"Абай" әдеби-танымдық энциклопедиясының ерекшелігі неде?

Бөлісу:

22.04.2023 1705

«Eurasian Book Fair - 2023» кітап көрмесі барша әдебиет сүйер қауымға бір мереке тәрізді болды. Біз де әдебиеттің айналасында жүрген соң, «жақсыны көрмекке» деп, кітап көрмесін тамашалауға бардық. 

Қазақстаннан, Ресейден, Өзбекстаннан, Қытайдан 70-тен астам баспа, кітап саудасы, ғылыми-білім беру ұйымдары және полиграфиялық компаниялар қатысқан бұл көрменің кітап оқуды насихаттауда, оқырман мәдениетін қалыптастыруда алар орны зор екені белгілі. 

Көп баспаның ішінен біреуін таңдап сұхбаттассам деген ой әуел бастан-ақ болған еді, бірақ көрменің ішіне кірген мезетте таңдаудың қиын боларына көзім жетті. Көрмені аралап жүріп, қандай ерекше кітап бар екен деп, әрбіріне зер салып қарай бастадым. Бір уақытта сырты әдемі безендірілген «Абай» әдеби-танымдық энциклопедиясына көзім түсті. Кітаптың мұқабасына қарап, «Абай жолының» эпизодтарын көргендей болдым. Энциклопедия «Arman-pv» баспасынан жарық көрген екен. Мен іздеген кітап осы шығар деп, сол маңда жүрген баспаның бас редакторы Айгүл Нұрмұқашқызы Бекболатованы сөзге тарттым:

- Айгүл Нұрмұқашқызы, ең алдымен баспаларыңыздың жұмысы туралы қысқаша айтып өтсеңіз.

- «Arman-pv» еліміздегі танымал баспалардың бірі. 20 жылдан астам тарихымыз бар. Біздің негізгі мақсатымыз – оқулықтар және әдістемелік кешендерді жарыққа шығару. Қазақстан Республикасындағы білім мекемелері де біздің біраз оқулықтарымызды пайдаланады. Соның ішінде атап өтетін танымал оқулықтар: физика, қазақ тілі мен қазақ әдебиеті, орыс тілі, 5-ші сыныптан бастап 11-ші сыныпқа дейін информатика оқулықтары,  орыс және қазақ тілдерінде бастауыш сыныптарға арналған “Цифрлық сауаттылық” оқулығы және “Ақпараттық -коммуникациялық технологиялар” оқулығы бар. Сонымен қатар 2021-2022 оқу жылдарында бастауышта русский язык, литературное чтение, жаратылыстану деген оқулықтарымыз, оқу-әдістемелік кешендеріміз шықты. Жыл сайын оқулықтарымыздың көлемі де артып, көбейіп келе жатыр. Бүгінгі таңда оқушылардың білім нәрін алатын түрлі оқулықтарды біздің ұсынып отырғанымыз сондай қуантады. 

- Иә, керемет екен! Ендігі кезекте мені қызықтырған «Абай» әдеби-танымдық энциклопедиясы туралы толығырақ айтып берсеңіз. Әрі энциклопедияның үш тілді болғаны да назардан тыс қалмады. Жалпы Абай туралы оқулықтарды қай уақыттан шығарып келе жатырсыздар және бұл энциклопедияны шығару идеясы қалай пайда болды? 

- 2016 жылдан бастап біздің баспамыз Абайтану оқулығын шығарады. Абайтану оқулығы үлкен кешен; оның ішінде оқулығы бар, хрестоматиясы бар, мұғалімге арналған әдістемелік көмекші құралы бар. Президентіміздің тапсырмасы бойынша әр қазақ Абайды білу керек, Абай философиясының негізінде тәрбиеленуі керек деген мақсатта былтырғы жылы біздің баспамыз 5-сыныптан 11-сыныпқа арналған оқу-әдістемелік кешен шығарған болатын. Қазіргі күні сол оқулықтар мектептерде факультатив есебінде оқытылып жатыр.

