Қазіргі әзірбайжан әдебиеті: «өлі үйі»

Бөлісу:

13.07.2023 1724

Тарыдай болып жан-жаққа шашыраған түрік халықтарының қазіргі заман әдебиетіндегі прогресс пен процессті бағамдау һәм бағалау бәріміз үшін де өте маңызды. Себебі қазақ әдебиетінің көркеюі жолында яки басқа түрік әдебиеттерінің дамуына белгілі бір деңгейде туысқан әдебиеттердің әсері бар. Осы тұрғыдан алып қарағанда, барлық түрік әдебиеттерінің бір «қазанда» қайнауынан бәрімізге пайдасы тимесі, зияны тимейді. Оның үстіне әлемде 300 млннан асып жығылатын түріктілдес халықтардың бар екенін ескерсек, әдебиеттеріміздің «көкке өрлеуі» жолында таптырмас мүмкіндік екенін аңғара түсеміз. Біз осылайша, Еуропацентристік көзқарастан ада, колониялды түсініктегі Батыс пен Шығыс концептілерінен іргемізді аулақ салып, Түркістан әдебиетін жандандыра аламыз. Яғни, бір орталықтандырылған Батыстық стандарттарға альтернатива ретінде Түркістан стандартын ұсынамыз. Бұл белгілі бір деңгейде «өз есігін ішінен құлттап алған» біздің әдебиеттердің әлем сахнасына өз ережелері мен нормаларымен шығуы және үлкен державаға айналған әдебиеттердің Түркістан әдебиетімен санасуын қамтамасыз етеді. Сайып келгенде, кешегі Кеңес Одағынан шыққан барлық түрік халықтарының қазіргі әдебиетіндегі хал-ахуалы бір деңгейде. Қарапайым ғана дәстүр мен жаңашылдықтың теке-тіресі, әдеби сынның дамымауы, билік тарапынан қолдау тапқан жазушылардың тасының өрге домалауы, әдеби орта тарапынан жасалған «үнсіздік» қастандығы, «жастарға жанашырлық» сөзінің астында әдебиетті «көк базарға» айналдыруға немесе ауыздықтап ұстауға тырысуы бәрі-бәрі белгілі бір деңгейде ұқсас орын алып жатқан процесстер. Ал бұл кедергілерді асып өтіп, олқылықтарды толтыру үшін түрік халықтарының бір-бірімен тығыз байланысы үлкен роль ойнайды.

Әрине, мұндағы «түрік халықтарының бір-бірімен байланысы» сөзі біздің елдегі науқандық шараларда көптен айтылады. Тіпті батысы Болгариядан, шығысы Шын мен Машыннан  түрік ақын-жазушылардың қара шаңыраққа өз халықтарының атынан шақырылып, өз әдебиетін танытуы олар үшін де, біз үшін де маңызды. Десе де, «оларды шақырарда яки қолдау берерде қандай критерийлер бойынша таңдалды?» деген сұрақ туындайды. Шынтуайтына келгенде, басқа түрік халықтарынан Қазақстанға келген кей ақын жазушыларды өзге ел тұрмақ, өз елдеріне дұрыс танылмаған болып шығады немесе ортаң қол қаламгер екендері шығармаларын оқығанда-ақ дереу белгілі бола қалады. Әрине, көпке топырақ шашпақ ниетінде емеспіз, бірақ мұндай олқылықтардың да орын алып жататыны жасырмаймыз. «Сонда қайтпек керек?» деген тағы бір сұрақ туындайды. Бір ғана авторға пәленбай миллион қаражат бөліп, (оның шығармаларының деңгейінен бейхабар бола тұра) оны сол елге беталды шақырудың орнына, әуелі интернет желілері арқылы (мәселен гагауз авторларының шығармасын қазақ оқырмандарына ұсынып көру һәм талдап беру, қазақ авторларының шығармаларын қырғыз оқырмандарына талдауға беру т.т.) насихаттайтын болсақ, көп дүниеден ұтатын ба едік деп ойлаймыз. Осылайша, мыңқырған қаламгерлердің ішінен білімі ме білігі сәйкес келген авторлар ғана 300 млн түрік халықтарына ортақ жазушы/ақындарға айналады. Егер сіз қаламгер болсаңыз немесе сүйікті қаламгерлеріңіз болса, олардың/сіздің жоқ дегенде, ең кемі 100 млн оқырманыңыздың болуы таңқаларлық дүние ме?! Біздің ойымызша, жоқ. 500-1000 дана кітапты әрең басып, оның жартысына жуығын ғана сата алған авторлар үшін бұл керемет мүмкіндік емес пе?! Әрине, бәлкім кей адамдар үшін бұл жай ғана қиял болып көруінуі мүмкін. Бірақ қолымыздағы бар мүмкіндікті пайдаланатын болсақ, оның несі қиял? – деп жауап бергіміз келеді. Ал бұл үшін тек науқандық шараларда ғана емес, күнделікте өмірде де алыс-берісіміз жиілеуі ләзім. Міне, осы және осы сарындас мақсаттардың негізінде бүгін Әзірбайжан халқының жас жазушысы, журналист Ақыл Бәкір есімді жігіттің «Өлі үйі» (әз. Ölü evi) атты әңгімесін қал-қадіріміз жеткенше талдап, қазақ оқырмандарына ұсынып көрмекшіміз. Олай болса, мархаббат!

Өлі үйі – автордың Әзірбайжан түрікшесінен бөлек, Түркия түрікшесі мен Орыс тіліне аударылып басылған бар-жоғы бір жарым беттік шығармасы. Жалпы шығарманың фабуласына көз жүгірткенімізде, нақты оқиғаның уақыты, мекені белгісіз. Тіпті белгілі бір оқиға да жоқ. Әрісі, ешқандай кейіпкер де, сәйкесінше монолог немесе диалог та жоқ. Тек нарратор ғана бар. Оның өзі де бар екені күмәнді бір нарратор. Сайып келгенде, бір жарым бетке көз жүгіртіп шыққаныңызда ештеңе оқығандай болып шықпайсыз. Бірақ сізді бір мағынасыздыққа жетелейді. Бұлыңғыр мағынасыздықтың ішінде шығарма жайлы бірдеңе ойлағыңыз келсе де, не ойлау керек екенін білмейсіз. Себебі әңгімеде сізді ойға батыратын ешқандай классикалық элемент жоқ. Барлық ойлар мен пікірлердің аяқталған тұсында шығарманың алғашқы сөйлемдері жазыла бастаған секілді. Когнитивті санамызда «бір нәрсенің аяғы –жаңа бір нәрсенің басы» деген ұғым үстемдік құрса, сөз қылып шығармада «бір нәрсенің аяғы – ол сол нәрсенің аяғы. Ешқандай жаңа нәрсенің басы емес» дейді. Ендігі мәтіндегі бар-жоғы белгісіз осы бір «нәрселердің» сізді ешқандай мағынаға, ойға, пікірге апармайтыны айдан анық. Бірақ біздің назарымызды аударған «нәрсе» - шығармадағы нарратор. 

Кез-келген көркем шығармадағы нарратор – оқырман мен шығарма арасында маңызды байланыс орнататын «көпір». Осы пікірді негізге алып қарағанда, «Өлі үйіндегі» нарратор (баяндаушы) өз ұстанымы мен көзқарасы тұрғысынан жазушының жеткізгісі келген ойын белгілі бір деңгейде жеткізетін делдал рөлін атқарып тұр. Яғни, нарратордың позициясы, көзқарасы, оқиғаға деген біржақты/бейтарап («Өлілер үйінде» бір жақты) көзқарасы шығарманың негізгі айқындаушы факторы. Ең өкініштісі, бәлкім ең маңыздысы, Өлі үйіндегі нарратор не айтаса да, оқырман сенуге мәжбүр немесе мәжбүрлейді. Мұны біз шығарманың алғашқы сөйлемдерінен-ақ сеземіз: 

«Таңертең күн шыққан жоқ. Оның қалай батқанын көрдім деп ешкім айта алмады. Бар нұрын жинап алған Күн адамзатты нұрынан айырып, дүниеден алыстап кеткендей». 

Шығарманың кіріспесінен-ақ нарратормен бетпе-бет қалған оқырман «күннің шықпағанына» сенбесе де, сенуі керек. «Көңілі ашық» өзге шығармалар секілді сізді сендіру үшін алдыңызға түсіп, «алтынмен аптап, күміспен күптемейді». Өлі үйінің табалдырығын аттау үшін сізге ең алдымен нарратордың айтқанын жасау міндеттеледі. Әйтпесе өлілер үйіне кіре алмайсыз. Шынтуайтына келгенде, нарратор сіздің ол үйге кіруіңізді де аса қатты қажет етпейді, көрсететіні/ айтатыны адам қуанарлық дүние емес себебі. Сәл ғана көңіліңізге күдік ұяласа, қолындағы «орағымен» сізді қуып шығудан тайынбайтындай болып көрінеді. 

Ең қызығы, біз өлілер үйінен авторды көре алмаймыз. Бәлкім автор да нарраторға тәуелді шығар немесе керісінше. Оны мәтіннің ілгерілеген бөлімдерінде анықтайтын боламыз. Сонымен, «таңертең күн шықпаған, кеше күннің батқанын да көрмеген» өлілер үйіне алғашқы қадамды аттадыңыз. Өзіне сенгеніне көзі жеткен нарратор оқырманды белгісіз бір ауылға алып келеді: 

«Ауылдың ойлы-қырлы, тас жолымен адам легі бір жаққа жылжып бара жатты. Бәрінің де жүзі күңіреніп, ешкім сөйлеген жоқ. Бір бағытта қозғалып келе жатқан бұл тасқыннан тек аяқтарының тасқа тиген дыбысы ғана естіледі. Бұл ауылдағы жұрттың үні өріске жайылып кеткендей, тілдері тығылып қалғандай, әтеш де, ит үрген де жоқ. Осынау қорқынышты және салқын тыныштықты бұзған аяқ пен тастардың дүбірі адамның жерде жорғалаған өлі денелерді еске түсірді. Дауыс сол дауыс еді». 

Бұл жерде сізге тағы бір міндет жүктеледі: тыныштықты бұзбау. Бейне бір тыныштық бұза қалған жағдайда барлығы сізді бас салатындай, тығылып қалған тілдердің бәрі де сізді орап алатындай. Бұл кезде, керісінше, сіз нарратордың қолтығының астына тығыла түсесіз. Себебі сізге тыныштықты бұзбау мүмкін емес. Бірақ тағы бір назар аударатын нәрсеміз, нарратор бұл ауылға тиесілі адам емес секілді болып көрінуі. Себебі ол да сізбен бірге шеттен келгенге ұқсайды. Егер осы жердің тұрғыны болатын болса, ол да «тас жолда адамдар легімен бірге жылжып бара жатқан» болу керек еді. Бірақ ол сіздің қасыңызда тұр. Қасыңызда тұрса да, адамдар легінің нарраторға тікелей яки жанамалай қатысы бар екені сезіледі. Ал бұл қатыстылық біздің ойымызға Аристотельдің құдай ұғымы салады. 

Аристотельдің пікірінше, Құдай - материалдылығы жоқ. Сондықтан қозғалысқа, уақытқа немесе кеңістікке бағынбайтын таза пішін, таза өзектілік. Ол өздігінен бағытталған рефлексия және барлық басқа заттардың қозғалысының себебі ретінде негізгі қозғаушы күш. Құдайдың болмыс жағдайын сипаттай отырып, Аристотель оны «таза форма», «таза актуальдық» дейді. Басқаша айтқанда, Құдайдың басқа жаратылыстардан айырмашылығы, өзін толықтыру, өзекті ету, өзін жетілдіру қажет емес. Ол қазірдің өзінде толық аяқталғандықтан, ол толығымен актуалданған форма. Онда кішкентай құпия жоқ. Аристотель қозғалысты немесе болуды форманы жүзеге асыруға, оны актуализациялауға, яғни кемелдену мен аяқталуға табиғи тенденция ретінде қарастырады. Мұндай қозғалыс пен Құдайда болудың қажеті жоқ, өйткені ол қазірдің өзінде толық актуализация. Бұл жоғарыда айтқанымыздай, ешқандай потенциалы немесе материалдылығы жоқ таза форма. Демек, Құдай да әрекетсіз тіршілік иесі. Аристотельдің өз тілімен айтатын болсақ, «құдайлық ой ойлайтын нәрсенің өзі болуы керек. Өйткені ол бар нәрсенің ең кемелдігі және оның ойы – ойдың ойы». Бірақ мұнда ескеретін тағы бір нәрсе, Аристотельдің пікірінше, Құдай христиандық пен исламның Құдайы сияқты ғаламның немесе адамның жаратушысы емес. Тіпті Аристотельде Құдай деистік мағынада ғаламның жаратушысы да, пантеистік мағынада ғаламның болмысының қайнар көзі де емес.Құдай ғаламды ойламайды, ол тіпті білмейді. Бірақ Аристотельдің пікірінше, егер көз көргеннен ләззат алғандықтан немесе қуанғандықтан өзімшіл жаратылыс деу рас болса, Құдай да өзін ойлағандықтан және оған қуанғандықтан өзімшіл. Бұл оның табиғаты. Міне, осы бір пікірлердің негізінде Өлі үйінде де (егер ол жер расында үй болса) Аристотельдің құдайы секілді нарратор көруімізге болады. Яғни, шығармада нарратор құдайлық деңгейде.

Нарратордың өз ұстанымына байланысты барлығын көру, сезу сияқты ерекшеліктері бар. Мысалы, ешқандай дыбыс шықпаған жерде тек нарратор ғана  бір дыбысты ести алады: 

«Бір бағытта қозғалып келе жатқан бұл тасқыннан тек аяқтарының тасқа тиген дыбысы ғана естіледі»

Осы ерекшеліктеріне байланысты оны құдайлық деңгейде деп айта аламыз. Әдебиеттанушы Франц Карл Штанцельдің пікірінше, «құдайлық нарраторға барлығын көруге болады және бұл  деңгейдегі нарратор шығармада не болғанын және не болатынын ұсақ-түйекке дейін біледі». Сондықтан құдайлық нарратор оқырманды шексіз көзқараспен қарсы алады немесе алып барады. 

Негізінде құдайлық нарратор шығарманың көптеген бөлімдерінде кездестіруге болады. Мысалы, нарратор адамдар ағынының өздеріне де бейхабар үнсіздіктің ішінде бейсаналы бас көтеріп жатқанын көреді. Әйтпесе адамдар өздерінің бас көтеріп жатқандарын білмейді: 

«Бұл адамдар ағынының басы да, соңы да болған жоқ. Қайдан келгені, қайда бара жатқаны белгісіз, бұл тасқын өз үнсіздігімен дүрілдеп, бас көтергендей болды» деп адамдардың мәнсіз жүрістеріне бір мән үстегендей болады, әрісі бұл мәнге оқырманды да қосады. 

Кейінгі бөлімде нарратор оқырманды өлген адамның үйіне алып келеді. Оқырманға оның өлгені жайлы баяндайды. Бейне бір оқырман мен нарратор өлінің басында марқұм жайлы сөйлесіп тұрғандай күй сыйлайды. 

«Түнде өлді. Төрт күн бұрын түнде ұйықтап жатып бұл дүниені үнсіз тастап, белгісіз жаққа қадам басқан. Оның 4 күн бойы бұл дүниеде жоқ екенін ешкім сезбеді. Ал ауылдың адамдарынан сұрасаң, оның атын да айтпас еді. Оның мұнда қалай келгенінен, кім екенінен, не екенінен бейхабар. Ешкім қызықпаған»

Қарап тұрсаңыз, нарратордың марқұмды таныстыруы күмәнді. Белгісіз бір марқұмды танитын адам секілді, бірақ ішіне бірдеңе жасырып тұрғандай таныстырады. Ең қорқыныштысы, бұл нарратордың өз денесі, өлім өз өлімі. Яғни, өзінің өлімі жайлы оқырманға баяндап жатыр нарратор. Бейне бір шығарманың осы бөлімінде нарратор оқырманды өз өліміне алып келіп көрсетеді. Себебі нарратор ешкім білмейтін адамның нақты төрт күн бұрын өлгені, оның хәл-ахуалы, төсекте қалай жатқаны жайлы айтады. Егер ауылдың бірде бір тұрғыны оны танымайтын болса, оның нақты төрт күн бұрын өлгенін нарратор қайдан біледі? –деген күмәніміз де жоқ емес. Демек, құдайлық нарратордың өзі өлген, ал адамдар ағыны енді өздерінің кімнің баяндайтынын білмей, жан-жаққа босып барады. 

Шығармадағы жазушының ерекшелігі нарраторды өлтіру және өлтіріп қана қоймай, нарратордың өлі денесіне нарратор арқылы оқырман жетектеп апару. Мәтіннің ілгеріген бөлімдерінде белгісіз ауылдағы ешкім танымайтын өлі адамды тек нарратор ғана танитын болып шығуы біздің сөзімізді дәлелдей түсетіндей. Оқырманға марқұмның қалай өлгенін қашан өлгенін тәлпіштеп баяндап береді: 

«Бұл ауылда тұратын адамдардың бәріне немқұрайлы қарағаны сонша, оларды көрген адам адамдардың ешнәрсеге қызықпайтынына таң қалатын. 

Төртінші күн болды. Оның өлі денесі төсекке сіңе бастаған. Сағат алға жылжиды, уақыт өтеді, дене жатқан төсектен дыбыстар шыға бастайды. Дыбыс күшейіп барады». 

Белгісіз ауылдың тұрғындары ештеңеден бейхабар уақытта тек оқырман мен бар екені күмәнді нарратор ғана бір дыбысты естиді. Тіпті жан бергеніне төрт күн өткенін тағы да қайталап айтады. Шағын ғана шығармада бір затты екі рет қайталап айту жайдан-жай кездейсоқтық емес. Осы арқылы нарратор өлген адамды танитынын және адамдардың бұл адамды танымауын баса айтуы марқұмның өзі екенін нақтылай түседі деген ойдамыз. Мұнымен қоса, нарратор өзі өлсе де, әлі уақыттың парқында. Яғни, тірі болып есептелген кіл жұрттың ештеңеден хабары жоқ кезде, өлі нарратордың уақыт пен кеңістіктен хабардан болуы үлкен бір парадокс жаратады. Сәйкесінше қанша өлі болып көрінсе де, тірілердің уақыты да осы өлінің уақытымен есептеледі. Сол үшін төртінші күн дейді нарратор. Әйтпесе тұрғындар үшін бұл нешінші күн екенін бір құдай білсін?! Бәлкім, адамдардың уақыттан шатасатындай, барлығын ұмытатындай бірнеше ғасыр өткен шығар, бірақ нарратордың көзінде төрт күн өтті. Оқырман болса төрт күн өткеніне сенуге мәжбүр. Себебі оқырман бұл белгісіз ауылды білмейді, ауылға келгеннен бастап қандай жағдай болса да нарратордың айтқанына иманындай сенеді. Оның үстіне нөпірдің уақытын есептей алар емес, оқырман нөпір емес һәм нарратор да емес. Бірақ мұнда ескеретін тағы бір нәрсе бар: нарратор қаншалықты сенімді?! Десе де, біз бұл сұрақты өте кеш қойдық. Өлілер үйіне (мәтінді оқымас бұрын) кірерде қойғанымызда, біз ешқашан мәтінді оқи алмайтын едік. Нарратор да төрт күн бұрын өлген өзін көрсете алмайтын еді. Нарратор өзінің тірі кезіндегі гегемониясын соңғы рет пайдаланып,  оқырманды сенуге мәжбүр етті. Қолыңыздан жетектеп, өз өлімінің басына алып келді. 

Құрылымдық әдебиет теоретиктерінің бірі Жерар Дженетт мәтінді талдауда саяси немесе этникалық құрылымды зерттеудің алдында, «Кім сөйлеп жатқан? Кім кімнің атынан және қандай тұлғамен сөйлеп жатыр?» деген маңызды сұрақ қояды. Яғни, кім кімнің атынан сөйлеуге құқығы бар? Біздің ойымызша, барлығы өзінің атынан ғана сөйлей алады. Бұл дегеніміз өзі жайлы өзгенің айтуға құқығы жоқ дегенді білдірмейді. Бірақ бұл әрекет қаншалықты сенімді, ол жері сәл күмәнділеу. Қанша жерден ақылға қонымсыз нәрсе айтса да, (бейне бір күннің шықпағанын айтқан нарратор секілді) өзі жайлы өзі айтқан соң оған сенуге болады деп ойдамыз. Сенгеніміз  үшін де ешқашан көріп білмеген «өлі үйіне» келдік.  

Десе де, шығармада нарратор өзінің илаһи қырымен назар аударса, бұл илаһи қыры кейбір бөлімдерде шектелген. Мысалы, өлі адамның үстіндегі көрпенің қимылдағанын көріп, оның ішінде не бар екенін білмейді. 

«Бұл не? Көрпе көшіп бара жатқан сияқты. Иә, дұрыс, көрпе шынымен қозғалады. Тышқан? Жоқ. Өйткені мұнда кеміргіштер ешқашан өмір сүрмеген. Бұл жерлерде тышқан да, басқа зиянкес те болған жоқ. Сонда бұл не?» 

Тек қимылдаған нәрсенің өзі шыққанда ғана оның не екенін көреді

«Көрпенің астында бірдеңе қозғалып жатыр... әлі қозғалып жатыр. Күте тұрыңыз, шығып келе жатқан сияқты, иә, болды, шықты. Жылан». 

Мұндағы адамның қойнынан жылан шығуын/кіруі көптеген мифология мен сенімдерге телуімізге болады. Бірақ біздің назарымызды аударған нәрсе: жыланның  мотив ретінде мәңгілік, өлместік, жаңғыру және қорқыныш сияқты ұғымдармен ассоцациялануы. Тіпті әртүрлі мәдениеттердегі жылан; өмірмен, өліммен, сиқырмен және біліммен байланысты. Жыландар мифологиялық дәуірден қазіргі уақытқа дейін адам өмірінде әрқашан болған және көптеген өркениеттердің мифологиясында құдай ретінде қарастырылған. Мысалы, Ежелгі дәуірдегі орфтық дінде ғаламның пайда болуы Кибела мен Офион атты жыланның шайқалуымен түсіндіріледі. Аттиканың бірінші патшасы Кекропс пен олардың екінші патшасы Эрехтей жыландар. Шумерлердің жаратылыс мифтерінде бұл аспан мен жердің құдайларын жасаған Лакму және Лакаму атты жыланның еркек және әйелі болды. Барлық Ежелгі Таяу Шығыстағы сияқты, жылан Мысырда құдайдың жаратылысы болып саналды және оның құнарлы қасиеттері бар деп есептелді. Көптеген жылан культтерінің қалдықтары ежелгі Египет өркениетінде кездеседі және перғауындар жылан тәждерімен бейнеленген. Тізе берсек, жазбамыздың ауаны тек жыланға ғана ауып кететін жайы бар. Бабыл, Үнді, Қытай және т.т. мәдениеттерді жыланның маңызы жайлы бізге дейін де қаншама рет айттыл/жазылды. Біздің көңіліміз «көрпенің астынан жыланның шығуы» аталған мифтердегі жыланмен тікелей болмаса да, жанамалай қатысы бар екеніне ауады. Себебі өлі адамға жыланның келуі жоғарыдағы мотивтерге сүйене отырып, мәңгілікке алып кетуге келгендей күй сыйлайды. Ең қызығы, құдайлық нарратор бәрінен хабардар бола тұра, осы жыланнан хабары болмайды. Тіпті хабары жоқ екенін бірнеше сұраулы сөйлемдермен дәлелдей түседі. Төрт күн бұрын өлген адамның жай-күйін тәлпіштеп баяндап отырғанына қарамастан, жыланнан хабары болмай шығады. Біздің ойымызша мұндағы жылан автордың өзі. Себебі шығарманың өн бойынан автордың көрмейсіз. Мұнымен қоса, нарратор жыланның алдында өзінің құдіретті рөлін жоғалтып, айтайын деп тұрған көзқарасынан толықтай бас тартуы жәйдан-жай емес. Бәлкім адамды шағып өлтірген де осы жылан шығар. Яғни, нарратор өзінің өліміне оқырманды алып келіп, «мені өлтірген автор» деп айтқысы келген болуы бек мүмкін. Себебі нарратор оқырманды саналы түрде өлі үйіне алып келеді. Осылайша, шығарма бойынша автордың қандай екенін білмейтін оқырман оны жылан кейпінде көреді. Жыланның (автордың) әрекетіне нарратор да, оқырман да кедергі бола алмайды: 

«Бір қызығы, оның ұзындығы көрпенің астында тұрғанда байқалмап еді. Енді міне, марқұмның құшағынан жылан шықты. 

Жылан шеңберленіп келіп, сол шеңберге жинала қалды. Тағы үнсіздік. Бірақ бұл жолы көз алдында жүректі елжірететін үнсіздік ұзаққа бармады. Жылан қозғалды. Айналды, айналды, бұратылды... 

Соңында марқұмның ашық тұрған аузына ақырын ғана басын тығып, көмейіне алтын шынжырдай жорғалап келіп енді де кетті. Мәйітте кішкене қозғалғандай болды, кейін бұл қозғалыс шіріген дене мен жыланның ысқыруы арасындағы үйлесімді композицияны құрайтындай, бірте-бірте соңғы ноталармен ауыстырылды...» 

Жыланның алдында нарратор да, оқырман да қауқарсыз болып шықты. Екі бастан қауқары болмаған нарратор оқырманның көмегіне жүгінгені де сондықтан. Жылан ақырын ғана өлінің ішіне кіріп кетті. 

Осыған дейін түзілген мәтін нарратор мен оқырманның жыланның алдында қауқарсыз болуын баяндау арқылы классикалық әдебиеттердегі автордың гегемониясын сынайды. Себебі бүгінге дейін автордың дегені болып, нарратор да, оқырман да, тіпті мәтіннің өзі де автордың қолындағы қуыршаққа айналған. Құдайлық нарратор оқырманға еркіндік сыйлағандай өз өлімі жайлы баяндайды. Яғни, өлімі текке орын алмады, өлімі оқырманға еркіндік сыйлады. Себебі жылан оқырманды емес, нарраторды өлтірді. Өлтіріп қана қоймай өзі де нарратордың өлі денесіне кіріп кетті. Яғни, ендігі жаңа мәтіндерде автор да, нарратор да болмайды. Негізінде нарраторды өлтіру арқылы автор болғысы келгендей. Бірақ нарратор оны өз ішіне алып кетті. Енді тек еркін оқырман ғана бар. Мәтіннің соңында: 

«Шеті мен шегі жоқ адамдар ағыны басылды. Адамдар жоғалып кетті. Тіпті ол ауыл да жоқ. Сонда бүкіл адамдар әлемі кенеттен қайда кетті? Оларға не болды? Адамдар әлемі қайда? 

Адамдардың тұтас әлемі. 

Күн бұлттардың астына батып кетті. 

Бірақ жер болмады» 

деп нарратор өзімен бірге шығармадағы мекен мен уақытты да жоқ қылып жібереді. Себебі бүгінге дейін автордың ақ дегені алғыс қара дегені қарғыс болып жүргенде барлығы бар еді, бірақ енді нарратор өзімен бірге барлығын алып кетті. 

Қалай десе де, автордың алдында қауқарсыз болғанымен, нарратор құдайлық нарратор кейпіне болғанын ұмытпағанымыз жөн. Демек шағын ғана әңгімеден кейін нарратор өз өлімімен оқырманға жаңа мәтін ұсынады. Автордың гегемониясынсыз, нарратордың құдайлығынсыз еркін таза демократты бір мәтін. Әрине, деконструкциялық оқуға мәтінді басқа қырынан да оқуға болады. Мәселен, адамдардың ашкөздігі мен алтын шынжырға ұқсаған жыланды байлық деп алып, ақшаның соңынан жүгірген халық деп қорытсақ та құба-құп. Бірақ мұның барлығы нарратор мен автордың өлімінен кейін еркін оқырманның өзіне қалған іс. Олай болса, мәтінді жаңа көзбен қайта оқуыңызға рұқсат.

Ақыл Бәкір. «Өлі үйі»/ әзірбайжан тілінен аударған жазба авторы

*

Таңертең күн шыққан жоқ. Оның қалай батқанын көрдім деп ешкім айта алмады. Бар нұрын жинап алған Күн адамзатты нұрынан айырып, дүниеден алыстап кеткендей.

*

Ауылдың ойлы-қырлы, тас жолымен адам легі бір жаққа жылжып бара жатты. Бәрінің де жүзі күңіреніп, ешкім сөйлеген жоқ. Бір бағытта қозғалып келе жатқан бұл тасқыннан тек аяқтарының тасқа тиген дыбысы ғана естіледі. Бұл ауылдағы жұрттың үні өріске жайылып кеткендей, тілдері тығылып қалғандай, әтеш де, ит үрген де жоқ. Осынау қорқынышты және салқын тыныштықты бұзған аяқ пен тастардың дүбірі адамның жерде жорғалаған өлі денелерді еске түсірді. Дауыс сол дауыс еді.

Бұл адамдар ағынының басы да, соңы да болған жоқ. Қайдан келгені, қайда бара жатқаны белгісіз, өз үнсіздігімен дүрілдеп, бас көтергендей болды. 

*

Түнде өлді. Төрт күн бұрын түнде ұйықтап жатып бұл дүниені үнсіз тастап, белгісіз жаққа қадам басқан. Оның 4 күн бойы бұл дүниеде жоқ екенін ешкім сезбеді. Ал ауылдың адамдарынан сұрасаң, оның атын да айтпас еді. Оның мұнда қалай келгенінен, кім екенінен, не екенінен бейхабар. Ешкім қызықпаған 

Бұл ауылда тұратын адамдардың бәріне немқұрайлы қарағаны сонша, оларды көрген адам адамдардың ешнәрсеге қызықпайтынына таң қалатын. 

*

Төртінші күн болды. Оның өлі денесі төсекке сіңе бастаған. Сағат алға жылжиды, уақыт өтеді, дене жатқан төсектен дыбыстар шыға бастайды. Дыбыс күшейіп барады.

Бұл не? Көрпе көшіп бара жатқан сияқты. Иә, дұрыс, көрпе шынымен қозғалады. Тышқан? Жоқ. Өйткені мұнда кеміргіштер ешқашан өмір сүрмеген. Бұл жерлерде тышқан да, басқа зиянкес те болған жоқ. Сонда бұл не?

Көрпенің астында бірдеңе қозғалып жатыр... әлі  қозғалып жатыр. 

Күте тұрыңыз, шығып келе жатқан сияқты, иә, болды, шықты. 

Жылан 

Бір қызығы, оның ұзындығы көрпенің астында тұрғанда байқалмап еді. Енді міне, марқұмның құшағынан жылан шықты. 

Жылан шеңберленіп келіп, сол шеңберге жинала қалды. Тағы үнсіздік. Бірақ бұл жолы көз алдында жүректі елжірететін үнсіздік ұзаққа бармады. Жылан қозғалды. Айналды, айналды, бұратылды... 

Соңында марқұмның ашық тұрған аузына ақырын ғана басын тығып, көмейіне алтын шынжырдай жорғалап келіп енді де кетті. Мәйітте кішкене қозғалғандай болды, кейін бұл қозғалыс шіріген дене мен жыланның ысқыруы арасындағы үйлесімді композицияны құрайтындай, бірте-бірте соңғы ноталармен ауыстырылды...

Шеті мен шегі жоқ адамдар ағыны басылды. Адамдар жоғалып кетті. Тіпті ол ауыл да жоқ. Сонда бүкіл адамдар әлемі кенеттен қайда кетті? Оларға не болды? Адамдар әлемі қайда? 

*

Адамдардың тұтас әлемі.

Күн бұлттардың астына батып кетті. 

Бірақ жер болмады.

Бөлісу:

Көп оқылғандар