Альбер Камю. Неміс досыма хат - ІІ

Бөлісу:

30.07.2024 947

Екінші хат

Мен бұған дейін сізге жазған едім және сенімділік ауанында жазып едім. Арада бес жыл өткен соң мен сізге біздің неліктен күшті екендігімізді айттым: өйткені өз ісіміздің дұрыстығына көз жеткізу үшін айналма жолды өткердік, өйткені біздікі оң екендігіне күмәнмен алаңдап дағдардық, өйткені өзіміздің жақсы көретіндеріміздің барлығын бөлмей біртұтас қабылдаймыз деп ессіздікке ұрындық. Бірақ бұған қайта оралу артықтық етпейді. Мен сізге айтқанымдай, біз осы айналма жол үшін қымбат құн төледік. Әділетсіздік жасаудың қатерінің орнына дағдаруды жөн көрдік.  Сонымен бірге осы жүріп өткен жолымыздың өзі біздің қазіргі күштілігімізге жеткізді, және дәл сол үшін біз жеңіске түпкілікті жақындадық.

Иә, мен мұның барлығы жайында сізге жазған едім және сенімділік тұрғысында - бір де бір түзетусіз, қаламымды тоқтатпастан жаздым. Расында, менің барлығын да ой елегінен өткізуге уақытым жеткілікті болды. Әдетте, түнде ойланады. Міне, үш жыл бойы сіздердің арқаңызда біздің қалаларымыз бен жүрегімізді түн басты. Міне, үш жыл бойы біз қараңғы түнекте ойымызды қайраймыз, қазір ол әбден шыңдалып сіздерге қарсы шығуда. Енді мен ақыл-ой мен парасат туралы айта аламын. Болмаса, қазір біз жеткен сенімділік кезінде бәрі өз орнына келіп түсінікті болмақ, және ақыл-ой мен парасат батылдыққа өз келісімін берген. Ендеше, ақыл-ой жөнінде соншалық жеңіл ойлаған сіз үшін оның сонау алыстан қайта оралып тарихқа қайта кірісуі күтпеген тосын жағдай болғаны анық. Осы арада мен сізге тағы да қайрылғым келеді.

Мен бұл жөнінде төменде айтарым - сенімділік өз-өзінен әлі де жүректі қуантпайды. Менің жазып отырғанымның барлығын осы мағынада қабылдау керек. Алдымен мен сізбен ескі достығымыздың алдындағы парызымды орындағым келеді. Мен сіздің: «Сіз өз отаныңызды сүймейсіз!» - деген әлі де есімнен кетпей жүрген шұғыл, төтенше  пікіріңізге жауап бергенмін.  Енді мен сіздің «ақыл-ой» сөзін мысқылмен қарсы алғаныңызға жауап берейін. «Ақыл-ойдың барлық көрінісінде, - дедіңіз сіз маған, - Франция өзінен-өзі безінеді. Сіздердің интеллектуалдарыңыз отанының орнына, мінезіне қарай, торығушылықты немесе көз жетпейтін ақиқатты қуалайды.  Ал, біз болсақ

Германияны ақиқаттан жоғары қоямыз,  тәуекелден тыс қабылдаймыз. Бір қарағанда бұл дұрыс еді.  Бірақ, менің айтқанымдай, егер біз отанымыздан әділеттілікті артық бағалайтындай көрінсек, ол біздің өз отанымызды әділеттілік елі және шындық пен үміт елі ретінде көргіміз келгендіктен. Бізді сіздерден ерекшелендіретін де осы талабымыз. Сіздерге өз еліңіздің қуаттылығына қызмет ету жеткілікті еді, ал біз өз елімізге оның шынайы келбетін қайтаруды армандадық. Сіздер нақты саясатқа қызмет етуден қанағат алдыңыздар, ал біз, тіпті, ең сорақы адасуға тап болсақ та, ар-намыс саясатын ұстанудың көмескі идеясын сақтап оған қайта оралудамыз. Мен «біз» деп айтып отырғанда біздің билік басындағыларды айтып отырған жоқпын. Ал осы биліктегілердің қаншалықты маңызы бар?

Сіз осы арада қалайша жымиып отырғаныңызды ойша сезінемін. Сіз ешқашан сөзге сенген емессіз. Мен де солай, бірақ мен өзіме одан да аз сенемін. Сіз мені өздеріңіз жүрген және ақыл-ой ақыл-ойдан ұялатын жолға итермелеуге тырыстыңыз. Сол кездің өзінде мен сізге ілеспедім. Бірақ қазір мен сізге бұрынғыдан зор сеніммен жауап берер едім. Ақиқат деген не? - дедіңіз сіз. Әрине, бұған жауап беру оңай емес, алайда біз жалғандықтың не екендігін білеміз: бұл дәл сол сіздердің бізге үйретпекші болғандарыңыз. Рух дегеніміз не?  Бізге оған қарама-қарсы нәрсе мәлім - адам өлтіру. Адам деген не?  Бірақ бұл арада мен сізді тоқтатамын, әйтпесе  оны біз білеміз. Адам - түптің түбінде әрқашан тирандар мен құдайларды құлататын күш. Шындықтың өзі ретінде ол анықтауды қажет етпейді. Адамның тап осынау өздігінен түсінікті табиғатын біз құтқаруымыз қажет, біздің қазіргі сенімділігіміз адам табиғатының тағдыры мен біздің отанымыздың тағдыры ажырағысыз байланыста екендігінен туындайды. Егер ештеңенің де мәні жоқ болса, сіздердікі жөн болар еді. Бірақ, мағынасын жоғалтпайтын дүние де бар.

Тағы да бір қайталау артықтық етпейді: дәл осыған келгенде біздің арамыз ажырайды. Біздің отанды түсінуіміз достық, адам, бақыт, ақиқатқа құштарлық сынды өзге де ұлы ұғымдар арасында оны өз орнына қойды. Бұл оған қатысты бізді қатал болуға мәжбүрледі. Бірақ ақыр аяғында біздікі оң болып шықты. Біз оған құлдарды берген жоқпыз, ол үшін біз ештеңені де төмендетпедік. Ақиқатты анықтап алғанша біз төзімділікпен күттік, оның өтеуі ретінде қайғы мен азапты күндерде өзіміз құрмет тұтатын нәрсенің барлығы үшін күресудің қуанышты мүмкіндігіне ие болдық. Ал сіздер, керісінше,  адам бойында отанға жатпайтыннан басқаның барлығына қарсы соғыс аштыңыздар. Сіздердің құрбандықтарыңыздың мәні жоқ, өйткені сіздердің құндылық иерархияларыңыз бүлінген. Сіздер жүректі ғана емес, ақыл-ойды да сатып кеттіңіздер, сондықтан ол өзі үшін кек алуда. Сіздер оған тән нәрсені төлемедіңіздер, ауыр құнды түсіне алмадыңыздар. Жеңілістің шыңырау түбінен мен сізге дәл осы сіздерді күйрететіндігін айтудан қорықпаймын.

Одан да мен сізге мынаны айтып берейін. Францияның әлдебір мекенінде таңға жақын он бір француз азаматы жүк көлігінде қарулы солдаттардың күзетімен мен білетін бір түрмеден зираттарға қарай келе жатты, оларды сіздер сол жерде атып өлтіруге тиіс едіңіздер. Осы он бірдің бес-алтауының мойнында кейбір кінәлары бар: үнпарақ, жасырын кездесулер, ал ең ауыры - басқыншыларға қызмет етуден бас тарту. Олар кузовте еш қозғалыссыз отыр, әрине олар қорқынышты сезінеді,  бірақ егер олай айтуға болса, әрбір адам белгісіздік алдында сезінетін қатардағы қорқыныш, олардың қорқынышына батылдықтары теңескендей еді. Қалғандарының ешқандай кінәсі жоқ. Олар бір қателіктің немесе немқұрайдылықтың құрбандары болатындығын біледі, сондықтан осы сәт олар үшін тіптен ауыр. Олардың арасында он алты жасар бала бар. Сіз біздің жекіншектердің қандай болатындығын білесіз, мен ол туралы айтып жатпайын. Бала ұялуды білместен үрей құшағында. Жеккөрінішті күлкіңізбен жымимаңыз, оның тісі-тісіне тимейді. Бірақ сіздер оның жанына священникті отырғыздыңыздар, оның міндеті - бұл адамдардың ақырғы сағаттағы азапты арпалысын жеңілдету. Өлім күтіп тұрған адамдарға алдағы өмір туралы айтудың еш мәні жоқ десем қателеспеспін. Оларды күтіп тұрған ортақ мола бәрінің ақыры екендігіне сенбеудің өз қиын. Жүк машинасындағы тұтқындар үнсіз. Священник бұрышта бүрісіп отырған балаға бұрылды. Бұл оны жақсырақ түсінеді. Бала бұл дауысқа жауап берді де, оған бір үміт оралғандай.  Дүлей үрейдің кезінде кейде солай болады, адам сөйлесе: мүмкін бәрінің реті келер. «Мен ештеңе жасаған жоқпын», - дейді бала. «Иә, - дейді оған священник, - бірақ әңгіме ол жайында емес. Саған өлімге дайындалу керек». - «Мені түсінбеуі мүмкін емес». - «Мен сенің досыңмын, бәлкім, сені түсінемін. Алайда енді кеш. Мен сенің жаныңда боламын, құдай тағала да сенің жаныңда болады. Көресің, бұл жеңіл болады». Священник құдай туралы айтып отыр. Бала құдайға сене ме? Иә, сенеді. Демек, ол оны күтіп тұрған тыныштықпен салыстырғанда, ештеңенің мәні жоқ екендігін біледі. Бірақ дәл осы тыныштық баланы үрейлендіреді. «Мен сенің досыңмын», - деп қайталайды священник.

Қалғандары үндемейді. Олар туралы да ойлану керек. Священник баладан бетін бұрып, үндемей отырған топқа жақындайды. Машина таңғы шықтан дымқылданған жолмен жай жүріп келеді. Осы таңғы мұнарлы сәтті көзге елестетіңізші, ерте тұрғызылған адамдардың жылы иісі, көрінбесе де құстардың даусынан, жегілген аттардың пырылынан аңғаруға болатын ауылды мекен. Бұрышқа тығылған бала машинаның үстін жапқан брезент пен борттың арасында аздаған қуыс бар екенін байқайды. Ол оған сыйатындай екен. Бала ойланбастан брезентті көтеріп, ашылған қуыстан секіріп кетеді. Жерге құлаған адамның дыбысы және тез басқан қадамдары сәл ғана естіледі де қайтадан тыныштық орнайды. Бірақ брезенттің жалпылдаған дыбысы мен даладан кірген салқын ауа священник пен тұтқындардың назарын аударады. Бір секөнт священник адамдарға, ал олар священникке қарайды. Осы сәтте өзін құдайға қызмет етуге арнаған адам жан-дүниесіне сай шешім қабылдауы тиіс, - ол жазалаушылар жағында ма, әлде азапталушылар жағында ма. Бірақ, міне ол машинаның төбесін ұрғылап үлгерді. «Achtung!».  Дабыл көтерілді.  Екі солдат кузовке көтеріліп тұтқындарға мылтықтарын кезенді. Қалған екеуі далаға қарай жүгірді. Священник жол жағасында тұрып тұман арасынан олардың артынан қарайды. Машинадағылар қуғыншылардың шуын, тұншыққан дауыстарды, мылтық үнін, тыныштықты, сосын қайтадан бірте-бірте жақындай түскен адам дауыстарын, ақырында етіктердің дүрсілін естіді. Баланы қайтадан алып келіпті. Оған оқ тимеген, бірақ ол беймәлімдікке тап болып, қайда қашарын білмей, рухы түсіп тоқтап қалған. Конвоирлар оны сүйрелеп әкеле жатыр. Баланы ұрған, бірақ соншалық қатты емес. Ең бастысы алда. Ол священникке қарамайды, иә, басқа ешкімге де қарамайды.  Священник шопырдың жанына кабинаға отырды. Кузовта оны қарулы солдат ауыстырды. Бұрышқа тасталған бала жыламайды. Брезент пен борттың арасындағы тесікке қараған ол таңғы жарықта артта қалып бара жатқан жолға тесіледі.  

Мен сізді білемін, одан арғысы сізге жақсы мәлім. Бірақ сіз маған бұл оқиғаны кім айтып бергендігін білуіңіз тиіс. Мұны айтқан француз священнигі. Ол маған айтып еді: «Мен бұл адам үшін ұяламын, бірақ мен бір де бір француз священнигі өз құдайын кісі өлтіру қызметіне қоюға келіспейтіндігіне қуанамын». Бұл айтқаны дұрыс еді. Расында бұл неміс священнигі тура сіз сияқты ойлады. Оған өз отанының қызметіне барлығын, тіпті өзінің дінін де қою табиғи нәрсе болып көрінеді. Тіпті сіздердің құдайларыңыз да соғысқа жұмылдырылған. Сіз айтқандай, олар сіздермен бірге, бірақ олар күштеумен жұмылған.  Сіздер ендігі ештеңені де ажырата алмайсыздар, сіздер тек қана алға ұмтылуға қабілеттісіздер. Енді сіздер мылқау ашудан ғана күш алып соғысып жатырсыздар, ойды реттеудің орнына  қару мен соққыны ғана ойлап, бәрін тұтас шатастырып алып, өздеріңе таңылған идеяның соңынан көзсіз ұмтыласыздар. Бізге келсек, біз ақыл-ойдың талабымен және оның дағдаруымен жүрдік. Ашудың алдында біз күшті болмадық. Бірақ, міне айналма жол аяқталды. Біз ақыл-ойға ашуды қосуымыз үшін сіздердің жас баланы өлтірулеріңіз жеткілікті болды, енді біз бірге қарсы екеуміз. Ашу жөнінде сөйлесейік.

Есіңізге түсіріңіз.  Сіздердің бастықтарыңыздың бірінің аяқ астынан туындаған ашуының куәсі болып мен таңқалысымды білдірдім, сіз маған айттыңыз: «Бұл да жақсы. Бірақ сіз мұны түсіне алмайсыз. Француздарға бір қасиет жетпейді - ашуланауға қабілеттілік». Жоқ, бұл олай емес, бірақ француздар қасиетті талғай біледі. Олар оны қажет кезінде ғана көрсетеді. Бұл олардың ашуына үнсіз қуат береді, оны сіздер енді ғана көре бастадыңыздар. Осындай ерекшелігі бар, маған  белгілі жалғыз ашуға мінген мен сөзімнің аяғында мынаны айтайын.

Болмаса, мен сізге айтқандай сенімділік әрдайым жүректі қуанта бермейді. Осы айналма жол кезінде біз нені жоғалтқанымызды білеміз,  өзіңмен өзің келіскен жағдайда соғысудың қымбат қуанышы үшін қандай құн төлегенімізді білеміз. Біз өзіміздің жоғалтқандарымыздың орны толмастығын өткір сезінетіндіктен, жүргізіп отырған соғысымыз жеңіске деген қаншалық сенімділікпен болса, соншалық  қасіретпен таңбаланған.  Сөздің жай мағынасындағы соғыс бізді қанағаттандырмады. Біз оған адамдық тұрғыда дайын болмадық. Біздің халқымыз азаматтық соғысты, табанды, ұжымдық күресті, сөзсіз құрбандықты таңдап алды. Бұл соғысқа ол өзі көтерілді, ақымақ әрі опасыз үкіметтің бұйрығымен көтерлген жоқ, соғыста ол өзін тапты, оны жүргізе отырып, өзінің ұлттық сана-сезімін қорғауда.  Бірақ өзіне осындай байлықты бере отырып,  аса ауыр құн төлеуде.  Бұл арада да біздің халқымыздың сіздің халқыңызға қарағанда еңбегі зор. Әйтпесе, оның ең үздік ұлдары қаза табуда - мені бәрінен де қатты қинайтыны осы. Әдеттегі соғыстың қанды қырғынының өз артықшылықтары бар: өлім ешкімді таңдамастан бәрін жалмайды. Біз жүргізіп жатқан соғыста батылдық өзін де соққының алдына қояды - сіздер күн сайын біздің рухымыздың ең тазалығын білдіретіндерді атып жатырсыздар. Болмаса, сіздердің барша қарабайырлақтырыңызбен бірге сіздер сұңғылалықтан да айырылмағансыздар. Сіздер нені таңдау керектігін ешқашан білген емессіздер, бірақ нені құрту керектігін білесіздер. Ал, біз рухты қорғаушылар ретінде, соған қарамастан, оны жеткілікті қуатты күш жаншитын болса, рухтың өлуі мүмкін екендігін білеміз. Бірақ біз басқа күшке сенеміз. Беттерін оқ осып түскен үнсіз, дүниеден теріс бұрылған құрбандарыңыздың жүзіне қарап отырып, сіздер біздің шындығымыздың да келбетін бұзамыз деп ойлайсыздар. Бірақ сіздер күрестегі Францияның табандылығын ескермейсіздер. Қиын сағатта бізді ышқынған үмітіміз қолдайды: біздің жолдастарымыз жазалаушылардан және сансыз оқтардан төзімдірек болады. Сіз көріп отырсыз француздар ашуға қабілетті.

Желтоқсан  1943

Аударған: Мұхтар Кәрібай

“Дүбірлі дүние” кітабынан

Бөлісу:

Көп оқылғандар