Салтанат Әбдіғали. Ата исі
Бөлісу:
Ата-аналар жиналысы дегенді кім ойлап тапты екен? Кім де болса Саматтың мінін жұртқа бадырайтып көрсету үшін ойлап тапқан сияқты. Оқу үлгерімі, тәртіп жағынан кемшілік болып қуыстанып тұрған жоқ. Мәселе мүлде басқада. Сол күні өзге балалардың әкелері бірінен кейін бірі тізіліп келеді де, міне, бізді көрдің бе дегендей кішкентай партаға әрең сиып, кеуделерін керіп отыра қалады. Саматтың ғана шешесі келеді. «Әкесі қайда?» деп ешкім айтпаса да іштей бәрі де сезетін сияқты. Соны ойлағанда өзі жақсы көретін қыз Сымбат жаққа қарай алмай беті дуылдап ысып кетеді. «Шешесінен басқа ешкімі жоқ деп ойлайды-ау» деп қорынады. «Менің әкем бар!" деп айтқысы келеді. Бірақ еш болмаса анда-санда төбе көрсетпегеннен кейін оған кім сенеді? Иә, ешкім де сене қоймайды. Енді Саматтың, әкесі бар балаларға қызыққаннан басқа амалы жоқ.
Әкесі жоқ екенін біліп кейбір балалар мұны басынатын да сияқты. Бүгін күрес үйірмесінде жаттықтырушы бұны суқаны сүймейтін Әміржанмен күрестірді. Самат оның жауырынын үш рет жер иіскетті. Соған ызыланған ол сасық күзенше сақылдап, сұқ саусағын шошайтып:
– Сен жетімсің! – деді.
– Жоқ, мен жетім емеспін, әкем бар!– деп шар ете түсті бұл.
– Әкең болса неге ата-аналар жиналысына келмейді? – деді ол ұрымтал тұстан ұстап.
– Ол ылғи да іссапарда жүреді, сондықтан да сәті түспейді, әйтпесе келер еді, – деді Самат оңайлықпен жеңілгісі келмей.
– Өтірік соғып тұрсың, – деді ол бұған сынай қарап.
– Жақында келеді, көр де тұр, келесі жиналысқа қатысады, – деді бұл сендіруге тырысып.
– Өтірігің шығып қалмасын, – деп ескертті Әміржан.
«Жетім» деген сөз сай сүйегін сырқыратты. Үйге келгеннен кейін Майлыаяқты құшақтап мұңын шақты.
«Майлыаяқ, – деді ол итіне мұңын шағып. – Айтшы, басқа балалардың әкесі ылғи қасында жүреді, менің әкем неге қасымда жүрмейді? Ол мені сағынбай ма? Неге ұзақ уақыт жоқ болып кетті?»
Майлыаяқ «түсінем ғой, бірақ амалым не?» дегендей қыңсылап, жылаған дауыс шығарып қояды.
Бір жазда әкесі бұны ауылға алып барды. Атасы мен әжесі естері шығып қуанып қалды. Әсіресе әжесі өбектеп қояр емес. «Құлыншағым!» – деп, тәтті-пәттіні аузына тосып әлек. Атасының үлкен бағы бар. Алма-алмұрттар жерде шашылып жатады. Жемістің бұдан басқа да түрі толып жатыр. Самат тойғанынша жеді.
Ауыл еңбеккерлеріне шөп бөлінген екен. Әркім өзіне тиесілі жердің шөбін орып алмақ. Зейнеткер ретінде атасы да сыбағадан құр қалмапты. Шөп шабуға сақадай сайланған атасы мен әкесі бұны да қастарына қосып алды. Таң бозымен оянған олар, межелі жерге ерте жетіп, жұмысты бастап кетті. Саматқа да бір кішкентай орақ беріп қойған. Алғашқыда, ұйқысы қанбағанның да әсері бар, қайта-қайта орақтың ұшын жерге шанши берді. Жерге шаншылған орақты шығара алмай әуре. Бұндайда атасы көмекке келеді. Бірте-бірте шалғының жерге шаншылуы сирексіді. Енді үлкендерден қалыспауға тырысып, маңдайынан шып-шып тер шығып, шалғыны шабыттана сілтеді. Атасы дән риза.
– Менің балам жігіт болып қалыпты ғой! – дейді сүйсініп.
Содан олар күн қызғанша еңбек етті. Күн қызған соң бәрібір жұмысың мандымайды. Бір үлкен талдың көлеңкесін паналап, демалуға көшті. Атасы мосыға шай қайнатып, ыстық шайды рахаттана сораптайды. Саматтың ыстық шай ішкісі келмеді. Айран ішіп көріп еді, шөлі қанатын емес. Соны сезген атасы жақын маңайдағы бұлақтан тастай су әкеліп, жартылай айран араластырып берді. Соны сіміріп салған сәтте шөлі сап тиылды. Бұл сусынның атын «шалап» дейді екен. Шөл қандыратын шалапқа басқа сусын жетер ме! Солай олар бір апта бойы еңбек етті. Самат кәдімгідей шынығып қалды. Бірде олар шөмеле үйіп тым кеш қайтты. Аспанда жұлдыздар да көріне бастаған еді. Өзеннен өтер кезде ат тұра қалып су ішті. Самат төменге көз салып еді, су бетінде жұлдыздар шүпірлеп тұр екен. Қатты қызығып кетті. Арбадан секіріп түсіп, жұлдыздарды ұстауға ұмтылғанын өзі де сезбей қалды. Ал су бетіндегі жұлдыздар қолдан сусып ұстатар емес. Атасы мен әкесі Саматтың аңғалдығына мәз.
– Ол жұлдыздардың суға түскен бейнесі ғой! – дейді атасы күліп.
Самат ауылдың аспанындағы жұлдыздарға кәдімгідей ғашық болып қалды. Қалада тым алыста, көмескі көрінуші еді. Ал мұнда тым жақын және баданадай ірі.
Көрші балаларымен ойнау қандай қызық еді десейші! Самат олармен бірге суға түседі, кейде тұт жейміз деп алысқа ұзап кетеді. Ауылдың шетінде жібек құрты үшін егілген тұт бағы бар. Жібек құрты тұт ағашының жапырағын жейді. Ал жемісі балалардың ырзығы. Тұт жемісін бұл онша менсіне қоймаушы еді, сөйтсе онысы бекер екен, уылжып, дәмі тіл үйіреді.
Түнде әкесі екеуі далаға жатады. Екеуі әңгімелесіп, біразға дейін ұйықтамайды. Самат балалармен қандай ойын ойнағанын, қайда барғанын айтады. Әкесі тыңдап жатып ұйықтап кетеді де, бұл жұлдыздарға көз тігіп қараудан жалықпайды. Әбден шаршаған кезде қалай ұйықтап кеткенін де сезбейді. Қандай бақытты күндер еді десейші! Енді қайтып шынымен оралмай ма екен?
Әкесі мен шешесі ажырасқан алғашқы жылдары Саматқа тіпті қиын соқты. Ішкі сырын ешкімге айта алмай іштен тынды. Соны сезді ме екен, ойда жоқта атасы келіпті. Бір апта қасында болды. Күнде таңертең Саматпен бірге мектепке барады. Сол маңайды шиырлап, алысқа кетпей, пісте сататын ақсақ кісімен әңгімелеседі. Алаңдағы балалардың доп қуғанын тамашалайды. Өйтіп-бүйтіп уақыт өткізеді. Самат шыққан кезде тура қарсы алдынан күтіп алады. Дүкенге апарып жақсы көретін тамағын сатып әпереді. Екеуі күншуақта отырып демдерін басады. Самат атасы әперген тамақты жейді. Атасы кейде жадыраңқы боп еркелете үн қатса, кейде тұнжырап қалың ойға батып кетеді. Әлде денсаулығы сыр бере ме екен? Бәлкім басқа бір жайлар мазалайтын шығар? Әлден уақытта ұйқыдан оянғандай селк ете түсіп, өз өзіне келіп:
– Тойдың ба? – деп сұрайды.
– Тойдым, – дейді бұл.
– Ендеше үйге қайтайық, – дейді атасы.
Осылай дөңгелеп бір апта өте шыққан. Демалыс күні атасы Саматты әбден қыдыртты. Ара-арасында дамылдаған сәттерінде ақылын айтып қояды.
– Шешеңді ренжітпе. қолқабыс ет. Көрмейсің бе, таңертеңнен кешке дейін жұмыста жүреді, – дейді.
– Иә, иә, – деп бас шұлғиды Самат.
– Мен енді ауылға қайтайын Әжең іздеп жатқан шығар, – дейді атасы.
Сөйтіп атасы қоштасып ауылға қайтты. Сабақтан келсе үйдің іші қаңырап бос тұр екен. Жүрегі сыздап кетті. Үнсіз отырып қалды. Бір уақытта мұрнына жағымды, тәтті иіс келді. Бір таныс иіс сияқты. Қайдан шығып тұр? Орнынан тұрып қарап еді, жатын бөлменің есігінде атасының күртешесі ілулі тұр екен. Ұмытып кеткен бе? Әлде әдейі қалдырды ма екен? Екі-үш аттап басып барды да, күртешені мұрнына басып құшырланып иіскеді. Содан кейін күртешені киімдерінің арасына қосып қойды. Атасы мен әкесін сағынған кездерінде білдірмей алып ұзақ иіскейді. Дүниедегі ең құдіретті иіс осы сияқты сезіледі. Бұл иіске жетер тәтті иіс бар ма екен? Атасының бұл соңғы келуі екен. Көп ұзамай қайтыс болды деген хабар жетті. Одан кейін артынып-тартынып әжесі келіп тұрушы еді, біраздан бері тиылып қалды. Ауырып қалды ма екен? «Бір барып хал-жағдайын біліп қайтқаным жөн-ау» деді ол үлкен кісіше ойлап.
Атасы мен әжесі есіне түсіп көңілі босады. Ішке кіріп, күртешені тауып алып, мұрнына басып: «Әке, Ата, сендер мені қайда тастап кеттіңдер? Менің жетім болғым келмейді!», – деп егіліп жылады. Қанша уақыт жылағанын білмейді.
Бір қараса қас қарайып қалған екен. Ол көзінің жасын сүртіп үйге кірді. Еден жуды. Картоп, пияз аршыды. Шешесі келгенде дайын болып тұрсын да. Ол ылғи шаршап жүреді. Самат оның қас-қабағына қарайды, көңіліне кірбің ұяламаса екен дейді. Шешесі көңілденсе, бұл да шаттанып кетеді. Одан басқа мұның кімі бар?
Зымырап отырып келесі жиналыс та келіп қалған. Егер бұл жолы бірнәрсе ойлап таппаса балалардың табасына қалатыны анық. Ары ойлап, бері ойлап көрші үйдің есігін қақты.
– Оу, қалай батыр? – деп Жақсылық аға оны көңілді қарсы алды.
– Сіздің бір көмегіңіз керек болып тұр, – деді Самат етігінің ұшымен жер шұқып.
– Иә, айта бер, қысылма, – деді Жақсылық аға бұған мейірлене қарап. Оның жылы қабақ танытқанына көңілденген Самат :
– Шешемнің орнына ата-аналар жиналысына қатысыңызшы, – деді қиылып.
Саматтың бұйымтайының жай-жапсарын түсінді-ау деймін, Жақсылық аға ештеңе қазбалап сұрамады.
– Міндетті түрде барамын, уайым жеме, – деді арқасынан қағып.
Ертеңіне айтылған уақытта Жақсылық аға жетіп келді.
– Сіз кім боласыз? – деді мұғалима таңдана қарап.
– Мен Саматтың әкесі боламын, – деді ол сенімді түрде.
– Ендеше төрге шығыңыз, – деді апай.
Жақсылық аға жиналысқа қатысып қана қоймай, белсенділік танытып, тың ойларын ортаға салып, елді аузына қаратты. Ол өткен шақты еске алып, қаршадайынан жұмыс істегенін, сол еңбектің арқасында адам болғанын баса айтып: «Менің баламнан үлгі алыңдар, ол шешесіне көмектеседі, бос уақыты тіпті жоқ, ұлдың жұмысын да, қыздың жұмысын да істей береді», – деп Саматты жер-көкке сиғызбай мақтады. Мақтаулардың біршамасы рас та еді. Балалардың бәрі мұны жаңа танығандай таңдана қарады. Мұғалім апай да жылы жымиды. Саматтың төбесі көкке бір елі жетпей қалды. Ең қуаныштысы Сымбат қасына келіп: «Үйге бірге қайтайық», – деп ұсыныс тастады.
Қандай қуанышты күн еді десейші! Айналадағы тал-теректердің бәрі ән салып тұрғандай көрінді Саматқа. Жол бойы сыныптасына жымиып күліп қарай береді. Сымбаттың жүзі де нұр шашып тұр еді.
– Сенің әкең сондай жайдары екен!– деп мақтады ол.
– Иә, ол сондай жақсы адам, – деп қоштады.
– Сондай әкең бар сен бақыттысың! – деді Сымбат.
– Иә, мен бақыттымын, – деп күмілжіді Самат.
Сымбат қаланың басқа шетінде тұрады. Екеуі жол айрығына дейін бірге барды.
Осыдан бір-екі күн өткеннен кейін Жақсылық аға, Саматтың әкесіне жолықты. Болған жайды баяндады. Ұлының сағынып жүргенін айтты. Ол үндемей тыңдады. Айтылған әңгіменің қатты әсер еткенін бір қызарып, бір бозарған жүзінен аңғару қиын емес еді.
Самат енді ата-аналар жиналысы десе аса уайым жей қоймайтын болды. Келесі ата-аналар жиналысының хабары жеткенде арсалаңдап көрші ағаға жетіп барды.
– Тағы да жиналыс па? – деп сұрады ол.
– Иә, жиналыс.
– Міндетті түрде барамын, – деді Жақсылық аға арқасынан қағып.
Сабақ соңына қарай ата-аналар түгел жинала бастады. Жақсылық аға көріне қоймады. Сірә, бір жұмыстары болып кешігіп жатқан шығар. Самат оның келетініне толық сенімді еді.
Жиналыс орталана бере біреу есік қақты. «Жақсылық аға!» деп ойлады Самат қуанышы қойнына симай. «Кіріңіз» деп рұқсат берді мұғалима. Бір уақытта құлақшынын мыжғылап ұстап мұның өз әкесі кіріп келді. «Әке!» деп жан даусы шығып орнынан атып тұрған Самат оны бас салды.
Өткен ата-аналар жиналысында оның өтірік айтқанын бәрі де білді. Бірақ ешкім кінәлап жатпады.
Бөлісу: