Республикалық балалар оқулары байқауының жеңімпаздары анықталды

Бөлісу:

02.11.2023 1347

2023 жылғы 1-2 қараша күндері Астана қаласында Республикалық балалар оқулары байқауының қорытынды шарасы өтті. Шараның мақсаты - балалардың кітап оқуға деген құштарлығын арттыру, қазақ және шетел әдебиетін терең зерделеуге шақыру, сондай-ақ оқушылардың жылдам оқу, логикалық және сыни ойлау қабілеттерін дамыту. 

Республикалық кезеңге еліміздің барлық аймағынан іріктелген 63 оқушы қатысты. Олар шара барысында 60 сұрақтан тұратын тест тапсырмасын орындап, эссе жазып, сыни ойлау және ойын дұрыс жеткізу шеберлігін көрсетті. Ал байқаудың аудандық кезеңіне 8-10 сыныптың 10 024 оқушысы қатысса, облыстық кезеңде 767 оқушы бақ сынаған болатын.

Айта кетейік, шара барысында  Қазақстандық қоғамдық даму институты әзірлеген балаларға арналған Tanym мобильді қосымшасы таныстырылды. Сондай-ақ қатысушылар Назарбаев Университетіне және ҚР Ұлттық музейіне экскурсия жасады, медиа және ақпараттық сауаттылық туралы дәріске қатысты. 

Бүгінгі жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет, жазушы Қуаныш Жиенбай, публицист, жазушы Шархан Қазығұл, Назарбаев Университеті кітапханасының директоры Джеральд Кавана және Қазақстандық қоғамдық даму институтының Басқарма төрағасы Нұрбек Матжани  қатысты. 

Қазылар алқасының шешіміне сәйкес, бірінші орынды 8-сынып бойынша Ақтөбе қаласы №1 мектеп-гимназиясының оқушысы Абылай Ержанов, 9-сынып бойынша Орал қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Айша Бағдат, 10-сынып бойынша Түркістан қаласы Ш.Қанайұлы атындағы №2 жалпы орта мектебінің оқушысы Арайлым Ширимбекова иеленді. Сондай-ақ II, III орын жеңімпаздары мен байқауға белсенді қатысқан оқушыларға да арнайы дипломдар мен сыйлықтар табысталды. 

Еске салайық, балалар оқулары байқауы биыл дәстүрлі түрде 3-рет ұйымдастырылды. Қорытынды шараны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстандық қоғамдық даму институты және Назарбаев Университеті бірлесе өткізді.  

Бөлісу:

Көп оқылғандар