Айнаш Қасым. Іңкәр сезім
Бөлісу:
(Әңгіме)
Қыз алдына басын қойып жатқан жігіттің шашын өзінің жіңішке, салалы саусақтарымен тарап отырды. Қанша уақыт өткені белгісіз, бір кезде саусақтар төмен жылыстап, жігіттің екі бетін аялай сипады. Қыздың қолының ыстық табы жігіттің тамыр-тамырын қуалап, бойын балқытып, жіпсіз байлап, қимылдауға шамасын келтірмей, құрсаулап тастады.
Жігіт бір кезде қапталдан қолын жоғары созып, қыздың қолының үстіне қойды. Екеуі де демдерін іштен алып, бір сәт үнсіз қалды. Үнсіздікті қыз бұзды. Жігіттің бетіне үңіліп, бәсең үнмен: «Бүгін мен алғаш және соңғы рет сөйлесем қарсы болмайсың ба? Сені не үшін жақсы көргенімді айтқым келеді», – деді. Көзін ашпаған жігіттің жүзінен келіскен сыңаймен басын изегенін көрді.
…Сенің келісті келбетің мен шыныққан, шымыр дене бітімің ғана мені тартады десең, қателесесің. Әсіресе ішкі жан-дүниең, сезімталдығың, маған деген риясыз көңілің және ашық жарқын мінезің көбірек баурады. Екеуіміз осылай оңаша қалғанда, сенің құшағыңда деміңді естіп, иісіңді сезіп, сені тыңдағанды жақсы көрдім. Осындай сәттердің маған қымбат болғанын білші. Анда-санда болмашы нәрсеге ашуланып, асау мінез танытқан кезде түсіністік білдіріп, сабырмен мені сабама түсіргенің үшін де саған деген көңілім ала бөтен. Мен кейде бір жағдайға қатысты өзім алдын ала тон пішіп, сол туралы жеке өз ойымды қалыптастырып, қызбалыққа салынып, асығыс түрде біржақты шешім қабылдайтын жаман әдетім бар. Қазір де солай болған. Мен саған ренжіп: «Бәрі бітті, енді сенімен сөйлеспеймін, тіпті көрмеймін...» деп қолымды басыма көтеріп, бұл дүниеден баз кешіп, қаладан далаға безіп кеткім келгенде, қайырылмаймын деп бекем шешім қабылдағанда сен артымнан қуып жетіп, мені тоқтатып, өзіңе қаратып, сендіріп, қайта күлімсіретіп, тіпті күлдіре алғаның үшін де қымбатсың. Мұндай өнер сенің қолыңнан қалай келетінің, оны қайдан үйренгеніңді мен білмеймін. Сол кезде маған деген мейірім мен құрметті, қимастықты сездім. Сен үшін аяулы жан екенімді түйсінгенде саған деген іңкәр сезімім бұрынғыдан бетер арта түсті...
Бірінші рет ортақ досымыз бізді таныстырғанда саған онша мән бермеген едім. Не үшін мән беруім керек екен? Жұмыс барысында жұрттың бәрі көп адаммен кездесіп, сөйлеседі. Қыздар соның бәріне ер адам деп қарамайды. Мен де осы қағидадан тысқары емеспін. Жәй адам, қызметкер, маман, әріптес... Одан басқа ешкім емес. Ал сен... Жасырып, жабудың не қажеті бар? Сен әуел бастан маған басқаша қарадың. Мен болсам, отты жанарыңды елемеуге тырыстым. Көзіңді көзіме қадағанда, шарпитын жалынды байқағанда жалтарып, басымды алып қаштым. Көркіме қатысты айтқан қошемет сөздеріңді қабылдамаған сыңай таныттым. Сенің маған қатысты барлық әрекетіңді бірге жұмыс істеуіміз үшін мені өзіңе жақындатып, сеніміме кіру мақсатында жасалған талпыныс деп ойладым. Сен маған ұнауға тырыстың. Мұның жақпады десем, жалған айтқаным. Тек түптің түбінде бұл қатынастың маған қайыры болмайтынын, опа таппайтынымды о бастан сезгендіктен саған бауыр басып қалудан қорықтым. Бауыр басу – еркіндіктен айырылу... Сені сүйіп қалмайын деп өзімді сан рет қайрадым.
Алғашқы таныстықтан соң: «Ертең бірге түскі ас ішейік. Сағат он екі жарымда келемін», – дедің. Айтқан күні уәделі уақыттан бір минут асты. Сен хабарласпадың. Ішімнен келмесе екен, ұмытып кетсе ғой немесе маңызды шаруалары шығып қалса етті деп тіледім. Жоқ... Келесі минутта телефоныма «Мен жеттім» деген хабарлама келді. Еш құлықсыз жинала бастадым. Орнымнан тұрып, есікке беттедім. Екіұдай күйдегі өзіме «Баруға міндетті емессің. Жүрегің қаламаса, барма. Несіне қиналып тұрсың? Дәл осы жағдайда жауапты болмай-ақ қойшы» десем де, уәде берген соң сүлесоқ күйде межелі жерге келіп, сенің көлігіңе отырдым. Мұның бәрінің себебі сені көргім келмегендіктен емес, болашағы бұлыңғыр байланысты бастағым келмегендіктен. Егер екеуіміз тең болғанда бәрі басқаша болар ма еді, кім білсін. Сені таныстырғанда менен көп жас кішілігің бар екенін айтпасаңдар да есім-сойыңнан түсінгем. Тәуелсіздікке қол жеткізген жылдардан кейін ата-аналар дүниеге келген балаларын ұлттың ұлы тұлғаларының есімдерімен ұлықтай бастаған кезеңнің ұрпағысың деп түйгем. Мен... мен болсам, Кеңес одағында өмір сүргендіктен сенен бұрын көп көйлек тоздырып үлгергем. Екеуіміз орталықтағы бір шығыс дәмханасына бардық. Сен дәл сол жерде «көзің әдемі, сөзің әдеміні» бастап едің...
Тағы бір күні «Күндіз кездесейік» дегеніме қарамастан, түн жарымына дейін көліктің ішінде отырып, мені сарсыла күткеніңді жұмыстың шұғылдығы мен маңыздылығына баладым. Әр нәрсені сылтауратып, жиі кездесетін болдық. Басында кеңседе жүргенде түскі асқа шақырғанда бет бейнеме, сырт келбетіме, киген киіміме аса көңіл аудармайтынмын. Қалай жүрсем, сол күйде келе беретінмін. Жұмыста көбінесе қара түсті киіммен жүретінмін. Айтпақшы, қара реңкті ғашықтық пен махаббаттың түсі санайтын бір халық бар екенін білесің бе? Өз еркіммен емес, заманауи тілмен айтқанда жұмыстағы «дресс код» болғандықтан, басыма орамал тағатынмын. Сыртқа шыққанда орамалды алып тастайтынмын. Бірді айтып, бірге кетті деп ойлама. Бұл жерде айтпағым, бастапқыда мен саған ұнауға әсте тырысқан жоқпын. Сен мені сол қалпымда қабылдадың. Бойымнан да, мінез-құлқымнан да жасандылық байқадың деп ойламаймын. Бірақ, кейін маған әйел заты ретінде қарайтыныңды түсінгенде бойымды тез жинап алдым. Бірде сенімен кездесуге бара жатқанда аулада кездескен көрші келіншек Қарлығаның мені танымай қалғаны есімде. Ауызы ашылып, басымнан аяғыма дейін көз тастап, таңданысын жасыра алмап еді. Шарбақтың арғы жағында сен күтіп тұрдың. Бойымды қуаныш сезімі кернеді. Саған бұрынғыдан бетер ұнайтынымды білдім. Көршімен сөйлескенімді сен байқадың. Амандық-саулықтан соң күлімсіреп, оның не айтқанын сұрадың. Қарлығаның сөзін қайталағанда орысша: «Оның себебі бар» деп тағы жымидың. Шілденің шіліңгір ыстығы әлі қайта қоймаған шақ еді. Үйдің көлеңкесін жағалап, ашық алаңқайға шыққан кезде қарулы қолыңмен аш белімнен қапсыра құшақтап, мені сүйдің. Мен қарсыласқан жоқпын. Әлі қараңғы түсе қоймаған алакеуім шақ, мен тұратын көп қабатты үйдің терезесінен алаңқайдың алақандағыдай көрінетінін білсем де, тіпті, кімнің кім екені анық танылатын болғанына қарамастан мен ешкімнен қымсынбадым. Керісінше, құшағыңа тартыла түстім. Сол кезде сені тұнық суға бас қойған бұланға ұқсаттым. Жануарға теңегенім үшін кешірім сұраймын.
Әлі есімде. Бала кезімде бір жылы ауылда қыс қатты болды. Біздің жақтың қысы ұзақ, әрі қытымыр келетінін білесің бе? Қалың қар жауып, жаз бойы жинаған шөп пен сабан қардың астында қалып, даладағы жабайы жануарларды айтпағанда қолдағы малдың өзін асырау қиындап кетіп еді. Бір күні таңертең әке-шешемнің күбірлеп сөйлескен дауыстарынан оянып кеттім. Сөйтсем, ауылдың шетіндегі біздің үйдің қорасын бір бұлан келіп паналапты. Бұлан деген аңның қандай болатынын суреттен, теледидардан байқағаным болмаса, тірідей бетпе-бет келіп, көрмеген едім. Көзім шырадай ашылды. Орнымнан атып тұрып, әкемнің шаужайына жабысып, сыртқа шықтым. Бұланым маңғаз күйде әкем берген шөпті күйсеп тұр екен. Аш демесең, күйі түк түспеген. Әлде ірі жануар болғандықтан кішкентай маған солай көрінді ме екен? Айналасына пысқырып қарамайды да. Шыжбалақтап, жаңбыр жаумай су болып, әкемнің алды-артына шығып, құйрығын бұлғаңдатып, арасында арпылдап үріп жүрген иттің бар-жоғын тіпті елемейді. Ауылдың айналасындағы өзенді қар басып, үстіне мұз қатып қалғандықтан бейшара жануар тұяғымен қанша тарпығанымен, оны жармақ түгілі, жалай тұратындай, бетін де арши алмағаны белгілі. Аштық пен шөл жануарды ауылға жеткізген. Әкем бұлан шөпке тойды-ау деген кезде астауға су құйды. Сонда көрдім. Суға бас қойған жануардың шөлі оңайлықпен қанбап еді. Сондықтан сені бұланға ұқсаттым...
Сол тұрғанымызда қанша уақыт өткенін білмеймін, бір кезде көзімді ашқанда қас қарайып, күннің ұясына батып кеткенін байқадым. Қол ұстасқан күйде алаңқайды кесіп өтіп, жер үйлер жақтағы дәмхананы бетке алдық. Үйлердің терезелерінен жанған шамдар көрінді. Бір үйдің қасындағы сығырайған жарықта көзіміз түйісті. Енді сенен көзімді алып қашудың мәні жоқ еді. Өзіңе қаратқаныңды, саған бойсұнғанымды мен түсіндім. Біздің биік үйдің терезесінен күнде көрінетін алаңқай мен жер үйлер жаққа бір күні келем-ау деген ой басыма кіріп те шықпаған. Бұл жақ мен үшін басқа бір әлемдей көрінетін. Өзімді ауылда келе жатқандай сезіндім. Қаладан ауылға жету үшін жол таяқ тастам екен ғой, ауылды сағынғанда енді осы жерден өтіп жүремін деп ойладым. Аяғымыздың астындағы жолға асфальт төселмегендіктен, бұрқылдап, шаңы шығып жатқандай сезілді. Аяғымды еппен басып келе жаттым. Сен де, мен де, екеуіміз де сөйлемей, арамызда үнсіздік орнады. Тек алақаныңның жылуын сездім.
Дәмханада бір-бірімізге қарама қарсы отырдық. Бұл жер де ала көлеңке екен. Сен көңілді көріндің. Сені қазіргіден әлдеқайда жақсырақ танығым келді. Әшкере, жасырын түрде, көзімнің қиығымен де жүзіңді барлап отырдым. Әрбір әрекетің мен әрбір ишаратың назарымнан тыс қалған жоқ. Үйге барған соң сараптауым үшін үлкейткіш мөлдір әйнектің астына қойып, қарап отырғандай жіті бақыладым. Түріңді дидарлы, келбетті, бой-сойың келіскен, сымбатты жігіт деп бағаладым. Алайда өзіңе айтпадым. Неге дейсің бе? Бірде: «Менің жұмысым қалай? Сіздің көңіліңізден шыға ма?» деп сұрағанымда: «Әрине! Жұмысыңызда мін жоқ. Бірақ көзіңізге мақтамаймын. Дандайсып кетуіңіз мүмкін» деп бетің бар, жүзің бар демей, айта салғанда өңімнің қуқыл тартып: «Мәссаған! Дандайситын мен бе екен? Мені әлі жақсы танымапты. Ұнағанды айтқанда тұрған не бар? Одан бетер жақсартуға ынталана түспеймін бе?!» деп айран-асыр болып, іштей ренжігенім әлі есімде. Бұл жолы мен де сен «Түрім ұнайды екен» деп өзінше болып кетпесін деп саған әдейі айтпадым.
Тапсырыс берген тағамдарды әкелгенде даяшыдан байсалды жүзбен: «Тауық халал ма?» – деп сұрадың. Мен таңданысымды жасыра алмай, мұның не дегенді көзіммен жеткізіп, сенің жүзіңе тесілдім. Сары шашты даяшы қыздың да тосын сауалға жөпелдемеде беретін жауабы болмай, аңтарылды. Алайда ол екеуіміздің бір-бірімізбен көзбен алмасқан жымиысымызды байқаған соң әзіл екенін түсініп, жұмысын жалғастырып, дастархандағы тағамдар мен сусынды алдымызға реттеп қойды. Ол кеткен соң қасыңа отыруымды өтіндің. Мен орнымнан тұрып, саған келдім. Сен мені жаныңа жайғастырып, қолымды алдың. Мен тартынып: «Бұл халал дәмхана ғой. Қол ұстаспақ түгілі, жақын отыруға болмайтын шығар», – дедім. Сен менің сөзіме рахаттана күлдің. Олай дейтінім, күлген кезде отыз екі тісің, тіпті көмейіңе дейін көрінді. Ауызың ашса, көмейі көрінеді деген осы шығар дедім. Мұны да саған айтпай, ішімде іркіп қалдым. Соңсоң сен: «Неге болмайды екен? Болғанда қандай!» – дедің.
Сол кеште мені үйіме шығарып салып тұрып, қоштасарда мен сенен бұрын естімеген жат үнмен: «Бірақ, бір нәрсені есіңде сақта. Қызметім мен жеке өмірді таңдау керек болса, мен біріншіні таңдаймын», – дедің. Әншейіндегі жағымды қоңыр дауысың бұл жолы тарғылданып шықты. Осы сөзді сен айтқанға сенгім келмеді. Не дерімді білмедім. Өңімнің қуарып кеткенін көрмесем де білдім. Бағанадан, жоқ, кездесе бастаған күннен бергі сенімен бастан кешкен, сен сыйлаған бақыт сезімі әп-сәтте жойылып кетті. Тіпті, ешқашан сезінбегендеймін. Бойым қоңылтақсып, көкірегімде ішінен жаңғырық шығатын бір қуыс пайда болғандай күйге түстім. Онсыз да қараңғы түн қапасқа, шексіз зұлұматқа айналып бара жатты. «Зұлұмат» дегеннің түпсіз қара түнек екенін парсы жұртында жүргенде, түнде Каспийдің жағасында тұрғанда көргем. Әріптес құрбым екеуіміз жазғы бір демалыста жолдамамен Иранның солтүстігіндегі Каспий теңізінің жағалауына барған едік. «Теңіз түнде қандай күйде болады, көрейікші» деп мен қиылған соң құрбым менің көңілімді жықпай, жағалауға келгенбіз. Сонда көрдім, апырмай, күндіз суы жып-жылы, майда толқындары баяу тербеліп жататын теңіз түнде мүлдем өзгеріп кетеді екен. Жартастай болмаса да, қой тастай толқындары буырқанып, бір-бірін өкшелеп қуып, бірін-бірі жалғасты түрде ұрғанда судың қатты дыбысы мен шегі көрінбейтін теңіздің өзі қараңғылықта көрген жанның көңіліне қорқыныш ұялатып, жүрегінде үрей тудырып, маңында аялдатпай, тезірек кетіргісі келетіндей күй кештім. Сол кезде қасымдағы парсы қыз: «Зұлұмат... зұлұмат...» деп күбірлеп тұрды. Сәл кідірсек, теңіз өзіне жұтып қоятындай, алды-артымызға қарамастан зытқанымыз есімде.
Сенің сөзіңнен кейін басқан қадамым жерге тимей, өзімді бос кеңістікте, әуеде ілініп, қаңғалақтап қалғандай сезіндім. Екеуіміз танысып, кездесе бастаған әуелден-ақ сені сүйіп қалудан, бауыр басудан қорыққам. Неден қорықсаң, сол келеді демей ме? Сені жанымнан артық жақсы көргенде, сені көрмесем, сағынатын хәлге жеткенде естиін дегенім осы ма еді? Қорқынышым осыған көрінген екен ғой. Тіпті, мұндай таңдаудың не қажеті бар? Дұрысында, қызмет пен жеке өмірдің арасында неліктен таңдау жасауың керек? Әрқайсының өз орны бар емес пе? Әлде, басқа себеп, бәлкім, басқа біреу болғандықтан жақауратып айтқан түрің бе?
Үйге жеткен соң жағымсыз ойдан арылу үшін суық судан пана іздедім. Тек салқын су ғана мына хәлден шығаратын жалғыз шарадай көрінді. Жанымның дауасын судың қатты сарылы мен салқындығынан алмақ болып, судың қысымын күшейту үшін шүмекті барынша басып, ұзақ тұрдым...
Бөлісу: