Амангелді Кеңшілікұлы. Бельгер мен Мұхтар
Бөлісу:
Талантты тұлғаларды тағдыр жолықтырғанымен, бір-бірін мойындап, құрмет көрсетіп, өмірде сыйласып өтуі – сирек кездесетін оқиға. Жұртқа ұқсамай жаратылған қыры қыруар, сыры қиын дарындардың танымдары ғана емес, замандастарымен қарым-қатынасының да күрделі болып келетіні бар. Әдебиетіміздегі атынан ат үркетін қаламгерлердің баспасөз бетінде айтысып, қырық пышақ болып қырылысып қалған дау-дамайларын көргенімізде, дәл осындай құбылысты қазақ қоғамына тән сипат ретінде қабылдайтынымыз жасырын емес. Шындығында танымал таланттардың сөздерінен от шығып, шарпысып қалуы әлемдегі барлық елдердің әдеби өмірінде бола беретін қалыпты құбылыс. Орыс прозасының титандары Толстой мен Тургеневтің пікір қайшылығының ақыры дуэльге айналып кете жаздағаны мәлім. Сөз өнерінің дерті табыстырып, шығармашылықтың тауқыметін бірге тартып, дәм-тұздары жарасқан Нобель сыйлығының лауреаттары, әлемге әйгілі жазушылар Марио Варгос Льоса мен Габриэль Гарсиа Маркестердің кенеттен араздасуының өшпенділікке ұласып, өмірінің соңына дейін татуласа алмағанын есіңізге түсіріп көріңізші. Бізден бір артық жері, өркениетті елдің оқырмандары өнерлі перзенттерінің творчествосын пендешілік осалдығына емес, шығармашылық шеберлігіне қарап бағалайды. Дегенмен, қамшының сабындай ғана қысқа өмірде ел құрметіне бөленген танымал тұлғалардың сыйласып өткеніне не жетсін.
Таяуда, Герағаңның 2015 жылы жарық көрген күнделігін, «Герольд Бельгер кім?» деп аталатын естеліктер жинағын және осы кітаптың алғысөзі ретінде ұсынылған Мұхтар Құл-Мұхаммедтің ұлты неміс, рухы қазақ қаламгеріне жазған хатымен танысып шығып, өмірде бірін-бірі құрметтеп, сыйластықтарына селкеу түсірмеген екі зиялының пікір алмасу мәдениетінен әдеби қауымға өнеге боларлық, тағылымы мол ғибрат алдым. Өнердің сан қырлы табиғатына үңіліп, ақиқаттың аппақ нұрына шомылған шындықтарды іздеп, бірінің айтқанын екіншісі толықтыра түскен пікір таласынан тақырыпты талдаудың не бір үздік үлгілерін кездестіресің. Салиқалы сұхбаттасуға мән берген оқырман, көптеген деректерді жолықтырып, танымын тереңдетіп, білімге байып шығады.
Әңгімемнің әлқиссасын, Герағаңның күнделігін шолып шыққандағы алған әсерімнен бастайын. 1961 жылдың 21 қыркүйегінде жиырма жастан енді ғана асқан шағында жүргізуді қолға алған күнделігін қаламгер өмірінің соңына дейін үзбей жазып отырыпты. Дәл Бельгердей елу жылдан астам уақыт бойы оқығандары мен көңіліне тоқығандарының бәрін де ыждаһаттылықпен қағаз бетіне түсіріп кеткен қазақ қаламгерін сіз айтпасаңыз, мен тағы да білмеймін. Көлемі мың бетке жуық жазбамен танысып шыққанымда уақыт пердесі жауып тастаған кешегі күннің көрінісі көз алдыңа елестеп, көпшіліктің назарынан тыс қалған талай шындықты ой елегінен өткізіп, басқаша бағалайсың.
Бұл жазбалар жазушы өміріне тереңірек үңіліп, түрлі ситуациядағы жазушының ой ағысын зерделеуге ғана емес, ол өмір сүрген дүбірлі дәуреннің көрінісін қайта тірілтіп, көз алдымызға елестетуге мүмкіндік берді. Азаматтық ұстанымына адал болып қалып, ардың жібінен аттап кетпеген, жалғандыққа жаны қас Герағаңдай қаламгердің танымал тұлғаларымыз жайындағы толғамдарын әдеби өміріміздің шежіресі ғана емес, оларға берілген әділетті баға ретінде қабылдасақ та қателеспейтін шығармыз. Әсіресе, сырт көзге аса байқалмайтын, әдеби орта ғана білетін құпияларды зерттеген сыншыға талғажау ететін тақырып бұл күнделікте көп. Өте көп.
Кейінгі ұрпаққа өнеге болсын деген ниетпен біз осы күнделіктегі көл-көсір дүниелердің ішінен өз тақырыбымызды ғана еншілеп алып, Герағаң мен Мұхаңның арасындағы риясыз достық қарым-қатынастың себебін зерттеп, сырына үңіліп көрмекшіміз.
Ел жақсы танитын зияткерлерді табыстырып, бір-біріне жақындатқан нендей сыйқыр, қандай құдірет? Әрине, ең алдымен – өнерге деген құштарлық, әлбетте, содан соң – әдебиет қамы. Екеуінің де оқымаған кітабы жоқ. «Әдебиет –ардың ісі» екенін жақсы білетін азаматтарды толғандырып жүрген ұстара сауалдар да аз емес. Күнделікке көз қырымызды сала отырып, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында тағдыр жолықтырған екі тұлғаның бір-біріне деген құрметін өмір бойы жоғалтпаған сыйластығына куә болып, еріксіз көңіліміз жібіп сала берді.
1996 жылдың 18 сәуірінде Мұхаңмен кездескендегі алған әсерін Герағаң күнделігіне былайша түртіп қойыпты: «Атамұрада» бір сағаттай Мұхтар Құл- Мұхаммедпен әңгімелестім. Қағылез, келбетті, өз ісіне берілген және оны жақсы білетін жан. Жасы қырыққа да толмаған. Еңбекқор. Ұйымшыл. Көреген. Табанды. Міне, қазақтардың жаңа ұрпағы дегеніміз осылар. Оларды көргенде шын қуанасың. Тоғышарлықтан ада, санасында сәулесі бар азамат...
Білімді алашшыл Жақып Ақбаев туралы кітабын сыйлады, өкінішке қарай, мен ол жайында ештеңе білмейді екенмін. Маған Мұхтар қолжазба қорын да көрсетті, Бартольд, Потанин, Чулков және басқа да ориенталистер еңбектерінің көшірмесін. Және – ғасыр басындағы біртуар қазақтар туралы көшіріліп алынған қалың дәптерлерді. Мұхтардың бойында энциклопедиялық қабілет бар». (Герольд Бельгер. «Тень дней минувших» («Өткен күннің елесі») 266-шы бет).
Айтқанынан қайтпайтын мінезі бірбеткей, бетіңе-жүзіңе қарамай шындықты тіліп айтатын Герағаңдай қаламгердің көңілінен шығу әлбетте қиын. «Шалқайғанға шалқайып, еңкейгенге ғана еңкейетін» ол шенділерді жақтыра қоймайтын. Биліктегілермен самарқау ғана сөйлесетін жазушы шенеуніктердің алдында өзін асқақ ұстайтын. Әйтсе де адам бойындағы парасаттылықты, жүрегінің түбіне кір жасырмаған тазалықты, өнерге берілген адалдықты жоғары бағалаған жазушы сол асыл қасиеттерді замандасының бойынан байқап, жақын тартып, сыралғы досындай оны жақсы көріп кетті.
«Кеше қайтадан «Абай» энциклопедиясын оқып шықтым. Шындығында да З.Ахметов, Р.Сыздықова, Рсалдин мен Мұхтар Құл-Мұхаммедтің Абай сыйлығына лайық екендеріне анық көзім жетті: Біріншісі 70 астам іргелі еңбек жазды, қалғандарының да 30-40-тан астам еңбектері бар, Құл-Мұхаммедтің мақалалары азырақ болғанымен, есесіне редактор. Сондықтан да бұл еңбектердің бәрі де «шаппай бер» жүлдеге лайық дүниелер». (Герольд Бельгер «Өткен күндер елесі», (Тень дней минувших) 275-ші бет)
Жұртқа жария ете қоймайтын, жан әлемінің түкпіріндегі сүрленген еттей сақталған құпияларын жалғыз қалғанда ақтарған жазбалардан Герағаңның замандас інісінен гөрі, рухани сырласына айналып кеткен азаматқа деген құрметінің басқаларға қарағанда алабөтен болғанын аңғарасың. Беттері сарғая бастаған күнделіктегі ол жөнінде айтылған әр сөйлемнен ризашылық сезімнің лебі есіп тұр.
«...Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «Казправдаға» шыққан көлемді мақаласын оқи бастадым. Өте күшті, тынысы кең, ауқымды мақала. Қазақстандық әдебиетке дәл сипаттама берген. Жапон әдебиеті жайындағы ойлары мен үшін жаңалық болды. Мен бұрын-соңды да Мұхтардың бойында өте мол білім бар екенін білетінмін. Мына мақаласы құрмет пен таңданыс туғызады. Жарайсың! Данышпан! Терең зерттеуші. Мақаланың тақырыбы да дәл тауып қойылған: «Әлемді сөз билейді». Шалдардың біреуі менімен алған әсерімен бөлісті, бірақ білемін: біздің жазушылардың көбісі оны оқыған жоқ, бірен-сараны болмаса, тіпті оның мақаласында не жайында әңгіме қозғалып жатқанын да білмейді» (Герольд Бельгер, «Тень дней минувших» («Өткен күннің елесі»), 461-ші бет).
Мұхаң да дініне берілген тақуадай өнерге бар жан-тәнімен қызмет етіп келе жатқан жанкештілігі үшін Герағаңды туған ағасындай жақсы көріп, сый-құрмет танытты. Еліміздегі жылт ете қалған жақсылыққа қазақтан бетер қуанып, оның келешегін ойлап қазақтан бетер қамығатын ұлты неміс қаламгерінің халыққа жан-тәнімен қызмет етіп жүрген адалдағына тәнті болды. Еңбекқорлығын жоғары бағалады. Дүние салғанына бірнеше жылдың жүзі болып қалса да маржандай жазуымен қолтаңбасын қалдырып, сыйға тартқан Герағаңның кітаптарын ол әлі күнге дейін ең асыл мүлкіндей қастерлеп ұстайды. Араларынан қыл өтпеген достығын мақтаныш тұтады. Жарқын бейнесін есіне алғанда кітаптарын жазып берген қолтаңбасына қарап, маржандай жазуын сүйсіне қызықтап, Герағаңның асыл бейнесін сағынып, кісілік келбетін көз алдына елестетеді.
2001 жылы «Елорда» баспасынан шыққан «Казахское слово» кітабына «Қадірлі Мұқа! Мына кітапшаның жарық көруіне септігіңіз тиіп еді. Алғыс айтамын. Шынайы көңілден. Герольд Б» деген қолтаңбасын қалдырыпты. Інісіне деген ыстық ықыласын екі ауыз сөйлеммен ғана білдірген. Бірақ осы шағын ғана ілтипатта ең жақсы көретін адамыңа ғана білдіре алатын жылылық лебі жүрегіңді елжіретеді. Есіліп сөйлеп, көсіліп көлгірсудің ізі де жоқ. «Сенен артық менің досым жоқ» деген сыңайдағы құрметін екі-ақ сөзге сыйғызып жіберген. Енді міне уақыт өте келе Герағаңның кітап бетіне қонақтаған жазуларының қалайша тарихқа айналып, Мұхтар Құл-Мұхаммедтің азаматтығына берілген баға болып шыға келгенін өзге түгіл, өзіміз де аңғармай да қалғандаймыз. Күнделікті оқи отырып, қырсық шалдың биліктегілердің бәріне бірдей жаға бермейтін көзқарасы мен мінезі болғанына қарамастан зор құрмет көрсетіп, көмегін аямаған Мұхаңның ірілігіне сүйсініп, жазған дүниелерінің тартпасында жатып қалмауына себептесіп, дер кезінде шығарып беріп отырған елгезектігіне шын көңілден қуанасың.
«Астанадан Мұхтар Құл-Мұхаммед телефон шалып, жаңа ғана «Труд-Казахстан» газетінде шыққан сұхбатымды оқып шыққанын жеткізді, және менің соңғы айтқан сөзіме байланысты («Әлі күнге дейін менің қазақ тілінде шыққан бірде-бір кітабым жоқ» деген) былай деді: «Тез арада маған қолжазбаңызды жеткізіңіз. Екі аптаның ішінде шығарып беремін». Мен қуанғаннан тіпті абдырап қалдым. «Қолжазбаны компьютерге теріп шығу керек қой», десем, «Саспаңыз, теріп те, шығарып та береміз, қаламақыңызды да төлейміз», деп жауап берді. Міне, жолы болды деген осы!
Менің қолжазбам дайын. 21 -22 баспа табақтай болып қалады». (Герольд Бельгер, «Тень дней минувших» («Өткен күннің елесі»), 454-ші бет).
Бәрінен бұрын жоғары қызметте жүргенімен «ұлық болса да кішік болуды» ұмытпай Герағаңа көрсеткен қамқорлығын міндетсінбей, қайта оны өзінің азаматтық парызы санаған лауазымды шенеуніктің «Бізге беретін тағы қандай тапсырмаңыз бар?» деп жазушының мерейін өсіріп тастап отырған кішіпейілдігін айтсаңызшы. Министр басымен иіліп, құрақ ұшып қызмет еткен азаматты осыдан кейін Герағаң қалай жақсы көрмесін...
«Астанадан Мұхтар Құл-Мұхаммед хабарласып, «Страна и мир» газетіндегі менің сұхбатымды мақтады, латынға көшу, тіл мәселесі туралы әңгіме қозғады, өз балаларының өмірлерінен мысалдар келтіріп, менің материалым шыққан газетті Президенттің үстеліне қойғанын айтты. «Сіздің тарапыңыздан тағы қандай тапсырмалар болады? Оны орындай алатын мүмкіндігім бар кезде айтып қалыңыз» деп ілтифат танытты. Мен әзірге беретін оған ешқандай тапсырмам жоқ екенін айттым...» (Герольд Бельгер «Өткен күннің елесі» (Тень дней минувших), 447-ші бет)
Әрине, өмір болғандықтан екі зияткердің түрлі мәселелерге байланысты пікірлерінде келіспеушіліктер де, қарама-қайшылықтар да болып тұрды. Бірақ қоғамда болып жатқан түрлі жағдайлардан туындайтын пікір алуандығы екеуінің арасындағы сыйластыққа сызат түсіре алмады. Әлбетте зиялы қауымның билік тарапынан жасалатын кез-келген іс-әрекетке күдіктеніп, күмәнмен қарайтыны – үйреншікті құбылыс. Бұл бір жағынан дұрыс та. Өйткені, қоғамдық пікірдің әр-алуан болуынан талай мәселе қайта пысықталып, ой талқысынан өткізіліп, сан мәрте сараланып, үстірттік пен шалағайлыққа жол бермеуге септігін тигізеді. Дегенмен, билік тарапынан айтылған ұсыныстардың бәріне күмәнмен қарау барлық уақытта оң нәтиже бермейді. Әлбетте, сөзі де, ісі де зор құрметке лайық қабырғалы қаламгеріміздің көп дүниеге сенімсіздікпен қараған пікірлерінің жанашырлық ниеттен туғаны еш күмән туғызбайды. Бірақ, Герағаңдай танымы терең жазушыларымыздың күдігіне қарамастан, әдебиетіміздің мәртебесін көтеріп, оқырман талғамын өсіру үшін тәуелсіздіктің елең-алаңында жасалған талай жұмыстардың дұрыс болғанын өмірдің өзі дәлелдеп берді. Мысалы, Герағаң министрлік тарапынан 100 том орыс прозасын, 100 том шетел прозасын, 100 том Нобель сыйлығы лауреаттарының шығармаларын, 100 том қоғамдық-философиялық ойлар жинағын аудару ұсынылғанда бұл істің жүзеге асатынына күмәндана қарағандардың бірі болды. «Күлкілі. Кім аударады? Және кім оны оқиды?» - деп жазды ол күнделігіне.
Шындыққа көзімді жеткізу мақсатымен таяуда мен осы сериямен жарық көрген біраз кітаптарды бас алмай оқып шықтым. Қазақ оқырманының қолына тиген еңбектердің бәрі шетінен керемет аударылған деуден аулақпыз. Дегенмен, біткен іске көп сыншы табылып жатқанына қарамастан, сол жылдары ана тілімізге тәржімаланған әлемге танымал тұлғалардың еңбектері қазақ оқырманының талғамын өсіріп, танымын тереңдете түсуге зор септігін тигізгені шүбәсіз шындық.
Мұхтар Құл-Мұхаммед қазақ прозасының негізін салған ұлы жазушымыз Әуезов жайында «ЖЗЛ» сериясымен әлем оқырмандары қызыға оқитын кітап жаздырту ісін қолға алуды ұйғарғанда да Герағаң бұл істің де өз дәрежесінде жүзеге аса алатынына қатты күдіктенді.
«...Кеше - Мұрат Әуезов, бір сағат бұрын Астанадан – Мұхтар Құл-Мұхаммед телефон шалды. Ақылға сыймайтын идея: «ЖЗЛ» сериясы үшін Әуезов жайында кітап жазып беруімді сұрап отыр. Апыр-ай! Білгірлер, ақылдылар толып жатыр, жазылған диссертациялар мен романдар қаншама (Дүкенбай, Тұрсын, Зейнолла), алайда, ЖЗЛ» ға ұсынатын лайықты дүниеміз жоқ. Әуезовтанушылардың қарасы қайда? Мен әрине бас тарттым, күш те, денсаулық та, уақыт та, ең бастысы – Әуезов жайында жазуға қабілетім де, білімім мен моральдық құқым да жоқ? Әрі кетсе менің бар жаза алатыным триптих-эссе, ал, Әуезов туралы биографиялық роман жазу қолымнан келмейді, Құдай маған ондай талант берген жоқ. Ойымдағының бәрін Мұрат пен Мұхтарға айтып бердім. Екеуі де тыңдап шығып, ауыр күрсінді. Расында да бізде Әуезов жайында лайықты дүние жаза алатын адам жоқ. Өкінішті және ұятты жағдай.
Абай жайында жазып беруге Мұхтар Құл-Мұхаммед Әбішке қолқа салғысы келіп отыр. («Әбіштің кең шапанының етегінен ұстап қалғым келеді»). Шоқай туралы Садықова жазады. Бәлкім, Абай, Кенесары... туралы жазатындар да табылып қалар. Ал, Әуезов жайында. Құл-Мұхаммед Мұратқа сенген екен. Мұхтар – маған сеніпті.». (Герольд Бельгер «Өткен күннің елесі» (Тень дней минувших), 405 - ші бет)
Әлем демей-ақ қояйық, Одақ көлеміндегі қалың ормандай орыс тілді оқырманның қазақтың ұлы қаламгері Әуезовті тануға деген ықыласын оятатын еңбекті жазатын, көпшілікке танымал әдебиеттанушыны табу расында да қиын шәруа еді. Бірақ ойына алған ісін соңына жеткізбейінше ішкен асы бойына сіңбейтін Мұхтардың табандылығының арқасында бірнеше жылдан соң саны жағынан қазақтардан он есе көп орыс оқырманына мақтанышпен көрсетуге болатын ұлы Әуезовтің өмірі мен шығармашылығын жан-жақты талдаған Ресейдің әйгілі әдебиет зерттеушісі Николай Анастасьевтің «ЖЗЛ» сериясымен «Мұхтар Ауэзов» атты ғажайып еңбегі жарық көрді. Мыңдаған орыс оқырмандары ұлты үшін ұлы азап шеккен Әуезовті қайта танығандай болды. Бір қызығы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «ЖЗЛ» сериясымен шыққан жаңа кітап жайында толғанған әдемі эссесін газет бетінен оқып шыққанда, ондай еңбекті жаза алатын адамның табыла қоятынына күмәнмен қараған Герағаң таңданысын жасыра алмай, көңіл кесесіне сыймаған сезімін күнделік бетіне былай ақтарыпты: «Қолыма қарандашымды алып Николай Анастасьевтің «Мухтар Ауэзов: трагедия триумфатора» кітабы туралы жазған Мұхтар Құл-Мұхаммедтің мақаласын оқи бастадым. Өте салмақты, терең мақала! Мұхтар Құл-Мұхаммед білімі телегей теңіздей зияткер». (Герольд Бельгер «Өткен күннің елесі» (Тень дней минувших), 516 -ші бет).
Күнделікті оқи отырып, екі зиялының достық қарым-қатынасының сырына үңіліп қана қоймай, білімділігіне, парасаттылығына көңілің марқайып, олардың жан дүниесінің байлығына қызыға түсесің. Жазушы Герольд Бельгер баспадан шыққан кітаптарын етжақын бауырындай, рухани інісіндей болып кеткен азаматқа үзбей жолдап отырды. Білімі жан-жақты зияткердің талай түндер бойы көз шырымын алмай жазған еңбектері жайлы пікірін білгісі келді. Екі жылдың ішінде ғана маржандай жазуымен қолтаңбасын қалдырған бес бірдей кітабын («Қазақ дәптері», «Өтеді өмір осылай», «Mein freund Шот-Аман», «Записки старого толмача», «Миниатюры») оған сыйға тартуы Мұхаңның бір ауыз пікіріне Герағаңның қаншалықты зор мән бергенін әйгілей түскендей. Осының бәрін де іштей сезіп жүрген Мұхаң оқыған еңбектерінен түйген ойларын бір ізге түсіріп, Герағаңа хат жазды. (Жалғасы бар)
Бельгерге хат...
Бельгер үшін тосын сыйдай болған үшбу хат қабырғалы қаламгердің 80 жылдық мерейтойы қарсаңында жарық көрген «Герольд Бельгер кім?» деп аталатын кітаптың алғысөзі болып шықты. Телефонмен сөйлескенде айтылатын көп әңгімеден гөрі тасқа басылған бір сөзді артық бағалайтын Герағаңның көңілі үшін сырласып, мәжіліс құрудың осындай пішінін мақұл көрген хат иесі қазақ тілі, терминологиясы, латиница тақырыбын тілге тиек ете келіп бүгінгі әдебиеттің ахуалы туралы кеңінен көсіліп, ой толғайды.
Хат жазушының әдебиеттанудан мол хабары бар сұңғылалығына ғана емес, тіл саласындағы қордаланып қалған мәселелердің түйінін тарқатып берген біліміне тәнті болып, талай дүниенің сырына қанықтым. Мәселенің бергі жағын ғана емес, тереңінде жасырынған шындығына үңіле отырып тақырыпты талдаған хатпен танысып шыққанымда, көкірегіме жабысқан көкжөтелдей болып жүрген көп сауалдың жауабын тауып, мойнымнан ауыр жүк түскендей жеңілдеп қалдым.
Әңгімесінің әлқиссасын ССРО Ғылым Академиясының Тіл білімі институты 1969 жылы VII-XII ғасырдағы көне түркі жазба ескерткіштері негізінде 20 000-ға жуық сөзден тұратын, небәрі бір ғана томдық «Древнетюркский словарьды» басып шығарғанынан бастаған хат авторы содан бергі уақытта қалың бұқараның көзайымына айналған бірталай сөздіктердің тарихына тоқталып, олардың ерекшіліктері мен кемшіліктерін талдап, соқырға таяқ ұстатқандай етіп оны түсіндіріп береді. Қазақ тілінің келешегі үшін тағдырлы мәселе болып табылатын латинициаға көшудің мән-маңызын салмақтап, мәселенің өзектілігіне жан-жақты сараптама жасайды. Тіпті, Герағаңның жазбаларында жиі тілге тиек етілетін Машанов сөздігі жайлы әңгіме арасында жол-жөнекей айтқан пікірінің өзін құрғақ сөзбен баяндай салмай, нақты деректерге арқа сүйей отырып дәлелдеген білімділігі таңданысыңды туғызбай қоймайды.
«Менің тарих ғылымынан қорғаған кандидаттық диссертациям революцияға дейінгі орыс энциклопедияларындағы қазақ тарихына арналған. Сондықтан төңкеріске дейін жарық көрген қазақтарға қатысты еңбектер мен олардың авторлары жайлы бірсыдырғы білемін.
Революцияға дейін екі үлкен орыс-қазақ сөздігі шыққан. Мұның алғашқысы Ешмұхаммед Букиннің 1883 жылы Ташкентте жарық көрген «Русско-киргизский и киргизско-русский словарь» атты екі бөлімнен тұратын сөздігі. Ол мұны Түркістан оқытушылар семинариясында оқып жүрген кезде ұстазы Н.А.Воскресенскийдің жетекшілігімен жазған. Мөлшері 5-6 мыңдай сөз қамтылған.
Екінші үлкен сөздік – Сіз жиі жүгінетін Машанов сөздігі.
Өзіңіз жақсы білетіндей, ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ жерін отарлау ерекше қарқынмен жүргізілді. (Бұл туралы мен өзімнің «Колониальный режим в Казахстане» атты шағын кітапшамда жазғандықтан қайталауды жөн көрмедім). Соның үлкен бір бағыты қазақтардың тарихы, тілі, әдебиеті, әдет-ғұрпы, салт-санасын зерттеуге арналды. Оның басты мақсаты қазақтарға орыс тілін, мәдениетін үйретіп, біртіндеп шоқындыру болатын. Кезінде бұл тәжірибе татарлар арасында жақсы нәтиже беріп, олардың үлкен бір бөлігі православиеге өтіп те үлгерді. Бір қызығы, шоқынған басқа ұлт өкілдері орысқа қарағанда жаңа дінін қызғыштай қоритын болып шықты.
Түрік халықтарының арасында миссионерлік қызмет істеуге арналған маман даярлаудағы ең үлкен орталық Қазандағы духовная семинария болды. Машанов дәл осы семинарияда оқыған. Толық аты-жөні – Михаил Александрович Машанов (фамилиясына қарағанда түбі түркі халықтарының бірінен шыққаны көрініп-ақ тұр).
Ол біздің Қызылжарда священниктің отбасында туып, білімді Қазанда алған. Әйгілі Остроумов, Ильминскийдің шәкірті болады. Ильминский деп біздің дәсерсітіп жүргеніміз Қазандағы шоқынған татарларға арналған орталық мектептің директоры қызметін атқарған ортақол шенеунік.
Машанов татар, араб тілдерін еркін білген және Қызылжарда балалық шағын өткізгенде аздап қазақшаны да меңгеруі мүмкін. Семинария жанынан шоқындыруға жататын түркі халықтарының сөздігін жасайтын «Переводческая комиссия православного общества» дейтін комиссия құрылғанда, соның төрағасы болған. Сіз індете іздеп жүрген сөздік 1899 жылы Орынборда басылады. Бұл сөздік Пушкин кітапханасының сирек кездесетін қолжазбалар қорында бар.
М.А.Машановтың қазақтануға арналған басқа еңбегі жоқ. Зерттеулерінің басым бөлігі діни, миссионерлік тақырыпқа арналған. Сондықтан сөздікті семинарияда оқитын қазақ, татар студенттерінің қатысуымен оқытушылар тобы жасауы мүмкін деп болжамдауға болады. Машановтың аты-жөні комиссия төрағасы болғаннан кейін және сөздікті басуға рұқсатты сол комиссия бергендіктен ғана қойылуы мүмкін.
Сіздің не нәрсенің де анық-қанығын біліп жазуға құмарлығыңызды ескеріп, сөздік пен оның авторы туралы өзім білетін деректі толығырақ келтірдім».
Хат жазушының жоғары мәдениеті әр сөзінен тайға таңба басқандай көрініп тұр. Ол Герағаңның кітабында келтірілген әр дерекке мән бере отырып, білімін шашыратып алмай, бір арнаға тоғыстырып, тақырыптан ауытқып кетпей, әңгіменің түйінін әдемі тарқатады. Қабырғалы қаламгердің арнайы тақырыпқа жазған еңбектерін ғана емес, күнделіктерінің де сөз өнеріміздегі алатын орнының ерекше екенін атап өтеді.
Қызықты деректерге толы қаламгер күнделігін құмарта оқып шыққан Мұхаңның бұл құнды дүниені анасының құрметті қонақтарға арнап асатын сүр етке теңеуі дәл табылған салыстырудай болып көрінеді, маған.
«Сіздің құрметті қонағыңыз - бүгін, ертең, келесі жылы мерейтойы өтетін ағаларыңыз, сояр бағланыңыз – мерейтойлық мақала, ал сүріңіз – жылдар бойы күнделікте сақтаған жан сырыңыз. Сіз жасаған әдеби портреттерден (Әбдіжәміл Нұрпейісов, Асқар Сүлейменов, Ғабит Мүсірепов) мен осыны байқадым. Әуелі кейіпкердің арғы-бергі тарихы мен творчествосына бағлан-баға беріп, сосын кебеже-күнделікке қол саласыз.
Маған Сіздің не жазсаңыз да «әдептен озбай, жүректен қозғайтыныңыз» ұнайды.
Ғабең туралы толғаныстарыңыздағы ұлы жазушыға деген үлкен құрмет, Әбең туралы жазбаларыңыздағы «айтпаса атасы өлетін» ақиқат сөз, Асқар туралы жолдардан дүниеден ертерек озған айнымас адал досқа деген іңкәр сезім анық сезіледі.
Мәлік Ғабдуллин, Ахмет Жұбанов туралы естеліктеріңіз нақтылық, шыншылдық, байқағыштығыңызбен ерекшеленеді.
Сурет өнерінің тілімен айтсақ, Сіздің жазбаларыңызда асқан дәлдікті ұнататын академизм емес, айрықша әсер қалдырған сәттерді ұстап қалатын импрессионистерге тән мәнер қалыптасқан.
Сіз қанша ауылда өссеңіз де қазақ баласы үшін кәдеуілгі, күнделікті жайт саналатын кейбір оқиғаларға ерекше реңк, айрықша сипат бере суреттейсіз».
Әдебиет жайында әңгіме қозғалғанда Мұхаңның делебесі ерекше қозып кетеді. Әсіресе хат авторының Абай мен Мұхтардың әдеби мұрасына деген ыстық ілтипаты мен ерекше ықыласы айдан-анық сезіледі. Бәрінен бұрын олар жайында жазылған дүниелерді тірнектеп жинап жүретін ұқыптылығы мен халқымыздың екі ұлы кемеңгері туралы айтылған кез-келген пікірді назарынан тыс қалдырмайтын ыждаһаттылығын айтсаңызшы. Міне сондықтан да хат иесінің Бельгердің Абай туралы жазған еңбектері жөнінде білдірген пікірі қабырғалы қаламгердің шығармашылығына берілген - үлкен баға.
«Көптомдықтың 7 томындағы «Абай және Гете» мен «Исполины духаны» зор қанағат сезіммен тағы бір қайыра оқып шықтым.
Кандидаттық диссертация қорғамасаңыз да Сіз абайтануға кез келген ғылым докторынан әлдеқайда артық үлес қостыңыз. Бұл – көтерме мақтау емес, ақиқат шындық. Сіз екі түрлі заманда, бір біріне мүлде ұқсамайтын ортада өмір сүрген қос данышпанның біз әлі танып-білмеген кемеңгерлік түйсігі арқылы үндесуін керемет суреттегенсіз. Мен мұны Н.Анастасьевтің «ЖЗЛ»-дан шыққан «Абай» кітабының эпилогындағы сұхбатта арнайы атап өттім....
Мен докторлық диссертациямды академик С.Зимановтың жетекшілігімен Алаш қайраткерлері саяси-құқықтық көзқарасының қалыптасуынан қорғағанмын. Сонда бір байқағаным, Абай жарықтықтың көзі тірісінде бір кітабы жарық көрмесе де, өзінен кейін келген үркердей топ – Алаш қайраткерлерінің қалыптасып, дамуының алғышарттарын жасап кеткен екен. Абайдың алғашқы кітабын Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың шығаруы, ол туралы алғашқы сүбелі зерттеуді Ахмет Байтұрсыновтың жазуы («Қазақтың бас ақыны»), Х.Досмұхамедов, М.Тынышбаев, М.Шоқай, Ж.Ақбаев, Ә.Ермеков, кейіннен Қ.Сәтпаев, М.Әуезов, Ә.Марғұлан, бүгінгі М.Мағауиндардың Абай идеясымен сусындап өсуі осының айқын дәлелі емес пе? Ендеше, қазақ зиялыларының осыншама буынын тәрбиелеген және тәрбиелей беретін ұлы ақынды өзімен деңгейлес әлем данышпандарының биігіне көтеру, бағалау, зерттеу, оны жаңа қырынан таныту бүгінгі буынның басты парызы деп білемін.
Әуезовке деген іңкәрлік бүкіл шығармаларыңыздың алпыс екі тамырында бүлкілдеп тұр десе де болғандай.
Мұхаң – кешегі және бүгінгі қазақ әдебиетінде дара тұрған тұлға. Тым әріге бармай-ақ, оның құдіреті туралы Сізбен бір-екі ауыз пікір бөлісейін.
Ең алдымен, Мұхаң уызға жарып өскен жан. Ана сүтімен бірге Абай шығармаларын бойына сіңірген.
Екінші үлкен артықшылығы – кемел білім алған. Ол Ленинград университетінде оқыған кезде императорлық Санкт-Петербург университетінің бекзат профессурасы әлі сонда болатын. Дәл осы кезде аталған университеттің шығыстану факультеті, ешбір әсірелеусіз, араб, парсы, түркітану саласы бойынша дүниедегі ең мықты ғұламалар жиналған ғылыми орталық еді. Әуезов алған кемел білім оның шығармашылығының берік іргетасы болды.
Үшіншіден, оның ата-бабасы қолынан қаламы мен кітабы үзілмеген нағыз зиялылар еді. Әуезов феноменіне жауап іздеген кезде, міне, осындай генетикалық факторды да естен шығармаған жөн.
Менің Н.А.Анастасьевқа «Әуезовті» жаздыруым да ұлы жазушының біз байқамаған қырларын байқасын, көрсін, жазсын, танытсын, толықтырсын деген ниеттен туындады. Меніңше, ол өз миссиясын түгелдей орындап шықты.
Қазақ әдебиетінің кейінгі кезде жиі айтылатын алтын ғасыры қос Мұхтардың – Әуезов пен Мағауиннің арасы.
Қазақ прозасының Сіз өте әділ бағалаған үш тарланы – М.Әуезов, Ә.Кекілбаев, М.Мағауинның кейбір туындылары ХХІ ғасырда Нобель сыйлығын алған кейбір шығармалармен иық тіресе алатыны анық.
Сіздер бастап, бізбен тұйықталатын буын үшін классик саналатын Сәбит, Ғабит, Ғабиден бастаған социалистік реализмге тұндырылған әдебиет өкілдері басым көпшілігінің шығармалары болашақта әдебиет тарихын зерттеушілер болмаса, ХХІ ғасыр оқырмандарына қажеті шамалы болуы әбден мүмкін. Ащы да болса ақиқат шындық осындай.
Болашақта қазақ әдебиетінің көсегесін кімдер көгертетін болады? Олар ана тілімен қатар Еуропа тілдерінде еркін сөйлеп, еркін ойлап, еркін жаза алатын жаңа буынның ішінен шығады деп білемін».
Герағаңа арналғанымен хатта көзіқарақты оқырманды мазалап жүрген күретамырлы сұрақтардың толыққанды жауабы берілген. Бұл хат сол сауалдардың жауабын іздеу үшін таңдап алынған жаңа форма. Онда бүгінгі күннің тақырыбы да, тіпті, есімдері дүниежүзіне әйгілі болған Орта Азиядан шыққан әлемге танымал екі қаламгер Шыңғыс Айтматов пен Нобель сыйлығын алған түрік жазушысы Орхан Памук шығармашылығының жетістіктері мен кемшіліктері сараланып қана қоймай, оның обьективті және субьективті себептері де жан-жақты талданады. Олардың шығармашылық табиғатының эволюциясына қатысы құнды пікірлер ой талқысына салынады.
«Айтматов туралы жазбаларыңыздағы оған берген бағаңызбен келісемін.
Мен де оның барлық шығармаларын дерлік оқып шыққан адаммын. Соңғыларын («Пегий пес, бегущий краем моря», «И дольше века длится день», «Плаха», «Тавро Кассандры», «Когда падают горы») орыс тілінде оқыдым.
«Таулар құлағанданы» оқығанда Айтматовты мүлде танымай қалдым. Бұрынғы мөлдіреп тұрған Айтматовқа тән лирикалық прозаның, терең психологияға, тебіреністерге толы философиялық прозаның ізі де жоқ. Оның орнын 90-жылдарға тән жылауық, арзан публицистика, қисынсыз, келеңсіз диалогтар мен қиыннан қиыстырылған «Мәңгілік қалыңдық» туралы мифологиялық желі басқан.
Мүмкін автордың сырқат көңілінің әсері болар, әлде алғашқы сұлба-нұсқаны әдеби өңдеуден өткізіп үлгермеген шығар, Мәскеудің әдеби баспаларындағы кез келген шығарманың тігісін жатқызып, мұртын басып, мұнтаздай етіп шығаратын жалаңдаған кәсіби редактордың қолы тимегендіктен болар – талантты жазушының соңғы шығармасы оның қаламынан туған ең шалажансар туынды болып шыққан.
Түрік дүниесінен шыққан жалғыз Нобель сыйлығының лауреаты Памук туралы пікіріңізбен келісу қиын.
Нобель сыйлығы оған саясат үшін, армян геноцидын алғаш мойындаған түрік жазушысы болғаны үшін берілгені анық. Оның үстіне сыйлық «Стамбул. Город воспоминаний» атты алашұбар жанрда (естелік, эссе, очерк, әңгіме) жазылған ортақол хикаяттар жинағына берілді.
Бірақ Памуктың «Черная книга», «Меня зовут Красный», «Снег», «Музей невинности» атты романдары творчестволық әлеуеті мол, қазіргі әлем әдебиетіндегі, оның ішінде ағылшын тілді әдебиеттегі жаңа тенденциялар мен трендттерді еркін меңгерген талантты постмодернист жазушы екендігін көрсетті. Ол ағылшын тілінде де еркін жазады. АҚШ-тың ең беделді оқу орындарының бірі Колумбия университетінде қызмет істеді. Сізге «Меня зовут Красныйды» оқып шығуға кеңес берер едім. Мүмкін пікіріңіз өзгерер».
Герағаң мен Мұхаңды бір-біріне рухани тұрғыда жақындата түскен тағы бір құдірет – олардың музыкаға деген іңкәрлігі. Мүйізі қарағайдай академиктеріңіздің өзі пікір таластырудан қаймыққан жазушы Асқар Сүлейменовпен қанды көйлек дос болған Бельгер одан Еуропаның классикалық музыкасының қыры мен сырына терең бойлауды үйреніп, Моцарт, Бетховен, Бах, Гайдн, Малерді жақсы көріп, ерекше сүйіп тыңдайтын болды. Бұл қасиет Мұхтар Құл-Мұхаммедтің де жанына жақын.
«Мен де неміс композиторларын ерекше жақсы көремін, бірақ Сіздің жазбаларыңыздан өзім ерекше қадірлейтін Р.Вагнердің есімін кездестіре алмадым.
Ол әлемдегі теңдесі жоқ ең ұлы опера композиторы. Жақын келе алатын бір-ақ адам бар, ол – Верди. Оның өзі Вагнердің ұлылығын әлденеше мойындаған.
Вагнер барлық операларының либреттосын тек өзі жазған. Композитор ғана емес, ұлы философ. Вагнердің «Тангейзер» операсы осыдан үш жыл бұрын тұңғыш рет қазақ опера сахнасында қойылды.
Бұл тақырыпта тым ұзаққа кетіп қалмау үшін Сізге әлемнің ең үздік опера театрларының (Ла Скала, Ковент Гарден, Венская опера, Мариинский театр) қойылымдарындағы Вагнердің барлық опералары («Золото Рейна», «Валькирия», «Зигфрид», «Гибель богов», «Летучий голландец», «Лоэнгрин», «Тангейзер», «Тристан и Изольда», «Нюрнбергские мейстерзингеры», «Парсифаль») менің коллекциямда бар «Неміс музыкасымен басымды қатыратын бір қожадан құтылып едім, мына пәлесі қайдан шықты» демесеңіз қажет жағдайда тыңдауға бере аламын.
Музыка саласындағы сырласуымыздың басы болсын деп Сізге Вагнердің көзі тірісінде өзі жасаған жобамен салынған Байройттағы театрда қойылып, әйгілі музыкант Даниэль Баренбоймның дирижерлігімен жүзеге асқан ұлы композитор творчествосының шыңы саналатын «Нибелунг сақинасын» сыйлаймын.
Ардақты Герольд аға!
Он томдықты сүзіп шықтым. Алғашқы алтауы көркем, келісті дүниелер. Оларды Сіз сияқты жата-жастана оқып, кең отырып сырласу керек. Ондай уақыт та болар алдағы кезде.
Соңғы томдағы ишараға да назарым түсті. Қаласаңыз келесі жылы 2 том публицистика мен 1 том әдеби-көркем мақалаларыңызды жинақтап, үш томдығыңызды шығаруға да бейілдігімді білдіремін.
«Плетение чепухи» газет үшін, әсіресе қыршаңқы газет үшін тауып қойылған тақырып. Бірақ көптомдық сияқты академиялық басылымға мүлде жараспайды. Сондықтан оның шиыршық атып, ширығып тұрған «Еркін ойлар» (мен қазақша солай аударар едім) атына ие болғанына бек қуандым.
Шындығында, Сіз еркін адамсыз. Еркін ойлайсыз, еркін сөйлейсіз, еркін жазасыз. Ендеше еркін адамның қаламынан еркін ойлар шығып және ол бүгінгі қазақ қоғамының жүрегіне жол тауып жатса, қаламгер мұратының орындалғаны емес пе.
Әрдайым сау-саламатта болыңыз, құрметті Гер-аға!
Сексеннің сеңгіріндегі тойларда жолығайық.
Сіздің бапкеріңіз қадірлі жеңгеміз – Раиса Закировнаға алғысқа толы көңілмен сәлем жолдаймын.
Құрметпен, Мұхтар Құл-Мұхаммед»
Хаттағы соншалықты ыстық махаббатпен жазылған сөздерді қабырғалы қаламгердің сан қырлы творчествосына ғана емес, кісілік келбетіне, азаматтық болмыс-бітіміне, ең бастысы таудай талантына берілген баға ретінде қабыласақ та қателеспейміз. Қазақтың сөз өнерінде қанаты кеңге жайылмағанымен, тап осындай сұхбаттасу үлгісіндегі хат жазысу арқылы, көпшіліктің көңілінде қордаланған күрделі сауалдарға жауап іздейтін көркем сын Батыс әдебиетінде жақсы дамыған.
Хатпен танысқан соң ондағы ақиқатты танып-білуге талпынған жүйелі зерттеудің нәтижесінде туған салиқалы пікірлерге жазушы Бельгер жауап берді ме деген ойлар қайта-қайта менің көңілімді алаңдатып жүрді. Жазылған болса, ол хатта не айтылды екен. Күрескер рухтың иесі жұрт көңілінде жүрген көп сауалға ұрымтал жауап бере алды ма? Өзіне деген ерекше ықыласпен жазылған хатты оқып шыққанда жаны нәзік жазушы қандай әсерді басынан кешті, қалай толқыды екен?
Өнердің өрелі-өрелі мәселелеріне жанын ауыртып, жүрегіндегі қиян-кескі арпалысты жеңе алмай, әділет үшін күресіп, қиянаттың аяғына жығылмайтын Бельгердің бұл хатты жауапсыз қалдырмағанын іштей сезгенмін. Реті келгенде сұраймын деп жүргенімде, кенеттен Герағаң дүние салды. Өмірдегі әділетсіздікпен жағаласып, адамдық табиғатына шаң жуытпаған үлкен жүрек соғуын тоқтатты. Адамдармен сөйлесуге, сырласуға құштар абзал жан мәңгілікке көз жұмды. Жылт ете қалған жақсылыққа баладан бетер қуанып жүретін Герағаңды уақыт өте келе туған ағамдай қатты сағынатынымды мен ол кезде қайдан білейін. Күндер, айлар өткен сайын басылудың орнына жүрегімдегі жалыны өрши түскен сағыныш жұмбақ болып қалған сауалдың жауабын іздеуге итермелей түсті. Көңілімдегі тұманы тарқамаған сауалдың жауабын бір күні Мұхтар Құл-Мұхаммедтің өзінен сұраудың мүмкіндігі туды. Ол кісі Герағаңмен болған достық қарым-қатынасы жайында әңгіменің майын тамыза отырып, хатына берген жазушының жауабын көзінің қарашығындай сақтап жүргенін айтты. Мен Мұхаңнан аттай қалап, хаттың көшірмесін сұрап алдым. (Жалғасы бар)
Жазушының жауабы
Хаттың алғашқы жолдарын оқи бастағаннан-ақ көңілім босап, көзіме жас тығылды. «Мен» деп кеудесін қақпай, қайта керісінше талантты адамдардың алдында кішірейіп сөйлейтін Герағаңның адамдық болмысы көз алдымда менмұндалады. Шығармашылық тұлғаның жан сыры көркем туындыларынан гөрі, жазған хаттарында тайға таңба басқандай сайрап жатады. Өйткені онда оқырман көңілін аулау үшін қолданылатын бояулар пайдаланылмай, жазушының нағыз адамдық болмыс-бітімі айнадағыдай анық көрінеді. Маржандай жазуы көзіме оттай басылған хаттың бастапқы сөйлемін оқығаннан-ақ жүзінен имандылықтың нұры төгіліп тұратын, өмірінің басынан аяғына дейін табиғатынан айнымаған Герағаңның рухымен қауышқандай болдым.
«Қадірменді Мұқа!
Қазақтың даласындай кеңпейіл, шуағы мол жүрекжарды хатыңызды алып, «Сталин берген бәдеркелерді» қызықтап отырғанда «жедел көмек» мені аяқ астынан алып кетіп, аурухананың жан сақтау бөліміне тыржалаңаш шешіндіріп, бір-ақ тықты.
Инфаркт екен. Бесіншісі. (Қазақ болсам, санамай-ақ қояр едім, неміс болған соң, дәлдікті ұнатамын»
Мінезі баладай аңғал, көңілі сәбидей кіршіксіз, қайран Герағам-ай! Әкесі тіріліп келгендей шаттанып, келесі күні де ол хатты бірнеше мәрте оқып шығыпты. Сүйсінгені соншама, көптен таныс, көрген-білгені мол екі замандасына да оны оқытыпты. Олар да ризашылығын жасыра алмай «Керемет» деп ауыздарының суы құрып мақтапты. Хатты әрі қарай қызыға да, құмарта оқи түскен сайын сол баяғы аузын ашса ар жағынан жүрегі көрініп тұратын Герағаң қайта-қайта есіме түсіп, көңілім босай берді.
«Айтпақшы, Шоқан ескерткішінің қасында менімен «терренкур жасап» жүретін шалдар Сіздің баяғыда әлем әдебиеті жайындағы көл-көсір шолу мақалаңызды осы кезге дейін есіне алады, тамсанады, таң қалысады.
Жақсы көретін адамын басына көтеріп, мақтағанда қазақтар, әлбетте, алдына кісі салмайды. Оқуы саяз, ауыл мәмбеті (Ә.Кекілбаев пен Е.Тұрсыновтың анықтамасы) Бельгерді қазақтар кейде ұйқас үшін «Білгір» деп марапаттайды. Жай сөз! Құр мақтан! Асқар (С), Әбіш, Мағауин, Ақселеу, Құл-Мұхаммед сынды азаматтардың қасында менің білерім әншейін ғана дүние.
Маған жазған хатыңыз соны жан-жақты айғақтап тұр».
Дарынды адамның таланты мен біліміне таң қалу жағымпаздық болып саналмайды. Өйткені ол жерде пенде, парасатына сүйсінген тұлғаның жеке басына емес, Құдай берген ерекше қасиетіне құрмет көрсетіп отыр. Шындығында Пифагор Самосскийдің дәл байқағанындай «адамның жанынан басқа дәнеңесі де жоқ», мына жалғанда. Адамның менікі деп жүрген санасы мен таланты да ақиқатында –Алланың меншігі. Данышпан Абай айтпақщы:
Адам ғапыл дүниені дер менікі,
Менікі деп жүргеннің бәрі оныкі.
Тән қалып, мал да қалып, жан кеткенде,
Сонда, ойла, болады не сенікі?
Сондықтан да жүрегіне иман ұялаған жан «мен» деген сөзді жиі қолданбауға тырысады. Біз қазір біреу жайлы естелік жазсақ та өзіміздің «менімізді» үстемірек етіп көрсетеміз. Шын талант ондайға бармаса керек еді. Қайта керісінше өзінің өнердегі жеткен биігін кішірейтіп көрсету кесек таланттардың ғана қолынан келеді. Пушкиннің күнделігінен «Менің Жуковскийден асып кеткен жерім шамалы. Мен бар-жоғы оның шәкіртімін» деген сөздерін оқығаным бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын Нобель сыйлығының лауреаты, әлемге әйгілі жазушы Габриэль Гарсиа Маркестің «Жить чтобы рассказывать о жизни» деп аталатын көлемі кірпіштің қалыңдығындай өмірбаяндық қиссасымен танысып шыққан едім. Адамзат мойындаған атақты қаламгер бір сөзінде «Егер мен «Педро Парамодай» роман жазсам, одан кейін қолыма қалам алмай-ақ қояр едім» деп сүйікті жазушысы Хуан Рульфоның шығармашылығына тәнті болып, айрықша ілтипат танытыпты.
Өмірдегі қас-қағым сәтін де бос жібермей тау-тау кітап оқып, баспасөзде жарияланған дүниелерді қадағалап, пікірін айтып жүретін Герағаңның да білімі мол замандастарының алдында соншама кішірейіп сөйлеуінің себебі неде? Жо, жоқ бұл ешқандай да «тай құлындай тебісіп өскен» достарының көңілін аулау үшін ғана айтыла салынған мадақ сөздер емес, ірі таланттардың бойында ғана болатын - бекзадалық қасиет. Осы асыл қасиет Мұхаңа жазылған хаттағы әр сөйлемнен сезіліп тұр.
«Қысқа қайырсам, хатыңыз тебірентті, жылы әсерге бөледі, көп нәрсеге көзімді ашты, ой салды.
Әрине, рахмет, бәрекелді деймін.
Қазақ сөздіктері жайындағы мәліметтер мен – әсіресе Машанов туралы деректер мені өте-мөте қызықтырды. Мұның бәрінен бейхабар екенмін.
Жалпы шығармашылығым жайында осы кезге дейін 518 мақала, рецензия, монография, сұхбат жарияланған екен (бәрін тіркеп, тізіп жүретін әдетім бар), солардың ішінде Сіздің хатыңыздың орны бөлек.
Памук төңірегіндегі ойларыңызды қостаймын. Марқұм Әбілмәжін Жұмабаев маған Памуктың кітабын беріп еді, екеуінен де түңілгенмін. (Сөз арасында айта кетейін, Сіз көтермелеп жазған Коэльоны да оқи алмадым)
Айтматовты мен тәуір білетін сияқтымын. Адамшылығын да, шығармашылығын да жоғары қадірлеймін. Ол жайында талай жаздым да. Мәскеуде, Қостанайда, Алматыда әлденеше рет кездескенбіз. Шоң азаматтың болмыс-бітімі, тұлғасы, шығармашылық өресі, өмірге құштарлығы – бәрі де ұнайтын. Өзіне жарасып тұратын. Марқұм Асқар (С) айтар еді: «Біздің Әбе ауылдың жаман белсебетін тебеді, ал, Айтматов спорттық тұлпар мотоциклді айдайды».
Айтматовтың мен білерде негізгі кемшілігі – орысша тіл жұтаңдығы, қарабайырлығы. Оның қанында орыс тілі болмайтын. Сондықтан ол Дальден, орыс жазушыларынан, орыс фольклоры мен мифологиясынан, латын американдықтардан, жапонның прозашыларынан, немістердің Т.Манн, Г.Гесселерден аздап-аздап «жиендік» жасайтын, әртүрлі стильдерді (публицистика, очеркистика, эссеистика, мақала, газет мақамы) араластырып, ботқалайтын. Бұл ауру орыс тілді бұратаналардың бәрінде бар (мені де осы топқа қосыңыз).
70-жылдардың орта шенінде «Россия» қонақ үйінде Ан.Киммен танысып едім. Ол: «Айтматов маған романымды аудар деп өтінді» - деп қалды. Таңырқадым. «Аударғаны қалай?! Ол өзі орысша жазбаушы ма еді?!» «Ия, орысша жазады, бірақ орысшаға орашолақ. Оған редактор, я стилист емес, аудармашы керек»-деген жауап алдым.
Жағамды ұстадым. Нанайын ба, нанбайын ба?
Демек ұлы Айтматовтың да стильдік-тілдік спонсор-демеушілері болғаны ғой. Апырай, а?!
Кейін мен оның тілін біраз зерделедім. Ташкентте жолыққанымызда Шыңғыстың көзінше Шаханов: «Біз Шықаңмен бірлесіп, бір кітап жазып жүрміз. Соны аударып бересіз бе?» - деген ұсыныс жасады.
Не айтарымды білмей, аңырып қалдым.
Ия, орыстың көркем тіліне Шықаң онша мықты емес екен. Орта деңгейдегі публицистикалық тіл, оны кейде орыстың байырғы оралымдарымен тірілткен болады. Сол себепті болу керек, шынайы орыс жазушылары (Распутин, Белов, Астафьев, Можаев, Крупин, Краснов т.т.) оны пәлендей менсінбеген. Ол жағдай қазақ әдебиетінде де көрініс тапқан: Әлімжанов, Санбаев, Бақытжан Момышұлы, Жақсылықов, Накипов, Бельгер, Лаврентий Сон, Михаил Пак... толып жатыр.
«Когда падают горы» романының бастапқы деңгейі (планкасы) тәп-тәуір, екпін, тасқындаған ой бар, кейін сұйыла береді де, Сәбитшілеп кетеді...
Не амал бар? Өтті-кетті. Мен болсам, дегенмен «Тарғыл төбетке» Нобельді қияр едім.»
Көп жағдайда әлемге жайылған даңқына қарап, үлкен суреткерлердің шығармашылығынан байқаған кемшілігімізді айтуға біздің батылымыз жетпей жатады. Сөз жоқ, Шыңғыс Айтматов әлем әдебиетінің биігіне көтерілген таңғажайып тұлға. Мен оның барлық шығармасын қалдырмай, астарлы ойын тереңірек түсіну үшін кейбір туындыларын тіпті екі-үш реттен оқып шыққанымды жасыра алмаймын. Біздің кейбір сыншыларымыз тым асыра мақтап жүргендей жазушы шығармашылығы тек өрлеуден ғана тұрмайды. Көптеген ұлы суреткерлердің басында болатындай Айтматов творчествосының да биікке жоғарылап өрлеу дәуірімен қатар, төменге қарай құлдыраған кезеңдері де болған. Талантты қаламгердің шығармашылық тұрғыдан өсуі кезеңінде – «Жәмила», «Қош бол, Гүлсары», «Алғашқы ұстаз», «Ақ кеме», «Ерте кеткен тырналар», «Шынарым менің, шырайлым менің», «Ана Жер Ана», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» повесі мен «Ғасырдан да ұзақ күн» романы дүниеге келді, «Жанпида», «Кассандра таңбасы», «Таулар да құлайды» романдары мен қазақ жазушысы Қалтай Мұхамеджановпен бірігіп жазған «Көктөбедегі кездесу» драмасы – шығармашылық тоқыраудың көрінісі. Ең керемет туындысы –««Ақ кеме», ең нашар дүниесі пьеса дәрежесіне де көтеріле алмаған – «Көктөбедегі кездесу». Мұны орыстың білімді сыншылары да жақсы байқапты.
Суреткер Айтматовтың сұхбаттарын оқи отырып, өмірінің соңында жазған туындыларының талай орыс сыншыларының көңілінен шықпағанын аңғардым. Неліктен жазушы бір кездері жеткен биігінен төмендеп кетті. Ой қуаты әлсіреді ме? Жоқ. Менің ойымша мұның себебі – мүлде басқада. Айтматов өзгергісі, өзгеше жазғызысы келді. Булгаков пен Маркеске еліктеп, жазушылық табиғатында жоқ дүниеге қол созды.
Есіңізге түсіріп көріңізші «Ақ кеме» повесіндегі суреттелетін өмір мен Момын шалдың аңызы әсем гүл мен оны арайландырған күннің алтын шуағындай қалай әдемі үйлесімділік тапқан. Повестегі суреттелетін аңыздағы оқиға шығарманың тұңғиығында жатқан терең ойды өмірдің жағалауына алып шығады. Аңызда тұнық көлдегі бейнедей автордың айтпақ ойы анық көрінген. Бәрі қарапайым, бәрі түсінікті. Кішкентай баланың көзімен өмірдің бүкіл трагедиясы соншалықты шынайы суреттелген.
«Жанпида» романындағы Понтий Пилат туралы Інжілден алынған аңыз шығарманың рухымен үйлесім таппаған. Және ұмытпасам дәл осындай эпизод Леонид Андреевтің «Ииуда Иссакриот» әңгімесінде де бар. Авдий мен Бостонның тағдыры суреттелетін екі оқиғаны бір-бірімен байланыстырып тұрған рухани өзек жоқ.
Герағаңның хаты Айтматов жайындағы осыған дейін күмәнданып келген көп ойымның дұрыстығына көзімді жеткізе түскендей болды. Екеуміздің бір қорытындыға келіп, пікіріміздің сабақтасып жатқанына қатты қуандым. Ойым сан-саққа жүгіріп, хаттың қызығына одан әрі бата түстім.
«..Сіздің музыкаға әуестігіңіз маған беймәлім еді. Мені классикалық музыкаға жетелеген досым Асқар (С) болатын. Ол студент шағынан қарызға белшесінен батып, пластинкалар жинайтын. Біздің көбінесе-көп тыңдайтынымыз – Моцарт пен Верди (Әсіресе «Реквием»), Бетховеннің («Бетенец») симфониялары (Бесінші және тоғызыншы), кейін сонаталары, Аустрия композиторлары Бах, Малер т.с.с болатын. Түнгі сағат екі-үштерде Асқар мені оятып, Глюкті тыңдатып қоятын. Өзі оянған бойда «Полет валькирийді» аңырататын. Чайковский, Рахманинов, Шостокович, Шнитткені ерекше қадірлейтін.
Амандық болса, Мереке (Қ) менің орысша күнделігімді жарыққа шығармақшы. («Тень дней минувших», = 50 б.т.) Онда Асқар екеуміздің музыка төңірегіндегі кейбір лебіздеріміз кездесіп қалады. Маған жіберген Вагнерді аздап ес жиған соң тыңдармын, ләзаттанармын.
Хатыңыз, Мұқа ой қозғайды. Ақи-тақи жауап беруге менде қазір әл-дәрмен жоқ. Жауабымның нобайын ауруханада түртіп қойып едім. Дәл қазір диванда там-тұмдап көшірудің қамындамын.
Сізге таныс Эйзенхауэр 8 инфаркт алған екен. Демек, мен оған әзір жете қойғаным жоқ»
Сұңғыла суреткер, айтар ойы да, жазу стилі де күрделі Асекең – Асқар Сүлейменов хақында күні бүгінге дейін біраз дүние жазылды. Оның ішінде әсерлі естеліктер де бар, суреткермен сырласып, сұхбат құрмаса да, бірге жүргендей болып, өтірікті шындай етіп сапырған мақалалар да жоқ емес.
Бірақ талантты қаламгердің ешкімге ұқсамайтын дарыны, телегей теңіздей білімі, шеңберге сыймайтын мінезі, советтік шындықты қабылдай алмаған тәкәппарлығын өте шебер суреттей алған бір адам болса, ол ұлты неміс, қазақ қаламгері – Герольд Бельгер. Нән кітап болып шыққан жазушының күнделігінде ең жақын досы болған Асқар Сүлейменов туралы ол бәрінен де жақсы жазды. Күнделіктегі Асекең жайындағы жазбаларды оқи отырып, белгілі бір ситуациялар барысында сан қырлы талантының табиғаты ашыла түскен нағыз Асқар Сүлейменовты жазбай танығандай әсер алдым. Бәрін болмаса да солардың бірін мысалға келтірсек те, сөзіміздің шындық екеніне көзіңіз жете түседі.
«Кеше Асқарда болдым. Сыр шертістік. Музыка тыңдадық. Горький туралы әңгімелестік. Мен оның данышпан екенін айттым. Асқар оны аса жақтырмай «Қарапайым Иван» деді.
Ол күйтабақ ойнатқышқа Тәттімбеттің «Сарыжайлауын» қойды. «Тәттімбет - ұлы композитор. Күңіренеді де отырады. Ол – музыкадағы философ. Еш уақытта да күлмейді. Қазақтардың – Бахы. Ол – Құрманғазының антиподы» дегенді айтты.
Мен орынсыз күліп едім, жақтырмай қалды.
- Cіз Томас Маннды оқыдыңыз ба?
- «Будденброктардан» басқа ештеңесін оқыған жоқпын.
- Қалайша..., қалайша? Оны оқыған кезде үнемі өзіңді мүсәпір сезініп отырасың. Және осы сезім сені еш уақытта да тастап кетпейді. Міне – нағыз жазушы.
- Оқи отырып, өзіңді мүсәпір сезінгеннің несі жақсы? Мен кітап оқығанда адам екенімді сезінгім келеді.
Асқар тыжырынып қалды. Менің пікірім оны қатты ренжітіп тастады...1962 жыл, 13 сәуір».
Герағаңның бойындағы бір ұлы қасиет, ол еш уақытта да бәзбіреулердей «менікі дұрыс» деген қасаң қағиадаға қатып қалмай, қателессе оны мойындай да алатын. Ол үшін кешірім сұраудан да ұялмайтын. Тіпті, сол жіберген қателігін жуып-шаюдан да арланбайтын. Жіберген кемшілігіңді, жасап қойған ағаттығыңды мойындай білу адамды ірі тұлға ететін - ұлы қасиет. Әуезов жайында орыс оқырмандарына мақтанышпен көрсетуге болатын кітаптың жазылатынына сенбеген Бельгердің енді мына хатында сол ойынан айнып қана қоймай, сондай дүниенің жарық көргеніне жүрегі жарыла жаздап балаша қуануын қаламгердің адамдық табиғатынан жарқырай көрінген сол ұлы қасиеттің белгісі ретінде қабылдаған абзал.
«Ауруханада Анастасьевтің «М.Ә» -ін оқып шықтым. Ол еңбектің кейбір тарауларын бұрынырақ оқығанмын. Ол кісімен тікелей таныс болмасам да, шығармашылығынан хабардармын. Білімді, мықты әдебиетші екені атойлап тұр. Көп біледі және сол «көпті» қиыстыра біледі. Әуезов жайында бес-алты қазақ, сөз жоқ жазар еді (жаза алар еді), бірақ рухани деңгейі, өресі, мақамы басқаша шығар еді (Я Қабдоловша, я Жұртбаевша). Анастасьевтің мына кітабы, менің пайымдауымда, оптимальный вариант болып шыққан сияқты».
«Адам бойындағы таланттың 5 пайызын ғана Құдай береді, қалағанының бәрі еңбекпен келеді» дегенді бір кітаптан оқығаным бар. Міне, осы тұрғыдан алғанда Герағаңның еңбекқорлығы мен үздіксіз өзін дамытып отыратын білімге деген құштарлығы мені қатты таң қалдырады. Денсаулығы сыр бергеніне қарамастан сексеннің сеңгіріне шыққан ақсақалдың жанын күтудің орнына қазақ халқы үшін әлі талай дүниені жасап кеткісі келген мазасыздығы сүйіспеншілігіңді туғызады. Ұлы мәртебелі уақыт Герағаңның тәнін қартайтқанымен жанын тоздыра алмады, бет қаратпайтын қыстың қарлы боранындай адастырғысы келсе де қайсар талантты алған бағытынан тайдыра алмады, жүрегінің тазалығы, өнерге жан-тәнімен берілген адалдығы оны келешектің жолына жетелеп отырды. Жазушының еңбекқорлығын даламыздың кен байлығын ақтарған Қаныш Сәтбаевтың жанкештілігімен салыстыруға болатынын мына хаттағы айтылған сөздер тағы да дәлелдей түскендей.
«...Енді соңғы мәселеге бір ауық тоқтайын.
Пушкин айтпақшы:
-Еще одно последнее сказанье,
И летопись окончена моя.
Мәселе, «соңғы томдағы ишараға» байланысты. Ол «ишара» дәл Сізге бағышталмаған. Меңзегенім басқа тұлғалар еді. Оның біреуі неміс, біреуі орыс, үшіншісі қазақ болатын. Немісте ақша жоқ, орыстан қайыр жоқ, нысана баяғы қазаққа тіреледі. «Үш том шығаруға бейілмін» - депсіз. Рахмет! Бірақ оған мен құмбыл емеспін. Менің ниетім өзгешелеу.
Тартпамда шамасы 23 б.т. күнделік жазбаларға негізделген әдеби портреттер жатыр. Аты «Вблизи и рядом». Оған алты портрет кіреді: Шота, Мұрат (Әуезов), Әбіш, Баққожа, Асқар, Әбе. Алғашқы екеуі терілген, қалғандары жазба күйінде дайын. Әлбетте, бұл кітаптың жарық көргені жөн болар еді.
Екінші кітап – «Казахские арабески». Оның конспектісі Сіздің қолыңыздағы «О, казахи мои!..». Оған қазақтар жайында көрген-білгенім, толғауларым, рецензия-мақалаларым, бірер әңгімелерім кірер еді. Көлемі – 30 б.т. шамасы. Мен 14 жылдан бері «Чепухаларымды» жариялап жүрмін. Оның 19 дәптері (әрбір дәптері жүз беттен) шықты. Жеті дәптері шкаф сөресінде жатыр. Солардан қазаққа байланысты сүбелі ойларымды таңдап, сұрыптап, «Казахские арабескиге» тоғытар едім. Қазаққа да, қазақ еместерге де бұл қажет дүние болар еді деп топшылаймын. Оны құрастыруға маған үш ай мерзім керек болар. Міне, осы екі кітапты шығаруға ниет-құлқыңыз болса, жағдайы келсе, Бельгердің 80 жылдығына орай тіпті ғанибет болар еді.
Реті келмесе, әлбетте, реніш-өкпе болуы мүмкін емес. Шолақ есебім мынаған саяды:
Бес жыл бұрын «Vox populi» баспасынан менің «Казахское слово» деген дәу (40 б.т) кітабым шықты.
Одан кейін «Казахская тетрадь» атты 30 б.т. том жарық көрді.
Енді оған «Казахские арабески» (30 б.т.) қосылса, 100 б.т. «Мир казахов» трилогиясының нобайы көрініп қалар еді.
Әрине, бұл арман ғой. Бірақ түптің түбінде орындалуы бек мүмкін. Бельгер кеткенмен қазақ қалады ғой...
Әзірге, айтарым осы.
Бақаймын: хатыңызға жауабым орашолақтау, жүйесіздеу, кедір-бұдыр, қотыр-қожалақ шықты. Айыпқа бұйырмағайсыз. Орысша жазуды құп көрмедім. Ал қазақшам – осы. Қабыл алыңыз.
Тілекшіңіз
Герольд Бельгер
Желтоқсан 2013 жыл Аурухана.
P.S.
Хатыңыздың ұнағаны сонша, мен оны – ұлықсат болса – келешек кітаптарымның біріне соңғы сөз түрінде жариялауды қалар едім.
Оның үстіне менің алдағы 80 жылдығыма орай қазақ газеттерінің бірінде жарияланса, менің де сыбағалы салмағым арта түсер ме еді, қалай...
Өтінішім осы.
Үй-ішіңіз аман болғай!».
Екі зиялының жазысқан хаттарына қарап, олардың бір-біріне деген ыстық ықыласына ғана емес, асқан сыпайылық пен қалтқысыз құрметке негізделген, «ағалы-інілі» адамдар арасында ғана кездесетін риясыз көңіл-бейілдерін айқын аңғаруға болады. Інісі: «үш том шығаруға бейілмін» - десе, ағасы немісше ұқыптылықпен әлдеқашан атауын қойып, көлеміне лайықтап қойған екі кітабын: «Әрине, бұл арман ғой. Бірақ түптің түбінде орындалуы бек мүмкін», - деп үлкен үмітпен ұсынады. Тіпті, «реті келмесе, әлбетте, реніш-өкпе болуы мүмкін емес» дегенін айтуды да ұмытпайды.
Әрине, Герағаңның хатын оқыған адам: «Қабырғалы қаламгердің қазақтар туралы жазылған триллогиясын бастыру туралы ұлы арманы орындалды ма екен?», - деп ойлайтыны анық. Біз де осы сауалды Мұхтар ағамызға қойғанбыз. Ол кітап сөресіндегі Герағаңның он томдығы тұрған жерден қоңыр мұқабалы қос томдықты алып, жайымен ғана алдымызға қойды. Қолымызға ұстап қызықтап «Вблизи и рядом» атты нән кітаптың алғашқы бетін ашқанымызда көзімізге Герағаңның сол баяғы маржандай жазуымен түсірілген «Дорогой Мухтар Абрарұлы! Вы ведь тоже – уже десятилетями – вблизи и рядом. С благодарностью обнимаю вас!», - қолтаңбасы оттай басылды.
Ағасы ондаған жыл жанында болған қамқор інісін зор ықыласпен құшағына басады. Алғыстың бұдан артық қандайы болуы мүмкін.
Жайлап, қоңыр мұқабалы «Казахские арабескиді» аштым. Кітаптың алғашқы бетіндегі Герағаңның бекзат болмысты фотосуретінің жанына: «Қадірменді Мұқа! Сіздің батаңызбен баяғыда жоспарланған екі кітабым да, ақыры, жарық көрді. Қуаныштымын. Алғысымды айтамын. Тілекшіңіз. Герольд Б» деген жазушы қолтаңбасы қонақтапты. Жазушының риясыз көңілінен шыққан осы жолдарды оқығанда: «Герольд Карловичтей бекзат болмысты, дегдар жанның осыншама құрметі мен алғысына, шынайы тілектестігіне ие болған Мұхтар аға, Сіз қандай бақытты жансыз», - деген ой оралды санама.
Шіркін, арман біткеннің ақынның көзі тірісінде орындалғанына не жетсін! Герағаңның өзі «Қазақ әлемі» деп ат қойып, ғұмыр бойы жазған триллогиясын аяқтап қана қоймай, оның тасқа басылып шыққанын өз көзімен көріп, риза-хош болып дүниеден озды.
Осы тұста мына бір жайтқа орала кеткенімнің артықтығы болмас. Герағаңның рухани сырласы, әрі туған бауырындай болған Мұхтарға жазылған жауабының соңы: «хатыңыздың ұнағаны сонша, мен оны – ұлықсат болса келешек кітаптарымның біріне соңғы сөз түрінде жариялауды қалар едім», деген өтінішімен аяқталады.
Әрине, Герағаңдай сұңғыла адам өмірінің тұйықталар мезгілі таяғанын сезген. Он томдық шығармалар жинағы мен қазақтар туралы трилогиядан кейін өзі жайлы жинақтың да нобайын белгілеп, оның соңғы сөзі ретінде сыйлас інісінің ерекше тебіренткен хатын жариялауды жөн көрген. Оның бұл өтініші де жүзеге асып, жазушы бақилық болған соң оның қырқына орай жарық көрген «Герольд Бельгер кім?» атты жинақ Мұхтар Құл-Мұхаммедтің алғы сөз орнына берілген хатымен ашылды.
Қырықтан астам кітап жазып, жүздеген еңбектерді орыс тіліне тәржімалаған қаламгердің Аллаға өкпесі жоқ шығар. Алайда Герольд Бельгердің әдебиеттегі алатын орны оның еңбекқорлығы немесе жазушылық жолындағы жанкештілігімен ғана өлшенбейді.
Өнерге жан бітіріп, оны өміршең етіп, ұлылықпен үндестіріп, мәңгіліктің биігіне қарай жетелейтін құдіреттің аты – шыншылдық. Әдебиетке жанының тазалағымен, жүрегінің адалдығымен қызмет еткен шыншыл адамдарға ғана ұлы Рухтардың қақпасы айқара ашылады.
Герағаңның шыншылдығы шығармаларынан ғана емес, жазған хаттарынан, жүргізген күнделіктерінен, оқырманға берген қолтаңбаларынан да айдарланып тұратын.
Бөлісу: