Елордада Күзгі вернисаж көрмесі өтті

Бөлісу:

23.10.2023 1523

Қазан айының 22-і күні Астана қаласындағы «Miras art-галереясында «Отпан таудан – Ұлытауға» art экспедиясының қорытынды кеші өтті.   2023 жылдың мамыр-шілде айында «Ақтау қалалық суретшілер одағы» қоғамдық бірлестігі, Маңғыстау облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының мемлекеттік гранты аясында Маңғыстау суретшілерінің біліктіліктерін арттыруды жүзеге асыру арқылы «Отпантаудан-Ұлытауға» суретшілер экспедициясы ұйымдастырылған екен.

«Отпан таудан – Ұлытауға» art экспедиясы жолға шығып, 2-3 аптаның бедерінде төрт облыстың (Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Түркістан, Қарағанды) сокральды орындарын  аралап, әр өңірде кәсіпқой суретшілердің қатысуымен шеберлік сағаттары өткізіліп, елуге жуық картинаны өмірге әкеліпті. Кешке қатысушылар сол картиналарды көзімен көріп, экспедиция жетекшілері Тынышбек Балтабаев, Аймұрат Таңатов сынды қылқалам шеберлерімен  кездесті. Кеш тізгінін көпшілікке белгілі журналист Алмас Алтай ұстады. 

«Қош келдіңіздер! Бұл – «Отпан таудан – Ұлытауға» атты art экспедициямыздың қорытынды көрмесі.  Өзіміз тұратын Маңғыстау облысында кішігірім art экспедиция әуелден бар еді. Қасымдағы Аймұрат досым екеуміз қай бір күні  Ұлытау облысына дейін маршрут сызып, экспедиция ұйымдастырайық деп шештік. Азаматтық бастамаларды қолдау мекемесінің, жергілікті кәсіпкер жігіттердің қолдауымен осы сапарға шығып кеткен жәйіміз бар.  Сапар барысында біз Маңғыстау облысынан шығып, Отпантау-Сарайшық-Бөкей ордасы-Қорқыт ата-Қожа Ахмет Яссауи-Жәдігерлер кешені бағыты бойынша өңірлерді, сол жерлердегі музей экспонаттарын, ескі қорымдарды аралап, өздеріңіз тамашалап отырған таңдаулы этюд картиналарды салып шықтық. Соңғы нүктеміз – Ұлық Ұлыстың негізін қалаушы Жошы хан кесенесі болды. Негізі барлық картинаны алып келуімізге болушы еді, әйтсе де, тонау екі мың жарым километрден кескіндемелерді тиеп алып келу де оңай болмады. Өзіміз де жеңіл көлікпен жүрміз. Экспедициямыздың қорытындысы осы – картиналарымыз. Қалған әңгімені картиналардың өзі айта жатар», - деді маңғыстаулық суретші Тынышбек Балтабаев. 

Аймұрат Таңатов пен Тынышбек Балтабаев – еліміздің бейнелеу өнеріне тамшыдай болсын үлесін қосып, серпін беріп жүрген суретшілер. Маңғыстау облысының өзінде бейнелеу өнері кенже дамыған сала. Бұл өңірден әр он, жиырма жылда қадау-қадау суретшілер шыққаны болмаса, кейінгі бес, алты жылдағыдай қарыштап дамып, еліміздің үлкен қалаларында көрме өткізу сынды шаралар некен-саяқ ұйымдастырылған. Өнер сапарларынан бөлек жоғарыда аты аталған азаматтар Маңғыстау өңіріне шетелдің небір саңлақ суретшілерін шақыртып, қастарында бірге жүріп, этюдтер жаздырып алған. 

«Армысыз, өнер сүйер қауым. Шілде айының үш аптасында Қазақстанның үш облысын аралап шыққан едік. Көп журналистер «Мақсатыңыз қандай, не істеп жүрсіздер?» - деп сұрап жатады. Суретші болғандықтан әртүрлі идеялар келеді. Өзіміз табиғатты жақсы көретін болғандықтан, төрт көлікпен, он шақты адаммен әр өңірді аралап шықтық. Шілденің шіліңгір ыстығы. Небір әдемі жерлерді, музейлерді көрдік. Қысқаша айтар болсам, өз еліміздің табиғатын, музейлерін, қазақ жерінде өмір сүрген тұлғаларды насихаттау үшін жолға шыққанбыз.  Қасымызда Жәнібек Сүйінбеков атты қырғыз елінің жас суретшісі де болды. Ең кіші суретшілеріміз үш студент қыз еді. Олар да риза. Алдағы уақытта әр барған өлкемізде осындай плэнер ұйымдастырып,   этюдтр жазып, басқа да мемлекеттерді аралау жоспарымызда бар. Қолдау көрсеткені үшін Маңғыстау облысы әкіміне алғысымызды білдіреміз», - деді маңғыстаулық суретші Аймұрат Таңатов. 

Әр суретшінің болмысы туған жерінің табиғатына байланысты қалыптасады. Әр өлкенің өз аурасы мен қайталанбас табиғаты болады. Кез келген өңір суретшіліренің бірегейлігі де сонда. Мұнаймен салынған кескіндемелер Ақтаудың идентификациясын әдемі беріп тұрғандай. 

«Бүгінгі Астананың төрінде өтіп жатқан ақтаулық суретшілердің көрмесі өтетінін естіп, келдім. Бұл көрменің ерекшелігі маңғыстаулық суретшілер Отпантаудан Ұлытауға дейін біраз жерлерде болып, сол жерлердің картиналарын жазып шығыпты. Art экспедиция жобасының картиналарында жарты Қазақстанның кескін-келбетін көруімізге болады. Мұны жылжымалы пленэр деп айтса да болады. Бұл – суретшілер үшін жақсы бастама. Картиналарда бір түстің өзімен кеңістік жасай білген. Картиналардың энергетикасы өзгеше екені бірден көрінеді. Жалпы, бейнелеу өнерінде кез келген туындыны ашатын нәрсе – суретшінің кеңістікті сезіне білуі. Сосын түстердің колларитін жақсы пайдалана білген. Мұнаймен салынған суреттерде түстердің колларитін қолдану өте қиын. Таулы, жасыл өлкелерді басқа суретшілер сала беруі мүмкін. Ал бірақ олар маңғыстаулық суретшілердей Бозжыраның кескін-бояуын бере ала ма? Көрдіңіз бе, әр суретші бейсаналы түрде өз туған өлкесінің табиғатына бейімделеді. Талаптарыңыз оң болсын», - деді  публицист жазушы Шарқан Қазығұл ағамыз. 

Елімізге танымал қылқалам шебері Жеңіс Кәкенұлы маңғыстаулық суретшілермен 2015 жылы танысыпты. Жеңіс ағамыз сол сапарында басқа планетаға түсіп кеткендей күй кешіп, өзге еш өлкеге ұқсамайтын ландшафтарды,  көкшулан Каспий теңізін, Үстірт, Бозжыра, Қарынжарық, Шерқала сынды тарихи аймақтарды аралап, әулие Пір Бекет атамыздың басына зияраттап барғанын айтты. «Отпан таудан – Ұлытауға» art экспедиясының қорытынды көрмесіне арнайы келген суретші Жеңіс Кәкенұлы: 

 

«Әппақ таулардан бастап, Атырау, Орал, Қызылорда, Түркістан, Ұлытаудағы Жошы хан кесенесіне де дейін барған жігіттерді әлеуметтік желіден көріп әбден қызықтық. Қу тіршілікпен жүресің дағыны көп нәрсені өткізіп аласың. Қаншама кітаптар мен фильмдер оқылмай қалады... Осы екі жігіт әлі талай жас қырандардың томағасын тартады, жақсылардың батасын алады, өнер жолында өздерінің даңғылын салады деп ойлаймын. Бүгінгі көрме өте жақсы деңгейде өтуде. Өздеріңе сәттілік қана тілеймін, жігіттер!», - деп жылы лебізі мен ақ тілегін арнады. 

Кешке суретшілер Тынышбек Балтабаев пен Аймұрат Таңатовтың Астана қаласындағы аға достары мен құрбы-құралпыластары да қатысып, қолдау білдірді. Сол азаматтардың бірі  – «Qazcontent» АҚ  төрағасы Бекзат Жүсіп: 

«Ардақты ағайын, көрме құтты болсын! 2017 жылы Ақтау қаласында көрме өтіп, осы қос жігіттің мұнаймен сурет салу бастамасына куәгер болған едім. Жігітердің шығармашылық қыры мен мүмкіндіктерін әріптестері мен кешке қатысушылар айтып жатыр ғой. Мен ол жағына тоқталмай-ақ қояйын. Бұл азаматтардың айналасына ізденімпаз жастарды, басқа да өнер саласындағы қыз-жігіттерді топтастырып, бірге ертіп, ағалық қамқорлықтарын көрсетіп жүргеніне де куә болдым. Бұдан бөлек бұл жігіттер мемлекетіміздің қолдауын күтіп отырмай, өздері ұйытқы болып, Маңғыстау өлкесіне көптеген шетел суретшілерін шақыртып, жастармен тәжірибе алмасуына ықпал жасаған еді. Қала берді, Каспий теңізі жағасындағы үйлердің жарына елімізге еңбегі сіңген маңғыстаулық қайраткер қаламгерлердің муралдарын салуға мұрындық болды. Яғни, Аймұрат пен Тынышбек сурет өнеріне серпіліс әкелген азаматтар. Әлі де еліміздің сурет өнерінің дамуына үлкен үлес қосады деген сенімдемін», - деп құттықтау сөзін айтты. 

Кезінде ұлты жөйіт, орыс суретшісі Исаак Левитан достарымен табиғатқа серуендеп шығып, жерге жата кетіп, өкіріп жылаған көрінеді. Достары неге жыладың десе «Мен мұншалықты сұлулықты бере алмаймын» - депті. Рас. Ол заманның суретшілері өнерге, мынау көркем жаратылысқа қандай адал, нәби көзбен, махаббатпен қараған дерсіз.  Бұл заманда көптеген суретшінің бойынан жоғалып бара жатқан осы ізгі қасиетті көрме авторларының бойынан көремін деген “Сал Сері” галереясының негізін салушы, суретші Армат Бектасов:

«Осы жігіттерге үлкен алғысымды айтқым келеді. “Сал Сері” галереясын көпшілігіңіз білетін шығарсыздар. Бұрындары осы жігіттер келіп, көрмесін ұйымдастырған  еді. Кейін мен өзім Ақтау қаласына барып, қос жігітпен арнайы кездесіп, үлкен пленэр жасадық. Айтайын деген дүниеме тоқталайын. Сал Сері галереясы дегеніміз кешегі өткен аталарымыз Шалкиіз, Ақтамберді, Бұқар жырау, Мөңке билер ғой. Аталарымыз көбіне ел-жер аралап жүрген екен. Бұл қос жігіт те сол аталарының ізін жалғап, қырық күн жолда жүріп, этюдтер жазып шығыпты. Өздеріңіз білесіздер, бұл оңай шаруа емес. Және өте жақсы жұмыстар жасалған. Негізі art экспедицияның қорытынды кеші біздің көрмеде өтуі тиіс еді. Біздің көрмеде (накладка болып) уақыты сәйкес келмей қалды. Десе де Мирас галереясында да жақсы жағдай жасалған. Сөзімді қорытындылай өтсем, әке көрген оқ жонар демекші, бұл жігіттер ұлтының тектілігін танып, өнерге уақыт бөліп (уақыт бөлу дегеніміз де махаббаттың эквиваленті тәрізді) жүрген азаматтар. 

Бұл – үлкен ерлік. Бұлар өздерінің ісі арқылы, жұмысы арқылы өнерге қалай қызмет ету керегін көрсетуде. Әрқашан жолдарыңыз ашық, жұмыстарыңыз жемісті болғай. Жақсы жобаларыңызбен елді қуанта беріңдер. Біз әманда тілектеспіз» - деп ыстық лепесін жеткізді. 

Күзгі вернисаж көрмесінің атмосферасы керемет. Аймұрат пен Тынышбек картиналарының жанры өзіміздің мекенжайымызды көрсетеді. Бұл бастаманың түбінде аспан асты мұражай өлкесінің жұмбақ та әсем табиғатын таныту жатқан секілденеді. 

«Мен бұл жігіттердің жұмысымен бұрыннан таныспын. Әлбетте, Маңғыстау суретшілері экспедицияның қорытынды көрмесі өтеді деген соң, жүрегім лүпілдеп жетіп келдім. Өзіміздің елдің жігіттері. Былтыр да Астана қаласында осы жігіттердің үлкен көрмесі өтті. Оған да қатысқан едім. Былтырғы көрмеден айырмашылығы, жиырма шақты жаңа картина көріп тұрмын. Өзім творчестваның адамы болғаннан кейін, осындай көрмелерге келіп, эстетикалық ләззат аламын. Аймұрат картиналарының тоқсан пайызында Маңғыстау ландшавтары мен киелі орындары ерекшелігі бейнеленеді» - деді көрмеге қатысушы ханым Динара Алланазарова. 

Маңғыстаулық суретшілерге толайым табыстар мен шалқар шабыт тілейміз. 

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар