«Өмірзая» һәм жаншылған рух

Бөлісу:

26.02.2023 3081

Бір жарым ғасырға ұласқан отарлық жүйе, әсіресе орыс-совет кезеңіндегі халқымыздың басынан өткен қанды қасап, ашық жүргізілген геноцид, аштық пен сүргін, соғыс, атомдық апат өз жұртында ордалы ұлыс, аруақты ел болып отырған халқымыздың санын да, сапасын да, санасын да өзгертті. Улады. Құлдыратты. Ұлттың болмысы бұлдырады, тұнығы лайланды, мінезі айнымалы болды. Бірте-бірте бойға сіңген дерт қаймана қауымды өз қағынан жеруге, өзін қор санауға, ұстанымсыз, ұждансыз күйге түсіре бастады. Сатқындық салтанат құрды. Опасыздық отаншылдық деңгейде әспеттелді. Отаршыл елдің жалған ұраны осылайша ақиқатқа айнала бастады. Ең өкініштісі құлдық қамытын киген еліміз өзінің құл екенін сезінбейтін жағдайға жетті. Жазушы Баққожа Мұқайдың «Өмірзая» романы – осы жаншылған рух, езілген еңсе, ұлтсызданған сана туралы. Ғасыр бастауындағы Тәуелсіз Қазақстан әдебиетіне жаңа серпін, тың өріс әкелген бірегей туынды болып саналады. 

Біз осыдан бұрынғы мақаламызда «Өмірзая» романы және Баққожа Мұқайдың шығармашылығындағы көркемдік әлемге тоқталған болатынбыз. Бүгін де сол үдерісті жалғастыра отырып, жазушы шығармаларының көркемдік, жанрлық жүйесіне, тақырыптық ерекшелігіне тоқталамыз. 

Жазушы шығармаларының құндылығы – суреттеудің нақтылығы мен шынайылығында. Әдебиеттің өзіндік танымын терең түсінген жазушы оның бар қадір-қасиетін көркем туындыға сыйғызуға бар күшін салған. Сол себепті де тарихи шындықты бұрмаламай, оқырманына нанымды суреттеу арқылы шығарманы шырайландыра түскен. Әдеби теориялық бағдарды бетке ұстар болсақ, жазушы бұл шығармада ұлт болмысына сай жаңа характер сомдаған. Баққожа Мұқай шығармаларында адам мен заманды терең байланыспен өзара тұтастыққа көркемдеуге тырысады. Жалпы көркем әдебиеттің басты объектісі адам екені белгілі. Қоғам мен адам тығыз байланысты ұғым. «Жазушы адам мен қоғам, адам мен орта қатынасын әрдайым басты назарда ұстайды. Әрқилы тағдыр иелері өздерінің арман-мұңымен, қасірет-қайғысымен, қуаныш-ренішімен бой көрсетіп жатады. Осы қатынастарда қарапайым жандардың қоңыр тіршілігінің өзінен заман шындығын, уақыт бедерін танып, таразылау қаламгерлік мақсатқа толық бағындырылған. Кәдуілгі күн көріс қамымен тіршілік кешіп, еңбек етіп жүрген «қатардаға көптің бірін» бейнелеудің өзі жазушы шығармашылығында қоғамдық, әлеуметтік мәнге ие болады. Бірақ, осы арадан кей тұстарда еріксіз бой көтеріп қалатын саяси үгітшілдікті, құрғақ әлеуметшілдікті кездестірмейміз»- дейді Т. Әлімқұлов шығармашылығын терең зерттеген ғалым Қ. Әбдезұлы. Осы айтылғандар Б. Мұқай шығармашылығына да қатысты. Қоғам адаммен немесе адам қоғаммен тығыз бірлікте. Бұл аталмыш көркем туынды да шынайы қалпында суреттеледі. 

Кез-келген кезеңнің тарихи-әлеуметтік шындығын тануда көркем сөз өнерінің алатын орны жоғары екендігіне. Кеңестік идеологиялық шындықты, әсіресе қазақ тарихындағы ащы шындықтың бет пердесін әшкерелеген «Өмірзая» шығармасы мысал бола алады. Кеңес Одағы кезіндегі қазақ тарихының шындығы халықтан жасырын болып келгені мәлім. Ол туралы айту, жазуғатыйым салынған. Тәуелсіздікке қол жеткізіп, демократияның алғашқы лебі жеткеннен кейін де, қаламгерлер осы тақырыпқа қалам тербеуге бет бұра алған жоқ. Осындай күрделі тақырыпқа қалам тербеген қазақ жазушыларының алғашқыларының бірегейі Б. Мұқай десек те болады. Романның жазылу дерегіне сүйенер болсақ, қаламгер шығармаға он жыл ғұмырын сарп еткен. Бір ғана шығармаға осынша жылдық еңбегін арнау себебі, бұрын жазылмаған тың тақырыпты игеріп, оқырманға жеткізудің тауқыметіне байланысты. Жазушы-драматургтың романмен аттас әрі пьеса жазып, оны Республика теарларында сәтті қойылғаны өнер сүйер қауымға таныс. Кейін романға осы пьесаның біраз көріністері мен кейіпкерлері кірді. Атап айтсақ, Напалеон, Ес, және айырылмай жүретін қос кемпір бейнелеріне романнан да орын берілген болатын. Жазушының халық тағдыры туралы айтпақ ой толғаныстары драмалық шығармалардың мүмкіндігі шектеулі екендігін ескерер болсақ, автордың айтар ой-тұжырымы мақсат-мүддесі бір пьесалық дүниенің аясына сыйғыза алмағаны анық. Жазушының көлемді дүние роман жазуына келу жолы да осы мақсатта болатын. Ол дүниеге келген туындысы арқылы оқырманға бір түйінді тұжырым зерделетеді, өзін және өзгені толғандырған сұраққа жауап береді. Өйткені, мақсатсыз шығарма жазылмайды. Демек, қандай бір туындыдан да жазушының не айтқысы келегнін, сол айтпақ ой-идеясын қалай жеткізгенін көреміз. Тақырыптар ортақ, мегзер идея да ұқсас бола береді. Ең бастысы – тақырыпты игеруді, идеяны шеберлікпен жеткізе білуінде. Шығарманың жақсы-жамандығының, шынайылығының негізгі өлшемдері де – осы айтылғандар. Шығарманың өзіндік бет-бедері, салмағы мен құны да осылардан аңғарылады. 

Халық тағдырын ақын-жазушылар тарихи тұрғыда суреттеуді ұлы алапат шайқаста қанды-қырғын соғыстар, хандар мен батырлардың ерлігі арқылы суреттеп жеткізер болса, «Өмірзая» романының қамтитын кезеңі мүлдем басқа екені түсінікті. Романда сөз болатын уақиғалар «ел аман жұрт тыныш» қалпында қамтылып, бейбітшілік кезеңді суреттегендей әсер қалдырады. Бірақ, осы шын мәнінде солай ма еді? Міне, «Өмірзая» романы тарихтың осындай қатпарлы құпия беттерін қалың оқырманға жайып салады. Жалпы, көркем шығарма өзегіне көпшілік байқай бермейтін жазушы көрегендігі арқауу болатыны сөзсіз. Ойшыл суреткер әрқашанда оқиғалар тізбегін, шындықты көркем дүниелер арқылы жеткізуге тырысады. «Өмірзая» романы қамтитын кезеңде қазақ қоғамында үздіксіз күрес жүріп жатқан еді. Ұлттық мәдениетке, тағдырға, оның жойылып, өркендеуіне, болашағына неше түрлі кедергілер жасалған болатын. Романдағы күрес қалың бұқара халық байқамайтын елеусіздігімен шығарманы шырайландыра түскендей. Билік басында отырған ел ағалары мен үкімет орындарының басшылары сол халықтан қауіпті жасыруға тырысқан. Бұл күрестің қаһармандары оқыған, зиялы қауым. Бірақ, олардың күресі тарихта қалған батырлар күресінен кем емес. Тіпті, одан да күрделі десек те болады. Себебі, бұл шайқас адам сезімімен, ақылымен ойластырылып, шешілгендіктен де күрделі. Шайқас әдетте екі жақ арасында болатындықтан, бұл шығарма да екі жік барынша ашылып көрсетіледі. Бір жақ ақиқатты ашып айтып, жақтаушылар болса, екінші жақ шындыққа қарсы шығушылар. Жақтаушылар тобына Алдияр Ақпанұлы бастаған, Аяған Қуатов, Асылхан, Хадиша және студент жастар. Келесі топ Мұса Байларов, Жақия, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкері Мақсұт және Алмас сынды кейіпкерлер.

Бұлардың шайқасының мәні неде? Міне, шығармада автор көтеріп отырған басты мәселе – осы күрес. Жазушы осыны бар қырынан ашуға тырысады. Шындықты жақтаушылар тобы қазақ халқының тарихын бұрмалауға мүлдем қарсы. Олардың ойлайтыны халық болашағы. Тарих дұрыс жазылса ұлт тағдыры өсіп, өркендейді деп түсінеді. Ана тілін, салт-дәстүр мен ой-сананың гүлденіп дамуында тарихтың ролі жоғары екендігін түсінеді. Ал, таразының келесі жағындағы топ, халық болашағын мүлде ойламайтын, жеке бастың қамын жоғары қояды. Олардың бар ойлағандары – қызмет жоғарылатып, атақ даңққа қол жеткізу. Сол жолда олар туғанын сатып жіберуден тайынбайды. 

Атақ-даңқлауазым жолында әкесінен безінуі қазақ болмысына жат дүниеБұл екі топтың мақсаттары да, жолдары да екі басқа. Олардың арасындағы күрес, қарам-қайшылықтың ешқандай себебі жоқ секілді көрінеді. Оларды тоғыстыратын күш – Шындық атты қасиетті ұғым. Шындық жолындағы күресте алғашқы топ халық басындағы үйірілген құрдымды жоюға жан аямай кіріседі. Шындық өлген жерде халық қалың тобырға айналары сөзсіз. Аяған бастаған топ халық тағдырына байланысты шындықтың ашылып айтылуын қалайды. Ұлт тарихы, рухани мәдени саладағы небір құнды қазыналарының әділ бағалануын керек етеді. Келесі топ неліктен қарсы. Олар да оқыған, интеллегенция тобы, зиялы қауым, бірақ неліктен өз ұлт болашағына қарсы деген сұрақ тууы мүмкін. Міне, «Өмірзая» осы сынды сұрақтарға жауап беруге тырысады. Роман қамтыған кезең зиялы оқыған қауымның таным-түсінігін суреттейді. Ол кезеңде заман ағымына сай оқыған зиялылардың кейбірі өз ұлтынан теріс айналғаны рас еді. міне, автор Мұса байларов образын типтендіруде осындай адамдарды суреттеуді мақсат етіп қойған. Бұл топқа шындықтың түкке де қажеті жоқ. Бірақ осы топтың саясатына Аяғандар күресі кесірін тигізіп, яғни қызмет жолында өсу мен жоғары лауазымға қол жеткізуге кедергі жасайды. Алдияр бастаған топ жан ұшыра шырылдап, шындыққа қол жеткізер болса, келесі топ арсыздықпен жинаған бар абырой-атақтан айырылары сөзсіз. Сондықтан, олар шындық пен оны жақтаушыларға қарсы. Бұлар арқа сүйейтін топ жоғары шендегілер болса, қарсы топ халыққа, көзі ашық азаматтарға, жастарға сенеді. Алғашқы топ халықты еш күш деп санамайды, сондықтан басқару аппаратына, жоғары орындарға жалпаңдайды. Міне, шығарма тартысының себебі де осында.    Осындай адам сана-сезімімен жасалған күресті суреттеп жеткізуге қаламгер дүниетанымы мен шынайы шеберлігінің арқасында қол жеткізе алған. Жалпы Б. Мұқай шағын жанрдағы еңбектеріне арқау еткен, айтқысы келегн ой-тұжырымдарын осы шығармасында жан-жақты көсілтіп суреттейді. Бұл кешегі кеңес өкіметі кезеңіндегі өмір шындығын шынайы тереңнен толғаған туынды. Аталмыш роман басты қоғамдық, бүкіл адамзаттық кесел жағымпаздық, көре алмаушылық, пайдакүнемдік туралы сол дерттің тамырлануын терең психологиялық иірімдерімен, сезімдік күйлермен қабыстырып, көркемдік амал-тәсілдерді орынды пайдалану барысында өте құнды идеяларды мазмұндап, тақырыптық шеңберін кеңейте түседі. «Бұл еңбегімді қазақ елінің тәуелсіздігі жолында құрбан болған ерлердің әруағына арнадым» деп, жазушы романға келу жолындағы өз ұлтының алдындағы жауапкершілікті тереңінен түсінеді. «Танымал жазушы Б. Мұқайдың «Өмірзая» романы осы құлдық сана, рухтың жанышталуы турасында. Қазіргі қазақ әдебиетіндегі жаңа серпін, соны құбылыс дер едік» деп, көрнекті жазушы М. Мағауин бағалағандай, туынды қазақ ұлтының бір кезең тарихын нанымды суреттеп, жаңа характер сомдаған шығарма. Бұл роман ұзақ жылдардағы қыруар ізденістің, соны серпілістің айғағы іспеттес. Алдияр Ақпанұлы қазақ тарихын болашақ ұрпаққа шынайы нәрімен жеткізу жолында құрбан болған топтың бастаушысы. Ойымыз нақтырақ болуы үшін романға тоқталайық. Ғылым кандидаты Аяған Қуатов шындықты ашып айтамын, адалдықтың ақ туын жоғары көтеріп, қазақ тарихының шындығын жеткіземін деп, жұмыстан қуылады. Түрмеге түседі. Басына жабылған жалалардан қасқайып тұрып құтыламын деп ойлаған ол, түрме ішінде жатып небір сұмдықтарға көз жеткізеді. Адамдық құқы аяққа басылған Аяғанның қиын тағдыры кеңестік империяның қазақтың оқыған ортасына жасаған қысастығының ашық көрінісі еді. 

БМұқай кеңестік идеологияның құйтырқы саясатының түрлі шылауларын ашып көрсетуге тырысадыСонымен, «Өмірзая» романын оқыған сайын кейінгі ұрпақ қазақ халқының тарихындағы кеңестік кезең шындығындағы оқыған азаматтардың тарихты таза қалпында бұрмаламау үшін қандай қасірет шеккенін, бүтін бір ұлттың ұлттық қадір –қасиетінің қалайша тапталғанына көз жеткізеді. Жазушы романда психологизмді шығарма негізіне арқау ете келіп, адам бойындағы әр қилы қасиеттерді суреттей түседі. Осы арқылы қоғамның бет пердесіне кең тұрғыда сипаттауға тырысады. Адам мен қоғамның жат қылықтарының шығу төркінін, әлеуметтік себептерін бағдарлайды. Сонымен бірге жеке адам тағдырының қоғамда алатын орнын әшкерелейтін шығармада интелегенцияға тигізген қоғам әсерлері баса көрсетіледі. Көркем шығармадағы қаламгердің адамгершілік ізденісінің басты нысанасы – өмірлік шындықты адам туралы ақиқатты шынайы көркемдеуінде еді. Суреткер күрделі әлеуметтік-қоғамдық мәселелерді түрлі көркемдікпен алға тарта келіп, терең мазмұнды, көркемдік шешімділікпен идеялық нысанасы берік шығарма ұсынған. 

Жазушы идеясы көркем тұлға арқылы іске асады десек, оның жасалу жолы сан алуан. Ең алдымен кейіпкердің сыртқы пішін-келбетінен бастап, оның көңіл-күйі мен жан-дүниесі, психологиясы, табиғат суреттері, диалог, монолог, т.б. Б. Мұқайдың бұл романдағы замандас бейнесін сомдауда кейіпкер психологиясын аша түсетін монолог, диалог, портрет, пейзаж сынды көркемдеу құралдары  шығарманың поэтикасын ерекшелей түседі. Диалогтың ұтымды да кейіпкер характерімен ұштасуы, монологтың образдың ой әлемінен хабардар етер мінез-құлқын ерекшелейтінін жазушы жақсы ескереді. Сонымен бірге шығарманың көркем сұрыптаудан өтетін тағы бір қыры –Аяған сөздері. Ғалым-кейіпкердің мінезінің бар қыры, ойлау жүйесі жалпы психологиялық жан құбылыстары оның сөйлеу мәнерінен көрініс тапқан. Монолог арқылы да бас кейіпкердің характерлік ерекшелігін, ғалымдық табиғатын, адамдық ойлау жүйесін, бір сөзбен айтқанда, ішкі жан дүниесінің қыртыстарын жан-жақты аша түседі. 

Б. Мұқайдың біз сөз етіп отырған романында кейіпкер әлеміндегі жан толқыныстары, ішкі ой-түсінігі монолог іспеттес психологиялық көркемдеулермен ұштасумен қатар, автор-кейіпкер атынан да ой тұжырымдайды. Бұл сынды тұжырымдаулар роман бойынан заман шындығын ашуда көптеп кездеседі, көптеген орынды теңеулермен, ащы сыни көзқарастарды автор-кейіпкер атынан оқырманға жеткізіп жатады. Тіпті романның кей бөліктерінде оқушы бұл кейіпкер сөзі мен авторлық баяндау екендігін ажырата алмай қалады. Суреткер көбінесе бас қаһарманмен жақындасып, оның көңіл-күйін, сыртқы портретін баяндаушы ретінде сипаттайды. Жазушының қаламгерлік қасиеті, шеберлігі кейіпкердің жан-дүниесін ашуда қолданған көркем әдіс-тәсілдері қоғамдық жағдайлармен орынды байланыста пайдаланғанынан айқын аңғарылады. «Автор образы оның сюжеттік–фабулалық, композициялық деңгейлердегі эмоционалдық көрініс беру сәттері оның әралуан текст қабаттарын мағыналық реңктермен безендіруі және әңгімеші кейіпкер әлеміне ұтымды көше білу нәтижесінде қалыптасады. Әңгімеші-кейіпкер атынан сөйлегенде жазушы өз көзқарасынан айни соқпайды да, бейтарап қалыпта болғанды персоналдарды субъективтендіру арқылы әдеттегі белгілі объективтілік тұрғысынан көтеріледі», - профессор Б. Майтанов атап көрсеткеніндей, жазушы әңгімеші-кейіпкер атынан да және туындының тұтас баяндау жүйесіне еніп кетіп, образ әлемін толығымен ашып отырады. 

Романдағы кез-келген образ бейнесі сомдалған, кесектелген, ерекшеленген бейнелер. Әр кейіпкер жан-дүниесі оқырман психологиясына, сана-сезіміне өзгеше әсер ете отырып, туындының өн бойына терең бойлатады. Ұлттық сана-сезімнің, шындығы жемісі іспеттес бұл шығармада жақсылық пен жамандық, адамдар арасындағы азғындық пен азаматтықтың, теке тіресер тартысы алуан әрекеттер мен характерлер қақтығысы арқылы дамиды. Шығарма кейіпкелерінің көңіл-күйі, іс-әрекеттерінің, мінездер табиғаты шынайылығының екі қарама-қайшы бағытта өрбуіндегі бағыттың нанымдылығымен тартымды. Бір топ – шындықты адалдықтың жолы, ол әрқашан жеңеді деген ұлттық патриоттық жолды алға ұстаған топ болса, екіншісі заманның бөрілігіне сай түлкі болып шалуға тырысқан топ өкілдері. Алғашқы топ образдардың бірі, әрі шығарманың бас кейіпкері - Аяған Қуатов 80 жылдардың оқыған зиялы қауымы.  «...сіз айтқан әділеттің ақ жолы қайда? Егер бар болса өзіңіз неге сол жолмен жүрмедіңіз? Сол жолды сіз өмір бойы іздеген жоқ па едіңіз. Бар болса табар едіңіз ғой», - деп ішкі жан дүниесімен ұстазына қарсы пікір айтқанменен, өзі сол жолды таңдап алған кейіпкердің еншісіне өмірдің ащы таяғы тиеді. Жетекшісі Алдияр Ақпанұлын жеңген топ келесі кезекте шәкіртін «жәукемдеуге» кіріседі. Жоғарғы оқу орнының ұстазы, ғылым кандидаты Аяған Қуатов лекцияларында Ауғанстанға әскер апару үлкен  қателік екенін өз студенттеріне түсіндіріп, Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін жастар арасына насихаттап жүретін сана көшбасшысы. Ауғанда мерт болған жалғыз інісінің қазасына қатты күйзелгендіктен, ойын ашық айтқаны өзіне соққы болып тиерін білсе де, қыңырлығына басады. «Аяған Қуатов мемлекетке қарсы, өмір бойы орыс халқын ұнатпаған, оларды аяусыз қырған Сыздық Кенесарин туралы мадақ мақала жазған. Ол орыс пен қазақ халқының арасына от жағу үшін Сыздық сұлтан туралы мақаласын орысшаға аудартып, көбейтіп, жасырын таратқан. Пиғылы жат, ойы бөтен адам. Ауғанстандағы соғысқа қарсы үнқағаз таратқан. Кеңес үкіметі басшыларының беделіне нұсқан келтіретін анекдоттар құрастырған. Сібір аймағын бағындырған атақты батыр Ермакты студенттерге қанқұйлы қарақшы деп дәлелдеуге тырысқан. Ұлтшыл, сенімсіз адам. Жоғарғы оқу орнында қызмет істеуіне болмайды», - деген айыптармен жұмыстан шығарумен қатар, оның жаулары қоғамнан аластатуға тырысады. Ұлы Шындыққа сенген кейіпкердің образы алғаш қамауға түскен кезде ашыла түседі. Образдың мінез-қырларын, ішкі ой, жан дүниесін тереңірек тануда сыртқы қарым-қатынас сәттерінде, психологиялық процестер төңірегінде торда жатқан кезеңдегі әрекет, іс-қимылдар кейіпкердің жан-дүниесін аша түседі. Өзіне жабылған әр қилы жалаларды мойындамаса да, жанын жегідей жейтін сұрақтардан құтыла алмаса да, ол шындыққа сенеді. Көркемдік жағынан мінезі сан қырынан көрсетілген, адамгершілік іс-әрекетерінің нанымдылығымен кесектелген характер көзі ашық, оқыған қазақ интелегенциясының сенімінің, ұлттық ерекшеліктерінің символы іспеттес. Өзінің ақталып, жанұясының жанына жетеріне еш күмәні болмайды. Кейіпкердің ой-сезімін, рухани әлемін, мінез-құлқын, дүние-танымын, ішкі қайшылықтарын ашып көрсету қаламгердің міндеті. Осы міндетті суреткер әртүрлі уақиғалармен образ бейнесін аша түседі. Пәтер жалдап тұратын Аяған пәтер иесімен сөзге келіп қалатын тұста «қанша күйініп тұрса да үлкенді сыйлап үйренген әдетімен - қазақы әдептен аса алмай мысы құрыған», қазақи ер адамның образы кеңінен көрінеді. «Комитет қызметкері жылы шырай танытып, бас шұлғып қояды. Қолдап, қуаттап тұрған сияқты. Қызуланып сөйлеген Аяған өзінің тым артық кетіп қалғанын сезіп, тілін тістей қойды». Артынан неге тосылды? Әлде тергеп отырған жердің мысы басты ма? Айтқан сөзінен айнымайтын ғылыми адамды осындай қалыпқа түсіруге не әсер етті? Оқырманды осы тақылеттес ойлар мазалайды. Бұл, әрине, орынды. Образ бейнесін осындай қайшылықтармен көркемдеу суреткердің бір әдісі деп түсіну қажет. Шығарманың басты кейіпкерін осындай негізгі детальдар арқылы түйіндеу, образ психологиясын бере отырып, жан сырын ашу жазушының үлкен жетістігі. Қаламгер образдың ойын, ішкі монологпен жалғастырып, кейіпкердің жан-дүниесін оқырманға барынша көрсетуге тырысады.

Баққожа Мұқайдың біз сөз етіп отырған романының өзіндік сипаттарының анық көрінер тұсы образ сомдауында. Авторлық биік дүниетаным, тамаша тапқырлық, жазушылық шеберлік Аяған бейнесінің тартымды жасалуына септігін тигізген. Сонымен, Аяған Қуатов образы – реалистік сарында жасалған типтік бейне екендігі шығарма барысында айрықша көріне түседі. «Реалистік образ - әдебиеттегі адам бейнесінің ең сымбатты, шынайы түрі. Мұның сымбаттылығы да, шынайылығы да шыншылдығында. Бұл - кәдімгі өмірде бар және бола беретін, бірақ қайталанбайтын, әрқашан бұрын-соңды белгісіз тың қырынан көрініп, ылғи жаңарып отыратын тип». Иә, Аяған образы әр уақиға, әр жағдай барысына қарай құбылып, өзгеріп отырады. Шығарма барысында кейіпкер ойы, арман-мүддесі, жан-дүниесі кеңінен талданады. Бұл да қаламгердің кейіпкерді ашудағы үлкен бір жемісі.

Табиғатына сай лайықты суреттелген образын суреткер жындыханада одан ары шыңдай түседі.  Тағдырдың басқа салғанына көндігіп, «кейінгі уақытта мүлде тыныш, ешкімге жалынып жағдай айтпайды, жападан-жалғыз отырып алып, ой түкпірін ақтарып» өмір сүруге де үйренеді. Жоғарыда ойын ашық айтып салып, қызбалыққа бой беретін кейіпкер енді өмірдің бұндай ащы сынағына да көндігеді. Жындыханадағы өмірге де көзі үйрене бастайды. Автор осы кезеңбен желтоқсан оқиғасын қатар келтіре отырып, Аяғанның жауы Мұсаның әкесін аталмыш орынға әкеліп тастап, оның куәгері етіп, басты кейіпкерді беруі автордың образ сомдауындағы шарықтауының бір қыры деп те қарауға болады. Өзінің қас жауының әкесі екенін біле тұра, Аяған Ес қарияны жек көре алмайды. Бұл біз сөз етіп отырған образдың шынайылығының тағы бір көрінісі. Образ жасау барысында характерді әр оқиғаға сай жаңа қырынан таныту Баққожа Мұқайдың шығармашылығындағы тағы бір ерекшелік. «Сізге басымды иемін. Сіз сияқты асыл адамдар сирек», - деп осы күйге түсірген, жындыханаға еріксіз жатқызған адамның әкесіне бас иуі арқылы кейіпкер тұлғасы сомдала түседі. «Көркем шығарманың кірпіштерінің бірі – деталь» болса, қаламгер пайдаланған деталь образ характерінің жан-дүниесін көрсетеді. Бұл туындының сюжетін өрбітумен бірге, шығарма бойына ажар кіргізе отырып, характердің көркемдік сипатын белгілейді. Сонымен бірге, бұл деталь Аяған бейнесінің, мінезінің шынайылығының, нанымдылығының да бір белгісі. Осы бір романдағы сәт кейіпкердің ұлттық сипатын, рухани жан-дүниесін айқын да шынайы көрсетіп, оқырманға кесектелген образ туралы ой түйіндеуге септігін тигізеді. Көркем шығармадағы Аяғанның ұлттық тұлғасын автор осындай сәттермен шебер суреттеген. Осындай кезеңдер арқылы адам болмысына терең үңілу, айналасының ұлттық сипын аша түсу, характердің жанды, нәзік сырын тауып, ұғындыруға жан-жақты күш салынған.

Жазушының жеке кейіпкер тағдыры арқылы сол кезеңдегі жалпы жағдайды аңғарта білуі де шығарма ерекшелігінің бір қыры. Басты кейіпкердің басына бірнеше оқиғаны қабаттастыра келіп, оқырманды характер сезімінің тұңғиыққа жетелеуі романды өңдей түседі,образды аша түседі. Алдына қойған мақсатына жету жолында өмірдің бұралаңына кезігіп, жігерін мұқатқан оның қатарластар мен өмірдің сол кездегі шырғалаң шатпақтары еді. Аяған бейнесі, міне, осындай кезеңдегі шындықты арқа тұтып, өз біліміне сеніп, қайратты күшіне сенген адамның көркем шығармадағы сомдалған образы болатын. Түрмеде Аяғанның ішкі монологы мен жындыхана қабырғасындағы түрліше сәттердегі ой түкпірін барынша ақтарылуы арқылы сол кезеңнің тұтас шындығы баяндалады. Алғаш қамалған албырт та аңғал образ әлі де Шындық деген үлкен күштің бар екендігіне сенеді, сол күштің бұны құтқарып аларына күмәнсіз. Ал, келесі қамалыста ол алдыңғы күнге деген үміті солғын, сенімсіздікпен, күдікпен көз сала ой толғатса, желтоқсан оқиғасынан кейінгі қамалғандағы Аяғанның сенімі мүдде жойылған. Қазақ халқының тарихындағы ерекше орын алатын оқиғаның бірі – желтоқсан оқиғасы бұл шығарманы шарықтау шегіне жеткізеді. Осы оқиғаны шығарманың өзегіне айналдыруға тырысқан жазушы сол кезең шындығын бас тұлғаның әрекеттер аясына сыйдырған. 

Бұл шығарма тек өзіне ғана тән тартымдылығымен, табиғилылығымен боямасыз, шынайылығымен құнды. «Шындық пен ақиқаттың алдында жүрегі дірілдеп, қолы қалтырамайтын жазушының қаламынан ғана көпті өзіне ынтық қылатын шынайы шығармалар туады. Нағыз көркем әдебиет мәймөңкені білмейді. Бүгінгі проза заман шындығын ақиқатқа сай бейнелеуі тиіс» – деген жазушы Серік Асылбеков тұжырымы қаламгердің бұл шығармасының нақтылығын айқындай түскендей. Қазақ тарихында қанмен жазылған оқиғаны кейіпкер көзімен жеткізіп, философиялық талғам жасайды. Қаламгер өзіндік позициясын, өмірдегі проблемалалық мәселелерді роман бойында көркемдік тұрғыда әсерлесе, осы ойларын публицистика саласында да ой түйіндеген болатын. Мысалы, “Шырылдайды шындығың” атты мақаласында жазушы жоғарыда аталаған ой-толғамдарын тәуелсіз Қазақстанның экономикасымен де байланыстыра бағдарлайды. Қазақ жеріндегі келеңсіз оқиғалармен ұлт болашағын байланыстыра, өзіндік көзқарасын жеткізеді. «Мемлекетке қарсылық – оның Ата заңына деген қарсылықтан басталады. Ата заңды мойындамау, оның әрбір бабына ілік іздеу – жаңа қалыптасып жатқан мемлекеттің ішкі үйлесімін, бірлігін бұзуды ниет еткендердің тірлігі» деп, ашық ойын жеткізген қаламгер халық ішіндегі кейбір оқиғалар тізбегін сыни көзқарастан өткізеді. Өзіндік жолы бар Ата заңы қалыптасқан мемлекетке халық тарапынан қолдау керектігін де мойындауымыз керек. Бұл ұлт болашағы, мемлекет болашағы. Осы пікірін жазушы айтудан еш жалықпайды. Қазақ халқының кең пейілдігімен, ақжарқындығын тілге тиек еткен қаламгер, ұлтты бірлікке шақырады. Мемлекеттегі жасалынып жатқан игілікті істерді мысалға келтіре отырып, «Қазақ тілі үйге кіргенімен, төрге шыға алмай босағада тұр» деп, тағы да ана тілге қолдау көрсету керектігін де айтудан еш жалықпайды. Экономикасы жақсы деңгейге көтеріліп келе жатқан мемлекет тіл мен әдебиетін ұмытпау керектігін естен шығармау керек. Осыған да қолдан келгенше халық тарапынан, жоғарғы жақтан қолдау қажеттігін де еске салады. Өмірдің бар келеңсіз жайттары мен қиыншылығын кейіпкердің жан әлемі арқылы шығарма аясына сыйдырудан жалықпайды. Қаламгер шығармаларында кісіні жалықтырар сылбырлық жоқ. Жазушының біз сөз етіп отырған романында жаңашыл ой-толқындарымен, өзгеше амал-тәсілдермен байытып, шығарма кеңістігін кеңейте түскеніне көз жеткіземіз.  Кейіпкердің ішкі халі мен рухани тебіренісі арқылы өмірде болған оқиға желісінен сыр шертеді. Мұндағы автор идеясы айқын. Қаламгерлік қолтаңбасындағы өзіндік ерекшелігін сақтай отырып, бұл шығармасында тарихи оқиғаны негізге ала отырып, адам бойындағы жағымсыз қасиеттер мен адами қалыпты шынайы суреттей біледі. 

Жазушының романда образ жасауда пайдаланған тәсілдердің бірі – монолог. Бұл туралы «Монолог та диалог секілді кейіпкердің өзіндік болмыс-бітімін танытады. Мұнда қаһарманның дүниетанымы, көзқарасы, ішкі рухани дүниесі көрініс табады. Адамның ішкі сырын ойлап білу, жүрегін, жанын сөйлету, жан диалектикасын меңгеру-психологиялық талдаудың қызметіне жатады. Сол психологиялық талдаудың ең қуатты компоненттерінің бірі – монолог кемеліне келген әдебиеттің иығына шақ» дейді, ғалым Р. Бердібаев. «Характер – шығарманың жаны. Екінші сөзбен айтқанда, жазушының айтпақ болған идеясының көрінісі» деп тұжырады ғалым М. Атымов. Сонымен жазушының сомдаған характерінің сәтті шығуына монологтың тигізер пайдасы зор. 

Романда эмоциялық сезімдер, психологиялық процестер, диалог, авторлық баяндау, сипаттау тәсілдерінен бөлек, ішкі сөздер ағымымен де беріледі. Шынайы жасалған ішкі монолог кейіпкердің жан-дүниесіне оқырманды терең бойлатады, сонымен бірге толқытады. Монолог кейіпкердің нақтылы бір жағдайға байланысты туындағын ой мазмұныны жеткізуімен құнды. Кейіпкердің арман-аңсары, үміт-тілегі, ой-пікірі, сезімі, жан-дүниесін мазалаған жайларын сипаттауда ұтымды. Монологтар арқылы да мінездер ерекшелігі, ойлау сипаттары, образдық дүниетанымдық арналары өрнектеледі. «Көркемдік интерпретациядан өтетін шындығының сенімділігіне айқын кепілдердің бірі - кейіпкер сөздері. Қаһарманның тек өзіне ғана хас дара характері оның сөйлеу мәнерінен көрінеді. Бұл, әрине, монологтың эстетикалық мәнін айқындайды. Монолог арқылы да мінездер ерекшелігі, ойлау сипаттары, образдың дүниетанымдық арналары өрнектеледі. Шығарма идеясының небір нәзік тұстары, кейде автор мақсатының басты дәні көп ретте ішкі сөздер ағымымен бейнеленеді. Ашық тілдесулердегі тәрізді үнсіз ой жүйелерінде де образдың даму логикасына сәйкес психологиялық дәлелдемені керек қылатын сюжеттік композициялық бастаулар жатады». Осы арқылы жазушы адам баласының қолымен жасалған өмір талқысын көп көрген ойлы кейіпкер характерін жан-жақты көрсете білген. Кейіпкер монологынан шындық туралы ойына көз жеткізе отырып, суреттеліп отырған дәуір тынысын көреміз.

Бөлісу:

Көп оқылғандар