Аударма мектебі қалыптасу үшін дара бастамалар керек

Бөлісу:

10.07.2023 2602

Бүгін танымал журналист, белгілі қоғам қайраткері, «Мазмұндама» баспасының директоры, тіл жанашыры Шыңғыс Мұқанмен аударма саласына қатысты сұхбаттастық.

- ЮНЕСКО-ның мәліметі бойынша, әлемде жылына 40 мың кітап аударылады екен. Яғни, күніне жүз кітаптан. Мысалы Ресейде аударма институты жұмыс істейді. Жылына 260 кітап аударады. Шамамен 34 тілге аударылатын әдебиет ұсынады. 32 елдің кітабын орыс тіліне аударады екен. Қазақстанда қанша кітап аударылып жүр? Аударма саласын бір ізге салатын мекеме қажет деп ойлайсыз ба? 

40 мың кітап аударылса аударылатын шығар, одан көп аударылмаса. Жалпы жылына әлемде 2 миллионнан аса кітап шығады. Көбіміздің көз тастайтынымыз – көрші Ресей ғой. Оның жасыратыны жоқ, Ресей нарығын қарап, қадағалап отырамыз. Мемлекет басшысының өзі айтты ғой, Қазақтандағы кітап нарығының 90% өнімі шетел өнімдері деп. Қай нарықты алып қарасаң да солай. Мейлі ол киім-кешек болсын, азық-түлік болсын, шетелдік өнім басым. Израильден келген шалғамды (редиска) көз шалады, Қытайдың алмасына ғой, үйреніп алдық. Кітап нарығы да солай. Көбіне сатылып жатқан Ресейдің кітаптары. Қазақ кітабы көп емес. Нарықта 10 мың кітап бар десек, соның шамамен бес жүз, асып кетсе жеті жүзі қазақ кітабы шығар. Демек, ол 7 пайыз, қалғаны орыс тіліндегі кітаптар. Ресейде Аударма институты бар, аударма жолға жақсы қойылған. Баяғы Кеңес кезінен қалыптасып қалған аударма институттары іргетасын сақтап қалған. Қазақстанда аударма мектебі болмаған десем, ешкім айыптай қоймас. Олай айтып отырған себебім, бізде жалпы аударма ХІХ ғасырдан басталды ғой. Абай аталарымыз аудара бастады. Алаш арыстары аударды. Олар кәсіби аудармашы болмаған. Солардың аудармасын қарасаңыз, ішінде шыны керек, кәсіби тұрғыда аударылмаған дүниелер жүр. Мәселен «Сырлы арал» деп аударғанды біз қазір «Қазына аралы» деп атап кеткен шығармалардан аударған. Содан кейінгі толқын аудармаға өткен ғасырдың 50-60 жылдары келді-ау деймін. Сол уақытта жазушылардың барлығы аудармамен айналысып кетті ғой. Ғали Орманов, Әбіш Кекілбаев сынды жазушылар. Олар да кәсіби аудармашылар емес. Екіншіден, олар негізінен орыс тіліндегі шығармаларды ғана аударған. Шет тілінен емес, басқа тілдегі шығармаларды түпнұсқадан емес, орыс тілінен аударды. Соның өзінде олар аударма ісіне көп еңбек сіңірді. Жазушы болғандықтан болар, көптеген шығарма сапалы аударылды. Одан бергі толқын ел егемендігін алғаннан кейін түрлі мәдениетті көтереміз деген бағдарламалар аясында еңбек етті. Кешегі «100 оқулық» деген бағдарламаға дейінгі аралықта мемлекеттің тапсырысымен аударма ісі жүргізілді. Мемлекеттің араласуымен жүргізілген бағдарламалардың жақсы да, жаман да қыры бар. Бір жақсысы алға қойған мақсат орындалады, бір іс болса да бітеді. Жаман жері мұндай істің жалғасы болмайды. Мемлекет тапсырысы тыйылған күні аударма да тыйылады. Ал, қазақ аударма мектебі енді қалыптасады. Қалыптасып жатыр деп айта алмаймын. Біздің жасап жатқанымыз, Steppe and world баспасының жасап жатқаны, басқа да осы аудармаға қатысты баспалардың ісі – іргетас құю секілді. Іргетасты құйғанды астына үгітілген тас төгеді ғой, біздің ісіміз соған келіңкірейді. Меніңше, 10-15 жылда, тіпті 20 жылдан кейін аударма мектебі қалыптасады деп айтатын деңгейге жетерміз. Аударма мектебі қалыптасу үшін дара бастамалар керек. Жеке баспалардың аударма саласындағы мақсат-жоспарлары мықты болуы тиіс. Ресейде аудармаға бюджеттен қолдау болмайды. Баспалар өздері аударады. Сол кітапты сатады. Халық оны тұтынады. Халық нан сатып алғандай өзіне қажетін іздеп табады. Мемлекет халыққа нан әперіп отырмайды ғой. Бұл да сол сияқты. Елдің өзінің сұранысына сай дамуға тиіс сала. Ресейде осындай сұраныс өзін қамтитын деңгейде. Ресейде жылына 260 кітап аударылады дегенге келіспеймін. Бұдан әлдеқайда көп аударылады. Кеше Түркияға барған кезде, түріктер жылына 2000 аталым шетел кітаптарын аударатынын айтты. Түрік баспалары! Оның жанында Ресей Түркиядан бірнеше есе үлкен ел ғой. Халқының көбі сауатты, оқыған. Меніңше, Ресейде кемінде жылына 5000 кітап өзге тілдерден аударылып отыратын шығар. Ресейдің ең үлкен Эксмо баспасы айына 500 аталым кітап шығарады екен. Жылына 6000 кітап шығарады. Соның жартысы шет тілінен аударылған кітаптар. Ресейдің нарығы, аударма мектебі жылына 4-5 мың кітапты орыс тіліне аударып, орыс тілін дамытып, байытып отыр. Ал, қазақ тіліне жылына қанша кітап аударылады деген сауалға жауап бере алмаймын. Өте жақсы сұрақ. Біз білуге тиіс сұрақ негізі. Жан-жақты маркетинг жүргізіп отыратын деңгейге жетпедік. Біз қазір бар күшімізді, бар жігерімізді, бүкіл қаржымызды, бар уақытымызды қазаққа керек-ау деген кітаптарды аударуға жұмсап жатырмыз. Ал, бұл сұрақты Кітап палатасы деген мекеме бар, мемлекеттің шығарған кітаптарын тіркеп отырады, солар білуге тиіс. Себебі, олар салық төлеушінің ақшасына жұмыс істейтін мекеме. Кейде бұрын аударылған кітап жаңа ISBN алып, қайта басылып шығып жатады. Бірақ ол жаңа кітап емес. Олар қалай екшеледі, түсініксіз. Жылына қанша кітап шыққанын білу осы мекеменің құзырында.

- Әлемде ең алдымен бестселлер кітаптар аударылады. Ол көркем әдебиет, психология, мотивация болсын, нон-фикш болсын, ел танитын кітап болса болғаны. Қазіргі таңда Қазақстан осы тенденциядан қаншалықты қалып келе жатыр деп ойлайсыз? 

Егер әлемдегі үрдісті сараласақ, 2 миллион кітап шықты делік, оның әліпбидегі А әрпінен бастап бәрін тұтас аудара беру шарт емес. Біз аударатын кітапты зерттейміз. Қанша тілге аударылғанын, қазақ халқына не беретінін ескереміз, содан кейін аударамыз. Бұл тұрғыда басқа да қазақ баспалары осылай жұмыс істейді деп ойлаймын. Біздің қазақша «100 бестселлер» деген сериямыз бар, онда нон-фикш, көркем әдебиет болсын, танымдық әдебиет болсын, бестселлер кітапты аударамыз. 

Басқа баспалар да солай болар. Адамзаттың, әлем оқырманының таласа оқыған кітабы болады, соны неге біздің оқырманымыз оқымасқа?! Кейде әлемге үлкен ой салса да, үлкен тиражбен сатылмайтын кітаптар бар. Докинзтің «Өзімшіл ген» деген кітабын аудардық. Өзін-өзі дамыту кітаптары секілді миллиондаған тиражбен өтпеген, жалпы адамтанудағы адам қалай жаратылды деген тақырыпты қаузайды. Әркім өзінше баға береді. Биология ілімінде Чарльз Дарвиннің «Табиғаттың жаратылысы» туралы кітабынан кейін өзекті болған адамның жаратылысын гендік деңгейде таратып айтқан кітап. Былайынша, әлемде өтімді кітап емес. Бұл жалпыға емес, жалқыға қажет кітап. Ғалымдарға маңызды кітап. Прогрестің қозғаушы күші жалпы емес, жеке адамдар ғой. Сол үшін бұл кітап қызығушылығымызды тудырды. Соны қазақша аудардық.

- Сіздің аударма бойынша «Мазмұндама» деген баспа ашқаныңыздан ел хабардар. Аударма саласына айтарлықтай еңбек сіңіріп жатсыздар. Қазіргі таңда қазақ баспагерлері мен аудармашылар арасында қалыптасқан құқықтық негіз бар ма?

Қалыптасқан құқықтық негіз бар. Аударатын кітапты таңдағанда ең алдымен аудармашымен келісім-шарт жасасамыз. Аудармашының еңбегі интеллектуалдық меншік санатына жатады. Авторлық құқық туралы заңда солай көрсетілген. Редакторлық, корректорлық жұмыстар интеллектуалды меншік болып саналмайды. Ал, аударма саналады. Сол себепті, аударма интеллектуалды меншік болғандықтан, аудармашымен авторлық келісім-шарт жасаймыз. Аудармашы сол шығарманың материалды емес құқығына ие болады. Белгілі бір шығарманы аударған аудармашының атын сол кітапта көрсетуге баспа міндетті. Ал, материалды құқығы баспаға тиесілі болады. Өйткені, аудармашы баспаның тапсырысымен сол еңбекті аударды. Сондықтан баспа сол интеллектуалды шығарманы сатып, ақша табуға, қажет болса тегін үлестіруге құқығы бар. Ал, интеллектуалды меншік иесінің ондай құқы жоқ.

- «Мазмұндама» баспасы аударатын кітаптарды қандай критериймен таңдайды? Қазақ тіліндегі көркем әдебиетті әлем тілдеріне аударуды көздейтін жобаларыңыз бар ма?

Бұл сұрақтың шет жағасын айтып өттім. Негізгісі, кітап ең болмағанда өз елінде, шыққан жерінде танымал болуы керек. Ал халықаралық дәрежеде танылған кітап болса, мәселен 30-40 тілге аударылса, нұр үстіне нұр. Мұндай кітапты қуана-қуана аударамыз. Ондай жүз мыңдаған кітаптар бар. Оның бәрін аудара беретін мәжбүрлік жоқ. Аударма – үлкен еңбек. Жерде қалмайтындай шығармаларды аударуды көздейміз. Ауқымды жұмысты ертең сөреге қойғанда, ешкім тұтынбаса, тағы жаман. Оқырман қалтасындағы қаражатын жұмсап, сатып алғанда белгілі бір қажеттілігін өтейтіндей кітап аударуға тырысамыз. Өзінің психологиялық, интеллектуалды қажеттілігін өтегісі келетін оқырмандар бар. Соларға арналған өнім ұсынамыз. Біздің критерий қандай? Біздің критерий – әлем көз тігіп отыратын Amazonнан қараймыз, New York Timesтан қараймыз, ГУ-30 деген сервис бар, соны қадағалаймыз. Бүкіл әлем танитын ресурстардағы оқылымды шығармаларды екшеп отыруға тырысамыз. Сол ресурстардағы жаңа кітаптарға баға беріліп жатады. Сол бағалауға қарап таңдаймыз.

- Егер Қазақстанда ең танымал кітап дүкені «Меломан» болса, оның кітап сөрелерінде көбіне орыс тіліндегі кітаптар сатылатынын көз көріп жүр. Қазақша кітаптардың аудиториясы неге аз? 

- Қазақ тіліндегі аудитория аз деуге болмайтын шығар. Оқырман бар. Оларға біз, баспагерлер, сапалы контент ұсына алып жатырмыз ба? Ресей нарығы сол сұранысты қамтып отыр. Әлемде мықты бестселлер шықса, 5-6 айда орыс тіліне аударылады. Біз солай әлемдік тенденцияға ілесіп отырған жоқпыз. Оқырманға қызықты, тәуір деген бестселлерді тез арада аударып, оқырманға ұсынып, өзіміздің жазушыларымыз бұрқыратып жазып, ғалымдар небір танымдық дүниелерді танытып жатса, мұндай кітаптар сұранысқа ие болар еді. Меломандағы өнімнің жартысы қазақша болар еді. Бұл осы мәселеге қатысты бір көзқарасым. Екінші қырынан қарасақ, біздегі мегаполистер, шыны керек, орыстілді. Қазақ мектебінде оқып жатқан оқушылардың өзі қазақша кітапты түсінбейді. Орысша оқиды. Бұл мәселе әлеуметтік зерттеуді қажет етеді. Біздің оқырман ауылда. Ауылдарға біздің өнім жетпей жатады. Кітапханалар болғанмен, кітап дүкендері жоққа тән. Жеткен күннің өзінде ауыл халқы сұраныс тудыра қоя ма? Ауылдарда ақша табатын адам аз. Зейнеткер мен мұғалімдер ғана табысы бар болып саналады. Олар ақшасын кітапқа жұмсауға дайын ба?

- «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы» деген қоғамдық қордың президенті Гүлмира Илеуова 2021 жылы жасалған зерттеу нәтижелері бойынша «Қазақстан ТМД аумағында кітапты ең аз оқитын ел» дегенді айтып еді. Кітапты аз оқуға тек интернет кінәлі деп ойлайсыз ба? Басқа себептері бар ма? 

- Бұл зерттеуді мен көргенім жоқ. Қазақ халқы аса кітапқұмар халық емес деп ойлаймын. Бұл жазғыру емес, айыптау емес. Нақты факт солай. Кітапты іздеп жүріп оқитын оқырман бар. Бірақ ол арық қойдың сүбесіндей азғантай топ. Оған интернет те, басқа да кінәлі емес. Интернет тек Қазақстанда бар, өзге әлемде жоқ дейтін құбылыс емес қой. Интернет қазір адам тұрмайтын Антарктидада да бар. Меніңше, бұл кітап оқу дағдысын, кітап оқу мәдениетін таратудағы, кітап оқуды үйретуді насихаттау жұмысындағы кемшілік. Ақпарат министрлігі бар, негізінен Мәдениет министрлігінің жұмысы кітап оқуды бұқараға насихаттауы керек. Кітап насихатталып жатқан жоқ, өкінішке қарай. Негізінен мектептерді қадағалайтын Оқу-ағарту министрлігі де үлкен жұмыс атқаруы тиіс. Мен өзім шетелдерде қалай насихатталатынын көрдім. Өзім екі жыл тұрып келген Америкада мектептерде кітап оқуды қалай қалыптастыратынын білем. Кітап деген күнделік бар. Бала қол қояды. Ата-анасы қол қояды. Мұғалім тексереді. Күн сайын бір кітапты баланың қолтығына қыстырып жібереді. Күнде жарты сағатты кітап оқу уақыты деп әр отбасында «reading time» жасайды. Ол кітаптар жарты сағатта оқып тастайтын кітаптар. Кітап оқу осылай қалыптасады. Кітап оқуды бала күннен насихаттасақ, кітап құмар ұрпақ қалыптастырамыз.  

- Әлемдік классиканы аудару үшін сатып алу құқын қалай иемденеді? 

- Жалпы әлемде кітап нарығы жақсы дамыған. Жазушы шығармасын жазса, кез келген баспамен келісім-шарт жасап, бастырып шығады. Баспа оны редакциялайды, түзетеді, беттейді, дизайн жасайды. Кітапты шығарады, дүкендерге таратады. Осы істің бәрін баспа өз ықтиярына алады. Сонымен бірге әдеби агенттіктер бар. Бұлар жазушымен келісім-шартқа отырады. Жазушы әр баспаға барып келісім жасап, аяқтан тозып, әуре болмайды. Бұл жұмысты агенті жасайды. Әр келісім-шарттан 10-15 пайыз үлесін алып отырады. Жазушының кітабын баспаларға сататын, шет тіліне аударуға келісетін, пайдалану құқын сататын осылар. Бізде баспа мәдениеті қалыптасты деп айта алмаймын. Біздің нарық бұлай қалыптаса қойған жоқ. Көбіне жазушының өзімен тікелей келісім-шартқа отырамыз. Әрбір баспа жазушыға қаламақысын береді. Бір жазушылар бар, өзі баспаханадан шығарып, әкім-қараларды жағалап, кітап сатып жүреді. Әлі де жабайылау нарық... 

- Аудармамен айналысатын баспаларға мемлекеттік қолдау бар ма? Жалпы ол баспаларға керек пе?

- Әлемде қалай? Кітап ұсыныс тудырып, содан соң нарыққа шығады. Бұл нарыққа басқа елдердің мемлекеті интервенция жасамайды. Біздің елде қолдамаса болмайтындай көрінеді. Мемлекет сананың жаңғыруына, жаңаруына да жол ашуы керек деп ойлаймын. Бірақ мұны қалай жасауға болады дегеннің шешімін таба қойған жоқпын. Қазіргі Мәдениет министрлігі қолдау көрсетеді. Мемлекеттік тапсырыспен кітап шығартады. Шығарып қоймай, авторлардың құқын 5 жылға алып алады. Бұл енді нарықтың жұмысы ғой, мемлекеттің жұмысы емес. Қолдау басқаша болуы тиіс. Егер бұл тәжірибе өзін-өзі ақтаса, жазушылар көбейіп, кітап нарығы дамып кетер еді. 

Мемлекет қолдауы керек. Бірақ мемлекеттің қаржысы жалпы нарықты бұзуы ықтимал. Нарыққа кілең халтурщиктер келеді. Кітаптың сапасы күрт төмендеп кетеді. Қолдаудың жан-жақты түрлерін ойластыруға болады. Менің көріп отырғаным, мемлекеттің ықтиярында 7000-ға жуық мектеп бар. Яғни, сол шамада мемлекеттік кітапхана бар деген сөз. Мемлекет нарықта өзін дәлелдеген, жақсы сатылған кітаптарды екшеп, мектеп кітапханаларына таратса, үлкен қолдау сол болар еді. Аударманы субсидиялаудың механизмдерін қарастыруға болады. Қазір нанды да субсидиялап жатыр ғой. Ал адамның зиятын дамытатын, санасын жаңғыртатын өнімдерді неге субсидияламасқа?! Бірақ өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын, жалпы нарықты бұзбайтын механизмдерді табу керек.

- Аударманың сапасыздығынан оқырманына жетпей қалатын кітаптар боп тұра ма? 

- Шетелдің авторларынан кітап сатып алған соң ақысын төлейміз. Аудармасы нашар болып, ол кітаптан бас тартқан кезіміз болған емес. Аудармасы нашар болып, оны қайтып сөреден алдыртып, қайтып өңдетіп, қайтып шығарған кезіміз болды. Біз сапасыз дүниелердің елге тарағанын қаламаймыз. Сондықтан сапасыз дүние кетіп қалмасын деп шығарушы редакторлар, корректорлар жұмыс істейді. Біздің баспаға қарасты елу шақты маман кітапты аудару, түзету бойынша жұмыс атқарып отыр. Дегенмен соның өзінде ара-тұра грамматикалық қате кетіп қалады. Бір жерлерінде аударма калька боп кетеді. Он рет оқығанда да көзге түспей қалатын қателер бар. Жазуға қатысы бар адамдар мұндайды жақсы түсінеді. Жанашыр оқырмандар өзімізге хабарласып, ескертіп жатады. Соны өңдетіп, қайтып шығарамыз. Мұндай жағдай көп болмайды. Қатемізді түзеген кезіміз болған. Қазақтілді аударманың сапасыздығы жалпы аудармаға деген оқырманның райын қайтарып жібермесе деген ниеттеміз.  

- Аударманың маңызы туралы айтсаңыз? 

- Аударма өте маңызды. Қазақстанда 20 миллион халық тұрса, әлемде 8 миллиард халық тұрады. 8 миллиард халықтың 20 миллион халықтан интеллектуалды деңгейі жоғары екені шүбәсіз. Шетелдің смартфондарын қалай пайдалансақ, әлемнің, адамзаттың кітапқа қордаланған ақыл-ой кенін дәл солай қолдануға, пайдалануға міндеттіміз. Сондықтан өсетін ел болсақ, әлем әдебиетін тұтынуымыз керек. Мейлі ол көркем шығарма, танымдық бестселлер болсын, біздің тілге аударылып, қазақ оқырманына қызмет етсін дейміз. Бұл бір. Екіншіден, әлемнен ғана тұтынып қоймауымыз керек. Әлем не оқып жатыр деп біздің қаламгерлерге ой салсақ па дейміз әрі сондай ойлы дүниелердің біздің елде жазылғанын қалаймыз. Біз аудара бермей, біздің де шығармаларды аударса дейміз. Мен біраз шетелдік баспалармен араласып жүрмін. Америка туралы айтып жатқаным жоқ. Халқы шамамен біздің халықпен шамалас болатын елдерді алайық. Олар шетелге словак, серб, тіпті орыс тілінде кітапты аудар деп жатқан жоқ. Бұлар өздері ағылшын, испан тіліне аударып, әлемге ұсынып жатыр. Әлемнің басым бөлігі не ағылшынша, не испанша сөйлейді. Кең таралған тілдерге аударып, осы Қазақстанда отырып сатуға болар еді. Біз осылай сатып жатсақ, шетелдің баспалары жақсы ұсыныстарымен өздері келе бастар еді. Сонда аударма тағы бір белеске көтерілер еді. 

- Әңгімеңізге көп рақмет!

Бөлісу:

Көп оқылғандар