтары көзге iлiге бастады.

– Жалғыз өзi бола ма? – дедi белгiсiз үн.

– Бiлмеймiн.

– Жанына ертiп алады ғой. 

– Солай шығар.

– Қанша доллар?

– Екi мың.

– Әжептәуiр дүние.

– Өзi шеге ме екен?

– Иә.

– Онда жағдай қиындайын дедi.

– Көремiз де.

– Қай тарапқа тартайын?

– Оңға.

– Мынау тұйық жол сияқты.

– Сол қапталға бұрылып кетедi.

– Бұрылды.

– Үйдi айналып кет, одан әрi – айдала.

– Осы жерден?

– Иә.

– Жәпiрейген бiрдеңе ғой.

– Күтiмсiз қалған да.

– Иесiз үй ме?

– Кәрi шал жүретiн, қайтыс болған шығар.

– Алматыда сондайлар көп.

– Әне, олар анау ағаштың түбiнде.

– Тiк жүре берейiн бе?

– Жол өзi апарады.

– Екеу секiлдi.

– Екеу.

– Болды ма?

– Сәл жүре түс.

– Қолдарында ештеңе жоқ па деймiн. 

– Тоқта.

Машина дiңi жуан ағашқа жете бере, жүрiсiн iрiктi. Бiз бөгелiп, бiраз тұрдық. Айнала көз байлайтын қара түнек, бейсауат адам жүрмейтін кәдімгі құла түз.

– Мен барып келейiн.

Коляның танысы есiктi ашып, жерге түстi. Екеу міз бақпай, манағы қалпында тұр. Автомобильдiң есiгi сырт етiп, баяу жабылды да, әлгі екеудi бетке алған ол ақырын аяңдап кеттi. Шопыр жарықты сөндiрiп еді, ештеңе көрiнбей қалды. Екiншi машина келiп, қатарымыздан тоқтады. Моторын өшіріп, жарығын үш адамға төкті. Олар ұзақ сөйлесті. Белгіленген уақыттан кешiктi. Салонда қалған жiгiттер мазасыздана бастады.

– Өзiм кiрiссем бе екен, – дедi Қуат.

– Сөйт.

– Мақсұт барсын.

– Екеумiз де.

Тысқа әуелі Мақсұт шыққан. Ізін ала ірі сүйекті, жалпақ жауырынды Қуат түсіп бара жатты. 

– Сендер артық әрекет жасамаңдар. 

Екеуi иiрiлген үшеуге таяғаны сол едi, милициялар қаптап кетті. Жан-жақтан қыспалап, қоршап, шеңберге ала бастады. Мақсұт жан ұшырып, берi ұмтылды. Оны бiреу аяғынан қағып, шалып құлатып түсiрдi. Етпетiнен жығылды. Қайта атып тұрды, шеңбердi бұза, далаға қашты. Оны соңынан бiреу қуып берді. Жалма-жан пистолетiн шығарып, Мақсұтты қарауылға iлiп, айқай салды.

– Тоқта.

Мақсұт бәсеңдеп, артына қарады, бiр-екi басып барды да, тұрып қалды. Бiздi бiр-бiрлеп далаға алып шығып жатыр. Кезек маған келдi. Милиция қара көзді, түсi суық қазақ жiгiтi. Менi қолтығымнан тартып, жұлқып қалды да, тысқа сүйреп шығарды, сосын автоматтың дүмiмен көкiрегiмнен нұқып жiбердi. Соққы қапылыс тиіп, кеудемді ойып жібере жаздады. Желкемнен тас қып ұстап, төмен басып, жерге сұлатып салды да, екi қолымды қарақұсыма көтерткізіп, аяқтарымды қосқызып, қимылсыз жатқызып қойды. Маған қатар Коляның өзi жатыр. Қуаттың ашынған дауысы естiлдi. Бәрi жабылып, аяусыз тепкiге алған шығар. Сүйекті еді, енді ірілігінен таяқты да көп жейді. Мұрнымның ұшына бiреудiң қара бәтеңкесi тақап келді. Бетiме сыз жердің суық тас қиыршықтары батады.

– Түрегел, – дедi әлгi.

Мен тұрып келе жаттым. Жаңағы қара бәтеңке оқыс iшiме келiп тидi де, қолп еткiзiп кейiн ұшырды. Iшiм бұралып, бүк түсiп құладым да, жиырылып, көлденең жатып қалдым.

– Иттер, – дедi Орман.

Оның сөздерi күрт үзiлдi. Мұрнымды анашаның қоңырсыған иiсi қытықтады. Басымды көтерiп, автомобильге көз салған едiм. Автоматын иығына салақтата iлген милицияның бiр солдаты салонға шөп шашып жүр. Бiзге тағы да жала жабылатын болды. Бәтеңке қайыра таяп қалыпты.

– Жат.

Не iстесек болады. Түбi қайыры жоқ сапарға айналды. Бәтеңке менен жылдам ұзай бердi де, жүрiсi құлаққа алыстан шалынды. 

– Түгел тұрыңдар.

Орнымнан тұрып, төңірегіме назар салдым. Кенет Орман жұлқынып қалып, қолын артына қайырған милиционерден босап кеттi де, автомобильдiң тұмсығынан қарғып, су қараңғы даламен қаша жөнелдi. Тұтқыннан айырылған сақшы жігіт автомобильге сүйене мыл-тығын көздеп, шұғыл атып қалды. Орманға тимедi ме, әлi жүгiрiп барады. Өзi мүлдем көрiнбейдi, сыбдыр естiлген жаққа елегізіп, елеңдесе – үрке қараймыз. Берi қайтып келдi. Қуатқа жете бере, тiк соққыны сiлтедi. Шайқалып кетiп, Қуат бойын қайта жинады.

Бәрімізді бiр-бiрлеп машинаға мінгізді. Ескі сораптың сүрлеміне түсіп, асықпай жүрiп келемiз. Түрмеде түнеп шығатын болдық та. Қандай жаза қолданары белгiлi. Достардан бөлiнiп, қайда барып жан сақтайсың. Макс алақанымды тауып алып, әлсiз қысты. Олар үшiн бұл әдепкі, үйреншiктi нәрсе. Бекер қорқып, қоян жүрек болма дегенi шығар. Алматыға келiп кiрдiк. Жолдың бойын жағалап, тізіліп жанған шамдар соңымызда қалып қоймай, жаман күшiкше қос қапталымыздан ерiп келедi.

Көңiлiм жабырқады. Жадыма тез өтіп жатқан қайран ғұмыр, баяу жазылып жатқан есiл роман оралды.

– Не жайлы ойлап отырсың? – дедi Мақсұт.

Салон iшi тастай қараңғы. Ешкiм жөтелмейдi, бейсауат ештеңе салдырап келе жатқан жоқ.

– Өмiр жайлы, – дедiм.

ХХII тарау

Мақсұт қарулы бiлегiмен жауырынымнан қапсыра құшақтап, күректей алақанымен иығымнан қаттырақ қысып қойды. Автомобиль доңғалақтары теп-тегіс асфальт жолмен сылбыр айналады. Бiз орталық футбол стадионы iргесiнен өтiп бара жаттық. Бал-уан Шолақ атындағы спорт сарайы көрiне бергенде, шопыр басқару жүйесi тетігiн сол қанатына бұрды. Кiшкене жылжып келiп, оңтүстікке бет түзедiк те, онымен ұзақ жүрмей, сол жақтағы Масанчи көшесiне, кинотеатрға иек артып барып, Қабанбай батырды көлденең қиып алдық. Жүрiсiн бәсеңдеткен машина жылдамдығын азайта берiп, қалт тоқтады. Алдыңғы орынға жайғасқан милиция сержанты есiктi ашып, сыртқа секiрiп түстi. Есiктi қайыра жапты. Үстiн ретке келтiрiп, жөнделiп алған соң, үйдiң iшiне кірдi. Түкпiрден темекiнiң қышқылтым иiсi аңқып, бiрсiн-бiрсiн салонға жайылып барады. Оған бiреу ты-йым салып тастайтын шығар. Зекiген ешкiм болған жоқ. Тысқа манағы сержант шықты. Жанына майор шеніндегі офицердi ертiп алыпты. Олар темекi тартып, әжептәуiр бөгелдi. Қоңыр күздiң түнгi салқыны жаурата бастады. Екi бiлегiм мұздап қалыпты. Шылым шеккендер цемент баспалдақтан түсiп, бiздi бетке ала, берi аяңдады. Бағанағы бiрге келген екi сақшы тұтқаны басып, есiктi ашып жiбердi. Бәріміз топырлап сыртқа ақтарылдық. Иiн тiресе тағы екi автомобиль қаңтарылыпты. Бiреуi – бағана бiз мініп келген машина, екiншiсi – атырапқа көк жолақ жарық шашқан өздерiнікi. Майор барлығымызды бастан-аяқ шолып шығып, маған жеткенде, жанар тоқтатып ұзақ қарады. Сарғыш шегiр көздерi өңменiмнен өтіп, тесiп бара жатқандай.

– Сержант, – дедi.

Сержант берi жүрдi. Қасына тақап келдi де, оң қолын шекесiне апарып, iзет көрсеттi.

– Ұйымдастырушы осы емес пе?

Сұқ саусағымен менi нұсқады.

– Тексерген жоқпыз.

– Тап осы ма деймiн.

– Ұйғарымыңыз ақылға сияды, майор.

– Бөлмеге әкелiңдер.

Майор теңселе басып, табалдырыққа жеттi де, оң қанатына бұрылды. Жақтаудың қалтарысына жасырына берiп, назардан ғайып болды. Бәріміз қолымызды желкемiзге асып тұрдық. Сақшылар молыға түскен сықылды. Бiр iзбен тiзiле жүрген қапсағай денелi балуан жiгiттер түгел үнсiз. Жоғары жақтан екi айда-уыл әр бозбала жігіттің қолын түсiрiп, жеке-жеке темiр кiсен салып келедi. Мақсұтты кісендеп, шынжырлап болған соң, маған таяды.

– Оған тиiспеңдер, – дедi сержант.

– Оны не iстеймiз?

– Майор сөйлеспекшi.

– Қазiр ме?

– Иә.

– Жүр.

Менi иығымнан жұлқыды.

– Жұлқыма.

– Арамтамақтар, – дедi айдауыл.

Есiк алдына жұрт толып кетiптi. Iштен хабар алғысы келген ағайын-туыс, дос-жаран жанашырлар да. Бiздiң топқа жақындап қалған мосқал кемпiр байланып-маталған жiгiттерге үрейлене қадалады. Менi итерген айдауылға тақап, жүзіме қарап тұрды да:

– Бұлар кiсi өлтiргендер ме? – деп сұрады.

– Жоқ, – дедi сержент.

– Ұсқындары қорқынышты екен.

– Елдің ақшасын тонайтындар.

Мосқал кемпiр бiзге тым жақын келдi. Мақсұтқа телмiрiп едәуір бөгелдi, сосын маған көңiл аударды.

– Арсыздар.

Көзіммен жер шұқыладым. Ұяттан емес, ызадан.

– Еңбекшіл халықтың ақ адал нанын тартып жеген қанқұйлы жауыздар.

– Қателесесiз, – дедiм.

– Жауаптасуға қалай ұялмайсыңдар. Залымдар, ниеті бұзық, пейiлi терiс, қыршынынан қиылғырлар.

Жұлдыздары қалтыраған шексіз аспанға назар салдым. Тұңғиық әлем ғана терең ойларға маза беретiн сияқты. Адамның iшкi жан дүниесiн ұғу үшiн ғаламдай шексіз кеңiстiк қажет. Біржақты түсiнiк, ешкiм тастап кете алмай жүрген аядай шаһар әрдайым ойымызды тұсай бередi. Адам баласы әркiмнен тек зұлымдықты күтедi. Біреудің биік ақыл-парасаты, қилы ой-өрiсi кейде ескі арнаға сыймай жатады. Жер шарына табиғат жаратылысы мен адами қасиеттердің ара салмағын қайтадан айырып беретiн жаңа көсемдар тұлға жетiспей жүргенге ұқсайды. Кемпiр әрбiреуiмiздiң бетiмiзге сұқтана үңiлiп, жөніне кетiп барады. Арқама мылтықтың дүмi соғылды да, тиген жерін солқылдатып, ауыртып жiбердi.

– Жүр.

Мен iлгерi аттадым. Әр нәрсенiң себебiн тереңнен қопарған дұрыс шығар. Есiктен кiрiп бара жатып, жұлдыздары самаладай жарқыраған аспанға жанарымды тiктедiм. Жанағы толқыныс сезімі ұшты-күйлi жоғалып кетiптi, меңiреу жаратылыс қайта мылқау қалпына көшiп алыпты. Расында, ойлайтын өзiміз ғана. Түйсiксiз дүние, ессіз ғалам ешқашан ойлап, сөйлеп көрген емес. Жаңғырықта басы шабылуға даяр – жол торып, ел тонаған жырынды қарақшыға да, жары ұл тауып, қуанышы тасыған – жиһанкез саудагерге де әлем жүзі шiмiрiкпей, немқұрайды, бiрдей қарап тұрады. Ол бiздiң шырқырай жоғары бойлаған қатты айғайымызға тас керең, ауырсынып жатқан, денемізге түскен жарақатымызға көр соқыр. Әуелi көк аспанға наз айтамын, содан кейiн оның барлығынан тыс орын алған ұлы Тәңiрге де.

– Осы жерден қозғалма.

 Айдауыл қоңырауды басты. Iле-шала ұлықсат еткен жауап үн құлаққа шалынды. Есiктi аяғымен ашып жiберіп, ол менi автоматтың дүмiмен нұқып, табалдырықтан әрi асырды. Бөлмеге аттап барып, майордың үстелiнiң алдына жетiп тоқтадым. Шекiрейіп қарайтын шегiр көз менi қомағайлана iшiп-жейдi. Төргi қабырғада Бүкілресейлік төтенше комиссия көсемiнiң суретi iлiнген. Дзержинский туралы алыпқашпа сөз, әзіл-оспақ күлкі, әжуа-сықақ әңгіме толастамаушы едi. Алматыдағы ескерткiшінiң құлағанына бiр жарым жыл өттi. Көз әлi тесіліп тұр. 

– Кiмсiң?

– Қаламгермін.

– Бірдеңе жазасың ба?

– Иә.

– Газетке?

– Жоқ.

– Енді қайда?

– Үйдемін. Шығармашылықпен айналысамын.

– Баспасөзге мақала дайындайсың ба?

– Жорналшы емеспін.

– Бәрiбiр ғой.

– Мүмкiн.

– Қырғауылды азаматының ақшасында не жұмыс-тарың бар?

– Қарыз.

– Не үшiн?

– Бiлмеймiн.

– Ұйымдастырушы қайсың боласың?

– Бәрi.

– Алдама.

Майор қоңырауына саусағын жүгiрттi. Есiктен айдауылдың басы қылтиды.

– Кiр.

Маған тақап келiп, қатарласа бере, жүрiсiн те-жедi.

– Бiр мәрте, – дедi майор.

Соққы оң жағымды қауып, шықшытыма тегіс дарыды. Құлап түстiм. Ептеп ауырғаны сезiлдi. Бетiм дуылдай өртенiп, қызуым көтерiлiп бара жатқандай. Тiзерлей отырдым да, үстiмдi қақтым. Түрегелдiм. Майор күлiп отыр.

– Мен ұрмаймын, – дедi. – Менiкi қаттырақ.

Жерге түкiрдiм. Қан түйiршiктерi жүр. Азу тiсiм зақымданған болуы керек. Аузым қанға толып келедi.

– Қолжуғышқа апар, – дедi майор.

Қан шып-шып етiп ернiмдi жағалады. Қанның осыншалық дәмсiз болатынын бiлсемшi. 

– Берi кел.

Бiз дәлiзге шықтық. Ұзын сенектi бойлай, самарқау iлбiп, қол жуатын бөлмеге келдік. Бұрандасын босатып едiм, сарылдап су аға жөнелдi де, құбырларды сылдырай қуып бара жатқаны құлаққа жеттi. Қолымды шайған соң, алақанымды шүмекке тостым. Су тез жиналды. Аузыма әкелiп, екi ұртыма толтырып алдым.

– Бол.

Тегі, қашып кете ме деп, қауіптенеді. Орман қапыда жол тауып кетті. Бiздi шығарып алу үшiн, бәрiбiр, бiреудiң сыртта, еркіндікте жүргені дұрыс. Дәулет – заң, жарлыда міндет қана бар. Меншiк иесiне заң көңілдің күйі тәрізді, өзі де, сөзі де қашанда айнымалы. Куәлiкке өкiмет жүргенде, үкім заң бойынша шықпайды, ешқашан мемлекетпен бетпе-бет жалғыз қалуға болмайды екен.

– Мойныңды жуғаның не? 

Қалтамнан қолорамалымды алып, бетімдi абайлап сүрттiм. Жағымның iсіп тұрған жері аңдаусыз саусақ дарып кеткенде қатты ауырады. Әйеншектене сипап көрiп едiм, қол тигiзбейтiн iсiкке айналыпты.

– Болды.

Екеумiз қайтып келдiк. Майор темекi қорабын ашып жатты. Бiр бұрышын жыртып алды да, бүктеп қоқыс салатын шелекке тастады. Қорапты сiлкiп қалғанда, бiр талы қылтиып шыға келді. Оны суырып алып, маған ұсынды. Басымды шайқадым.

– Сендейлерді, бәрібір, тас бөлме сөйлетеді.

– Ештеңе бiлмеймiн, – дедiм.

– Өтiрiк.

– Әкетейiн бе?

– Жалғыз қамап таста.

– Кiсенмен?

– Жоқ.

Айдауыл екеумiз қайыра дәлiзде тұрдық. Қолымды қарақұсыма көтергізіп қойған. Абақты есiктерi кезiге бастады. Кiдiрмей өтiп келемiз. Күбiр-күбiр дауыстар естiлiп қалады. 

– Тоқта. 

Қалтасынан бір бума кiлт шығарып, құлыпты босатуға кiрiстi.

– Данай.

Айқайдың қай тұстан шыққанын аңдап үлгермедiм. Құлып толық ағытылып, топсалар шиқылдаған әнiне басты да, бөлме түкпiрiнен төсек және жоғары жақтан тор қымтаған кiшкене терезе көрiнді.

– Кiр.

Аттап кеттiм де, аядай жерге қамалып қалдым. Есiк баяу жабылып, кiлттiң бұрала бастағаны аңғарылды. Сипалап жүрiп, төсектi тауып алып, тiземдi бүктiм. Артыма шалқайып барып, басым ағаш кереуетке жайлап мәш, нақ тигенде, екi қолымды желкеме апарып қойдым. 

Ницше ой түбіне жетемін деп, бүкіл әлемді билеп-төстеуші жаппар Құдаймен тайталасты. Мықтап алысты, жағаласты, кітабымен айқасты. Күндердің күнінде бірмойын, қырсық ойшыл – солқылдақ, адасқақ сенімінен түбегейлі бас тартты. Сөйтіп, көп ұзамай ақылынан адасты, ендігі мәурітте өзiн жын қақты, ақыры пәни дүниеден береке таппай, сорлап өтті. Ол нанымын көмескілемей, анық, кәміл сақтап, барлық сауалдың жауабын Тәңірдің өзіне, ұлы құзырына бергенде, есi бүтін, денi сау, аман-есен, шат күйiнде сүйкімді, әдемі қартайып, ерен атақ, жақсы абыроймен қайтыс болар ма едi. Зады, Жаратқанға серік қосып, қасынан орын тебетіндей, біздің – тылсым ғалам жұмбақтары шешімін тап-

қан – қайратты ақылымыз бар ма екен, тәйірі. Бірақ, ондай шексіз қуат, алып күш кімнің бойында бар дейсің. Тегі, бiз Құдайға деген жүрегіміздегі сенімді бекер өлтiрдiк. Адамзат санасы құпия жаратылысты түсiну үшiн Тәңiр танымынан тапшылық көредi. 

Мүмкiн, кім біледі, ниеті ала-құла адамзат үмбетінен Құдай, бісмілләһ, таза күдер үзіп, әрекетінен біржола көңілі суып, қара орман халықты ғарышта, шексіз кеңістікте, айдалада қаңғытып тастап кетпейтін шығар.

Кемеңгер, дегдар Гегель – жүйелі, берекелі пәлсапа құрап, тиянақты ақиқат іздеп, пайым қасиетiне бой ұрған, данышпандықтың қадіріне жеткен асыл да сайдақ тұлға еді. Ницше де ұлы кiтаптар жазды. Аталары – Кант, Шеллинг, Фихте, Шопенгауэр ақсақалдар да – өзі тәрізді дүниежарықтан тәртіп іздеді. 

Даналыққа құштар ойшылдар ізденістің мұратын ішкі әсемдіктен көрді. Көңіл тыныш қалпында бақытына жетеді, бақыт дегеніміз беймаза көңілдің орнықтылығында, сезімнің алаңсыз тыныштығында. 

Ішкі әсемдік – орнықты көңілдің қонағы. 

Жер бетінде ұзақ ізденістен не қажырлы еңбектен, кейде кездейсоқтықтан туған жалқы ой ешқашан дүниеден енді қайтып жоғалып-жойылып кетпейдi. Ойға оралған түйiн-тұжырым – не дүниеге келеді, не келмейді. Ешкiм ешқашан қайтыс болмайды. Менiң бiржола өлiп, жойылып кетуiм мүмкiн бе. Өлiм нелiктен тек қана жабық қақпа бола бередi. Әлде, адам, шынымен, мүсәпiр. Мүмкiн, адам, расында, ұлы. Қамшы сабындай қысқа ғұмырын терең мәнге, тұңғиық мағынаға сыйдыруға әлектенедi. Мейлi, содан кейiн оны ұмытып кетсiн. Бәрiбiр, бұл мәртебе кезектен соң, ол жарық дүниеге қайта айналып соқпай қойсын. Ұзақ, таусылмас, шексіз өмір кешетiн рухтың өзi тап мұндай көзсiз ерлiкке баратын ба едi, қайдам. Бiз дүниеден тәкаппар өтуiмiз қажет. Қорқып өмiр сүрген – ажалдан екi мәрте жеңiледi. Азғана мәулет бердiң бе, Жаратқан Ием, оны толығымен пайдаланамын. Пайғамбарларың тәрізді малдың терісіне сыдырып жүргізіп, ағаштың жаңқасына бедерлеп ойып байыптаудың жаңа нұсқасын жазамын, мен қатарлап тiзген сөз маржандары ақиқат болса – өзге жандар оны өздерi-ақ қасиетке балап алады. 

Фейербах жаңсақ айтқан екен, Ницше Сенi адамзат жүрегінде өлтiре алмапты, Камю қайтіп жоққа шығарған, Сартр бекер санаспай жүр.

Халықтың қарабайыр тiршiлiгi – Тәңір өсиеті адам бойына сіңді ме, жоқ па – мезгілді ұдайы сын тезіне салу тәрiздi. Құнарлы топырақтан жаралған біртуар, қайраткер тұлғалар әредік Құран шәріфте келтірілген иман жолына балама іздеп, көсем найза кезеніп ағаш диірменге қарсы шапқан Сервантестің қаһарманы Дон Кихотқа ұқсап кетедi. Піл сауырлы қара жердi тұрақ еткен қалың бұқара ғасырлар бойы көкірегіне толған ыза-кекті, тұла бойын буған ашу-ренішті, кеудесiнде қайнаған ежелгі қыжылды баса алмай, уайым-қайғысын санасына сақтап, көңіліне түйiп, ащы өксікке айналдырып, асығыс жетелеп келе жатқан уақытқа қайшы, алда күткен беймәлiм тағдырын шырақ ұстап, қараңғылықта баянсыз iздеуге ұшыраған сынды. Көктегi Тәңiрi мен бауырындағы Ұмайдан, шексіз аспан мен құрдымына жеткізбейтін түпсіз терең Жерден біржола үмiтiн үзген адасқақ пенделер бұлыңғыр, мұнар шалғайдағы анық ажалына әлдеқалай жаңылысып бет түзеп кетті ме екен, жоқ, күнгей қырқаның алқапты етегін жарып өтіп бара жатқан нулы өзенді, сеңсең бұйра толқын – қошқар мүйіз аршалы сайды, қайнардан шалқып күліп аққан асау бұлақты, қолдан қазып, төгерегін орып, ішін таспен қалап өріп шегендеген тік шұңқыр құз шыңырау құдықты – желкесіне ап маужырап жатқан кең шалқар көк жайлауға табан тiреп қалды ма, тегінде, құпиясын айтып, жұмбағын шешіп, оңы мен солын айырып, танып беретін данышпан кешегі шежіре, бүгінгі тарихта көп болғаны рас.

Зады, Иммануил Кант шексіз көсіліп жатқан ұшы-қиырсыз Сана Иесiнiң бар екенiне де, адамның түйсiк танымы – амал құрығанда өзі ойлап тапқан жай ғана қиялы екенiне де нақты дәлел таба қоюдың қиындығын алғаш қисындаған дана ойшыл еді. Бiрақ, Аллаһ Тағалаға серік қосып, Құдайдың Өзi отырған алтын таққа ретсіз, орынсыз таласу ақыр соңында тақа бейшара адамды өзара дау-жанжал, үлкен шатаққа ұрындырып, қасiрет-мұң, уайым-қайғы шектіріп, жәбір-жапа, жалғыздық көргізіп, жалпы, теріс әрекет, ауыр күнәға батырып жатыр. Сонда Құдіреті күшті Бұйрық Иесі, астағфируллаһ, Кiм, Жарлықты орындатқызуға қайсымыздың хақымыз бар? 

Крістиан сана күтіп жүрген Иса мәсіх, аләйһис сәләм, Аллаһтың Елшісі Мұхаммед, салла(А)ллаһу аләйһи уә сәлләм, Пайғамбар, мүмкін, өзін жеке бір үлкен тасқын, ұлы күш тұрғысында көруге ұмтылған бұқара көпшілік, астағфируллаһ, кім. Әйтеуiр бiзге – дүниежарық түсiніктi қалпын табу үшiн – Құдай, бісмілләһ, жетiспейтiн заман келдi. 

Көшеден әлдекiмнiң есiмiн атап дауыстаған шу көтерiлдi. Қабаттаса шыққан дауыстар жиi қайталанып ұзап барады. Үзiлiп кетті. Төңiрек тыныштала қалды, көршi камера үндерiн жұтып, бір-бірін жұбата күбiрлеседi. Денем тоңазыды. Түн салқыны тез күшейді. Аяқ астынан сыз бiлiнедi. Ылғалдың қолқаны қапқан жағымсыз иiсi мүңкiп тұр. Бұл ара көптен тазаланбаған секiлдi. Оң жақ бүйiрiме аунап түстiм. Тақтай төсек кең жатуға тар көрiндi. Арқамды сыз қабырғаға сүйедім. Дарыған салқын бойыма шапшаң тарап келедi. Қашықтап көрiп едiм, кереует шетiне тақап кеттiм де, жеңiл сырғып, жерге сыпырыла құладым. Әуелi еденге аяқтарым жаншыла соғылды, тіземе, тобығыма дарыған соққы жаныма батты. Саусағымды жазып, жерді сипағанда, кедiр-бұдыр бетi алақанымды тырнап жатты. Цементке қиыршық құм араластырылып құйылған екен.

Көзiмдi жұмып жатып, шаршағанымды сездiм. Ұйықтап кетiппiн. Қайта оянғанымда, түн ортасы ауып-ты. Суықтан оянсам керек. Бойым түгел мұздаған. Орнымнан тұрып, әрi-берi жүрiп көрдiм. Бір-екі аттап, орныма қайтып келемiн. Құйтақандай бөлме. Діңкелеп қалыппын. Отырдым. Шалқалап жаттым. Толық сыя алар емеспiн. Кiрпiгiм айқасып кетiптi. Тоңып, қайта жанарымды аштым. Елең-алаң, түн түндігі түріліп, қараңғылық сейіле бастады. Таң бозарып атып келеді. Көкейдi тескен түйткiл тегiс топшыланды. Бiрақ, қандай ойдың түбiне жетуге болады. Сауалдың жауабы, жұмбақтың шешімі, дүниенің ақыры бар ма. Бiр күнi, қапыда мұншама сезiм мен бейнелердi өзiмен бірге қимай сүйретiп алып жүрген сана шырағы жалп етiп сөніп қалмасына кiм кепiл. Сонда бiржола қайтпас сапарға дайындықсыз, кездейсоқ аттанармыз. 

Не үшiн ғұмыр кешкен мағыналы? Құдай үшiн бе, кiтап үшiн бе, тiршiлiк үшiн бе?

 ХХIII тарау

Түс әлетiнде қайта оянып кеттiм. Есiктiң ұңғысында кiлт бұралып жатты. Құлып толық ағытылып, табалдырықтан қолына шайнек пен үлкен қазан ұстаған милиция көрiнген. Ар жағынан екiншi бiреуi сымға тізген он шақты меске мен темiр крөшкелер көтерiп кiрдi. Кереуеттiң шетiне мескенi қойып, қазанды еңкейтiп, құя бастады. Крөшкені шала қайнатылған шайға толтырып қойды. Сосын дәлiзге қайта шығып кетті. 

Мескеге сұйық көже құйылыпты. Қасықпен алып, татып едiм, тiлiмнiң ұшына борсыған еттің дәмі бiлiндi. Әрi итерiп қойдым. Төсектен алып, жерге түсiрдiм. Iшкi жансарайымды көңілсіздік жайлады. Көршi бөлмеден дабырлап, жұрт шығып жатқан. Менiң есiгiм ашылды. Майор қулана көз тастап, жымиып күлiп тұр.

– Болды.

– Мақсұт қайда? – дедiм.

– Тыста.

– Босады ма?

– Иә.

– Енді қауіп жоқ па?

– Достарың – тамаша жiгiттер.

– Бiлемiн.

– Қаламыңа ілініп кетпейік.

– Ілінбейсіңдер.

– Өмiр жоспарсыз жүреді, қайда апарып соқтыра-тынын кім біледі.

Сосын, қипақтады.

– Ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді, – дедi милиция қызметкері.

Дәлiзбен кiшкене жүрiп келiп, оң қапталымызға бұрылып кеттiк. Үй алдында кешегi жiгiттер түгел жиналып қалған екен. 

– Данай келе жатыр, – дедi Орман.

– Мен бiр нашақормен түсiппiн, түнi бойы қарасора шайнап шықтық.

– Дәу сары маған күтім майын ұсынды.

– Аяқ киiмнің бе?

– Иә.

– Жеп алмадың ба?

– Қайтемiн.

– Кел, Данай, құшақтап қояйын.

Орман менiмен құшақтасып амандасты.

– Қуаттың бетiнен түк қалмапты.

– Ол қайда?

– Такси ұстап кетiп қалды.

– Бiттi ме?

– Иә.

– Ақшаны қайдан тауып алдың?

– Екi адам қарыз еді, солар әкеп бердi.

– Қайтарасың ба?

– Олар аман-есен құтылғанына ырза.

– Мақсұт осында ма?

– Майормен сөйлеспекшi.

– Бәрiн жұтқан сол болып шықты ғой.

– Сол. Доллармен төле деп, талап қойыпты.

– Мақсұт көрiндi.

Мақсұт бiзге маңдайын түзеп, жүзi күлкiге тола, ширақ жүрiп келедi. Тақай бере, менi құшақтай алған.

– Бiзге еретiн болсаң, тiрлiгiң осы, – дедi. 

– Ештеңе етпейдi.

– Кеттiк.

– Қайда барамыз.

– Жiгiттер “Меруерт” кафесiнде жиналайық деген.

– Жақсы.

Бiз Қабанбай батырға көтерiлiп, такси тоқтаттық та, Сейфуллин даңғылына түстiк. Абай даңғылына қиылысқанда, сол қапталымызға басқару тетiгiн бұрып алдық. Желтоқсан көшесiне iлiне бергенде, автомобиль тежеуішін басты. Біз ақысын төлеп, сыртқа шықтық. Жаяу жүріп, “Меруерт” кафесi алдына келдiк. Кiреберiс табалдырық түбiнде, босағада Қуат пен Арғын күтiп тұрды. Олар бiздi көрiп, жылы күлiмсiредi. Iшке кiргенде, малта тастармен безендiрiлген залдың оң жақ қабырғасына таяу үстелге бұрылдық. Қуат пен Мақсұт барға кетті. Мен бос сәкiнiң төргi шетiнен орын тептiм. Арғын Орманға қатар, маған қарсы тiзе бүктi. Мақсұт екi шөлмек лимон дәмді “Stopka” арағын дастарқанға қойды. Қуат бiрнеше рюмканы қос алақанына қысып келе жатты. Мақсұт қайырылып, барға қайта кетiп қалды. Көп ұзамай, суық ет салатымен қайтып келдi. Салатты үстелге қойып, шанышқыны үлестiрiп бердi де, шөлмектiң бiреуiн ашты. Әрбiреуiмiзге толтыра құйды.

– Достар үшiн, – дедi Қуат.

Бәріміз алып қойдық. Жөйiт арағы тамағымды қырнап, көкiрегiме жайылды, сосын бойымды қыздырды. Қарбаласта кенет көңiлiме қайғы орнады. Орман бiрдеңе айтып жатыр. Кафенiң есiгi ашылып, шашын желкесiнен қиған ақ құба қыз бен қызыл түстi кәстөм киген ұзын жiгiт берi аттады. Олар бiзден ары өтіп барып, iргемiздегi бос үстелге отырды. Қыз сол жерде қалып қойды да, бозбала барға қарай жүрді. Мені қапелiмде тағы мұң басты. Мақсұт рюмкаларды іркілдете толтырды. Ешкiм тост айтқан жоқ, бәрі ашырқанбастан iшiп салды.

– Оны, бәрiбiр, таяққа жығамыз, – дедi Орман.

– Әрине, – деп келiстi Қуат.

– Өлтiрiп кетсек, қайтедi, ертең өлігін де таба алмай қалады.

– Мойныма қан жүктегім келмейді, Мақсұт.

– Мұндай жазаға лайық еді.

– О дүниеге барғанда, алдыңнан шығады.

– Құдайға сенбеймiн.

– Құдай бар, Мақсұт, – дедi Орман.

– Онда неге арақ iшемiз?

– Бiлмеймiн.

– Адам сәл жұтса болды, барлық құрсаудан босап шығады.

– Шын.

– Масайған кезiңде кеудеңе құдірет бiтедi.

– Сананы улап тастағандыкi.

– Есiмiз дұрыс уақытта дүниенi қабылдай алмаймыз.

– Иә.

– Өйткенi, адамның кемді сезім-түйсiк мүшелерi жа-ратылысты нақ қалпында көре алмайды, – дедiм. 

– Шарапты сiмiрген соң, дүние, тіпті, бұзылады дейсiң бе?

– Бұзылады. 

– Тағы құй, Мақсұт.

– Жетедi.

– Мынауың бiр жұтым ғана.

– Достық үшiн.

– Құдай үшiн.

– Құдай үшiн арақ iшкен – күнәкарлық.

– Еттен алыңдар.

– Тамаша.

Менi қайтадан жалғыздық иектедi. Фужерді түбiне шейiн тастап жiбердiм. Өңешiмдi жыртып өткендей болды да, кеудеме жылу құйылды. Бiз екiншi шөлмектi тауыстық та, тоңазыған сиыр етiнен үзiп жеп, орнымыздан тұрдық.

Сыртқа шыққанда, джип маркалы автомобильдің бұрылыс шамын жағып келіп жол жиегiне тоқтағанын байқадық. Салондағы екi жiгiттi Мақсұт танып қалып, тобымызбен машинаға қарай жүрдiк. Барлығымыз салонның артына мiнiп алдық. Басқару жүйесiн мең-герiп отырғаны бiзге ойлы жүзбен қарады. Өткір жанары бәрiмiздi жылдам шолып өтті. 

– Қашан босап шықтың, Мақсұт? – дедi.

Екiншiсi тiк қарап отыр. Автомобильге мінген бiздермен артына қайырылып амандасқан жоқ. Сол қолымен жылдамдықты кемiтiп-арттыратын тетiктi ұстап, алысқа көз тігеді. Ортаңғы саусағына мол алтыннан соққан жалпақ сақина киiптi.

– Түске таман, – деп жауап қайырды Мақсұт.

– Қалай ұсталып қалдыңдар?

– Жөпелдемеде.

– Әрдайым абай болыңдар.

– Өзiмiз де ештеңе аңғарып үлгерген жоқпыз.

– Олармен қарсыласуға болмайды, арқа сүйейтін тая-нышы, айбынды қызметi бар, өшiге түседi.

– Көрдiк қой.

– Анаша сепкен бе?

– Иә.

– Ұсталғанда, қалтаны аңду керек, қалтаға салудан тайынбайды.

– Салонға шашты.

– Көп жаттыңдар ма?

– Көп емес.

– Ашыққан жоқсыңдар ма?

– Тамағын жей алмадық.

– Жеу керек, әйтпесе денсаулықты құртып ала-сыңдар.

Содан кейiн сөз үзiлiп, екеуi үнсiз ойланып қалды. Сақиналы саусақ тетiктiң бетiн ақырын сипап қояды. 

– Сенi түсiп қалыпты деп естiгесін, мән-жайды бiлу үшiн келдік. 

– Рақмет.

– Әрдайым сергек, абай жүріңдер, өкiмет қашанда өш, милиция баяғыдан келе жатқан ежелгі дұшпаның, iскер жандар кешеден жағаласқан жау, өздерiңдей өзге ұйымдар сендерге ажал тiлегелi қашан.

– Бiлемiз.

– Құдай түрменiң бетiн аулақ қылсын, темiр тордың ар жағында қызығатын ештеңе жоқ.

Бiз қол алыстық. Тарғыл түстi джип орнынан қозғалып кеттi. Мақсұт жолдастарын ертiп, Сәтбаев көшесiне бет түзедi. Мен кейiн қайттым. Абай даңғылына шығып, такси ұстай бастадым. Машиналар тiзбектеліп, тоқтаусыз өтiп жатыр. Бұрылыс шамын жыпылықтатқан BMW маркалы автомобиль көрінді. Маған тақай бере, жүрiсiн iрiктi. Алдыңғы есiгiн ашып, қайда баратынымды айттым. Бiз нөпірге қайыра араластық. Қос қапталдан, соңымыздан басқа машиналар сығылыса қыспақтап келедi. Көңiлiм сезiм мен түйсiктен жұрдай. Бiрдеңе топшылауға зауқым соқпады. Дүние толық мағынасызданып біткен. Өлiм жайлы ойлауға аңсарым ауды.

ХХIҮ тарау

Ұлттық университеттiң бокс залы халыққа лық толыпты. Бiз рингке таяу отырдық, төрешiлер алқасы қарама-қарсы орын теуіпті. Нұрлыбек Асқарұлы әлi жоқ. Зал шуылдай жөнелiп, рингтi бетке алып, ширақ жүрiп келе жатқан Марат Қасымұлын байқадық. Ол боксшы киiмiнде әдемі көрінді, еңсесін тiк ұстап, аяқты кере басып, ірі адымдап, аттап келедi. Көршi бұрыштан басқа боксшы бой көрсетті. Екеуi алаңға тақау кiдiрiп, ақырын билеп тұрды. Жұдырықтар сермесiп қалғанда, ауаны тiлiп барып, қауып, кейiн қайтып кетедi. Төраға орнынан көтерiлдi. Ойынның басталғанын хабарлап, ереженi сақтауды ескертті. Рефери ортаға шығып, қос бұрыштағы екi боксшыны шақырып алды. Iле-шала гонг соғылып, өзi шеткерi ысырылды. Марат Қасымұлы қолдарын төмен салбыратып жүрдi. Қарсыласы жақындап келiп, сол жұдырығымен свинг тастады. Марат оң қапталына сүңгiп кеттi де, тысқары жылжып барып, оң қолымен әдемi хук жасады. Ұрымталдан соққы тиген боксшы шайқалып кетіп, қорғанысын бұзып алды. Ептi сол жұдырық кросс бағыттады да, шабуылды қайталап, свингтi жөнелтiп тоқтады. Соңғы соққы ауыр тиді. Қарсыласы құлап түстi. Рефери саусақтарын бүгiп, санай жөнелді. Жетiншi секундта ойын қайыра жалғасты. Реферидiң сытыла бергенi сол едi, Марат Қасымұлы лезде жақындап барды да, қарсыласына хук жiберді. Ауыр дарыған соққыдан екі тiзесi босап кетті, тұрған орнында сылқ құлады. Жұрт жабыла қол шапалақтап жатыр. Уақыттары аяқталып – рефери екi боксшыны алаңның ортасына шақырды. Төраға жеңiмпазды жариялады. Марат Қасымұлы рингті шыр айналып, халыққа ризашылығын бiлдiрiп шықты. Өз бұрышына келгенде, арқанды серпіп, жерге секiрiп түстi. 

Нұрлыбек Асқарұлын ринг түбiнде күтiп тұрғанда, көрдiк. Он екi раундқа шыдау оңай емес, ол қайрат танытып, жігер салуы қажет. Менi аңдап қалып, маған жылы күлiмсiредi. Өзiмнiң күрес үшiн алаңдайтынымды білдіріп, қолымды бұлғадым. Ойымды жылдам ұққан Нұрлыбек езу тартып қойды. Содан кейiн керiлген арқанды көтерiп, ринг iшiне жеңiл қарғып түсті. Қызыл бұрыштан оның қарсыласы пайда болды. Бойы сырықтай ұзын, басына былғары шлемді мықтап тартып киіп алыпты. Алаңға әдепкідей рефери шыққан. Ол боксшыларды өзiне шақырып алды да, қолын сермеп, жекпе-жек ұрысын ашты. Нұрлыбек алыстап кетiп, қашықтан қолайлы сәтiн күтті. Қарсыласы қолдарын жоғары ұстап, шықшыты мен кеудесiн көлденең соққылардан тәуiр қорғап жүр. Нұрлыбек сол аяғымен iлгерi басып ұмтыла бере, оң қолымен свинг тастап еді, қарсыласы Алпыс Ғабитұлы төмен бұғып қалып, сол қапталына қашып шықты. Свингтен сәтті қорғана салысымен, сол қолымен жылдам хук тастады да, оң қолы апперкот тәсiлiмен иектiң астынан ауыр соққы дарытты. Қапелiмде тиген жұдырықтардан Нұрлыбек есеңгiреп кетiп, бостан босқа ауа қармап, қарсы алдына мақсатсыз екi соққы жұмсады. Былғары қолғаптар ауаны бос тiлiп өттi. Алпыс Ғабитұлы кейiн жылжып кетті де, кiшкенеден соң, қайыра Нұрлыбекке таман тақап келді. Қапылыс жеңiл кросс тіктеп, шегiнiп бара жатты да, оң қолымен свинг тастап үлгерді. Нұрлыбек Асқарұлы ілгері тәлтiректеп, қалт кейiн жүрiп, арқасымен сымдай керiлген жуан арқандарға тiрелдi. Ол қолдарын төмен түсiрiп, екi иiнiнен ауыр демалып тұр. Рефери алақанын жазып, бiр-бiрлеп саусақтарын бүгiп, санай бастады. Орнымнан түрегелiп, рингтi айналып бардым да, Нұрлыбек сүйенген қапталдан таяп келдiм. Мен жеткен заматта ол қайта ортаға маңдай түзеп, қолдарын бауырына жинап, боксқа даярлығын көрсетті. Алпыс Ғабитұлы алаңды шеңберлей теріс айналып бара жатып, жеңiл секiре, теңселіп билей жөнелдi. Ол бiр мәрте төрт бұрышты алма-кезек аралап шықты да, Нұрлыбек Асқарұлына тақап келе жатты. Баяу толықсып сырғып келе жатқан бетте, екпiнiн ауыстырып алды да, қауырт қимылмен сол қолы кросс бағыттап қалды. Нұрлыбек қарсы тiк соққы бере, iлгерi аттады. Зады, Алпыс Ғабитұлы есерсоқтанып, жалтаруды ұмытып кетсе керек, соққы қорғанысқа кезiкпей, мұрны мен аузын қоса қапты. Көлденең тиіп, жақсы дарыды. Артына шегiншектеп барып, құйрығымен сылқ етiп отыра кетті. Рефери лезде ұрысты үзiп, екеуiн ортаға қарай шақырды. Ойын бастауға қайыра ұлықсат берілді. Екi боксшы бір-бірінен аса сақтықпен қашықтап, қауiпсiз тұста тоқтады. Мен бұрынғы орныма қайтып келдім. Айдана Саматқызы қайтып оралғанымды байқаған жоқ. Ринг жаққа жан-тәнімен беріле тесiлiп қалыпты. Ол ұзын етектi берхауз сулығын шешпей отырды. Мен жайғасып болып қалғанда, күлiмсiреген жүзiмен маған қарай бұрылды.

– Жеңетiн тәрiздi.

Мен ринг үстiндегi ұрысқа назар салдым. Нұрлыбек шалғайдан шабуылдауға көшiптi. Мұндай тәсiл Алпыстың өзiне де ұнайтын секiлдi. Қызыл түстi жейдешесі терге малшына бастаған екен. Нұрлыбек екi дүркiн алдамшы қимыл жасап, иығын қозғалта бердi де, сол қанатымен алға төне, оң қолын салмақтай, тiк сiлтедi. Алпыс сол жағына еңкейе беріп, қысқа хук сызып, құлақ-шекеден ұрды да, оң қолымен кросс бағыттап, тура иек тұстан дәлдей соқты. Нұрлыбек шалқая кетіп, баяу ырғала, бiр-екi адым кейiн шегiндi. Iле-шала Алпыс қайыра оң қолын жұмсап, свинг жасады да, Нұрлыбектi еденге ұшырып түсiрдi. Өзi соққан қалпында тұрып қалды, Нұрлыбек еденге оң жақ иығымен, ұзынынан сұлап түсті. Мен орнымнан тұрдым да, қайтадан рингке тақап келiп, үнсiздiкке берiлдім. Шынымен, масқара жеңiлiске ұшырағаны ма.

– Үзiлiске қанша уақыт бар?

– Үш секунд, – дедi Асқат Жақанұлы.

– Оған не болды?

– Бiлмеймiн.

– Нұрлыбек төзімді еді ғой.

Асқат үнсiз қалыпты. Тоғызыншы секундта ол еденнен көтерiлiп келе жатты, рефери санауын доғарып, ойынды жалғастыруға белгі берді. Нұрлыбек ауыр қозғалып, ортаға жеттi де, теңселе биледі. Кенет гонг дауысы естiлiп, шаршаған боксшылар екi бұрышқа тарасып кеттi. Мен Нұрлыбекке қарай жүрдім. Керілген арқандардың арасын ашып, ринг үстiне секiрiп мiндiм. Жәрдемшi жiгiт маған етек-жеңi мол сүлгi ұсынды, өзi шеткерiлеп, аулаққа ысырылды. Нұрлыбектiң оң көзiнің асты ептеп көгерiп, iсiкке айнала бастапты. Беті талаурап, маңдайы терлеп, жіпсіп тұр. Түкті сүлгiмен бет-аузын жұлмалап, батыра ысқылап-ысқылап, сүртiп жібердім де, бiр шетiнен ұстап, оған қатты желпiп, кең тыныстауына көмектестім. Ол жанарын жұмып отыр. Асқат Жақанұлы келдi де, Нұрлыбектi иығынан қағып, өзiне қаратып алды.

– Шабуылда, әрекетті өз қолыңа ал, – дедi ол.

Нұрлыбек жауап қатпады. 

– Оның бүйірден соққаны ғана қатты.

– Иә.

– Әлденеше соққыны қатар жаудыр.

– Ауаны мол желпiшi.

– Шабуылда, есiн шығара шабуылда.

– Көремiн.

– Хукты ұмытпа!

– Бiлемiн.

– Салмақтап ұруға талпын.

– Кеудем қысылып тұр ма, қалай.

– Терең дем алсаңшы.

Қайтадан сыңғыр етіп, гонг соғылды да, Нұрлыбек Асқарұлы бұрыштағы орнынан көтерiлiп, рефери күтiп тұрған ортаға қарай жүрдi. Мен арқанды жоғары керiп, ылдиға түсiп кеттiм. Рефери ысқырып қалды да, бокс-шылар арақашықтықтарын сақтап, аңдысуға көшті. Бейбiт шақ аз уақытқа созылды, Алпыс Ғабитұлы ақырын билеп, сол қолымен жұмыс iстей бастады. Айдана Саматқызы тағы ұрыс алаңынан көз алмай отыр. Қайыра қасына жайғасқан мен ринг үстіндегі боксқа көңiлiмдi аудардым. Нұрлыбек сол қолымен кросс тастап, оң қолы тiк соққыны қайталады да, сол қолы iлгерi ұмтыла бере, оң жақ былғары қолғабы хук сызып өтті. Елдi дүр сiлкiндiре, жылдам қимыл жасап әрі бірнеше соққы тастап, өнерін әдемі кестеледі. Қиқуласа орындарынан көтерілген халық дуылдаса қол шапалақтап кеттi. Алпыс Ғабитұлы шайқала берiп, бойын қайта жинап алды. Ол қолдарын шұғыл түзеп, сол жұдырығымен азырақ жұмыс iстедi де, оң қапталдан свинг жөнелтіп, қарсыласынан шалғай кетiп қалды. Нұрлыбек бұғып үлгерiп, свинг ауаны нәтижесiз кесiп, айдаланы қармап барып, қайыра оралды. Алпыс абай болуға тырысты. Сол қолы қорғанысты үш-төрт мәрте барлап көрдi де, дереу өз орнына қайтып, тыныш қалпына ендi. Оң иығы алға ентелей бере, жұдырығы қапелiмде қатты сiлтендi де, кеуде мен беттi жапқан қос былғары қолғаптың арасынан жып етіп, Нұрлыбектiң аузына дәл тиді. Күтпеген тұстан тиген соққыдан ол жерге шұбатыла жығылды. Алпыс әрiрек кiдiрiп, рефери санап шыққанша, рингте ақырын билеп, тосып тұрды. Нұрлыбек бес секундтан соң, еденнен түрегелiп, рингтiң орта деңгейiне қарай жүрдi. Алпыс Ғабитұлы әрiптесiне таяп, оң қолымен свинг тастады да, тағы жуықтай түсiп, қапталдан қауырт хук жiбердi. Нұрлыбек кескен теректей құлады. Рефери санауға кiрiскенде, орнынан көтерiлдi де, шайқала басып, Алпысты нысанаға алып, жүрiп кетті. Ол тақай бергенде, қарсыласы тура соққы жұмсап, шалқасынан түсiрдi. Уақыт санала бастады. Нұрлыбек қимылсыз жатыр. Мен оны аядым. Ол жайбарақат тұрып келе жатқанда, бүкiл халық қол шапалақтап кетiп, рефери ұрысты ашты.

– Оған ендi жұдырықтасуға болмайды, – дедiм мен.

– Иә.

– Бұл өзiне ажал тілегенмен бiрдей.

– Бiледi ғой.

– Шынымен, мұнысы өз басын өлiмге тігу.

Алпыс Ғабитұлы бар күшiн салып, тұмсықтан соқты да, құлап бара жатқанда, свинг тастап үлгердi. Ол қатты жығылды. Ендi мүлдем тұра алмайтын хал. Эвандер Холифилдтiң нысанасыз бағытталып, адасып келіп тиген соққысынан ұлы Майк Тайсонның да есiнен оп-оңай танғаны әлi жадымызда. Хулио Сезар Васкес қарсыластарын ұдайы нокаутпен жеңiл ұтып отырады. Бокс шежiресiндегi Джек Дэмпси, Джин Тунней, Примо Карнера, Аль Браун Панама, Джо Луис, Макс Шмелинг, Диг Тайгер, Сонни Листон, Мұхаммед Әли, Джо Фрэзер, Джордж Формен, Леон Спинкс, Ларри Холмс сынды данышпандарды кiм ұмыта алады. Бокс – кiтаптар мен Құдай тәрiздi мәңгi жырланатын тақырып. Боксшылар кеудесiне қасиет қонған қайраткер тұлғалар екенiн жұрт түгел мойындаған. Ұлы кiтаптар сұлулық пен паңдықты сөзбен өрнектеп бейнелесе, ринг үстiндегi ұрыс – қимыл-қозғалыспен кескіндеп бередi. Боксқа есепсіз тараулар құрайтын сөйлемдер түзiлiсi қажет емес, үйлесiмді қозғалыстың таңдай қақтыратын суреті керек. Мұның барлығы ұлы бокс. Ой айшықты кітаптар мен қалың жұртқа жаңа низам әкелген Елшілер тәрізді сұлулықты, әсемдікті елге таратқан ұлы бокс. Мүмкiн, Сомдаушы – шексіз Ғалам алдында – әуелі жаратқан анық үш нәрсе бар шығар: ол – кiтап мәтіні, санадағы Құдай бейнесi және бокс қозғалысы. Үштағанды өз бойына сіңірген адам баласы, расында, ғажап. Расында, адамзатқа арнап мадақ жырын жырла, ақын, әнұранды шырқа, әнші. 

Нұрлыбектi екi жiгiт көтерiп алып кеттi. Айдана Саматқызы берхауз сулығының түймелерiн ағытты. Басын менiң иығыма сүйедi. Бос қалған рингке мұңлы көз тастады. Халық тысқа құйылып, төгiлiп жатыр. 

– Данай, мен кiнәлiмiн, – дедi ол.

Босағада сығылысқан жұрт кептетіліп шығар есікке сыяр емес. Бос сәкiлерде газет-жорналдар ғана шашылып қалыпты. Мүмкін, мен де кiнәлi шығармын.

ХХҮ тарау

Ерте оянып кетiп, жуынып келдiм де, үстел басына тiзе бүктiм. Терезеден қазан айының салқын таңы марғау атып келедi. Қаламымды алып, қайыра жазып кеттiм. Қарағайлы қалашығы суыққа тоңазып, сұрғылт үйлерi көңiлге түйткіл әкеле береді. Қаламымды қағаз бетiне тастай салып, тысқа барлай көз жiбердiм. Сонымен, романның желісі күрмелер соңғы тарау да тамамдала бастаған секiлдi. Үй iргесiнен сарғыш реңді, жылы әскери күпi киген бір ер адам өтiп барады. Құлақшынын баса тартып алыпты. Бұдан кейін ештеңе жазбай, өмiр сүрiп кете алатыныма сенгiм келмейдi. Орныма қайта оралып, қаламымды қолыма алдым да, жазуға кiрiстiм. Мүмкiн, мына жазуға талпынғаным ешқандай роман да емес шығар. Жазылмақ ештеңе жоқ, кешіп өтуге ұмтылған ғұмырым ғана бар ма екен. Әлде, өрнекті роман мен көрнекті өмірім орындарымен алмасып жатыр ма, жоқ, әлде, құрбы-құрдастарым айтқандай, екеуiнiң астасып, жымдасқаны рас па, мүмкін, бір жалқы, ұлы, шексіз сана төбемiзден басқарып, ойымызды билеп, біздерді ырықсыз тұрақты қаһармандарына айналдырып, тегі, нақ қазір төл жазбаларын, жүйелі киіз кiтабын жазып шықты ма екен.

Асүй жақтан анамның шәугiмге су толтырып құйып алып жатқаны құлаққа жетті. Бұранда айналып, құбырлармен сарылдап аққан су тоқтатылды. Анам бiреуге сөйледi. Даладан ойнап кiрген кiшi iнiм сияқты. Ақырғы тарауда не жазып кеткенiмдi өзiм де толық білмеймін, аласапыран ойым жүздеген, мыңдаған шоқ жұлдыздар қаңтарылған шексіз ғарышты кезіп, тыным таппай адақтап – аралап жүр, қара түнек қуыс-қойнауын, қалтарыс-бұлтарысын, қиыр шет, қашық түкпірін тегіс тінтіп, шарлап келе жатады да, матқапыда қаламымды еркіне бағындырып, санаға ақтарылып, бөгетсiз құйылған сыртқы дүние, мол жарықтың кездейсоқ әсерiн алдымдағы дәптеріме қолма-қол тізіп, қапылыста тездетіп, үзбей жаза береді. Борхес бар қаламгердің сан қилы шығармаларын таусылмайтын, әлемдiк үлкен кiтаптың бір-бір парағы ретінде көргені рас. Әлемдiк кiтаптың мазмұнын толық білетін тек қана Құдай Тағала екенi, зады, ешкiмге тосын ой емес шығар.

Бiрақ, Жаппар Құдай – задында, ешқашан тумаған, туылмаған, мәңгі өлмейтін, ажалсыз, бастаусыз қадім, соңсыз дәйім сипатты – Құдірет Иесі. Қадім заман адам баласының санасына ғайыптан ашылған Құдай ақиқаты баз бір замандарда оқыс көмескіленіп, небір дәуірлерде мөлдіреп қайта жаңғырып, ғасырлардан ғасырларға ұла-сып, жүзжылдықтардан мыңжылдықтарға жалғасып, ұштасып, ауысып, мәңгі бақи үзілмейді. Бөлме табал-дырығына қарай әлдекiм үнсіз басып келдi де, топсаны сықырлата есiктi ашты. Босағадан қамырықты анам көрiндi. Басына шаршы орамал тартқан, үстiне ешкi түбiтiнен тоқыған жемпір киiптi. Ол берi жүріп, алдымдағы дәптерге қарады. 

– Демалсаңшы.

– Қазiр уақиға толық бiтедi.

– Қашанда, ештеңе аяқталмайды, – дедi анам, – тіршілік мәңгiлiк арпалыста.

Тегінде, анамның ойын романда, соңғы тарауда пайдаланғым келді. Анам дәптердi парақтап тұрып, Ыстықкөл туралы бөліміне тоқталды. Сосын:

– Ыстықкөлді жырлайтын “Әсел” әнiн марқұм әкең жақсы көрушi едi, – деді. 

– “Самалы жұпар жазғы бір кеште, Ойласам болды Ыстықкөл жақты”.

– “Айтылған сырлар түседі еске, Оятқан сонда ақ махаббатты”.

Қайырмасын бірге шырқадық. Қаламымды үстелге қойып, орнымнан тұрдым да, белiмдi жаздым. 

– Шай дайын.

– Қазір.

– Алматыға қайтарыңда Қарқаралыға, Тоқтар ауылына соғып, әкең Байқуаныштың басына Құран оқыт.

– Жарайды.

– Аруағы Құран дәметiп жүр ме, қайта-қайта түсiме енеді.

– Роман мұраты көмескі тартып, мақсатымнан адасқанымда, Құран оқытармын деп, өзім де ойлаған-мын.

– Аллаһ разы болсын, – дедi анам.

Ол шығып кетті. Қаламым тоқтап, ойды қайыра iлiп, жазып кетуге – зауқым соқпай, ұзақ отырдым. Кім біледі, Құдайға сенбей жүрген Мақсұт, астағфируллаһ, тозақ отына ешқашан күймейтiн де шығар. Жүрегіндегі Тәңiрге деген сенімін абайсызда, кездейсоқ өлтiрiп алған бiздiң ұрпақ қайта Құранды мойындап, намазға жығылып, уағыз айтып жүрсе, бұл дәлелден туған наным бола ма, әлде ақиқат дегеніміз ешқандай дерексіз, айғақсыз, қапыда Рухани Күшті түсінген, күмәнсіз сезген, түйсіктен жаралған дүниетаным ба. Хақ – Иланым – Қуаныш немесе Жұбаныш. Құдай уанышы әрбiреуiмiздiң жансарайымыз бен рухымыздың бiр ұлы тәртiпке бағынуы емес пе. Өмірдің қатыгез, әділетсіз заңына қарсы шыққан адамзаттың ақыл-ойы тәртiптi бір-біріне тәптiштеп отыруы қажет: жамандық білімнен, оқығанның уағызынан азаяды. Бiрақ, Құдай – задында, ешқашан тумаған, туылмаған, мәңгі өлмей-тін, ажалсыз, бастаусыз қадім, соңсыз дәйім сипатты – Құдірет Иесі. Жер бетiн қадiм заманнан жайлаған бұл ұғым-түсiнiк адамның өзiмен бiрге соңғы күнiне шейiн, қатар тiрлiк кешетiн тәрiздi. Сана мен Құдай ұғымын ендi айыру мүмкiн емес. Қаламымды тастай салдым, түрегелiп, ерсiлi-қарсылы жүре бастадым. Романды бастан кешкен бар уақиғаның күрмеуi болатын тараумен аяқтамақпын. Бiрақ, уақиғаның өзiнен шығып, астарында жатқан күмән мен сенім арпалысына еніп алыппын. 

Есiк ашылып, босағадан Айдана Саматқызы берi аттап келе жатты. Таң қалып, сол аң-таң қалпы қарсы жүріп, бетiнен сүйдім, сосын күлiмсiрей, жылы ұшырай қарадым.

– Ренжiме, – дедi ол, – романды бiтiрiп қойған шығар деп ойладым.

– Ренжiмеймiн.

– Кезінде, бір әңгімеңде Қарқаралыны қосылып бірге аралайық деген өзiң едiң.

– Иә.

– Алматыдан таңертең келдім.

– Қарағанды ұнады ма?

– Сенiң туған қалаң емес пе, жаман айта алмаймын.

– Туған емес, туысқан, мүмкін, туажат қалам.

– Білемін.

– Мен Алматыда туғанмын.

Күлді.

– Оны да білемін.

– Отыр.

– Диванға отыра саламын.

– Роман басқаша тамамдалуы мүмкiн едi.

– Иә, мүмкін еді.

– Алматыда не өзгерiс бар?

– Ештеңе.

– Онда, тауға ертең бірге кетемiз.

– Әуре болма, ойнап айтамын.

– Түсiнбедiм.

– Италияға, Милан шаһарына оқуға жiберейiн деп жатыр.

– Қашан?

– Қоштасуға келген бетiм осы.

– Оралмайсың ба?

– Бiлмеймiн.

– Сен әдемiсiң ғой.

– Рақмет.

– Мен Алматыда боламын.

– Кофе құйшы.

– Қазiр дастарқан жасатайын.

– Қажет емес.

– Қайда асықтың?

– Қайта керi қайтамын.

– Сол үшiн маған келдiң бе?

– Романымыздың байлауын көрейiн деген едім.

Екi қалың дәптердi оның алдына қойдым. Ол қолына алды да, салмағын өлшеп көрдi. Парақтап бiраз отырды, сосын басын көтерiп, езуiне күлкi жинады.

– Тәңір жарылқап, елге қайта оралғанда, кiтап болып шыққанын көремін ғой.

– Құдай қаласа, көресің.

– Атын жақсы тауып қойыпсың.

– Өзге жұрт қабылдамауы да мүмкiн.

– Қанат Нұрбекұлы әдебиет тағдыры, кiтап ажалы туралы роман деп айтады.

– Асқат Жақанұлы боксшылар жайлы дейдi.

– Өзiң ше?

– Білмеймін. Шынымен, білмеймін.

– Неге?

– Іздеп көрдім, таппадым. Бір мұратсыз кітап болды.

– Неге?

– Ешқандай мағынасы жоқ, кітаптың соңына қарай мазмұнын да, мәнін де жоғалтып алдым, жүктеген міндеті де, қойған мақсаты да өз күшін жойды. 

– Ең соңғы кітап па?

– Иә, ең соңғы кітап.

– Ең бірінші де осы кітап емес пе?

– Осы кітап.

– Кітаптың ақырында біртүрлі мұң бар.

– Романның аяқталғаны да қинады. Кеуде жарған, өзекті жандырған арман көп, бірақ ол кімге керек.

– Рас, кітаптың ақырында біртүрлі мұң бар.

– Ауыр мұң бар.

– Не туралы екенін білсең, мүмкін, бәрі де өзгеретін шығар.

– Меніңше, бұдан ештеңе өзгермейді.

– Кофе болмады ма?

– Ұмытып кетiппiн. Қазір.

Асүйге барып, оған бiр кесе кофе әкеп бердім. Ол күрмеуі қайырылмаған ақырғы тарауын оқып отырған. Жүзiн маған аударып, жылы күлiмсiредi де, қолымдағы кесенi алып, ернiне тигiздi. Ақырын жұтты.

– Байлауын қиындатып жiберiпсiң.

– Сұрақтар мен жауаптар байлауында тоғысады деп ұйғарғанмын.

Ол әрi қарай оқыды. Мен оның толық оқып шығуын күтiп отырдым. Айдана ұзақ бөгелiп қалған.

– Қонып кетпейсiң бе?

Дәптердi жапты да, үстелдiң үстiне қойды. 

– Қарағандыға дейiн шығарып салшы.

– Жарайды.

– Машинада күтемiн.

– Қашан жүресiң?

– Алматыға ма? 

– Иә.

– Кешке ұшамын.

Үнсіздік орнады. Әңгімеміз үзіліп кетті. Ішіме қайғы-шер толды.

– Содан, бәлкім, нақ ойыңды айтшы, бiз ешқашан кездеспеймiз ғой.

– Білмеймін. Шынымен, білмеймін.

Қапылыс толқып сөйледі, сірә, жылағысы келді, үні құмығып естілді.

– Сабыр ет, күнім, дұрысы – тыста күт. 

– Мақұл.

– Барға – тәубе. 

– Рас.

– Жоққа – сабыр.

– Кеше азға да қанағат еді, қайтейін.

Дауысы бұзылды.

– Мархабат, жылдам киiнейін.

Ол тысқа шығып кетті де, мен гардеробты ашып, киiмiмдi ауыстырдым. Бөлмеге анам кiрдi.

– Балам, түсiнiксiз қызға қайдан кезiгiп жүрсiң?

– Тегінде, мен оны түсiнемiн.

– Күн салқындады, жылы киiніп шық.

– Ана, Құдай бұйырса, ертең қайтып келермiн.

Сулықтың белбеуiн тақтым. Жағасын жөндей сала – төпілиiмдi iлiп, табалдырықтан аттадым. Айдана Саматқызы аулада, сары түстi ГАЗ–2410 маркалы таксиде күтіп отыр екен. 

Менi көрiп, терезенiң ар жағынан әлсiз жымиды. Артқы есiктi жұлқып, салонға ендiм. Ол әрi сырғыды. Жайғасып болып, көзiн төмен салды. Зады, бiрдеңе айтқысы келiп отыр. Шешiле алмай қойды. Менi көңiлсiздiк жаулады. Біртүрлі қамыға күрсiндi. Қамырықты жүзiн көтерiп, жүргiзушiге назар тастады.

– Болды.

Автомобиль қозғалып кеттi. Мен адам баласы сезiмiнiң ұлылығы туралы ойға берiлдiм. Айдананың ненi сұрауға оқталғанын iштей сеземiн бе деймiн. Бiрақ, алдына жайып салғым келмедi. Машина Ленин даңғылына бұрылды. Сәл зырлап барып, оң қапталына тiзгiнiн түзеп алды. Бiз Қарағайлы қалашығынан шығып бара жаттық. Роман нақ осылай аяқталатын тәрiздi.

– Сен менi сүйесiң ғой, – дедi ол.

– Иә.

9. Ауыл қазақтары Бюроны – Бұйра, деп атайды.

Соңы

 28.08.93. – 21.04.94.

 Алматы 

Бөлісу:

Көп оқылғандар