Нақты Абай энциклопедиясына келетін болсақ «Абай» әдеби энциклопедиясы бастапқыда қазақ  тілінде шыққан болатын, кейіннен сұранысқа ие болған соң қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде шығардық. Бұл энциклопедияның шығу тарихы да ерекше. Бір күні бас директорымыз Дидара Сұлтанмахмұтқызы алдымызға бір үлкен талап қойып: «Біз 2016 жылдаң бері Абай туралы біршама оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендер шығардық, Абай туралы энциклопедия шығармау бізге үлкен сын», - деді, сол себептен осы Абай әдеби энциклопедиямыз шығарылды. Авторлары филология ғылымдарының докторы, профессор, абайтанушы Руда Зайкенқызы Зайкенова және көп жылдан бері біздің Абайтану оқулықтарының редакторы болып жүрген, қазір баспамызда директордың орынбасары қызметін атқарып жүрген Қымбат Амантұрлықызы Қараева. Екеуі бірігіп осындай әдеби энциклопедияны құрастырды. Абай атамыздың философиясын түсіну жас оқырмандарға қиындық туғызады, бірақ, Абайды білу әр азаматтың парызы, сол себептен біз Абай атамыздың туғаннан бастап өмірінің соңына дейінгі аралықта болған негізгі оқиғаларды жеткізуге тырыстық. Оның шыққан тегі, өскен ортасы, Абайдың тәрбиесіне қандай азаматтар әсер етті, Абайдың шығармашылығы, Абай заманындағы бірге жүрген достары, артында қалған ұрпағы, Абайдың ақындық мектебінен өткен тұлғалар  тәрізді маңызды тақырыптарды қамтып, осы энциклопедияны толығымен жазып шықты. Бұл энциклопедияның негізгі ерекшеліктерінің бірі – өте кішкентай мәтін арқылы терең мазмұнды беруінде. Кітаптың ішін қарайтын болсақ, ортаңғы суреттің де ашатын өзіндік сыры бар, кез келген құралда қол жетімді QR код арқылы ортаңғы суретіміз видео арқылы бейнеленіп, дыбысталып, Абай атамыз туралы кішігірім кино көруге болады. Үш тілде жазылған бұл кітап балалардың Абай өміріне жасайтын алғашқы қадамын қызықты әрі түсінікті етеді деген үміттеміз.  Бұл энциклопедияның тағы бір үлкен ерекшелігі былтыр ғана ұйымдастырылған X халықаралық полиграфия және кітап көрмесінде Гран при иеленіп, «Жыл кітабы» атанған болатын .

- Шынымен де, Абай шығармашылығымен енді таныса бастаған оқырман қауым үшін таптырмас кітап екен. Болашақта да Абай шығармашылығын насихаттауды жалғастыратын шығарсыздар? 

- Біз Абай атамыз туралы жазуымызды тоқтатқан жоқпыз. 3 томдық кітап шығарғалы жатырмыз, оның жақында жарық көрген I томы «Ғылым таппай мақтанба» деп аталады. Оқушыларымыз Абайды оқысын, Абайдың өмірімен таныссын деген мақсатта бұл кітапты Азат деген баланың атынан жаздық. 

- Байқауымша сіздер кітаптың безендірілуіне де үлкен мән беретін сияқтысыздар. 

- Дұрыс айтасыз, біздің баспаның ең үлкен артықшылықтарының бірі кітаптардың безендірілуіне аса назар аударылады. Суреттері тартымды, шрифттері балаларға оқуға ыңғайлы болсын деген шарттарды орындауға тырысамыз. 

- Баспаның электронды платформасы да бар екенін жаңа сіз берген қағаздан оқып қалдым. Платформа қай жылдан жұмыс істейді, қандай ерекшеліктері бар? 

- Заман талабына қарайтын болсақ 2020 жылдары үлкен пандемияға ұшырап, бізде қашықтықтан оқыту деген тағы бір мәселе туындады. Сол кезде біздің электрондық оқулықтарға сұраныс артып, оқушылармен кері байланыс жасау арқылы оқыту туралы ойлана бастадық. Сол себепті 2021 жылдан бастап біздің баспамыздың Ekitap.kz электронды платформасы ашылған болатын. Бұл – қазақстандық өнім. Ол жерде біздің оқулықтарымыздың электронды нұсқасы қойылған, онлайн жұмыс жасауға болады. Мұның ұтымдылығы бала қашықтықтан оқи алады, кез келген сәтте мұғалім баланың білімін тексере алады. Бұл жерде баланың білімін тексеру үшін интерактивті тапсырмалар да бар. Әр сабақты өткеннен кейін тақырыптың сонында тест берілген, бүгінгі сабақты қалай меңгергенін сол тест арқылы анықтауға болады. Әрі мұғаліммен кері байланыс та бар, біріншіден бала өз білімін көре алады, екіншіден мұғалім де бағалай алады. 

- Әңгімеңізге көп рахмет! Баспа ұжымына шығармашылық табыс тілеймін. Еңбектеріңіз елене берсін! 

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар