Идиомәдениет: әдеби мәтіндердегі автордың әлемі
Бөлісу:
Жалпы кез-келген шығарманы талдаудың неше түрлі жолы мен функциясы бар. Қолыңызға түскен шығарманы кез-келген әдеби сын арқылы талдап, оның мағыналық ауқымын кеңейтіп автор-шығарма-оқырман тұрғысынан көптеген мәндер мен құпияларға қол жеткізуге болады. Әрине, бұл әрекеттер шығармаларды басынан асырып мақтап, оның ғаламат туынды екенін айтып, құдайдың берген талантының арқасында осындай ғажайып шығарма жаза алған автордың астына көпшік қойған талдауларға еш ұқсамайды.
Ал шынтуайтына келгенде қазіргі қазақ шығармаларын талдау осындай «жүрек жарды ыстық лебіздердің» шегарасынан әрі асып кете алмай келеді. Яғни, зерттеу нысаны ретінде алынған туындыны нақты факттар, дәлелдер арқылы зерттеу жоқтың қасы. Осының нәтижесінде оқырман шығарманың құдайдың берген талантының арқасында жазылған «ғаламат туынды» екенін ғана біліп, оның ғаламаттылығы қайда жатқанынан мақрұм қалады немесе ол шығарманың бір ғана «ғаламаттылығына» көз жеткізіп, шығарма жайлы жан-жақты зерттеулерге, шығарманың сыни тұрғыда потенциалына көп мән берілмейді. Яғни, «ғаламат шығарма» жайлы әртүрлі әдеби сыни (мақтау және даттау емес) көзқарастардың пікір алуандылығы біздің әдебиетімізде, әрісі қоғамымызда кемшін болып жатқаны жасырын емес.
Осыған дейінгі түрлі айларда жазылған жазбаларымызда классикалық, позитивистік, социологиялық, марксистік, психоаналитикалық, структуралистік, постструктуралистік, экологиялық әдеби сындар жайлы айтып, белгілі бір деңгейде жалпы понараммасын сызып көрсетуге тырысқан, бұл жолы әдеби мәтіндерді идиомәдени сын тұрғысынан қалай зерттеуге болатынын, әрісі аталған сынның не екенін, әдебиетке қатысы, қатынасы жайлы аз-кем сөз қозғамақпыз.
Сонымен, идиомәдениет ең алдымен социологиялық және мәдени ғылыми ұғым. Бұл ұғым арқылы жеке тұлғаның индивидуалды көріністерін зерттеуге мүмкіндік аламыз. Яғни, қаламгерді, оның шығармасын қоғамдық, ұлттық, адамзаттың мәдениеттен бөлек, жеке, өзіне тән қалыптастырған мәдениет арқылы зерттейміз. Сәйкесінше мұнда қаламгердің бірегейлігі қоғам мен ұлттың, адамзат пен қоршаған ортаның гегемониясына түспей, өз алдына жеке дара мәнге ие болады.
Десе де, «өз алдына жеке мәнге ие болу» дегеніміз, айналасындағы мәдениеттерді көзге ілмеу деген сөз емес. Мұндағы сөз, қаламгердің танымдық потенциалын өзге мәдениеттердің көлеңкесінде емес, олармен тең дәрежелі зерттеу жайлы болып отыр. Мысалы, әлеуметтану және мәдениет ғылымдары салаларында қолданылатын идиомәдениетті Маргрет Амманн және Ханс Дж. Вермеер сияқты ғалымдар парамәдениет және диамәдениет ұғымымен байланыстырады. Осылайша қоғамның сан түрлі қабаттарын социологиялық және мәдени ғылыми түсінікпен анықтауға тырысады. Яғни, мұндағы идиомәдениет – адам (индивид) өзі үшін белгілейтін және құнды деп санайтын нормалар, ережелер мен шарттылықтар арқылы қалыптасқан тұтастың атауы. Ал парамәдениет – белгілі бір қоғамның мәдениеті ретінде анықталып, жалпы қоғам үшін жарамды нормаларға, ережелерге және конвенцияларға сілтеме жасайды. Диамәдениет болса, қоғамдағы белгілі бір топта әрекет ететін нормалар мен ережелер мен конвенцияларды білдіретін ұғым. Басқаша айтқанда, диамәдениет белгілі бір топтың мәдениеті. Сонымен Маргрет Амманн және Ханс Дж. Вермеердің тілімен айтатын болсақ, парамәдениет – Қазақстандағы барлық халықтардың ортақ конвенцияларына, нормаларына және дәстүрлеріне сәйкес қалыптасқан мәдениет сияқты қоғамның жалпы мәдениеті. Диамәдениет болса, қарастырылып отырған жалпы мәдениет аясында өмір сүретін әртүрлі топтардың мәдениеті. Яғни, Қазақстандағы дәрігерлер, әкелер, аналар, студенттер, спорт жанкүйерлері немесе иммигранттар мен ақындар, жазушылар, физиктер т.т. болып кете береді. Ал идиомәдениет осылардың ішіндегі жеке тұлғалардың өзіне тән қалыптастарған мәдениет болып саналады. Десе де, бұлар бір-бірінен бөлек яки жат ұғымдар емес. Себебі жалпы және топтық мәдениеттер жеке адамдардың бірігуі арқылы қалыптасады. Яғни, аталған формацияны мүмкін ететін және оған әсер ететін факторлар идиомәдениеттер екенін ақиқат. Сәйкесінше идиомәдениеттерге де пара және диамәдениеттер әсер етеді. Жалпылай айтатын болсақ, идиомәдениет жеке тұлдағы еркімен-еріксіз дамыған мәдениеттің атауы десек болады. Сонымен, адам қоғамдағы қандай әлеуметтік тап пен рөлдік топтарға жататынына қарамастан, оның іштей қалыптасқан барлық мінез-құлықтары, құндылықтары, сенімдері, моральдары, ой-пікірлері оның тіл мәдени ортасының ықпалында болатыны баршаға белгілі. Бұл әсерге оның пара және диамәдениет пен білім беру арқылы алған парасатымен, дүниетанымымен және ақыл-ойымен генетикалық түрде алып жүретін сипаттар мен қабілеттердің үйлесімі қосылады. Сәйкесінше әр адамның идиомәдениеті әртүрлі қалыптасады. Тіпті жеке адам өзінің идиомәдениетімен немесе диамәдениетімен өзі-өздері өмір сүретін парамәдениеттің шегінен асып кетуі де мүмкін. Бұған мысал ретінде әлемге әйгілі тұлғалар мен топтардың есімдері мен жетістіктерін алуға болады. Қаншама кедергілер мен қиындықтарға мойымай өздеріне тән осы идиомәдениетінің арқасында бүгінгі биіктеріне көтеріліп отыр. Десе де, мұнда ескеретін бір жайт бар: идиомәдениет тек психикалық немесе психологиялық ұғым ретінде қабылданбауы керек. Әрине, психологиямен байланысын жоққа шығармай, сонымен қатар білім, сенім, мінез-құлық және тәжірибе жүйесі ретінде де анықталатынын ескерген жөн. Яғни, идиомәдениетті психоаналитикалық ұғымдар шеңберінде, дәлірек айтсақ, ид, эго, суперэго сияқты формада қарастыруға болмайды. Сәйкесінше идиомәдениет адамның санадан тыс сана сияқты негізгі импульстарын ғана білдірмейді, сонымен қатар уақыт, мәдениет, әрекет мақсаты, сыртқы және ішкі себептері, жұмысы, психологиясы, эмоциясы, сенімі, физикалық және материалдық жағдайы, әлеуметтік-саяси конъюнктурасы сияқты факторлар да идиомәдениет үшін аса маңызды.
Себебі адам өз өмірін өз болмысына, ойына сай сүретіні анық. Қоршаған ортаны қабылдау, түсіну, түсіндіру және өз өмірін қамтамасыз ету үшін шешім қабылдау жоғарыда аталған факторларды психикалық процесс арқылы біріктіріп, содан кейін осы құрамдастардың барлығын бірге пайдалану арқылы қол жеткізіледі. Яғни, әлеуметтік өмірдегі ең пассивті, ұялшақ адамның өзінде де басқа адамдардан ерекшеленетін аспектілері бар екенін ескерсек, оның идиомәдениеті сүрген өмірінде, істеген әрекеттерінде, сөйлеген сөздерінде көрініс табады.
Ал бұл тұрғыдан алып қараған уақытта әдеби мәтіндердің авторы жазған шығармасын да да идиомәдениеттің айқын белгілерін көруге болады. Сәйкесінше шығарманы талдау кезінде қаламгердің идиомәдениетін пайдалану арқылы шығарманы басқа қырынан зерттеуге толықтай мүмкіндік аламыз. Яғни, әдеби шығармаға мәнер де, мазмұн да беріп, оны өзге шығармалардан ерекшелетін де автордың осы бірегей қасиеті. Ендігі кезекте шығармадағы автордың идиомәдениетін қарастыру, оның парамәдениет және диамәдениетпен байланысын, ықпалын және әсерін бағамдау шығармада басқа қырынан тануға жол ашады. Қорыта айтқанда, идиомәдениеттің социологиялық және мәдени концепциясы туа біткен генетикалық негіздер бойынша идге, сыртқы және ішкі дүниені теңестіру міндетіне байланысты эгоға және әлеуметтік моральдық факторға байланысты суперэго концепциясына ұқсас болғанымен, сонымен қатар мәдениет ішіндегі әлеуметтік рөліне, мінез-құлық пен шешім механизміне, субъективті жинақталуына және сипаттамаларына байланысты қаламгерлердің ерекшеліктерін де қоса бейнелейді. Яғни, идиомәдениет аталған үш ұғымның кездесетіні анық болса да, олардың синтезі деп қабылдауға болмайды. Бұлай қабылдайтын болсақ, әдеби сын ретінде идиомәдениеттің қалпы мен қағидасы толық әрі нақты ашылмай қалады десек болады. Сонымен жоғарыда келтірілген мәліметтер мен түсіндірмелерге сәйкес идиомәдениет өз кезегінде идиомәдени сын ретінде де әдебиет саласында көрініс табады. Автор мен шығарма арасындағы байланысты зерттеп, тек авторға тән шешімдер мен қарарлардың шығарма понарамасы бойынша қалайша өзгеріп, қалайша түрленіп отырғанына назар аударады. Автордың бүкіл ғұмырында қалыптасып, шығармашылығында дамып, өзгеріп келе жатқан идиомәдениеттің қалып пен қағидасын зерттейді. Бұл тұрғыда идиомәдени сын позитивистік сын теориясын да өз ішіне алады. Яғни, идиомәдени сын автордың өскен ортасын, кешкен өмірін жетік білмейінше ешбір шығарманы толыққанды түсіну мүмкін емес деген көзқарастағы позитивистік түсінікті де қамтып, шығармадағы әсерлердің қалай қалыптасқанын яки түрленгенін талдайды. Сәйкесінше автордың мінез-құлқынан бастап, әдет-әрекетіне дейінгі аралықтың барлығын қамтып, олардың шығармалардағы көрініс зерттеп, автор мен шығарма арасындағы оқырманға белгісіз психологиялық, психоаналитикалық жақтарын «күн бетіне» шығаруға тырысады. Себебі жоғарыда да тілге тиек етілгендей, идиомәдениеттің құрамдас бөліктерінің бірі – адамның психологиялық құрылымы мен санадан тыс бейсанасы. Осы арқылы автордың әлеуметтік және биологиялық болмыс ретінде осы екі элементтің ішінде қалайша қалыптасқаны немесе өзгергені, тіпті әр уақытта әртүрлі психологиялық реакциялар мен сигналдар беретіні қарастырылады. Ал идиомәдени сын осы бір психологиялық элементтер мен деректердің автордың шығармашылығында табиғи түрде көрініс табатынын ескере отырып, психоаналитикалық сараптама әдістерін де қамтиды деп айтуға болады. Бірақ идиомәдени сын тек қана позитивтік сын теориясымен ғана шектеліп қалмайды. Мұнымен қоса, шығарманы автордың басқа мәтіндермен бетпе-бет келуінің жемісі деп есептейтін компенсаторлық әдісті де идиомәдени сын әдісінің шеңберіне қарастыруға болады. Яғни, автордың идиомәдениетін ескеру – оның интеллектуалдық өмірін, қандай қозғалыстар, шығармалар мен жазушылар әсер еткенін білуге мүмкіндік табу деген сөз. Осы себепті әдеби мәтіндерді зерттеуші автордың шығармаларын басқа шығармалармен салыстырып, бағамдап олармен қайшылықтары немесе ұқсастықтары бар-жоғын анықтауға барын салып, соған сәйкес өз бағасын бере алады. Өз кезегінде идиомәдени сын шеңберінде мәтінге бағытталған социалистік, марксистік және герменевтикалық талдау әдістерін де қарастыруға болады. Себебі автордың шығармасында берілген сюжеттер, белгілер, символдар оның өмір сүретін қоғамы, әлеуметтік-экономикалық табы, әлеуметтік рөлдерімен тікелей байланысты болуы мүмкін. Яғни, автордың әлеуметтік таптың өндірістік қатынастары зерттейтін социалистік талдау идиомәдени сынның тұтас мазмұнынан көрінуі ғажап емес. Сәйкесінше авторды әлеуметтік жеке тұлға ретінде қабылдау арқылы зерттеушіге яки оқырманға автордың идиомәдениеті мен мәдени-әлеуметтік ортаның экономикалық, саяси, әлеуметтанулық жағдайы мен қырлары туралы мәлімет береді. Осылайша, зерттеуші автордың өмірін көптеген параметрлермен қарастыра отырып, оның материалдық және рухани даму кезеңдері жайлы, өзі өмір сүріп жатқан дүниенің, әлеуметтік таптың, ортаның әсерінен қалайша түрленгенін, дамығанын, құлдырағанын , қайта қалыптасқанын біледі. Сонымен, социология мен мәдениеттануда, кейіннен әдебиетке енген идиомәдениет көптеген элементтерді қамти отырып, олардың белгілі бір деңгейде автордың санасы, бейсанасына, әрісі қаламы мен сиясы төгілген шығармаларына қалайша әсер еткені, қалайша көрініс табатыны, авторлық (тұлғалық) болмыстың мәдениеттер арасында қалайша қалыптасатыны жайлы айтуға тырыстық. Қалай деген күннің өзінде де шығарма да, авторлық болмыс та адамның мінез-құлық және психикалық негізде құрылады. Сәйкесінше бұл екі ұғым да өмір бойғы уақыттың, жердің, мәдениеттің, ойдың, діннің, білімнің, отбасының, қоғамның, жыныстың, әлеуметтік таптың және басқа да көптеген факторлардың әсерінен өзгеріп, дамып яки құлдырап, өсіп яки өшіп отырады. Десе де, бұл өзгерістер (поситивті негативті) әдетте саналы түрде бола бермейді. Керісінше, санадан тыс, өмір тәжірибесінде қалыптасады. Яғни, өмірдің әр кезеңінде деректі, дерексіз іс-әрекеттердің барлық түрлері авторға, автор арқылы шығармаға әсер етіп, өз деңгейде түрленіп отырады. Осылайша, жан-жақты, ауқымы кең аталған әдеби әдісі автор мен шығарма арасындағы жаңа оазисті тауып, сол оазисте жасырынған әлемді оқырманға паш ету үшін қызмет етеді. Ал бұл қызмет өз деңгейінде шығармалардың қайта дүниеге келуіне, қайта оқылуына, қайта мағыналандырылуына едәуір дәрежеде ықпал етеді.Ендігі осы сөздеріміздің практикалық мәні ретінде бүгінге дейін қаншама әдебиет сыншылар мен зерттеушілері тарапынан талқыланған, жазылған, айтылған атақты Франц Кафканың «Құбылу» шығармасындағы Грегор Самсаның мінез-құлқы мен психикалық жүйесін анықтап, оның қалпы мен қағидалары турасында сөз қозғау үшін идиомәдени сын керек-ақ. Осы арқылы идиомәдени сын шеңберінде Грегор Самса және басқа да кейіпкерлерді басшылыққа ала отырып, Франц Кафканың өзіндік идиомәдениетінің іздерін қарастыруға мүмкіндігіміз бар. Яғни, мұндай талдауда автор өмірінің шығармаға тигізген ықпалын Грегор Самса арқылы, оның психологиялық күйі мен астарлы санасы, отбасындағы оқиғалары, бастығымен қарым-қатынасы, отбасының басқа кейіпкерлері мен ішкі монологтары арқылы байқауға болады. Мысалы, австриялық ақын, аудармашы Густав Януш Кафкамен сұхбаты кезінде автордың Самсаға ұқсайтынын тілге тиек етеді. Оның ішкі пессимизміне, шиеленісіне, ауруына, қорқақтығы мен тұйықтығына, оқшаулануға құмарлығына куә болып, мұның барлығын еш жасырмай Кафкамен әңгімелесу кітабында жариялайды. Ең қызығы бұл кітапта Кафка өзін қоғамда жоғалуды аңсаған түссіз қара сұр қарға деп сипаттайды. Бірақ шығармасында қоғамнан бір-ақ түнде жоғалған жәндік болып шығады. Янув бұл кітапта Самса атауы Кафканы білдіретін шифр екенін айтқан кезде, әйгілі автор мұны толығымен жоққа шығармайды. Ол жай ғана Самсаның толығымен Кафка не Кафка емес екенін айта алмайды. Яғни, белгілі бір деңгейде Самсада Кафканың белгілі бар екенін аңғаруға болады. Бірақ бұл белгілер Самсаны толық Кафка деп атауға жетпейтінін де ескерген жөн. Енді бұл жетпейтін жақтарды модернист романист және драматург Элиас Канеттидің Кафканың психологиясы мен көңіл-күйі туралы зерттеулерімен толықтырсақ болады. Канетти автордың Фелицияға жазған хаттарын басшылыққа ала отырып, араларындағы махаббат оқиғасына назар салады. Сонда бұл қарым-қатынас кезінде Фелицияға екі рет үйренуге ұсынып жасап, екі рет өзі бас тартқан Кафка өзінің денесін жек көретінін, өзін үнемі әлсіз жәндік сияқты сезінетінін байқауға болады. Өмірдің барлық керегінен алыстатылып қалғандай көрініп, өзінің қорқыныштары мен қауіптерден сақтану үшін күнұзақ бөлмесінде отыратынын айтады. Ал енді Кафканың «Құбылу» шығармасын дәл осы Фелициямен сөйлесіп жүргенде жазғанын ескерсек, Грегор Самсаның шығармадағы кейпі, бөлмеге қамалуы, керексіздігі барлығы барлығы Кафканың сол кездегі Фелицияға айтқан күйімен сәйкес келеді. Канетти осы сәйкестікті алға тарта отырып, Кафканың болмысын тану, кешкен күйін сезіну аталған шығарманың құпиясын аша түсетінін айтады. Кафканың өмірде өзін жат сезінгені, өзін бұл әлемге тиесілі емес секілді көргені тек қана Фелицияға жазған хаттарында емес, жақын досы Макс Бродтың естеліктерінде де айтылады. Макс Брод Кафканың бұл дүниені қабылдай алмай, өзін үнемі жайсыз сезінетінін тілге тиек етді. Бұдан құтылудың, мұны түзеудің жолы ретінде позитивті әрекеттерді, әрбір адам үшін жұмыс мүмкіндіктерін, еркіндік пен тазалық орнаған тәртіпті іздеу екенін атап өтеді. Енді осы ішкі тілектер мен қалау Кафканың «Америка» атты романында ап-айқын көрініс табады. Сонымен қатар, Брод Кафканың отбасы, кәсіп, денсаулық туралы ойларды көп елей бермейтінін, тіпті аса қатты маңыз аудармайтынын да айтады. Шынымен де, Бродтың осы пікірін басшылыққа ала отырып, Кафка шығармаларындағы әлеуметтік таптың, өмір сүретін қоғамның әлеуметтік-экономикалық хал-ахуалын көрсетуге болады.Осы секілді 1972 жылғы Нобель сыйлығының иегері, неміс жазушысы Генрих Боллдың шығармаларына идиомәдени сын тұрғысынан қарауға болады. Болл Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңін 1939-1944 жылдар аралығында соғыста болады. Дәлірек айтсақ, 1938 жылы күзде еңбекпен түзеу лагеріне, бір жылдан кейін әскерге шақырылады. Жаяу әскер ретінде шығыс және батыс майдандарға жіберіледі. 1945 жылдың сәуір айынан қыркүйек айына дейін ағылшындар мен американдықтардың қолында әскери тұтқын болады. Бірақ соғыс кезінде толықтай соғысты жек көріп, офицер болу мүмкіндігінен де өз еркімен бас тартады. Боллдың соғыс кезінде соғысқа қарсылығы оның «Ол ештеңе демеді» шығармасында айқын көрініс табады. Аталған шығармадағы бас кейіпкер Фредтің басынан кешкен оқиғаларында автордың өмірі, жеке басы, өзі өмір сүріп жатқан қоғам мен әлеуметтік тап, әлеуметтік-экономикалық жағдай, психологиясы мен бейсаналылығы, тенденциялары, қабілеттерінің барлығы бейнеленеді. Мысалы, Фредтің соғысты ұнатпайтындығы, тіпті оның соғыстан кейінгі өмірінде табысының аз, мәртебесі төмен болуы автордың өмірімен сәйкес келеді. Бұл аз десеңіз, Болл соғыстан кейінгі жылдарда қаражаттан қысылып, отбасылық себептермен үлкен қарыз алғанын оның биографиясын жазушылардан оқуға болады. Ең қызығы, шығармадағы Фред те авторы секілді отбасылық себептері үшін досынан қомақты сомада қарызға ақша алады. Осылайша, кейіпкерінің қарыз алуы автордың өміріне, психологиясына қаншалықты із қалдырғанын аңғаруға болады. Мұнымен қоса, «Ол ештеңе демеді» шығармасындағы кейіпкер шіркеуде қызмет істейді, бірақ ешқашан құлшылық үшін католик шіркеуіне ат басын бұрып көрмегені де назар аударарлық деталь. Себебі автордың өзі де өмірінің алғашқы кезеңдерінде діндар католик болғанымен, соғыстан кейінгі жылдарда сеніміне селкеу түсіп католик шіркеуіне қарсы қатаң сындар айтумен болады. Міне, осылайша, жазушының идиомәдениетін, яғни өзіне тән мәдениет пен болмысты оның шығармаларынан айқын және нақты көруге болады.
Көріп отырғанымыздай, кішкентай ғана мысалдардың өзінен қарапайым оқырманға бейтаныс яки көбіне елене бермейтін автор өмірінің кейбір детальдары шығармаларына, шығармаларындағы кейіпкерлерге, оқиғаларға тікелей әсер ететінін аңғаруға болады. Осы арқылы кейбір кейіпкерлердің күтпеген жерден қабылдаған шешімдері, айтқан сөздері, қараған көзқарастары, яғни кез-келген әрекет автордың идиомәдениетіндегі әсерлердің нәтижесі болуы бек мүмкін. Идиомәдени сын арқылы шығарманың осы бір құпияларын анықтауға, түсінуге, әрісі қайта оқуға, автордың идиомәдениет іздерін көруге, анықтауға, автор мен шығарманы жақынырақ тануға жетелейтіні сөзсіз. Сонымен идиомәдени іздер басқа да көптеген жазушылардың шығармаларында кездесетінін аңғарып отырған болуымыз мүмкін. Тіпті әр авторға өмір сүру динамикасы мен көзқарастарына сәйкес индивидуалды әртүрлі әдістер қолданып, шығарма мен авторды тұтастай зерттеуге және бағалауға болады. Осылайша, идиомәдени сын әдісі автордың, кейіпкердің, әрісі шығарманың мінез-құлқын, психикалық, синхронды және диахронды сипаттамаларын, олардың өзара байланыстарын анықтауға, ерекшелеуге едәуір дәрежеде септіігін тигізеді. Қорыта айтқанда, әдебиеттану ғылымы мен салыстырмалы әдебиеттану саласында кеңінен қолданыла бастаған идиомәдени сын әдісі бір уақытта бірнеше түсінік пен мақсатты көздеген зерттеулерде қатар қолдануға болады. Себебі белгілі бір жүйеге бағынбайтын, бірізділендірілмеген адамның өмірі, психикасы, интеллектуалдық және мінез-құлық қатынасы, өткен пен кеткені, әлеуметтік ортасы, генетикасы, жынысы барлығы осы бір идиомәдениетте көрініс табады. Осылайша, шығарма жасаушы авторды адам ретінде көріп, оны мәдениеттің, әлеуметтік-экономикалық өндірістік таптың бір бөлігі ретінде қабылдап, оның бейсанасына, психологиясына, өмірбаянына, болмысына назар аудара отырып, шығармашыларында сөздер мен сөйлемдердің, оқиғалар мен детальдардың, кейіпкерлер мен пейзаждардың пайымын анықтауға, аңғаруға болады. Яғни, жаһандану заманында бір-бірінен ешқандай ерекшелігі жоқ шығармалар мен автордың арасында бірізділендірілген талдаулар мен оқуларды бір шетке ысыра отырып, олардың жоғарыдағы ерекше ерекшеліктері арқылы талдауға мүмкіндік бар. Себебі адамның өмірі (ол шығарма жасаушы яки шығарма кейіпкерлі болсын) ешқашан қайталанбайтын, ерекше, өзгерше дүние. Ал әрбір авторды өз ерекшелеріктері сай талдау оның әлемін, шығармаларын одан әрмен жақын тануға, түсінуге жол ашады.
Бөлісу: