Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Әкім Тарази. Күлтәй жеңешем мен Александр Солжени...

24.08.2023 2330

Әкім Тарази. Күлтәй жеңешем мен Александр Солженицын 14+

Әкім Тарази.  Күлтәй жеңешем мен Александр Солженицын - adebiportal.kz

Көк аспанда қырағы көз бар

Эссе

Бірге оқитын жігіттер Солженицыннің хикаятын көп кешікпей «Новый мирден» көрді. Бірінен-бірі сұрап алып оқыды. Мен де оқыдым, әрине, «Иван Денисовичтің бір күнін». Арамыздағы москвалықтар мен ленинградтықтардың ауызынан сілекейі шұбырып, көздерін ашып-жұмып таңқалып, «ана жерін байқадың ба, мына жерін байқадың ба» деп біріне-бірі сұрақ қойып, екі-үш апта тамсанумен болды.

Мен өте таңқала қойған жоқпын. Оқудың өзі де қиын екен. Оқиға өте баяу. Бірақ, іштей ойладым, мүмкін, осылай баяу, тәптіштеп айту керек шығар, бірден шаба жөнелу дұрыс емес шығар, бірден шаба жөнелсең, баратын жеріңе жете алмай қалатын да шығарсың» дегендей өзіме-өзім ақыл айттым. Ең ұзақ жолға өгіз арба немесе түйе керуен ғана қапысыз жеткізеді деген сияқты, шығыс адамына тән философиямен өзімді өзім алдандырып қойдым. Сөйтіп жүргенде, жігіттердің біреуі аудиторияға еліріп кірді:

-Әй, балалар, бүгін Солженицын «Современник» театрында болады екен. Дәрістен сұранып кетейік, барайық сонда, көрейік Солженицынді, - деді. Мен еліге қойған жоқпын. Түстен кейін сағат үштерде біздің дәрістер аяқталатын. Сағат он екілерде аудитория босап қалды. Азиядан барған бес-алтауымыз жәй әңгімелесіп біраз отырдық та, кітаптарымызды, дәптерлерімізді жинап тарап кеттік.

Арамызда түрікмен, өзбек, тәжік, қырғыз бар еді. Бізге сол әңгіме онша қатты әсер ете қойған жоқ. 

Ертесіне москвалықтар, ленинградтықтар, кавказдықтар көздері аларып, үлкен бір сұмдық оқиғаға куәгер болғандай қайтып келді. Ол кезде Совет Одағында бірінші рет ашылған СССР Мәдениет министрлігінің киногерлік Курсы өте беделді болатын. «Современник» театрына біздің «балаларды» куәлікпен кіргізіпті. Ентігіп барғандар модаға жаңа кірген Солженицынді көріпті. Арамызда Владимиров деген москвалық бар еді, ол тіпті атақты «жұлдызбен» қол алысып, бірнеше сұрақ беріп үлгеріпті.

Сонымен, не керек, бірте-бірте ол оқиға басылып, өзіміздің күнбе-күнгі тірлігімізге берілдік. Солженицын дүрілдеген үстіне дүрілдей берді. Ақырында ол Совет үкіметінің өзімен арпалысқа түсті деп ести бастадық.

Ақырында, шетелге кетті. Оны да естідім. Сонымен қалды. Алматыға келген соң мен ол жазушының «В круге первом» деп аталатын романын мұқият, өз әдетім бойынша, бір айдай асықпай оқып шықтым. Бірақ, бастаған соң, әрине, оқып шығу парыз. Менің әдетім, алдыма қойған қағидам сол. Тіпті, құдай атып кеткен, дарынсыз біреулер қолжазбасын әкеліп берсе, бірінші бетін оқып лақтырып тастағым келіп тұрса да, осыған қиянат жасамаймын, ертеңгі күні пікірімді сұраса адал болайын деп, ең соңына дейін оқып шығатын, бір жолын қалдырмайтын, бір сөйлемін жібермейтін әдетім. Сол әдетіме салып оқыдым. Ештеңе есімде қалған жоқ.

Осы күні ойлаймын, дәл қазір ойлап отырмын. Оқиғасы қандай еді? «Атақты» 37-жыл ма, 39-жыл ма? Айдауда жүрген ғалымдар бірден-екіден бөлек-бөлек бөлмелерде тұрады. Бас кейіпкер бір бөлмеге барады, ол жердегі әңгімені тыңдайды, одан шығып екінші бөлмеге барады, ол арада болған әңгімені тыңдайды, одан үшіншісіне барады. Бүкіл романда бір ғана сәт бар, кейіпкерлерінің біреуі – Москва түбіндегі бір қалың орманның ішіне, бір жағдаймен барады. Одан қайтып келе жатады. Сол арада бір әдемі суреттер бар. Менің жаныма жаққан суреттер... сол сурет қалды. Электр пойызбен әлгі кісі қайтып келе жатады. Есімде сол бар. Одан басқа ештеңе қалмаған. Сонымен, жарайды, бұл әдебиет те қоғамның бір бөлшегі ретінде керек шығар дедім де қойдым. Көбінесе сөзбен, қаңқу сөзбен немесе мақтау сөзбен пікір қалыптасып жататыны белгілі. Және де осы күні біреу білсе, біреу білмейді: ол кезде бізді партия басқаратын. Сол партияның рұқсатымен кейбір құпия мекемелерде «қоғамдық пікірді басқару» деген бөлім болатын. Еміс-еміс еститін едім, бірақ мән бермейтінмін. Қоғамдық пікірді қалай басқаруға болады, оны мен түсінбейтін едім. Және, солай болған күнде де, оның маған ешқандай қажеті жоқ еді.

Өзіммен-өзім арпалысып жүрген кезім. Әлдебір кітаптан оқыдым ба екен, әлде біреудің әңгімесінен туды ма екен, өзін-өзі басқару деген «теория» сияқты бірдеңе шығарғаным есімде. Бір қалың дәптердің сыртына «Самовоспитание» деп жазып қойғам. Бірақ, ішінде бір сөз жоқ. Ол дәптер кейін қайда қалғанын да білмеймін. Бірақ, мен өзімді-өзім тәрбиелеп жүрген кезім, өзіммен-өзім әуре. Дж. Селинжердің «Банан балығының бақытты күні» деген шағын әңгімесі бар. Соны қайта-қайта оқып жүрдім. Э. Хэмингуэйдің «Ыстық Африкадағы суық қар» деген этюді бар. Қандай шеберлік деп соған сүйсініп жүрдім. Бірақ, еліктіріп алып кеткен емес. Менің негізгі оқитыным орыс әдебиеттерінің классиктері: Толстой, Чехов, Лермонтов, Пушкин, Тургенев, Шолохов. Оларды жатқа білем десем болады. Шынын айтқанда, қазақ әдебиетін онша менсіне бермейтін едім. «Ер Тарғын» жырын ғана анда-санда қайталап оқитын едім.

Мұхит жағасында құмдауыттың үстінде бір кісі жатыр. Өмірде ешқандай арманы жоқ, бай десең бай, дүние жеткілікті. Өзіне жетерлік, өзіне жарасатын атақ-даңқы да бар. Бірақ, ол сол күні өз көзін өзі жоймақ, соған бел шешпек, ойланып жатыр. Мұхитта бір балық болады екен. Мешкей балық. Ол балық әбден тойынып, майға бөгіп, малти алмай қалады екен. Содан кейін ол балық жарылады екен. Селинжер сол балық сияқты кейіпкерінің жарылған сәтін ғажап суреттейді. Бұл әңгіме тікелей Чеховтың әңгімелерінен туған сияқты болып көрінді маған. Өмірде мақсат қалмаған адам. Жәй ғана жүрген көптің бірі. Ал, адамды алға қарай жылжытатын ол – мақсат, мақсат, мақсат... қой деп ойлайтынмын.

Әр жазушының шығармашылық кезеңі де, балалық (мен адамның жасын айтып отырған жоқпын, санасының балалық кезін айтып отырмын) кезеңнен, бозбалалық кезеңнен, жігіттік кезеңнен, кісі болған кезеңнен және егде тартып, басқаларға ақыл айтуға көшетін ақсақалдық кезеңнен тұрады деп ойлаймын. Тағы да қайталап айтамын, мен оны адамның он жастан жиырма жасқа дейінгі немесе қырық жастан елу жасқа дейінгі кезеңге бөліп отырған жоқпын. Мен шығармашылық кезеңін айтамын. Сондай кезеңдерден мен де қиналып жүріп өттім. Өзіммен өзім күндіз демей, түн демей арпалысып жүріп өттім. Мен ешуақытта өзімді-өзім жақсы көрген емеспін, ешуақытта өзімді-өзім болдым, толым деген емеспін. Мен күндіз жұртпен әңгімелесіп жүргенде, түнде ұйықтап жатқанда, тек әдебиет деген сайқал-сұлуды бағындырумен, сонымен күресумен, соның бір жымиған, беріле жымиған сәтін аңдып, соның соңынан еріп жүрген адаммын.

Сөйтіп жүріп, ер жеттік. Ал, бұл жолғы ер жету деген әдеби ұғым емес, адами ұғым. Күндердің күнінде, менің құрдасым Сәкен Жүнісов Жазушылар Одағында кездесіп:

- Әй, Әкім, оқыдың ба? – деді.

- Нені? – дедім.

- Анау, Солженицын деген қазақты масқара қылыпты ғой, - деді. – Мен оны дуэльге шақырам, іздеп барам, әкең... – деп қатал-қатал сөздер айтты. – Атып тастаймын мен оны барып! – деді. 

Сол күні тауып алып, оқыдым. Совет Одағындағы ең үлкен газет, 10 миллион данамен тарайтын газетте Солженицыннің үлкен мақаласы шыққан екен. Совет Одағы амал жоқ тарайды депті, тарағаны тарасып, баратындары барсын депті. Ана халықтарды да бостандыққа жіберу керек, олар сондай, жақсы, олар баяғыдан бері бостандықты қалап жүрген халық. Оларды жіберейік. Аналарды да жіберейік, себебі олар христиан дінін ұстанып отырған халық депті. Ал, аналарды да жіберейік. Олардан бізге пайда жоқ депті. Деп, деп келіп, ақырында, қазаққа қатты шүйлігіпті. Бұлар адамзаттың қас-жауы, атқа мінген қазақ, атының тұяғы жеткен жердің бәрін өз жерім деп сынайды. 

Соның алдында ғана Қалихан: Бәленше деген кісі қазақ халқын жер бетінен жою керек деп жазғанын білесің бе? – деген. Мен сол мақалаларды іздеп, тауып алып, оқып, ыза болып жүрген кезім еді. Солженицыннің мынау мақаласы... «Орыс елін қалай көркейтеміз?» деген ойын айта келіп, осылай біткенде, мен, әрине, Солженицынді жақсы көре алмадым. Сәкен досым сияқты тез күйіп, тез жанатын мінезім жоқ. Іште қалды бір кіжіл, бір ашу. Бірақ, менің ашуым, көбінесе, философиялық ұғым. Жек көруім мүмкін, бірақ мен оны философиялық биік деңгейге көтеріп барып қана жек көруім мүмкін. Ол Әкім Таразидің ғана дұшпаны емес, бүкіл шындықтың дұшпаны болса, адалдықтың дұшпаны болса, адамзаттың дұшпаны болса жек көру заңды. Мен жеке өз басымның дұшпандарын ешуақытта жек көрген емеспін. Жиіркенетінім рас. 

Сонымен, солай жүріп жатқанбыз. 70-ші жылдардың орта кезінде Өмірзақ ағам мен Күлтәй жеңешем мені іздеп тапты. Олар әлі бар, тәуба. Өмірзақ Жәлімбетов деген кісі, әкемнің жақын інілерінің бірі. Әкемнің тәрбиесін көрмесе де ақылын тыңдаған. Күлтәй жеңешем көпті көрген. Ұлды, қызды. Немерелі, шөберелі. Екеуі осы күні Алпамыс пен Арузаның атасы мен әжесі болып жүр. Күн сайын болмаса да, апта сайын олар мені іздейді немесе біз оларды іздейміз. Қуанышымыз да ортақ, қайғы-мұңымыз да ортақ. Әбден таныса келіп, араласа келіп, күндердің күнінде Күлтәй жеңешем өз өмірбаянын асықпай, тәптіштеп отырып айтатын болды. Өзі бір ғажап кісі. 

Жамбыл облысының Көктерек ауданында прокурор болған, жаңа түскен келін кезі. Прокурорлар ол кезде форма киетін. Погон сияқты иығында, жағасында оқалы алтынды-күмісті белгілері болатын. Сол Күлтәй жеңешемнің өзі туралы айтатын бір күлкілі жағдайы бар. Аудан орталығы шағын ғана село, ол кездегі аты Фурмановка, қазіргі аты Бірлік. Сол Фурмановкадан, қазынаның үйінен таңертеңгі сағат 7-8-дерде шығып, мекемесіне қарай жаяу өтеді екен. Жол бойында ешкімге қарамайды, ешкіммен сөйлесіп, тоқтап тұруға қақысы жоқ, себебі бүкіл бір ауданның прокуроры! Басына іс түсіп жататын адамдар көп. Біреу біреуге тәуелді, әсіресе, заң қызметкерлеріне жұрттың бәрі үрке қарайды, шоши қарайды. Себебі 37-жылдың қара дауылы қайта соға бастаған. Ызғар. Қатал ызғар ел ішін елеңдетіп тұр. Сотталушылар көп. Нахаһ кетіп жатқандар көп. Күн-Көсемнің тірі кезі. 

Қара дауылдың соңында қалған өртенген үйдің, өртенген орманның қалдық-тұқылы сияқты ел жарықтық есеңгіреп тұрған кез. Күлтәй жеңешем прокурордың оқуын жаңа ғана бітіріп келіп, бірден аудандық прокурор болып тағайындалған кезі. Кімге қарасын. Кімді менсінсін. 

Үйінен шығады, тік тартып, кеңсесіне келеді, үлкен орындығына жантайып отыра кетеді. Сондай кезі. Бір күні бір үйдің есігінің алдынан өтіп келе жатса, 5-6 кемпір отыр екен. Біреуі Күлтәй жеңешеме: 

- Әй, бала, тоқта! – депті. Бұл кісі «Әй» деген сөзді ұнатпаса да тоқтайды. Үлкен кісілер ғой деп, қазақпын ғой деп. 

- Сен, өзің неге сонша қайқаңдап бара жатырсың? – депті әлгілердің бірі. - Ары өтесің, бері өтесің. Біз осы жерде отырамыз. Сәлем беру жоқ сенде. Біз мынау отырғандар, Қапалдың кемпірлеріміз. Сен біздің келінімізсің. Неге сәлем бермейсің бізге? – депті.

Оқырман біле бермес, әрине, Қапал деген менің түп атам. Аллаға тәуба, осы күні 50-60 мың адам Қапал деген батыр бабаның ұрпағымыз деп санаймыз. Бірақ, осы 50-60 мың адам осы күнге дейін қыз алысып, қыз беріспейді, өте жақын туысқан болып саналады. Қапал Қапалмен кездессе, құшақтасып амандасады. Сондай атаның келіндері... Сонымен 5-6 кемпір Күлтәй жеңешеме сөгіс жариялайды ғой. Сонда Күлтәй жеңешем айтыпты:

- Сіздер менің прокурор екенімді біліп тұрсыңдар. Себебі, менің мынау оқалы жағамда белгі бар, - депті. – Ал, енді мен сіздердің Қапал атаның кемпірі екендеріңізді қайдан білем! Маңдайларыңызда: «мынау қапалдың келіні!» - деген жазу жоқ қой, - депті. 

- Менің сол сөзім бүкіл ауданға тарап кеткен еді. Кейін талай-талай алдымнан шықты ғой, - деп күліп қояды Күлтәй жеңешем.

Күлтәй жеңешем айтқан көп әңгімелерінің ішінде, әсіресе, екеуі, он-он бес жылдан бері көкейімнен кетер емес. Талай-талай жазбақ болдым, отырып та көрдім, қолым жүрмеді. Бүгін таңертең көрген түсіме байланысты, тағы да толғанып, міне, енді қолыма алдым.

* * *

Күлтәй жеңешем сол Көктерек ауданында прокурор болып тұрған кез. Облыс орталығы Жамбыл қаласында үлкен бір жиналыс өтеді. Сол жиналыстың үстінде, облыстық прокурор Күлтәй жеңешеме салық қылғандай, міндет қылғандай қатты сөз айтады.

- Көктерек ауданында отанын сатқан біреу қашып жүр. Ол туралы біздің аудандық прокурор ештеңе білмейді, - деп айтып салады.

Әрине, қашқындарды қудалау прокурордың міндеті емес. Қашқын шықса оны табу, ұстау, соттау басқа құзырлы мекемелердің міндеті. Соларды айтпай, менің атымды атағаны жаныма қатты батып жүрді дейді жеңешем.

Ол кезде Көктерек ауданы арқылы өтетін теміржол жоқ. Көктерекке баратын адамдар Шу станциясы арқылы ғана қатынайды. Ол кездегі колхоздар шағын-шағын, 20-30, ары кетсе – 50 үй бас қосып ұжым құратын. Бір ауданда қырық колхоз бар. Жер көлемі ұлан-ғайыр. Айдарлы ауылының маңайында бір қашқын жүрген көрінеді деген сыбыс еміс-еміс естіліп қалып жүрді. Аудандық прокуратурада жалғыз күтімді ат бар. Прокурор күндіз-түні аудан аралайды, ауыл-ауылдарды аралайды. Науқан. Ат күтімді болуы керек. Оған мемлекет жем-шөпті мол етіп дайындап беретін... 

Сонымен, сол атқа мініп, жеңешем Айдарлыға барады. Ол кезде қонақ үй деген ұғым қайда. Бір ауылда бір колхоз бастық, сол бастықтың үйіне түседі. Ақырындап, оңашалап сол бастықтан сұрайды: 

- Ауылда қашқын бар ма? – дейді. 

- Сұрастырып көрейін, - дейді колхоз бастық.

Ақырында, сол күні кешке жақын, оңашада сыбырлап айтады:

- Ауыл шетінде, оңашада, жалғыз үй тұрады. Сол үй күдікті көрінеді, - дейді. – Бес-алты баласы бар жалғыз әйел тұрушы еді, сол әйел колхоздың сиыр қорасы жағына жиі-жиі түнде барып-келіп жүреді деп айтады біреулер. 

Сонымен, қасына екі-үш жігіт куәгер ертіп алып, Күлтәй жеңешем күндіз де, түнде де қараңғы болып тұратын, ұзыннан ұзақ терезесі жоқ сиыр қораға лампы шаммен кіреді. Қораның ең түкпірінде бүрісіп, екі тізесіне басын тығып алып, бір адам, шынында да, селкілдеп отыр екен. Ұстап алып келеді. Сол қашқын болып шығады. Сол ауылда, колхоз бастықтың кеңсесінде отырып, жалғыз өзі сұрақ алады. «Шығыстан батысқа кетіп бара жатқан әскери составтардың біреуінен түсіп қалғаным рас», - депті. Шуға келдім, ыстық су алайын деп едім, пойыз жүріп кетті. Содан кейін мен жақын жердегі ауылыма барайын, бір-екі күн болайын. Содан кейін қайтып келіп, Шудан қайтадан басқа составтармен кетермін деп ойлап едім. Бірақ, болмады, балаларымның ең кішкентайы дімкәс еді. Соған қамқорлық жасауым керек болды. Сөйтіп жүргенде, мен туралы сыбыс тарап кеткенін естідім. Әйелім айтты: «Қашқындарды аямайды, ұстаған жерде тік тұрғызып қойып атып тастайды деді. Сонымен, қашқын болып жүргенім рас, қарағым. Енді өзің біл, атам десең ат, мінеки бас, міне мойын!» - деп айтады қашқын жігіт.

Жеңешем сөз арасында: 

- Әттең, сол кісінің аты-жөнін жазып қалдыруым керек еді, бірақ, архивте бар шығар, оның бәрін тексеруге болады ғой! – деп қояды, жарықтық, маған.

- Сонымен, өзім ұстаған кісіні, өзім енді аудан орталығына айдап баруым керек болды, - дейді Күлтәй жеңешем. Күлтәй жеңешем, дегенмен, қанша оқа жағалы болғанмен, әйел емес пе, ауылдан айдап шыққан тұтқынды жұрт көзі көрінбейтін жерге барғанда, атына мінгізіп, өзі жаяу жүріп, атты жетектеп алады. Оған тұтқын келіспейді. 

- Қарағым, мені атқа мінгізбе, өзің сөзге қаласың, ұятқа қаласың, қызметіңнен айырылып қаласың! – дейді. Жеңешем көнбейді. Сөйтіп келе жатқанда, бұлардың алдынан ағысы қатты үлкен тоған шығады. Тоғаннан жаяу адам өте алмайды, су екпінді, ағызып кетеді. Тек қана атпен өтуге болады. Жастықтың салдыры ма, әлі жиырмаға келмеген кезі ғой, жеңешем тұтқынға:

- Қайнаға, мына атқа сіз мініп алдымен өтіңіз, содан кейін атты маған қарай жіберіңіз, - дейді.

Анау көнбейді. 

- Бірақ, мен енді сізді өткізе алмаймын ғой, - дейді бұл. 

Сонымен, ұзын шылбырды жеңешем қолына ұстатып, бергі бетте тұрады, тұтқын атпен жалдап, тоғанның, арғы бетіне өтеді. 

- Ат мені сүйреп, ағыстың бойымен біраз жерге дейін алып барды... – дейді жеңешем. Содан кейін шылбырдың бір ұшы менде, ал, ат пен қашқын арғы бетте, біраз тұрдық, - дейді. – Сол кезде барып, есіме түсті, ойпырай, мына кісі қазір атқа мініп шаба жөнелсе, мен масқара болдым ғой деп ойладым! – дейді. Содан, не де болса, шылбырдан айырылмайын, егер ат сүйретсе, арғы жағаға мені осы шылбыр алып шығады ғой деп тұр едім, менің сол ойымды түсінгендей, қашқын қайнағам:

- Қарағым, сен, саспа. Міне, тарт мына шылбырдан, атты өзіңе қарай өткізіп ал, мен осы жерде тұра тұрайын, - дейді. 

Жеңешем қатты күдіктенеді. «Қайдан тұра тұрсын, енді құрыдым: - Енді мен комсомолдан шығамын, енді партиядан шығамын, енді мен сотталамын! – деп зәре-құтым қалмай тұр. Бірақ, оны ойбайлап сездірсем, анау шын мәнінде де қаша жөнеледі ғой деген күдік бар. Не де болса, сездірмей, сазарып тұрмын...» - дейді.

Сөйтіп тұрғанда, күтімді, тоқ ат әлденеден шошынып атқып кетті. Менің қолымнан шылбыр сусып шығып, тоғанның суымен жыланша сызып барып... Арғы жағадағы қашқынның аяғына орала жаздап, шұбатылып түсті. Сонда ғана аңғардым – қашқын жалаңаяқ екен. Екі сирағы домбығып ісіп кеткен. «Енді біттім, енді құрыдым деп ойлайды жеңешем. Бұл көзі бақырайып тұрғанда, тоғанның арғы бетіндегі қашқын аттың шылбырын қысқартып алып, тізгінін тарта ұстап, үзеңгіге аяғын салады... Жеңешем кескен теректей құлап түседі. Есін тез жинап орнынан тұрады. «Әй, тоқта!» - деп айқайлағысы келеді. Аузын ашады, бірақ ешқандай үн шықпайды. Жүн  матадан тіккен қара көк юбкасының етегін баса-маса екі тізерлеп, жеңешем жерге отыра қалады, басы да салбырап кетеді. «Енді мен біттім, құрыдым, енді мен жас коммунист Жәлімбетова Күлтәй отанын сатқан қашқынды өз қолынан босатып жіберді деген масқараға қалдым. Енді мен партиядан шығам, енді мен сотталамын! Оның бәрін қойшы, енді бүкіл Совет Одағының газеттері жазатын болды ғой: Қазақ әйелі сатқандық жасады! - деп». 

Сөйтіп, екі алақанымен бетін басып, жерге басын соғып отырғанда, семіз, күтімді ат жерді дүбірлете алыстай бергенін байқайды. Құрыдым деді. Бір уақта алыстап кеткен күтімді жылқы жер бетін қайыстыра, солқылдата басып екпіндеп, қатты желіп келе жатты. Сол екпінімен келіп, суға түскенін естіді бұл. Е-е-е, құрыдым, енді бұл бергі жағаға шығып, Қарағандыға қарай бет алатын болды, тау жаққа кететін болды, тау-таудың арасына тығылмақшы ма екен, әлде, Балқаштың құмына сіңіп кеткісі келді ме екен. Құрыдым, құрыдым... деді. Басы айналып, көзі қарауытқанын сезді. Ақырында тағы да жерге басын соға бердім дегенде, сол жамбасына қарай қисая бастағанын байқады.

Аз жатқанын, көп жатқанын білмейді. Бір кезде есін жиып, енді қайтадан жүрелей отырып, оң қолымен жер тіреп көтерілгісі келген екен, оң жақ иығына әлгі адамның қолы тигенін байқайды. 

- Қарағым, келін, тұр! – дейді қашқын. – Міне, мынау атың. Кел, міне ғой, қарағым. Алдымен арғы бетке сен өт. Содан кейін мен... Әлгінде байқадым, анау жарты шақырымдай жерде өткел бар екен. Сол өткелден айналып сенің қасыңа келдім, қарағым. Мә!

Бұл орнынан қозғалып, атқа әрең мінеді.

- Өзім де не істеп жүргенімді білмеймін, Әкім қарағым-ау, - дейді Күлтәй жеңешем. – Атқа мініппін, ат ағын суды жалдап барып арғы бетке өтіп. Үсті-басым су-су, арғы бетке шықтым. Енді бұрылып қарасам, қашқыным сол тұрған жерінде состыйып тұр екен. Ой-бой, сорлы басым-ай, не деген ақымақпын! – деп ойладым. Кетті ғой, анау енді, кетті! - Ол арғы бетке қарай, Балқаш құмына қарай қашпақшы деп ойладым. Не де болса, соңынан қуа шаппақшы едім. Ана байқұстың дауысы дірілдеп шықты. 

- Қарағым, келін, сен тұра бер. Мен қазір, анау өткелден өтіп қасыңа келемін, - деді. 

- Мен шыдай алмадым, - дейді жеңешем. Ол арғы бетте жүріп келеді, мен бергі бетте аттың үстінде келе жатырмын... Шынында да өткел бар екен, сол өткелдің қасында түйістік. Ол бергі бетке өтті, тоғанның батыс жағына қарай. Келді де:

- Ал, қарағым, мінеки, - деп екі қолын созып тұр. Қайтадан матап байла дегендей! Сол кезде мен ол кісіге айқайлап жіберіппін:

- Қарабет, қашқын! Отанын сатқан қашқын! Түс, алдыма! – деппін.

Ол кісі үн-түнсіз. Басы салбырап кеткен, алдымда жүріп келеді. Жүріп келе жатып теңселіп кетеді, ауытқып кетеді, біресе сол жағына қисаяды. Әлде бірдеңеден сүрініп кеткендей, алдына қарай еңкеңдеп барып, шайқала әрең тұрып қалады.

- Әй, жүзіқара! – дедім мен. – Сен өйтіп қулығыңды асыра алмайсың, сен өйтіп мені алдай алмайсың. Кәнеки, екі қолыңды артыңа сал! – дедім. Сондағы ойым шылбырмен байлап алмақшымын. Аттан түстім, ол екі қолын артына ұстап тұр екен. Шылбырдың ұзын ұшымен байладым. Содан кейін тағы өзім жүріп кеттім. Бір кезде астымдағы ат тоқтай қалды. Қарасам, қашқын, етпетінен құлапты. Әдейі істеп жатыр ма деп келіп, шалқайтып, басын көтеріп қарасам, мойны былқ-сылқ. Көзін ашып қарасам, екі көзі қып-қызыл екен, ағы да жоқ, қарасы да жоқ, қып-қызыл ет! Түсіндім – шын талып жатыр. Өлетін болды-ау, енді не істеймін деп әбден састым. Ақырында, әлгі кісіні атқа көлденең салып алмақшы болдым. Ештеңе шықпады. Бұрын арық болған ойпаң жерге отыра қалып жылайын кеп, жылайын. Енді бір қарасам – жарықтық жануар менің қасыма келіп, басын салбыратып тұр екен. Тұрған жері – ойпаң! Жылқы баласы ақылды ғой, шіркін! Әлгі кісіні атқа көтеріп мінгіздім. Ол былғалақтап келеді, мен тізгіннен жетектеп келемін. Шылбырды бос жіберіп қойып едім, аттың аяғына орала берді. Шылбырдың бас жағы қашқынның екі қолында ғой, байланған. Атты тоқтатып, шылбырды шештім, екі қолын босаттым. Жарты сағат жүрдім бе, бір сағат жүрдім бе, бір кезде тұтқын есін жинап алды. 

- Қарағым, мен түсейін аттан. Сен өзің мін, - деді.

- Жоқ, - дедім.

- Ендеше, қарағым, сен ертоқымға отыр. Мен сенің артыңда отырайын, - деді тұтқын. 

- Жоқ, жоқ, болмайды. Сен маған ақыл айтпа! – дедім. 

Содан екеуміз сүйретіліп келе жатырмыз.

- Атқа міне қоймадыңыз ба? – деп қалжыңдадым жеңешеме.

- Әй, Әкім-ай, қарағым-ай, - деді Күлтәй жеңешем. - Әкем қазақ, шешем қазақ емес пе? Мен қазақтың келіні, қазақтың қызы емеспін бе? Қалай мен еркек адаммен бір атқа мінгесіп келе жатам? Ол байқұстың басы сылқ ете қалады, кеудесіне түсіп кетеді. Сонда мен оны құшақтап алам ба? Жоқ, қарағым, қой ондайды! – деп маған, осы авторға ежірее қарайды. 

- Ақырында, мен амалын таптым, - деп күледі жеңешем. 

Ұзын шылбырды қолға алып, әлгі кісінің аяғынан, екі қолынан ертоқымның қаз мойын қасына байладым. Сөйтіп баяу жүріспен жүріп отырып, 15 шақырым жердегі аудан орталығына қас қарая жеттім. Аудан орталығы көрінген кезде мен жүрісімді жәйлаттым. Қараңғы түссе екен дедім. Мен мынау қашқынды атқа мінгізіп алып, өзім жаяу келе жатсам, қаңқу сөзге қалам ғой, өсекке қалам ғой деп ойладым. Себебі, ондайды кешірмейді. Қашқынды атына мінгізіп, өзі жаяу келді деген сөз ертең, ел құлағы елу, бастықтарға жетсе, олар мені аямайды ғой. 

«Сөйтіп, түн ішінде келіп, прокуратураның кең қорасына кірдік. Күндіз-түні кезектесіп жүретін екі атшы бар еді, солардың бірі келіп, аттың тізгініне жармасты. Атты ақырға қойып, қашқынды жерге түсіріп, оны менің кабинетіме алып бар дедім. Түнгі кезекші қашқынды кабинетіме алып келді. Бұл кім еді деп сұрауға, әрине, атшының қақысы жоқ.

- Мен керекпін бе? – деді, түнгі кезекші.

- Жоқ, бара бер! – дедім.

Бара бер дегенім кабинеттен шығып, сол маңайда бол дегенім ғой. Таң ата келе, қашқын есін жинады, оған су беріп, тамақ беріп, кішкене әлдендіріп алған соң, үйге бармай, сол арада қашқыннан сұрақ ала бастадым. 

Жеңешем үш күн бойы сұрақ алады. Барлық өмірбаянын, неге қашқанын, қалай қашқанын, барлығын хатқа түсіріп, дәптерге мұқият жазып алады, жеңешем. 

- Бұл оқиғаны мен, әрине, аудандық партия комитетіне, аудандық атқару комитетіне, НКВД мен Ішкі істер министрлігінің аудандық бөліміне хабарлауым керек еді, бірақ, мен оларға хабарламадым және оларға қашқынды бірден бергім келмеді. Өзім анық-қанығына жетіп алайын дедім. Тұтқынды НКВД-ға да, Ішкі істер министрлігінің аудандық бөліміне де берген жоқпын. Білемін ғой, әй-шәйға қарамайды, тепкілеп ұрып тастайды, өлтіріп тастайды. Сонымен, қазір есімде жоқ, толық төрт дәптер ме екен, әлгі кісінің барлық жауабын жазып, хаттап, енді аудандық түрмеге апарайын деп қарасам, жарықтық, дүниеден өтіп кеткен екен. Қылжиып, кабинеттің бұрышында отыр екен. Мойыны былқ-сылқ етеді. Көзін ашып қарап едім, көзінде ақ та жоқ, қара да жоқ, қып-қызыл. Бір кесіп алған қызыл ет сияқты қанталап кеткен бірдеңе! Дереу кезекшіні шақырдым. Милиция бастығына телефон соғып өкіл жібер дедім. НКВД-ның да бастығына айттым. Сонымен, сол арада бірнеше сағат отырып өлгені туралы акті жасадық. Содан кейін барып, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысына және аудандық атқару комитетінің төрағасына хабар бердім. Облысқа да кетті хабар. Сонымен, әлгі байқұс, менің қолымда өлді.

«Қашқынды ұстаған жас прокурор» деген шағын мақала шықты облыстық газетте. Мен енді шынымды айтайын, оған мақтана қойғам жоқ. Себебі, ол қашқын менің қолымда өліп кеткеніне, шын мәнінде, қатты күйіндім.

* * *

Көкжелкемнен әлдекім түйіп қалғандай болды. Басымды көтеріп отырдым. Әлі де мең-зең қалпым. Қабырғадағы сағатқа қарап едім, түнгі сағат үш шамасы екен. Сағатқа неге қарағанымды да білмеймін. Ондай әдетім жоқ еді. Сонымен сол есеңгіреген қалпымда, тағы да күтпеген жерден Солженицын туралы ойлап кеттім. 

«Қайта құру» кезінде бүкіл Совет Одағының газет-журналдары, әсіресе, «Огонек» журналы мен «Известия» Михаил Шолохов туралы сұмдық сорақы мақалалар жаза бастады. Шолохов алаяқ атанды. Кісі өлтірген де болып шықты. «Тихий Донды» әлдебір талантты жазушыға жазғызу үшін оны подвалда ұстапты, оған өзі тамақ апарып беріп жүріпті деген де мақаланы оқыдым. Осы тақырыпқа кемінде он бес кітап жазылды: Шолоховты масқаралараған, әшкерелеген, өзі жазбаған деген. Бұл неғылған жауыздық екеніне түсінбей жүрдім, кейде, тіпті, ыза болатын едім. Бұл не деген сұмдық - әр жазушының өз стилі бар ғой, оны ешкім, еш уақытта, ешбір адам қайталай алмайды ғой. Жалақор, бәлеқорлар романның бірінші, екінші томына «жабысты», ол екі томды ақ гвардия офицері жазыпты. Қолжазбаны Шолохов ұрлап алыпты деп жазады. М. Шолоховтың подвалында өліпті-мыс дегеннен кейін жазылды ғой! Оның үстіне одан кейін жазған шығармаларының бәрінде, «Көтерілген тыңда», әңгімелерінде стиль біреу-ақ емес пе? Егер оған жазып берген «біреу» болса, ол «біреуді» Шолохов бүкіл өмір бойы подвалда ұстап жазғызғаны ма? Не деген сұмдық! Осындайға сенуге бола ма? Бірақ сұқсұр-сұғанақтар ұлы жазушыға жабылды кетті, жабылды кетті. Байқұс Михаилдан тамтық қалдырған жоқ. 

Сөйтіп, қиналып жүргенде бір мақала көзіме түсті. Ол мақала Солженицын туралы екен. Әдебиетші, ғалым адам жазыпты. Михаил Шолоховқа Солженицын өзінің кітабын сыйлапты, оқып шығыңызшы деп өтінген екен. Бірақ, Михаил Шолохов Солженицынге қабағын аша қоймапты. Оқыдым депті және де біраз сындар айтып тастаған екен. 

Содан болды ма екен, әйтеуір, Солженицын Парижге барғаннан кейін үлкен сұхбат беріп, Михаил Шолохов деген жазушы қолдан жасалған, советтің саяси шоқпары депті. Осы күні ойлаймын, мүмкін, Шолоховтың соңына түсу, Солженицыннің сол мақаласынан басталды ма екен? 

Александр Исайұлы өзінің бір сұхбатында: «Мен Сібірде айдау кезіндегі оқиғаларды көп біле берген жоқпын ғой. Сібірдегі сұмдықтарды менен гөрі Шаламов Варлам жақсы біледі. Мен оны тең авторлыққа шақырған едім. Бірақ Шаламов келіспей қойды» дегенін оқыдым. Таң қалдым, бұл Шаламовты неге шақырды екен деп. Кейін келе Шаламовтың шығармаларын оқыдым, тәнті болдым. Шынында да, ешбір жасандылық жоқ, көргендерін анық жазған және көркем жазған екен. Сонда барып ойладым, В. Шаламов жарықтықты, Совет Үкіметі де, кейінгі жаңа өкімет те қолдай қоймады. Неге екен? – деп. Аса талантты Шаламов саясатқа қажет болмай қалған адам екен-ау! – деп. Кейінірек Варлам Шаламовтың күнделіктерін оқыдым.

Сол күнделіктерінде бір ғажап әңгімесі есімде қалыпты. Жазушының әкесі көрсоқыр болып қалған екен және де төсекке жата алмайды екен. Ұйықтағанда да орындық үстінде отырып ұйықтайды екен. Күндердің бір күнінде әкесі қатты қорылдап кеткенде, Варлам кісіні қолмен түртіп оятады. Сонда әкесі: - Дурак, - депті Варламға. – Дурак, неге ояттың сен мені? Мен ұйықтап жатқанда көремін ғой, түсімде мен қызылды-жасылды ғажап ғаламды көремін ғой! Түс көріп жатқанда мен соқыр емеспін ғой, - депті. 

Варламның әкесінің сол сөзі маған қатты әсер етті. Бірнеше рет, шіркін-ай, деп, қызығып, әңгіме жазбақ та болдым. Бірақ, әңгіме шықпады. Себебі, өзім көрмеген, өзім сезбеген жағдай. Әлдебір мүмкіндік болса, тағы да қайтып оралармын дейтінмін. Жалпы, жазушыға тақырып аз болмайды. Бірақ, соның орындалуының кезі келе ме, келмей ме? Бұл басқа бір әңгіменің желісі. 

Менің сүйікті жазушым - Михаил Шолохов. Сол тұлға үшін мен Солженицынге ренжіп жүрдім. Шын жазушы бар да, үлкен саясаттың туына айналып, аты аспандап кететін шалажансар жазушылар бар. Олардың атын мен атамай-ақ қояйын. Оқырман біледі, әдебиет зерттеуші ғалымдар біледі.

Михаил Шолоховты мен, әрине, көрген емеспін. Дәлірек айтсам, өмірімде бір-ақ рет көрдім. 

«Москва» қонақүйінің көшеге шығатын үлкен есігі екі қабат. Сол үлкен ауыр есікті жұлқып ашып сырттан кіре бердім, ішкі есікті ашып, бір кісі қарсы келе жатыр екен. Бірден таныдым. Михаил Александрұлы Шолохов! Мен тұрып қалдым, ол да тұрып қалды. Содан кейін сәл жымиып, күле түсіп: Проходи, молодой человек! – деді Михаил Александрұлы. Мен есеңгіреп қалған адамдай бір қадам ғана баса түстім де, есімді тез жинап алғандай, қалт тоқтап: 

- Жоқ, сіз өтіңіз, Михаил Александрович! – деп үлгердім. Ол кісі және бір жымиды, менің танығаныма риза болды ма екен, әйтеуір, жымия түсіп, артына бір бұрылды да сыртқы есікті итере ашып шығып кетті. Ол кезде қонақүйдің есігі электронды ашылып, электронды жабылмайтын. Өте биік, өте салмақты есік, өз салмағымен ақырын ғана жабылатын. Оны итеріп әуре болудың қажеті жоқ еді. Ішкі есік ақырын жылжып бара жатқанын көргенде, мен қайтадан ұмтылып келіп, жаңағы есіктің ішкі жағындағы тұтқасын ұстай алдым. Сондағы ойым, Михаил Александрұлы ұстаған тұтқаны мен де ұстайыншы, алақаныма ол кісінің алақан лебі тисе кәнеки! деген дәме. 

Сол бір болар-болмас оқиға есіме кей-кейде орала береді. Сондай сәтте еріксіз жымиып, өзімді өзім кекетіп қоямын. Отыздан асар-аспас кезім еді ғой. Михаил Александрұлына жақтасып, Александр Исайұлына «кектеніп» баққаным содан да болар.

Сөйтіп жүргенде, Күлтәй жеңешем маған өзінің екінші хикаясын айтып берді.

Көк аспанда қырағы көз бар

Менің тетелес інім Рақым – геолог, дәлірек айтқанда геофизик.  Болған еді. Еді. Сол екеуміз бірде Шу ауданына жолымыз түскенде, өзен бойы жолсызбен, ойпаңына түсіп, қыратына шығып, қалың қамысқа ұрынып, оппа батпағына ұрынып, ой-шұңқырына сүрініп біраз кездік.

Әрине, көлікпен. Өзен арнасына бірде жақындап, бірде алыстап, он шақты, он бес шақты шақырым жүріп көрдік. Бұрынғы Көктерек, бүгінгі Мойын-құм ауданына асфальт жол ағылып жатыр. Көпір бар, содан да өтіп көрдік. Бірақ паромның орнын таба алмадық. 

Рақым маған бір езуінен күліп қарады:

- Әкім, сен не іздеп жүрсің? – деді.

- Осы маңайда бір паром бар деп естіген едім...

- Оның саған керегі не?

- Жәй, әншейін.

- Ағылып жатқан асфальт, теп-тегіс көпір...

Рақымның мінезі ауыр, «анау заман» мен «мынау заманның» айырмашылығын да, ағасының оғаш қылығын да түсінбеген, әрине, «жазушы деген жұрағаттың оқыс мінезін білеміз ғой!» - деген кекесін сыңайын да анық сездіріп тоқтады. 

«Қиюы қашқан заманның паромында қандай қисын болсын; кендір арқанмен шандып, матап тастаған отыз-қырық бөрене. Қара балшыққа, мал тезегіне әбден бөгіп, сусіңді болып сіресіп қалған.

Ені екі жүз-үш жүз құлаштан аспайтын өзен. Бірақ екпіні қатты, суы лайсаң. Иірім-иірім болып, қорқылдап, барқылдап ағатын, жағасына келіп аяқ салған бала-шағаны, қозы-лақты тереңге тартып жұтып жіберетін қорқаулығы және бар. 

Өзеннің екі жағалауына шірене шалқалап қағылған екі қара діңгек пен қырық жалғау, қырық құрақ құрыш трос ары тарт та бері тарт болып, өліспей-беріспес ерегес жағдайда тұрғанына он шақты, мүмкін, жиырма шақты жыл болған шығар. 

Жансыз паромның жанды тетігі Бәселей деген қауғасақал. Жас болған кезін ешкім көрген емес, қартайып қалыпсың деп те ешкім айта алмас. Паром суға түскен күні сол жалпайған құбылыстың бір бөлшегі ретінде жұрт көзіне көрінген. Содан бері қырық жалғау, қырық құрау, тоғыз өрім құрыш тросты тозығы жеткен қара былғары қолғаппен тартқылай сүйген, сүйрете тартқылап келе жатқаны. Паром екеш паромнан анда-санда ыңқ еткен, шиқ еткен үн шығуы мүмкін, ал Бәселей – қара тастың өзі, сұрақ қойған адамға басын не шұлғиды, не изейді. «Иә»-сі мен «жоғы» сол ғана. 

Қауғасақал Бәселей тартатын паромның «жұмыс кестесі» Шу ауданы мен Көктерек ауданының жүргін-тұрғындарына баяғыдан белгілі – шаңқай түс әлегі. Өзеннің батыс жағасында ағаш тақтайлардан кіріктіріп шегеленген «будка» паромшының «кеңсесі». Сұрқай аспанға ынжықтана көтерілген сұрықсыз күн жарықтық тас төбеге шыққан сәтте – паром да қозғала бастайды. 

Бүгін жиналып қалған «пассажир» төртеу».

Бұл автордың оқиғаға өзінше араласпақ болған сәті...

- Оның саған не керегі бар? – деді Рахым інім.

Мен сырымды ашпадым.

- Жәй, бір... , - дедім де қойдым.

Бүгінде ізі қалмаған сол паромнан күндердің күнінде төрт адам өтеді. Бір еркек, екі әйел, бір бала. Олар, әрине, Шудан, стансадан жаяу келеді. Екі әйелдің бірі – алыстан, Қарағандыдан екен. Түр-тұрпайы да оғаштау. 

- Фурмановкада төрт баласы бар сіңілім тұратын еді. Соған келемін, Қарағандыдан! – депті бала жетектеген әйелге. 

Ал бала жетектеген әйелдің де хал-қадері мүшкіл еді, баласы науқас, көзі шүңірейіп кеткен, екі басып, бір тоқтайды. Жеті-сегіз жастағы ұлын анасы ауық-ауық арқалап алуға мәжбүр. Әйелдің өзі де тәлтіректеп, паромға отырды. Содан кейін бір ер адам мінді. Ұзын бойлы, күлгін түсті кәдімгі орыс. Мойнына асып алған ұзын баулы кенеп дорбасы бар. 

Қиюы қашқан заманның паромында қандай қисын болсын. Кендір арқанмен шандып, матап тастаған отыз-қырық бөрене. Мал тезегіне, қара балшыққа әбден бөгіп, сусіңді болып сіресіп қалған. 

Паромшы Бәселей темекісін тартып, біраз ырғалып тұрды. Содан кейін маңғаз қимылдап паромды шығыс жақ жағалауға қарай қозғай бастады. Бұл жолғы бес жолаушыны Бәселей аса бір салтанатты, аса бір маңғаз қимылдап арғы жағаға жеткізіп салды...

Сонымен, не керек, күндердің күнінде аудандық прокурорға хабар келеді. Қарағандыдан Фурмановкаға хат келіпті. Ол хатта айтыпты: Мен саған кетіп бара жатырмын. Бір қап бидайым бар. Саған алып барамын депті. «Сол әпкем де жоқ, сол бидай да жоқ, соған таңқалып сіздерге келіп отырмын», - дейді әйел Күлтәй жеңешеме.

- Сен неге милицияға бармадың? – дейді Күлтәй жеңешем.

- Милицияға бармағаным, олар еркек адамдар ғой, сіз әйел адам болған соң, сізге келдім. Ұрсып тастай ма олар, кім біледі. Еріккен адамсың, сенің әпкеңді мен бағып-қағып отыруым керек пе еді десе, не бетімді айтамын? Оның үстіне әйел басыммен қалай кірем милицияға? – дейді әйел. 

Сонымен жаңа бір іс басталды. Күлтәй жеңешем аудандық партия комитетінің бірінші хатшысына, аудандық атқару комитетінің төрағасына хабарлайды. Олар Ішкі істер министрлігінің аудандық бөлімінің бастығына, НКВД-ның аудандық бөлімінің бастығына тапсырма береді, «іздеңдер» деп.

Ары іздейді, бері іздейді, ешқандай із таппайды. Күндердің күнінде Күлтәй жеңешеме бір әйел келеді. Ол әйел, сол әлгі аш, ауру баласын жетектеген мүсәпір екен. Ол айтады: Паромнан түскен соң біз Көлтабан деген ойпаңмен үш шақырымдай жүрдік. Жолдың екі жағы қалың қамыс. Жылға-жылға. Жылға-жылға болатыны ірі мал жол салып тастаған. Сол ірі мал салып тастаған жолмен кейде қой-ешкі де өтіп жүрді. Сөйтіп, сол Көлтабанға түскен кезде мен әлсіреп, балам әлсіреп жүре алмай қалдық. Әлгі бір пұт бидайды тұла бойына орап алған әйел алға түсіп кетті, пысықтау екен. Оның соңынан ілесіп орыс адам, мойнына дорба асынып, дорбаны алдына көлденең салып алған кісі кетті, - дейді. Көлтабанның шұңқыр сайынан өтіп, қырға шығатын кезеңге кезгенде, мойнына дорба асынған, ұзын бойлы, арық, орыс кісі ғана жалғыз шықты... - дейді балалы әйел. 

Бүкіл ауданда екі-ақ орыс бар еді, - дейді Күлтәй жеңешем. Біреуі -аудандық аурухананың дәрігері, екіншісі... 

- Жарықтықтың, атын есіме түсіре алмай отырмын, Әкіш! – деп қояды Күлтәй жеңешем.

Содан бидай арқалаған әйел арғы белеске шықпайды. Белеске ұзын бойлы, арық кісі жалғыз шығады. Және де қырға қарай көтеріліп бара жатқанда, әйел байқайды, әлгі ұзын бойлы, арық кісінің мойнына асынған дорбасы ауырлап, сол дорбаны көтере алмай еңкеңдеп бара жатқан... 

Күлтәй жеңешем менің бетіме аңырап қарап отыр. Дәл сол кезде осылай аңырып қараған шығар деп ойладым мен. «Сонымен, не істеу керек? Сол ауданда екі-ақ орыс. Біреуі – саяси тұтқын. Аудан орталығы – Бірліктен бес шақырым жердегі «Коминтерн» деген ауылда мектепте сабақ беретін. Не істеу керек деп ойланып-ойланып, ақырында сол кісі тұратын Коминтерн аулына бардым», - деді жеңешем. Жалғыз басты қазақ кемпірінің үйі. Қоржын там ғой. Бір бөлмесінде саяси жер ауған орыс тұратын да, бір бөлмесінде кемпірдің өзі. Мен жалғыз барған жоқпын, қасыма екінші орыс, әлгі аудандық аурухананың бас дәрігерін ертіп бардым. Мен сұрақ қоя бастағанда саяси тұтқын маған қатты ашуланып, ұрсып тастады, - дейді жеңешем. 

- Сонда, сен немене? Менен көріп тұрсың ба? – деді.

- Мен сізден күдіктеніп тұрған жоқпын. Осылай болыпты, сізден сұрап тұрмын. Осылай болыпты, - дейді жеңешем. 

Әлгі ұзын орыс айтады:

- Иә, өткеніміз рас, оны паромшы біледі. 

Жеңешем оның алдына балалы әйелді шақырып, бірнеше рет сұрақ алған екен. «Әлгі кісі маған қатты айқайлап, тіпті боқтауға дейін барған кезде, ақырын сол балалы әйелді бөлмеге кіргізе қойдым. Балалы әйелді көргенде, ұзын сары арық кісі қатты абыржып, төменшіктеп қалды». 

Содан кейін:

- Сендер, анау паромшыны тексердіңдер ме? деді саяси тұтқын.

Балалы әйел қайсар екен:

- Жоқ! – дейді ол, - біз кете берген кезде паромшы өзеннің арғы бетіне өтіп кеткен болатұғын!

Соныменен:

- Ал, қанеки, мына кісінің бетіне тік қарашы, - деп едім, балалы әйел:

- Дәл өзі! Мынау, мінеки! Мынау маңдайынан оң қабағына тік түскен тыртығы бар, осы кісі! Дәл өзі! Осы кісі! Мынау мойнындағы дорбасы да сол! – деді...

Біз үйге кіргенде әлгі саяси тұтқын сол дорбасымен отыр екен. Екеуін беттестіріп, тексеріп, хатқа түсіріп, екеуіне қол қойдырып, мен кеңсеме кеттім, - дейді жеңешем.

Сол түні аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Тілеубердин жеңешемді шақыртады. «Барсам – аудандық атқару комитетінің төрағасы Малдыбаев пен Коминтерн колхозының төрағасы Жапар бірінші хатшының кабинетінде отыр екен».

Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы: Қарағым, прокурор, - деп отырды да: - Осы аудандағы екі орыстың бірі және өзі саяси айдауда жүрген адам, осыған тимей-ақ қойсаң қайтеді? – деп айтты.

Мен өре түрегелдім:

- Ол қалай? Сонау Қарағандыдан сіңлісінің төрт баласына, аштан өледі ғой деп, бір пұт бидай алып келе жатқан әйел өледі. Оның өлігін ешқайдан таба алмаймыз, суға ағып кеткен болса да табылар еді ғой... Ана балалы әйелді көргенде, саяси тұтқын қатты абыржып, сасып, не айтарын білмей қалды. Тағы да тексере түсейік, - деп едім, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Тілеубердин жуастау адам еді:

- Қарағым, қайтесің, өзі жалғыз орыс болса, бүкіл аудан жабылып, сол жалғыз саяси айдауда жүрген орыстан көрді деген сөзге қаламыз ғой. Босатып жібер, енді қоя ғой, - деп маған жалынғандай болды. 

- Сонымен, амал жоқ тілімді тістеп отырып қалдым, - дейді Күлтәй жеңешем. 

Үйіне бір барғанымда Күлтәй жеңешем сол әңгімені және де жалғастырды. 

…Осы жақында ғана, әлгі, Солженицын деген кісіңіз шетелден..., анау әлгі Владивостоктан Москваға қарай пойызбен жүргенде, күнде суретін басып, Ресей газеттері, телевидение күнде көрсетіп жатты ғой. Соны көргенде мен, орнымнан:

- Ойбай-ау, Өмірзақ-ау! – деп қарғып тұрыппын! – деді жеңешем. – Мынау сол кісі ғой, мынау сол кісі ғой! Мынау маңдайынан оң қабағының үстіне тік түскен тыртық. Мынау баяғы мен тексерген, мен күдіктенген кісі сол ғой! – дедім. – Бірақ, мынау Өмірзақ ағаң:

- Тәйт, ары! – деп мені басып тастады. Қайтесің, бір халықтың мақтанышы ғой ол. Бір халық оны басына көтеріп отыр, сен қайдағы бірдеңені айтасың! Деп ұрысты, Әкім-ау, маған мынау ағаң сүйдеп ұрысты ғой... – деп «шағым» айтып отырды Күлтәй жеңешем.

Сол арада Өмірзақ ағам мен Күлтәй жеңешемнің арасында «қан майдан» басталып кетті.

Өмірзақ аға қабағын шытып:

- Тіпті, сондай болған күннің өзінде де, сенің нең бар еді, оған араласып? – деді. 

- Ойбай-ау, Өмірзақ-ау, ол кезде ол кісінің жазушы екенін, дүние жүзіне белгілі жазушы боларын мен қайдан білейін? Мен үшін, әйтеу, айдалада жүрген адам. Оның үстіне бала жетектеген әйел бірден танып: - осы, осы, бұның мойнына салған дорбасы толып, еңкейіп, жүре алмай бара жатты деген жоқ па еді. Өзі арық, өзі әлсіз кісі, бір пұт бидайды әрең көтеріп, қырға қарай ілбіп бара жатты деген жоқ па еді? – деді жеңешем ежірейе қарап.

Менің, әрине, жазушылық қиялым ойнап кеткен болар. Сол паром. Сол Бәселей. Темекі түтінінен ыстанып кеткен күлгін сары мұрт. Паром мінген төртеу. Төртеуі де әлсіз, аш. Сай табанында кетіп бара жатыр, кетіп бара жатыр, кетіп бара жатыр... Қалың қамыс, жылға-жылға жолдар. Біресе оң жақтан, біресе сол жақтан шыға келетін таса жолдар. Ірі қара салған жол. Ұсақ тұсақ салған жол. Тіпті, арба жол да киліге кетеді. Қай жықпылға тартып бара жатқанын кім білсін. Үш шақырым жол. Үш шақырымды үш сағаттай әрең жүріп, қырға қарай көтерілген кезде, ең алда кетіп бара жатқан әйел көрінбей қалады. Оның тұла бойына байлап алған алтыны бар еді ғой, бір пұт алтыны... Ол кезде бидай алтыннан қымбат еді ғой.      

Сонымен Әкімнің қиялы ойнап ала жөнелді. Талай рет отырдым, талай рет жазбақ болдым, қолым жүрмеді. Себебі, ол жәй ғана бір қаймана адам емес, жазушы ғой, жазушы... Тоқта, Әкім тоқта, тоқта! – деп өз-өзімді тежей бердім.

Шын мәнінде, үлкен адамнан сондай кішкентай қылмыскер шыға ма? Бірақ, жеңешем бұл әңгімесін маған бір емес, үш рет айтты. Үш емес, төрт рет айтты. Және әр айтқан сайын жаңа детальдар қосып, қызбаланып айтты.

- Қайда кетті ол әйел, қайда кетті? Ол кезде бір пұт бидай бір қап алтыннан қымбат еді ғой! – деген сөз де жеңешемнің өз сөзі. 

Сонымен менің қолым жүрмей қойған. Енді міне, түнгі сағат үштер шамасында мен шошып ояндым. Дірілдеп отырдым. Жазғым келді. Осы тақырыпты бастап жібергім келді. Бірақ, түн ішінде өзім маужырап отырғанда, әрине, жазбайтыным белгілі. Және де мен түнде жұмыс істеуді қойғаныма көп болған. Сонымен таң атып келе жатқанда, сағат бес-алтылардың кезінде қайтадан төсекке жаттым. Қатты ұйықтап кеткен екем.

Сол күні кешкі хабарда Москва беріп жатыр екен, суреті мен өмірінің кейбір кезеңдерін айтып. Солженицын сол күні таңертең дүниеден өтіпті. әрине, мен орнымнан тұрып, үйде жалғыз өзім болсам да бас идім. Алланың бір пендесі келді, кетті. Бірақ, Күлтәй жеңешеме сенбеуге менің ешқандай қақым жоқ. Ол кісі Солженицын деген адамның бар екенін қайдан білсін? Ол кісі жазушы екенін қайдан білсін? Тексерді. Жауап алды. Балалы ананы көргенде, абыржып, сасып, бар кінәны паромшыға қарай аударып салғысы келді. Бірақ, балалы әйел ап-анық айтты: Сіз бен біз Көлтабанға кіре бергенде, паромшы Васька арғы бетке жетіп қалған еді ғой – деді. Сонымен, бұл жұмбақ, қалай болғанда да, шешусіз қалды.

- Қарағым, Әкім, айтпасам, әрине, ішімде кетеді. Кейін сол әңгімені басқалар да айтып жүрді. Сол! Содан болды деп айтып жүрді.

Мен тағы да ойланып отырып қалдым. Апыр-ай, басқа халықтарға бостандық берілсе берілсін, бірақ, қазақ халқын жібермеу керек, оларды осы қалпында ұстап қалуымыз керек. Олар жаман халық деуге дейін барған еді ғой. Ат тұяғы жеткен жердің бәрін менің жерім дейді деген сөзді мен сол кісінің мақаласынан оқыдым. Өзім оқыдым.

Жиырмасыншы ғасырдың басында, 13-15 жылдары Ташкентте шығатын орыс тілді «Түркістан уалаяты» деген газетте ылғи осы тектес мақалалар бірінен соң бірі шығып жатады екен. Оның авторын кейін маған Қалихан айтты. Ол автор да қазаққа қаны қас, қазаққа өмір бойы өшігіп өткен адамның бірі еді. 

Кейін Қазақстанды сол адам басқарды. 

Мен кейде күйініп, қиналып ойлаймын.

Өзінің ұрлығын, қарлығын жасырып қалу үшін билік басындағы адамдар неге бір халықты екінші халыққа айдап салып, менің халқым періште халық, аналар жаман халық, түкке тұрғысыз халық деген жымысқы пікір, жымысқы саясат жүргізуі керек? 

Әрине, әділдік бәрібір жеңеді, шындық бәрібір ашылады. Адамның пиғылының ақ-қарасы Аллаға ғана аян. Көк аспанда қырағы көз әрқайсысымыздың көкжелкемізде кірпік қақпай, едірейе қарап тұрған жоқ па? 

Көк аспанның қырағы көзі қалғып-мүлгіп кету дегенді білмейді ғой.

«Жылдар бойы су сіңіп,  зіл қаратасқа айналған паром жағаға келіп, бар екпінімен соққанда, жылдар бойы мыжылып, суланып, мипалауға айналған, жағалаудың қара балшығы былш етіп паром шетінде тұрған мүсәпір пенделердің жұпыны киімін малмандай қылды».

«Тамыз айының соңғы күндері болғанмен, күн әлі ыстық. Маңдайдан соққан Арқа желі бұған ешқандай медет бере қойған жоқ. Оның есесіне жауырын тұсынан қадалған Азияның аямас аптабы бұның жұқарған сүйегін кеміріп жеп барады. 

Алдында тұрған әйелге бұл таңқала қарады. Осындай ыстықта, мынадай қалың, кең күпәйке киіп алғаны несі, күпәйкесі сондай қорбиған. Жас баланың епетейсіз қолымен илеп жасалған пластилин адамның бейнесі. Қорбиған денеге шақпақтың екі шиін тыға салған. Әйелдің екі аяғы.

Зіл қара тасқа айналған паром асау өзеннің асау екпінімен жағаға келіп, ми батпаққа ауыр салмағымен соғылды да қайта шегінді, қайта шегініп қайта соғылды. Тыныш отырған адам едім маған неге тиістің деп долданған көкпет қатын балшық аралас лай суды төрт жолаушының бет-жүзіне шашты-ай келіп, шашты-ай келіп.

Ұзын арық адам ұзын арық сирағына сеніп арғы жағаға секіріп түспек болған, бірақ тәлтіректеп, құлай жаздап барып әлгі доп-домалақ ши бұт әйелді құшақтай құлады. Жалма-жан орнынан тұрып, тайғанақтап барып, тәлтіректеп барып, анау ши бұт домалақ жанды қолтығынан демей бергенін өзі де кеш байқаған. Демей берді де өзінің сүйек саусақтарымен қатты қысып, өзіне қарай тарта берді. Екеуі де қайта құлап түсуі мүмкін еді. Бірақ, абырой болғанда бұның сол аяғы қалың шөптің үстінде тұр екен. Әйелді тартып өзіне жақындата берді. Сол сәтте... Сол сәтте бұл күтпеген жағдай болды. Әйел бұған көзі шатынап, бетіне тесірейе қарап тұрып қалды. 

Қомпиған қойнынан бір уыстай бидай төгіліп жерге түсе берді. Бидай, бидай, бидай... Күздік бидай болар, аппақ екен. Аппақ бидай төгіліп түсті.

Әйел бұған үрейленіп, бажырая қараған қалпы, екі ши аяқты кенет бүктеп жерге отыра кетті. Бір аяғы балшықта. Отыра кетті де жерде шашылып жатқан бір уыс бидайды жанұшырып, бір-бірлеп тере бастады. Есі шығып кеткен. Бұған қорқа, үрке қарайды. 

Сәл шалқая беріп, таңқала түсіп, кекжиіп қалған бұл өз ұсқынын Дон-Кихоттың кітаби суреттеріне теңеп үлгерді. 

Жыларман халге келген әйел қолапайсыз еңкейіп, жерге түскен бидайды балшығымен араластырып жинап жатыр. Сол арада жан ұшырып балшығын бір бөлек, дәнді бір бөлек ажыратып жатыр. Әйел ең соңғы дәнді жерден алғанша, басын көтермеді. Ең соңғы дәнді алып, басын көтергенде бұған, тіпті, шошына қарады. «Мына байқұс менен неге қорқып тұр?» - деп ойлады бұл. Қорқа, шошына қарап тұрған әйел, енді, есін жиғандай тұра ұмтылып қара жолға түсіп, жүгіріп барады. Екі сирағы – екі ши. Мына ыстықта киген етігінің екі қонышы кең, қолп-қолп етіп барады. «Күлетін заман емес қой», - деп ойлады бұл. Өзінің кейпі де оңып тұрмағанын біледі. 

Арба доңғалағы ойып тастаған жолдың екі «соқпағы» шалшық, екі «соқпақтың» ортасы ғана гүржиген жота, сол жотадан құлап кетпейін дегендей әйел тәлтіректеп барады...

Біраз жер жүрген соң, бұны түсініксіз сезім билей бастады. Асқазан шұрылдады. Содан кейін әлдебір қомағай тәбет жалын санасын шарпып өтті.

«Бұл не сұмдық? Бұндай сұғанақ сезім менде болмаушы еді ғой... Анау, тіпті, бұдан қашып бара жатыр... Енді оның соңына әдейі түскендей, қатты-қатты басып келе жатқанын ұқты бұл. Ұқты да жүрісін сәл баяулатты. Анау әйел байқұс артына бұрылып қарады, оның бүкіл болмысында, бүкіл денесінде, бүкіл шүмиген бетінде «маған тие көрме!» деген жалыныш бар. «Мен оны қуып келе жатқан жоқпын ғой... Мен... өзіммен өзім жәй ғана басып келе жатырмын ғой... Анау менен неге қорқады?».

Әйел бұған бұрылып қарады. Мен сорлыны аяңызшы! Маған тимеңізші! – деген жалынышты кейпін бұл анық аңғарды. «Мен оған жақындап қалыппын ғой... Мен оған неге жақындап келемін?».

«А-а-а, - деді бұл бір уақытта. – Бидай! Бидай! Оның қомпиып бара жатқаны, бүкіл тұла бойына бидай тығып, орап алған екен ғой. Орап алған... Бала-шағасы көп болар. Соларға Шу стансасынан ... астық тауып алып бара жатқан сыңайлы ғой... деді бұл өзіне өзі. Тағы да жүрісі жылдамдай түскенін байқады. Әлдебір түсініксіз сезім, бүкіл ішек-қарнын аралап келіп, басына, мойнына от-жалын болып соғылды. «Инстинкт!» - деп ойлады бұл, Инстинкт... Мен де ашпын... үш күн болған шығар... Мен ашпын. Стансаға барып қайтқанша үш күн болған. Мен де ашпын ғой, ашпын, - деп ойлады бұл. – Инстинкт!  Инстинкт... 

Бұл өзінің жүрісінің жылдамдай түскенін, әйелге қарай ұмтыла басып келе жатқанын байқады. Соңына бұрылып қарап еді, балалы әйел байқұс, төрт-бес жасар баланы көтере алмай сүйретіліп келеді екен. Ол байқұс та теңселіп әрең келеді. Баланы сүйретіп келеді». Кенет бұл «инстинкт» деген сөзді бар даусымен айқайлап айтқан сияқты болды. «Инстинкт! Инстинкт. Өзімді өзім жеңе алмасам мен кім болғаным? Жеңемін, жеңемін!».

Енді байқады, оның екі езуінен сілекей ағып келеді екен. «Ашпын ғой мен, ашпын!». Жаңағы күздік бидай мұның көз алдына келді, санасын билеп алды. Енді бір байқағаны таңдайында шикі бидайдың, сүт татыған, сүт татыған шикі бидайдың дәмі ... бар санасын билеп алып барады екен.

«Қой, қой сен! – деді бұл өзіне өзі. – Шыдайсың сен, сен инстинкті жеңе алмасаң – кім болғаның? Кім болғаның?». Енді бұл қалың қамыстың арасымен келе жатқанын байқады. Жол ирелеңдей береді екен, ирелеңдей береді екен. Оң жақтан да, сол жақтан да үңірейіп тажал көзі, әлдебір өлген жыланның көзі бұған қарап тұрғандай. 

Әне, әйел кетіп барады. Қойны толған бидай. Ақ бидай. Дәмі сүт татыған ақ бидай... «Мен кім болғаным сонда? Кім болғаным сонда?» - дей береді, дей береді». 

Мен бұл әңгімені екі рет бастаған едім, екі ретінде де аяқ алысым өзіме ұнамады. Мен ешуақытта қолжазба жыртпаймын. Жазғаным өзіме ұнамаса, белінен керегедей етіп екі сызық тартамын да, мұқият сақтап қоямын. Мүмкін, кейін қажет болып қалар деген ой мені ылғи осындай сақтыққа жетелейді. 

Міне, бүгін таң алдында, таң деймін-ау, түнгі сағат үштердің кезінде оянып алып, төсектің бір шетінде отырғанымда келген ой сол еді. Сол, белінен екі сызған қолжазба қайда екен деп ойладым. Шынында да... шынында да шын жазушылар ешуақытта қиянатқа бара алмайды ғой. Солженицын туралы басталған эссе дұрыс бағытқа бет алмаған. Теріс пікір деп өзімді-өзім тежеп тоқтатқан едім. Дәл қазір, таң алдында, төсектің бір шетінде ұйқысырап отырған Әкімнің көңіліндегі Солженицынды Михаил Лермонтов ығыстыра берген. 

Лермонтов, ол – Демон, Лермонтов, ол – Мыцыри, Лермонтов, ол – Печорин ғой. Ал, сол үшеуі де Лермонтов қой. Дәл өзі болмаса да сол үш кейіпкер – автор жанының көлеңкесі емес пе, автор жанының елесі емес пе, автордың ең қымбат досы емес пе?             

Лермонтов Грушницкийді Печоринге атқызды. Грушницкий, байқұс, өлді. Автор суреттеген дәл сол жерде, дәл сол шыңның құлар тұсында, терең құздың қия бетінде Печорин мен Грушницкий атысты. 

Роман жазылған соң төрт жылдан кейін автор Лермонтов пен жолы болмаған, іші тар, қуыскеуде офицер Мартынов дәл сол суреттеген жерде, дәл сол шыңның құлар тұсында, дәл сол терең құздың қия бетінде Лермонтов пен Мартынов тұрды. 

Мартынов, бақытсыз, жолы болмаған, мансаптан құралақан қалған Мартынов тұрды. Мартынов – Грушницкий. Печорин пистолетті көтерді, көздеді. «Сен сүмелекке сол керек!» - деп атып салды. Грушницкий сайға құлады. 

Ал, Лермонтов – көк аспанға қарай атып жіберді. Оғы көк аспанға кетті. Ал, Мартынов Лермонтов аман тұрғанда, қыз-келіншектердің алдында, қоғам алдында ешқандай беделі болмайтынын білді. Данышпан Лермонтов Мартыновтың ынжық, қырт екенін, түкке татымайтын, адам бейнесінде жүрген айуан екенін қайта-қайта Мартыновтың есіне сала беретін, сала беретін. Сондықтан анау тұрған көркем офицер, қыз-келіншектің сүйіктісі, бүкіл Россияның мақтанышы, атағы дүркіреп тұрған Лермонтовты неге аясын? Ол аяған жоқ, ол атып түсірді. Ұлы ақынның жансыз денесі құзға қарай құлап бара жатты, құлап бара жатты.

Аштық, арамдық адамның тәнін өлтіреді, бірақ аштық та, арамдық та адамның Рухын өлтіре алмайды. 

Көк аспанда қырағы көз бар - 2

Кейін Мартынов ұзақ өмір сүрді. Бала-шағасы көп болды. Олардан мыңғырған үрім-бұтақ тарады. Сол мыңғырған үрім-бұтақтың бірі қазақ жазушысы Ғабит Мүсіреповпен кездесті. Ұшақ үстінде. Шыр айналып бара жатқан Жер шарының үстінде, 10 мың метрлік биіктікте екеуі қатар отырып сөйлесті. Сонда Мартыновтың ұрпағы: 

- Менің атама жала жабылды! - деді. Менің бабам ондай адам емес еді! Үрім-бұтағына қамқоршы еді... – деді. 

Үрім-бұтағына қамқоршы болу, ол - әрбір тірі адамның парызы. Үрім-бұтағына қамқоршы болудың ең керемет үлгісі пингвиндерге, тасбақаларға, қолтырауындарға тән. Бірақ, Лермонтов адам еді ғой. Ол бүкіл Россияның рухын асқақтата көтерген еді ғой. Бірақ, Мартынов сияқты маймыл тектес бір ғалымсымақ Лермонтовтың туғанына 175 жыл толып жатқанда, «Огонек» журналында оқыдым. «Прощай, немытая Россия» деген өлеңі үшін Михаил Юрий ұлын ешуақытта кешіруге болмайды!» - деп жазды. Аты басқа, бірақ заты – Мартынов, заты – мартышка, маймыл, әлдекім...

«Әлдекім» дегеннен кейінгі көп нүктенің орнынан, оқырман, өзің сөз қос, өзің бір сөз жаз. Себебі, жазушы ешуақытта өзі үшін шығарма жазбайды ғой, жазушы шығармасын сен үшін жазады, оқырман. Пушкин оққа ұшқан күні Лермонтов рухани ағасын жоқтап, зарлап өлең жазды емес пе? Лермонтовты жақтаушы бір-ақ күннің ішінде бүкіл Россияға тарап кеткен жоқ па? Лермонтов өлгенде, Лермонтов Мартыновтың оғынан өлгенде, Ресей патшасының екі қызы бір-біріне хат жазып: «Анау сүмелек өліпті, итке-ит өлімі!» - деген жоқ па еді? 

Сондай да болған. 

Сондай да бола береді. Бірақ, КҮН деген жарықтықты, КҮН деген нұрлы жарықтықты шыр айналып жүрген жетім қозы, жетім лақ, жетім құлыншақ, жетім бота – ЖЕР шары деген жарықтықтың бетінде кімдердің рухы биік болатыны белгілі ғой, белгілі. 

«Лермонтовты Мартынов атқан жоқ, тоғай шетінде тығылып тұрған әлдебір атты қазақ атыпты» - дейді Мартыновтың ұрпағы. Ол уәжға рухы биік қазақ жазушысы сене қояр ма?! «Тоғай шетінде жасырынып тұрған атты қазақ атты дегенше өз ақынын, ұлы ақынын өз Отаны атты демейсің бе?!» - деді қазақ жазушысы.

Лермонтовтың «Фаталист» деген әңгімесі бар. Ғажап әңгіме. Ашынған офицер, дүниеден көңілі қалған офицер. Төсекте жатып үй төбесіне қонған шыбынды пистолетпен атып түсіреді. 

Лермонтов фаталист еді, ештеңеден қорықпайтын, ештеңеден қайтпайтын. Ол қу тірліктің соңына түсіп мансап құрам десе генерал да бола алар еді. Оның әжесі Тарханова патшаға өте жақын ақсүйек еді. Тарханова немересін жетектеп патшаға барса Юрий ұлы Михаил билік биігіне самғап шығар еді. Ол бала күнінде-ақ патшаға ең сенімді әскери сардарлар әзірлейтін оқу орнын тәмамдаған еді ғой! Лермонтовтан Мартынов шығатын еді. Бірақ періште бала Мцыридің, Демонның, Печориннің тағдырын таңдады. Билікке емес, Россияға, «жуылмаған Россияға» қызмет еткісі келді. «Жуылмаған» Россияны, өз Отанын тазартқысы келді. 

Үй төбесінде отырған шыбынды пистолетпен атып түсіре алатын фаталист он қадам жерде тұрған Мартыновты екі көзін жұмып тұрып-ақ атып құлатар еді ғой. Ол атып құлатқан жоқ, ол оғын көкке жіберді. Көк аспан оның ыза, кек отына шыңдалған оғын қабылдап алды. Ал, кішкентай ғана байқұс, сорлы (мен оның бойын кішкентай деп тұрған жоқпын, ойының кішкентайлығын айтып отырмын) Мартынов атты. Себебі ол Мартынов қой. Мартышка. Маймыл. 

«Сен олай ете алмайсың!» - дедім мен. Сен дегенім – Александр Исайұлы Солженицын еді. «Мен» дегенім әлі төсекте отыр. 

Түнгі сағат үш. «Мен» Алматыда, Сайын досының үйінде, төсекте отыр. Сайын досының бала-шағасы «менге» үш бөлмелі үйді босатып беріп: - «Аға, жазыңыз!» деген.

Күлтәй жеңешем туралы әңгімені бастамақшы болдым. Отырдым, жаза алмадым. Кілтін таппадым.

Енді бір қарасам, күн шығып кеткен екен. Қой, жату керек дедім... Жуынып-шайынып қайтадан төсекке жаттым. Бірақ ұйықтай алмадым.

Лермонтов фаталист еді. Тағдырмен арпалысып өткен адам. «Ақын өлімі» деген өлеңі шыққан күннің ертесіне орыстың ұлы әдебиет сыншысы Виссарион Григорийұлы Белинский жас пері Лермонтовты іздеп барған ғой, барған. Ол өмірінде Лермонтовты бір-ақ рет көрген. Сол күні көрген. Жас ақынды дивизия командирі, генерал карцерге қамап тастапты. «Ақын өлімі» деген жоқтауы үшін. 

Карцерде жатыр екен Лермонтов, ұлы ақын, жас бала. 23 жасар жас бала. Іздеп келген Белинскийдің атағы дүрілдеп тұрған кез. Оның ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс. Белинский – ол кезде әдеби көсем. 

Бүкіл Ресей оны жек көреді, бүкіл Ресей одан қорқады. Себебі ол – көсем. Көркем сөз көсемі. 

Белинский кіріп келсе, жас офицер төсек үстінде, бір аяғын бір аяғының үстіне қойып, әскери формасын шешпеген қалпы жатыр екен. Беліндегі қылышын да шешпепті. Қылышын көлденең ұстап жатыр екен. Кіндігінің үстіне қойып.

- Мен, Белинскиймін, - дейді сыншы.

Лермонтов оған жәй ғана бір қарайды да үн қатпайды. Паң.

- Мен, Белинскиймін, - деді Виссариан Григорийұлы тағы да.

Фаталист орнынан тұрмайды. Фаталист Мартыновты шыбын сияқты атып түсірер еді ғой. Бірақ ол атпады. Себебі ол ақын еді, себебі ол жазушы еді. Атып түсірмеді. Бірақ оны ... атып түсірді. 27 жасында. Белинский ақсақал басымен іздеп келгеннен кейін, төрт жылдан кейін Лермонтов оққа ұшты. Өзі атқысы келмеді оның. Жас ақын Лермонтов қысқа өмірінде дәріптеп өскен, ғашық болып жырлап өскен кәрі Кавказдың шағын бір саласы Бестаудың (Пятигорск) баурайында, қия жартастың қия беткейінде арамның қолынан оққа ұшты. Қыршын кетті.

Қазіргі қазақ деп аталатын халықтың тарихта аталу – есімі көп болған. Қазсақ. Күн. Көк тұрұқ. Қазіргі тілмен айтсақ, көк тұрғыны. Қаз-Сақ-Күн-Көктұрғыны-Құба (дала) сақ. Тынық мұхит пен Атлант мұхитының арасын жалғастырып жатты. Бүкіл жер бетін дүрілдетіп тұрды. Бірақ аты өзгере берді, өзгере берді. Халықтың да шаршайтын кезі болады, халықтың мүлгіп кететін кезі болады. Сондай кезден қаз-сақ та өтті қазақ. 

Сол аты көп халықтың заты – біреу еді. Оны Қытай, Орыс, Ватикан тарихшылары жақсы білетін. «Қазақ қауіпті халық, астындағы арғымағының тұяғы тиген жердің бәрін менің жерім дейді» - дегенде («Правда» газеті) А. Солженицын соны анық біліп айтқан. Ал, мүлгіп кеткен, қалғып кеткен халықтың, өз тарихын өзінен жасыратын. Сол бабалардың атының тұяғы кемінде он мың жыл таптаған Алатаудың бір шағын ғана қойнау-қолтығында Күлтәй жеңешемнің көп немерелерінің бірі Жанат. Өзі биыл 30 жаста. Лермонтовтан үш жас үлкен. Сол жігіт Алатаудың ғажайып бір қолтығында ғажайып бір үй салды. Әсем ғимараттың тастұғыры жер астына он-он екі метр кетеді екен. Соны айтқанда мен күлдім: «Сонша терең қазып, қыруар қаражат шығарып нең бар еді? – дедім. Жанат маған жымия қарады:

- Көке, үй салған адам мыңдаған жылдарға арнап салу керек қой, - деді.

Сол Жанаттың ұлына Өмірзақ атасы Бөдехан деп ат қойыпты. Мен таң қалдым. Қазақта кездесе бермейтін бұл есімнің мағынасын сұрадым. Өмекеңнің сөйлеу мәнері қызық. 

- Баяғының баяғысында Бөдехан деген бабамыз болған. Аталарымыз айтатын еді. Дұспанға («дұшпан» дегені шығар) бет қаратпаған, сол кісінің құрметіне қойды» - деді.

Өмірзақ атаның жауабы маған шешімі шиеленіп қалған қиын сұрақ тастады. Бөде деген ұғым қазақ арасында қашаннан бері, қалай сақталды екен? Мен білетін Бөде ханның үш есім-атауы болған. Бірақ - әкесі Қара-хан қонған аты – Бота. Екінші есімін өгей шешесі қойған: Бөтен. Никита Бичурин аударған Қытай жылнамаларына: Мөде, Мөден болып екі түрлі жазылған. Жапон ғалымы Синатори көне заманда «М» болып оқылатын иероглиф қазіргі кезде «Б» болып оқылу керек дейді. Ендеше – Мөде – Бота, Мөден – Бөтен деген мағынаны білдіреді. Бота-хан, Бөтен-хан бұдан 2200 жыл бұрын өмір сүрген, Қытай Цин-Ши Хуан-димен замандас.

Цин-Ши Хуан-димен замандас қана емес, сол Цин-Ши Хуан-Димен өмір бойы арпалысып өткен, сол Цин-Ши Хуан-диді тізе бүктіріп, өз елін Қытай бұғауынан босатып алған. Аспандағы Күнге табынғаны үшін туған әкесімен соғысуға мәжбүр болған – Бота хан!

Босатып қана қоймаған, империяны өзіне бағындырған!

Өз есімі Бота, ал ресми дәрежесі – Оғаш! Ешкімге бағынбайтын, оғаш тұрған дербес хан! 

Сол Бота ханның арғымағының тұяғы Хуанхэ өзенінің өн бойымен жүріп отырып Еділ-Волга өзенін көктеп өткен.

Халық санасы – жұмбақ құбылыс!

Сен мені кешіре ғой, оқырманым, бір ғана ойды, бір ғана пікірді дәлелдеу үшін мен пақыр осыншама шегініс жасауға мәжбүр болып отырмын.

Александр Исайұлы Солженицын айтқандай «қазақтар атының тұяғы басып өткен жердің бәрін менікі дейді!» - деген кекесін пікірді жоққа шығару үшін айтып отырмын.

Ат тұяғы жеткен жерге мәдениет барады. Ат үстіндегі ертоқым – ол мәдениет. Аттың тізгіні, жүгені – ол мәдениет. Ат үстінде кетіп бара жатқан жауынгердің беліндегі қылышы, қылыштағы инструкция өнер емей немене? Ат үстіндегі жауынгердің сауыты, киім үлгілері, өрнек - әсем өрілген рухтың белгісі емес пе? Бұл - том-том зерттеуді қажет ететін тақырып. 

Сонымен, Лермонтов төсекте жатыр. Етігін де шешпеген. Қылышын да шешпеген. Екі аяғын айқастырып тастаған. Бірақ ол - дүйім жұртты қылышының жүзімен емес, ақылының нұрымен жаулап алған ақын. Ол ешуақытта ешкімге қарап қылыш сермеген емес. Ол мерген болды, ол фаталист болды. Бірақ ол пистолетін адам кеудесіне бағыштап атқан емес, ешуақытта. Себебі ол ақын еді ғой, ақын. 

Сонымен, Күлтәй жеңешемнің көп немересінің бірі Жанат Алатаудың көркем бір қолтығында ғажап бір үй салды. Ол қазір, дәл бүгін Лермонтовтан үш жас үлкен, отызда. Бірақ, қазіргі балалар қырқында да, елуінде де жас қой. Әке-шешесінің көлеңкесінде күн көріп жүрген миллиондар бар. Бірақ, Жанат ондайлардың қатарында емес. Ол жас күнінен өзіне-өзі жол салып, атасы Өмірзаққа бір мысқал қиындық түсірмей, өз еңбегімен, өз іскерлігімен, мінеки, ғажап үй салды. Өмірзақ атасы Жанаттың сол үйін тойлаймын деп, Қазақстанның түкпір-түкпірінен туысқандарын, іні-қарындастарын шақырды. Сол тойда менің жанұям да болды. Ұйқыда жатқан автор шошып оянатын күннен бір апта ғана бұрын өтті ол той. 

Күлтәй жеңешемді көтермелеп, сүйемелдеп әкеліп төрге отырғызды. Күлтәй жеңешеме мен ұрлана қарап отырдым. Бет әжімі көбейіпті, маңдайындағы тағдыр сызықтары тереңдей түсіпті. Белі бүгіле түскен. Тоқсанның «жағасынан алу» оңай ма! 

Тойдың орта тұсында игі жақсылардың айтқан тосттарына, тілек-сөздеріне әбден көңілі толды ма екен, шабыт алды ма екен жеңешемнің маңдайындағы әжімі тарап, беті нұрланып:

- Ал, балалар, енді өлең айтамыз! – деді, деді де өзі бір емес, бірнеше өлең айтты. Дауысы да ап-анық, ап-айқын, соншама ғажап естілді. Және де шырқағандарының бәрі өзінің жастық шағындағы мұңлы да сырлы әндер. Содан кейін жеңешем, бәрімізді зорлап, шетімізден ән айтқызды. Барылдап, дарылдап, колхоздың ескі тұрып қалған тракторындай дарылдап біз де біраз желпіндік. Той басталарда бүгіліп, еңкіш тартып отырған жеңешем, той тарарда жасарып, жүзі нұрланып, көзі күлімдеп мерекеден қайтып бара жатты.

Күн көтеріле бергенде қайта ұйықтамақ болып қайта жатқанмен, ұйықтай алмадым, тұрып кеттім. Отырдым. Мен әлі Солженицыннің бұл дүниеден өткенін естіген жоқпын ғой. Бірақ, көкейіме қайта-қайта сол кісі орала берді. Күлтәй жеңешем мен Александр Солженицын бірін-бірі алмастырып сана экранына орала берді, орала берді. 

Көз іле алмай маужырап отырған Әкімді шар еткен телефонның ащы даусы оятып жіберді. Қалихан екен.

- Әй, көке, әлі ұйықтап жатырсың ба? – дейді. Оның жас кезінен бергі әдеті, мені сағат сегіздерде оятатын. – Тұрсаңшы, қызметіңе барсаңшы, - деп қоятын.

Мен Астанаға көшкелі Қалихан сол әдетін амалсыз қойған еді. Енді тағы қолыма түстің бе дегендей:

- Көке, тұрсаңшы, әлі жатырсың ба? – деді. Біраз сөйлескен соң Қалиханға:

- Енді сен мені оятпай-ақ қойшы, кішкене ұйықтап алайын, - дедім.

- Өй, қойшы, - деп ол да ренжіп, телефонды қоя берді.

Қалихан есіме түсті. Қалихан десем Алтай келеді көз алдыма. Қатын қарағай. Мұзтау. Алыстан көз тартқан күміс ертоқым – Мұзтау. Өрдегі ел, Белдегі ел, Қазақстандағы ең асау өзен – Қатын. Көк тұрғындарының, Көк тұрұқтардың кіндік елі. Сол елдің екі Қалиханы болса, біреуі мен болып жүрдім. Кей кездерде мен Алтайға бара алмай қалсам, Қалиханның ағалары, жеңгелері сұрайды екен. - Әй, Қалихан, Әкім неге келмеді? Сен келмесең де, Әкім келсе бізге жетіп жатар еді ғой! – дейтін көрінеді. Сол Қалиханның әкесі - екі жасар ұлын құшақтап, қатты қысып жатып, ұйқы үстінде өмірден өтіп кеткен ғой. Қапалықтан өлген. Әне, айдап кетеді, міне, айдап кетеді деген қорқыныштан өлді ме екен. 1937 жыл еді себебі. Хат танитын адам, зиялы жігіт. Хат танитын адамды ол кезде аямайтын еді ғой өкімет. Соның алдында ғана Сапақ деген ағасын этаппен айдап кеткен екен. Этап деген ол – жоспар, алыстағы аудандарда тұратын күдікті адамдарды бірлеп-екілеп айдамайтын, ол кезде жоспар болатын. Жоспар орындау үшін топтастырып, екі айда бір, үш айда бір бүкіл аудандардағы күдіктілерді жинап, Алматыға алып баратын. Бүкіл Қазақстандағы күдіктілерді жинап, Сібірге айдап кететін. Ол сөздің аты – этап еді. Сол этаппен Александр Исайұлы да қазақ жеріне келді ғой, саяси тұтқын болып келді. Жалғыз бас кемпірдің үйінде тұрды. Қазақ мектебінде сабақ берді. «Коминтерн» деген колхозда. Атының өзі қандай ғажап, қандай символ. Ком-интерн – халықтар достығының, халықтар бірлігінің символы. Коммунистік интернационал. Еңбекші халықтардың бірлігі, достығы. Сол Коминтернде тұрды ол. Мектепте сабақ берді ол. Ол байқұс та этаппен келді ғой. Этап...

Қалиханның әкесі – жалғыз ұлын қатты қысып ұйықтаған қалпы, сатқын заманнан өтіп кеткен. Анасы Күләш ойбайлап жүріп, жылап жүріп, әке құшағында жатқан баласын әрең босатып алған, әрең босатқан. Әке жібермей қойған. Кейін анасы айтады екен:

- Қалихан, сенің өмірің ұзақ болады, себебі әкең саған өзінің қалған өмірін, бойындағы шуағы мен жылуын қалдырып кетті. Өз жылуын қалдырып кетті ғой! – дейді екен. 

Сол 42-жылы көзі бақырайған, тәштиген жалғыз ұлын шанаға отырғызып, басына әкесінің үлкен түлкі тұмағын кигізіп, әкесінің қалың сең-сең тонына орап, Күләш келіншек, жас ару он бес шақырым жердегі туысқанына тартады. Күні бойы жүріп отырып, түн ортасы ауғанда әрең жетеді. Қақаған аяз. Аяз – ажалдан да қиын ғой. Ажалда сезім жоқ. Аяз. Аяз адамның бар сезімін кеміріп, асықпай жеп, миыңды шағып, миыңды кеміріп, жеп жібереді ғой. Аяз. Таңның атысында шыққан екі жасар ұлын шанаға отырғызып, сүйреп шыққан ана, түн ортасы ауа, он бес шақырым жердегі туысқанына келді. Туысқан – екі жасар нәрестенің туысқаны. Мынау жалғыз бала, сенің ағаңның жалғызы, осыны не істейміз деп, алып келген болар. Бірақ, туысқаны есігін ашпай қойды. Әйелі шықты. Танымаған болып: 

- Кімсің? – деді.

- Мен ғой, Күләшпін ғой, - деді. – Қалиханды алып келіп едім, - деді.

- Ағаң жоқ үйде... - деді әйел. Бірақ «ар жағынан» ағасының күңкілдеген дауысы естіліп тұрды. Ашпай қойды есікті. Аяз болса кеміріп барады. Күләш жылаған шығар, әрине. Бірақ, Қалихан оны қайдан байқасын, тұмшалап тастаған Қалихан шанада отыр ғой.

Есік ашылмады. 

Ақырында, жарайды ендеше деп, Күләш жас келіншек, жас ару бұрыла берген кезде, есік шиық етіп ашылып, әкесінің туған інісінің әйелі жарты күлше нанды лақтырып жіберді.

- Мә, мә, мынаны жеңдер! – деп. 

Нан қатып қалған екен.

Сол кезде селк етіп оянды ма екен, әлде есін жинап алды ма екен Қалихан нанды шап беріп ұстап алды. Ұстап алды да қатты нанды қойнына тығып жіберді. Анасы ұрысты, әрине. 

- Таста, таста нанды, саған керек емес, бұл жарты нан саған енді медет болмайды, таста! – дейді.

Бала тастамады, қойнына тығып жіберген. Ана тартып алып, лақтырмақшы болды. Әрине, есікке қарай лақтырмақшы ғой. Бірақ, бала бермей қойды.

Беті қайтып қалған ауылдан, жүрегінен, лүпілдеп тұрған жүрегінен теуіп жіберген ағайынының үйінен сәл ұзай бергенде, Күләш байқады ма екен, баласының әлгі қатып қалған нанды аузына салып отырғанын... шананы тоқтатып.

- Әкел, бері! – деді де тас болып қатып қалған нанды бала қолынан жұлып алды. Жұлып алды да тісіне ары салып, бері салып, сындыра алмай, ақыры бір үзімін ғана әрең үгіткен екен, бірақ тісінің қызыл еті қан-қан болыпты. Сол қызыл еттің қанымен араласқан нанды шайнап-шайнап Күләш келіншек, Күләш ару баласының аузына салады. Екі жасар нәрестенің аузынан нан ары қарай жүрмей қояды. Содан кейін Күләш сұқ саусағымен, сүйріктей әдемі саусағымен баланың өңешіне шайналған нанды итеріп-итеріп ары қарай өңешінен өткізіп жібереді. 

- Әттең-ай, әттең-ай! – деп жылайды содан соң, - Сен болмасаң мынау ит өмірде бір сәт қалмас едім! Бір жарым құлаш кендір арқанға жалынар едім. Тағдырымды бір жарым құлаш кендір арқанға тапсырар едім! – деп зарлайды. «Бір жарым құлаш кендір арқан» деген тіркестің мән-мағынасын Қалихан ержеткен кезде ғана ұғынады.

Енді баратын жол бес шақырым. Он бес шақырым жүрген ана, бес шақырымға шыдаймын ғой деп, жолда келе жатыр сүйретіліп. Өзі де былқ-сылқ, баланың да басы былқ-сылқ, әрине.  ... Бір кезде Күләш тоқтап, баласына айқай салады:

- Өлмедің-ау, сен, өлмедің-ау! Сен өлсең, маған жеңіл болар еді. Мен мына әдірам қалған тірліктің құнын бір жарым құлаш арқанмен өлшер едім! Сен өлмей қойдың ғой, қу жетім, сен өлмей қойдың ғой.

Еңкейіп, айқайлап, ұрсып тұрған анасының көзіндегі тырнақ басындай қос мұзды көріп үлгереді бала. Мұз. Көз жасы емес, қатып қалған екі мұз. 

Әлгінде әңгімені келте қайырғаныма ыңғайсызданып отыр едім, енді Қалиханға қайтадан тіл шалдым:

- Әй, Қалаға, сонда анаң айқайлап, саған ұрысқанда екі тамшы көз жасының мұз болып қатып тұрғаны шыннан есіңде ме? – дедім. Қалихан күлді.

- Әй, көке-ай, ол әңгімені мен өзім жазып қойғам... – деді. – Және журналға беріп қойғам. Мен айттым:

- Ол 42-жылғы оқиғаны мың жазушы мың рет жазса да артық болмайды! Мың жазушы мың жазуы керек, сонда да адамзаттың ұяты ояна қояр ма екен, биліктегілердің ұяты ояна қояр ма екен? – дедім. – Сенің әкеңнің ағасы этаппен кеткен еді, сенің әпкең этаппен кеткен еді. Орыстың үлкен жазушысы Солженицын этаппен Қазақстанға келген еді. Сенің әкең мен әпкең этаппен орыстың сібіріне барған еді. Сол заман... – деп сөзімнің аржағын «жұтып қойдым».

Сөзімнің аржағын жұтып қойдым. Өзіме өзім күбірлеп айттым. Сондықтан да бұл эссені жазбасам болмайтын еді. Ішімде қалса, дертке айналып кететін еді. Сондықтан да осы эссені жаздым. Бұдан оқтай бір жыл бұрын. Содан бері қанша мәрте қолға алдым, түзетіп, әрлеп, өңдеп жарыққа шығарайын деп... Қаламым жүрмеді. Осыдан бір апта бұрын, А. Солженицынның дүниеден өткеніне бір жыл толғанда Москва телеарнасының бірінен көп сериялы деректі фильмнің бірінші бөлімін көріп қалдым. Александр Исай ұлы сөйлеп отыр екен. 

- Қазақстан маған қымбат! – деді, - Мен қазақ мектебінде сабақ бердім! - деді. - Қазақ балалары алғыр! – деді. Қазақ байсалды да өжет халық! - деді.   

Хабар аяқталған соң мен орнымнан тұрып терезе алдына бардым. Сол арада көрдім. Сездім. Түйсіндім. 

Көк аспанда қырағы көз бар.

Алланың қаһары қатты, Алланың мейірімі де шексіз ғой.

Көк аспанның қырағы көзінен мейірім ұшқынын аңғардым.

Тәубе!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар