Мұхтар Мағауин. Торғынның суретi
Бөлісу:
Алдымда орта бойлы, сұңғақ, нәзік бітімді, ұзын, қалың қара шашы желкесіне төгілген жас жігіт кетіп барады. Жас және мас. Кең тротуардың екі шетіне кезек шығады. Дәл ортамен жүруге тырысқаны көрініп тұр. Бірақ буынын билей алмай, толқып, межелі сызығынан әрі өтіп кетеді. Бөгеле ойланып азғана тұрады да, қайтадан қиғаштай жүреді. Тағы да мөлшерлі тұсынан асып, әрең іркіледі. Аспалы сағат тіліндей, оңды, солды шайқалақтап, әйткенмен әзірге жығылмай, сүрінбей, аман-есен келеді. Мен әлдебір әңгімеге қыстырма ретінде кәдеге асар деп, қадағалай қарап, жүрісімді баяулаттым. Қазақ па, әлде туыстас, басқа бір азиат па. Жоқ, қазақ. Қазақ жігіті. Бірақ маған мастың нәсіл, тегі емес, қимыл, қозғалысы керек еді. Жай ғана толқып, құр теңселіп бара жатқан жоқ. Қолын ербеңдетіп, ауада әлденендей шимай, өрнек салып келеді. Бәлкім, өзін тұтас бір оркестрді саусағының ұшымен үйірген дирижер сезінеді. Немесе, әлдекімдерге сес. Әйтпесе, жазу жазып барады. Бүгінгі көрген қызығы туралы сырлы толғау. Келер мезетте мейрампаз әуесқойдың барлық түр-тұрпаты маған таныс көрініп кетті. Өзім білетін кәсіптес, жұмыстас ағайындардың ішіндегі ерке-шора азаматтарды ойша түгендей бастап едім, ешқайсына жақындамайды. Әдетте, мас – мас атаулыға ұқсай береді ғой. Құнсыз, сынсыз, былғаныш, бейбастақ. Бірақ мына таныс-бейтаныс масымның бір ерекшелігі бар сияқты. Иә. Кербез, таза киінген. Қымбат емес, қонымды, сәнмен емес, еркін, жеңіл. Сірә, сазгер, немесе, мен білмейтін жаңа бір өршіл ақын.
Кенет менің мас жігітім өзінің тәжірибе жандығына айналғанын желкесіндегі үшінші көзімен көргендей, кілт тоқтады да, қалт бұрылды. Сырт айнала бергенде, екі аяғын тең баса алмай, шайқалақтап барып әрең бекіген. Сол кезде көрдім – Жәлел! Ол да мені көрді. Көрді де... әлде нақты танымаған, әлде сынап-барлаған кейіпте аңырып тұрып қалған.
– Жәлел! – дедім мен даусым еріксіз шығып. – Саған не болған... – дедім келесі сәтте ұмтылып барып, епетейсіз, қабатымен созған қолын алып. – Мұндайың жоқ еді ғой...
Жәлел салқын алақан, сұлық қолын оқыс тартып, жоғары көтере бере, кеудесіне айқастыра басып, тағзым ишаратын жасады.
– Аға... ағам екен ғой... – Бет-аузы қатпарлана жымиып, рабайсыз күлгендей болды. – Айып етпеңіз... Бір жолдас жігіттер... кездесіп қалып...
– Үйіңе апарып тастайын, – дедім.
– Үйге... өзім барам.
Көріп тұрмын, бара алмайды. Бір жерде жығылады. Немесе, милиция алып кетеді, он бес күндікке. Одан да сорақысы – әлденендей пәлеге ұшырап қалуы мүмкін. Сондай тамаша жігіт, обал ғой.
Мен такси, немесе жөнекей машина ұстамақ болып, Жәлелді жол жиегіне қарай икемдедім.
– Қазір сені үйіңе апарып тастаймын...
Қолма-қол іліне кеткені. Мемлекеттік такси емес, соғыс мүгедектерінің "Запарожы" емес, сүйріктей ақ "Волга". Әлдебір мекеме бастығының қызмет көлігі. Жалақысы шектеулі шопыр аралықта, жұмыс соңында гаражға қайтарда орайымен кісі тасып, қосымша тиын-тебен табады ғой. Таза киінген, байыпты, мосқал кісі екен. Мен Жәлелге бұрылдым.
– Үйің қай жақта еді?
– Үй... Микроауданда. Тоғызыншы...
– Онда кел, отырайық.
Жәлел тартыншақтай берді.
– Сізді үйге апаруға... бізде жағдай жоқ... – деді тісі тісіне тимей. Соншама қысылып тұр.
– Үйіңе кірмеймін, – дедім. – Алдынан түсіріп кетем.
– Тіпті, ол жаққа бармай-ақ қойыңыз. Алыс... Уақыт... Өзім-ақ...
Әйткенмен, машинаға мінбеді. Байқап тұрмын, қалтасында таксилік тиын-тебені жоқ сияқты.
– Онда өзің бар. Қысылма, – дедім де, машинаның артқы есігін ашып, Жәлелді сүйрегендей тықсырып, әрең отырғыздым. Шопырдың қолына үш сомдық жасыл қағаз ұстаттым.
– Сізге көп рақмет. Мына баланы тоғызыншы микроауданға...
Артынан қарап тұрмын, көлденең көшеден өте бере тоқтады. Әудем жер. Тоқтатыпты. Жәлел машинадан түсті. Содан соң жүргізушінің тұсына барып, ашық терезеге еңкейе үңіліп, тәжікелесіп тұрды. Ақыры қолын ішке созып, бірдеңе алды. Менің жүрегім шым ете түскен. Жаңа ғана жолақыға төленген үш сом. Әйтпесе немене. Күмәнсіз. Аппақ "Волга" зыр қозғалып, ары кетті. Жәлел олжалы қолын көтеріп, қоштасқандай ырғатылып тұрды да, кері бұрылды. Манағыдай емес, буыны бекіп қалғандай. Көшеден өтті. Қайда? Маған ба, қайыр-садақаңыз өзіңізге деп? Еріксіз артқа шегіндім. Жоқ, мен есінен шыққам. Әуелгі орнымда тұрсам да көрмейді екен. Жәлелмен аралықта, бергі бұрышта әлде әжептәуір кафе, әлде шағын азық-түлік дүкені. Соған қарай, көлденеңдей қиысты. Бөгелместен, қызығына қызық қосар рақат ұйығына кірді де кетті. Есіркеймін деп жарылқаппын. Жарым күнге. Кеудемде әлде дағдарыс, әлде ыза. Жоқ, шарасыз аяныш. Не болды бұған? Таң қаларлық жағдай.
Аяйтын да, таң қалатын да жөнім бар еді. Осыдан төрт-бес-ақ жыл бұрын. Мен Жазушылар баспасында жарты бастық едім. Төраға – үлкен ақсақал, белгілі қаламгер. Ұлттық санасы жоғары, адамгершілік тұғыры биік, қазақы, кең мінезді кісі еді. Республикадағы абыройлы, ақшалы жалғыз әдеби баспаның билігіне келе сала, сыртымнан ғана білетін мені жауапты жұмысқа тартқан. Рухани орданың болмыс-бітімін мүлде жаңаша, ұлттық мүддеге орай қайта құру үшін әуелі өзімізде бар мен жоқты саралау қажет еді. Редакция сөрелерінде лықа толып, кезегін күтіп сүрленіп жатқан қолжазбалардың басым көпшілігі – қазақ қаламгерлерінің туындылары, оның ішінде іркіліп, мүлде дерлік тоқтап тұрғаны – жастар екен. Жаңа есімдер, жаңа тұрпатты әдебиет. Сен жақсырақ білесің ғой деп, бұл тараптағы бар өкімді маған берді. Және менің әуелгі атақ-абыройымды көтерген ескілікті, ежелгі мұраны барымен, басымен.
Саралап, салмақтап, іріктеп, шетінен тізіп жоғарыға тықпалап, көп ұзатпай, топырлатып шығара бастадық. Әрине, тек белгілі, белгісіз ескілікті нұсқалар мен әзірге дабырасыз кейінгі жастар ғана емес. Бүгінде атақты, дәріпті үлкен аға, оларға жалғас, өзіндік салмағы бар қарасақалдар мен көктұқылдар – ағымдағы бүткіл қазақ әдебиеті. Және қазақ тіліндегі әлемдік классика. Қазақтарды орысшаға аудару һәм біздің шаңырақ астындағы орыс тілді қауымның азды-көпті еңбегі. Бір жылда екі жүзден астам толымды кітап.
Әлбетте, әр кітаптың өз ғұмыры бар. Бізге қатысты бөлігі – қолжазба кейпінде қабылдап алу, кезекті жылғы мемлекеттік жоспарға енгізу, басылымға әзірлеу ғой. Типографияға өткізгенше жасалатын редакциялық жұмыс өз алдына, кітап ретінде қалыптау үшін тағы қаншама машақат. Соның ең негізгілерінің бірі – көркем безендіру, яғни сыртқы түр мәселесі. Кітаптың мұқабасына, атау бетіне, кейде ішкі бөлім, тарауларға әрқилы суреттер салынады, тіпті, ешқандай арнайы сурет, өрнек болмаған күннің өзінде шырайлы кейіпке келтіру қажет. Осы орайдағы бар жұмыс – суретшілер қауымына тиесілі. Баспаның көркемдеу редакциясы әр кітапқа жекелей тапсырыс жасайды. Бұл ретте де негізгі салмақ жастарға ауып еді. Оның да ұзын шылбыр, қысқа тізгіні менің қолыма көшкен. Айта кетейін, бұл кезде менің өзім де қартайып тұрғам жоқ, әлі Шоқанның жасына да келмеген кезім...
Әрине, баспа жұмысындағы жауапты, ең негізгі шаруа – болашақ кітаптың қолжазбасы – ішкі мазмұн, шығарма тұрпатына байланысты. Редакциялардағы сараптау, баспа басшылығы тарабынан іріктеу, министрліктегі талқы, Орталық партия комитетіндегі тексеріс және бекіту – барлық өткелектен өтіп, жоспарға енген кітаптың нағыз машақаты енді басталады. Идеялық тар қалып, маркстік-лениндік сын сүзгісі бар, баспасөз полициясы – саяси цензура бар, аралықтағы тексеруші, ауыздағы өткеруші – енді дайын қолжазбаның нақты өзін үлкейткіш шынымен қадағалап қарайтын Баспаком, яғни Баспасөз министрлігінің арнайы редакциясы тұр, одан әріде – бағыттаушы һәм үкімші, әлденендей жат лебіз, жарамсыз әуез туралы дабыл көтеруге бейім, әп десе бас салатын Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің өкілетті бөлімдері. Бәрінен де озып, партияның ғұзырлы идеологиялық хатшысына тікелей тірелетін, одан әрі асып кетіп, билікті Біріншінің алдына барып түсетін жағдайлар ұшырасады. Есебі, кез келген әдеби шығарма бейкүнә қағаз бетіне таңбаланып, сиясы кеппей жатып, сезікті, күмәнді дүние ретінде тергеуге, тексеріске түседі, қияметтің қыл көпірінен де қиын, адалыңмен, әділіңмен санаспайтын, бір емес, әлденеше отты орам, шайтан көпірден өтіп барып, ес кетті, жан шықты дегенде жарыққа әрең жетеді. Жарыққа шығар-шықпастан қайтадан тергеуге алынып, қидасынға түсуі, әлдебір беттері жұлынып, қайта түзетілуі, басқаша айтқанда, кең дүниенің қақпасынан сығалай бере біржола түнекке батуы және ғажап емес. Білек пен білікке қарамайтын, тек зорлық пен қиянатқа ғана негізделген, жүрекке салмақ түсірер, жүйкені тоздырар, ғаламат ауыр, нағыз тозақы жұмыс еді. Қаламгер үшін ғана емес, баспагер үшін де. Амалың жоқ, қайткенде де көтеріп аласың. Қайткенде де, өзің жазсаң – туасы сыбағаң, өзгені өткерсең – міндетті жұмысың ретінде қабылдауға мәжбүрсің. Бәрі де табиғи, заңды көрінетін. Айықпас сырқат қоғамның қалыпты ахуалы, ақылдан, әдептен, иманнан тыс, адамзатқа қайшы тәртіптің орнықты рәсімі. Үйренген тозағың. Алпарысып жаттық, алысып жаттық, кейде айқайға атан қосылады, әйтеуір бас аман, сенім зор.
Күтпеген кілтипан, тосын кінәрат – басқа тараптан шықты. Сол әртүрлі мазмұн, әрқилы деңгейдегі қаншама кітапты көркемдеу мәселесінен. Бұл саладағы негізгі күш, жаңа айтылғандай, тағы да жастар еді. Түгелге жуық. Жас болғанда да, көбісі жаңа ғана көрінген, немесе енді ғана бастаған тың толқын. Тіпті, үлкенірек ағалары жетелеген студент балалар да бар. Әлбетте, әрбір жұмыстың көлеміне, сапасына қарай, тиесілі қаламақы төленеді. Сол кездің есебімен алғанда әжептәуір. Балдырған-бөбектерге арналған суретті кітапшалар мен ежелгі мұра, классикалық әдебиетке қатысты көркемдеу нарқы тіпті жоғары. Әдепкі кітаптың сурет ақысы айлық талғажауға жетсе, арнайы тапсырыстың ақшасы – жылдық үнемнен асып түсер еді.
Жас суретшілеріміз өздеріне жүктелген жұмыстың опай-топайын шығарып береді. Шұғыл жұмыс, соны шешім. Енді кітаптарымыз да, – ішкі мазмұн, мән-мағнасын біреу танып, біреу танымас, – сырттай қарағанда жайнап, жарқырап шыға келді. Бұрынғы балшабектік анайы плакат, әліппелік балпақ сурет емес. Ашық, айқын, еркін. Соған орай, жаңа әдебиеттің өтімі де еселеп артқан сияқты. Кітап саудасы мекемелері қолымызды қақпайды. Сұраған тиражымызды аламыз. Сөйтіп, өндіріс өнімі ғана емес, баспа жоспары, әлбетте, тек мемлекет қазынасына ғана құйылатын қаражат қоры да күрт өсіп, еңсеміз де, көңіл күйіміз де көтеріліп жүрген кезде... жоғарыдан күтпеген дабыл, дабыл емес, даңғыр, ойбай мен аттан шықты. Біздің баспаның, барлық кітаптарымыздың көркемдеу сыпаты буржуазиялық жат ағым – абстракционизмге қарай ойысып бара жатыр екен!..
Әрине, Орталық комитеттің, ондағы біздің тікелей қожайынымыз, идеология саласындағы екінші дәрежелі көсем Иван Мокеевич Есенғалиевтің лепесі, одан бергі өзіміздің Баспаком, мұндағы, тағы да екінші дәрежелі, бірақ тікелей жетекшіміз – төраға орынбасары Тоқан Қалибекович Мақажановтың үскірігі. Біздің Жазушылар баспасында кітап көркемдеу тарабында орын алып отырған ойсыраған кемшіліктерді жою және осы саладағы жұмысты жақсарту шаралары министрліктің бас редакциясында талқылануға шешіліпті. Атаулы кеңесті басқаратын – Мақажановтың өзі. Біздің директор ақсақал бармайтын болды. Еркін, тәуелсіз жүретін. Және жиынды министр-төрағаның өзі басқарса бір сәрі. Мен "қатуланып, қаттанып..." тұрсам, ақсақалымыз сасар емес. "Ал, өзің таңдап тапқан бағдарың, өзің тығырықтан алып шығасың, – дейді миығынан күліп. – Бұл жерде Хрущев жоқ. Бірақ биліктен түскеніне бес жыл болса да, көлеңкесі қалпында тұр екен. Аңдаусызда басып кетпей, айналып өтесің ғой..." Иә. Түскеніне бес жыл, ал айтқанына әлде сегіз, әлде тоғыз жыл. Сол, баяғы заманда Совет өкіметі мен Компартияның бірден-бір басшысы, баянды бейбітшілік және сәулетті коммунизм жолындағы қажымас қайраткер әрі әдебиет пен өнер саласындағы буржуазиялық жат ағымдарға қарсы қайтпас күрескер Никита Сергеевич Хрущев Мәскеуде, мәдениет ғимараты Манежде сурет, сұңғат көрмесіне арнайы барып, ғаламат жанжал шығарған. Совет бейнелеу өнеріндегі, бұқпантайлап орын ала бастаған абстракционизм және басқадай буржуазиялық жат ағымдарға қарсы пәрменді науқан сол әйгілі оқиғадан кейін соны серпін алып еді. Қалай десеңіз де, шеткері республика, бізге шаршап-шалдығып, оншақты жылда әрең жетіпті. Буржуазиялық жат ағымдардың өзі емес, соның көлеңкесінен қорыққан құрғақ байбалам.
Жаныма қосшы, қорғаушы әрі шабуылдаушы ретінде төрт-бес суретші алған едім. Және көркемдеу редакциясының бастығы Мақсұт деген жігіт. Ұйымдастырушы әрі бағдарлаушы азаматымыз. Жасы мен құралпас. Аса дарынды график еді. Кейін антропологиялық деректі үлгі негізінде Махамбеттің нақты портретін жасап, үлкен атаққа шықты. Ақыры улы цинк, ағзаға зиянды басқадай қоспа, металдармен жасалған ауыр, ең жаманы – аяусыз, үздіксіз жұмыс зардабынан денсаулығын жойып, қырыққа жетер-жетпесте дүние салды.
Біз ең таңдаулы жігітттерімізді алғанбыз. Және соңғы екі жыл орайындағы тауар айналымы туралы салыстырмалы деректер. Бұрынғы түсім – анау еді, ендігі түсім – мынау. Еселеп өскенбіз. Ең негізгі себеп – кітаптарымыздың сапасында. İшкі мазмұн өз алдына, сыртқы түрі. Ұтымды, тартымды. Бәрі де бейнелі безендіру арқасында дейміз ғой. Біздің бар сурет буржуазиялық теріс ағым атаулыдан аулақ. Абстракционизм деген пәлекетіңіз мынау деп, Мақсұт өзімен бірге ала барған әлдебір алабажақ сурет, құбыжық мүсіндердің әрқилы журналдарда басылған көшірме таңбаларын көрсетті. Сөзінің соңғы түйінінде біздің ең үлкен көзірімізді алға тартқан. Жақында ғана Шығыс Германия, Ләйпцигте өткен халықаралық кітап жәрмеңкесінде екі бірдей еңбегіміз жүлделі болған еді, бірі – күміс медаль, бірі – арнайы диплом. Баспаком басшылығы білетін жағдай, әуелгі хабар жеткенде әжептәуір қопаңдап қалған. Бірақ мәселе көтерілгеннен соң, қайткенде де бізді сүріндіру керек, медаліміз бен дипломымыз далада қалған.
"Ол енді... шет елдік көрме, – деді Мақажанов шімірікпестен. – Абстракционизмнің өзі сол тараптан бастау алып отыр емес пе!" Біз мұншама бетсіздікке таң қалып, ішімізді тарттық. "Сонда қалай... Көрмеге бұрынғыдай қотыраш кітаптарды апарып, бәйге қайда, күлкі болып қайту керек пе? Атаулы медаль мен дипломды Одақтас республикалар ішінде Украина мен Грузия ғана алды, әлде бәйгеден бас тартуымыз керек пе? Онда сабылып, жәрмеңкеге несіне бардық, қаратер болып көрмеге несіне қатыстық?!.." – деп дүрсе қоя берді Мақсұт. "Дауды қойыңыз!" – деп, Мақажанов та үдірейе көтерілген.
Мен нақты мәселеге көштім. Екі жаққа бірдей пайдалы. Қайткенде де үлкен табыс. Жазушылар баспасының ғана емес, біздің бүкіл қазақ кітабының бүгінгі деңгейін көрсетеді. Ешкім бекерге шығара алмаса керек. "Оның үстіне, халықаралық жәрмеңке капиталистік емес, социалистік елде өтті ғой..." – дедім, ресми тілде баспақшылап. Әлде біздің табысымызда тікелей өз үлесі барын жаңа ғана сезінді ме, әлде қайткенде де илікпесімізді аңдады ма, зады, жат ағымға қарсы ашу-ыза үстінде партиялық этикадан шығып бара жатқанын байқаса керек, Мақажанов жұлқына бере сабасына түсті. Жарайды, бұл екі кітабың тәуір екен, қалғаны қалай деп, қайтадан қиялаған. Әйткенде... бүйткенде... Мана тепе-тең сияқты едік. Тіпті, басымдық біздің жақта тәрізденген. Енді ғұзырлы орынбасар-төраға тұпа-тура зорлыққа қарай ауысып барады, дауыс әуені бәсең тартқанымен, сөз мәнісі зілдене берді. Сақтану керек, ауа жайылмай, қалыпты, сара жолымыз – идеялық тазалық, реалистік сыпат, партиялық, лениндік бағдардан тайқымауымыз шарт, жат пиғылдан арылуымыз қажет деп, тиесілі айып, қаралайтын қаулыға қарай ойысып барады. Енді, үкім алдындағы ең соңғы сөзді мен айтуым керек еді. "Аға, бір ауыз сөз..." – деді кенет, манадан, берекесіз жиналысымыз басталғаннан бері үнсіз, тыныш отырған Жәлел араға қыстырылып. Иығына салып, сүйрете келген сөмкесінен табақтай екі-үш альбом және оншақты кітап шығарды. "Мынау альбомға қазіргі совет суретшілерінің таңдаулы жұмыстары енгізілген, – деді жиналыс төрағасы Мақажановтың алдына апарып қойып. – Ал мынау... – деді супер-тысты, қатырма және жұмсақ мұқабалы, әрқилы кейіпте безендірілген бірнеше кітапты қатарластыра жайып, – мынау – Москвадан шыққан кітаптар. Атақты, орталық баспалардан. "Советский писатель", "Молодая гвардия", "Современник", ең ақыры – "Политиздат". Сонда, бүкіл советтік бейнелеу өнері түгелдей буржуазиялық жат ағым ауқымына түскен бе?.." Міне қараңыз. Анау – алай... мынау – былай. Егер Москва шынымен-ақ үлгі болса, мына біз қайтуіміз керек? Рас, бізде ауытқу бар. Бұрыннан қалыптасқан. Сауатсыздыққа қарай, надандыққа қарай. Біз жеткеміз жоқ, жетісе алмай жатырмыз. Міне, салыстырып қараңыз. Анау кітап. Тартымды ма – тартымды, әдемі ме – әдемі. Енді мына біреу. Тіпті өзгеше..." Қалың, сәнді, қымбат кітаптардың мұқаба сыртындағы, ішкі, атау беті, аралық бастауларындағы айқыш-ұйқыш жазуын, еркін тартқан көрнекі суреттерін бірінен соң бірін нұсқап көрсетті. Жай ғана нұсқаған жоқ, талдап, таратып, түсіндіріп айтты. "Мұның қасында біздікі – баланың ойыншығы емес пе, – деген. Қайдағы абстракционизм. Орталықтан үлгі алу керек дейсіздер. Міне, сол орталық. Ал біз деңгейіне жетпек түгілі, маңайлай алмай жатырмыз..."
Мен әжептәуір ширығып отыр едім, әуелі жадырап күліп алдым. Бәріміз де күлдік. Қаһарлы Мақажановтың өзі езу тартқан. Ақымақ болып қалуды кім жақсы көрсін. Тасыр еді, бірақ тақа түйтіксіз емес. Пәленбай жылдан партиялық, басшылық қызмет шыңдаған. Құртатын жерін де, құлайтын жерін де жақсы біледі. Ертең біз: андай да мұндай, Орталықтың сара жолын бұрмалап, қызмет хүкімін асыра пайдаланды, өскелең қазақ-совет кітабына қиянат жасады, социалистік жоспарды бұзып, мемлекеттік қаражат кірісіне зиян келтірмек деп жабыла арыз жазсақ қайтер еді? Коммунистік жүйенің ең үлкен тірегі – осындай арыз, шағымдар. Бар айтқаның жала, бастан-аяқ өтірік болса да жапа шекпейсің, ал арыздың көздеген нысанасы – ант ішіп, ақталып біткенше қанша заман, опырылып құламаса да, әжептәуір машақатқа ұшырайды, кінәратсыз шыққанның өзінде күмән астында қалады. Мақажанов сылқ түсті. Бұдан соңғы әңгіме оңай өткерілген.
Бар түйін шешілгендей. Әрине, түгелімен біздің пайдамызға емес. Аралық шешім қабылданған. Жазушылар баспасының кітапты көркем бедерлеу тарабында, тұтастай алғанда, социалистік реализмнен тыс теріс бағдар, идеялық тұрғыдан жат, зиянды қателіктер жоқ. Әйткенмен, кейбір жас суретшілердің жұмысында, тіпті, жарыққа шыққан, тәуір тараған кейбір кітаптарда әшекейлеймін деп артық кеткен, дәстүрлі үлгіден ауытқыған жағдайлар ұшырасады. Алдағы уақытта Жазушылар баспасының басшылығы, безендіру бөлімі партиялық қатаң талап және азаматтық жауапкершілікті сезіне отырып, еңбекші қауымның рухани қажетін өтеу жолында қажетті, әрі коммунистік идеяларды насихаттау үрдісінде пәрменді қару болып есептелетін, мазмұны ұлттық, түрі социалистік жаңа кітаптарымыздың сыртқы мұқабасы ғана емес, ішкі сыр-сыпаты, идеялық бағыт-бағдары тарабында да өкіметіміз пен партиямыз белгілеп берген сара жолды берік ұстанып, кемелденген социализм заманындағы әдебиет пен өнердің адамзаттың сәулетті болашағы коммунизмге қарай үздіксіз өркендей беруіне мейлінше ықпал етіп, барлық күш-жігерін осы игілікті мақсатқа жұмсауға міндетті!.. Уһ! Бәрекелді! Жаяу ескертпе, атқарылар-атқарылмас анау-мынау міндет, жүре тыңдар, ертеңіне ұмытар жадағай нұсқау деген немене. Сөйтіп, сөгіс арқаламай, тиым, тұсауға ұшырамай, аман-есен өттік.
Сыртқа шыққан соң жігіттер мәз болып, бірін-бірі құттықтап жатыр. Мен Жәлелге қарап күліп алдым. "Қаһарлы комитеттің бетін қайырған – сен болдың," – дегем. "Пәлі, аға, – деді Жәлел қызара толқынып. – Репка... мышка..." Бәріміз де аңырып қалып едік. "Шалқан, – деді Жәлел. – Орыстың ертегісі бар ғой, балаларға арналған, мектеп оқулығындағы. Бақшада дәу шалқан өседі. Піскен кезінде атасы тартады, жұлынбайды, әжесі қосыла тартады, жұлынбайды, содан соң немересі, күшігі, мысығы... Жабыла тартып суыра алмай жатқанда көмекке тышқан келмей ме..." Тағы да күлдік. Біздің суретшілеріміздің жетекшісі әрі асыраушы қамқоры Мақсұт Жәлелді арқаға қағып қойды. "Алдымен осы мышканы шығару керек еді. Сонда бәлкім, жалғыз өзі-ақ..."
Бәріміз де жаспыз. Бар жақсылықты келешектен күткен, қайратты, қуатты күндер екен. Ауыр болса да амалсыз барған жиналыстан соншама қызық тауыппыз. Уайым емес, үміт арқалап қайттық. Және қағаз жүзіндегі, сол, айтылған жерінде қалған кінаратқа қарамастан, толық еркіндікке жетіппіз. Азғана уақыт – небәрі екі-үш жылға болса да. Қайткенмен де жаңа кітап, жаңа танымның іргесі берік қаланыпты...
Мен Жәлелге әуел бастан-ақ назар аударған едім. Біздің жас суретшілер түгел дарынды. Сызу, бейнелеу жағынан. Ал таза портреттік тұрғыда... қазақтың суреті көбіне-көп келіспей жатады. Әсіресе әйел заты, қыздар. Әдемі, әрқилы. Бірақ... таза қазақ емес. Әлде татар, әлде будан. Кейде қапқаздық шеркес, чешен, осетиндерге ұқсап кетеді. Тіпті, тәжік, иран. Бөтен, индо-еуропалық нәсілдің әлденендей белгісі аңдалмай тұрмайды. Ескертесің, айтасың, түзеткен болады, бәрібір жат, бөгде сыпаты қалып қояды. Мен әуелде біздің жаңа толқын жастарымыздың сұлулық туралы жаңсақ ұғымы, үйреншікті емес, жүре келе таныған өзге жұрттың тосын көркіне әуестік, еуропа бейнелеу өнерінің әсері деп байыптап едім. Ойлана келе таптым – мүлде басқаша жағдай екен. Содан бірде, баспаның Көркемдік кеңесінде, жинақты бір әңгіме үстінде айтқаным бар. "Мен сендердің қазақтан ауытқи беретін әдеттеріңнің сырын таптым, – дедім. – Көркемсурет училищесінде, Сұңғат академиясында адам анатомиясын игергенде көрнекі тәжірибе үлгілерің – орыс-орманның қаңқасы ғой. Ал біздің нәсілдің антропологиялық бар бітімі бөтен. Ет пен сүйек, үлкенді-кішілі ағза, мүше атаулының сын-сыпаты бірдей болғанымен, тұрпаты әрқилы. Мәселен, иық пен мойын, асық жілік пен жамбас, тұтастай алғанда, бұт пен кеуденің аралық қатынасы бізде мүлде басқаша. Жарайды, сүйек атаулының жалпы көрінісі адамзатқа ортақ екен делік. Ал бас... бас сүйек – толағай мүлде бөтен ғой. Және ең негізгі белгі. Сыртқы ет, терісі, яғни бет-бейне, ұлттық, нәсілдік сыпат – ішкі қу сүйектің құрылым, ерекшелігіне байланысты емес пе. Сендердің бар өлшемін алып, оқып үйренген бас сүйектерің – қазақтікі емес, тіпті, біздің моңғол текті аталатын, құбақан нәсілден тыс. Индо-еуропалық тип. Ғылым тілімен айтқанда, краниологиялық сыпаты мүлде басқаша. Долихокефаль, немесе, көбіне-көп мезокефаль толағай. Білмеймін, сендер антропологияны өттіңдер ме, жоқ па. Ал менің антропологиямен де, археологиямен де әуестенген жайым бар. Сурет салмасам да, жазуға қажетсіп. Біздің бас – брахикефаль сыпатта. Артықшылық та, кемшілік те емес. Өзіндік ерекшелік. Төбе мен иек арасы, шекелік, маңдай мен қабақ, шықшыт пен жақ... Бар өлшемі басқа!" Жігіттер түгел аңырып қалып еді. Содан соң бірін бірі қағытып, әзілдей бастады. Енді мүрдеханаға барып, әлдебір панасыз, сұраусыз қазақтың басын тауып алып, мұқият тексеру керек дескен. "Міне, дәл осы жерде нешеме бас тұр, – дедім. – Әрқилы. Бірақ негізгі сыпат, өлшемі ортақ. Біздің археологтарымыздың ғылыми еңбектерінде қазбадан алынған, ежелгі заманнан соңғы ғасырға дейінгі моңғол текті толағайлардың жан-жақты өлшемдері көрсетіліп жатады. Және басқа да нәсілдердің бас сүйегі. Ежелгі қорым, ескі молалардың қандай жұртқа тиесілі екенін анықтаған соң, жазба дәуірінен бұрынғы халықтар тарихы, ауыс, қоныс, миграция, елдік сыпат пен мәдени мұралар жайы айғақталады. Ал сендерге жер қазу шарт емес. Оқу бар да тәжірибе бар. Мыйға орнығып қалған қате есеп, теріс өлшем атаулыны ұмытыңдар. Әуелі айнаға қарап отырып, өз суреттеріңді салып көріңдерші. Тіпті, ешқандай өлшемнің керегі жоқ. Қараңдар бір-біріңе, үйдегі, көшедегі таныс, бейтаныс қазақтың түріне... Әрине, сендер салған суреттің бәрі теріс демеймін. Әдемілері де бар. Көркемдік емес, қазақтық тұрғыдан алғанда. Мәселен, мына бір сурет. Сірә, оқушы, бойжеткен. Және мынау... жас келіншек..." "Жәлел," – деді Мақсұт. Кезекті кітаптарға тиесілі әртүрлі иллюстрациялар жайылған ұзын, үлкен столды қоршалай тұр едік. Шетте, үнсіз, сыпайы жымиып қана тұрған, қағанақтай, нәренжік бітім, үлкен қой көз, кішкентай қыр мұрын, ұзын шашты балаң жігіттің беті лып ете түсті. "Иә, Жәлел, – дедім мен. – Қыздары түгел көрікті. Көркінен бұрын, таза қазақы кейіпте. Бұл Жәлел қандай бас сүйектен сабақ алыпты?.." Жігіттер ду ете түсті. "Ол Торғынның бас сүйегінен үлгі тапқан..." "Өзінің келіншегі..." "Өлі қу бас емес, тірі, сұлу бас!.." "Қайырлы болсын, – дедім мен де күліп. – Қай уақытта үйленіп үлгердің? Жақсы. Жақсы салыпсың." "Жақсы, – деді Мақсұт. – Бірақ Жәлелдің бар суреті – бір-ақ сурет. Әр қырынан, әртүрлі кейіпте бейнеленген. Торғын. Торғын, Торғын... Өзіне де айтып жүрмін. Сен жинақтап, Торғынның жалғыз-ақ суретін сал деп. Ең дұрысы – қыл қалам, майлы бояу. Ойдағыдай шығаратынына күмән жоқ. Ал графика... графика – мүлде басқа сала. Бірақ енді... біздің жігіттер еріккеннен емес, өнерін шыңдау үшін, және, ағасы, өзіңіз де білесіз, күнкөріс жайы тағы бар..." "Біз бұл ретте де Баспаком тарабынан бірталай сөгіс естіп жүрміз, – дедім. – Маркстың "Сананы тұрмыс билейді" деген сөзі біздің жоғарыдағы марксист-лениншіл басшыларымыздың құлағына жетпеген. Аш айдаса, еңбек өнімді болады деп біледі. Әрі өнердің қиындығын түсінбейді. Оп-оңай сыза салды, жарты күн отырды ма, отырмады ма, жалғыз мұқабаға жетпіс сом көп дейді. Ал жүзден асырсаң – қылқына жаздайды. Біздің өзіміздің ақсақал қолымызды қақпай отыр. Менің де айтарым сол. Тек жұмысымыз сапалы болсын. Қазір біздің кітаптарымыз бүкіл Одаққа еркін таралып жатыр. Орыс тіліне аударылған дүниелерімізді Қырымнан да, Балтықтан да, тіпті, Мәскеудің өзінен де көрдік. Қайда барсаң да ұялмайтындай, жоғары сапалы өнім. Енді он, жиырма, жылдан соң да әрін жоғалтпайды. Бірақ бұл да ақырғы өлшем емес. Ал қаражат жағын ретіне қарай көрейік. Мен бүгін, осы кеңесімізден соң Ақсақалмен сөйлесемін. Мына Мақсұт ағаларыңмен ақылдастық, – дедім, көпшілік жастарға қаратып. – Және бір жоспар бар. Түбегейлі, тиянақты. Орнына келсе, бәрің де жұмыстың астында қаласыңдар. Басқасын айтпағанда," – дедім.
Бұл жоспар – көркем студия құру еді. Ресми тіркеусіз, арнайы мекен-жайсыз. Нақты бағыт-бағдары белгіленген, тиесілі шаруасы айқындалған. Тұрақты мүшелері бар. Мүше болғанда, іріктелген суретшілер тобы. Кәнігі шеберлермен қатар, кейінгі жастар. Жазушылардың жаңа кітап жазбағы сияқты, салынбақ суретке алдынала шарт жасалатын, заңды, жиырма бес пайыз аванс төленетін түбегейлі жұмыстар. Есебі, барлық жағынан бірдей келісті кітап. Махамбет, Абай, Сұлтанмахмұт, Әуезов, ежелгі ақын, жыраулар, халық эпосы. Қазақ тіліндегі әлемдік классика – Данте, Шекспир, Гөте, Байрон... Тұтас бір жылға, тіпті, бергі екі-үш, арғы бес-алты жылға межеленген, ауқымды, күрделі шаруалар. Бұл ниетіміз арада ай өтпей жүзеге асқан. Қолға алынып үлгерген, жасалған жұмыстар уақыт оза келе, таңбалы қазақ кітабының бетінде, өнер тарихында қалды. Жігіттеріміздің кейбірі үлкен атаққа шықты, кейбірі тәуелсіздіктен соң ұлттық төл теңгемізді қалыптауға қатысты. Оның бәрі кейін. Ал қазір...
Өзінің жас келіншегіне өзі ғашық, кірпияз Жәлел көп ұзамай-ақ тілектес ағасы айтқандай, көп суреттің жинақты көрінісі, жаңа, жетілген биігі ретінде Торғынның ең негізгі, жалғыз суретін кейіптеді. Майлы бояу, қыл қаламмен. Бірден көзге түсіп, абырой тапты. Көрмеде көтерілгеннен соң ресми есеп, баяндамаларда аталды, баспасөздегі шолу мақалаларда, арнайы рецензияларда мадақталды. "Торғынның суретін" Ұлттық көркемөнер галереясы мол ақшаға сатып алыпты. Бұдан соң Одақтық, тіпті, шет елдік көрмелерге тартылды. Қазақтың жаңа, кемелденген социализм заманындағы өскелең өнері мен дамыған мәдениеті туралы келелі сөз болғанда "Торғынның суреті" аталмай қоймайтын. Жәлелдің даңқ-дабырасы өз тұстастарынан шығандап озып, ілкідегі ағаларымен теңесті, кей реттерде ақсақалдардың да алдына түсіп кететін. Өзіміздегі бар мен жоқты Еуропа үлгісімен жұғыстырмай тұра алмайтын республикалық баспасөздегі "Қазақ Джокондасы" деген сөз есімде қалыпты. Әрине, Монна Лиза емес. Торғын. Көркемөнер галереясына арнайы барып, көріп қайттым. Толықсыған келіншек деп ойлағам, үлбіреген жап-жас қыз екен. Сірә, Жәлелдің алғаш көрген сәті. Бадамша көз, балғын иек. Қиғаш қас, пісте мұрын. Қара-қоңыр шашын төбесіне түйген екен, басына, маңдайын көтере ашып, тамағынан үстірт тартып, қысқа, жеңіл шәлі байланыпты. Ернін сәл-пәл жымқырып, қабақ астынан, тіке қарап тұр. Еркін әрі ерке бітім. Сынай, салмақтай, бәлкім, мысқылдай қарайды. Жоқ, мысқыл емес, жеңіл наз. Келер мезетте сөйлеп кетердей. Байыптап, бажайлай, алыстан, жақыннан, әр қырынан, қайта-қайта үңілдім. Иә. Ертегілік сұлу емес, табиғи, әсем, келбетті қалыпта. Кеудесі тік, омырауы көтеріңкі. Жайма жағалы, күздік көкшіл-сұрғылт пальтосының астындағы нәзік жүрегі лүпілдеп тұрғандай. Бірден аңдалады – пәк таза. Және бұлаң. Және тәкаппар. Жанарында өрлікпен астас, жарасымды, менмен қатқылдық бар. Сонымен қатар, айрықша жұғымды. Тартымды. Бар бітімінен өзгеше жылу тарап тұрғандай... Міне, мен үстірт, өз таным-білігім деңгейінде байыптаған "Торғын" осындай еді. Шынында да ғажайып сурет. Мен Торғын емес, Жәлел туралы ойладым. Қандай қуатты, бұла-бостан, әсем-әйдік дарын! Қандай үлкен болашақ күтіп тұр мұндай жұлдызды жігітті!
Бұл кезде мен де басқа бір тұрғы – әдеби-шығармашылық ахуал күрт бұзылып, бастаушы-бағыттаушы, тексеруші-тергеуші мекемелер мен жекелеген жандайшаптар тарапынан жамыраған, "ежелгі мұраға әсіре әуестік, ұлтшылдық, теріс бағыт-бағдар" деген тәрізді айыптау-айқай, қиқу-ұран, жан-жақты түрпі ұлттық бағдардағы жаңа сөз, соны леп атаулыны дағдарысқа түсірген, беделі зор ақсақалымыз шетке ығыстырылып, өзімнің жаңа кітаптарым қысымға ұшыраған, ақыры, өрісімді тарылтып, жүрісімді шектеген, әрі көлденең шаруасы көп, жұмысы ауыр, берекесіз баспадан кетіп, Академияға – тұйық болса да тыныш, және жалақысы ғана емес, бос уақыты да мол, құт-берекелі ғылым ордасына ауысқан едім. Жәлелдің үлкен табысына өзімнің де қатысым бардай, марқайып, шырайлы, мәнді, ұзақ төрт-бес жыл бойы қызметтес, істес болған, қадарынша қол ұшын берген басқа да жігіттерге іштей табыс тілеп, галерея-музейге тақау жердегі үйіме, жаңа жауған ақша қар, таза ауамен еркін тыныстап, жаяу қайтып едім.
Соншама мадақталған, қазақ бейнелеу өнерінің жаңа бір тұлғасы ретінде үлкен санатқа енген Жәлел арада екі-үш жыл өтер-өтпесте ең жаман адам, қиямпұрыс, зиянкес суретші болып шықты.
Республика суретшілерінің атаулы мереке қарсаңындағы, осы тақауда ғана өткен үлкен көрмесіне қойылған жаңа туындылар – бәрі емес, айналдырған екі-үш полотно – адам айтқысыз ашу-ыза тудырған. Партиялық жолбасшы "Социалистік Қазақстан" газетінде "Абстракционистер арамызда жүр!.." деген құбыжық мақала шықты. Оған жалғас республика комсомолының көз-құлағы "Лениншіл жас" газетінде "Бояушы дегенге... бет-аузын айғыздапты!" деген, анағұрлым көлемді және әуелгідей айып-ашуға ғана емес, мысқыл, кекесінге толы тұтас бір бет мақала және шықты. Екі басылымның сөзі бір жерден. Буржуазиялық, зиянды, жат ағым. Абстракционизм ғана емес. Кубизм, модернизм, сюрреализм... тағы бір измдер. Әйтеуір баяғы троцкизм мен кейінгі фашизмнен басқасы түгел. Бірақ солардан өткен қатерлі бағыт. Өкіметіміз бен партиямыздың басшысы, бейбітшілік жолындағы қажымас күрескер, қайтпас лениншіл деп, тынымсыз табынған, енді жаманатқа шығып, жаппай мазаққа ұшыраған Никита Сергеевич Хрущевтың өзі кетсе де, сөзі тірі екен – бұдан он-он бес жыл бұрын айтылған, адыра қалған, жалпы жұрт ұмытқан нұсқау-қарарлары қаз қалпында, сол орнында тұр екен. Заман озса да, заң тозбапты. Коммунистік мұрат, өнер тазалығы... Мынау деген – біздің кемелденген социализмді орнатып болып, енді коммунистік қоғамға қарай аршындай қадам басқан замандағы жаңа тұрпатты өнеріміздің даму бағдарына, идеялық тұрғысына мүлде қарама-қайшы, іріген-шіріген, зиянды, зардапты... беталыс. Сальвадор Дали, Пикассо... тағы кім... бәрі де капитал әлемінің рухани дағдарысы, буржуазиялық мәдениеттің азып-тозып, дағдарған, мүлде тоқыраған көрінісі. Сондай іріңді-жаралы, сырқат сарын енді бізге де жұғысуы керек пе? Жоқ, біз, адал совет адамдары, өршіл өнер жолындағы бүкіл қаламгер, суреткер қауым мұндай қатенің алдын алып, ойдан іске көшкен теріс бағдар атаулыға қарсы, бір кісідей тізе қоса күресуіміз керек... екен. Жетісіппіз! Көлеңкесінен қорқатын, еркін сөз тұрыпты, тар қалыпқа сыймаған, тілсіз, бейкүнә суреттің өзі қатер болып көрінген, шын дағдарысқа ұшырап, азып-тозған қауым осы біз емес пе! Өріс-тынысың, өзгерген заман ауқымымен кеңею орнына, күн озған сайын тарылып барады. Бұл не сұмдық! Жылайсың ба, күлесің бе. Менің кездейсоқ ұшырасып қалған таныс суретшілерім, тіпті, сурет өнеріне тікелей қатысы жоқ, Жәлелді сырттай ғана танитын, керек десеңіз, сондай адам барын енді ғана естіген, бейсауат кісілердің өзі жерге түкіріп жүрді. Жәлелдің соншама үрей туғызған соңғы суретін көзімен көргендер, маманы бар, әуесқойы бар, бәрі түгел, қарасынан үркетін ештеңе де жоқ, кейінгі модерн емес, баяғы импрессионизмге бейім, кәдімгі, дәстүрлі, реалистік туындылар, тек түйте, доғал емес, бейнелеу тәсілдерінде біз әлі жете алмай жүрген жаңалықты сыпаттар бар, соның өзі топастардың шамына тиіпті деседі. Анығын білмеймін, өз көзіммен көре алмадым, менің аяғым жеткен кезде, Жәлелдің бірі – кең панорамалы, үлкен, екеуі нақты тақырып, орта көлемді үш полотносы да жиналып қойыпты. Кейінірек естідім, тұтқынға алыныпты, яғни әлде Компартия Орталық Комитетінің, әлде КГБ-ның қоймасына тығылған. İлкіде менің өзімнің аса мәнді бір кітабым дәп осылай тұтқындалып, ақыры өлімге кесіліп, пышаққа түсіп еді. Мұқабасы жұлынып, ішкі, тасқа басылған мәтін беттері түгел макулатураға туралғанымен, түпнұсқа қолжазба өзімде қалған, ерте ме, кеш пе, қайтадан тірілуге тиіс. Ал сурет... әрқайсысы түпнұсқа және жалғыз-ақ дана. Көшірмелері сақталған күннің өзінде қалпына келмейді.
Жәлелге жасалған қысас – бір адам емес, бүкіл қазақ өнерінің алдына құрылған талқы болатын. Алай сызба, былай сыз. Алай жазба, былай жаз. Тек бейнелеу өнері мен көркем шығармашылық қана емес, бүкіл рухани өмір тарабындағы бұлжымас қағида, бұзылмас тас қабырға, темір қапас. Бірақ өнер атаулының өз заңы бар. Ол да айнымас, айналмас сенімге құрылған. Ақиқат аталатын. Сондықтан, әдебиет пен өнер тарабындағы шын дарын қандай жаңдайда да өз жолынан тайқымайды. Мұратына жетер, жетпес, құлдық қамытын мойындамайды, тоқыраса да тоқталмай, жаңа бір әдіс, тәсілдер, ақыр түбі көздеген мақсатына жақындатар соны сорап іздейді. Қабылет, білік қана емес, сенім мен мінез көрінісі. Ал шығармашы жалпы қауым ішінде бейнелеу тарабындағы жұрт – мүсінші, суретші атаулы әдепкі өмірде қандай босаң, жұпыны болса да, өзінің тікелей мамандығына келгенде қайтпас берік, түзелмес қыңыр, аш-арық жүрсе де, тынымсыз еңбек, толассыз іждағат үстінде. Әдетте, өнер саласындағы бар бүлік, жаңа ағым, соны серпін атаулы суретшілер тарабынан бастау алатыны кездейсоқ емес. Ал Жәлел... мұндай жарқын талант... қаншама нәзік болса, соншама бекем, үзілмес болат жіптік. Қайыспас қара тас.
Енді міне... Арада бірер жыл өтті ме, өтпеді ме... Соншама әлсіз болып шығады деп кім ойлаған. Ең кереметі, бұл баланың ішімдік атаулыға әуесі жоқ еді. Татып алмайтын. Баспада жазылмаған заң бар. Кезекті кітабы барлық өткелектен өтіп, өндіріске жіберілген жазушы осы игілікті іске тікелей қатысты редакция қызметкерлерін, тілектес, жанашыр жолдастарын, басқа емес, дәл сол, атаулы күні ресторанға, тіпті, өз үйіне шақырып, қуанышты қонақасы береді.Көлемді тапсырыс, біршама мол ақшаға жеткеннен кейін біздің суретшілер де кәдімгідей жолашар жасайтын болған. İстің түйінді жерінде отырғаннан соң, ең бастысы – қалап қолқалағаннан кейін, көңіл жықпай, әлденеше рет осы өзгеше ортаның өзгеше жағдайына куә болғаным бар. Жұмысқа бейіл жігіттеріміз түгел дерлік кірпияз, арақты дәмдеп, шарапты сыздықтай тартып, көңілді, көтеріңкі отырады. Әйтсе де мүлде ішпейтін екі кісі шықты. Бірі, әрине, мен, екіншісі – Жәлел екен. Дәл менің көкейімдегі сөзді айтқан. İшпейін демеймін, мүлде тәбетім тартпайды деген. Жолдастарымен рүмке соғыстырып қана отырады. Бірде су орнына аңдаусызда арақ құйылып қалыпты. Аузына апарып, ұрттай бере, жеркене түшіркеніп, мұрнын тыжырып, апыл-ғұпыл ащы қияр шайнағаны есімде. Бұрында, кәнігі мейрампаздардан естігенім бар еді, шын ішкіштер мүлде ішпейтіндердің арасынан шығады екен. Өзіміздің жазармандар ортасындағы кейбір әйгілі алқаштардың мысалы. Бұл да солай болды. Себебі – айқын. Дабыра мен қолпаштан соңғы жала мен жапа. Бірақ өнер жолына шын берілген адам үшін ең бастысы – көркем шығарманың өзі емес пе. Оның мақталуы иәки датталуы – мәнсіз демесек те, екінші кезектегі жағдай. Алдағы бар ғұмыр – осы, талқыға түскен дүниемен шектелмейді ғой. Жаңа бейнет, жаңа қуаныш, жаңа биіктер. Мүлде түңіліп кеттім. Жаным аши тұра түңілдім. Түңіле тұра бауырым езілді. Бітіпті. Кетті құрдымға тағы бір боздағың...
Көп ұзамай, ежелгі баспа орнына жолым түсіп еді. Арнайы емес, қажетті шаруа жөнімен. Кезекті, қаншама өткелектен соң, жоғарыдан әрең бекіген жаңа кітабымның жөнімен. Редакциядағы әжептәуір қитықты, бірақ беті оңға бұрылған әңгімеден соң, сыртқы тұрпатын келісе кету үшін көркемдеу бөліміне соқтым. Кіші редактор, жасы да кіші Байсал деген жігіт қана отыр екен. Шет-жағасын бұрын да естігем, сіздер қалыптаған редакция мүлде таратылды деді. Орынсыз ысырап, артық, қажетсіз суреттер салыныпты-мыс. Мақсұт та, басқалар да кетті. Студия да жоқ. Енді жаңа жігіттерін тартып жатыр. Идеялық тұғыры берік, әрі айқын, өзі арзан, мектеп оқулығы деңгейіндегі суреттер салынбақ. Әйтеуір біздің жігіттер бастап қойған атаулы жұмыстарды тоқтата алмайды. Жасалған заңды шартын бұзған жағдайда, авторлық құқық соты бойынша, тіпті, бітпеген шаруасының өзіне толық төлем алуға тиіс.
– Кезектегі, дайын иллюстрацияларды тапсыру және қалған шаруаны тиянақтау үшін ғана отырмын. Сірә, ескінің сарқыншағы ретінде, менен де құтылады. Бірақ сіздің кітапқа тезінен тапсырма берем, – деді. – Қалай, Жәлел бауырыңызды мақұл көресіз бе? – деді.
– Ойбай-ау, ол шіркін ішіп кетіпті ғой! Не көрінді сонша!..
Байсал, әлде реніш, әлде жанашыр кейіпте қолын сілтеді.
– Соншама ауыр салмақты көтере алмады...
Айтпаса да түсінікті. Алдымен зор абырой. İзінше қатаң талқы, айкәпір сын. Әуелгісін қой көтереді, кейінгісін нар көтереді. Айналған бас – лепірген, асқан, тасқан; қайысқан бел – қиялданған, қамыққан, ішкен. Енді менің кітабымды сол Жәлелге тапсырмақ.
– Бәрі де адамның өзіне байланысты, – дедім. – Сондай жағдайда... – Арғы сөзімді іркіп қалдым. – Сондай кепте жүрген кісінің қолы тие қоймас...
– Аға, ол деген дарын ғой. Бақытсыз талайы болмаса. Он саусағы орнында. Екі-ақ күнде...
– Екі ішістің арасында, бас жазғанда... – дедім мен түңіліс пен түйткіл арасында.
– Ол орындамаса, өзім жасаймын бар жұмысты. Тек Жәлелдің аты жазылады, тиын-тебен үшін. Аштан өледі ғой, сорлы...
– Жарайды, – дедім мен де еріксіз жібіп. – Тек кітабым бөгеліп қалмасын. İркіліс болса, айтқаныңдай, өзің жасайсың тезінен.
– Келістік, аға, – деді Байсал. – Проза бөліміндегі жігіттерге айта кетіңіз. Менің қалауым – өзім бұрыннан білетін Жәлел деп. Тыңдайды ғой сізді мұндағы жұрт.
Келер аптада телефон соқтым. Жәлел өтпепті. Проза бөлімі мақұлдаған екен, шартқа қол қоярға келгенде, "Ондай, совет өнеріне жат пиғылды абстракционистке орын бере алмаймыз, – депті баспаның менен соңғы жарты бастығы. – Аты өшсін, кесірі тиеді, маңайымыздан жүрмесін!" – депті ашу-ыза үстінде. Осы уақытқа дейін бүлдіргендерің жетеді деп, тағы біраз жерге барып қайтса керек. Менің тағы да әжептәуір шырғалаңнан соң аман-есен өндіріске өткен жаңа кітабымның сыртқы кейпін баспадан кетіп бара жатқан Байсалдың өзі қалыптап еді. Ол да таршылыққа ұшыраған жігіт, соңғы жұмысының азғана тиын-тебенін Жәлелмен бөлісті ме, бөліссе, тозған құрдасы тегін ақшаны талғажау қылды ма, сол күні араққа салды ма – білмеймін.
Үй арасы тақау болғасын, әрі сейіл, әрі тыныс ретінде Өнер музейіне ай асырып, тоқсан толтырып десе де, тым көп ұзатпай, барып тұратын едім. Әлбетте, жаңа өнер туындыларын байыптау, ескі мұраны қызықтау үшін. Әрине, "Торғынның суретін" де көрем. Көрген сайын... қайран қалам. Түбіне жете алмадым. Осындай сурет салған, осыншама биікке шыққан және өлшеусіз мүмкіндігі болған Жәлел өзіне ғана қастан емес, бүкіл қазақ өнеріне жау құбыжық көрінеді. Аянышты – ыза, өкінішті – жиреніш басып бара жатқандай. "Торғынның суретіне" қайтадан үңілем. Жүрегім мейірге толғандай, серпіле бере, тағы да қым-қуыт сезімге берілем...
Жарты жылдан соң ғой деймін. Көбірек бөгеліп, келесі бір барғанымда "Торғынның суреті" төрдегі, жарық, терезеге тақау бұрыштағы орнынан көрінбеді. Басқа бір, социалистік мазмұндағы, күзгі қырман, қызыл байлауышты қыздар бейнеленген, кәсегі ауыр, репетейсіз, абажадай сурет орнапты. Бірақ ештеңе де жоқ, үңірейіп бос тұрғандай.
– Қайда? – деп сұрадым, менің жөн-жобамды білер-білмес, келіс-жүрісіме үйренген танымал анықтамашы қыздан.
– Ой, аға, естімеп пе едіңіз, сұмдық болды ғой, – деді қыз. – Осыдан төрт-бес ай бұрын... жоқ, үш ай... Қазіргі Қазақстан суретшілерінің үлкен көрмесі жасалды. Әлдеқандай атаулы мерекеге орай. Иә, Октябрьдің бірдеңе жылдығы. Жоғарғы жақтан бір үлкен бастық келді, сөйлеп тұр. Көп сөйледі. Жұртты жалықтырып жіберді. Көпіріп, әлі сөйлеп тұр. Сол кезде тағы бір көлденең кісі келді, бел ортада. Түрі өзгеше. Үсті-басы бүтін, бірақ ұзын шашы ұйпа-тұйпа, бет-аузы домбығып іскен. Ұйқысы қанбаған, немесе басы ауырған алқаш екені анық. Біз байқай салысымен ептеп, жетелеп шығарып жібермек едік, әлдекімдер ара түсті. Суретші екен ол да. Содан... салбырап, тып-тыныш тұрған. Кенет, әлгі үлкен бастық, ақыры, көп сөзін тауысып, көрмені ашық деп жариялағанда, жұрт жаппай қозғалған кезде... жын буғандай тұра ұмтылды. Бара сала пышақ ұрды!..
– Кімге, әлгі бастыққа ма? – деппін, қыздың өзінің көп сөзіне қитыға бастаған қалыпта. Ештеңе ұқпағам.
– Торғынға, – деді қыз. – Әлгі суретке, "Торғын" деген. Әйтсе де, байқап тұрған кісілер бар екен, сыртынан тарпа құшақтап, жерге жығып, қолын қайырып, пышағын тартып алды. Пышақ болғанда, қарындаш ұштайтын кішкентай бәкі...
– Сонда... суретті тіліп салды ма? – дедім мен тітіреп.
– Тіліп үлгермеді. Қорс еткізіп сұғыпты. Тура жүрек тұсынан. Артынан экспертиза шақырғанда... бір саниметрге жетпейді деді. Сегіз миллиметр. Кенеп тесілген ғой. Содан арнайы реставратор шақыртып, қалпына келтірді. Мүлде байқалмайды.
– Сурет... суреттің өзі қайда? – деп сұрадым осымен екінші мәрте.
– Сурет... сол көрмеге қатыспауы тиіс екен. Одан бұрын алып тастау керек екен. Біздің, біз ғана емес, жаңағы көрмені ұйымдастырушылардың үлкен қателігі. Енді... қоймаға түсті. Тағы біреу бүлдірмес үшін. Сізге шынын айтсам, аға, бұдан былай ешкім көрмеу үшін.
– Ал әлгі... – алқаш деуге аузым бармады, – жаңағы, пышақ ала жүгірген кісі... не болды?
– Кейін естідік, сол суреттің авторы екен. Ұстағаннан соң жұрт апыр-топыр, ал әлгі жігіт: "Бұл – дұрыс емес, бұл суретті басқаша салу керек, көрмеде тұрмасын, көзі құрысын!" – деп, ышқына айқайлап жатыр. Содан соң еденде домалап, басын соққылап жылады. Ақ безгек деген ауру болады екен ғой, алқаштарда. Сондай... масқара болды. Алып кетті, әлде емхана, әлде айықтырғышқа. Азғана қамақтан соң босатып қоя беріпті. Соттаған жоқ, ешқандай шара қолданылмапты. Небәрі әлгі он бес күндік. İшкіштен не сұрайсың. Оның үстіне бұзылған. Абстаркционист екен. Ауысқан, сатылған. Жолдан тайған. Әйткенмен әуелгі суреті, әлгі "Торғын" шынында да тамаша еді. Ал абстракционизм деген... бәрі керісінше. Жақсы атаулы түгел жаман болып көрінеді. Шындық жағдайды бұрмалау, жарқын өмірді құбыжық етіп көрсету. Шимай-шатпақ, дәлдүріш-қойыртпақ...
Үлкеннің әлде жасын, әлде басын сыйлап, артық-ауыс ақпар берген сөйлеуік қызға алғыс ишаратын да жасамастан, сырт айналып, музейден шығып жүре беріппін.
Міне, ақыр түбі. Сондай көңілсіз жағдай. Көңілсіз ғана емес, қайғылы, қасіретті. Өнер деген – дерт. Жазықсыз байланған, кісенделген, тұсалған сау кісінің өзі ақылынан алжасуы мүмкін. Ал өнерге жасалған қыспақ тек қаралы қазаға ғана бастайды. Бұғауға түскен, жарық дүниеден үмітсіз, қапастағы өнер тоқырайды, тозады, ақыры, тұншыққан, қыстыққан шебердің өзі өледі. Мұндай шатқалаңнан аман шығу үшін өнер – өрісті, тынысты, ең бастысы, шебер – өршіл, яғни темір өзек, болат жүйке, тас қамалды, қажымас, қайтпас ерен тұлға болуы керек. Жәлел босаң шықты.
Музейден соңғы әңгімеден соң көп ұзамай, алыстан қарасын шалдым. Бірден танылды – адамдық кейіптен айрыла бастағандай. Мені аңдады-аңдамады, беттеспей, жолымнан бұрылып кетіп едім. Одан соңғы заманда... тым ұзақ та емес, бірталайдан соң кездейсоқ ұшырасқан ортақ таныстан сұрағаным бар. Жақсы білуге тиіс баяғы суретші жігіттердің бірі. "Бар, жүр, – деді. Өйткен тіршілігі құрысын дегендей, қолын сілтеді. – Бірақ обал..." – деп күрсініп, бас шайқаған. Ол кезде мен отыздың ортасына жаңа ғана келген екем, жасы кіші тұрыпты, тетелес, қатарластардың өзі аға тұтады, ал өзім... өзімді қаламгерлік жолда ғана емес, дүниауи өмірде де көргені көп, кемел санаймын, әлі тіршіліктің қалтарыс, қатпарларына терең бойламаған кезім екен. "Обалы – өзіне, – дедім. – Құдай несиеге берген соншама дарын. Орнымен жарата алмаса, барының бағасын білмесе – заман да, адам да кінәлі емес. Түрмеге тығып қойған жоқ қой. Колымаға, Магаданға айдалмады. Кім жазықты? Өзі! Обалы да өзіне!.." Сол сәтте көңілге келген, ойдағы сөзімді айттым, бірақ көкіректегі түйткіл басқашарақ болатын. Шынында да обал. Жәлелге емес, қазақ өнеріне. Онсыз да тапалып, онсыз да қожырап жатқаныңда... Әрбір жарақты кісінің өзіне өзі ие болуы керек қой. Түптеп келгенде, көресіні өзі көрді...
Кімнің зарын кім жоқтаған заман, жекелеген азаматтар ғана емес, жалпақ жұртың тоқыраған алмағайып. Ертеңіне емес, арғы күні, одан арғы жылда мүлде ұмыттым. Өз басымдағы дау-дамай, өз жолымдағы оппа мен ор... алағай сезім, көлденең аянышқа жол қалдырмаған. Иә. Дарынды құдай береді. Бірақ қосағымен жарылқауы керек екен. Дарынға қоса мінез. Яғни, қайрат пен қажыр. Мінезді дарын ғана мұратына жетпек. Тәңірі тағала Жәлелді жартылай ғана алқаған екен. Басқа бір жағдай, басқа ортада, бәлкім, жарым жолда, тіпті, бастау кезінде сүрінсе де, жығылса да қайта тұрар еді, оңалып кетер еді, мұндағыдай мерт болмас еді. Бірақ бәрі басқаша шешілді. Мен де сабыр таптым. Сонымен, Жәлелге қатысты бар әңгіме тәмам болған. Бітті.
Бітпепті. Арада қаншама заман – тұтас ғасырға татыр тағы бір отыз жыл өткенде қайтадан жалғасты. Жалғасқан жоқ, біржола тиянақталды. Мүлде басқаша себеп, өзгеше түйінмен. Жәлелді күйреткен – сыртқы зұлым күштер, темір талқы, өнер жолындағы алапат қиындық емес екен. Иә. Мінез дедік қой. Бұл мінез – сенімнен бастау алады. Шын дарын қашанда өзінің қуатына кәміл және өмірлік мұратының ақиқат, дұрыстығына күмәнсіз, сондықтан қандай жағдайда да бет алған бағдарынан айнымайды, сол жолға барын салады, керек десеңіз, үмітсіз сәулеге ұмтылады, талығып құлағанша тынбайды. Жәлелдің түбіне жеткен – сыртқы қысым, дүмше талқы, дүлей зорлық емес, ішкі толқын – пәк көңіл, нәзік сезім, қылаусыз таным, нақтылап айтсақ, манағы шын дарынның тірек-тұғыры болуға тиіс сенімнің жойылуы болып шықты. Өзіне емес, өнерге, өмірлік мұратқа деген сенімнің жоғалуы. Иә, дәп солай. Айттым, артынан, тура отыз бірдеңе жылдан соң ғана түйсініп, ұқтым. Нақты әңгімесін естіген соң. Бұдан гөрі байқампаздау болсам, тіпті, менмендігім кемшіндеу, жанашырлығым артықтау болса, бірден аңдап, бірден ұғады екем. Әйтеуір азғана алданыш – бәрібір менен қайыр жоқ екен.
Сонымен, арада қаншама заман. Дүние мүлде өзгерген. Өзгергенде, негізінен біз ғана. Советтік, социалистік кеңістік. Зұлымдық империясы ыдыраған. Қазаққа қайтадан тәуелсіздік келді. Әйтеуір бостан аталамыз. Анығы – бей-берекет, жабайы капитализм дәуіріне ендік. Тұрмыс, тіршілік... басқа емес, өнер жолындағы қазақ үшін бұрынғыдан да қиындай түскен. Бар демесін – атаулы, ресми қысым жоқ. Өнер – өрісті, сөз – еркін тәрізді. Ең көрнекі жағдай – жүріс-тұрыс шектеусіз. Орталық Еуропаға бет алған шет елдік ұшақта кездестік. Баяғы Байсалмен. Әлдебір халықаралық кітап жәрмеңкесіне кетіп барады. Тым атақты болмаса да, елге танымал график суретші ғой. Негізінен кітап безендіру маманы. Мен үшін жасы кіші іні әрі ескі көз. Жадырай табыстық. Әрине, бір қалада тұрған соң, менің де кітапқа қатысым болған соң, ара-тұра ұшырасып қаламыз, бірақ дүние төңкерілген соңғы оншақты жылда көріспеген екенбіз. Жігіт ағасы болыпты. Тіпті, ағаның ағасы. Самайына ақ кірген. Шынында, бізге бала көрінгенмен, бұл да біразға келді – елуді еркін еңсерген. Бірақ сол баяғы сараң сөз, сырбаз мінез. Келесі қатар екен, ауыстырып, менің қасыма отырды. Жол ұзақ. Айырым әуежай Амстердамға дейін жеті сағат. Одан әрі әлде Париж, әлде Рим, қартайғанда құлақ мүкіс тартады, анық, ажыратып естімеген соң, қайыра сұрамадым, ал мен өзімнің қазіргі мекен-тұрағым Прагаға ұшам.
– Ой, аға, – деді Байсал жайғасып отырғаннан соң, жолсерік тапқанына ма, өткен өмір көлеңкесі ме, шынымен қуанып. – Сізді кетіп қалды деп естіп ем... Неге?
Мен күлдім.
– Жаңа шығармалар жазу үшін...
– Сонда... біржола көштіңіз бе?
– Көшпейтін несі бар, – дедім. – Сол қалам, сол қағаз. Әуелгі бағдардан айнымасаң болғаны...
– Иә... – деді Байсал. Менің мәнсіз, шығарып салма сөздерімнен терең мағна іздеп, ойланып қалды.
– Суретшілерге қиынырақ, – дедім мен. – Бояу барлық жерде бар, бірақ ойлаған тақырыбын өзімен бірге әкете алмайды...
– Орыс суретшілерінен де шетке кеткендер көп қой. Бұрын да, қазір де...
– Оларға жеңіл болса керек, – дедім мен. – Тақырып ортақ. Түрі бірдей, менталитеті ұқсас. Ал бізде... адам түгілі табиғат – тауың да, далаң да, тіпті, қалаң да мүлде басқаша ғой. Туған топырақтан қол үзіп кету мүмкін еместей. Суретшілерге барлық уақытта ауыр болды. Біздің жазармандармен салыстырғанда. Бәрі көз алдында, көпе-көрнеу ғой. Кітап бетіндегі жазудай перде жамылып, бұғып, бой тасалап тұрмайды. Және қандай керемет туынды болса да жалғыз-ақ дана. Жалғыз дана кітап бола ма? Тіпті, қолжазбасының өзі көбейтіле береді. Ал кітап болып жарыққа шықса, барына бойлап, түбіне жеткенше біразы тарап кетеді. Баяғы "Алдаспан" есіңде ме, – дедім. – Орта ғасырлардағы қазақ поэзиясының антологиясы. Сендердің редакцияда көркемделіп, тамаша болып басылып шыққан? Жоғарыдан ойбай-аттан көтеріліп, арнайы шешім қабылдағанша екі мыңнан астамы тарап кетті. Он жеті мың тираждан...
– Иә, есімде, – деді Байсал. – Мен баспаға жаңа келгем... Макулатураға түсер алдында типографияға бардық қой, көмекке, топ-тобымызбен. Мұқабасын жұлдық. Бір апта бойы. Соншама құнды кітап, суреттері қандай, ішіміз ашиды, бірақ амал жоқ. Күн сайын біреу-екеуден қойнымызға тығып, қаншамасын алып шықтық... Содан соң көп ұзамай кеттіңіздер ғой баспадан. Қиын болды. Өте қиын болды... – Кімге, қалай, неге қиын болғанын айтпай, іркіліп қалды.
– Табиғи жағдай, – дедім мен. – Жалпы, шығармашылық жөнін айтам. Шын қиыны – суретшілердің басына түсетін ахуал. Барлық уақытта. Әлдеқайда ауыр. Арыда – түсінбеушіліктен. Мәселен, француз импрессионистері. Беріде, өткен советте, түсінбеушілікпен қатар, көпе-көрнеу қысас. Анау ағым, мынау ағым, жат сарын деді, қабырғаға ілінбей жатып, еденге тапады. Бірақ енді, құдайға шүкір, жол ашылды ғой...
– Сәл ертерек болғанда... – деді Байсал ойлы қалыпта. – Біздің уақытымыз өтіп кетті ғой...
– Хокусай не деп еді? Жетпіс жасымда кемеліме жеттім деген. Әлі он бес жылың бар.
– Он екі, – деді Байсал.
– Арғысымен қосқанда, өнімді еңбекке толы жиырма бес жыл, кемінде, – дедім. – Жалпы, өзің де білесің, суретшілер көп жасайды. Көп жасаған. Ақырына дейін бояуынан жаңылмаған. Қайда саған. Әлі жассың...
Қабаттаса күліп алдық. Шынында да жақсы болды, мына Байсалмен қол боста, осындай еркін отыратын жағдайда ұшырасқанымыз.
Шет елдік бай компанияның үлкен ұшағы жайлы. Сервиз өте жоғары деңгейде. Шай іштік, шәрбат іштік, таза, дәмді жол тағамды тәбетпен жедік, соңынан, мен кейінде әуестенгем, азғана шарап алғыздық, бүгінгі күннен шегініп, өткен-кеткенді еске түсірдік. Сондағы жігіттердің қайсысы қандай жағдайда. Кім болды, не істеп, не тындырып жатыр. Ақыры, бағзыдағы бақытсыз Жәлелге келіп тоқтадық. Байсал баяғыдай, тағы да басын шайқап, ауыр күрсінді.
– Обал болды, – деді әуелгі, бұдан отыз жыл бұрынғы сөзін қайталап. – Тағдыр ғой...
Содан соң, өткен іс, өсек болмас, және өзіміз ғана ғой деп, бар құпияның тетігін ашып еді.
– Жәлел ғашық болған ғой. Әуелі әдемі қызға, содан соң көрікті келіншекке. Торғын десе торғын. Шым жібектей есіліп тұр. Ашық, жайдары, биязы. Ерке ғана емес, шолжың. Бірақ бәрі де жарасымды. Жәлел мен Торғын Қозы мен Баяндай көрінетін. Жәлел қалтқысыз сүйіпті. Білесіз ғой, бар суреті – бір сурет, тек қана Торғын деп, мейірлене күлетінімізді. Ақыры, барлық "Торғын" бір ғана полотноға құйылды. Классика. Біз нық сендік. Бұл – өрелі еңбектің бастауы ғана, алда жемісті жылдар, кемел, көркем, жаңа туындылар тұр деп. Жәлелдің өзі де күмән, толқыныстан ада. Асқан жоқ, тасқан жоқ. Атақ-абыройды заңды, еншілі сыбаға ретінде қабылдады. Әрине, құрғақ абырой емес. Әжептәуір ақша келді. Суретшілер одағына қабылданды, микроауданнан екі бөлмелі пәтер тиді. Уақытша ғана. Жаңадан тұрғызылып жатқан Суретшілер ғимаратынан арнайы шеберхана және жайлы, кең үй беруге шешім қабылданды. Қазірдің өзінде рухани ахуалы да, тұрмыс жағдайы да ойдағыдай. Болашақ ұзақ өмір – тек өнер мұратына арналатындай, алда кең дүниеге құлаш ұрған үлкен даңқ күтіп тұрғандай еді. Анық, күмәнсіз. Жәлел өнердің соны өресіне, жаңа бір биікке беттеді. Тынымсыз еңбек, тың туындылар... Бірақ... бірақ сол кездің өзінде сұлу Торғын... Торғынның ештеңеге риза болмағанын, ештеңені де қанағат тұтпайтынын аңдағандай едім. Суретші атаулының бәрін дәндүріс көретін. Сөйте тұра біздің бәрімізге, жігіт атаулыға... құдай кешірсін, тек мүшесі бар еркек ретінде ғана қарайтындай. Қапелімде, кенеттен, қабағының астынан, өткір, қоңыр көздер жарқ етіп түйреп өткенде... әлде сынап, салмақтаған, әлде ишара, ұсыныс... жоқ, ойын, өзінің дуалы сиқырына сенімді ұрғашының үміттендіре тартып барып, беттен қағатын қатерлі ойыны. Білмеймін, оң ба, теріс пе, мұны байқаған – жалғыз мен ғана сияқтымын, жалпы, білесіз, біздің жігіттер түгел ақ, адал еді ғой, өнерден тыс мұраты жоқ, және біріне бірі кіршіксіз. Торғын кімді қалай арбаса да, біздің тараптан ешқандай ши шықпады. Анық. Ал әйелдің өзі... уылжып тұрса да, Жәлелден екі жас үлкен. Мамандығы дәрігер болатын. Мединститут бітірген. Кейде түнгі кезекке қалады. Кейде жұмыстан тым кеш оралады. Табиғи жағдай. Біздің Жәлел, өзінің келіншегіне сенімі сондай, күмәннан таза, тіпті, қызғаныш атаулыдан ада. Сөйтіп жүргенде бір күні... Жәлел әлде көрші республикалардың біріндегі көрмеден, әлде қала сырты, пленэрден, әйтеуір мезгілсіз үйге қайтады ғой. Тура үстінен түскен. Нәзік, жас келіншегінің әлдебір бейтаныс, дүмдей еркекпен қызу майданының қақ ортасына. Шошып, безіп кетіпті. Ойлап көріңіз. Көңілі таза, сезімі нәзік, ақ, адал, және қосылғанына біршама уақыт өтсе де, ғашық құмары тарқамаған аңғал жігіт... Сұмдық қой. Басқа біреу болса, көңілі тас болып қатар еді, қайғының салмағын ыза мен намыс басар еді, жанжал-төбелес шығарар, шығармас, біржола айрылысар еді. Ал Жәлел тура бір апта бойы қайта жуымаған. Қаншама қасырет, азап шеккенін ойша елестетудің өзі мүмкін емес. Ақыры, үйіне барады. Торғын ешбір қысылмаған, не қылсаң да көріп алайын дегендей, сазара, салқын жымиып қарсы алады. Жәлел де тіл қатпайды, кухняда мелшиіп отырады да қояды. Түннің бір уағында көрпе-жастығын алып, екінші бөлмеге барып, диванға жатады. Ертеңіне тағы. Арғы күні. Одан соң. Осы, екінші бөлмеге тұрақтапты. "Не ойладың, неге көндің?" – деп сұраймын ғой кейінірек, бәрі құрдымға кеткен соң, бар сырын, өзі мас, өксіп жылап отырып маған айтқанда. "Қимадым, – дейді. – Тіпті, біржола кетіп қалар деп қорықтым..." "Тіпу! – дедім жерге түкіріп. – Сондай былықтан кейін қимайтын не бар еді!?.." "Дәрменім жетпеді, – дейді. – Пәк емес, былғаныш екен, адал емес, арам екен, мейірбан емес, зұлым екен... Тіпті, сұлулығының өзінде ажал лебі бар. Бірақ... жүрегім тітіренсе де, көңілім жиренсе де, оймен, санамен жек көрсем де, бауырым езіліп, ындыным құрып барады. Қайтадан... жоқ, біржола қосылмақ емеспін, қайтадан, тым құрса жарым түн, жарты сағат, бес-он минут құшағына көміліп... тұңғиығына батсам деймін. Бар еріктен айрылғам. Өзімді өзім ұстай алмаймын. Түн ұзақ нешеме рет тұрып, босағасына барып қайтам," – дейді. Ақыры бір күні ол да ояу жатқан келіншегінің төсегіне жақындайды ғой. Атып тұрып, аузына келгенін айтып, бөлмеден қуып шығыпты. "Бірінші күні келсең қайда қалдың," – депті. Міне, ең үлкен кінәраты. "Ұрмадың ба, соқпадың ба, тым құрса, боқтап, балағаттап, ашуыңды шығармадың ба, сен еркек емессің," – депті. Міне, арсыздықтың шектен шыққаны. "Естігің келгені осы ма? Енді сені мен тастаймын! – дейді. – Осы бүгіннен бастап..." – дейді. Ертеңіне... әлде баяғысы, әлде басқа біреу, ашынасын өзі ертіп келіпті үйге. Күн демалыс екен. Тапа тал түсте. Есіктерін жылы жауып, жатып қалады. Арада апта өтпей тағы біреуін. Бұл да көпе-көрнеу. Келесі кеште нәсілі, ұлты басқа және біреу. Онымен де тоқтамайды. Сондай тойымсыз салдақы. Өзі кіп-кішкентай болатын. Бет-ажары ғана әдемі емес, бар бітімі әсем. Жанды қуыршақтай. Сондай бір мысқал денеде – мың батпан зауық. Тұла бойы булыққан нәпсі. Әлде дәрменсіз құрбандығына ерегесіп, мүлде құтырып кетті ме. Әйтеуір Жәлел байғұс жер болады. Соңғы бір жолы өз шаңырағындағы мұндай бассыздыққа шыдай алмай, қарсылық білдіріп дауыс көтерген екен, қатынының ойнасы тырдай қылып сабап тастапты. Осыдан соң Жәлел өз үйіне өзі мүлде бармайтын болды. Бомж дейді ғой. Мекен, тұрақсыз, панасыз. Кездейсоқта көре қалсам, көлденеңнен ұшыраса, үйіме ертіп әкелем, жуындырып, киіндіріп, тамаққа тойғызып, адамша әңгімелесіп, ақылымды айтам, өткен жақсы күндерді есіне салып, келер қауіп-қатерді ескертем, өнер жолына оралу қажетін, бұлай жүруге болмайтынын, тым құрса, өз атындағы үйді бөліп алып, адамша өмір сүру керегін айтам. "Маған ештеңе де керек емес," – дейді Жәлел. "Өнерің бар емес пе, қуатты дарының, үлкен мұратың қайда қалды. Сен – қалыптасқан шеберсің, қалай ғана қыл қаламнан қол үзіп кетесің, – деймін. – Жаңа дүние, жаңа шығармалар... Қалай ғана қиясың," – деймін. "Мен қимайтын ештеңе де жоқ, – дейді. – Торғыннан соң. Ал мұрат... құрдымға батқан. Дарын... менде ешқандай дарын жоқ. Өнердегі жолым, бүкіл таным, тұғырым түгел жаңсақ, теріс екен. Әйтпесе... сайқалдықты – сұлулық кейпінде, зұлымдықты – мейір, аярлықты – адалдық ретінде бейнелеп, сондай қисынсыз сурет салмас едім. Торғын... "Торғынның суреті" – бояма, жалған болып шықты..." "Ол – Торғын емес, – деймін. – Небәрі сенің сұлулық, тазалық туралы ұғымың. Сол ұғым, сол танымды таңбаға түсірдің. Ал осы суретке себеп болған әйел – тек натура ғана. Сыртқы сымбатын алдың, ішкі кейпін өз ой, қиялың, армандағы арудың сыр-сыпаты, қастер-қасиеті бойынша қалыптадың. Торғын – сурет, Торғын – әйел, – екеуі екі басқа нәрсе. Бірі – арман, бірі..." "Албасты... – дейді Жәлел бетін көлегейлеп. – Әждаһа. Дию-пері. Бірақ мен... ішім толып барады... Онсыз... Торғынсыз өмір сүре алмаймын. Тым құрса, айында, аптасында көрсем... Көрмесем де, жұмыс орнын, тұрған үйін... соншама бақытты болған құтсыз үйімді төңіректеп жүрсем... Маған ештеңенің де керегі жоқ..." Сол беті кетті. Кешіне келмеді. Арада үш-төрт күн өткенде көшеде бұлғалақтап жүргенін көрдім. Содан апта озбай тағы. Және. Бұрын ауызға алмайтын араққа біржола бас қойыпты. Қайғының зілін арақтың зәрімен қайтармақ. Әрине, қайтара алған жоқ, қоса түсті. Ақыры... жұртты жаппай жаулыққа итермелеп, өзін, қадірі кеткені тұрыпты, сотқа тарттыра жаздаған ерекше оқиға – музейдегі "Торғынның суретін" пышақтап, тіліп тастамақ әрекетінен соң бар есептен шықты. Әйтеуір ақсақалдар араласып, пәле-жаладан әрең айырып қалдық. Бұдан соң... бұрынғыдан әрмен құлдырады. Ақыры, жыл айналып өтпеді ғой деймін. İз-түссіз жоғалған...
– Қалайша? – дедім, кешелі-бүгін кеткендей таңырқап.
– Кәдімгідей. Әуелде ешкім білген жоқ. Кім іздемек, кім жоқтамақ. Аз ба, көп пе уақыт өткенде бір-бірімізден сұрастық. Жаз шыққалы, тіпті, өткен күзден бері ешкім көрмепті. Сол беті жоғалды. Әлде ләйліп, қаңғалақтап жүргенде машина қақты, әлде арзан, залалды арақтын уланды, немесе, қонаға, подвалдарға түсіп жүргенде біреу өлтіріп кетті, бәлкім, мазақтан, қорлықтан қашып, ешкім көрмейтін, ешкім білмейтін шығанға шықты, сонда көзін жойды. Егер сырқатынан айықса, арақ емес, қиялдағы махаббат дертін айтам, әйтеуір тірі болса, Алматыға бір соғар еді ғой. Қайрылмады. Белгісіз түнекке батты да кетті. Мүмкін, сол жылы қыста, көктемге жетпей-ақ. Қайткенде де көп ұзамай. Ойлап тұрсаңыз, ол да құдайдың кеңшілігі...
– Торғын қайда? – деп сұрадым.
– Торғын да оңбады, – деді. – Жазықсыз баланың обалы жібермеді...
Мен әйел емес, сурет жайын сұрап едім. Бірақ сөзін қақпадым.
– Торғын сол жылы жазға салым күйеуге тиіпті. Енді... алғашқы некесі бұзылмаса керек. Тіркеусіз тұрған. Өзінің ескі ашыналарының бірі. Бәлкім, әуелгі гүжбан. Пәтер мәселесі қиын ғой қашанда. Оның үстіне жас, сұлу келіншек. Бұрынғы жүрістерін білсе керек, енді қия баспайсың, дейді ғой. Әйтпесе, өлтірем, сабап алам, дейді. Онсыз да ара-тұра төмпештеп отырған сияқты. Жазықты-жазықсыз. Тату тұрмыстан дау-жанжалды тәуір көретін, тіпті, ащы таяқтан ләззат алатын әйелдер болады деп айтып та, көрсетіп те жүр ғой қазір. Торғынды кім білген. Бізге кейінгі бар ісі сөлекет көрінеді. Әйтеуір биязы, мәдениетті Жәлелге жасағаны анау, енді оқу да оқымаған, арнайы мамандық, тұрақты жұмысы да жоқ дөкір мұжықпен тұздары жарасыпты. Содан, тегін асыраушысы бар, бостан жүретін еркегі бір күні, демалыс, тапа-тал түсте әлдеқайдан келсе, есігін ашпайды. Үйде екені анық. Тарсылдата бастайды ғой. Келер мезетте... төменгі даланда тұратын көршісі алақтап жүгіріп шығады. Сіздің әйел болса керек, біреу балконнан құлады дейді ғой. Сөйтсе, қабаттас, қабырғалас пәтерде – әскери адам, отставкадағы жалғызбасты, кәртеміш майор тұрады екен. Орыс. Торғын сонымен де сауық құрады ғой. Зодыр күйеуі, заңды күйеу болмаса да, төсектес, ең негізгі ашынасы кешке емес, күндіз, күтпеген уақытта жетіп келгенде, есіктің тарсылын естіп, саңылау көзден сығалап көрген соң, жапсарлас балкон арқылы өз үйіне өтпек болады. Бұрын да әрлі-берлі талай қатынап жүрсе керек. Бұл жолы әлде қорқыныш, әлде асығыстық, әлде, кейіннен мәлім болғандай, әжептәуір ішімдік әсері, балконның теміріне жабысып, өз жағына қарай аттай бергенде аяғы тайып, төмен құлайды. Бесінші этаж. Сынбаған сүйегі қалмаса керек. Әйтеуір, "Жедел жәрдем" машинасы келгенде есін жиып, қинала үн салып жатыр екен дейді. Емханаға жеткенше жан тапсырыпты. Әлгі ашынасы, сырттан да, іштен де көрген куәлар бар, мүлде жазықсыз, әйтсе де әрең құтылыпты. Ал майор туралы сөз де жоқ. Көрмедім, білмеймін, мүмкін, ішіп алып, өз балконына өзі өрмелеп, ойнап жүрген шығар, мүмкін, кір жайып тұрып, басы айналып құлаған шығар дейді ғой. Үй – иесіз қалған екі бөлмелік пәтер Суретшілер одағының есебінде, қайтарып алу әрі Жәлелдің орнын түгендеу үшін бардық. Ешқандай сурет, жаңа туындылар жоқ екен. Тек балконда күн қаққан, су тиген, адам танығысыз әлдебір эскиздердің жұқанасы жатыр. Содан Суретшілер одағы, иесі қайтып келеді деп, әлгі қайырсыз үйді бірталай уақыт сақтап тұрды. Ақыры бір жас жігітке беріп еді, оның жаңа түскен келіншегі албастының елесін көрдім деп, шошымал ауруға шалдықты. Пәтер ауыстырып көшіп кетті. Одан соңғы тұрған кісінің әйелі жол апатына ұшырапты. Міне, сондай, тізбектелген бақытсыздық. Бәрі де жазмыш қой. Әйткенмен, Жәлелдің тағдыры... ішің ашиды. Қандай таза жігіт еді, қандай қуатты дарын еді...
Байсал көзін жұмып, бет-аузын қос қолдай уқалап, үнсіз қалды. Жәлелдің тағдыры... Көлденең кесел ме, әуелгі пешене ме, заңды сыбаға ма. Қайткенде де мен үшін күтпеген шешім, кейісті хикаят. Отыз жыл өтсе де, өкініші тозбапты. Бірақ жан ашығаннан не пайда. Жақсы сөзбен еске алғаннан бөтен.
– Сурет не болды? – деп сұрадым сәлден соң, манағы, өнер туындысының өзінен көлеңкесіне ауып кеткен сауалымды нақтылап.
– Жоқ, – деді Байсал. – Қазір орнында жоқ, сірә, біржола жоғалды. Анау жылдары, тәуелсіздіктен соңғы талапай кезінде қолында билігі бар мықтыларға жолдама ретінде: "Енді жатпай-тұрмай байыңдар!" деген нұсқау берілді, ал дағдарыс, жаппай таршылық жағдайға түскен бұқара жұрт, тарабында: "Әркім өз күнін өзі көрсін!" деген ұран көтерілді емес пе. Қалың бұқара ғана далада қалған жоқ, халықтың мың жылдық тарихын, ұлттық рухын ұстаған, елдің елдігін, ақыл-парасатын әйгілеген әдебиет пен өнер, ғылым-білім мен мәдениет тақырға отырды емес пе. Қазына қоймалары қаңсып, музейлер қаңырап қалды. Біздің көркемсурет мұражайы штаттағы қызметкерлерін қысқартты, қалғандарына жалақы бермек түгілі, отын жаға алмады, суын төлей алмады, жазда қараусыз тұра берер, қыста бар экспонат бүлінбей ме, суреттері шытынап, мүліктері мұз болып қатып. Қауқары жоқ, қожалығы бар министрлік өздерің ананы-мынаны сатып, ақша табыңдар деген жарлық береді.Содан сатуға шығады ғой. Қазақы кілем, ежелгі күміс бұйым, әрқилы, бұрынғы-соңғы өнер туындылары. Арнайы хабарланды. Аукцион. Аукцион болғанда, қолға ілінгені жарты, ширек құнына кетеді. Ақшалы жаңа байлар, пайда іздеген, ел аралаған шет жұрттық туристер мен алпауыттар, дипломатиялық мекемелер. Қанша жылдан бері қоймада жатқан, ешкімге керегі жоқ "Торғынның суреті" де сатуға қойылады. Ол да аукционға. Яғни еркін баға. Әуелде мадақталған, өзгеше сырлы жұмыс деп. Тым құрса екі-үш жүз долларға өтер деген үмітпен. Бәлкім, бес жүз, тіпті бір мың доллар деген есекдәме. Өзіміздің жуандар ештеңені менсінбейді, қолқалап шақырған соң, алу үшін емес, бой көрсетіп, кісімсу үшін ғана келген. Жарылқап жатқан – шет елдік алармандар екен. Терме алаша, бұрама білезік, үзбе жүзіктер. Алқа, тұмарлар. Бір сөзбен айтқанда, экзотика. Сұраған тиын-тебенін беріп, сыпырып алып жатса керек. Сол кезде... жаңа бір алпауыт жетіпті. Американ. Қасында қосшы болып, биік мәртебелі елшінің өзі жүр. Ұсақ-түйекке назар аудармады дейді. Әуесі – басқа екен. Сұңғат тарабы. Бірден көзі түсіпті. Содан соң әрнені бір саралап, азғана байқастайды да, бағасы қанша деп сұрайды. Баяғы "Торғынның суреті" ғой. Жарқырап тұрған өзгеше кейіп. "Қанша?" – деп сұрайды. Музей директоры қиялдағы мың қайда, көтермелеп, жеті жүз десем айнып қала ма деп, әрі сауда жақсы жүріп жатыр, аңысын аңдап, жаңадан ақыл тауыпты. "Сіздей сыйлы қонақ, өнер білгірінің өзі қаншаға бағалайды екен?" – дейді ғой қиялап. Әрине, аралық аудармашы арқылы. Алпауыт тіл қатпастан, қойнына қол салып, бір бума ақша шығарды дейді. "Сіздерде әлі банк жүйесі жолға қойылмапты, чек жүрмейді екен, бұдан артық бере алмаймын, келіссеңіз міне, он мың доллар!.." – дейді ғой. Әрине, қуана келіседі. Ол заманда түске кірмеген ақша. Алушы да риза, мұншама құнды дүниені соншама арзанға түсіргеніне. Сонымен, "Торғынның суреті" мұхит асып кете барады. Біздің музей басшылары тым құрса әлгі алпауыт байдың жөн-жосығын біліп қалмаған. Жоғалды, теңдесі жоқ қымбат қазынаңыз тұманға, мұнарға сіңіп... Әрине, жоғалса да жойылған жоқ, әлдебір қиырда, әлдебір салонда, жаңа иесінің көп мақтанышының қатарында, әлемнің әлдебір ұлы суретшілерімен қанаттасып, төрде ілулі тұр. Одан бізге түсер пайда қане. Дерегі белгісіз, бәрібір жоқ есепті. Сондай ғаламат өнер туындысынан біржола айрылдық... – деп, бар әңгімесін тәмамдаған.
Байсал екеуіміз Амстердам, ығы-жығы "Шипол" әуежайында әрең айрылыстық.
– Аға, ерте ме, кеш пе, елге қайтасыз ғой, – деген.
Мен кім білсін дегендей қолымды жайдым да, ілтипатты інінің көңілі үшін бас изедім.
– Ауыл жаққа жыл асырып болса да барып тұрармыз, бірақ ендігі өмір ақыр соңына дейін шетте өтетін шығар, – дедім.
– Әйтеуір жоғалып кетпеңіз, – деді Байсал мені өзімсіне құшақтап.
Мен жоғалмаймын. Тұрмысым да, тағдырым да өз қалауымша болды. Бар жазғаным ел-жұртымның алдына жетті. Қайткенде де айғақ, белгіміз бар. Мен – құзардан тамыр тартқан, діңі берік, бұтағы тарбақ, мық емен. Ал еменнің жасы – мың жыл. Қайда жүрсем де, қандай кепке түссем де, қайғыңыз не, қамығуға, көлеңкелі кейіске орын жоқ.
Көк сабағынан қиылған бақытсыз баланы айтсаңшы. Таудай дарынды жіптік жүйке, жұдырықтай жүрек ұстап тұра алмапты. Шыңырауға құлаған, түнекке батқан. Салған суреті де соңынан кетіпті. Осындай бір ғазиз жан дүниеге келмегендей. Ешқашан болмағандай. Шынында да обал... Тағдырда солай жазылған деп тоқтау айтпасақ. Бірақ одан қапада өткен мүскінге келер ешқандай пайда жоқ. Саған да. Бар білгеніңді толқымас, тозбас, жансыз ала қағаз бетіне түсіргеннен басқа...
2008.
Көрнекі сурет: Константин Разумов “Арман болған әйел”
Бөлісу: