Сағатбек Ернұр. Биені де төлімен сынамасын
Бөлісу:
Биені де төлімен сынамасын
Одан бері жиырма жылдан астам уақыт өтсе де, осы сурет көңіл дәптеріме жазылып қалғандай санамнан өшпей жаңғырады да тұрады. Əсіресе, әлдеқандай безбүйрек әйелдің баласын туар-тумастан далаға тастап кеткенін, ана мейірімі дарымаған тағы бір көкектің өз сәбиін жетімдер үйіне өткізіп кеткенін естігенде, «жарыммен жараспадым» деп далбасалаған арсыздың балаларын тірі жетім атандырғанынан құлағдар болғанда, “Əттеген-ай, қасқа биенің мейірімі кейбір адамдарға бұйырмағанын қарашы”, - деп қынжылатынмын…
Атам марқұмның қазаққа тəн бір жақсы қасиеті - бəсіре беру еді. Баласына қырық қадам аттата келген, салам бергізе келген, сағынысып келген ағайынның бəріне не құлын-тай, не бұзау-тана атайтын. Ал өздерінің алдына бір қойын көлденең тартып бата сұрап, армансыз аунап-қунағасын аттандыратын. Қалған етті де “қонақтың несібесі” деп қоржынына салғызатын. Қайтып бара жатқан кісіден міндетті түрде бұйымтай сұрайтын.
Ал сонда біздің бəсіреміз қайда? Əрине, жылқының ішінде жүр. Атам көктемде бие туып бастағанда аяғын апыл-талпыл басқан ұл немересінің бəріне бір-бір құлыннан бəсіреге атайтын. Ең кереметі – ес біле бастағаннан-ақ еншіңнің бары “Менің малым” дегізіп еңсеңді көтереді. Бір қиын жері: “Сенің биең ылғи ұрғашы туады”, “Ө-ө-өй, сенікінің қасқасы қисық қой”, - деп бір-біріміздің жүйкемізді жұқартатынымыз. Ойбай-оу, “Итің жаман” десе, қарадай көңілі қалатын қазақ емеспіз бе? Осының артынан оспадарлыққа салып шақпа-шұқ төбелесіп те қалатынбыз.
Несін айтайын, атам маған ала аяқ қызыл күрең, ағама қозы күрең қасқа құлынды атағанына төрт жыл болды. Біздің бəсіреміз құлындайтын бие болған. Бұған дейін жұртты тұралатып кеткен жұттан сескеніп қалған ел шөпті мая-мая етіп молынан жинады. Осы жылы біздің үй үлкен үйірден бастап бойдақтарға дейін шөп шашып ерекше қолға алған. Ит-құс қалың болғасын қыстың көзі қырауда жылқыны түнде қашаға қамап, таң қылаң бере, таудың тағысы мекеніне қайтты-ау деген уақытта шығаратын. Сонда да қандыбалақ қақпан ауыз кеш батса болды төңіректі торып, қыстауға таяу келіп ұлығанда төбе құйқаңды шымырлатар еді.
Ондайда бабымен шəй ішіп отырған атам кесесінен басын жұлып алады да, “Əй, Əнуар, неғып отырсың, ей? Айғайласаңшы! Айтақта иттерді!” - дейді. Көкем орнына сүйретіліп əзер тұрады да, “Əйт, əйт!” - деп дауыстап қайта кіреді. Шатынағанда шарасынан шығып кете жаздаған кəрі көз шамның жарығымен шағылысып шоқтай жанады. “Өй, жан емес, албасты! Қатын құсап даусы шықпайды мына неменің! Барыс, балам, шық та айғайла өзің!” - дейді. Атып тұрып есікті бір теуіп ашамын да, айтаққа басамын келіп. Қайтып кіргенімде атам қайнауы басылған самаурындай байсалды қалпына түсіп, “Е-е-е, жігіт деген осылай айғайламай ма екен?” д- еп шайын сораптап отырады. Менің танауым бір көтеріліп қалады.
Сәлден соң “Еркек түгіл Ер Төстік айғайласа да, сыбағамды алмай кетпеймін!” - деп қасекең қораға жақындай түседі. Ендігі жерде мен деген дүрегейлердің өзінің аузына құм құйылып, үй маңын айналып қыңсылауға ғана шамасы жетеді. Осы кезде ағам “Кімнің нағыз жігіт екенін көрсетейін бəріңе!” - дегендей мылтығын алып шығады да, тістеніп тұрып шүріппесін басып-басып қалады.
Қараңғылыққа малынып тұрған əлем көрпесін қымтаған үстіне қымтап, жым-жырт қалыпқа түседі. Шай қайнатым уақыт өткен соң шайылған шыны-аяқтың сылдыры саябырсиды. Білтелі шамның жарығы барынша азаяды. Шымылдықтың артында əлі ыстық-суығы басыла қоймаған аға-жеңгемнің сездірмей сыбырласып, сыздықтата сықылықтаған үні тұншығып барып тыншиды.
Бір күні түнде атамның “Аттан! Аттан!” - деген ашты айқайынан шошып ояндық! Иттердің қыңсылағанына жылқының шыңғыра шыққан үні мен тоң жерді тасырлатқан тұяғының дауысы қосылып түнгі əлемді азан-қазан қылды. Ағам босағада бүкірейіп тұрған мылтығының белін сарт еткізіп түзеді де, есірген немелердің есін алмаққа гүрсілдетіп қоя берді. Қысқы түннің аязы борбайымды қарығанына қарамастан жалаң аяқ, жалаң бұт дір-дір етіп атаммен бірге далада жүрмін. Əккі жау əлдеқашан қою түнге сіңіп жоқ болғанымен жылқының оқырана үріккені басылар емес. Ақ дамбалымен атып шыққан атам қолына аспа шамын алып ортаңғы қашада қамалған қысырақтың үйірін қарап келді де, “Біреуін тартып кеткен сияқты”, - деп қайта қайтты.
Мұздап кеткенімді үйге кіргенде бір-ақ білдім. Апамның тандырдың табындай ыстық қойнына кіре сала қылжиып қалғып кеттім. Атам түнімен дөңбекшіп ұйықтамаған болуы да мүмкін. Бəлкім, тəңірі бар тағы тартқан қасқа биенің қансырап өлмей аман қалуын тілеген де шығар. Əйтеуір, күндегісінен ерте тұрып, үй ішін де таң сәріден оятып, шаруа жайына ширақ кірісті.
Арланның азуы қалада интернатта оқып жүрген ағамның бəсіресі қасқа биенің жамбасынан орып əкеткен екен. Сорғалаған қан шашасына дейін сүңгі мұз болып қатып қалған. Жанының қыл үстінде тұрғанын сезгендей жалынышты көзқараспен қарап, дір-дір етеді. Түнімен біраз қансырағанымен, аман қалыпты. Жануар “Ендігі тағдырым пышақтың жүзінде ме? Адамның емінде ме?”- деп тұрғандай.
Сол күні ауылдан көкем келді. Атам заманнан малдың қамына қаныққан кісінің үйінде ақсақ-тоқсақты емдейтін бір жəшік дəрі болады. Сол жəшік қашаның қасына келіп қопарылып түсті. Жастығына салып орынсыз осқырына беретін тарпаңдығынан бір сəтте ада болған қасқа бие үңірейіп қалған жамбасының етін жылы сумен жуып-тазалағанда да, марганцовкамен шайғанда да, ащы дəріні сепкенде де атамның ырқына көне берді.
Ары қарай басына үміт деген ноқта салынып, оған күдік деген шылбыр тағылып, өмір деген ақырға апарып, отқа қойылды. Күдіктің шылбыры неше рет үзіліп кете жаздағанмен, үміттің ноқтасы оңайлықпен басынан шыға қоймады. Бір ай өткенде ақсаңдаған аяғы сылтып басуға жарап, суаттан өзі барып су ішіп жүрді. Жарасы да қара қотырланып, атамның көңіліне “Мал болатын сықпыты бар”, -деген сенім ұялатты. Айтпақшы, үміт серіктесі сенімді тапқанда, күдіктің көзін жоймай тұра ма?
Бірақ, абалақтың аузы тиген күннің ертеңіне еркіне бағынбай қасқа бие іш тастаған. “Бастан құлақ садаға”, жаным аман болса, жаман құлынның талайын табармын!” - дегендей жарасының үстіне жабығуды жамамаған. Əлден уақытта қораның арт жағында шала құлынды шаранадан жарып жеген шайпау мінез төбеттердің шайқасы басталып кетті.
Ақ қылышын қынабына салып қаһарлы қыс кетіп, қардың көбесі сөгілгенде, үйірге бір-ақ қосылды. Жирен айғыр қораның иісі сіңген байталын қорс-қорс иіскеді де, үйіріне қосып иіріп əкетті. Сол жылы менің ала аяқ биеме тұрымтай тұлғалы қасқа құлын ерді. Қаладан келген ағамның көкірегін қызғаныштың шоғы қарып өткенімен, өз биесінің басы аман қалғанына қуанды.
Мен біріншіге баратын келер жылы колхоздан пəйге тиген пырақ базға көшіп келдік. Көшіп келе салдық деп қоямын-ау! Оңай болмады. Ит байласа тұрмайтын жер болса да атақонысынан ажырамайтын қазақтың қанына сіңген қасиетімен атам қыстауын қимай ақырзаманды тақады келіп. Тіпті ол жер сазды жердің түбегі, “ұрының” ұрмасы екенін біле тұра, “Малдың үйреніп қалған жері еді, əттеген-ай!” - деп əзер келді. Бірақ жері ашық, жолы жазық, ауылға да, шөп таситын аңызға да тиіп тұрған “жаңа” қыстауға бір-ақ айдың ішінде үйренісіп кеттік.
Қар суымен кеткен қасқа бие жайлаудан балықтай боп семіріп түсті. Жаздай құлынын құлдыратып жүрген қатарластырына қызыққан да болар. Бірақ, оның қазіргі қалпы басқа биелерге “Сендерге қарағанда жаялығым жалтырап тұр”, - дегендей. Басқалармен салыстыратын тағы бір басымдығы жирен айғырдан ерте тоқтаған еді. Енді келер жылы кенже туған биелер құлындарын құлдыраңдатып жайлаудан қайтқанда, ол ерте туған сөредей құлынын тайлармен теңестіріп түсіретініне күдік жоқ.
Үміт пен күдік күн мен бұлт секілді. Қазір ғана жарқырап тұрған күніңді шөкімдей бұлт көлегейлей қалса болғаны, шамың сөнгендей шарасыз күй кешесің. Тек сол кезде сенім деген бораныңды тұрғызып шуағыңның шымылдығын түріп жіберу керек. Көбіміз осыны ұмытып кетеміз ғой.
Иə, үміті үзілмеген қасқа бие наурыздың басында құлындады. Сағына жеткен қызығын басқалардың бөлісуін қызғанғандай саздағы бір түбекке барып толғатты. Амал не, жас құлын аяқтана сала, ойнақтап жүріп тұнбаға түсіп кетті. Қанша қарманып ұмтылса да, түбінде табан тірейтін жері жоқ тұңғиықтан шыға алмай тұншыға берді. Көз алдында өліп бара жатқан құлынын құтқара алмай құлындағы дауысы құраққа шығып тұнбаны шыр айналып шыңғыра кісінеген биеге ешкім жəрдемге келмеді. Жаратқанның өзі жəрдем бермесе, қазақ өзін “маңдайға жазғаны” деп жұбатады. Қасқа бие де маңдайға жазғанына көніп, мамыражай жайылып жүрген үйірге келіп қосылды. Екі құлағы салпиып, түбектен емес, түнектен шыққандай тұнжырады да қалды.
Кейде жасаған берген қайғының табы жаныңды ғана емес, тəніңді де талмаусырататын тұсы болады. Осынау жұмыр жер шарында баласынан айырылған ананың омырауының сүті қайтпай азаптанғанынан қиын не бар? Жетпей кеткен жеткіншегі ембеген көкірегін көкке сауып, сәбиіне бұйырмаған уызы қатып семеді. Солай ана жүрек жанындағы жараны ұмытайын десе, тəнінің сыздауы еміс-еміс есіне сала береді. Суалып біткенше құр сүлдері қалады.
Адам екеш адамның өзі де “өлгеннің артынан өлмек жоқ”, “тірі адам тіршілігін істейді” демей ме? Бірақ тəнін қасқыр тартса да, жанның жарасынан оңай жазылатынына осы жолы көзі анық жетті.
Бұл кезде өзінің қатарластары кебеже қарын келісті мама бие бола бастаған. Шіркін, жайлау деген жарықтық жануар түгіл жəндіктің де жадырамасына қоймайды-ау. Қар суымен қайта түлеген қасқа бие терісіне пышақ тисе, ақ майы ақтарылып түсердей болып оңалып қайтты. Жануар талай күндіз ұйықтап, түнде жортқан көп қарақшының көзіне ілінбей қалды. Əйтпесе сол жылы атамның он үш бас қысырағын айдап кеткен баукеспелер бұның да қыл мойнынан қыл шылбырмен қылғындырып əкетіп, ендігі қылғытып жіберер ме еді. Жайындай болып семірген жарықтықтың жайын жат көз қайдан білсін. Арсыз тамақтан жандының сырты жылтырай береді емес пе? Қасқа биенің қасіретін білсе, тас жүрек ұрының да жүрегі жібіп, пышағын қынына қайта салар еді.
Атам бағы жанбаған бейшараны биыл мерзімі жеткенде ерте қолға алған. Аузы күйген үрлеп ішеді, өзі де сазға барып құлындамас еді. Биылғы толғақ кебу бопыр төселген қашада болды. Дегенмен емініп тапқан ерке құлынды ерекше қызғанатын. Бірнеше күн мәпеленді, төлі аяқтанғанша шөп-суы қашаға өзі келді. Уызға тойған үкі құйрық уылдырықтан шыққан шабақтай шапқылап тыным көрмеді. Қасқа бие осы бір қуанышын құдайдың көп көрмеуін сұрағандай қызғанышын тыйып, салқын қанды қалпына ауыса бастады.
Атам енді ағама айғыр үйірді аңыздан айдап əкелуін бұйырды. Шіркін, сондағы жирен айғырдың тісі көкке тигеннен тік мінез көрсеткен ұрғашылардың тірсегінен шайнап құтырып келе жатқанын көрсеңіз. Бірде мойнын аққудай бауырына исе, бірде ата қаздай көкке созады. Енді бірде орағытып ойнақшып, басын шұлғып бəйбішесі ұл тапқандай қуанады.
Шақар мінезді шал “Ө-ө-өй, əкеңнің, қыстан азып шықсаң, азынағаныңды көрер едім”, “Үйріңе қосып ал”, - деп құлынды биені қашадан шығара берді. Көптен көріспесе ұрғашысының иісі еркегінің есін алатын табиғаттың заңы ғой. Жирен айғыр қораздана қомданып, жалын күдірейтіп, мойынын қаздитып, қорс-қорс иіскеленеді. Аңсарына жетіп азынаған айғырдан аждаһа көргендей зересі кеткен бейкүнə кұлын енесін тастап бағыт-бағдарсыз қаша жөнелді. Еркегіне “еркім сенде” деп шұрқырасып тұрған шұбалаң құйрық енесі құлынының артынан қалай атырылып кеткенін өзі де аңғармай қалды.
Қасқа бие тұрмақ қулығына құрық бойламайтын басқа биенің бəрін мысымен басып, бір шыбығымен шықпыртып жүрген адуын күштің иесіне пысқырып та қарамай, жаман құлынының артынан безектеп ала жөнелгені айғырдың зығырданын қайнатты, білем. Құлағын жымқырып, жалын күдірейтіп, аузынан көбігін шашып тұра ұмтылды. Артынан тапырақтап ілескен сегіз тұяқтың даусы құлынның зəресін зəр түбіне жеткізді. Тіпті қорқынышынан жүрегі жарылып кетердей.
Көзді ашып-жұмғанша құлынына таяған биенің сулығынан суырылып шыққан айғыр қаршылдатып шайнап-шайнап жіберді. Дереу алдына озып, шұғыл бұрып қайтарып аламын дегенде, жұлдыздай ағып бара жатқан жирен құлынның артқы аяғын тірсегінен басып өтіп опырып жіберді. Шыбындай ызғып бара жатқан құлын шыңғырып құлап түсті. Жаңа ғана көз ілеспес жылдамдықпен заулап бара жатқан байғұс жілігінен сынып кеткен аяғын бір-екі рет басып көріп еді, сынған сирақ ортасынан бүктеліп-бүктеліп кетті. Енді басса, сүйегі терісінен шығып кететінін білгендей денесі дір-дір етіп, оқ тиген көжектей бүгежектеді де қалды.
Атам сынған сирақтың айналасына ағаш қойып таңып тастады. Жас құлынды жаралап сүйкімі кеткен айғыр үйірін жинап қыстаудан ұзап бара жатты. Қасқа биені тағы бір он күндей үйде ұстаған атамнан ауылға хабар келді: “Ана құлын мал болмайды. Аяғы шіруге айналды. Сойып алайық”. Көкем, тəтем, үшеуміз қыстауға бардық.
Құлынының жарасын күнделікті таңғанда, тып-тыныш тұратын байғұс енесі төлін бауыздауға апара жатқанымызды білгендей аласұрды дейсің. Биік қашаны жарып шығамын деп өзін-өзі тамға соғып ұмтылғанынан ештеңе өнбеді. Тік қарғып шыңғырып кісінегені сай-сүйегіңді сырқыратады. Аналық түйсік не деген сезімтал, не деген қасиетті десеңші?
Небір ту биені сойып жүрген көкеме құлын сою шымшық сою құрлы болмады. Əп-сəтте əдемі құлын буы бұрқыраған аппақ етке айналып екі тегеште тұрды. Атам осы сəтті тағатсыздана күткендей “Теріні алып жүріңдер” деп қораға қарай бастады. “Қашаға жайыңдар, көңілі суысын” деді. Бауыздауынан қаны тамшылап тұрған жас тері қашаның есігіне артылып түсті.
Сол сурет əлі көз алдымда. Жанын қоярға жер таппай тыпыршып, жер тарпып, қашаны сүзе жарып кете жаздап тұрған алапат аналық күш бір-ақ сəтте басылды. Қасқа бие үңірейген үрейлі көзін тайдырмастан ақырын басып келіп, құлынының терісіне тұмсығын тигізді. Сол-ақ екен, жануардың құлағы салпиып, жүні жығылып, жанарынан жас саулап қоя берді.
Сонда шешем қасқа биеге қарсы қарап тұрып, “Ой, құдай-ай, мал екеш малдың өзіне төлі қымбат қой. Бұл да мен сияқты ана емес пе?! Мейіріміңнен айналайын. Е-е-е, Алла, менің де, оның да басына берген тауқыметті тірі жанға бермеші. Биені де төлімен сынамашы!” - деп егіліп жылап қоя берді. Қасқа биенің көз жасы одан ары моншақтай түсті. Жануар-ай, тұлыпқа мекіреніп иіп кете беретін сыйықсыз сиыр болмағасын, жыламай қайтсін? Бұл жарықтық жылқы деген жаратылыс қой.
“Жігітсің ғой, саған жылауға болмайды”, - деген үлкендердің өнегесі өн-бойымды буып ұстап, өз-өзімнен тұншығып тұрдым да, атама қарадым. Көзінен парлап аққан жас бурыл мұртының ұшынан тамып-тамып кетіп жатыр екен. Манадан бері бойымды буып тұрған жігіттігім жайына қалып, еңкілдеп сала бердім. Сол күні үйде қасқа биенің қайғысына қабырғасы қайыспаған жан қалмады. Біраздан соң сүле-сопа қалпымен құр сүлдерін сүйретіп, көз жасы тарам-тарам болып қыстаудан ұзай берді.
…Қара бұлттың артынан күн шығып, аязды қыстан кейін көгеріп көктем, жадырап жаз келетіні секілді əр қайғының бір сейілер кезі болады. Қасқа бие келер жылы мама биелердің қатарына қосылып, сұлу мүсінді су жорға құлынын ертіп жайлауға кетіп бара жатты.
Сағатбек Ернұр Нұрданбекұлы.
Бөлісу: