Менің Алтайым

Бөлісу:

11.06.2024 1714

«Менің Алтайым.» Өткен айда осындай атаулы телехикая Қытайдың мемлекеттік телеарналарында көрсетіліп, жұртшылықтың үлкен қызығушылығын тудырған еді. Бұл тақырып телесериал болмас бұрын, 2010 жыл кітап болып жарыққа шыққан еді. Шыңжаңның Алтай аймағында туып өскен ұлты ханзу Ли Жуанның көрген-білгендері мен бастан кешкен уақиғалары негізінде жазылған бұл кітап өз кезінде оқырманның ыстық ықыласына бөленсе керек. Енді сол дүние сериал болып көпшілік көрерменге ұсынылып отыр.

Табиғаты қаһарлы, адамдары шақар Қытайдың батыс терістік өңірі - ішкі Қытай үшін әлі де алуан түрлі жұмбақтар мен қиындықтарға толы мекен ретінде қалып отыр. Фильм 2000 жылдардың басындағы Алтай қазақтарының көшпелі тұрмыс-тіршілігі, мекендеген ортасы, әсем де қатал табиғаты туралы баяндайды. Хикая Үрімжіде есейген кейіпкердің, жолы болмай туған жері Алтайдағы қазақ ауылдарымен аралас-құралас өмір сүретін анасына келген сәттен басталады.

upload.wikimedia.org

Көшіп-қонуды тіршілігінің тірегі еткен, мал қамымен тау асып, тас басып жүрген Қытай жақтағы ағайының бір шоғыры әлі күнге дейін көшпенді күн кешеді. Осыдан жиырма жыл алдында бұл тірлік тіпті де ауқымды еді. Әрі ол кез - Шыңжаңдағы өмір-тіршлік қазіргідей өркендеп дами қоймаған шағы-тын. Фильм сол кездегі аураны бергісі келген секілді. Бірақ, Қытай режиссерлерінің бәріне ортақ бір ауру – қазақ халқына байланысты кино немесе бейнематериал дайындаса, әрдайым азып-тозған, тіршіліктің тауқыметінен тыныс ала алмай жүрген бейшара біреулер етіп көрсететіндігі. «Көрікті мекен», «Өмір ағысында», «Риясыз махаббат» сынды фильмдерді қараңыз, барлығы осы «Менің Алтайымның» аңдатпасы секілді екендігіне көзіңіз анық жетеді. Бәрі бір сарындағы: қазақтың тіршілігі тек тау мен таста ғана дейтіндей түсінік береді. Өте тар диапазондағы экран көрінсін көріп, еріксіз тынысың тарылады. Бұл фильмдерді көріп қазақ туралы көз алдыңызға жері көрікті, бірақ, тіршілігі тау-тастың арасында ғана өтетін, өркениеттен мақрұм, өз-өзімен қаңғырып жүрген бір қауым деген түсінік қалыптасатындай. Фильмдерде ауылда тұратын, ауылда тұрып егіннің неше атасын егетін, онда қалада тұратын, қалада тұрып қалаласқан осы заманның озық техникалық үрдістерінен бір сәт те қалмаған, бәсекеге қабілетті Қытай қалаларындағы қазақтың тіршілігі берілмейді. Қазақ – мешеу, қазақ – тозған, қазақ – артта қалған месежінен кезіндегі СССР стиліндегі бұратана жұртты төмен санау, тұқырту деген идеологияның иісі аңқиды.

Айтпағымыз бұл емес, жоғарыдағы «Менің Алтайым» телесериалы қытай көрермендері тарапынан жақсы ықыласқа ие болып жатқанын айттық. Бұл сериалдың бұлай қызығушылық тудыруы - қытай қызы мен қазақ жігіті арасындағы махаббат сезімін шынайы, таза көңілмен жазғандығы болса керек. Көшпелі, «жабайы» қазақ жігіті Батайға ғашық болған қытай қызының кінәсі қанша? Сол сезімін жазушы жасырмай-жаппай ашық жаза алған. Жігітке ғашық болумен қатар, ондағы ортақ естеліктердің көп болуы да жазушы жүрегіне Алтайдың жерін де, елін де сүйгізген секілді. Бұл жерде тек басты кейіпкер қыз Ли Уін Шюдің ғана емес, Алтайдан ешқайда кеткісі жоқ қыздың анасының да ең аяулы, ұмытылмас сәттері сақталған жері екенін аңдайсыз. Қыздың әкесімен Пері қонған сайдың көлінде танысқанын, сол танысқан жердегі ағаштың түбіне бес жыл бойы жанынан бір сәтке тастамаған қыз әкесінің сүйек күлін көмемін деп келе жатқанын, абайсызда сүйек күлі салынған қобдишаны көлге құлатып алумен, осыған дейін жібермей жүрген әке рухының мәңгілік мекенін көлден тапқаны символикалық астардай бір ишараға меңзейтіндей. Сол үшін де анасы тіршілігі қиын, адамдары қиқар жер болса да ешқайда кеткісі жоқ екенін айтады. Енді, шешесіндей емес, Алтайда туған бас кейіпкердің естелігінен, сезімінен, махаббатынан Алтайды сызып тастап көріңіз.

upload.wikimedia.org

Негізгі бұл кино екі ұлттың арасындағы қарым-қатынасты, ханзу ұлтының батыс өңірдегі қазақтар тұратын жерге қалай сіңісіп, қалай тұрғылықтасқанын жеткізуге тырысқан. Автор кіріптар, сырттан келген ханзу ұлтының жер иесі қазақтың қабағына қараған мінез-құлқын, психикасын жасырып-жаппай ашып көрсеткен. Олар, қазақтар, қалай «жабайы», «тағы» болса, бұлардың өздері де сонша аяр, қу екенін көріп отырасыз. Қыз шешесі қанша жыл қазақтармен қатар өмір сүрсе де, оларға сонша жаттығы, сонша бөтендігі, тіпті олардан қорқатыны диалогтарда әлденеше рет айтылады. Менталитеттің жаттығы былай тұрсын, бөтен иістің өзі тау-тасқа сай келмей тұратынын экраннан танып отырасың.

«Менің Алтайым» - көшу деген түсіне де кірмейтін қытай үшін жақсы фильм. Тіпті «Халық газеті» деген Қытайдың сайты бұл киноны қаралым бойынша рейтинг кезеңінде бірінші орынға шықты деп де хабарлайды. Ол аздай, телехикая жарнамасының күшті болғаны соншалық, саяхат маусымы болмаса да Алтайға келетін қытай саяхатшыларының саны мен сұранысы недәуір өскенін айта кетеді. Айтпағымыз бұл да емес!

«Менің Алтайым» дейді… Иә, «Менің Алтайым» дейді бұл сериалдың атын. Қандай жылы атау!

Қазақтың дүлдүлі Мағжанның Алтайға қатысты «Қорқыт» поэмасында бүй демейтін бе еді:

Алтайға жер жүзінде тау жоқ жеткен,

Алтайға бетегедей алтын біткен.

Бейіштей алтын Алтай етегінде 

Ертеде алаш елі мекен еткен,-

Ол күндер көз жетпейтін ерте күн ғой,

Ерте күн – ертегідей ерке күн ғой.

Өткен күн – ұстатпайтын сұлу сағым,

Жалғыз-ақ желден жүйрік жетеді ой.

Өткен күн ертегімен таласқандай,

Уа, дүние, ол күндерде алаш қандай?!

Ой-қырдан орғып-қарғып еріккенде,

Алтайда ойнақ салып жүрген аңдай.

upload.wikimedia.org

Оралхан қалай жырлайтын еді қара сөзбен? Қалихан ше? Қара сөздің қара маржанын төгіп-төгіп жіберетін, Алтайдың арда табиғатындай көркемдікті екі алыптың шығармасынан түйсінбей көр. «Қайран Алтай» әнін аңыратып келіп, алпыс жыл аңқасы кебе топырағын құшатын Халифа Алтай атамыз Алтайдың қадірін білмегеннен жан азабын өлең қылып әрлеп пе? «Ағажай, Алтайдай жер қайда-ай» әні арғы беттің қазағының «Елім-айы», ұлттың мұңлы тарихы емес пе еді? «Қара арғымағы қу томарға сүрінсе де, қара нардың бұйдасын жау кессе де» Анадолы астым деп алтайы түсінікті тастаған қазақ бар ма? 

Бұл аз десеңіз Мағаз Разданның:

Алтайым, менің Алтайым!

Тентегің сонша сағынды.

Жоғалып кеткен бір тайың,

Тарландап барып табылды.- 

деп Шыңжаңның өзінде, Тарымның құмында 20 жыл абақтыда жатып, Алтайына қайтып келген сәттегі перзенттік махаббаттан туған сағыныш пен күйініш жыры емес пе еді? Бұлай тізбектей берсең, Алтай туралы қазақ санасындағы, жүрек түкпіріндегі Алтай феномені, Алтай культі түгей ме? 

Оны аз десеңіз көне түркіден тарағандардың барлығы да түп тамырын, ата қонысын осы Алтайдан таратады емес пе? Анадолы түріктері де Алтай десе арқасы қозып, аруағы ұстайды. Себеп неде? Себеп ол ешкім еншілемес МЕНІКІ болғандығында!

Енді осы төрт мың метрден тұратын, неше мың жылдық тарихи құндылығы бар, таулы-шыңды мекенді жер бедерлік карта тұрғысынан белін бүктеп қытайлар Орта жазықтың Хуанхэ мен Янцзы ортасындағы жазыққа қондырғандай күй кешіп отырмыз. 

Мұхтар Мағауиннің «Қос ағаш» атты хикаятында қазақ жеріне кие дарытып тұрған, басы аспанға жетердей биік, өңге, өзге дарақтан өзгеше биік бір жұп ағаштың қасиетін паш ете жазғаны бар еді. Сонда мынадай сюжет кездесетін:

«Қазақпен қатарлас қалмақ ауылдары да болады екен. Қатарлас қана емес, аралас. Көп қазақтың ортасындағы азғана жұрт, қазақша судай дейді. Сонда, бір ауылда бір қалмақтың шалымен кездесіпті. Кере қарыс айдары аппақ, қиғаш, көкбуырыл қасы түксиген сексен жасар қалмақ әңгімелесіп, ел, жер жайын сұрап отырып, бір кезде: «Шыңғыстаудың күнгейі, Бақанас өзенінің бойынан келсең... Қос ағаш... әлі тұр ма?» деп сұрапты. «Тұр», дейді біздің ақсақал, ол кезде жас жігіт. Мен атамның қашан туғанын, бабамның неше жаста, қашан өлгенін есептесем, шамамен бұдан тоқсан жыл бұрын екен. «Қос Ағаш әлі тұр ма?» дейді. «Тұр», дейді тан қалған біздің кісі. Сонда, көкбуырыл, қиғаш қасы түксиген, аппақ айдары кере қарыс қалмақтың шалы еңкілдеп жылады дейді. «Тұр екен ғой. Тұр екен ғой. Енді не қайыр. Ертерек білсем, іздеп барар едім-ау...» деп. Сөйтсе, өзі көрмеген, әкесі көрмеген, атасы айтқан әңгіме екен. Қос Ағаштың түбінде бие байлап, үй тігіп, шалқып, толқып отырады екенбіз. Бақытты, берекелі заман екен дейді. «Жер опасыз» деген осы, құт сендерге ауды, киіз туырлықты ағайын жұрт едік, ақыры мынандай болды, Қос Ағашты аялап сақтаңдар депті.» дейтіні бар еді.

upload.wikimedia.org

Мағауиннің «Жер опасыз» деген сөзі мына киноны көргенде қайра көкірекке қанжар сұққандай болды. Бұған дейін Алтай кімнің Алтайы еді? Кім оны менікі  деп тәуелдеуге құқылы еді? Алтай оныкі емес, МЕНІКІ емес пе еді? Қалай олар МЕНІҢ АЛТАЙЫМДЫ, «менікі» деуге дәті жетті. «Жер опасыз» дегенмен оларға біз тапсырып тастап шығып кетіппіз бе? Бұл жерде біртұтас түркі-қазақтың ұғымындағы Алтай деген түсінік пен қасиетке кірме, сырт тағы бір халықтың мінгескені, тіпті иемдене екіленгенін қағидаға қиғаш, заңдылыққа томпақ кеп демей көр! Алтай культі – сенікі, менікі дейтін ұғым емес. Ол тұтас түркі-қазақы намыстың, түркі-қазақы тамырдың біреуге еншілемес сом түсінігі. Мейлі Атырауда ту, Алматы да ту, Анкара да ту, Баку де ту бәрібір «Менің Алтайыма» бейжай қарау, тұтас ұлттық болмысыңа, арғы бір тектілігіне бей-жай қараумен бірдей. Ғасырлап, мың жылдық жоспармен мысық табандап ығыстырып келе жатқан бұл ел, мың жыл алдында Сары өзенді (Хуанхэ) алды, енді жаңа мың жылдықта Алтайды иемденуге көшті. Әдебиетімен, киносымен батыс аймақты қытай санасына сіңіру мақсатында насихаттаудың түрлі жолдарын қарастырып келеді. Ел шекарасы іргеде жатқанымен арманы, әдебиеті, мәдениеті арғы жаққа, Қытайдың Орта жазығына тартып тұратын бұл халықтың батыс өлкені әдеби мәтінге айналдыруы жақсылық емес. Кино сынды қазіргі заманның ашық ақпараттық соғыс алаңында олар кезекті соққысын жасады. Түркі-қазақтың ұйықтап жатқан жадысындағы Алтай сынды тиісуге болмайтын тақырыпқа батылдары жетіп, біз де егесі бола бастадық дегенге тіреді. Біз Қазтуғанша «Алаң да алаң, алаң жұрт» деп көңілді алаңға бұрғанымызбен: 

Мен салмадым, сен салдың,

Қайырлы болсын сіздерге,

Бізден бір қалған Еділ жұрт, - 

деп оларға Алтайдың қайырын тілеген де жоқпыз, айтқанда жоқпыз. Күңіренуден аулақпыз. Бірақ, біздің санамыздағы Алтай түсінігін біреудің қиратуға да, басып алуға да хақысы жоқ. Алтай, ол Алтай! ОЛ - МЕНІҢ АЛТАЙЫМ!

Бөлісу:

Көп оқылғандар