«Жағдаяттық қазақ тілі» енді ағылшын тілінде

Бөлісу:

19.09.2024 990

Кеше ҚР ұлттық академиялық кітапханасында қазақ тілін үйретудің өз әдістемесін ұсынып жүрген тіл жанашыры Қанат Тасыбековтің ағылшын тіліндегі «Kazakh Language in Context: Unveiling the Essence of Kazakhs» яғни «Жағдаяттық қазақ тілі» атты кітабының тұсаукесері өтті. 

Осыған дейін қазақ халқының әдет-ғұрпы, тілі мен мәдениеті, күнделікті тұрмыста кеңінен қолданылатын тұрақты сөз тіркестерін орыс тілінде баяндайтын «Ситуативный казахский» кітабы жарық көрген болатын. Ол кітап тек Қазақстанда ғана емес, шетелдегі орыс тілді ортаның қазақ тілін үйренуге пайдаланатын таптырмас құралға айналған еді. Енді сол әдістемені дамыта түскен автор қазақтың тілі мен мәдениетіне қызығатын шетелдіктерге арналған ағылшын тілді оқу құралын ұсынып отыр. 

Автор бұл еңбегінің қазақ тілін грамматикалық жағынан оқытуды қарастырмағанын, ересек адамдардың, орта буын өкілдерінің күнделікті тіл үйренуіне ыңғайланған кітап екенін атап өтті.

Автордың бұл еңбегі еркін де, кең қолданыстағы күнделікті сөздерді, туыстық атауларды, адам есімдерін, бата беруді, мақал-мәтелдердің қай кезде қалай қолданылатынын, қандай мағына беретінін тәптіштеп отырып орысша, ағылшынша түсіндіріп береді.   

Қазақ тілін үйретудің грамматикалық тұрғыдан өзіндік жаңаша тәсілін ұсынып жүрген тіл жанашыры, мемлекеттік тілді орысша ортаға насихаттап, үйретуші Владислав Тен де әріптесі Қанат Тасыбековке жаңа кітаптың тұсауы кесіліп жатқан іс-шараға құтты болсын айта келіпті. Ол тілін үйретуде әртүрлі пікірлердің, оқытудың әдіс-тәсілдердің көп болғанын, қазақ тілін жан-жақты үйретудің маңызы зор екенін айтты. Владислав Тен алдағы кезеңде Қанат Тасыбековпен бірлесе отырып, екі түрлі әдістемені қосып, бір үлкен кітап шығарғалы жатқанын сүйіншілей жеткізді.

Бірі грамматикалық тұрғыдан, бірі тұрмыстық салт-дәстүр жағынан қазақ тілін насихаттап, өзге тілді азаматтардың қазақша тіл сындыруына барынша жәрдемші болып жүрген қос азаматтың еңбегіне көптен куә болып келеміз.

«Менің атым Калын Гуард. Мен Қазақстандағы АҚШ Елшілігінің мәдениет және білім беру жөніндегі жауапты маманымын. Қазақ тілін оқимын, бірақ қазақшадан гөрі ағылшынша жақсырақ сөйлеймін. Сіздерге рақмет! Қанат Тасыбеков сізге де рақмет!» - деп таза қазақ тілінде өз лебізін білдірген АҚШ елшілігінің өкілі Калын Гуард ары қарай ағылшын тілінде, қазақ елінің бай дәстүрі мен тарихына, әдебиеті мен мәдениетіне өте қызығатынын жеткізді. Қазақ елі, қазақтар туралы, оның әдебиетімен ағылшын және орыс тілінде емес, таза қазақ тілінде танысу маңызды екенін, АҚШ Елшілігі Алматыдағы Нәрікбаев университетімен әріптестік қарым-қатынасты дамыта отырып, АҚШ-тағы Миддлбери колледжі базасында қазақ тілі курсын ашқалы жатқанын айтты. 

ҚР Парламент Мәжілісі VII шақырылымының депутаты Юрий Ли де Қанат Тасыбековке өз рақметін жеткізе отырып, «Ситуативный казахский» кітабы өзінің тіл сындыруына өте көп көмектескенін, соңғы жылдар қазақ тілінде қызығушылықтың артуына байланысты, өзінің де осы жолда тоқтап қалмайтынын,  сауатты сөйлеу дағдысын жалғасты дамыта беретінін қазақ тілінде айтып шықты.

Ұлттық құндылықтарды дәріптеуші, қазақ тілінің насихатшысы, «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігін  құрушысы Тұрар Саттарқызы да тіл үшін ерікті жұмыс жасаған әрбір азаматты қолдайтынын, өзінің де тіл мәселесінің бір шетіне шығып, қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да тіл үшін жасайтын насихаты мен күресін тоқтатпайтынын, тіл үйретудің түрлі-түрлі жолын қалайда болсын тауып, қазақ тілінің мәртебесі мен қолданысын  арттыру керек екенін баса айтты. 

АҚШ елшілігінің мәдениет және білім беру жөніндегі жауаптысы Калын Гуард пен Ресейден келіп екі жылда қазақ тілін жеттік меңгеріп алған Николай Маевский кітаптың тұсауын кесуде. 

Автор өзінің «Жағдаяттық қазақ тілі» атты орыс және ағылшын тіліндегі кітаптарын ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы қызметкеріне табыс етіп, бұл кітаптарды кітапханадағы электронды каталог қорына қосуға рұқсат беріп тұрған сәті.

Бөлісу:

Көп оқылғандар