Толғауы тоқсан триптих

Бөлісу:

07.08.2024 1796

Құттыбек Жақыптың Қазақстанның ұлттық мәдениетінің дамуына қосып жатқан үлесі теріге бедер салу арқылы өнер туындыларын жасайтын жаңа бағыт ашты. ҚР мемлекеттік Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде сәндік-қолданбалы өнерде өзіндік қолтаңбасымен танымал суретші шығармашылығына арналған көрме ұйымдастырылып, автордың қолынан жасалған туындыларын көруге келгендердің қатары көп болды. Келушілердің дені ойма суреттерге қызығушылық танытты. Қазіргі таңда суретшінің патенттелген техникасы болып саналатын теріге ойма суреттері, киізге салынған шығармашылығы көпшіліктің қызығушылығын тудыруда. Қазақ халқының қолданбалы сәндік қол өнері заманауи жас суретшілерге жаңа идеялар қоры іспеттес, олардың шығармашылығына шабыт, серпіліс беруде деп ойлаймын. 

Шығармаларының арасында ерекшеленіп тұрғаны «Түрік қағанаты» триптихі. Осы топтамаға кіретін «Отбасы» туындысын жасауға тұтастай алынған үлкен өлшемді тері материалы қолданылған. Композициялық орталықта орналасқан үш фигура ұрпақтар сабақтастығын білдіретін негізгі композициялық элементті құрайды. Олар – ата, әке, бала, әже, ене, келін көріністерінің символдық белгілері. Жер қайысқан атты әскер, қобызшы-абыз, қайырымды аңшы, мерген, садақшы, қыран бүркіт, ақ жалаулы адам бейнелері отбасы мен елдің береке-бірлігін көрсетеді. Шығарма колориті жылы бір сипатты түстерді топтастырған. Тері түгі мен түсінің композициялық формалары идеялық ойды айтуда суретшінің ұтымды үйлестіру шеберлігімен интеграциялық бірлікті қамтамасыз етеді.

«Табыну» атты шығармасы түстік шешімі қоңыр қызыл, қара, ақсары түстерден құралған. Туындыдағы адамдардың бейне қозғалыстары шаманның табыну қимылын білдіреді. Осы көріністердің фонындағы қара түсті жазықтықтар көрінісі түнгі аспанды меңзейді. Ай көрінісі, шеңбер, бүркіт, шаңырақ, бейнелері, адамдардың жеке дара қозғалыстағы көріністері тәңірге табынуды символдық көріністерімен білдіреді. Туынды композициясы ою-өрнектер түріндегі сәндік безендіруге, өрнектануға негізделген. Өрнектер көрінісі дала жусанының иісін сездіріп, самал желмен тербетілген дала гүлдерін елестетеді. Туындыда сәндік безендіру әдісі ұтымды қолданылған. Негізгі көріністерді аспан мен жер, табиғат құбылыстары мен адам, ақ пен қара, күн мен түн құрайды. Бұл картина мазмұнын ашу жолындағы көркемдік бірлікті, тұтастықты күшейте түскен. Шығармада символизм көріністері кеңінен байқалады. Олар –баяғыда өткен бабалардың қолына ұстаған таяғы, Ұлы даланы дүбірлеткен тұлпарлардың тұяғы.

«Алтын адам сарбаздары» композициясындағы сызықтардың қозғалыстық бағыты, көрініс сипаты бірін-бірі қайталамайды. Олардың әрқайсысы дара-дара сомдалған. Сызықтардың сипаты күрделі көріністер құпиясы мен шығармашылық ойды ашуға бағытталған. Картинаның бейнелеу әдістерінен кескіндемелік реалистік бейнелеуге қарағанда сәндік бейнелеуді мақсат тұтқандығы өнердегі жаңашылдықты көрсетеді. Суретші кешегі бабалар көші қонған жер, аталар аманаты болған жер бүгін де сол күйінде сақталған, көнермеген, өміршең қалпын сақтаған және сақтала береді деген ойды білдіреді.. Композицияның барлық элементтерін шығарма идеясына бағындыру заңдылығын суретшінің ұтымды қолдануы арқылы көк аспан мен қара жердің көркемдік сипатты қабылдау үдерісінде ерекше көз тартып, көрерменге тартымды эмоциялық әсер береді. 

Көркем өнерде табиғи материалдардың қолдану, олардың табиғи фактурасын пайдалана отырып көркем шығарма дайындау – бүгінгі заманауи тренд. Тері панноларындағы пішіндердің конструкциясы, түстік шешімдер, фон мен фигура қатынастары, бейнелеу үдерісіндегі безендіру элементтерінің тартымдылығы, көріністердің өрнектермен сипатталуы – суретшінің қолданбалы-сәндік бейнелеу стилінің шеңберіне жасалған.

Автордың теріден жасалған сәндік паннолары монохром түстер гаммасына үйлес салмақты өң берер палитраға ие болуымен ерекшеленеді. Табиғи түктің түсі мен фактурасын өз ыңғайына пайдалана білген автор бейнелердің шынайылығын нақтылап бекіте түсті. Өнердің бұл түрін шартты түрде «теріге ойма сурет салу» (ойма сурет) деп атауға болады. Ойындағы бейнені түсіру үшін суретші кей тұста қажетсіз түкті қырқып, кейде алып тастап, бірде қысқартып не өз қалпын сақтай отырып бедерлі суреттер жасайды. Суретшінің туындылары көз арбайды. Суретші секілді көрермен де бұрыннан бар нәрсенің жаңа қырын байқап, бейнесін танып білгендей күйге түседі. Жұмыс кезінде ол терідегі түкті мәнерлеп қиып қана қоймай, теріні бояуға арналған бояумен түсін күңгірттендіреді, сондай-ақ акрил және майлы бояуларды пайдаланады. Немесе былғарының табиғи түсін келтіру үшін кей тұсының түгін қалдырып, кей пұшпағындағы түкті түгел қырқып тастайды. Нәтижесінде ғажайып образдар дүниеге келген.

 Өнерге тыңнан түрен салған Құттыбек Жақыптың мал терісіне бедер салуы – суретші дарыны мен еңбегінің жемісі. Енді осы табиғи материалдың суретші қиялымен заманауи интерьерді көріктендірер сәндік-қолданбалы өнер қажетін өтейтін, авторлық төлтума бұйымға айналғаны – ғажап жетістік.

Теріні көркем өңдеу мен оны стилизациялық-образдық деңгейге көтеру – Құттыбек Жақыпқа тән жаңашылдық. Оның шығармалары - жастарға тәлім мен тәрбие беру құралы. Сондықтан да «Түркі қағанаты» топтамасы кеңінен насихатталып, жоғары деңгейде бағалануы тиіс деп санаймын.

Тәңірбергенов Медеубек 

Педагогика ғылымдарының докторы, 

ҚР Педагогика ғылымдары академиясының 

академигі, өнер профессоры.

Бөлісу:

Көп оқылғандар