Кеңес әдебиетіндегі «азат ел» ұғымы
Бөлісу:
Қазақ халқының отаршылдық езгіден құтылып, тәуелсіз ел болуы, халықтың сауаттылыққа, білім-ғылым жолына ұмтылуы XX ғасыр басында өмір сүрген біздің рухани тұлғаларымыздың барлық арман-мұраты болатын. Олар қазақ қоғамының сол кездегі мешеулігіне, халықтың мәдени төмен ақуалына күйінді. Екі жақты қанаудан азап тартқан елді қайтсек азат етеміз, тәуелсіздікке жеткіземіз деп армандады.
Ұлт қамын жеген азаматтардың ізденістері әр бағытта жүрді. Олар әр түрлі жол ұстанды, сол жолмен азаттыққа, тәуелсіздікке жетеміз деп сенді. Сондай жолдардың бірі – коммунизм еді. Олар жаңа қоғам құруға революция арқылы билікті күшпен тартып алып, жұмысшылар мен шаруаларды қоғамның негізгі күші ету, үстем тапты тежей отырып, кейін тап есебінде жою саясатын ұстанды. Адам баласын құлдықтан, езгіден құтқаруды, олардың біріне-бірі сеніскен, тең қоғамда өмір сүруін аңсаған осы таланттар әр жерден бой көтеріп, халықтың революцияшыл күштерін қолдады. Соны ұрандап, жаңа шығармалар жазды. Кейбірі осы жолдағы күреске тікелей қатынасты. Бүгін олар жайлы қандай пікір айтылып жатса да, социалистік қоғамды олар мұрат тұтты, халқының бүкіл арман-тілегін сонымен байланыстырды. Бұл – олардың сенімі еді. Сондықтан кеңес әдебиетін жасаушылар тобының еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Қоғамдық өмір еш уақытта бір ізбен жүрмейді. Кеңес заманындағы әдебиетте саясат басым болғаны рас, бірақ іліп алар ештеңе жоқ деген түсінік дұрыс емес. Қазақ әдебиетінде социалистік реализм бір бағыт болып тарихтан орын алып, жан-жақты пайымдалуға тиіс. Оны көрмеуге, елемеуге хақымыз жоқ, өйткені жаңашылдық сипаты алғашқы кезден-ақ айқындалған қазақ совет әдебиеті өмір шындығымен қоян-қолтық араласа отырып, ақын-жазушыларды бүгінгі күннің мұрат-мақсатынан нәр алуға, сөйтіп қалың көпшіліктің ой-арманына сай мәнді де маңызды мәселелерді көтеріп, көркем баяндауға үндеген-ді. Сондықтан да қазақ публицистикасы нақты практикалық қажеттіліктен туып, жедел қарқынмен өркендеген болатын. Қазақ публицистикасы әдебиет жанрларының өркендей өсуіне себепші болғанын байқамасқа болмайды. Қазақ совет әдебиетінің туу шағында көркем суреттеме, очерк, әңгіме жанрлары ғана емес, тіпті публицистикалық өлеңдердің көптеп дүниеге келгендігін ескерсек, қазақ журналистикасының өркендеу, жетілдіру жолдары шығармашылық, өнерпаздық процестермен тамырласып жатқанын байқар едік. Әдебиет публицистикаға, публицистика әдебиетке тікелей әсер етіп, бірінің айтпағанын екіншісі айтып, қоғамдық мәселелерді әлеумет назарына ұсынып отырған. Кеңес заманында да өмірді реалистік тұрғыда суреттеудің қажеттігі жойылмаған болатын. Сондықтан қазақ кеңес әдебиетінің туын бірінші болып көтерген Сәкен Сейфуллиннен, өзінің идеяларын өлеңмен, әсіресе эпикалық поэзиясымен танытқан Бейімбет Майлиннен, жаңа әдебиетті, тапшыл әдебиетті жан тәнімен қорғап, өрге сүйрелеген, Сәбит Мұқановтан қалған асыл мұра аз емес. Сәкен Сейфуллин атамекен болашағының ңұрлы, жарқын болуын тіледі. Барлық саналы ғұмырын, күш-жігерін осы ізгілікті іске арнады. Қазір біз дамыған елу елдің қатарына кірейік десек, Сәкен айналасы жиырма жылдың ішінде қазақ дәулеті шалқыған, өнер-білімі гүлденген халықтардың қатарына қосылуды армандады. Ол үкімет басқарған аз уақыттың ішінде экономиканы, мәдениет пен әлеуметтік саланы дамытудың ұлан-ғайыр шаруаларымен қатар тікелей қазақ ұлтының рухани саласындағы бұрын шешімін таппай жүрген мәселелердің түйінін тарқатуға білек сыбана кірісті. Сырбай Мәуленовше айтқанда:
Өлімге жан екенсің қия алмайтын,
Өлеңнің құшағына сия алмайтын
Қазақты көргің келсе, міне, осы деп,
Көрсетсе жер жүзіне ұялмайтын, - еліміздің елдігінің, ақындығының, ақыл-парасаты мен сұлулығының белгісіндей болған Сәкенді бүгінде кеңес өкіметінің жыршысы болған деп бір жақты қарамай, оның қайраткерлік, қаламгерлік қызметін дәуір аясында қарастырғанымыз жөн, сонда ғана орнын, азаматтық келбетін тұтас қамти аламыз. Ақынның:
Сағынып Нұра, мен келдім,
Бұрынғы иең-байғұсың.
Айырылған сенен көп елдің
Жатырсың көрмей қайғысын, - деген өлең жолдары атамекенге деген риясыз махаббатын аңғартады. Жер мәселесі, туған елдің тағдыры – XX ғасыр әдебиетінің үлкен бір тақырыбы ғана емес, елдік пен ерліктің, тірлік пен болашақтың ең үлкен мәселесі. Кеңес заманында репрессия науқанына іліккен жергілікті ұлттардың зиялы қауымының басым көпшілігіне ұлтшыл деген айып тағылатын. Сәкенге де осындай пәле жабысты. Оны айтасыз, ол қарапайым қатардағы емес, ұлтшылдар тобын құрған ұйым жетекшісі болып есептелді. Ақиық ақынның іс-әрекетіне НКВД-нің саяси астар беріп, мұндай қорытынды жасауы «негізсіз» емес еді.
Сәкен Сейфуллиннің билікке қолы жетісімен-ақ қазақты қырғыз емес, қазақ дейік, іс қағазын қазақша жүргізейік деген сияқты ұлттық құндылықтарды бірінші орынға шығарып дәріптеуі ұзақ айтыс-тартыстан соң, Сәкен қызметтен кеткеннен кейін Советтердің V Бүкілқазақтық съезінің 1925 жылдың 18 сәуіріндегі қаулысына орай қазақ бұрынғыдай қырғыз емес, қазақ деп аталатын шешімге ұласты (оның орысшасында қазіргідей казах емес, казак деп жазылған болатын. Сәкен Сейфуллин Совнарком төрағасы болып тура екі-ақ жыл істеді. Оның сол бір ауыр жылдарда аштықпен күрес тағы басқа толып жатқан халық шаруашылығын өркендету саласындағы іс-әрекетін былай қойғанда, халқымыздың ұлттық құндылықтарын кәдеге жаратып, ұлттық рухымызды асқақтату жолында тындырған жұмыстары қаншама десеңізші! Соның кейбіреуін ғана атап өтейікші. Компартия мүшесі үшін барып тұрған тәртіпсіздік болып саналатынына қарамастан Сәкен Сейфуллин облыстық партия комитетінің рұқсатынсыз Алашорда көсемінің бірі Ахмет Байтұрсыновтың 50 жылдық мерейтойын өткізді. Совнарком төрағасы мұнымен қоймай баяндама жасап, «ұлтын сүйетін шын ұлтшыл», «ешкімді бай мен кедейге бөлмей», «қазақты ғана сүйетін адам ұлтшыл», «сол ұлт қамы үшін коммунистік партияға да кірді» - деп Ахаңның кім екендігін ескертіп, қазақ тарихының төріндегі орнын тұңғыш рет көрсетіп берді. Қазақ публицистикасының туып, қалыптасу үрдісіне Сәкен Сейфуллиннің қосқан үлесі аса зор. Сәкеннің публицистік қаламы 1913 жылдан 1937 жылға дейін толастамағанына газет-журналдардан жарияланған еңбектері дәлел. Алайда қазақ публицистикасының өсіп-өркендеуінің барысында Сәкеннің 1922-1925 жылдары жазған алғыр да адуынды шығармаларының алар орны ерекше. Бұл кезең – сан жағынан да, сондай-ақ мәселелерді мол қамту жағынан да Сәкен публицистикасының белесті дәуірі. Бұған талай себептер бар. Ең алдымен, Сәкен жаңа өмірді орнату, халықтың белсенділігін арттырып, үкімет биігіне тартуда публицистикалық шығармалардың айрықша пәрменді екенін айқын түсінсе, екінші жағынан, өзі Қазақ республикасының Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы қызметін атқара жүріп, журналист кадрларының аздығы салдарынан бірнеше жыл «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеті мен «Қызыл Қазақстан» (қазіргі «Ақиқат») журналының редакторы болды. Үкімет ісі мен журналистік қызметті, оның үстіне ақындық парызды қосақтай, қабаттастыра атқару Сәкен шығармасында айқын із қалдырған ең жемісті кезең. Көп жағдайда сөзі мен ісі қабыса бермейтін жаңа биліктің большевиктердің отаршылдық зардаптарын жойып, жергілікті халыққа бозторғай жұмыртқалаған заман орнатамыз деген құрғақ уәдесіне сенген оған 1923 жылдың 17 сәуірінде ашылған РКП(б) XII съезінің ұлт мәселесі жөнінде айтқан ой-пікірі, қабылдаған шешімі Сәкеннің ойлаған жерінен шығып, жаңа күш-қуат бергендей еді. Соның желігі болар, ол ұлттық мүдделерімізді жүзеге асыруға қарсылық есебінде орын алып отырған метрополияны әлі де болса орыстандыру, шовинистік саясатты жалғастырып келе жатқандығын сынауға ашық кірісті. Мәселен, «Ұлт мәселесінің маңызы» деген мақаласында: «Егерде орыстың жарлы табы (пролетариаты) жалғыз орыстың крестьянствосымен емес, бұрынғы езілген ұлттардың крестьянствосымен (ауыл шаруасымен) дұрыс жалғасу әм дұрыс одақтастық жасай алса, әр ұлттың ауыл шаруаларына да сондай өзінікі болу керек. Ал әр ұлттың ауыл шаруаларына кеңес үкіметі өзінікі болу үшін ол кеңес үкіметі жергілікті ұлттар үшін түсінікті болуы керек. Жергілікті мекемелерде іс олардың ана тілінде жүру керек. Жергілікті мекемелерде ылғи сол жергілікті халықтардың тілін, тұрмысын, заңын, әдет-ғұрпын білетін өз адамдарынан отырғызу керек» - дейді автор.
Сәкеннің өмірі мен қоғамдық қызметіне, шығармашылық жолына зер салған адам оның өкімет пен партия жолына сенімі көзсіз соқырлық емес екенін анық байқайды. Өкіметпен оның арасындағы қатынастың күрделілігін біз Сәкеннің «Асау тұлпар», «Бақыт жолына», «Қызыл сұңқарлар» атты кітаптарында жазылған сындар мен оны қолдаушылардың позициясынан бір көрсек, 1923 жылы өлкелік III партия конференциясының материалдарынан екінші рет танимыз. Бұл конференцияда сөйлеген РКП Орталық комитетінің хатшысы Е.Ярославский және оны қолдаған қазақ коммунистері Сәкеннің «ұлтшылдығын» әшкерелейді. Оған себеп болған ақынның ертерек жазған «Айт» деген өлеңі мен 1922 жылы жариялаған «Азия» атты туындысы болды. Алғашқы өлеңіндегі қазақтың ұлттық мейрамы туралы ақын сезімін діншілдік деп айыптау, соңғы өлеңіндегі езілген, қаналған Азияның озбыр, отаршыл Еуропаға дөңайбат шегуін ұлтшылдық деп қабылдайды. Сәкен революцияға алданған, аз күннің өзінде опық жеген халықтың жан сырын «Аш қазақ», «Отарбаның жұмсақ вагонында»деген шығармаларында суреттеп берді. Жаңа экономикалық саясаттың онсыз да жүдеу халықтың тұрмысына ауырлық ала келгенін «Мынау қу нэп, қойды ғой жеп» - деген үзінділерімен сездірді. Бұл шығармалардың көбісі кейіннен ақынның қателері деп бағаланды. Жиырмасыншы жылдары Сәкен – Қазақстанда Голощекин жүргізген саясатқа ашық қарсылық көрсеткен адамның бірі. Голощекин дайындаған «партиялық тазалау» құжаттарында «Сейфуллинщина» деп аталған жікшілдік топтың басында болды, солшылдық өмірінде оңшылдық қате көп жіберді, саяси өмірден ауытқып, пессимистік өлеңдер жазды» деп айыптаған. Голощекин басшылығының қазақ елін қандай күйге жеткізгенін Сәкен «Қызыл ат» поэмасы мен аяқталмай қалған «Біздің тұрмыс» романында сынай суреттегені көпке белгілі.
Сәкеннің кейбір шығармаларындағы тарихи көзқарасы, жеке адамдарға берген бағасы біздің бүгінгі ұғым-түсінігімізбен қабыспай жататын кездер болады. Оны заман талабынан туған жеке адамның түсінігі деп ұққан жөн. Ол «Көкшетау» поэмасында Абылай ханды үстем, зорлықшыл тап өкілі ретінде суреттесе, «Тар жол, тайғақ кешуде» революцияға қарсы күштерді сынайды. Мұны жеке адамдарды жамандау емес, тарихты өз талғамымен түсіну деп білеміз.
Жоғарыда аталғанның бәрі Сәкеннің ешбір үкіметке қолшоқпар болмай, революциядан күткен арманын, оған сенімін таза сақтағандығын көрсетеді. Ол еңбекші халық мүддесін бәрінен де жоғары қойып, қоғам дағы өзгерістерді соның тілек-талабымен салыстыра қарады. Осы жолда табандылық танытты. Революциялық идеал мен социализм құрудың тәжірибесі сәйкеспей қалған тұстарда, ойын, сезімін жасыра алмай күйзелді, күйзелісін қаламына төкті. Алайда ақын сенген идея, ол жасаған жаңа әдебиет бірте-бірте тап тартысының, партия идеологиясының құралына айналды. Өмірдегі өзгерістер біржақты суреттеліп, тіршіліктің қайшылықты құбылыстары жұмсартылып кетті. Өмірді біржақты суреттеді.
Сәкеннің атажұртын, қазақ халқын дәулеті шалқып, рухани дүниесі көркейіп гүлденген бай-қуатты елдер қатарына қосылсын деп жанталасқан бұл әрекет-қимылын большевиктер ұлтшылдық деп таныды. Сол үшін биік лауазымды қызметінен шеттетілді. Кейін жазықсыз атылып кетуіне негіз болған бірден-бір себептің өзі де осы еді.
Енді Сәбит Мұқановқа келейік. Сәбит Мұқанов – қазақ даласына еңбекші таптың мүддесін қорғап келген XX ғасыр басындағы төңкеріс заманының аса көрнекті жазушысы. Сәбит Мұқанов қаламынан шыққан дүниелердің әдебиетке олжа салмағаны өте аз. Оның шығармаларында қазақ халқының отаршылдық езгідегі өмірі мен азаттық жолындағы күресі шежіредей сыр шертеді. Елдің қоғамдық, әлеуметтік өміріне араласқан, дәуірдің жаңару идеясын қаламымен қатар білек күшімен де қорғауға қатысқан қайраткерлердің бірегейі. Ғабит Мүсіреповше айтсақ, «Қазақ совет әдебиеті туа бастағанда бесігін бірге тербескен Сәбит Мұқанов көркейген әдебиетіміздің үлкен жүгін көтерген басты кейіпкерлерінің бірі болды. Жазушының аты қазақтың қалың көпшілігіне мәшһүр. Ол шын мәнінде халықтық жазушы болып танылып, шығармалары көпшіліктің санасына берік ұялады»-дейді. Сәбит Мұқановтың «Бостандық» өлеңі қазақ даласына келген төңкеріс үнін алғашқы сезінуден туған. Ол жалшылар өмірін суреттей отырып, оларды теңдікке шақырады. Төңкерісті далада соққан дауыл бейнесінде алып, оның ескі ордаларды құлатып, билеушілерді тақтан тайдырып, жалшының көз жасын тиғанын жазады. Бостандық иесі – жұмыскер табы деп таниды. Осыдан бастап Сәбит өлеңдерінің лирикалық кейіпкері жалшы-кедейлер ортасынан шығып, өзгерісті қолдаған, соған араласқан күрескер ұрпақтың өкілі болып көрінеді. «Кедей баласы», «Күресшіл ұрпаққа» атты өлеңдері осыған дәлел. Жиырмасыншы жылдар әдебиетінде кең көтерілген тағы бір тақырып – кеңестік әкімшіліктің ұйымдастырылуы тұсындағы төрешілдік пен салт-санадағы ескішіл көзқарастарды сынауға ұмтылыс еді. Сәбиттің «Албасты», «Мадонна», «Ағай мен жеңгей», «Қоғамның кемшілігі» сияқты өлеңдері осындай заман талабына үн қосудан туған. Жас таланттарға қолма-қол жәрдемдесіп, бапкер болуда ешкім де Сәбит Мұқановқа жеткен жоқ. Сәбең өзі жетектеп әкеп қатарға қосқан жасқа сол күннен бастап жолдас деп қарайтын. Сен менен үйрен, менің қол балам бол, сен маған қарыздарсың, соныңды өте алдымен деп Сәбең ешкімге міндет еткен емес, етпек тұрсын іштей де солай ойлаған емес» - дегенді жадымызда ұстап, енді аға-інілерінің мойындауларына құлақ қойсақ, талай қызықты ғана емес, қиямет-қайымға кезігіп, ризалық пиғылды көреміз. Сәбиттің ақындық жолы кеңестік дәуірдегі әдебиеттің тууынан қалыптасып, өркен жаюына дейінгі ұзақ мерзімді қамтиды. Осылардың бәріне де қатыса отырып, ақын дәуір талабы дәрежесінде болуға тырысты, көп ізденді, үздіксіз тәжірибе жинақтады. Оның едәуір өзгешеліктеріне лайық жаңа мазмұн, түр табуды үнемі мақсұт тұтқанын көреміз. Аштық кезеңдерді көзімен көріп, халқы үшін жүрегі езілген Бейімбет Майлин алғашқылардың бірі болып, ел көкейінен өшірілмесін деген ниетпен қаламын қайрап жазған болатын. Қазақтың басына түскен бұл алапат нәубеттерді, оның тарихының қасіретті кезеңдерін еш бүкпесіз, жалтақсыз жаза білді. Ғ.Мүсіреповтің: «Совет дәуірінің барлық күнделігін қағазға түсіріп қалдырған – Бейімбет» деген сөзінің дәлеліндей жазушының «Күлпаш», «Аштық құрбаны» әңгімелері аштықтың алып келген қасіреттерін толық бейнелеп берді. Бейімбеттің Алаш арыстарына да тілекші болғаны оның кейбір өлеңдерінен айқын көрініс береді:
Бірлік қылсаң, алашым,
Ілгері қарай басасың.
Қол ұстасып ұмтылсаң,
Қатар жұрттан асасың.
Атағын мәңгі қалдырып,
Жасасын алаш, жасасын! – деп Алашордаға ниеттес екенін білдіріп, атағының мәңгі қалуын тілеп, жасай берсін деген пейілін ұрандатып жар салған. Ал «Еліме» атты өлеңінде айрықша шабытты көңілден желпініп кетсе керек:
Елім ай, бір сен үшін міндім атқа,
Көзден жем қылмаймыз деп енді жатқа.
Көтеріп Алаш туын ұрандадық,
Қарамай шапқан қылыш, атқан оққа, - деп «Алаш туы астында» ұрандағанын жария салды. Кеңес өкіметі орнап жатқан кезде де, Алашорда құрылған уақытта да үміт арта қарап, өз еліне жақсылығы болса игі деп тіледі. Бейімбет Майлин «Жаңа әдебиет», «Жаршы», «Әйел теңдігі», «Жаңа мектеп» журналдарының маңына жастарды топтастыруға күш жұмсап, Тайыр Жароков, Сағыр Камалов, Зарап Темірбеков, тағы басқа жастарға қамқорлық жасап, редакциядан әр түрлі тапсырма беретін – деген естеліктер жазушының азаматтық болмысын танытады. Тәркілеу және ұжымдастыру кезеңін, аштық алапатын көрсетуге арналған шығармалары аз емес. Атап айтқанда, «Қара шелек», «Сот алдында», «Әліштің пырағы», «Қызыл әскердің үйі», «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры», «Арыстанбайдың Мұқышы», тағы басқа әңгімелері оның кезінде бұл келелі мәселеге арналған көп шығарма жазған Бейімбеттен асқан ешкім болған жоқ десек, асыра айтқандық емес. Реалист жазушы күштеуді, асыра сілтеуді, әділетсіздікті еш бүкпесіз, бояусыз, жалтақсыз жаза білді. Ол шығармаларына арқау еткен сол шаралардың салдарынан, жұрттың малдарынан айырылу себебінен халық аштыққа тап болып, қырғынға ұшырады. С.Мұқановтың тікелей қолғабысымен әдебиет жолына түсіп, бірқатар олжа салған ақынның бірі – Тайыр Жароков. Ақын сол тұстағы бүкіл Кеңестер одағын мекендеген көптеген ұлттардың өміріне жақсы өлеңдерін арнады. «Коммунизм таңында», «Нефстан», «Совет сұңқарлары», «Бақыт жырлары», «Күлімдейді күміс күн де», «Алтын дән», тағы басқа өлеңдерін айтуға болады. Заманның тарихи шындығына сүйену, соны сол қалпында ала салмай, ақын қиялынан өткізе отырып, сол дәуірдің бейнесін биік көркемдікке жеткізе ашу Тайырдың реализмге беріктігін айқын танытады. Ол қай тақырыпты жырласа да өмір шындығына жүгінеді, тарихи фактіге сүйенеді. Ақын өзінің «Құмдағы дауыл», «Қырда туған құрыш» поэмаларында осыны дәлелдей білді. «Тайыр – жаратылысынан бөлек ақын, - деп жазды оның замандасы және шығармашылығын зерттеуші Қ.Жұмалиев, - оның мінез-құлқы, жүріс-тұрысының өзі қиялдағы ақындарға ұқсайтын. Адалдық, ақ жүректілік, қарапайымдылық – Тайырда сүтпен еніп, сүйегіне сіңген мінездер болатын» - деп еске алады. Қорыта айтқанда, кеңес дәуіріндегі әдебиет өкілдері «Мәңгілік ел» идеясын коммунистік қоғам құру жолымен орнатуға болады деген идеяны ұстанды. Социалистік реализм өмірді орнықтыруға, бүгінгі шындықты бекіте түсуге қызмет еткенін де терістей алмаймыз. Қалың бұқараның, еңбекші тап өкілдерінің әділдік, теңдік орнаған, үстемдік құрған қоғамда өмір сүруін қалады. Сол жолда коммунистік идеологияны басшылыққа алып, жарқын болашақты коммунизм идеясымен байланыстырды. Қазаққа теңдік әперу жолын кеңестік идеологиямен сабақтастырды. Сонымен ел бірлігін, атамекенін қасиет тұту – көне заманнан үзілмей келе жатқан, қазақ халқының бойына ана сүтімен, әкенің қанымен біткен, отаншылдық сезіміне қашан да арқау болған қасиет екендігі даусыз. Елдік қасиет, отаншылдық сезім қандай да болмасын халықтың жасампаздығының басты өлшемі. Оның елдік қасиеттермен сабақтас мәңгілік мұраттары ғасырлардан ғасырларға ұласа береді. Осы сипаттағы ілкі қасиет қазақ халқының тұтас руханият әлеміне де тән. Қазақ топырағындағы бұл рухани құбылыстың мың жылдан астам тарихы бар. Оның тарихи бастаулары – Сақ-Ғұн, түркі дәуірлерінен тамыр тартады. Сақ-Ғұн дәуіріндегі қаһармандық дастандардың, түркі дәуіріндегі әдеби жәдігерлердің негізгі өзегі – «Мәңгілік ел» болу идеясы еді. Атап айтқанда, Сақ-Ғұн дәуіріндегі «Көк бөрі», «Ергенекон», «Шу батыр», «Аттила» жырларында елдік қасиеттерді сақтау, сол арқылы «Мәңгілік ел» болып қалу мұраттары жырланды. Көркемдік дамудағы тарихи сабақтастыққа сай «Мәңгілік ел» идеясы түркі дәуіріндегі әдеби жәдігерлерде жаңарып, жаңғырып отырды. Мәселен, Орхон-Енисей жазба ескерткіштері, Фараби, Ясауи, Баласағұн мұраларында «Мәңгілік ел» болып қалудың моральдық-этикалық қағидаттары негізделді. Көне түркі жазбаларындағы ерлік пен өрлік, Фараби трактаттарындағы ізгі қала, парасатты тұлға, Баласағұн дастанындағы адамгершілік асыл қасиеттер, Ясауи хикметтеріндегі имандылық тақырыптары кемел мемлекет құрудың басты-басты арналарын айқындай түсті. Бұл сипаттағы ерекше қасиеттер кейінгі көркемдік дамуда дәстүр жалғастығымен жаңғырды. Ол көшпелілер эстетикасындағы, яғни жыраулар поэзиясындағы толғауларда, XIX ғасыр әдебиетінде өзінің тарихи сабақтастығын тапты. Мәселен, жыраулар поэзиясындағы азаттық пен еркіндік, өрлік пен намыс, құтты қоныс идеялары және де еркіндікті сақтап қалу жолындағы арпалыс «Мәңгілік ел» болып қалу идеясымен сабақтастықта өрістеп жатты. «Мәңгілік ел» болу мұраты оңайлықпен жүзеге асатын үдеріс емес. Ол «Тар жол, тайғақ кешулі белестерден өтті. Сақ-Ғұн, түркі дәуірінде «Мәңгілік ел» жолында талай күрделі жауынгерілік кезеңдерден өткен болса, XV-XX ғасырлар арлығында тарихтың қатал сынынан өтуге тура келді. Жыраулар поэзиясындағы жоңғарлар шапқыншылығына қарсы күрес, жорықтарының суреттелуі, «Зар заман» әдебиетіндегі азаттық аңсар, «Мәңгілік ел» мұраттарына деген адалдықтан, сақтап қалудан туындады. Өткен күнді аңсау, түптеп келгенде, елдік қасиеттерді ел қорғаудағы ерлік пен өрлікті, рух қасиетін тарихи санада жаңғырту болатын. Зар заман ақындарының өткен кезеңді аңсап, асыра дәріптеулері де мемлекетшілдік қасиеттерді сақтап қалу еді. Олар торығып түңілгенімен, қазақ әдебиетіндегі жаңа реформаторлар буыны «Мәңгілік ел» болудың жаңа көркемдік-эстетикалық арналарын айқындады. Бұл ретте Шоқан, Ыбырай, Абай мұралары тарихи қызмет атқарды. Абайдың «толық адам» туралы философиялық пайымдары «Мәңгілік ел» мұраттарымен ұштасып жатыр. «Толық адам» туралы этикалық пайымдар көне түркі дәуірі ойшылдарының еңбектерінде негізделген болса, Абай бұл идеяны жаңа ойлармен толықтырды. Ал бұл дәстүр кейіннен көркемдік дамудағы дәстүр сабақтастығы мен Шәкәрім шығармашылығында көрініс тапты. Бұл ойлардың түп өзегі «Мәңгілік ел» болудың кісілік, адамгершілік, имандылық ұстындарын бекітуде болды. Көркемдік дамудағы тарихи сабақтастық заңдылықтарына сай отаршылдық озбырлықпен ойрандалған қазақ мемлекеттігін жаңғырту XX ғасыр басында Алаш қайраткерлерінің тарихи қызметімен жүзеге асты. Алаш идеясы сан ғасырлық мемлекетшілдік дәстүрді «Мәңгілік ел» тұрғысынан рухани және саяси бағыттағы тың реформаторлық қадамдармен жүзеге асыру болатын. Алаш қозғалысы, Алаш партиясы, Алашорда үкіметі, Алаш автономиясы қазақ мемлекеттігін қайта қалпына келтірудің айқын үлгісі болды. С.Торайғырұлының «Алаш ұраны» өлеңінде жырланғандай, «күн сөнгенше сөнбейтін» идея сан ғасырлық елдік қасиеттердің жаңа сапалық биікке көтерілуі болатын.
XX ғасыр – адамзат тарихындағы алмағайып дәуір. Әсіресе қазақ халқының тарихындағы қилы кезеңдер түптеп келгенде «Мәңгілік ел» болып қалу жолындағы жанталасты, жанкештілікті көрсетеді. Тоталитарлық жүйе қысымы ұлттық идея, ұлттық құндылықтарды терістеумен болды. Коммунистік идеология өз құндылықтарын басты орынға қойды. Ендігі кезекте қазақ елінің болашағы «Мәңгілік ел» болу ұстанымдары советтік идеологиямен өлшенді. Коммунистік идеология ұлттық болмысты терістегенімен қазақ халқының тарихында өзіндік қызметін атқарды. Ол кеңес дәуіріндегі ақын-жазушылардың шығармалары арқылы көрініс тапты. Әрине кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиетін қаралау, даттау және мансұқтау өткен кезеңдердегі әдебиетіміздің тарихын толыққанды түсінуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан да кеңес дәуіріндегі әдебиетті ол кезеңдегі ақын-жазушылар шығармаларын таза қаралау өткенді терістеумен бірдей болар еді. Ол кезеңнің ой еркіндігін, сөз бостандығын қысымға алып отырғанын да ұмытуға болмайды. Олар өз идеяларына адал бола отырып, қазақ халқының болашағын кеңес өкіметінің саясатымен сабақтастырды. Бұл бағыттың, яғни қазақ кеңес әдебиетінің өкілдері «Түрі ұлттық, мазмұны социалистік» деген ұранды басшылыққа алды. Әсіресе ой еркіндігін, сөз бостандығын тұсаулаған социалистік реализм әдіс-тәсілін басшылыққа ала отырып, көркемдік танымда қасаңдықтарға жол берді. Атап айтқанда, коммунистік-тоталитарлық жүйе қылмысын әшкерелейтін аштық, қуғын-сүргін, өзге де зобалаң және нәубет қасіреті тыйым салынған тақырыптар қатарында болды. Ұнамды және ұнамсыз, жағымды және жағымсыз кейіпкерлер адам табиғатынан,болмысынан емес, идеологиялық ұстанымына сай жүйеленді. Соның барысында ұлттық құндылықтар, ұлттық идея мәселелері екінші кезекке ығыстырылды. Халықтар достығы, интернационализм дәріптеліп, таза ұлттық сипаттағы әдебиет «ұлтшылдық» тұрғыдан айыпталды. Әсіресе Алаш қалам қайраткерлерінің мұрасын, ардақты есімдерін қаралауға жол берілді. Тек қана советтік бағыттағы әдебиет насихатталды. Ұраншыл даурықпа әдебиет сөз өнерінің жетістігі деп бағаланды. Алаш ақын-жазушыларының классикалық туындыларын оқуға тыйым салынды.
Бөлісу: