Сұраған Рахметұлы. Маңғыстау – байтағы қазақтың
Бөлісу:
Маңғыстау Үстірті – таңғажайып тарғыл дала, тарлаулы Үш түбек, түңкелі ұйық. Қазақ Елінің қиыр оңтүстігіндегі – «Теңіз есік». Маңғыстаудың атына қатысты аңыз көп. Мангас – айдаһар атауымен үндес. Көктен қарағанда «ұйқыдағы ару» – сүгіретті (Әбіш Кекілбай). Мың қыстау атауы сонау әріден. Үстінен күн құлап бозалаң таң сұлаған, Бозтеңіздің уысында Тәңірдің жәудірең үркер-жұлдыздары түнеген түбек.
Ай бошалаған алап, сарлықтың қаймағындай қатпар-қабат табиғи орқаш өркешті Айрақты, Ақеспе, Отпантау, Оғыланды ұласы. Жер кіндігі есебіндегі – ежелгі Жеті жұрттың ауыспалы кезеңдерінің бірінде ендік пен бойлықтан екі мәрте жұртын мөрлеген – Адай атаның әулетіне тиеселі һәм бас қамалы болған қасиетті жұрты. Кешегі күн мен өткеннің, бүгінгі бүлен өмірдің, болашақ ертеңнің – үш өлшемінде үлесі мен түгені түлеген бағзы – «Үш қиян» (Мұрат Мөңке) өңірі. Бүткіл үш жүз алпыс әулиенің шетін шеткергі – Шеһер кеніші. Өң беті – ұшан-теңіз жайлаған, оң жаққы үлеті – баялышты батпақты ұланғайыр дала, жарқабақты Жар (түйе) таулар, түзем кеңісіне ойыса созылған нар-үлек адырлар, ойсылқара түйенің түнемі – сортаңды қақ. Мұндағы ең биік үйіктесі 562 метрдегі – Бесшоқы немесе шығыс Қаратау жүлгесі, ең мыртықша терең нүктесі – Қарақияның қылаң ойпатындағы Батыр кемері – Мұхит деңгейінен 132 метр төмен. Бұлаң мұнар тұнған сұлаң сай, сылаң құйқалы жылға. Киелі ежелгі бұла мекен – бұлаңкері киіктің өрісі. Құндақты құба құмдақты, еңкені кептірген көгілдір көлейіт, сағымды шөлейтіндегі суат – құдықтар ізі ерекше тауариһат! Хош!
Маңғыстау тауариһатына қарай...
Маңғыстау өңірінің баяғы Есүкейдің баласы Ұлы қаған Шыңғыстың жорығымен де шырмауық тауариһатына да қатысы бар. Шыңғыс қағанның 1206-1227 жылдар арасындағы жорығының әлқисса басы Хорезмнің Мұхаммедшахымен айқасы болса керек. Шахтың қан-соқты қазалы жеңілісі – оның осы өңірге қарай өрбіген өртті жорығын үдетті. Маңғыстау он неше жыл бойы Шахтың баласы Жәлел-ад-Дин (1199 – 1231) мен Шыңғыс ғаскерлерінің қанды майдан даласына айналғаны бар. Шыңғыс қағанның Моңғолдың Құпия шежіредегі мағлұматы (МҚШ) бойынша жүлгемен зерделесек: Маңғыстау өңірі түгелдей Жошы ұлысының қарамағына вассалдық (vassus) үлгімен қарасты етілді. Жошы ханның (1187-1227) өз кіндігінен 17 бала қалған-ды. Үлкені Орда, екіншісі Бату, інісі Берке, Берке-Шері, бесінші ұлы Сибан (Шибан), Таңқұт, Буал, Шылауын, Сұңқар (Шоңқар), Шымбай, Мұхаммед, Өдір, Тоқа-Темір, 13-ші баласы Құтлық Темір, Сенгүм т. с. с. Екі бірдей перизатты қызы тағы бар.
Алтын Орда тұсындағы Үстірт
Жошының тұңғышы Орда Ежен Ақ Ордаға иелік етті де, өз немересі Ұрыс хан (1376-1378) оның тақ мұрагерлігін жалғастырды. Осы тұста түгел Үстірт көне керуен жолы тораптарының түйініне айналды. Қарақорымнан ыстық Ханбалыққа; одан түстіктегі Хорезмнің башкенті Үргенішке қарай жүретін жолдардың ұшы-қиыры осы торғын жолымен яғни Үстірт арқылы керуен көші өтіп жатты. Бұдан кейін Алтын орда әлсіреді де бүткіл Мәуреннаһр Тарағай Барластың бел баласы, қаған Шыңғыстың жиені Ақсақ Темір (1337-1405) 1379 жылы 42 жасында Хорезмді басып алды. Каспийдің сағасы осы Әмір Темір немесе Ақсақ Темірдің иелігінде 1405 жылға шейін жалғасты. Он неше жылдан кейін Үргеніш тарих сахнасынан біржола өшірілді.
Осы кезеңде Маңғыстау өңіріне келетін Шығыс пен Батыс керуен жолдары қырқылып, ұлы дала, теңіз сағасы қаңырап бос қалғаны бар. Үстіртінде үлкен керуен сүрлеулі Маңғыстау Алтын Орда ыдыраған ХV-ХVI ғасыр әлетіндегі алмағайып тұста ондағы жұртта қалғандар мен маңғыттар аралас тайпаларға немесе Ноғайға да пана мекен болды. Тауариһаттағы Ноғай ордасы – сонау Еділ мен Жайық және Жем мен Маңғыстауды жаппай егелеп, башкентіне бағзы Сарайшықты көтерген еді. Шамасы жүзге жуық тіпті одан да көбірек мерзімде осыларға басыбайлы қарады дейік. Өкініші ме, әйтеуір ноғайлыдан да береке кетіп ендігі бей-берекетті көздеген Еділдегі қалмақтары ентелей бастады. Бұрынағы Тұғырыл ханның тегінен тарайтын Хо өрлік (Хөө Өрлөг) деген тайшысы бар Жоңғарлар (Зүүн гар) ХVI-ХVIІ шегіндегі түстіктегі қара ойрат торғауыттары біртіндеп сұғына бастаған-ды.
Хо Өрлік 1604 жылдары торғауыттардың шаңырағын түзей берді. Алайда төрт ойрат арасынан тағы да кикілжіңдесті. Сол тұрғыда Хо Өрлік 1614 жылы Қарақұлдың баласы Шүкір (Цөкүр) өз әкесімен ренжісіп, 1644-1661 жылдары Қалмақты биледі. 1640 жылы торғауыттар тобынан бөліне бастады (Хиад Боржигон Жүгдрийн Бор «Монгол хийгээд Евразийн дипломат шаштир» ІІІ боть, 2006. 364 б. 128-129 бб.). Қалмақ хандығы өзінің «Қырық төрт екінің жарғысын» қабылдап үлгерді. Алайда жасы баршындаған Хо Өрлік 1625-1627 жылдары өз елін Үстірттен ары Еділге бастады да, сол бойдағы арпалыстармен жүріп, 1644 жылы сойылға жығылып, қаза болды. Шүкірден кейін Пунцаг 1661-1669 жылға дейін Қалмақтың хан тағында отырды. І Петрдің тұсында Шүкірдің немересі Аюке хан (1642-1724) саяси сахнаға келді Ол, 1669-1724 жыл аралығында Қалмақты билегенде қазақтың басынан «Ақтабан шұбырынды – Алқакөл сұлама» зобалаңы жеткен. Осы зұлматты заман ағымы Аюкеге де ажалдың жазалы қазасымен қатар келген-ді. Маңғыстаудың ортағасырлық тарихының соңы – Орыс отарлауымен ұласа береді. Бұл өңге мән – өзге сөзге өзек-ті!
Ақтауға сапар...
Үстелге мініп үйреншікті жазуда едім. Қаңтардың қайғылы күні Светқали Нұржан бауырымды ойлағам. Алпысы ғой биыл! Кеше әлем желіде «осып өтіпті» біреуді!? Кімді ойласаң сол келеді!? Тегіннен тегі аян емес-ті?! Аян деген шексіздік...Ұялы телефон ұлып қоя бергені... Айт Манның қоңыр қозы дауысы! Жайлап... бұйырса... деген ескі мақам, есентүгел есендік! Түп-түп қарағандай түкті шашы аспанға шаншылып, оң қолымен ерінін басып сөйлеп тұратын: Маңғыстаудың маң даласы секілді маңғаз кейіпі, Хазардың қарала толқынындай қарала жанары есіме оралды! Ақтауға шақырады! Алдағы 18-19 қаңтарда – «Тарғыл тасқа тамған жыры!». Кеші өтеді бұйырса! Бәрін жиып тастап, қиырлы жолға әзірленуім керек! Межелі уақыт таяуда.
Қазақтың өте аяулы шалқар ақыны, әулие-шешен тіні бөлек күдір! Сонау сексенінші жылдар елесінен құдайға шағынған құбыл-өрт өлеңдеріне ерекше таңданып, сағынышпен тұщынатын тұма інім-дүр! Ол кезде біз «құдайдың өлгенін...» (хаһ сенімнің) Ницшеден бұрындары Кеңестік идеологтардан еміс естуші едік. Ақпа жырау, ағыл еспе, ақберен сөздің ділгірлерінің ілгеріден қалған ізбасары һәм бірегейі! Сонауғы Абыл мен Ақтан, Нұрымнан Мұрынға дейінгі жырындылар, Аралбай мен Қашаған, Сәттіғұл мен Түмендердің бүгіні!
Айт Ман ақын аузын ашса – Абыл Тарақтың күйі еңкитін ерен-шынар жігітағасы, саңыр самала! Адай атаның адайырбегілерінің зімі жүрегіне сіңген ірі, мыс шегедей мықтылардың жұғыны! Астанадан аспан жолына екі сағат жарымға жуық жол шегумен – Ақ теңіздің түбегіне жантая бұйыққан түзбелі жұзақты жәуһерлі ару қала – Ақтауға келдік! Менің аяулы інім Ақыт Ибатұлы қарсы алды! Беу, бұйырғынды бұйра құйқалы буырыл – Ақтау! Айт Манның қарапайым да қайратты мерейлі ел-жұртына сәлем!
«Ер Едіге» сценографиясы
Ақтөбе облысы Тахауи Ахтанов атындағы театры Айт Ман ақынның – «Ер Едіге» тарихи драмасымен тосынсый жасады. Ұлт жадысының алтын кені – «Ер Едіге» ақынның түрлі пәлсафалық ой эксперименталдық ұқыпты таңдау талдауымен Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінде сахнаға лайықталған. Әмір Темір заманындағы аңызға айналған абыздың аталы сөзі бүгінгі елдік санаға негізделген.
Алтын орда ақылманынан қалған аңыз дастан – жырының тірі көрінісіне құрметті оқырман қойылым арқылы тұтынды, тұшынды да.Түркі тілдес елдердің бәріне ортақ жырдың қазақша нұсқасы ХШ-ХХ ғасыр ширегінде Шоқан Уәлиханов, Мәшһүр Жүсіп Көпей, Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Мағауин қатарлы ұлылар арқылы жеткен еді. «Ер Едіге» орысша, ағылшынша да «сөйлеген». Құлақпен естіген «жыр мен аңызды көзбен сахнадан көру бақыты...» бізге бұйырды осылай. Бұл драмалық бағалау менікі емес Брехт Бертольт (1898-1956) әулиенің сөзі.
«Тарғыл тасқа тамған жыр» кеші
Ертеңінде тамсанды «Тарғыл тасқа тамған жыр» шығармашылық кеші өтті. Ат шаптырым алаңы кең ғимарат – «Достық үйі» іші жақсы жарандар, өнер жанкүйерлері, санакөзді көрермендер лық толы. Кештің тізгіншісі (generalіssіmus-і) ақынның балаң шағының ең етене жарқын досы – «Қазығұрт» баспасының директоры, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, белгілі шайыр Темірғали Көпбай ұста-ақын. Кеше мен бүгіннің арасына уақыт кеңісін кезекпен саралаған кескіні сужаңа сахнадан түбіт мұртты бала Светқалидан бастап, алпыстың асқарына келген білікті, санасы кемелденген дара Айт Манға дейінгі ғұмыраралық таңғажайып естеліктер мен көріністерге саяхат жасалды.
Керемет!
Маңғыстаудың бүкіл тарихи өлкесі мен киелі жерлерін түгел аралап шыққандай болдық ақынға ілесіп. Қола дәуіріндегі қоңыр түзем Сам құмы мен Көк шеберілі тәжді Шерқала, түңкелі Түпқарағандағы ежелгі үр жұрт, қашанғы бір дәуірдегі Қызыл кентке де саялап «барып, қайттық»... Еуропа мен Таяу Шығысаралық Ұлы Жібек жолы – Хиуа мен Хорезм, ХІІІ ғасыдағы Бекет Ата, Қошқар Ата, Масат Ата, Шақпақ Ата кешендерін кенерелеп «кездік»!? Хош! Кештен есте қалған әсер көп. Солардың бірі техника ғылымдарының докторы, айтулы ғалым, өткір білімдар, өрен тақуа Саят Ыбырайдың таңғайып ойлары, бейсаналық бедізді сүгіретті сүлей лебіздері еді. Көнеден жеткен көмбедей еңіл көрімдіктерімен Саят самғатып көсілтіп өтті. Абай елінен келген кемеңгер (гениальный) ақын Абай сойымен үкілі мемлекеттік сыйлықтың иегері Тыныштықбек Әбдікәкімұлының Айт Манға арнаған өлеңі – ақиесінің өзінің төл үнімен оқылуы өзалдына өңге кемел бір тауариһат-ты!
Сонымен бірге Айт Манның тойына бұ жолы себептермен келе алмаса да, Алматыдағы ақын інісі Мұрат Шаймаранның – «Диуана» аталған қыраудың мың айшықтарындай тұма жыры орасан болды! Мерейтойдың түреніне адуын ақындар Бауыржан Бабажан мен Маралтай Райымбектер үн қосты. Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Асқарұлының хош сөзі ерекше әсер қалдырды қарасы көп қалың жұртқа. Арғысы – Махамбеттен тартып, бергісі қазақ поэзиясының темір қағаны Темірхан Медетбектің өлеңімен әрлеп, (әсіре жалаң, жасандылықтан мүлде аулақ) әрідегі әндігер тауыриһаттан сыр тартқан тапқыр, өңір көшбасшысының орторлығына (orator) жұрт куә болды.
Мұндай жырынды әкімді бірінші рет әрі «тірідей» көрген, тыңдаған бізге бек таңсық еді! Мұндай мұнайлы өлкенің уәлилігіне Махамбетпен қоса Мальтустің теориясын маңырата жөнелетін Нұрлан Асқарұлы тақылеттес текті серкелер, епті саяси тұлғалар үнемі маркетингті басқаруға таңдалып тағайындалуы тура секілді сезілді. Әрине әулиелі өлкенің өңіріне табан тіреп, аяқпен басқанда: сәбидің еңбегіндей жұпарлы жұмақ, аяулы құндаққа өкшеңді қатаң қадамай, табаныңды тазалап аттағың келеді екен!?
Оғыланды - Ақтау
Маңғыстаудың жер көлемі 16 564,2 га, түп ортасы – Ақтау қаласы. Облыста шамамен 800 мың, түп қала Ақтауда 400 мың жан саны бар, 90 пайызы қазақтар, аудандысы Кіші атаның әулеті: тіптен бірқыдыру қоңсылас өзгелерге пана жайқын-байтақ ел дейік. Батыс түстікте – Түркімен, шығысында – Өзбекстан, Қарақалпақпен шекара шептес. Каспий теңіз су бекеті арқылы – Шығыс Еуропа һәм Әзірбайжанмен екіара шектеседі. Солтүстігі – Атырау, Ақтөбе.
Ежелгі Азаудың үзігі – көне Боз теңіз, Хазара – Каспийдің ұзын сызымы –1030 шақырым, ені – 435 шақырым. Маңғыстау да екі тәңір – бірі көктен тұныған Көк теңгірі, екіншісі жердегі жайқан жағалы, көбелі – Көк теңіз! Каспийдің терең уысында жүз қанша балықтардың түрлері үйіріледі. Ғаламды таңғалдырған құнды қара уылдырықты құрсағына тыққан қызыл балықты – бекіре дейді. Шамамен 2 құлаш 80 келіге дейін жететін балықтың көкесі байлық осында.
Маңғыстау мұнайлы донор өңір
Қазандықтағы мұнайдың әр тамшысында қайран қазақтың қаны мен терінің жұғымы бар. Маңғыстаумұнайгаз, Өзенмұнайгаз, Қарақұдықмұнай, Каспий меруерт оперейтинг, тек қана «Azersun Holding» өндірістік логистика жобасы инвестициялардың жалпы сомасы – 144,5 млрд. теңгеге тең деген ұзына ірі кәсіпорын, алпауыт атаулардың арғы түкпірінде осы өңірдің даму стратегиясы фосфор, көмір, марганец, түрлі тұздар, ұлутастар уысында тығылып жатқандай. Бір жылдағы 15.5 млн. тонна шикі мұнай, 2,8 млрд. текшеметр табиғи газ өнімі, Ақтау теңіз портының жалпы инвестиция көлемі млрд-таған доллармен игіліктенді деген сан дерек бос сөз емес.
Былайғы көпке көптен күмәнді ырысты – «Жетібай» мен «Қаламқас» кен орындарының нақты желісі, «тәтті жемісі» енді-енді қазақтың өз игілігіне жұмсала бастағандай. Қаламқас есімі – қыз айымы бағызы жосындағы. Демек, мынау «Қаламқас» мұнайы Маңғыстауға құдайының бөлген ырыс-несібі. Өткен 2022 жылы 170 млн-шы мұнайын өңдеген (өндірген). Төрткүл дүниеге жіберілетін өнімді 4000 жұмысшы қызыл қолымен жеткереді. Төрт мың адамның артында төрт адам бар десек – бірқыдыру ошарлы бас, мыңдаған отбасылары еңбек несібесін айырады. «Жетібай» кен орны тәулігіне 40 мың текше метр мұнай өңдейді, ал мұнай өндіру көлемі тәулігіне 7000 тонна шамамен. Мұндағы мамандар геологтар, оператор, кенші, инженер мен дәнекершілер, экологтар, жүргізушілер т.б. жүздеген мамандардың қыруар еңбегі, табан еті мен маңдай тері тегін кетпейтіндей.
Жасыл аймақ – жаңа айлақ...
Атақты ақын досым, тәңіри тұлға Есенғали Раушанның – «Алғайдың ала шөлінде сексеуіл деген ағам бар...» дейтін сексеуіл туралы өлеңі еске оралады. Шөлейт құмайтқа жан бітіретін, құм көшегін «көгендейтін» құдыретті ағаш – сексеуіл мен жүзген. Жалпы аумағы 3328,9 гектар жерге сексеуіл тұқым-тамыры себілген. Жарма мен Сенекті, Сазды мен Сауысқандыны қамтыған тағы да сол секілді 150 гектар жердің төрт жасыл жамылғысына 400 000-ға жуық сексеуіл өнеді. Сала желінді ала бұлттардан жаңбыр сауатын сала саусақты қара сексеуілдер құмға нәр құяды. Әлемдегі ең үлкен шөл 9 000 000 шаршы шақырым аумақты қамтитын – батыс Мысырдың Сахара шөлінің кейбір өңірлерін самалдатқан мұнайдың құдыреті осы өлкеде қайталанбақ. Маңғыстауда алдағы 5 жылда 5850 гектар мемлекеттік жасыл орман қорына қоса 1 950,5 мың түп ағаш егілмек.
Ауыл – табыс көзі
Маңғыстаулықтарға жылына 2.5 пайызбен шағын несие, ауылшаруашылығы дамысына жылына 800 млн. теңге 170 шақты жобаға немесе кәсіп бастауға бұйырылады. Бұл сандеректер «тақияға тар келмейді». Әмбелі Маңғыстау түйенің мекені. Шамамен 40 мыңға жуық ойсылқара тұқымының, 500 мың ұсақ мал, 30 мың жылқының аса бай-бақуатты өрісі. Бұнымен ғаламдық деңгейдегі қазақы технологиялық өнім, бренд (brand) өндіруге толық мүмкіндігі бар. Түйенің сойымен аталатын –Түйесу кен орны – табиғи тұщы тұнық су орғымасы бар.
«Қатар-қатар нар түйе» (Қалнияз) демекші талантты жорналшы Шынар Кендін «Түйесу маршын» жазыпты. Қайнар су – ғаламға экспорттауға келетін – киелі су ғаламдық тұма алтынға тең екен бұйырса. Түйенің киесімен – түйесіңгір, түйеқарын, түйежапырақ, түйетабан, түйеқараған, түйеөркеш, түйежыңғыл, түйесора, нарқамыс, түйе бүйрек, бозащы, бозизен, қатарлы емдік өсімдіктері де өз алдына бір керемет! Маңғыстау жылына мыңдаған тонна ет, жүздеген тонна сүт өнімдерін, жүн-жұрқа және қаракөл елтірісінен тыс, химиялық зауыт өнімдерінен де қыруар қаржылай пайда табады. Малы, мұнайы табиғи газы, т.б. басты байлығы, тасымалды айлағы барда маңғыстаулықтар тым жақын жылдарда түгелдей ұртымен май қауып, жамағатымен жайлап майбаһ мінетіндігіне сенетін секілдіміз. Ләйім солай болғай!
Қазақтың – Бозжырасы
Ақтаудан шамамен үш күндік (ат жол) 300 шақырымдағы Үстірттің ұшы. Ойпырай, орсақ тас, азу тіс секілді жаратылысы жайраң ұйық осында!!! Шатқалдың жынысына тығылған, тіреуіш-тіреуіш мөртас, қабықша қайыршықты қайрақты білеулер, ақсиған әккеріш, ұзаққоқи ұлутастар ертегінің елесіндей. Жартастың жабығанда жарбиған жайынбалықтың қыш азуы, нәһәннің иек сүйегі – дәудің дәнегі секілді кеспірлер. Жалпы жас шамасы 5-6 млн-ға келгені мүмкін. Ғаламдық жиһан кезбелері әлемжелі-ғаламтордан көргенде: Бозжыраны жердегі ежелгі жұлдыз мекен деп санайтыны жарияланған. Рас. Құс жолының екі басы қойыныңда, Қоңырқай жұлдыз бен Есекқырғанды қол созымнан көресің-міс.
Бұл жер Маңғыстау үшін доллар сүйреп келетін қияндағы магнит өрісі. Шағын әуежай, табиғи ұлутастан нешеме зәулім қабатты (palace) үңгір-міңгір қонақтүнеу (hotel) үйлер салынаса?! Қоналқы жұлдызды орындардың ныспаттары 360 әулиелердің атымен аталса. Мысалы, «Аясу баба міңгірі», «Әбілғазы әулие діңгірі» т. с. с. Туристлерге тек шұбат, сүт, қымыз, қымыран, қаймақ, қатық тағамдары мәзірлері әзірленсе. Менюдегі мәзірде: «Бозжыра»-төретабағы, «Түйесу»-сусындары, «Айрақты»-айраны, «Қарақия»-қаймағы, «Жаңаөзен»-жармасы, «Отпантау» - боза-шарабы, «Оғылан ірімшігі», «Қапам қатығы» т. с. с. Ал, сайраншыл кезбе - қазынасы асқан жомарт байларға қайраң бекіренің қара уылдырығының жарты келісі 50 000 долларға бағаланып сатылса!?
«Каспийдің толқыны соғады жағаға...»
Еуропа және Азия-Тынық мұхит аймағын ұштастыратын аса маңызды стратегиялық кеңістік – жаңа Қазақстанға тиесілі. Ендеше көршілес Қытай мен Ресей қарым-қатынасында да саяси-экономикалық, әскери салаларды қамтыған жаңа мәселелер бой көтерері сөзсіз. Ресей мен Қытай Қазақстанмен шектес, іргелес, мүдделес мәңгі көрші. Ал, этникалық түріктекті туыс халықтар елдері – Әзербайжан, Түркіменстан, Өзбекстан, Қырғызстанмен де дәстүрлі қарым-қатынастар шегі ортақ интеграциямен ұласады. Транскаспий һәм Құрық теңіз порты халықаралық маршрутпен шамамен 1.5 млн тонна жүк тасымалы 2025 жылы 10 млн тоннаға артады. Жуық шамада Қазақ елінің бастамасымен Каспий геоэкономикалық мәселесі бір жолға қойылған. Өткен бесінші реткі жоғарғы деңгейдегі саммитке Қазақстан, Әзербайжан, Ресей, Түркіменстан, Иран президенттері 1992 жылдан бергі шешімін таппаған аламан таласты істі жөнге салды.
Ақтауда өткен саммитта Каспий жағалауындағы елдер осыдан кейін теңіз конвенциясына бірігетіндігі жарияланды. Ал, АҚШ-тың Орталық Азия – Каспий – Кавказ аймағына деген көзқарасы тым ертеден ояна бастағаны аян. Әсіресе американдық дипломатиялық елшіліктер қауырт қимылға келгені сонша – Қазақтың саяси-экономикалық реформаларының үстемдігіне ықпал етуді көздеп келді. Нысанасы – Каспий энергоресурсын айналымға салуға, оның бәсекелестікке келуін баса назарда ұстау еді. Осылайша Орталық Азия яғни Қазақстандағы мұнайға АҚШ өз компанияларының жан-жақты белсенділігін оята түсті. Каспийдің баламасыз байлығына ұмтылған кәсіпкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету американдықтардың мақсат, мүддесіне сәйкес болғасын ғана іс оңала жөнелді... Қай жерде экономикалық мүдде болса – АҚШ саясаты соған қарай икемделетіні жасырын тәсіл емес.
Себебі, біз тілге тиек еткен Орта Азия аймағы яғни Каспийдегі жалпы құны 4 триллион долларға тең келетін 27 млрд тонна мұнай қорына қарай шамасы – 200-ге жуық американдық компаниялар ентелей келе бастаған. Олардың мүддесін қанағатты орындау арқылы елдік, ұлттық мүддені ұстану жолы да қатаң қарастырылады. Қазақ мемлекеті осы тұста аса ұқыпты және сондай сындарлы саясатты ұстана білді де. Осынау геоэконмикалық өңірдің бүткіл макро, микро салалық менеджментін бүгін Облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы басқарады.
Әрине Ресей, Әзербайжан секілді Каспий жағалауынан «шабақ сыпыратын» шағала елдердің өзара қарым-қатынас түрені түзу ұшты, істағандары берік орныға бастады. Бұдан кейінгісі Қазақ елі үшін Ричард Бахтың – «Жонатан Ливгинстон есімді шағала»-сы секілді бейуақыт – кеңістік аясындағыдай жылдам өрбіді. Сұйық алтынға деген көзқарас АҚШ пен Иран арасындағы эмбарго саяси, экономикалық мүддені де қозғай түскен-ді. Мұнай, газ, тіпті қара уылдырыққа дейін тоғытылған қарт Каспий осынау алпауыттардың қай-қайсысына да «үнсіз» жауап бергендей баяғысынша барақат толқиды жарықтық! Содан кейін тіпті 1730 шақырымға 30-35 млн тонна мұнай айдайтын – «Баку-Жейхан» мұнай құбыры Түркия, Әзербайжан, Грузия, Қазақстан, Өзбекстан президенттерінің қол қоюымен АҚШ-ның да қолдауын тапқан-ды.
АҚШ болса Қазақстан арқылы Каспий мұнайына қарай оралу үшін барын салды. Осы ұласпалы саясат сонау 2000 жылы Қазақстанға ресми сапар жасаған АҚШ-ның бұрынағы мемлекеттік хатшысы Мадлен Олбрайттың кезінен бастап бетбұрыс аңысы айқын болғанын білеміз. Мадлен Олбрайттың сол ресми сапары қазір де тарихи аса тағылымды қалпында. Айталық, баяғыдан Вашингтоншыл өзбектер де, АҚШ-тың осы аймақтағы екінші стратегиялық әріптесі болған қырғыздар да өз – өз позициясында қалған. Каспий аймағы Қазақстанның пайдасына шешілген.
Каспий мұнайы Жерорта теңізі арқылы әлемдік базарға жол тартқан-ды. Мінеки, 60 жылға ғұмыры жалғасатын құбырдың бір ұшы – Шығыс Еуропаға осылай жетіпті. Мұнайдың баррелі 40-54 долларға құлдырағанымен қазір шамамен 60-64 доллар арасында ырғалып тұр. Таяу ширекке шейін 3-4 есе өсуі бек мүмкін!? АҚШ-тың геосаяси есеп-қисабы қашан да 100 пайыздық дәлдікпен жүзеге асады деу қиын. Демек тек қана Каспий аймағы емес басқа да пайдалы байлықтарды көздейтіндер әлі де бар.
Осылардың әр қимылын бақылап байыптап отырған – «Enery information Adminustration»-ның саясаты алысты болжаған. Алайда осы аралықта тек мұнайдан келетін қаржы мен мұнайдың белгілі бір бөлігі оффшорлық аймақтарға да қарай кетіп қалатыны жөнінде хабарлар сол тараптан ескертілген болуы да мүмкін. ҚР Парламенті Кеден және салық жүйесін қайта құрды да шағын, орта өндірістерді ынталандыратын реформа қадамын жасауда. Бұдан соң «көлеңкелі» экономика құрдымға кетірмесе де баяғы қыруар ұрлық ептеп құрықталатын түрі бар... Құдай берген Тәуелсіздікті мұнайымен сақтап қалуға қарпайым таза қанды қазақтар ғана шырылдап жүрер-ді.
Демек, өтіп бара жатқан өліаралық өтпелі әп – сәтте өз қарақан басын күйіттеп байып үлгерген ұлтсыз, тексіз ұрылар саны да арта түскені сөзсіз. Бұл енді Ұлттық қауіпсіздікке келтірілер орны толмас зиянның көкесі осы! Қазақстанның миллиярдтаған долларынан селбесіп ұрласуға мұрындық болатын оффшоршыл ресми ұрылар батыста да, шығыста да бықып жүрді. Мұнайлы өлкелердегі жасанды дау – дамай, кейбір әдейі тұтандырған өртті үрлеушілер тобы алыстан келетін кесел. Құдай дес бергенде өткен шақтарда одан айтарлықтай қатер бола қоймады. Егер олай болған болса ол – ұлы Тәуелсіздік жолында жанын құрбандыққа байлайтындар тек қазақтар ғана болады.Өткен жылдары шетте бұғатталған қаржы анау – мынау мәселелері «құлақтан тепкендей» естілген. Оған сабырлы болу керек шығар. Қайырсыз, иесіз шығын деген түсінік болмаса керек. Бүгінгі Қазақ тек Каспийді ғана жағалап «шабақ сыпыратын» үйреншікті ғадетінен мүлдем басқа уақыт – кеңістікке қарай бет алғалы тұрған аймақ.
Арқа-Ақтау 19-20 қаңтар 2023ж.
Бөлісу: