Гүл Зарқұмар. Есімде ғажап нұрға ұқсап (аудармалар)

Бөлісу:

14.05.2024 1324

Орыс ақыны А.С.Пушкиннен

Есімде ғажап нұрға ұқсап,

Жарқ етіп маған жолықтың.

Сәулесі сынды сырлы сәт,

Тәңірдей сұлу көріктің...

Орыс ақыны Ника Турбинадан

Әлдилеңдер мені, тек тербетіңдер,

Келген кезде ақшамда терме түндер.

Бесік жыры алданыш болсын маған,

Толқытып бір өтсінші,жер бетін шер.

Мұңдар көшіп дүниеден көрге түнер...

Түс сыйлаңдар тағы да, таңдарда әрі,

Шам өшкені, көктегі шам жанғаны.

Күндердің де суретін жасырыңдар,

Жастығымның астына...қалған зары.

Бірақ, мені күтпеңдер, сендер түгіл,

Тастап кеткен балалық – аңғал жаны…

Орыс әншілері Ирина Круг, Алексей Брянцевтерден 

- Алыстасың сен...

- Сыр бар.

- Ал, арамызда?

- Жылдар.

- Кешірдім, шын де!

- Ұмыт!

- Жылайсың түнде?

- Бұғып.

- Қажет десең, ұшам?

- Қажет!

- Ұйықтасаң барып, құшам!

- Махаббатпен кел, маған!

- Күткін жаным, мен барам!

Қайырмасы:

Жай ғана менің қонақ боп енші түсіме,

Жай ғана біздер, қалайық мұңмен, сол бары.

- Жай ғана келсең, күтемін сенші,түсіне,

- Сенемін саған, сен есікті ашсаң, болғаны!

- Ал, сен айтарсың?

- Нені?

- Түсте біргеміз,

Тегі...

Тек осында біз,

Бармыз.

- Ара қашықтық – 

Заңсыз.

Қалай оянам,

Қорқам.

- Оянам бірақ,

Сол таң.

- Ал, сен қалып қойдың,

Түсте.

- Енесің сен тек,

Түске.

Қайырмасы:

Жай ғана менің қонақ боп келші түсіме,

Жай ғана біздер, қалайық мұңмен, сол бары.

- Жай ғана келсең, күтемін сенші, түсіне,

- Сенемін саған, сен есікті ашсаң, болғаны!

Орыс ақыны Марина Цветаевадан

Мен сені – 

Барлық уақыт мінберден,

Барлық ақық түндерден даулап аламын,

Мен сені – 

Барлық алтын шендерден,

Барлық семсер шеңгелден жаулап аламын...

Монғол ақыны Төрбурам Сандагдорждан

Жартыкеш ай,

Жалқын самал,

Жабыса өбіскен жапырақтай,

Жанымды мұңнан арашалар,

Менің сүйіктімдікі.

Асылдың көзі,

Аңқыған жұпар,

Аялы жылы көзқарас,

Алыстан ғана сыйынып таң жұтар,

Менің сүйіктімдікі.

Көктемдей қыс,

Көктегі күздей жаз,

Көп сырдың шешілмес жұмбағы,

Көркем жүректі наз,

Менің сүйіктімдікі...

***

Балалықтың ұмыт қалған естелігін қозғаған,

Бар үміттің шамшырағы батып қолым созбаған.

Атқан таңның шұғыласы,сен келесің қай жақтан?

Ашқан көзін бақыт гүлі жанарымды байлатқан...

Жанталаспен жасағаным бір-ақ сәтте жоқ болып,

Жасын жұтқан жүрегіммен отырамын от сорып...

Күмістелген қанатының сусылында жай жатқан,

Күнде сол үн еститінім содан бері ай жақтан...

Түймеқыздың түсіп көзге түйірдей мұң тозаңы,

Түпсіз терең сыршыл сезім тұңғиыққа озады...

 

Баршындаған ғұмырымның бар түйсігін жоғалтар,

Батқан күннің қызыл нұры көңілге не оралтар?

Қарағандай дүние бұл қадіріме жете алмас,

Қанжар сынды қаруы бар, жүзі өткір, беті алмас.

Тікенімен тілгілеген, жарақаттап жанымды,

Тірімін бе деймін тағы жасыра алмай таңымды.

Қанатымнан қауырсынды жұлып алдым қаншама,

Қақ маңдайдан көзімді де ойдым, қаны тамса да...

Өз-өзіңді өзге үшін аямау ма керегі,

Өзегіңді өртейтұғын бұл неғылған шер еді?!

Құдіретің жетпей тұрса арылуға бұдан шын,

Құдайдың да керек емес, үкімі рас, шыдарсың... 

Монғол ақыны Энхтуяа Рэнцэндордан (Эмүүжин)

Гүл сыйлар деп сенгем жоқ,

Көк жейдең ойдан шықпады.

Жарқын жүзің мен түндей көздерің,

Махаббатымнан менің бұқпады.

Сол күннің күні қалай батқанын,

Сол түннің нұрлы айы салды еске.

Жыл, айдың соңынан қорықпадым,

Сайраған құстардың үні талды есте.

Бекерге емес сүйіс, кездесу, қоштасу,

Бейтаныс біреудікі болған-ау дегенге.

Күні бүгінге дейін сенбеймін (бос басу).

Тек ғана айналып кеткендей өлеңге.

Ләззатты уәде еткен еріндерің сенің,

Сыбыр сөздерімде адасып қалғанда,

Қабырға сағаттың сазымен жарысып,

Есікті жапқандай болды сол арман да...

Мен сені ұмытамын деп серт бергемін!

Гүл сыйлар деп сенгем жоқ,

Көк жейдең ойдан шықпады... 

Бөлісу:

Көп оқылғандар