Ақ Еділ бойындағы бауыр елде

Бөлісу:

03.11.2023 2061

 

Жолтай ЖҰМАТ-ӘЛМАШҰЛЫ

Халықаралық «Золотое перо Руси» сыйлығының және ТҮРКСОЙ-дың «Абай» медалінің иегері.

 

 

(Жолсапар жазбалары)      

                                                 1. Башқұрт Елі шақырған соң

Әр сапардың өз себебі болады. Әсіресе, алыс-жақын шетелге кісі аяқ астынан жинала салып, жолаушылап  кете берер ме? Біздің де бұл жолғы сапарымызға башқұрт елінде басылып шыққан шағын кітабымыз бен сол кітаптың  тұсаукесеріне қатысуға  арнайы шақырту мұрындық болды. Кітап – «Ащы да тәтті өмір» ( Өфө, 2023) деп аталады, онда «Бақидан келген келіншек» және «Бастард» (Жатпланеталық жігіт) атты екі қысқа роман бар. Екі шығармамызды да өз тілдеріне тәржімалауға атсалысқан - халық жазушысы Флюр Ғалымов мен белгілі қаламгер Факил Мұрзакаев. 

Жолға жиналдық. Қазақ «шақырған жерден қалма, шақырмаған жерге барма» деуші ме еді. Ендеше, не тұрыс бар? Сәтін салғанда осыдан бірнеше  ай бұрын Астана – Уфа арасында тікелей әуе байланысы орнаған екен. Сосын да башқұрт топырағына жету оншалық қиындық туғызбады, екі сағаттан сәл аса бере біз Уфа шаһарының да топырағын басып тұрдық. 

Қасымдағы жарым Ботакөз Шазындақызы самолеттен жерге түспей жатып-ақ тарихы тереңде жатқан ескі қаланың сырт көрінісін суретке басып әлек. Ара-арасында «бізді ешкім күтіп алмаса қайда барамыз» деп күдіктене сұрап қояды. «Ешкім күтпесе, осы аэропорттан шықпастан, қайтадан Астанаға билет аламыз да, ұшып кетеміз» деймін мен де әзіл араластыра сөйлеп. Әлбетте, ішімнен барынша сенімдімін, бұл шаһарда менің   біраз  жылдан бергі жақын досым, башқұрт жазушысы Флюр Ғалымов тұрады, басқаны қайдам, ол қайтсе де күтіп алуға келуі тиіс. Осыны ойлап та үлгермедім, Флюр дос алыстан айқайлап, әйелі Таңсұлу екеуі бізге қуана  қол бұлғап тұр екен. Олардың көлігіне отырған сәтте «қай қонақ үйге орналасамыз» деп сұрай беріп ем, Флюр маған ренішті үнмен: 

-Біздің қонақжайлығымыз да қазақтардан кем түспейді, алдымен үйіме барып, бұйырған дәмді татасыңдар,- деп кесіп айтты. Біз үнсіз келістік. 

Жазушы досым Уфа қаласының маңындағы Ногаево (қазақша -Ноғай шығар) деген поселкеде тұрып жатыр екен, үйі мансардымен қоса есептегенде, бес-алты бөлмелік кең жай. Алдымен шәй іштік, сосын дәмді етіп бұқтырылған үйрек (әлде қаз) етінен дәм таттық. Қысқасы, олар бізді үйінен жіберместен, қонуға мәжбүрледі. Бір жағынан олай еткеніміз маған да тиімді болды, айтылар әңгіме аз ба, екі ел қаламгерлері болып, түн ауғанша сырластық. Ол өз елінің мықты-мықты ақын-жазушыларын айтса, мен де қалыса қоймадым. Өмірден өткені бар, қазіргі көзі тірілері бар - көптеген ақын -жазушы ағаларым мен қатарластарымның атын айтып, құлағын шулаттым. 

Ертеңінде башқұрттардың республика күні мерекесі екен, оны екі күн мерекелейді екен, соған орай кітап тұсаукесерін бірер  күнге ары қарай жылжытыпты. Біз бұл уақытты да заяжібермеуге тырыстық,  қала аралау және тарихы бар ең көрнекі жерлермен танысуға арнадық...

                               2.Өткенге құрмет - ұлтыңа құрмет

Қазақ пен башқұрт халқы тегі ғана емес, тілі де, мәдениеті де өте жақын елміз. Сан ғасырдан бері  туыстығы жалғасқан, тұрмысында, тілінде, салт-санасында ұқсастықтар көп қазақ пен башқұрт туысқан халықтар болғандықтан, ерте замандарда туған батырлық-ғашықтық жыр-дастандар екі халыққа да ортақ. Ауыз әдебиеті қазақта да, башқұртта да  ерекше жетілген жанр: бізде дастан, толғау десе, оларда  - құбайыр (қазақтың толғауына жақын) дейді екен. Екі халыққа да  “Қозы Көрпеш - Баян сұлу” дастаны ортақ деуге болады. Сондай-ақ, «Ер Едіге» баяны да екі елге ортақ рухани қазына! Бізде «Алпамыс», «Қобыланды», «Қамбар батыр» секілді үлкен эпикалық дастандар бар болса, башқұрттар “Құсақ бей”, «Ақбоз ат», “Қоңыр бұқа” секілді эпикалық жырлар бар, онда башқұрт тарихының әр түрлі кезеңдерін бейнеленеді. Терме жанры бізде қалай жетілсе, оларда да жақсы дамыған. “Орал”, “Салауат” сияқты тарихи жырлар, басқа да көптеген нұсқалар ауызша айтылып, қолжазба түрінде тараған. Қазақ әдебиетінің арғы бастауында Бұқар жырау, Дулат ақын, Шортанбай, Мәделі, Махамбет, Майлы, Бұдабай, Молда Мұса, Құлыншақ болып жалғасып келіп, хакім Абайға тірелсе, башқұрт әдебиетінің патриоттық поэзиясының тарихы Салауат Юлаевтан бастау алып, оны   Муфтахетдин Камалетдинұлы, (бізде көбіне Ақмолла атымен белгілі), Сәйфи Құдаш, Мәжит Ғафури, Мұстай Кәрім, тағы басқалар  дамытып, биікке көтергенін бұрыннан да жақсы білуші ек. Әсіресе небәрі 24 жас жасап, өмірден ерте озған башқұрттың аса талантты ақыны Шайхзада Бабичті (1895-1919) өз елі осы күнге дейін аса құрмет сезімімен еске алып отырады екен, тіпті Уфа шаһарының қақ төріне оның тас мүсінін орнатып қойыпты. Біздің Сұлтанмахмұт Торайғыров сияқты башқұрттар өздерінің қыршын кеткен ақынын ерекше сыйлап, мейлінше құрметтейтіні байқалып тұрды. Құрмет дегеннен шығады, башқұрт ағайындар өздерінің мәдениет қайраткерлеріне, ақын-жазушыларына ілтипатпен қарау жағынан озық ел екенін байқатып тұрғанын іштей сездік. Мысалы, Ақмолла ақын атында үлкен көше бар. Мәжит Ғафуридің атында драма театры бар және осы республиканың маңдайалды драма театрының алдына оның еңселі ескеткішін орнатыпты.  Ал, Мұстай Кәрімге орнатқан ескерткішті мемориалдық кешен деуге болатындай. Ескерткіш айналасы  Мұстай өміріне қатысты эпизодтарды еске түсіретін штрихтармен көмкерілген: балалық шағы, бозбала кезі, соғысқа қатысуы, одан аман-сау оралып келіп, әдебиет майданына араласуы, айтулы көркем туындылар жазуы, онда сомдалған өлмес образдар... 

Біз жоғарыда атап өткен  тарихи ескерткіштердің бәріне барып, тағзым етіп, суретке түстік. Ең соңында башқұрт халқының даңқты ұлы, Отан соғысында ерекше көзге түскен батыр, башқұрттан шыққан тұңғыш генерал Меңліғали Шаймұратов ескерткішіне келіп тоқтадық. Осы жерде Флюр досым барынша ашылып, көсіле сөйлеп, ұзақ тұрып алды. Оның да себебі бар болатын. Флюр Ғалымов башқұрт генералы туралы көлемді роман жазған алғашқы башқұрт қаламгері, ол шығармасы 2021 жылы  республикалық әдеби басылым – «Ақ Еділ» журналының тамыздағы  нөмірін толық алып шыққан-ды. Осы шығармасына қалай әзірленіп, қалай бастап, қалай аяқтағанынан хабардар едім. Қиналған сәттерінде маған телефон соғып, кейбір тұстарын телефон арқылы оқып беріп, екеуара ақылдасып та қоятынбыз. «Шаймұратов соғыс кезінде ерлік жасаса да, тиісті құрмет жасалмай, есімі елеусіз қалып келді, тек 2020 жылы адалдық салтанат құрып, Ресей президентінің жарлығымен марқұмға «Ресей федерациясының батыры» атағы берілді. Ал, мен ерте көз жұмған батыр атамызға қаламмен ескерткіш орнатқым келді» деп ағынан жарылғаны бар Флюр досымның. «Ендеше бар талантыңды төк, аянып қалма» деп, мен де қайрай түсіп ем. Романды аяқтаған күнгі қуанышын менімен телефон арқылы бөліскені де есте. Міне, сол романы 2022 жылы республика мемлекеттік сыйлығына ұсынылған еді. Бірақ, әртүрлі себептермен сыйлық жазушыға бұйырмады. 

Кешке қарай біз  Мәжит Ғафури атындағы ең үлкен драма театрына кезекті спектакльді тамашалауға бардық. Ол қойылым комедия болатын. Жазған – башқұрттың белгілі драматургі Ильшат Жұмағұлов, ал спектакль аты – «Тағы да махабат туралы». Бірақ, менің ойымша, бұл қойылым махаббат туралы ғана емес, бүгінгі адамдар бойындағы адалдық, тазалық, мөлдірлік пен екіжүзділіктен аулақ болу жайындағы көркем баян болып көрінді. Спектакль мейлінше жеңіл болса да, көрермен үшін өте қызғылықты еді, сосын да зал ішінде бірде күлкі, бірде тыныштық орнап, қойылым қашан біткенше орнынан қозғалған жан болмады. 

                              3. Атақты «Ғалия» медресесі және... 

Ертеңіне мен жазушы досыма «Ғалия медресесі қайда орналасқан, сонда алып баршы» деп өтініш білдірдім. Ол қарсы болған жоқ, екі-үш көшені айналып жүріп, тарихи медресе алдына да келдік. Автокөліктен түсіп жатқан кезімде денем ду-у етіп, бойымды әлдене қарып өткендей болар ма? Неге? Не үшін? Түсіне алар емеспін. Міне, медресе орналасқан көне ғимаратқа қарай адымдап келе жатырмыз. Кенет...менің көз алдымда атақты ақын Мағжан Жұмабаев пен ғажап жазушымыз Бейімбет Майлин жап-жас қалпында елестеп, ол екеуі де қарсы алдымнан күлімсірей қарсы алып:

      -Оу, бала, сен де келіп қалдың ба? – дегендей үн қатып, жымия       күліп тұрғандай болып елестеп кетті. 

      -Ассалаума әлейкүм-м! -дедім өзіме-өзім. Іштей айттым деп ойлағам. Сөйтсем даусым шығып кетіпті. Жанымдағы Флюр дос:  

-Кіммен амандасып жатырсың? -деп күлер ме! 

Ақыры естіген екен, ендеше сырымды бүгіп қайтейін. «Осында өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары арнайы білім іздеп келіп, сауатын тереңдеткен қазақтың біртуар азаматтары – менің қандас  ата-ағаларыммен, қаламгерлер көкелеріммен амандасып жатқаным ғой» дедім әзілге шаптыра. «Ә, біліп тұрмын» деді Флюр. «Сенің қиялыңда бұйра шашы толқынданып, қазақтың Есенині іспетті Мағжан Жұмабаев тұр ғой, ә?..». Ол жеңіл жымиды.  Мен күле алмадым. Өтірік езу тартқан болдым. Өйткені, менің Мағжан мен Бейімбет атамның да және басқа қазақ зиялыларының да  көп ұзамай жанын қинайтын, жазықсыз жазалып, өлім құштыратын  сұм заман күтіп тұр еді ғой, қайтейін!

Медресенің сыртқы көрінісі аса керемет емес екен, талай уақыттан бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмегені көзге ұрып тұрды. Ішіне ендік. Ішіндегі сабақ өтетін бөлмелер де сұрықсыздау, көңілге мұң ұялатарлықтай. Әлбетте, күрделі жөндеу жұмыстарын қолға алу үшін барынша  мол қаржы керек, оны оп-оңай шешуге болар ма? Біз оның жайын бек түсінеміз. Соны ойлап тұрғанда есіме түсіп кетті: өткен жылдың күзінен бастап бір тарихи драма жазумен айналыстым; ол он үшінші ғасырда атақты Мысырды билеген бабамыз сұлтан Бейбарыс туралы болатын; соны жазу үстінде Мысыр билеушісінің Мәдина мен Меккеге сапарлап барып, ондағы екі мешітті – Пайғамбар мешіті мен Әл-Харам мешіттерін күрделі жөндеуден өткізуге пәрмен беріп, оны аз уақыт ішінде орындатқаны ойға орала берді.

Айтпақшы, медресе ішінде сонау Мысыр елінен келіп, шәкірттерге дәріс беріп жатқан дін өкілімен – жас жігітпен кездесіп қалдық. Онымен аудармашы арқылы тілдесе бастағанымызда, біздің қазақ елінен келген қонақ екенімізді байқаған соң, дереу сұлтан Бейбарыс туралы толғана айта бастады. Мысыр халқы осы күнге дейін Бейбарыс бабамыздың есімін үлкен құрметпен атап, ілтипат білдіріп отырады екен. Мысыр азаматын тыңдап тұрып, іштей бойымды қуаныш кернеп, Бейбарыс бабам тіріліп келгендей қуанармын ба! 

Медреседе қазіргі уақытта да көптеген шәкірттер білім алып жатыр екен. Қай бөлмесіне бас сұқсаң да кітаптан бас алмай отырған шәкіртттер. Оларға білім нәрін беруші ұстаз-мұғалімдер өңкей жас жігіттер екен. Бір-екеуімен тілдесіп те үлгердік. Өз ісіне, әрине, мығым екені байқалады. Ал, «Ғалия» медресесінің тарихы жайынан сұрай бастасақ, мүдіре береді. Амал қанша, тағы да қиял жетегіне ердік.

«Ғалия» мешіт-медресесінің тек башқұрт пен қазақ халқы үшін ғана емес, жалпы түркілер үшін, тіпті барша мұсылмандар үшін атқарған еңбегі ұшан-теңіз. Ол замандарда мұнда білім қуып келген әрбір жас тек діни жағынан ғана сауат ашып қойған жоқ, сонымен бірге әлемнің озық ғылымымен, философиялық ойларымен сусындай алды. Қысқасы, «Ғалия» өз заманында өзіне тиесілі ұлы міндетті мүлтіксіз орындап шыға алған қасиетті білім ордасы!  

Бұдан соң шаһар ішіндегі ең көрнекті орындардың бірі – қайраткер, меценат һәм жазушы Аксаков атындағы мәдениет орталығының ашылу салтанатына (күрделі жөндеу жүргізілген екен) қатыстық. Орталықтағы «Аксаков бағына» кіріп, оның тарихымен тереңірек танысуға мүмкіндік туды. Сергей Тимофеевич Аксаков(1791-1859)  осы башқұрт жерінде туып, біраз уақыт осында тұрған екен. Ол көп жер телімін сатып алып, әртүрлі мәдени-көпшілік және тамақтану орындарын ашқанын білдік. Кейін Мәскеуге қоныс аударып, онда да зиялы қауым өкілдерімен, әсіресе жазушы-сыншылармен тығыз араласады. Айталық, Сергей Аксаков орыстың аса көрнекті сыншысы Белинскиймен жәй араласып қана қоймай, оған материалдық тұрғыдан көмек те көрсетіпті. Өзі де қаламгерлік қабілетін көрсетіп, тіпті ең алғашқы «Боран» атты очеркімен-ақ атағы жайылған. Тіпті осы очеркін әдеби орта өте жоғары бағалап, Александр Пушкин ризашылық танытқан. Кейінірек Пушкин өзінің «Капитанская дочка» шығармасында осы «Боранда» айтылған оқиғаны әрі қарай дамытқан деседі. Тіпті кейінде Лев Толстойдың өзі де «Боранды» қатты ұнатқаны соншалық, соған ұқсас «Метель» деген шығарма жазғаны айтылады. Аксаковтың қаламгерлік қарымын байқатқан кесек туындысы – «Семейная хроника» трилогиясы. Осындай әрі меценат, әрі қаламгер азаматпен сол кезеңдегі орыс қиялылары дос болып, тығыз араласқанын білдік. 

Қысқасы, орыс мәдени-әдеби өмірінде ерекше орны бар Сергей Аксаковты башқұрт ағайындар ерекше құрметтеп, Уфа шаһарындағы «Аксаков бағын» айтулы мәдени орынға айналдырыпты, сырттан келген қонақтар бұл жерге соқпй кетпейді екен. Біз оның башқұрт руханиятының дамуы мен қалыптасуында  алатын орны ерекше екеніне  молынан көз жеткіздік.

                              4. Кітап тұсаукесері өткен күн

Соңғы оншақты жыл көлемінде «Ащы да тәтті өмір» деген ортақ атаумен бірнеше қысқа романдар  жазғанымыздан мәртебелі оқырман қауым хабардар болар, әрине. Сосын да ол жайынан арнайы тоқталып, тереңдетіп сөз тартқатпай-ақ қоялық. Тек осы топтама ішінен башқұрт тіліне аударылған екі қысқа романды – «Бақидан келген келіншек» пен «Бастард» (Жатпланеталық жігіт) жайынан кішкене айтуға болар. Өткен жылы маған ұсыныс жасалып, башқұртшаға қай шығарманы тәржімалау керек деген сауал  туындаған кезде  тағы да Флюр досым көмекке келді. «Меніңше, башқұрт оқырмандары «Бақидан келген келіншек» пен «Бастардты» жылы қабылдайды, өйткені ондағы оқиғалар мен айтылар ой екі елге де ортақ, осыған келісіміңді бер» деген. Көп ойланбастан, осыған тоқтағанбыз. 

Тұсаукесерді өткізу орны – Мәжит Ғафури атындағы мәдениет және әдебиет музейі үйі екен. Бөлме шағын болса да, дөп-дөңгелек, барлығы да көз алдыңда болады және микрофонсыз-ақ бір-бірімізді ести алады екенбіз. Кеш тізгінін музей меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Ғадила Бүлакова ұстап, барынша мазмұнды өтуіне күш жұмсады. Башқұрттың ең танымал қаламгерлері – Кәдим Аралбай, Марсель Сәлімов, Камил Зиганшин, медицина ғылымының докторы, профессор, өнер мен әдебиет жанашыры Марат Азнабаев, Уфадағы  музейлер бірлестігінің басшысы, жазушы Милауша Қаһарманова, республикалық газет-журналдар басшылары кезек-кезегімен сөз алды. Олардың сөзін Башқұрт жазушылар одағының төрағасы Айгиз Баймұхаметов түйіндеді. 

Тұсаукесер кеші жайында көп толғап, ұзаққа сілтеп, мейлінше созып айтуға әбден болады. Менің башқұрт тіліндегі екі қысқа романым жайынан да жылы-жылы тілек сөздерге молынан кезек берілді. Ол жайынан айта бергім жоқ. Айтпағым мүлде басқа. Сөйлеушілердің сөзінен байқалғаны – соңғы 20-30 жыл көлемінде қазақ пен башқұрт әдеби байланысының ақсап қалғандығы, екі қандас ел бір-бірінің талантты қаламгерлерін көп біле бермейтіні, аударма жұмысының мүлде тоқтағаны, қысқасы, аралық байланыстың қиындап кеткені болды. Башқұрттың белгілі ақыны Кадим Аралбай аға былай деді: « Біздің атақты Мұстай Кәрім ағай мен сіздердің талантты ақындарыңыз Әбу Сәрсенбаев өте жақын араласқанына кәумін, олар тіпті Ұлы Отан соғысына да бірге қатынасқан қанды көйлек достар болатын...».  Бізге дейін, әнебір жылдары мұнда қазақтың аса дарынды жазушылары Қабдеш Жұмаділов пен Оралхан Бөкейдің келіп кеткен екен. Кеңес өкіметі «келмеске» кеткелі бері Қазақстан Жазушылар Одағы атынан ақын Ғалым Жайлыбай ат басын тірепті. Оның өлеңдер кітабы басылып шығыпты. Шамамен, осылар ғана. 

Кітап тұсаукесеріне арналған кештің өту барысында екі ел арасындағы әдеби-мәдени байланыстарды бұдан былай барынша нығайта түсу жайы көбірек айтылды. Тілек-ұсыныстар да соның айналасында болды.     

                                     5.Екі елдің мәдени-әдеби байланысы    

Қазақ қаламгерлерінің көркем туындылары  кешегі Кеңес заманында  башқұрт тіліне біршама  аударылып, мол тиражбен басылып  шыққанын бәріміз де білеміз. Мысалы, қазақ поэзиясының классигі Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін,  аса көрнекті жазушымыз Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын көп жылдан бері әрбір башқұрт өз ана тілінде оқып келеді. Кейінгі жазушылар мен ақындар да біршама аударылған екен. Қазіргі уақытта Башқұрт  жазушыларының шығармалары қазақ оқырмандарына да біршама  таныс болып отыр. Мұстай  Кәрімнің “Ай тұтылған түнде” пьесасы қазақ сахнасынан көп жыл бойы түскен жоқ. Жекелеген шығармалары қазақша сөйлеген Р. Ниғмати, Х. Карим, Бикчентаев, К. Мерген, Р. Бикбаев, Р. Гарипов, Р. Сафин, Н. Мусин, тағы басқа  башқұрт әдебиетінің көрнекті өкілдері  жайлы да кең айтуға болады. 

Қазақ – башқұрт  поэзиясында елеулі із қалдырған Ақмолла ақын қазақ үшін де өте қымбат, есімі зор құрметпен аталатын əдебиеттегі ірі тұлға. Оның өлеңдері мен басқа да шығармалары қазақ тілінде әлденеше рет жеке кітап болып басылып шыққанын айта кетуіміз керек. Оны заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов өз жазбаларында қазақ әдебиетінің негізін қалаушы Абай және Ыбырай Алтынсариндермен қатар атаған. Міне, бұл Ақмолла ақынға берілген зор баға деп айтсақ болады. Суреткерлік дара талантымен көзге түскен башқұрт қаламгері Сайфи Құдаш қазақтарға өте жақын, 1913-1915 жылдары Қостанай қаласындағы қалалық мұсылман мектебінен білім алып, содан соң Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқуын жалғастырғаны талай рет жазылды. Әсіресе, оның қазақ ақыны Мағжан Жұмабаевпен  тығыз байланыста болғаны мен достығы өз алдына бөлек әңгіме. Өткен ғасыр басында   Мағжанның суретімен қа­тар Сәйфидің «Ақ жол» басылымының №1 санында жарияланған «Темірді жұмсартқан ана» новелласы да екі ел достығының  үлгісін көрсете алады. Жалпы, кезінде «халық жауы» деген жалған жаламен атылған Мағжан ақынды тезірек ақтап алуға Сәйфи Құдаш көп күш жұмсағанын ерекше атап өтуге болады. 

 Ежелден тұрмысы мен салт-санасында ұқсастығы бар қазақ пен башқұрт, сөз жоқ, туысқан халықтар. Башқұрт жазуларының шығармалары қазақ тілінде көбірек аударылуына өз заманында  көп ықпал еткен ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов болды.  Тіпті Әуезов башқұрт халқының айтулы  ақыны əрі драматургі Мұстай Кəрімді барынша  қолдағаны жайында да жазбалар бар. Сәйфи Құдаш пен Бейімбет Майлиннің, Сәбит  Мұқановтың шығармашылық байланысы мен  достығы өле-өлгенше үзілген жоқ. Қазақ халқының жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысы мен жиырма бірінші ғасыр басында жарқырап көрінген талантты қаламгерлері Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Дулат Исабеков, Оралхан Бөкей, Төлен Әбдік, Мұхтар Шаханов, Темірхан Медетбек, т.б. башқұрт қаламгерлерімен тығыз байланыста болғанына шүбә жоқ. Мысалы, жүз жасқа жақындап, таяуда ғана өмірден озған жазушымыз Әбдіжәміл Нұрпейісов Мұстай Кәрімді жоғары бағалап, аузынан тастамай айтып отыратын. 

Бұндай туыстық-бауырластық дәстүр қазіргі кезде де өз жалғасын тауып келеді. Мәселен, мен өзім бүгінгі замандағы башқұрттың өте талантты қаламгері Флюр Ғалымовпен біраз жылдан бері жақын доспын. Маған оның романдары да, драмалық шығармалары да мейлінше ұнайды. Сосын да оның Саламат батыр жайындағы тарихи пьесасын өзім шығаратын әдеби журналда жариялап, жыл қорытындысында арнайы комиссия шешімімен Әбу Насыр әл-Фараби атындағы халықаралық сыйлықпен марапатталды. Ал, «Олимптің күйреуі» (Падение олимпа) деген тарихи драмасын Қызылордадағы қалалық жастар театрына ұсынған едім, 2023 жылдың көктемінде спектакльдің премьерасы өтті. Аншлаг болды. Ал, күз айында жастар театры өзінің кезекті маусымын осы қойылыммен бастағаны тағы бар.  

Жоғарыда айтып өткенімдей, соңғы үш-төрт жылдан бері «Роман&Драма» атты әдеби журнал шығарып келеміз. Журналда қазақ қаламгерлерімен қабат түріктің, әзербайжанның, өзбектің, қырғыздың, шешеннің, түркіменнің, қарақалпақтың, татардың және башқұрттың қазіргі заманғы ең мықты жазушылары мен драматургтерінің туындылары жариялануда.  Ал, башқұрт бауырларға қатысты айтар болсам, журналда екі-үш жыл ішінде Мунир Кунафин, Камил Зиганшин және Факил Мурзакаев секілді қаламгерлердің жаңа туындыларын кезекпен басып шығардық. Бұл қаламгерлердің көркем туындыларын қазақ оқырмандары жылы қабылдап жатыр. Алдағы уақытта да  осы игі шараны әрі қарай  жалғастыру ойда бар іс.  Әрине, башқұрттың  басқа да өте талантты, аса қабілетті ақын-жазушылар, драматургтер бар екеніне бек сенімдімін. Алдағы жылдарда біз екі ел арасындағы әдеби байланысты нығайтуға күш жұмсауымыз керек деп ойлаймын.

Кішкене қалжың аралас әңгіме айта кетейін. Біздің екі ел – башқұрттар мен қазақтар ежелден қымызды жақсы көреді. Қазақтың қай шаңырағына қонақ боп, бас сұқсаңыз алдымен алдыңызға қымыз құйылған ыдысты әкеле қояды. Башқұрт ағайындар да солай. Алайда, біздің қымызға ештеңе қосымайды, сожан ба екен,  кішкене қышқыл көрінуі мүмкін. Ал, башқұрттар қымызға бал араластырады, сосын да дәмі өзгеше болады. Екі ел арасындағы достық та алдағы уақытта сол бал қосқан қымыздай тәтті бола берсін деген тілек  бар. 

                                                                                Түйін

Қайтар жолымыз кішкене ұзады: біз Астанаға тура ұша алмай, елге жету үшін Ресейдің тағы бір шаһары - Екатеринбург қаласы арқылы ұшуымыз керек болды. 

Жарайды, кішкене уақыт жоғалттық десек те, жалпы башқұрт бауырларға сапарымыз өте сәтті әрі көңілді аяқталып келе жатқан-ды. Уфа мен Екатеринбург арасы әуе кемесі үшін бір сағаттан сәл-ақ асатын қашықтық екен. Екатеринбургтен келесі самолетке отыру сәтінде, аэропортта бір талдырмаш келген, өте сүйкімді қазақ қызын кездестірерміз бе! Өзі кеден қызметінде жауапты жұмыс атқарады екен. Жүзі жылы көрінген соң «айналайын, мұнда қазақ елінен келіп пе едің» деп сұрамаймыз ба! Сөйтсем, басын шайқап, «мен қазақша білмеймін, орысша айтыңыз» деп қарап тұр. Атың кім десем, Мейрамгүл деді. Ал, бірақ...қазақшаға мүлде шорқақ. Тіпті бір ауыз сөз де білмейтін болып шықты. «Осы қалада туғам, осында оқығам, осында қызмет етем» деді. Түрі, тұлғасы, тартымды жүзі, қою қара шашы мен меруерт қара көзіне дейін «қазақ қызымын» деп барынша әйгілеп тұрды, алайда...Қазақша үйренбейсің бе деген сауалыма бас шайқап «я обрусевшая девушка» деп дүңк еткізер ме!  Одан әрі не дерімді білмедім. Басым зеңіп, көзімнің алды қарауытып кеткендей болды. 

Самолетке отырған соң да сол бір жаныма қаяу салған кермек сезім жүрегімді қысып, санама маза бермеді...

Мен қазақ топырағына - өзімнің Астанама асыға оралып келе жатқан бетім еді бұл...

 

                                                                             Астана- Уфа – Астана. Қазан, 2023 жыл.

Бөлісу:

Көп оқылғандар