Көк аспанда қырағы көз бар
Бөлісу:
Эссе – әдебиетіміздегі ең ізгі, өміршең жанрлардың бірі. Автордың көркем әдебиеттің заңдылықтарына бас ие отырып, бұғып, бүгіп қалған көп қырларын біз жазушының эсселері мен қаламгер хақында жазылған естеліктерден көбірек аңғарамыз. Ол өнерден тыс шынайы өмірде қалай жүрді, қалай тұрды? Сындарлы сәттерде өзін қалай ұстады, шығармашылық һәм өмірлік принциптеріне қаншалықты алдал болды деген сан-салалы сауалдардың ұшығын осы эссе жанры бізге көбірек ашып береді. Автобиографиялық стильдегі мұндай дүниелер деректілігімен, шынайылығымен, куәгерлерінің дәлелділігімен құнды. Қазақ әдебиетінің абызы, классик, жазушы Әкім Таразидің «Күлтай жеңешем мен Александр Солженицын» атты көркем эссесі бізді де ұзақ ойға қалдырып отырғаны содан. Эсседе орыс жазушысы А.Солженицын, М.Шолохов, М.Лермонтов, В.Шаламовтармен қатар қазақ қаламгерлері С.Жүнісов, С.Мұратбеков, Қ.Ысқақов сынды суреткерлердің тағдыр-тәлейі, шығырмашылық бітім-болмысы, адами кейпі, тұлғалық қасиеттері анық та, айқын баяндалады. Әрине, бас кейіпкеріміз – Күлтай жеңеше. Прокурор Күлтай мен оның екі тұтқыны.
Автор Жамбыл облысы Көктерек ауылының прокуроры Күлтай Жәлімбетованың қызымет барысында бастан өткен екі уақиғасы арқылы тұтас бір тарихи кезеңнің бет-бейнесін, қазақ сынды қарапайым дала халқының ұлттық мінезін ашып көрсетеді.
Бірінші әңгіме. Көктерек ауданында отанын сатқан опасыз қашқын жүр. Бұл істі облыстық прокурор Күлтайдың бетіне салық қып салып отыр. Салмағы ауыр іс. Намыстанған Күлтай атқа қонады. Қашқынның ұшығы Айдарлы ауылынан қылаң береді. Ат шаптырым сиыр қораның бұрышында қалтырап отырған қашқынды түн жарымында қолға түсіреді. Тұтқын - қатардағы қазақ баласы. Шығыстан батысқа кетіп бара жатқан әскери состав Шуға келгенде, ыстық су іздеп жүріп поездан қалып қойған. Үйіне келіп, Шудан өткен тағы бір составтың құрамымен кетермін деп ойлайды. Бірақ кіші баласы дімкәс. Көп аялдап қалады. Осы кезде қуғындау басталып, қолға түсіп отыр. Бәрін сыр жасырмай айтады. «Кесем десең міне бас». Тұтқынды жарау атпен Айдарлыдан Көктерекке дейін жеткізу барысында, прокурордың да, тұтқынынң да адами келбеті ашыла түседі. Екеуі аудан орталығына тұтқын мен прокурор емес, келін мен қайын аға сипатында жетеді. Арып-шаршаған тұтқын ұзақ жол мен айға ұласқан қуғыннан жадап-жүдеп, үш күннен кейін қайтыс болады.
Екінші әңгіме. Автор Әкім Тарази Рақым атты інісімен Шудың бойында жүр. Іздегені – ескі паром. Көңіліне түйгені – Күлтай жеңешесінің әңгімесі. Әңгіме арқауы былай өрбиді: «Бүгінде ізі қалмаған сол паромнан күндердің күнінде төрт адам өтеді. Бір еркек, екі әйел, бір бала. Олар, әрине, Шудан, стансадан жаяу келеді. Екі әйелдің бірі – алыстан, Қарағандыдан екен. Түр-тұрпайы да оғаштау.
- Фурмановкада төрт баласы бар сіңілім тұратын еді. Соған келемін, Қарағандыдан! – депті бала жетектеген әйелге.
Ал бала жетектеген әйелдің де хал-қадері мүшкіл еді, баласы науқас, көзі шүңірейіп кеткен, екі басып, бір тоқтайды. Жеті-сегіз жастағы ұлын анасы ауық-ауық арқалап алуға мәжбүр. Әйелдің өзі де тәлтіректеп, паромға отырды. Содан кейін бір ер адам мінді. Ұзын бойлы, күлгін түсті кәдімгі орыс. Мойнына асып алған ұзын баулы кенеп дорбасы бар». Содан не керек, жолаушылар арғы жағаға өтеді. Бала жетектеген әйел жолда болдырып отырып қалады. «Ол айтады: Паромнан түскен соң біз Көлтабан деген ойпаңмен үш шақырымдай жүрдік. Жолдың екі жағы қалың қамыс. Жылға-жылға. Жылға-жылға болатыны ірі мал жол салып тастаған. Сол ірі мал салып тастаған жолмен кейде қой-ешкі де өтіп жүрді. Сөйтіп, сол Көлтабанға түскен кезде мен әлсіреп, балам әлсіреп жүре алмай қалдық. Әлгі бір пұт бидайды тұла бойына орап алған әйел алға түсіп кетті, пысықтау екен. Оның соңынан ілесіп орыс адам, мойнына дорба асынып, дорбаны алдына көлденең салып алған кісі кетті, - дейді. Көлтабанның шұңқыр сайынан өтіп, қырға шығатын кезеңге кезгенде, мойнына дорба асынған, ұзын бойлы, арық, орыс кісі ғана жалғыз шықты... - дейді балалы әйел». Сонымен, Қарағандыдан келе жатқан, сіңлісінің бала-шағасына бидай апара жатқан әйел үшті-күйлі жоғалады. Өлі-тірісі белгісіз. Бүкіл полиция іздеп таппайды. Ал, тұтас ауданда екі-ақ орыс бар. Бірі – дәрігер. Бірі – саяси тұтқын. Коминтерн деген ауылда мектепте сабақ береді. Прокурор Күлтәй істің анық-қанығын әбден зерттейді. Барлық күдік саяси тұтқынға тіреліп тұр. Саяси тұтқынның кім екенін Күлтай жеңеше көп жылдар өткеннен кейін біледі. Сол жылдары Солженицынның шетелден Мәскеуге келе жатқан сапарын бүкіл теледидар көрсетіп, газет-журналдар жарыса жазып жатқан болатын. Сондай бір сәтте Күлтай жеңешеміз өз тұтқынының – Александр Солженицын екенін біледі. Атақты Александр Солженицын. Орыстың заңғар жазушысы, саяси қайраткер. Нобель сыйлығының лауреаты.
Біздің алдымызда Күлтайдың екі тұтқыны отыр. Бірі – қарапайым қазақ. Бірі – әлемге танымал қайраткер, жазушы. Екі тұтқынның психологиясы. Жандүниесі. Қысылтаяң шақта, өмір мен өлім арпалысында өзін ұстауы. Тәрбиесі. Кісілігі. Адамгершілік құндылықтары мүлде басқаша. Қашқын қазақ – қапияда мерт болады. Саяси тұтқын – бейуаз ананың қанын жүктеген қандықол. Болашақ суреткер. Осылардың аражігін сараптағанда көңілге көп күдік ұялайды. Арың мен ұятыңның таразысы қай жаққа басым түсерін білмей, қапы қалады? Шығарма осынысымен құнды. Оқырманды ойсоқты қылып кететін өткірлігімен нәрлі. Сосын да іште кеткен көп сауалдың біріне салихалы жауап алармыз деген ниетпен, бірнеше әдебиетшілердің, жас жазушылардың пікірін сұраған едік. Авторлардың сол пікірін қалпын бұзбай назарларыңызға ұсынып отырмыз. Сөз соңында биыл мерейлі 90 жасқа келіп отырған, әдебиетіміздің абызы Әкім Таразиға мықты денсаулық тілейміз. Әйтсе, эссе жанры әдебиеттанушылар ортасында алғаш рет осылай кең көлемде талқыланып отырғанын да айта кеткіміз келеді.
ТАҚЫРЫПҚА ТҰЗДЫҚ: Күлтәй жеңешем мен Александр Солженицын
Нұрхалық АБДЫРАҚЫН,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің PhD докторы, әдебиеттанушы:
Қазақтың белгілі жазушысы Әкім Тарази атамыздың тамыздың 24 күні «Әдебиет порталында» жарияланған «Күлтай жеңешем мен Александр Солженицын» немесе «Көк аспанда қырағы көз бар» атты эссесі көзіме оттай басылды. Бастабында орыстың жазушысы мен Күлтәй жеңеше қалай бір арнадан тоғысады деп, таңдана оқып бастадым. Қат-қабат эпизодқа құрылған, қатпары қалың эссе мені еш жалықтырмастан өз иріміне тарта берді, тарта берді. Аяғына шықанда бірақ тыныстап, күрең шайды сораптай ой елегінен өткіздім. Иа, Сөз өнері ұлттық рухтың көрінісі. Адамның болмысы ұлттық рух негізінде қалыптасады. Тәнді асыру үшін әр адам тамақ жеуге қандай мұқтаж болса, ұлттық рухта сондай қажет қазаққа. Сөз өнеріне осы ұлттық рух сіңсе жазушы шын қаламгерге айналады. Сөз өнерінің ұлттық ерекшелігі – ұлттың жаны, ойлауы, тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі мен қоғамдық ерекшеліктері көркем шығармада көрініс табуы болмақ. Әкім Тарази атамыз, әне сондай дара талантты, терең толғанатын, кеңінен тон пішетін, ұлттың үзіліп бара жатқан нәзік жанын жүрегімен сезген, қаңсып қалған ұлттық тамырға қайта жан бітіріуге қызмет етіп келе жатқан үлкен жүректі жазушы. Жазушылық түйсік, материал жинауы, бейнелеуі тығыз жымдасқан аталмыш шығарма Александр Солженицынның хикаяты «Иван Денисовичтің бір күнін» Әкімнің группаластары таласа-тармаса, ауыздарының суы ағып оқуымен басталады. Талай жылдарды артқа тастап Әкім Қалихан айтқан бәленше деген кісі «қазақты жер бетінен жою керек» деген мақаласын оқып ыза болып жүреді, сол кезде Александр Солженицынның он миллион данамен тарайтын үлкен гәзетте «Орыс елін қалай көркейтеміз? деген ойын айта келіп, «Қазақтар адамзаттың қас жауы, атқа мінген қазақ тұяғы жеткен жердің бәрін өз жерім деп санайды» дегені Әкімнің ішіне үлкен қыжыл тастайды. Осы уақиға көкірегінде ұзақ жылдар сақталып бітеу жараға айналады, жанын жегідей жеп оған бірдеңе жазуды өз ұлтының алдында азаматтық парызым деп дөңбекшиді, алайда еш қолы жүрмейді, жүрмейді емес жазушыға материал тапшы еді. 70 жылдардың орта кезінде жеңгесі Күлтайдың әңгімесі жазушының сартап болған көне жарасының қоламтасын қозғайды. Жазушының ойлау формасы, логикасы маңызды сонымен бірге оны ақ қағазда бейнелеу одан да маңызды. Әкім атамыз Күлтайдың әңгімесін ауыз екі тіл мен жазба тілдің ортасын ұстай отырып әдемі берген, эссе шынайы да шымыр. Алғашқы әңгімесі Жамбыл облысының Көктерек аудандағы жалғыз әйел прокурордың қашқынды тұтқындауы. Екінші әңгімеде Қарағандылық әкпесі Фурмановкада тұратын аштықтан бұратылған сіңілісіне өзінің бір қап бидайын алып баратынын айтып қуантып хат жазады, алайда әкпесі мерзімді уақттан өтсе де, еш келмейді, зым-зия жоғалады. Көлтабанның құмында алдыда бидайы бар әйел, оның соңында маңдайында тыртығы бар арық сары орыс ілесіп келеді, баласы әлжуаз әйел оларға жете алмай көз ұшында қалады. Сайға түскенде алдыңғы екі ноқат көрінбей қалады, кейін қырға мойнында дорбасы ауырлаған ер адам жалғыз шығады. Бүкіл ауданда екі ғана орыс бар. Бірі - аудандық емханада дәрігер, ал бірі - саяси тұтқын Коминтерн деген ауылда мұғалім. Прокурор Күлтай дәрігер орысты ертіп барып, балалы әйелді куәгерілікке тартады. Бар шындық ашылады. Алайда аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Тілеубердин араша сұрайды. Солай қазанның қақпағы жабылады. Кейінгі жылдарда Күлтай жеңгей баяғыда өзі тергеген оң қабағының үстіне тік түскен тыртығы бар арық сары орысты теледидарда көріп таң қалады. Орыстың атақты жазушысы Александр Солженицын. “Әй, мынау әлгі әйелді өлтіруге күдікті болған орыс емес пе!” - деп, орнынан атып тұрады, Күлтайдың күйеуі Өмірұзақ басып тастайды. Ерді пірім деп сыйлаған қазақ әйеліне тән тектілікпен тағыда жабулы қазан ашылмайды. Бұл әңгіме Әкім ағамыздың жадында тұншығып жатқан жанар тауларын оятады. Шынымен де үлкен адамнан кішкантай қылмыскер шыға ма? Күлтай жеңгем өз аузымен басынан өткен сол шындықты бір емес, үш рет айтты. Әкім түнгі сағат үште шошып оянды, жазбаса болмайды. «Жазбасам қарыз болармын» өзімен өзі арпалысқа түседі. Шығарма тақырыбында үлкен сыр бар «Көк аспанда қырағы көз бар» деп Құдіреті күші Алла-Тағала бәрін көреді, біледі, еш қалғымайды, ОЛ қараңғы түнде қара құмырсқаның аяғын көреді, сыбдырына дейін еститінін жақсы білген қарт жазушы Әкім француз жазушысы О.Бальзак сияқты ой қазанында әбден пісіріп, ұзақ толғанып, асықпай жазатын әдетімен оқырманға ащы шындықты көркем образбен жеткізген.
Шығармадағы меннің ұстанымы, Александр Солженицын, Күлтай бейнесі, Қалихан тағдыры, М.Лермонтовтың биіктігі, М.Шолоховқа жабылған жала тағы басқа эпизодтар қабат қабат, бірінің ішіне бірі кірігіп бүгінгі модернистік әдебиеттің детелдарын береді. Кәдімгі асау да алып теңізде толқынды қуалаған балықшыдай бір иірімнен екінші иірімге кете бересің. Мәскеудегі курсант Әкім болмысы, ұлтына жасалған шабуыл жас жазушыны дір еткізеді, тебіреніс, кейінгі күндерде Александр Солженицын туралы ұзақ ойлардың жалғасуы, Күлтайдың әңгімесі қаламгердің ішкі толқынысын шегіне жеткізген. Жазушының мол білімі, тереңдігі, ойлау қатпарының қалыңдығы, әдебиетке деген адалдығы, ұлтына махаббаты кім-кімді де бей-жай қалдырмайтыны анық. Десе де, қарттықтың табы шығармада аздап байқалатындай. Күлтайдың қашқынды тұтқындауы, судан өткізуі, тергеуі, өлімі. Екінші әңгімедегі Александр Солженицын қылмысы, Көлтабан құмындағы жан арпалыстар, ішкі толқыныстар әлі де болса бір қайнауы ішінде сияқтанды, сонымен бірге сөздің қайталануы байқалады. Әрине ол жазушының биік тұлғасына еш әсерін тигізбесі хақ. Жазушылық түйсігі биік, шығарма жазу теориясы анық, шығармадағы өзіндіқ стильі қалыптасқан ұлт рухының жоқтаушысы Әкім атамыздың аталмыш эссесі сәтті шыққан туынды. Қарымды қаламгер ағамызға мықты денсаулық тілейміз. Жазушы қоғамның күзетшісі әр қалам иесінің өзіндік ішкі түйсігі, ойлауы, рухқа бойлауы, көз алдында өтіп жатқан уқиғаны тікелей және жанамалай түйсінуі, қиялдауы, шығармашылдық түйсігі болады, оған әрине құрметпен қараймыз.
Әлмир ҚАЛИ, әдебиеттанушы:
Қазіргі әдеби сын ұзақ уақыт қайралмай қалған кездіктей қайраты кем, дәрменсіз, кейде тіпті майдансыз көрінеді. Қолдау көрмей кеткен шығармашыл қауымның меселін жықпау үшін бе?.. Ар ісіне ғұмырын арнаған қауымда да «бармақ басты, көз қысты» кеселдің таралғаны ма әлде «өсетін елдің баласы бірін-бірі батыр дерге» салыну ма?.. Әлде осының бәрі бар ма?.. Әйтеуір қазіргі әдебиет төңірегіндегі толғамдарда бұрынғыдай өткірлікті көре бермейміз. Орынды пікір болса, неге қасқайып тұрып айтпасқа?!
Әкім Таразидың «Күлтәй жеңешем мен Александр Солженицын» атты эссесін алған әсерім алдымен осындай ойларға жетеледі. Естелік-эссе, хикаят-эссе десе де болғандай. Өткен дәуірдің нағыз әдеби майданын көзімен көрген қарт қаламгердің бұл туындысы тұтас ойымен де, әр тұсындағы астарлы штрихтарымен де таланттың негізгі қозғаушы күші батылдық екенін қайыра еске салады. Автордың азаматтық позициясы айқын, көзқарасы батыл. Сондығымен де бұл туынды – нағыз эссе.
Өнер тарихында даңқ пен дақпырттың, дарындылық пен әккіліктің таразыға түскен таласты сәттері көп-ақ. Әлі де бола береді. Біртуар өнерпаздың бойында да дарындылық пен пендешіліктің қатар табылуы – өкінішті парадокс. Жалпы Солженицын феномені өнердегі шығармашыл тұлғаның рухани мінсіздігі туралы біржақты идеалистік түсінікті шайқалтып кеткендей. Әкім Тарази эссесі соны тағы бір мәрте паш етті. «Күлтай жеңешесінің» куәгерлігімен әңгімеленетін қылмыстық уақиғадағы жазушы бейнесі бірыңғай жағымсыз. Таразының бір басында ашығып қалған туыстарына жан ұшыра асығып келе жатқан әйел болса, екінші басында – бір пұт бидай... Коминтерн (!) ауылында бала оқытқан (!) айдаудағы орыс зиялысының жаңағы әйелді бір пұт бидайға бола өлтіріп кетуі және сол сұмдық қылмысының жылы жабылып қалуы жағдайларын отаршыл психология шеңберінде зерделей түссе, ұзағынан толғарымыз анық. Қашқын қазақтың көнбістігі мен аянышты өлімі, қандықол қылмыскердің жазадан құтылып кетуі жайындағы үзік әңгімелер арасында да ойша салыстыру жоқ емес. Қалиханның балалық шағынан қасіретті естеліктерден де ұлт қасіретінің кермек дәмін сезіндік. Эссе құрылымындағы өр рухты Лермонтов, заңғар тұлғалы Шолохов туралы толғамдардың лирикалық иірімдері парасат пен жан тазалығы жайлы шуақты сезімдерге толы.
Қалай десек те, «Иван Денисовичтің бір күні» секілді бір туындысымен-ақ ірі қоғамдық-тарихи құбылыстарға ықпал ете алған А.Солженицынның жазушылық қабілет-дарынына шүбә келтірмейміз. Тұтқындағы тіршілік ағысын нақыштап суреттеуі, баяндау лебіндегі бунтарлық рух бұл әңгіменің (хикаят деушілер де бар) өз дәуірінде айрықша айтулы шығармалар қатарынан орын алуына мүмкіндік берді ғой. Сондықтан оның көркем туындылары жазушының биографиясынан тыс өмір сүре береді.
Жәудір НАРТАЙ, жазушы:
Жақында «Әдебиет порталына» жарияланған заңғар жазушы Әкім Таразидің «Күлтай жеңшем мен Александр Солженицын» атты эссесін оқып шықтым. Оқыдым да, өзгеше ойға шомдым, бір жағы таңданысым да, жоқ емес. Алғаш жазушының «Андрейін» оқығанымда да осыған ұқсас күй кешкем. Әкім Тарази шеберлігіне тән реалистік көзқарас пен зерделі зерттеу, адамның ішкі болмысының ақтарылуы мен оқиғалардың шиеленісуі, сұрағы мен жұмбағы көп өмір суреттері Ә.Таразидай суреткердің шеберлігіне ғана тән ұстан ғой. Әдебиеттің көркемдік биігіне жеткен қаламгерге қалай тамсансаң да жарасар. Оның несін жасырамыз, бұрын-соңды орыс жазушысы А.Солженицыннің шығармашылығына жалпы өмір дергіне қызығушылық танытпағанның бірімін. Мұны мен жазушылар легіне енді қосылып жатқандығымнан деп ақтамаймын, мен расымен мұндай жазушының барын білгенім жоқ. Мен үшін орыс әдебиеті Шолохов пен Чехов басталып, бертін келе Шукшинмен саябырлағандай көрінетін де тұратын.
Ал Солженицин кім?
Гуглді аштым да алдымен Александр Солженицын кім деп жаздым. Википедия алдыма қаба сақалды, маңдайынан оң қабағының үстіне тік түскен тыртығы бар кескін-келбеті суықтау адамның өмірдерегін алдыма жайып салды. Солженицын – Кеңес Одағында коммунистік жүйе үшін қауіпті диссидент деп танылған және көптеген жылдар бойы түрмеде отырған көрнекті орыс жазушысы және қоғам қайраткері екен. Оның «Гулаг архипелагы», «Матренин двор», «Иван Денисовичтің бір күні», «Рак корпусы» және т.б. кітаптарымен оқырманға кеңінен танымал болған және әдебиет бойынша Нобель сыйлығының лауреаты атанған аты дардай жазушы екен. Ол неге сотталды, және қайда жазасын өтеді деп және сұрақ қойдым желіге? 1950 жылдары Қазақстан жерінде саяси тұтқын болып жазасын өтеген деген ақпар тағы шықты алдымнан.
Апыр-ай ааа деп ойланып қалдым, мені ойға батырған да осы дерек, суреттегі кісінің маңдайынан оң қабағының үстіне тік түскен тыртықты тағы да үлкейте түстім. Шығарманың өне бойын ашып тұрған көптеген оқиғалар мен суреттеу болса, Күлтай жеңшенің маңдайынан оң қабағының үстіне тік түскен тыртық дегені қайта-қайта еске орала береді екен. “Мынау баяғы мен тексерген, мен күдіктенген кісі сол ғой!” – дегені, құлағыңның түбінде жаңғырып тұрып алады. Күлтай жеңшемен бірге сенде иә мынау сол адам ғой дегің келетін сияқты. Және сол адамды қуып жетіп, сонау Қарағандыдан сіңлісінің төрт баласына, аштан өледі ғой деп, бір пұт бидай алып келе жатқан әйел қайда жоғалды? “Бір пұт бидай арқалаған әйелді қайда жібердің?” - деп сұрағың келетіндей. Адам ойының да осынша шарықтауы ма, әлде шын айыпты адамның бейнесі осы ма, әлде бұл өз ойыңның қылмысы ма түсінбей дүдәмал боласың.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Арман – Алла мен адамның тіл қатысатын тұсы
Жазушы жаны деген қызық ғой, оқиғаны жазғанда адамның ар-ожданын, ұятын, күнәсін ақтарып, оның сыртқы характерін түгелдей ашып жазбасаң жазушы болармысың. Ал оны Әкім Таризша жазу, және зеріттей жазу да сөзсіз зор талантты керек етеді.
Сонау зобалаң жылдардың ащы шындығын шыңғыртып жазу үшін кейде осынша уақыт, тағдыр талайы керек болды ма деп ойлайсың. Аштық, ашкөздік, өзіңді-өзің өлімнен арашалау инстинкі не істетпеген адамға? Тіпті қазаққа да өз баласын өзі жегізген жоқ па?
Бір пұт бидай бір қап алтыннан қымбат еді ғой! – деген Күлтай жеңшенің сөзінде, қаншама шындық, қаншама қылмыс, қаншама көз жас қалды екен деп тағы да ойға батып отырмын.
Есбол НҰРАХМЕТ, жазушы:
Биыл тоқсанға келіп отырған ақсақалымыз, жазушы Әкім Тарази атамыздың «Күлтәй жеңешем мен Александр Солженицын» атты эссесін оқыған сәттегі сезім Таразидің өзге де шығармаларын оқығандағыдай, ауыр бір қынжылысқа, мұңға батырады. Прозалық көркем шығармаларын оқығанда автордың қаталдығына жаның ауырса, эссені оқып, авторды түсінесің, автор қаталдықты өмірден үйренген екен. Әсіресе «советтік өмір» дейтін ит басына да құдай жазбаған сұрқия, сүркей өмірдің суретін көресің. Шығармаларын көбіне терең психологияға, символикаға құратын автор бұл эссесінде де айтар ойын тіл ұшына ғана әкеліп бүгіп қалады. Бұл тәсілден өзіме екі нәрсе түйдім. Біріншісі, оқырманға ойлануға мүмкіндік қалдыратын баяғы жазушының кәнігі әдеті; ал екіншісі, жазушының әдебі, бойына біткен бекзаттығы. Ол онсыз да түсінікті дүниені жеріне жеткізе айтамын деп өзеуремейді, оны былай түсінбе, былай түсін деп ойыңызға жармаспайды, қысқасы жеткізетін жеріне жеткізіп тастаған жолбасшыдай сіздің әрі қарайғы әрекетіңізге аралспай аулақ тұрып қас-қабағыңды бағады.
Аталған эсседе деталь көп, оқиға көп. Әрине, соңғы түйін түсінікті, сондай қатал заманда да өшпеген ұлттың бөлек болмысы, дархандығы, адами қасиеттері бір көрінсе, екінші бір жағынан, заманның кей адамды билеп, төстеп кететінін көрсетеді. Бұл әсіресе Қалихан Ысқақтың туысқаны туралы айтатын жерінде анық көрінеді. Жүректі ауыртып, көзіңе жас әкеледі.
Автор әдеп сақтап, біздің өзімізге де ойлануға мүмкіндік қалдырған соң, өзім түйген тағы бір нәрсені айтқым келеді. Бұның біріншісі Солженицынның өмірі туралы. Ол өзі әуелде сол қатал империяны сынап, мінеген, либреалды құндылықтарды жақтаған гуманист жазушы ретінде танылып еді әлемге. Эсседе айтылып отырған оқиға міндетті түрде әлемнің назарына ұсынылуы керек деп білемін. Тек қазақ қана емес, жазушыны танитын бүкіл оқырман бұл оқиғаны да білуі тиіс. Ал сонда барып, Солженицыннің ойларына, шығармаларына шынайы талдау жасауға болады. Ал, маған оқырман ретінде, Солженицыннің әрекеті әлдебір ата-анасына өкпелі, ақылы толмаған жасөспірімді елестетеді. Жасөспірім ата-анасының осынша қамқорлығын, ақыл айтқыштығын түсіне алмайды, «ата-анам мені түсінбейді» деп ұғады, ал ата-анасы да өспірімнің санасында тегі не болып жатқанын ұға алмайды. Тура сол секілді, қазақ деген халықтың осынша дархандығын, осынша аңғалдығын Солженицын түсінбейді, түсінбеген соң жеккөреді. Ол өзін совет қоғамындағы ең бір либерал, гуманист адам ретінде көреді де, екінші жағынан өзінен өткен гуманист, әрі адал, аңғал адамдарды кешіре алмайды. Және өзінің сол халықтың бір өкіліне жасаған қиянатын ойлап, іштей күйінеді. Күйінгенде сондай біреуге қиянат қылдым-ау деп күйінбейді, керісінше өзінің сондай қиянатының куәгері болған қазақ даласын, қазақ адамын жек көріп күйінеді. Өзі адамшылық сынынан өте алмаған мекенде, өзегелер де ондай сыннан сүрінбей өтпеуі керек деп біледі. Өзім осы эссені оқыған соң, әлемге танылған Солженицын туралы осындай бір ой түйгендей болдым. Эссе авторының, яғни Әкім ағамыздың айтқысы келетіні де осы шығар.
Әкім ағамыздың шығармашылығының басым бөлігі советтік қоғамның қаталдығын, совет адамының болмысын ашуға құрылған. Жалпы жас буынға, советтік кезеңдегі тарихты, әлеуметтік психологияны, жеке психологияны зерттеп жүрген ғалымдарға Әкім Таразидің шығармаларын оқуды ұсынар едім. «Жүз жылдық Француз революциясын Бальзактай суреттеген жан жоқ» дейтін сөз бар, мен осыны «70 жылдық советтік езгіні Әкімдей суреттеген адам кемде кем» деп қолданар едім.
Жантас ЕРКІН, жазушы:
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Халықаралық Ф.Кафка атындағы сыйлық иегері, жазушы Әкім Таразидің кезекті шығармасын оқыдық. Оқыдық, та-таң тамаша күйде қалдық. «Таң-тамаша» деген әдеттегі қуану мен қайғыру емес. Бұл бөлек сезім. Жаныңның жартысы сонау алыстағы бір белгісіз аралды кезіп кеткен сияқты сезім.
Туынды «Күлтай жеңешем мен Александр Солженицын» деп аталыпты. Тақырып таңдауда асқан қырағылық танытатын Тарази талғамы бұл жолы да сәтті атау қойған. Ал оның мазмұны тақырыптан да терең. Шығарманы нақты бір жанрға тели салу үлкен қателік болар. Себебі шығарма бірнеше жанрды қамтыған. Очерк, мемуар, нон-фикшн, детектив, психология. Автор өз оқырманымен шахмат ойнайды. Және әр жүрген сайын бірнеше қадам алдын-ала ойланады. Сіз аталмыш шығармада Әкім Үртайұлының қай шиеленістен шығып, қай шиеленіске кірерін білмей дал боласыз. Ақыры соқа басыңыз сопайып, шығарманың өз жетегіне ересіз. Туынды сізді баурап алып, тұңғиыққа тарта береді. Әр басқан сайын – «тосын сый».
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Әкім Тарази әлемі
Шығарма – адам деп аталатын инстинкті жаратылыстың жан түкпірінде жатқан қараңғы бұрышына шаммен үңіледі. Және осымен құнды. Қазақ деген қаймана елдің ащы трагедиясы арқылы адамзатқа ортақ үндеу тастайды. Ол үндеу - гуманизм. «Халықтың да мүлгіп кететін кезі болады. Сол кезеңнен қаз-сақ та өтті», - дейді Әкім Тарази. Сол мүлгіп кеткен халықтың басына шығып, салт-санасын таптағысы келген Сталин жүйесін аямай сынайды. Шолохов пен Солженицын, Лермонтов пен Мартынов, орыстар мен қазақтар, Кеңес пен Қазақстан. Міне осындай сол кездің қарама-қайшылықтарын салыстыра отырып, автор тікелей Қасиетті кітаптарға сілтеме жасайды. «Біз әрқайсымыз жерде жұмақ орнатамыз деп, пайғамбарлар атын жамылып, бедел жинап алдық» - деген астарлы ойды оқырман назарына салады. Біз шығармадағы Солженицын бейнесінен дәл осы кейіпті көреміз. ХХІ ғасырда ғана танылып, Нобель сыйлығының иегері атанған даңқты жазушыны жалпы адамзатқа ортақ құндықтармен аямай сынайды. Сынайды да, әділ төрелігін халыққа қалдырады. Әкім Таразидің бұл шығармасы дүниеге келмегенде, бәріміз А.Солженицынді «гений» деп жүрер ме едік, кім білсін. Тарихтың қалтарыс-бұлтарысындағы барлық қатпарлар ашылу керек. Бұл да Солженицынның сыбағасы делік.
Біздің назарымызды тағы бір аударған нәрсе - Әкім Таразидің теңдессіз суреткерлігі. Автор бірінші жақтан баяндай отырып, үшінші жаққа түсіп, сосын үшінші уақыттық кеңістікке өтіп, шығарманы сан құбылтады. Әсіресе Солженицыннің әйелді қуған сәтіндегі картина адам қылмысының үлкен шыңын көрсеткен сәт болды. Көзіңді жұмсаң, айнымай келеді. Мұндай картиналар әдебиеттің бетінде сирек кездеседі. Дәл Э.Мунктің «Айғайы» сияқты – ұлттың жан дүниесіндегі айғай.
«Біраз жер жүрген соң, бұны түсініксіз сезім билей бастады. Асқазан шұрылдады. Содан кейін әлдебір қомағай тәбет жалын санасын шарпып өтті. «Бұл не сұмдық? Бұндай сұғанақ сезім менде болмаушы еді ғой... Анау, тіпті, бұдан қашып бара жатыр... Енді оның соңына әдейі түскендей, қатты-қатты басып келе жатқанын ұқты бұл. Ұқты да жүрісін сәл баяулатты. Анау әйел байқұс артына бұрылып қарады, оның бүкіл болмысында, бүкіл денесінде, бүкіл шүмиген бетінде «маған тие көрме!» деген жалыныш бар. «Мен оны қуып келе жатқан жоқпын ғой... Мен... өзіммен өзім жәй ғана басып келе жатырмын ғой... Анау менен неге қорқады?».
Қалай айтсақ та, Тарази тағылымы бізді жетектеп, шындық пен ақиқатқа қарай бастап келеді. «Мұстафа Шоқайы» болсын, «Андрейі» болсын – сонау зұлмат заманды асқан гуманистік деңгейде көрсете білген әлемдік шығармалар. Енді оның қатарына міне «Күлтай жеңешем мен Солженицын» қосылып отыр. Орыс сыншылары арасында «Достоевскийге дайын болу керек» деген тәмсіл бар. Әкім Үртайұлын оқымас бұрын әр оқырман моральдық тұрғыдан дайын болу керек деп есептеймін. Өйткені автор, кейіпкерлерін де, өзін де аямайды. Шындықты шырқыратып, әр кейіпкерінің жан дүниесінен суырып алады.
Тарази тағылымы - тәуелсіздіктің жаршысы. Өткен мен болашақты жалғар алтын көпір.
Бөлісу: