Қазақ өнерінің жауһары – ұлттық театрда!
Бөлісу:
Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық музыкалық драма театры өзінің 33 маусымын «Қарагөз» қойылымы премьерасымен қорытындылады. Уақыт пен қоғам трагедиясын көрсеткен «Қарагөз» драмасын исі қазақ біледі. Ес білгелі демесек те, мектеп оқушысы кезінен етене таныс есімдер Қарагөз, Сырым, Нарша... Екі күн қатарынан сахналанған премьераға келген көрермен актерлер өнеріне тік тұрып қошемет көрсетіп, зор ықылас білдірді.
Жүрекке түскен шоқтан махаббат дертіне шалдығып, дала заңы – баба заңына мойынұсынғысы келмеген екі жастың өмірінің соңы қайғылы аяқталғаны – осы қазақтың даласының үстінде болған оқиғалардың бірі. Дала заңын құрметтей отырып, бір-бірін сүйген, сеніскен ғашықтар үшін де жүрегі ауырған жазушының жұмбағы неде? Таразы басы салт-дәстүрге ме әлде сүйіспеншілікке билеткен жастар тағдырына қарай тарта ма, бұл жауабы қиын сұрақ. Әр дәуірдің адамы оған өз көзқарасы, өмірлік ұстанымы арқылы келетіні анық.
Сонау 1925-1926 жылдардан яғни қазақ театр өнерінің тарихы басталғаннан бері «Қарагөз» бірге аталады. Зура Атабаева, Зәмзагүл Шәріповалардан бері қаншама «Қаракөздер» шықты. Бұл ескірмей, керісінше уақыт өткен сайын жарқырап отырған, қазақ қызының арын, жігітінің намысын, бүкіл ұлттың қан араластырмас тектілігін көрсететін, сонымен бірге қатал кезеңнің шындығын ашатын туынды. Бір жағы бұнда махаббатқа келгенде тым талапшыл, дәстүрге келгенде қатал да қатыбас Мөржанның ұстанымы ғана емес, бабалардың ұрпағына аманаты да жатыр.
Сахнада басқа уақыт, мәдени түсінік те бөлек. Сол заманның ахуал күйі, былайша айтқанда атмосферасы бар. Адамдарының киім киісіндегі сәні мен салтанаты көз тартады. Сөйлеген сөздеріндегі астар мен салмақ қандай! Жеңге өзінің жеңгелік жолымен қайынсіңліге қамқор. Әже көпті көрген, өнегесі де бар, керек жерінде бүтін ауыл-аймақты да ықтыра алатын сесті. Болмасын демейді. Бірақ, салтқа берік. «Қызға қырық үйден тыйым» деген қанына сіңгеннен де, жас жүректің сезімін қабылдап, мұңын түсінуге шамасы жоқ.
Бізге Наршаның ойыны ерекше әсер етті. Бұл байдың ерке өскен ұлы да, әпербақан біреу де емес, парасатты, пайымы жоғары. Жаны сезімтал Нарша «Менің дертім – Қарагөз» деп, жауапсыз махаббатының отына күйеді, өзін сүймеген, есі-көзі Сырым болған Қарагөзбен бірге қайғырады. Актер Бәзіл Сұлтанғазы Наршаны осындай биікке көтерген. Ия, біздің о бастан Қарагөздің ғашығы деп Сырымға бүйрегіміз бұратын. Қарагөздің көзімен қарағанда Сырым теңдессіз жігіт, жігіттің сұлтаны. Сондықтан бұл Сырымға да тілеулес болып өжет, бірбеткей, өз шешіміне адал, қыңыр да албырт, қызбамінезді Сырым үшін соңына дейін уайымдап отырдық. Қарагөздің жасқа толы жанарын жақыннан көрмесек те, оның қасіретті жүзінен дәл қазіргі сәттегі анық Қарагөз екеніне сендік. Ақмарал Танабаева шарасыздықтан есі шашырап, шатысып-бытысқан, жас жүрегі қиянатты көтере алмаған Қарагөзді көрсете алды. Соңғы мезеттегі Қарагөз әнін, даусынан таныған сайын домбырасын тыңқылдатып, бетін жас жуып отырып әндеткен, сағыныштың зарын кешкен Сырым-Әнуар Бектастың соңғы сәтке дейін Қарагөзден айрылғанына сене алмауы бөлек күй кештіреді. Сонымен қатар, «Құрмет» орденінің иегерлері Майра Омар, Ержан Нұрымбет, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Қуандық Қыстықбай, Асылбек Қапаев, Жанқалдыбек Төленбаев, актриса Айнұр Жетпісбаева, Арай Омарова және тағы басқа актерлердің өнері, шеберлігі жарқырай көрінді.
Режиссер тапқан тұспалдар да жетерлік. Қарагөздің иығындағы ақ орамал, жоғарыдан түскен арқандар, бейуақта әлдебір жаманат шақырған қарға-құзғын бейнесі...
Ұлттық театрда «Қарагөз» қойылуы керек
Қойылымның қоюшы режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлсина Миргалиеваны аз-кем әңгімеге тарттық.
- Гүлсина ханым, классикалық туындыны не үшін таңдап алғаныңыз жайында айтып берсеңіз...
Гүлсина Миргалиева, қоюшы режиссер:
- «Қарагөз» қойылымын таңдап алған себебім – біріншіден, ол жоспарда болған жоқ. Министр көркемдік жетекші ретінде театрға шақырғанда Астана қаласында қандай қойылымдар барына сараптама жасап, жалпы репертуарлық саясатқа көз салған кезде «Қарагөзді» қою туралы ой келді. Өйткені «Астана-опера» театрының репертуарындағы «Қарагөз» балетін, Ғазиза Жұбанованың либреттосын айтпағанда, жалпы Астана театрларында драма ретінде қойылмаған екен. Сондықтан да М. Әуезовтің «Қарагөзі» ұлттық театрда жүруі керек деп шештік.
- М.Әуезов театрының алғашқы «Қарагөздері» әлі күнге дейін біздің театрларда жұмыс істейді. Мысалы Гүлжан Әспетова... Алғашқы «Қарагөздерді» марқұм Шолпан апай, Алтынай Нөгербектер сомдаған ғой. Сондықтан да өнердегі дәстүр мен алдыңғы буынның ізіне деген құрметтен туып отыр ғой. Кәсіби тұрғыдан келгенде ұлттық театрда «Қарагөз» жүруі керек деп есептедім.
- Классикалық дүниені мүлдем жаңаша қою дегеннің өзі қиын ғой. Дегенмен, қойылым арқылы не айтыңыз келді?
- Ұжыммен бір шешімге келіп осы қойылымды қоямыз дегенде кеше өздеріңіз көрген кейіпкер-актерлер бұған қуанды, себебі, бұл қойылым олардың шеберлігін шыңдап, шығармашылығына ерекше леп әкелетін, басқа қырынан ашатынын түсінді. Қарагөзді, Сырымды, Наршаны ойнау деген шынымен де керемет нәрсе! Жас актерлер классиканы ойнамаса өспейді. Ұжыммен сондай шешімге келгенде дала заңын, дала интеллектісін көрсеткім келді. Бұл шығарма кеңес дәуірінде жазылса да, Мұхтардың ұлылығы сол, ол мәселелер қазірге дейін де өзінің өзектілігін жоғалтқан емес. «Қарагөзді» қайтадан оқып шыққан кезде, әрбір образдың қалай болса солай, жөнсіз сөйлемегенін, өз биігінде тұрғанын, әрқайсысы да өз ролінде, орнында екенін көресің. Әкелер мен әжелерді алға шығарып жатқаным, махаббат драмасының конфликтілік желісі махаббат дерті болғанымен, дәстүр бұзылайын деп тұр, оған тосқауыл болуға үлкендердің балаларына шамасы келмегені көрінеді. Бұл қазір де өткір күйінде. Актерлермен ойларымыз бір жерден шықты дей алам. Актердің міндеті алдымен сенуі керек. Олардың да өз ойлары болады. Бірақ дәстүрді дәріптеу, жеті атаға дейін қыз алыспау –әр қазақтың көкейіндегі нәрсе. Әркім бұған қатысты өз сұрағына жауап ала алды деп ойлаймын.
- Қойылым Әзірбайжан Мәмбетовке арналды. Ол кісі ұстазыңыз ба?
- Әрине, бұл жерде ең алдымен Әзірбайжан Мәмбетов есімі ойыңа оралады. Әзірбайжан Мәмбетов менің ұстазым болмаса да, қазақ өнерін биіктетуге айрықша еңбек сіңірген, қазақ театрын үлкен деңгейге көтерген адам ретінде ардақ тұтамыз. Осы тұрғыдан келіп, қойылымды сол кісіге арнадық.
Әңгімеңізге рахмет.
Айта кетейік, қойылымның қоюшы суретші – Қанат Мақсұтов. Композитор – Олжас Дәлелхан. Хореограф – Салтанат Сұңғат. Киім суретшісі – Мадина Қосмағанбетова. Жарық қою бойынша суретші – Азамат Бекбембетов. Дыбыс режиссері – Қарлығаш Танабаева.
Бөлісу: