Білім күні құтты болсын!
Бөлісу:
1 қыркүйек – Білім күні. Жаздың ресми аяқталып, күз маусымы басталған дәл осы күні ауыл мен қала үш ай бойғы бұйығы қалпынан оянғандай, қарбалас бір күйге енеді. Мектептің маңы қараң-құраң, ығы-жығы адам мен техникаға толып, оқушы киімін киіп, сөмкесін асынып, қолына гүлін ұстаған ұлдар мен қыздар ертеңгілікке қатысуға асығып келе жатады. Мектеп табылдырығын жаңа аттап жатқан балақайлар мен олардың ата-аналары үшін тіпті көңіл толқытарлық жауапты күн! Айналасына таңырқай жаутаңдаған осынау бүлдіршіндерді көргенде Мұқағали ақынның:
Мектебің, мынау – класың,
Осында он жыл тұрасың.
Тарыдай болып кіресің,
Таудай болып шығасың! –
дейтін әйгілі өлеңі еріксіз ойыңа оралады. Иә, тарыдай болып кірген бұл көкөрімдер амандық болса, он бір-он екі жылдан соң сәмбі талдай солқылдаған, таудай жас азаматтар болып өсіп шығатыны шүбәсіз.
Биыл Қазақстанда 340 мыңға жуық бүлдіршін бірінші сыныпқа кірген деген статистикалық дерек бар. Сондай-ақ еліміз мектептеріндегі мұғалім педагогтардың да саны – 340 мыңнан астам екен. Осы оқу жылы бастауыш сынып оқушылары ел бойынша ыстық тамақпен толықтай қамтамасыз етілмек. «Ас – адамның арқауы» дегендей, бұл да болса жас ұрпақтың денінің саулығына қоса, ата-аналардың қалтасына да едәуір сүйеу, көмек болары сөзсіз. Елімізде 3,5 миллион оқушы бар. Бұл – Қазақстанның демографиялық тұрғыда болашағы зор екендігінің көрсеткіші. Тек бұдан кейінгі жылдары сан сапаға айналса дейміз. Ұлтымыздың, мемлекетіміздің қай тұрғыдан болсын сапалы болуы – бүгінгі бүлдіршіндердің, ертеңгі жастардың қолында. «Халықтың кемеліне келіп өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет», - деп сонау ХІХ ғасырда тұңғыш ағартушы ғалымымыз Шоқан Уәлиханов айтқан болатын. Азаттығымыз – бейбіт аспанымыздың астына, мүмкіндігіміз – қолымызда. Тек алаңсыз білім алу ғана – парыз. Ғұлама Мұхтар Әуезов: «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім», - деп бекерден-бекер айтқан жоқ қой. Өркениеттің көшінен қалмай, өзгелермен иық тіресіп, терезе теңестіреміз десек – жатпай-тұрмай жанталасып, заманауи білім мен ғылымды игеруіміз қажет. Онсыз болмайды. Көштен қалып қоямыз. «Білімсіздің күні ғаріп, білімдінің күні жарық».
Ат өнері білінбес,
Бәйгеге түсіп жарыспай;
Желкілдеп шыққан көк шөптей,
Жаңа өспірім достарым,
Қатарың кетті-ау алысқа-ай,
Ұмтылыңыз, қалыспай, -
деп ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсарин қазақ баласын өзгелермен білім бәйгесінде жарысып бақ сынауға шақырған болатын. Екі ғасыр өтсе де, ұлт ұстазының сол үн қатуының маңызы арта түспесе, төмендемек емес. Себебі, біз үлкен жетістіктерге қол жеткіздік, бірақ әлемнің озық жұрттары білім алып, ғылым игеріп, технологиясын дамытып, озық техникаларын игілігіне айналдырып, тіпті де алға кетіп барады. Білімі мен қабілеті бар, әлеуеті зор қазақ баласы да олардан қалуы тиіс емес.
Жас қырандар – балапан,
Жайып қанат ұмтылған,
Көздегенi көк аспан,
Мен жастарға сенемiн!
Иә, біз жастарға сенеміз. Қазақстанның болашағы – білімді жастардың қолында. Болашақ бүгіннен басталады десек, бүгінгі білім жолына қадам басып жатқан миллиондаған шәкірттердің жолы ашық, келешегі кемел болғай!
Білім күні құтты болсын!
Бөлісу: