Бір қап мәйіт
Бөлісу:
Нұрасыл ЗИЯДАБЕК
(әңгіме)
Ең ұлы билік – өз-өзіңді билеу.
Шынайы бақыт – өзгелер үшін өмір сүру.
Лев Толстой
Бұл оқиғаны ол маған сәрсенбі күні айтқаны есімде анық сақталып қалыпты. Иә, дәл сол күні, лектордың психология пәнінде жартылай толы аудиторияға қарапайым да қарабайыр сұрағын сарт ете қоя салған сәті еді. Бәлкім бұл әңгімені оқыған оқырман мені “жан түршіктірер дәнеңе де жоқ” деп жазғыратын болар, алайда менің бұл мәтінді жазудағы прагматикам мүлде адам бойында үрей, қорқыныш сезімін ұялату емес-тін.
Егер жадым адастырмаса дәрісте лектор Виктор Франклдың экзистенциализмі турасында әңгіме өрбітіп жатты. Сөйтіп бізді абдырауға мәжбүр қылған, кенеттен тосын сұрағын төбемізден төндірді. Тұтқиылдан соғыс жарияламай, ешбір ескертусіз жау бас салғандай әсер қалдырған осы сұрақ: мұғалім ”Қалай ойлайсыңдар студенттер, өмірдің мәні неде?” деп екі қолын айқара ашты. Сабақта ғана емес, бүкіл сүріп өтетін ғұмырымыздағы ең басты сұрақтардың бірі екенін жақсы түсінетінбіз.
Көзілдіріктің үстінен қараған қос жанардың маған қарата тесілгенін аңғардым. Лектордың барлық студенттері арасынан таңдауы неге нақ маған түскенін осы күнге дейін түсіне алар емеспін.
- Санжар, сенің өміріңнің мәні не? - деді ол.
Өзімді қалай ұстауды білмей іркіліп қалдым. Недеген қарапайым сұрақ? Осылай да сұрауға болар ма екен?! Барлығының қалай жауап берері онсыз да түсінікті емес пе?! Әлде түсініксіз бе?! Тынысым жиілеп, бойымда қынжылысқа ұқсас бір сезім пайда болды. Мен әрине әйтеуір түбі бұл сауалға бас қатыратынымды білдім, бірақ дәл қазір емес қой?! Оның үстіне жиырманың ішіне жаңа кіріп жатырмын.
- Мен өзімді бұл сұраққа жауап бере алатындай “деңгейде” емеспін деп ойлаймын.
Аудитория сыңғырлаған қыздар күлкісіне лық толды. Жауап күлкілі болғандықтан емес, керісінше табан астында табылып, ұтымды айтылғандықтан шығар, айтарлықтай қошеметке бөленді. Әрине лектордың тарапынан емес. Ойымды жинақтап алған соң, лектордың көзіне тіке қарап, шындап жауап беруге кірістім.
Айтпақшы, айтуды ұмытып кетіппін, сол күні Бағлан жұмысынан әдеттегісінен ерте келді. Былғары туфлиі мен сырт киімдерін шешіп, тұнжыраған кейпі ішке енді. Досымның бүгінгі күні ауыр болғанын көздерінің айналасы дүрдиген, қуарып боп-боз болған бет жүзінен-ақ жазбай білдім. Қып-қызыл тамырланып кеткен жанарының астындағы сұп-суық сұр дақтай болып қалған іздері, осымен үшінші күн ұйқы атаулыны көрмегендігінің айғағындай. Бірақ бұл мехнаттың уақытша екенін ол жақсы білетін. Себебі алдына өрелі мақсат қоя білетін бұл қасиеті оның бойына тереңдей тамырланып алған сықылданатын.“Үш күннен соң көрге де үйреніп кетеді”демей ме қазақ?!
Бағлан досым – тергеуші. Қылмыс, өлім-жітім барлығының айналасында жүреді. Тек жүріп қана қоймайды, адам естімеген сұрқай сұмдықтың жуан ортасында болып, қылмыстың себеп-салдарын анықтайды. Досымның ерекше мамандығын басқаларға баяндағанда бойымды мақтаныш билеп алатын.
Бірден кофемашинаға жармасты.
- Осы ашты бәлені қалай ішесің?
- Уақыт өткен соң үйреніп те кетесің. Жұмысқа дейін де, жұмыстан кейін де осыған жетері жоқ.
- Бірақ сен ылғи да “американо” ішесің ғой.
- Енді бұл менің таңдауым емес пе?!
Осыдан соң қысқа әңгімеміз үзілді. Ол маған шетелде шұбырған халықтың неліктен сағаттап “старбакс” алдында тұратындығын түсіндірді. Бір журналдан оқыпты. Бағланның айтуынша кофе сусыны құйылған стақанға әркімнің жеке есімі мен қалаған кофесін жасап беруі адамдардың өздерін индивид яғни жеке тұлға ретінде сезінуіне мүмкіндік беретін көрінеді. Арамыздағы әңгіме көп ұзамай мәнсіздене бастаған соң, ол жұмыс жайын баяндай бастады:
– Бүгін сағат бестер шамасында орталықтағы “достық” көшесіндегі пәтерлердің бірінен мәйітті алып кетуге бардық. Жақындары өлікті беруден бас тартты. Заң бойынша мәйітханаға апарып, экспертизадан өткізуіміз керек десек те болмады, “дінге қайшы, жөн-жоралғы бойынша қастерлеп, жаназасын шығарып, жерлеуіміз керек” деген соң бастыққа хабарластым. Ол тез арада келіп, отбасымен жеке сөйлесті. Талқы ұзаққа созылмады. Қолын қалтасына сала бергенде жиырма мыңдықтарда безендірілетін құс бейнесін байқап қалдым. Басекең де соны қалағандай қолыма сол ақшаның біреуін ұстатты да, кете беруімізді бұйырды. Мүрде қозғалмаған күйі “уақытша” үйінде қала берді. Кейін білдім, басекеңе жүз елу мың беріпті. Мен де мәзбін, ол да мәз.
Бағлан тергеп жүрген қылмысын, ондағы тірі жан суқаны сүймес сорақы суреттерді үнемі маған көрсетіп тұратын. Ондайда мен “ары кетші” дегендей мұрным қусырыла басымнан бақайыма дейін түршігіп, бәкідей бүктеліп көзімді тарс жұма тыжырайып аламын. Қанжоса болған денелер…бір мүшесінен айрылған денелер… күйген, әр тұсынан тілінген денелер…жұлынған бас…денені тесіп өткен оқтың іздері.. Не себепті екенін түсіндіру қиын, мүмкін бұл “шынайы болған оқиға” деген жалғыз ойдың өзі мені есімнен адастыратын шығар, небір қорқынышты фильмдерді көріп үйреніп қалсам да, бұл суреттерге ендігәрі жүрегім дауаламайтын. Сонда да бұл жолы Бағланның өз аузынан естігім келді:
- Бағлан осы сенің жұмысыңда ең қатты қорыққан немесе әлі күнге дейін есіңнен шығара алмайтын бір сәт болған ба еді?,-дедім мен.
- Болды, - деді ол.
- Маған баяндап берші!
- Ер соңымнан! - деп мені балконға шақырды.
Бұл уақытта төңіректі қараңғылық тұмшалап, аспанда жұлдыздар мен жарық ай сәулесі ғана бізге үңіліп тұрды. Қалтасын қарманып, темекісін тұтатты. Қабағын түйіп алып, еріндерінің ортасына қыстырған шылымды бар құштарлығымен сорып, түтінін будақтата бастағанда мұрныма темекінің қоңырсық исі сезіліп, түтіні көкте өзімен бірге мені де бейне бір тылсым әңгімеге шақырғандай ширатыла қараңғы түнге сүңгіп бара жатты…
- Барлығын өткен күндерде қалдырып кетсем де кеудемді торлаған осы ойдан арыла алмадым,- деп бастады әңгімесін. Бойын асыранды көңілсіздік меңдеп алғандай, мүлгіген күйі даусы күңіреніп шығады.
— Желтоқсанның алғашқы қары жауған шақ еді. Менің жұмысқа кіргеніме үшінші күн болатын. Қылмыстарды көріп жүрсем де әріптестерім бұл бергі жағы ғана деп сендіріп жүрді. Ең “жағымсызы” жол апатында қаза тапқан адамның дене мүшелерін жинастырып өткізу екен. Айтқандай-ақ дәл сол күні сол апаттың үстінен түстік. Мыңдаған бөліктерге шашырап мылжа-мылжасы шыққан көліктерді қоспағанда, қар аралас қан жуған мына жолдың сұқыты айтарлықтай үрейлі көрінді. Бірінші көліктің иесі жан сақтау бөліміне тез арада жөнелтілді. Ал екінші көлік иесін сақтап қалу мүмкін болмады. Бәріміз құдды ажалмен бетпе-бет күресетін дәрігерлерше аппақ резеңке қолғапты киіп алып, мәйіттің әр дене мүшелерін қара қапқа жинастыра бастадық. Оқиға орнында марқұмның туыстары да болған еді. Өліктің кейбір бөліктері алысқа ұшқаны соншалық, оған барған кезде жақындарының ащы айқайын естімегендей боласың. Маған сол аяғы түсіпті. Киген қара джинсы да ортасынан жыртылып қою қызыл түске малынған. Туыстардың көзінше мейлінше мәйітті арулап, аса ұқыптылықпен жинадық. Дәл осы тұста тозақы көрініске куә болдым. (осы сәтте оның жүзінде темекінің қызыл шоғы одан сайын қызара түскенін байқадым) Барлық бөліктерін қапқа салып болғанда мүрде таситын жүк көліктің жүргізушісі есіктен шықты да, қолымнан бір қап мәйітті жұлып алып, жүк көлігінің артына лақтыра салғанда о Құдайым… басымды ұстап айдалаға безіп кеткім келді. Біреу өз еркімнен тыс, кеудемнен жүрегімді суырып алып, қанын сорғалата тілгілеп, езіп тастағандай көрінді. Арқама мың жерден қанжар сұғып, тамырыма у құйып жібергендей сіресіп қалдым. Ойлашы енді өзің, Санжар?! Сен тіпті бір қап кәртөшкенің өзін бұзылып кетер деп қоймаға бұлай лақтыра салмайтын едің. Ертең сонда бізді де осылай лақтыра салатын шығар… – деп шылымын сөндірді.
Не айтарымды білмедім. Ай сәулесі түсіп, алакөлеңкеде сұлбасы көріне бастағанда мен оған тағы бір көз жібердім. Ол әңгімесін әрмен қарай жалғастыра жөнелді:
– Күнделікті тек бір ғана құр сүлдері үшін мәйітханаға барғымыз келмейтін. Ертеден қара кешке дейін жүріп, бір жүк көлігі толған кезде ғана мәйіттерді бір-ақ апарамыз. Сонда көрген жұрт бұны көмір деп ойлаған шығар... Қайдан білсін, өліктерді әкеле жатқанымызды.
Айтпақшы, айтуды ұмытып кетіппін лектордың әлгі сұрағына мен “өмірдің мәні – жақындарыңның жаныңда болуы, өзіңді жалғыз сезінбеуің, тек өзің үшін ғана емес, өзгелер үшін де өмір сүретініңді білу” деген едім.
Таң қылаң бере бастағанда Бағлан әдеттегідей жұмысына аттанды. Бұл жолы мен де ерте тұрып алдым. Оның қайтадан “көмір” жинауға кеткенін үйде менен басқа тірі жанның жоқтығынан байқадым. Бірақ мен сол “көмірлердің” ендігәрі ешқашан алаулап қайта жанбайтынын жақсы білетінмін…
Ас үйдің қақ ортасында орындықта бір тіземді жай ғана иегімнің астына жабыстыра құшақтаған күйі сұлық отырмын. Алдымда тек қана кофе. Сондай ыстық, әрі сондай тәтті…
2023
Бөлісу: