«DEM-нің» «Түндегі» демі

Бөлісу:

24.09.2024 425

Астанаға тараздық «DEM» жеке театры келді. Актерлері кілең жастар. Елордаға өнер сапарларында анау-мынау емес, Оралхан Бөкейдің «Қасқыр ұлыған түнде» әңгімесінің желісімен дайындалған «Түн» деп аталатын қойылымдарын ала келіпті. 

“Жастар” театры. Алдымен көргеніміз – көрермен әдеттегі орны залда емес, сахнаның қақ алдына, актерлерге қол созым жерде отырды. Және қараңғы атмосферада орындық үстінде шырпы жатқанын көрдік. Өздері абсурд жанрында деп анықтауыш берген дүниені несімен абсурд екен деп ойлап келгеніміз рас еді, ал біткен кезде әркім өзінше ой арқалап шыққаны анық. 

Спектакль режиссері Ерасыл Битанов айтқандай, басты кейіпкері журналистің өзі немесе Арай деп айта алмайтын яғни басты кейіпкерсіз қойылым екен. Сосын автор Оралхан Бөкей бұны өткен ғасырдың жетпісінші жылдары жазса да, содан бері тек  ауылдың күйі ғана емес, жалпы қоғамның өзі соншалықты өзгеріп кете қоймағанына көзің жете түседі. Әрине, жетіңкіремей қалған тұстары болды, дегенмен, жастардың тырнақалды дүниесінен жарқыраған тұсын байқауға тырыстық. 

Авторды түсіне алдық деп ойлаймын

Қойылым режиссері Ерасыл Битанов:

- Оралхан Бөкейдің «Қасқыр ұлыған түнде» деген әңгімесінің желісімен қойылған «Түн» спектаклінің режиссері ретінде спектакль жайлы, автордың шығармадағы айтқысы келген ойын ашып айта алдық деп ойлаймын. Өрімдей қыздың көзбояушылық пен бюрократия дендеген қоғамның құрбаны бола тұрып, ештеңе өзгерте алмауы – шынымен трагедия. 

Дайындыққа бір ай уақыт кетті. Әртістердің тыңғылықты жұмыс істегенінің арқасында жақсы дүние болды деп ойлаймын. Астана халқы жақсы қабылдады. Өз ойымдағыдай шықты.

 

Меценаттың арқасында елордаға келді

Жеке театр дедік, жеке театр мен жеке дүкен дегеннің айырмасы жер мен көктей екені айтпаса да белгілі. Мәдениеті дамыған елде жеке театрлар өздерін асырай алады, ал бізде жеке театрлар (бұның әзіл-сықақ театрына қатысы жоқ) көбіне-көп қаржылық қолдаушылары, өнер жанашырларының күшімен ғана өмір сүреді, өйткені, бір жақтан құйылып жатқан қаржысы жоқ. Оның үстіне біздің елде талантты жастарға, жеке өнер ұжымдарына қолдау, демеушілік көрсету жағы қиындау. Ал осы «DEM» жеке театры елордаға жеке кәсіпкердің қаржылай қолдауының арқасында келгенін естіп риза болдық. Бұны айтпауға болмайды. Бізде ақшалы адамдар көп, бірақ, өнерге келгенде жомарттық танытатындары өте аз, өйткені бұл өзін ақтамайтын болымсыз тірлік деп есептейді. «Рысбаева и Ко» компаниясының және «А-STATUS» жекеменшік білім кешенінің құрылтайшысы, белгілі кәсіпкер, Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы Сәуле Мақшанқызы Рысбаева өнердің жас отауына жанашырлық танытып, талапты жастар қанаттансын деп әжептәуір қаржы бөліп  демеушілік танытыпты. Қойылым соңында Сәуле Мақшанқызы көрермен алдына шығып сөйледі, сол кезде: «Бұл талантты балалар талай рет ірі кәсіпкерлердің алдына барды, қайта-қайта жігері жасып келе бергесін «мен демеуші іздеймін, 1 миллион теңгені өзім беремін, сендер тоқтамаңдар, сағың сынып, жігерің жасымасын», деп жастарды қайрап, бұл бастаманы тастамаңдар деген едім» деп шын тілеулестігін білдірді. Байқауымызша, кәсіпкерге қойылымның ауыл мәселесін көтергені ерекше әсер еткен. 

 

Автобусты өмір деп алдық

Біз осы қойылымның продюссері Ардақ Үсейінді әңгімеге тарттық. Себебі, осы театрды ұйымдастыру ісі, демеуші іздеуден бастап, жалпы қойылымның бас-аяғына дейін жаны ауырып, қойылымның режиссерлік шешіміне дейін тұтас өн бойынан  өткізген адам екенін бірден аңғардық. Көзі қарақты оқырман Ардақ Үсейіннің өзі проза жазатынын, әдеби танымы, жалпы көркем дүниеге деген талғамы қалыптасқан адам екенін біледі. 

- Ардақ, актерлері көрерменмен тікелей байланысқа түсетін, сахна мен зал арасындағы арақашықтықты алып тастап, керісінше кіріктіруге тырысқан ерекшелеу қойылым болып шығыпты. Және бастапқыда актерлер рөл ойнап емес, жай өздері әшейін жүрген сияқты көрінді. Бұл жерде режиссер ғана емес, сіздің де көзқарасыңыз көрінеді, солай ма?

- Жалпы мен өзім актерлердің бірыңғай пафосқа салып ойнауын ұнатпаймын, әсіре ойнатып тұруын қабылдамаймын, неғұрлым қарапайым, өмірге жақын болса деймін, бұл жерде Болат Атабаевтың актер ойыны туралы көзқарасымен келісемін, жігіттерге сол ойларыңда жүрсін дегем. Байқасаңыздар, спектакль тұтастай символикаға құрылған, детальдар жалпы ойды береді.

- Декорация жұпынылау көрінгенімен, әрқайсысы мағына үстейді, десе де автобус жай автобус емес...

- Оралхан Бөкей әңгімесінде автобус - сол бір облыстың ахуалы, қоғам деп алып отырса, шопырдың өзі сол қоғамның тізгінін қолына ұстаған адам деп береді ғой, шағын ауылға бұрылмай өтіп кетіп жатқан сол шығыстағы шағын ауданның басшысы, автор соны алып тұрған соң, біз автобусты өмір деп алдық, адамның бәрі бұл өмірде жолаушы, келеді, кетеді, сол жолда жүріп, жол жүгін толтырғысы келеді, толтырмаққа жанталасады, бірақ соңына жеткенде ешнәрсені өзімен алып кете алмайды...

- Ия, жолаушылардың көтергені баяғы ескі чемодандар, одан бөлек төбеде де ашылған, ашылмаған чемодандар... Чемоданға қатысты қимыл-әрекет көбірек болған сияқты. Көрермен одан астар ұғып отыра ала ма?

- Мұндағы Волков өзінің мансап толы чемоданын алып қойған,  бірақ әлі алғысы келеді. Басында Волков пен екеудің мансапқа таласатын этюдтік би сахнасы бар ғой, жабық чемоданды алғысы келіп, бір-біріне өз кейстерін лақтырып жанталасады, бұл жерде чемодан атақ-мансап тұспалында. Яғни төбедегі чемодандар – бұл мансап, ашылған чемодандар – сол мансапқа жетіп қойғандардікі, жабық чемодандар –  әлі жұмбақ, Бірақ қанша жанталасса да ертең Волковтың осы жеткен мансап, жиған жол жүгі бәрі қалады, атақ пен мансап соны қуған адамның өзіне де бұйырмай, ақыры молаға айналып жердің бетінде қалады. Ашылған чемодандар жерге түскенде қабірге айналып пенденің артында қалады деген ой.

- Ал Арай қайтыс болғанда неге бетін чемоданмен жапты?

- Тіршілікте мансапқа, атаққа, байлыққа таласқанмен, сапарың аяқталғанда оның бәрі жолда қалады, мұны соңында Арайды сол жабық чемоданды ашып, лақатқа салу арқылы бермек болды. 

- Көрермен ретінде бір пікір болсын, қойылым басында актерлер бастамай жүріп алды ғой, дүңк-дүңк еткен дөрекі режиссер арқылы бюрократияны көрсеткісі келді ме?

- Басы режиссердің «задумкасы», атын ұмытып тұрмын, Қазақстанда бір режиссер бар, қойылымды актерлерін сахнада киіндіріп бастап кететін, режиссер мұнда атмосфераны беру үшін осылай бір сахна қосамын деді.

- Философиялық мән үстеуге тырысқандарыңыз көрінеді. Неге осы дүниені таңдадыңыздар?

- Мен де үңілген сайын мән бермеген тұстарын енді түсініп жатырмын, Арайды қасқыр жеп кетеді, ал новостройканы салған бастықты Оралхан Волков деп алған. Арай деген жиынтық образ болып тұр ғой, сол жылдардағы қыстақтардың тұрғындары. Біз кеңестік кезеңдегі жазушыларды сол кездің шындығын жазбады деп кінәлаймыз, ал мынау сол жетпісінші жылдардың өзінде қанын сорғалатып тұрып жазылған шығарма, сол кезеңді ашып көрсеткен. Әйтпесе шығыста қасқыр жеп кеткен қыз аз ба немесе адам аз ба, сол кездегі новостройка секілді село саламыз деп, сол бүкіл шығысты қыстай боранмен алысып жүріп баққан малымен асырап отырған шағын қыстақтар ұмыт қалып, Арайлар өліп кетіп жатты дегенді айтпақ болған екен ғой. 

- Көрермен орынға жайғасқан кезде орындықта шырпы жатты. Бұл неге қажет болды?

- Кейіпкер қараңғы сахнада шалынысып келе жатқанда көрермен орындықтағы шырпыны жағып көмектессек пе екен деп ойлайды, ол сондай ой салып, көрерменді спектакльге дайындап алу, яғни қойылымның атмосферасына енгізу үшін алған.

- Бірақ көрерменнің арасында шырпыны қолына алған, жаққан адамды байқамадық, есесіне актерлер шырпыны көп қолданды, оны көрдік.

- Режиссер шырпыны жағып ортаға шығып, залға жарық берген соң сол шырпыны  Нұрланға береді, Нұрлан ол шырпымен чемоданының жыртығын жапсырады, одан Арайға береді, Арай қасқырдан қорғанып сол шырпыны жағады, ол алақанында қалады, соны Нұрлан қайтадан алады да, режиссерге береді. Ондағы ой: «Арайдың енді шырағы сөнді, көрермен, осы шырпыны ала кетіңіздер, шырақтарыңызды сөндіріп алудан абай болыңыздар» деген ой. Басындағы ой тамызық, соңында шешім арқылы анау басындағы сахнадағы ойды түйіндеу.

 

- Жалпы жаңадан ашылған театрдың қиындықтары көп болады ғой...

- Көктемде  труппа жинадық, Нұрланды ойнаған Жәнібек деген актер Алматыдан келді, мамырдан бері осы идея үшін жүр, кино саласында актер. Мамыр, маусым екі ай жалдамалы актерлер шақырып, жұмыс істедік, маусымда премьера береміз деп жоспарланғанбыз, ол труппаның ынтасы болмады, кемі 2-3 жыл тәжірибесі болса да, қосымша табыс көзі деп қана немқұрайлы қарады, содан бір күнде ол құрамды таратып, осы құрамды жинадық.

- Өздеріңіз бұған дейін ешқандай  тәжірибеден өтіп көрген жоқ па едіңіздер?

- Дарын Даумов, Ерасыл Битанов деген інілеріммен үш жылдан бері төрт жұмыс шығарып көргенбіз, екі мюзкл, Несіпбек Дәутайұлының «Айғыркісі» әңгімесінен «Қаратөбел» вербатимін режиссері Дарын Даумов қойды, былтыр кітабымыздың тұсаукесерінде Ерасыл Битанов шағын моноспектакль қойды, олар негізгі сүйектісі деуге болады, Жәнібек Ермұхамед деген Нұрланды ойнаған актер былтырдан бері осы идеяны қолдап жүр, Бауыржан Қалмамыр деген актеріміз бар, осы идеяны қолдап келген, музыкада отырды.

- Кеше жас актерлерді таныстырмады, кілең жастар екен, актерлік мамандықтары бар ма? 

- Барлығы актерлікті бітірген, Елдос Ақылов алты жыл Түркістан облысында Жетісай театрында актер, завтруппа болып істеген, Дарын Даумов театрдың негізгі барлық жұмысты үйлестірушісі сол, басқарушы, Ерасыл Битанов - режиссер, Тұмарбек Айгерім, Бетжанова Əлима атты екі қыздың дебьюті үлкен сахнадағы, Жәнібек киноға түсіп жүргенімен театрдағы дебьюті, аузы скотчпен жабылған екінші Ерасыл Елеубай Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің актерлік шеберлік мамандығы бойынша 3 курс студенті, үш жылдан бері мен үшін тәжірибе деп біздің труппаның барлық жұмысында массовкада ойнап келеді.

- Меценат қаржылай қолдады деп жатырсыздар, бұл соншама көп қаражат па?

- Сәуле Рысбаева басынан-аяғына дейін жігіттерді қолдап, қиындықтар кездесіп жатқанда «сынбаңдар, алға» деп демеп отырды, дайындыққа залын да беріп, барлық қолдауды жасады. Жалпы 4 млн-нан аса қаржы кетті. Оның ішінде Астана театры залының арендасы, труппаның бару-келу жол шығыны, декорация, киім және труппаға гонорар бар.

- Жас актерлер еңбегіне гонорар төленетіні жақсы екен.

- Гонорар анау айтқандай көп бере алмадық, бір айға есеп-қисап алғанбыз, бірақ кедергілерден жұмыс бірнеше айға созылып кетті. Режиссер жұмысынан шығып кетті, Жәнібек мамыр айынан бері жұмысын тастап келді, осындай-осындай тәуекелдер де болды, жігіттер соның бәріне шыдады, соңына дейін шықты. Бұл жерде бәрі де режиссердің, жалпы идея соңында жүрген балалардың, спектакльге қатысты бүкіл іс труппаның еңбегі. Демеушімен келісу, дайындыққа зал табу, келісім, билет деген секілді мәселелерге ғана қатысым бар.

- Әңгімеңізге рахмет. Өнер жарқырай берсін! 

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар