Есбол Нұрахмет. Ли қытайдың Бәй ханымы
Бөлісу:
новелла
– Ыхыхы...
Бірдеңе есіне түсіп кеткенде алдымен күліп алып әңгімесін бастайтын әдетімен көптен бері сырлас, пікірлес боп жүрген ағам бір қызықты дүниенің тиегін ағытатынын аңғартты. Аңғалдықтан ба, әдеттенбегеннен бе, ауызы қимылдай қалса, қолында істеп отырған ісі тоқтап қалатын. Ал бұл жолғы әңгімеге қолдағы жұмысын әдейі шегеріп, арнайы кіріскендей болды. Түптеп отырған кітаптарын бір жаққа жинай беріп, әңгімесін бастап кетті.
– Ыхыхы, біздің ауылда... біздің ауыл, сонау Қытайдың ішкі жағындағы Гансу деген өлкесінде ғой. Ауылға жақын жерден мұнай шығып, ауданнан мұнай өңдейтін зауыт салынды, сол саланың қызметкерлеріміз деп қалың қытай келіп қоныстанды. Қоныстанғанда, мен тумай тұрып ертеде келген ғой, мен ес білгенде, ауылда қалың қытай тұратын. Солардың ішінде зауыттың бірді-екілі ескі складын күзететін Ли деген бір мыжық қытай болды. Тұрықсыз, өңсіз, тісі ақсиған, көзі ілмиген, өзі әлжуаз, қаңылтақ адам болатын. Сонысын басына ма, бүкіл ауыл мазақ етіп, балаларға дейін тас лақтырып ойнап, ығырын шығаратын. Бұндайда Ли қытай шәңкілдеп бірдеңесін айтып қарсы тұрғанымен, қауқары жетіп ештеңе істей алмайды. Оның ештеңе істей алмауы шамасының ештеңеге жетпеуінен де болуы мүмкін деп ойлаймын кейде осы күні. Жұрттың бәріне ыржалаңдай күліп, мазаққа да, азды-көпті басынуға да мән бермей өмір сүре беретін Ли қытайдың ішінде не жатқанына ешкім қызыққан да емес. Оның қолынан ескі складты күзеткеннен басқа бірдеңе келетініне сіз көрсеңіз де сенбес едіңіз. Елдің қоры кім десе бәрі бірден Ли қытайды есіне алар еді десем қателеспеспін. Сөйтіп жүрген Ли қытай бүкіл ауылды бір таңқалдырғаны бар.
Қытайлар әр жылы өздерінің Шаған мерекесінде демалып, көбі атажұрттарына кетіп, азшылығы ғана ауылда қалатын. Ли қытай көпке дейін ешқайда шықпай қалып қойып жүрді. Бір жылы жұртпен бірге Ли қытай да кетіп, он бес күн дегенде бір аппақ келіншек ертіп, екеу болып оралды. Келіншегі үріп ауызға салғандай жап-жас қытай қызы. Қыздың жастық нәзіктігі мен сұлулығы, өңінің ақтығы бұндай ауылды жерде кездесе бермейтін бөлек құбылыс еді. Онысы жаман Ли қытайдың жанында тұрғанда тіпті қатты білінді. «Мына жаманға анандай сұлу қалай тиді екен?» десіп жұрт таңданысты. Оның жауабы да көп күттірген жоқ, Ли қытайдың Бәй бикені айттырған оқиғасы лезде ел ішіне аңыз болып тарап кетті.
Ли қытай Шаған мерекесі кезінде атажұртына барып, бірнеше жыл жинаған жалақысына үстінде сол кезде екінің бірінің қолына түспейтін, партия басшылары киетін Мао үлгісіндегі көк түсті костюм тіктіріп, басына алты қырлы Мао үлгісіндегі көк шапкіні қонжитыпты. Ол осы киімді кигенде бейне бір беделді мекеменің бастығы, не партияның маңызды кісісі секілді көрініпті. Сосын Шандұң жақтағы өзі білетін, сыртынан қызығып жүрген Бәй бикенің отбасына тіке тартыпты. Сыпайы сәлем беріп, иығына асқан жап-жаңа былғары сумкасын әспеттеп ұстап кіріп барғанда Бәй отбасы аздап абыржып қалғанға ұқсайды. Өзінде жоқ сабырлы мінез көрсетіп, аз күліп, көп тыңдап, нық сөйлеп, әрі әдеп-ибасын да ұмытпай отбасының басын әбден айналдырады. Сөйтіп, сөз арасында өзін таныстырып, «Гансу деген жердегі үлкен мұнай өңдейтін зауыттың бастығымын» деп соғып жіберіпті. Қыза келе, «Қыздарыңыз тәрбиелі, көргенді екен, мен секілді жоғары қызметтегі адамға лайық деп тауып, сіздердің рұқсаттарыңызды сұрай келдім» дейді. Көктен тілегені есігін қағып өзі келіп тұрғандай көрген қыздың ата-анасы мәре-сәре болып, қызын екі жақтап үгіттеп көндіріп, Ли қытай әкелген екі қорап «Жұңхуа» маркалы темекі мен екі бөтелке «Ақбидай» арағын (бұл екі зат ол күнде аса мәртебелі мейманға тартатын сый еді дейді әңгімешім) қыздың қалыңы ретінде алып, ризашылығын беріпті. Қыз әуелде Лидің өңін көріп ұнатпаса да, анақұрша биік мансапты болған соң жағдайым жаман болмас деп еріп жүре беріпті.
Сөйткен Бәй бике алданғанын тозған ауылға жеткенде бір-ақ білген. Оның жүрісі мен киім киісі де бөлек еді, ол көшеден жүргенде қалың бала шұбырып артынан еріп аламыз. Сұлулығын қызықтаймыз ба, әлде бұл ауылға бейтаныс болмысы, қимыл-әрекеті қызықтыра ма, әйтеу қаумалаймыз да жүреміз. Аппақ балтыры жырық етек көйлектен жалт-жұлт етіп көрініп, биік өкше туфлиі топырақ жолға қалай қадалғаны, дөңгелек бөксесі қалай сәнмен бұлтыңдап, такаппар иықтары кербездене керіліп, жазық һәм нәзік жауырынның сұлу келісімі, аш белінің әсем қозғалысы әлі күнге көз алдыма анық келеді.
Осы жерде әңгімешім Бәй бикені қайтадан көріп отырғандай әңгімесін сәл үзді. Әлде нені еске түсіргісі келгендей, терезеге қарап аз ғана ойланып алды. Сосын мырс етіп тағы бір күліп алды да сөзін әрі қарай жалғады.
– Бәй бике ауылға келе салысымен екі күн өтпей ұрыс шығарды. Ұрыс үйдің ішінде басталып көшеге ауысты. Бәй ханым Ли қытайды қолына түскен бірдеңемен сабалай қуып жүр. Ли қытай қорғанған болады, Бәйдің соққысы бірде басына, бірде қолына тиеді, екеуінің де ауызы жабылмайды. Жатса-тұрса Бәй ханымды аңдумен жүрген қалың бала қоралап алып қызық көріп жүрміз. Бір кезде екеуі алыса кетті, Бәй ханым әлжуаз Ли қытайды алып ұрып астына басып алды. Біз шу етіп күліп, Ли қытайды барынша табалап жатырмыз. Бұған намыстанды ма, Ли қытай күш алып Бәй ханымды аударып тастады. Осы кезде балалардың бірі жүгіріп барып Ли қытайды жұлқылай жөнелді, оған еріп бәріміз қаптап Ли қытайды қайтадан аударып Бәй ханымның астына салып бердік. Өстіп екеуі ұмар-жұмар боп ұзақ төбелесті, біз әрі қызыққа қарық боп, енді бір жағынан Бәй ханымға көмекші боп, Ли қытай күш алып бара жатса қайта аударып, Бәй ханымның астына салып берумен болдық.
Бұл төбелес бір күнмен тынған жоқ, құдайдың құтты күні осы көріністі көреміз. Ли қытайдың үйі жақтан айғай шыға салысымен ауыл балалары сонда жинала қаламыз. Тағы да Бәй ханымға көмектесіп, Ли қытайды аударып берумен айналысамыз. Бірақ бір қызығы осы төбелестен Ли қытайдың аздап болсын ашуланғанын, күйзелгенін көрмейміз, орсақ тістері ақсиып, Бәй ханымға күле сөйлеп бірдеңелерді айтумен болады. Ал Бәйдің өңі мүлде бір қызарып, бір бозарып, күреңітіп кетеді, жұқа қабағы түйіліп, жіңішке қастары бұратылып, қып-қызыл еріні жиырылып, шарасыздықтан, дәрменсіздіктен ашуланғаны білініп тұратын.
Шарасыз болатын бір себебі, ауылға жайдан жай көлік келе бермейтін. Ауыл адамдары көбінде атпен, арбамен жүре береді. Ал жұмысшы қытайларды әкелген көлік қайтадан әкету үшін ғана келетін. Айына бір машина көрсек соның өзі үлкен оқиға секілді еді. Бәй ханым «мені үйіме қайтар» деп аласұрды. Өз бетімен қайтып кетуге көлік те жоқ. Бір жағы тұтас ауыл, қазағы бар, қытайы бар, бейшара Ли қытайды «бақытынан» айырғысы келмейтін секілді, ешкім қыздың қалаға кетуіне көмектеспей қойды. Мүмкін, өстіп жүріп екеуі де жарасып кетер деп ойлайтындай. Бұндай сөзді жұрттың ауызекі әңгімесінен де естіп қаламыз. «Қанша тулайды, қояды ғой бір күні» десетін үлкендер. Ал, балалар қалай болмасын Бәй ханымның тілеуін тіледік, бірақ ауылдан кетіп қалуын тілеген жоқпыз, оның біздің ортамызда жүргені ұнайтын еді. Ол келгенде ауылға бір жылылық келгендей, сән кіргендей сезілді, мұны балалардың бәрі сезінді ме, әлде менің ғана сезімім бе, оны анық айта алмаймын. Әйтеу телевизор, интернет деген атымен жоқ сол заманда, желге тозған, күнге күйген ауыл адамынан өзге, аппақ қардай қала қызын көру – бізді әлдебір үмітті дүниеге, өзге кеңістікке қарай тартқаны мәлім. Сөйтіп, Бәй ханымнан басқа ауыл адамдары өзімізше бақытты өмір сүріп жаттық, – деп бір тыныстады әңгімешім, – мүмкін осылай жүре берер ме едік… Егер келесі бір оқиға болмағанда, тіпті Бәй ханым туралы бұлай еске алып айтып та отырмас па едім… менің санамда Бәй ханымның мәңгі сақталуына осы соңғы оқиға әсер еткен болар деп ойлаймын. Егер Бәй ханымда сондай ерік-жігер болмағанда, ол да көптің бірі болып ұмытылып қала берер еді.
Жан түкпіріндегі әлдебір нәзік сезімі үшін немесе тым тебіреніп кеткені үшін болар, әңгімешім сәл ыңғайсызданғандай көзін маған бір, үстелге бір төңкеріп “ыхыхы” деп күлген болды. Сосын қайтадан бойын жинап әңгімесін әрі қарай жалғады.
– Бір күні көрші ауылдан қалаға қи тасып бара жатқан ескі жүк машинасы біздің ауылға келе қалды. Ауылда әлдебір танысы бар ма, әлде хат-хабар тасып жүр ме, ол жағы анық емес, ауылдық әкімдіктің алдында бір сағаттай тұрды. Үстіндегі қидың сасық иісі мүңкіп, қолқаны қапқанымен машина деген қызықты зат бізді өзіне тартып, ауыл балалары да маңына үймелей қалдық. Бәй ханым үнемі жолға қарап, өткен-кеткен көлікті күтіп жүретін еді, жүк көлігі осында келгенін байқап ол да жетті. Келе сала көлік жүргізушімен сөйлесіп, қалаға ала кетуін сұрап өтінді. Көліктің иесі «кабинада орын жоқ» деп жатқанын аңғардық. Бірақ Бәй ханым оған мойымады, анау «міне көріп тұрсың ғой, борт толы қи, оған қалай отыра аласың? Ал кабинада орын жоқ» деп кесіп айтты да әкімдікке кіріп кетті. Бәй ханым көлікті әрі бір, бері бір айналып көрді, қидың иісі мұңкіп тұр, әдетте нәзік болмысымен жағымсыз иіске мұрнын басып, жиіркене қарайтын Бәй ханымға бұл жолы қидың иісі тіпті сезілмейтін секілді. Мүмкін оған осы көлік мынау күйреген ауылдан құтқаратын үміт кілті секілді көрінген болар. Ол өстіп бір-екі айналды да, ешкім ойламаған қылық шығарды. Аяғын борттың үзеңгісіне салып, борт жақтауынан мықтап ұстап, кузовка жабысып қақиып тұрып алды. Өңінен алде бір үлкен іске бекіген тәуекел мен батылдық білінеді. Басындағы жұқа жаулығының шетінен шашырай шыққан самай шаштары желмен желбірейді, жұқа аппақ жүзі сәл қызарып, жымырыла түскен еріндері әредік дір-дір етеді. Көзінің бергі қабатын белгісіз бір нәрсе торлап алған секілді мұңлы және ойлы, ол көз айналасын көрмейтіндей, тек алысты ғана көруге арналғандай бөлек асқақтық бар. Жіңішке нәзік қастары иіріле түсіпті. Маңдайы сәл ғана жіпсіп терлеген. Қидың иісін елең құрлы көрмей терең тыныстайды.
Біреулер айтып жеткізді ме, сәлден соң Ли қытай да ұшып жетті. Түрінен таңданыс пен абыржу қатар білінеді, маңдайы жіпсіп, кабағы тұнжырап, селдір қасы жиырыла қалыпты. Келе сала Бәй ханымға жалбақтай сөйлеп, әлде бірдеңелер айтып райынан қайтармақ болды, Бәй ханым онысына елең етпеді. Ли қытай енді күшке салды, әуелі Бәй ханымның етегінен жұлқып, аяғынан тартып жармасты, Бәй теуіп жіберді. Ли де қайтпады, аяғын борттың үзеңгісіне салып Бәй ханымның борт жақтауынан ұстаған қолын босатып алмақ боп әуреленді, онысынан тіпті ештеңе шықпай қойды. Ли қытай өстіп жағаласып жатқанда көліктің айналасына бір қауым ел жиналды. Ли қытай ауызбен де айтып, бір жағынан Бәй ханымның қолымен алысып әбден терледі. Сосын қолын бір сілтеп, маңдай терін сүртіп жерге түсті. Өңі түтігіп кеткен, ашулы. Тағы да самбырлап Бәй ханымға сөйлеп жатыр, Бәй ханым мізбағар емес. Енді ауылдың соқталдай-соқталдан азаматтары Ли қытайға көмектесіп, Бәй ханымды борттан түсірмек болды, бірінен кейін бірі келіп Бәй ханымның қолына жармасты, бара-бара екіжақтап жағаласты. Бәй ханымның қолы бейне тас па дерсің, бір мызғымайды, жігіттер үстінен ұрып та көрді, тырнап, шымшып та көрді, ауру сезімін мүлде ұмытқан секілді, не ауызынан бір ауыз сөз шықпайды, не босаңсып, болмаса бір қимыл да жасамайды, қатқан мүсін сынды. Көлік иесі де келіп, жігіттердің түсіріп алуын күтіп тұр. Әрі күтті, бері күтті, жігіттер қаумалап келіп көтеріп алып қалмақ та болды, бірақ денесін бөлек көтеріп алғанмен борт жақтауынан ұстаған қолы босайтын емес, кесіп алсаң ғана ажырайтындай. Осы сәтте менің бойымда екі түрлі сезім қатар жүргендей болды. Бірі Бәй ханымның осында қалуын тілесе, енді бір сезім оның өз мақсатына жеткенін тіледі. Екі сезімді бір жерде тоғыстыруға қанша тырыссам да тоғысатын түрі жоқ. Бұл қандай қызық дерсің, екі түрлі жақсы тілек біріне бірі қарсы болатын кездер де болады екен ғой. Бірде “кетпесе екен!” деймін де, іле-шала “мыналар босатып ала алмай қойса екен!” деп тілеп тұрғанымды аңғарамын.
Уақыт әлде тым тез өтті, әлде өте баяу өтті, қазір соның қайсысы болғанын нақтылап ажырата алмаймын. Жігіттердің арпалысына қарап тұрып-тұрып, ақыры көлік иесінің шыдамы таусылды, «Болды, жіберіңдер, барам деген жеріне барсын» деді. Сөйтті де көлікке отырып, оталдырып жүріп кетті. Келіншек ауылдан шыққанша қақиған беті кетіп бара жатты, балалар шулап, біраз жүгірдік те, өкпеміз өшіп ұзамай қалып қойдық. Ауыл адамдары амалсыз басын шайқасты, ал Ли қытайдың өңі бозарып, не күлерін, не жыларын білмей тұрғандай көрінді. Бәй ханым осылай кетіп тынды.
Бәй бикеден сол кеткеннен хабар болмады, қалай дегенмен мақсатына жеткеніне іштей сендік. Ли қытайды жұрттың бірі мүсіркеп, бірі онан арман мазақ етіп, әрі қарай өмір сүріп жаттық. Кейін келе Бәй ханымды көбі ұмытты, тіпті Лидің өзі де ұмытқан секілді, баяғыдай ыржалаңдап, жұрттың әжуа, мазағын елең етпей, мұңсыз, ойыз күйіне ауысып үлгерді.
Бөлісу: