Видео қалай түсірілді
Бөлісу:
25 қараша күні сағат түскі 15:00-де ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасында «Kazak bubble» жобасының «Видео қалай түсірілді» атты қазақ мифологиясының қалай зерттеліп, видео-продакшнның жүру үдерісі жайлы ақпарат берген кішігірім іс-шарасы өткен еді.
Айта өтейік, Хэллоуин мерекесінің қарсаңында «Kazak bubble» ютуб арнасында «Қазақтың жұмбақ мифологиясы» атты қырық бес минуттық бейнематериалы жарық көрді. Видеода қазақтың мифологиясына қатысты тақырыптар жан-жақты қарастырылады. Қазақтың, түбі бір күллі түркі жұртының, әлемнің мифология ғылымы салыстырылған. Шара барысында «Kazak bubble» жобасы таныстырылып, тақырып қалай зерттелгені, бейнематариалдың түсірілу процесі жайлы айтылды.
«Kazak bubble» жобасының негізі 2020 жылдың 23 мамыр күні қаланған. Жоба авторы Бейбарыс Сейтақ: «Өзім тілтанушы, лингвист болғандықтан, көпшілік жұрт лингвистиканы қате түсінетінін немесе оны мүлде түсінбейтінін байқадым. Айналамдағы адамдар «Сіз сонда ертең кім боласыз?» - деп сұраушы еді. Лингвистика – гуманитарлық ғылымның бір саласы ғана. Лингвистика – өте маңызды ғылым. Қазақстандағы күрделі тілдік контексті ескерер болсақ, технология саласына да, әлеуметтану үшін, қазақ қоғамындағы түрлі проблемалар мен қақтығыстарды реттеу үшін өте керек сала.
Лингвистиканы адамдарға насихаттау, таныту, ғылым екенін көрсету үшін «Kazak bubble» жобасын бастаған едім. Біз қазір ғылымды қамту жолында келе жатырмыз. Өзіміздің фокусымызды кеңейткіміз келеді», - дейді.
«Қазақ Бабыл» инстаграм әлеуметтік желісінде он төрт мың екі жүз оқырманы бар. Бейбарыс Сейтақ Қазақстанның біршама қалаларында оқырмандармен кездесу іс-шарасын ұйымдастырған. Әсіресе Астана мен Алматы қалаларындағы басқосулар жақсы деңгейде өтетінін айтты. Сонымен қатар, іссапар барысымен Ақтау, Орал, Петропавл шаһарларына барып, халықаралық деңгейде Дубай қаласындағы Қазақстан елшілігінде сол елде оқып я жұмыс істеп жүрген студент, қызметкерлермен кездесіпті.
«Kazak bubble» жобасының қаржыландыру көзі жоқ. Бейбарыс Сейтақ зерттеп жүрген тақырыптарын талқылағаннан, ізеурттегеннен, контент шығарғаннан ләззат алатынын, жобанының дизайнын, монтажын өзі махаббатпен жасайтынын айтып өтті. Бұған дейін Ютуб платформасында «Қазақ Бабылдың» лингвистика тақырыбына қатысты алты бейнематериалы жарық көріпті. Мифология тақырыбын зерттеуіне Зира Наурызбай апайдың «Ұмай» хабары әсер етіпті. Мифология – қолға ұстатпайтын балықтай, нақтылығы аз сала. Яғни, әр автордың айтқан ойы авторитетті пікірге айналып кете береді. Фактчект жүргізу қиын.
«Соған қарамастан, «Ұмай» хабарын ылғи көріп, өзіме ұнаған дүниелерді түртіп алып, әйтсе де сол түртіп алған нәрселерді жіті зерттеп тексеріп отырдым. Тексерістен өткен дүниені ғана контентіме қосты. Қазақ тіліне, мәдениетіне, құндылығына, руханиятына қатысты жөні дұрыс контент түсіріп жүргендер некен-саяқ. Өз арасында қатты бәсекелестік жоқ. Ол қыз-жігіттердің аты-жөнін атап, насихаттап, жарнамалап жүргенннен ешқайсымыз ұтылмаймыз. Мифология қатысты түсірілген бейнематериалымда Зира апайымызға сілтеме беріп отырдым», - дейді Бейбарыс Сейтақ.
Ғарыш я тіл жайлы ақпарат шығаратын болсам, бетінде тұрған дереккөзі қайткен күнде ғылыми болады. Ал мифологияға келгенде бетіндегі дереккөзі көбінесе бейғылыми. Сол үшін ақпаратты тереңірек қазбалап зерттеу ләзім.
«Өзім тілтанушы болғандықтан, мифология ғылымының бір жіп ұшын этимологиядан тарттым. Жалмауыз сөзінің шығу тегі тыл ғылымы ғалымдарының еңбегінде «жалма + ауыз» сөзінен емес, «жел + моғыз» сөзінен шыққаны айтылады. Көне түркі сөздігінде «Моғыз» сөзі құбыжық атауын білдіреді.
Видео қалай түсірілді деген тарауға келсек, басында екі, үш аптадай идеямды толықтырып жүрдім. Сценарий жазуға екі, үш күнімді арнадым. Сценарийім он алты беттен тұрады. Ішінде төрт мың жеті жүзге жуық сөз бар. Төрт мың жеті жүз сөзіңіз бейнематериалда қырық бес минутты құрайды. Соны ескерулеріңіз керек. Мысалы, сценарийдегі мың сөзіңіз видеода он минут болады. Бас-аяғы түсірілімге екі сағат кетті. Бейнематериалды 31 қазан күні шығарамын деп жоспарладым. Бірақ, уақытынан сәл кешіктім. Қайткен күнде, креатив – сарқылатын ресурс екенін ескеруіміз қажет. Ол 24|7 шыға беретін нәрсе емес. Монтаж уақытында анимацияның бәрін өзім жасадым. Яғни, видеоны ютубке жүктемес бұрын түсірілімді бір апта алдын жоспарлаңыз. Әйтпесе, уақытыңыз жетпей жатады.
Қорықпаңыз. Бір оқырман комментарийде қатеңізді нұсқап кетсе, оны да комплимент деп қабылдаңыз. Жұмысыңызды сынап жатса, біріншіден, ол оқырман міндетте түрде видеоңызды көріп шықты деген сөз. Екіншіден, ол оқырман сіздің жазып-сызған дүниеңізді құнды, пікір білдіруге, қарсы ой айтуға лайық деп бағалағаны. Үшіншіден, ол оқырман сіздің рейтингіңізге жақсы әсер етеді», - деді Бейбарыс Сейтақов.
Қазақ тілді аудиторияның қажетін өтеп, ана тілімізді жоғары деңгейде ұлықтап жүрген «Қазақ Бабылдың» алдағы жобаларына тек сәттілік тілейміз.
Бөлісу: