Мемлекетшілдіктің мызғымас мерекесі...

Бөлісу:

24.10.2024 529

Мемлекет болған соң оның құрылған, азаттық алған өзіндік даталы күндері болады. Бір мемлекетті елі, отаны санайтын азаматтардың көңіліне қуаныш сыйлап, патриоттық сезіміне қозғау салып, көкірегіне елдік, егемендік мақтаныш құятын мемлекеттік мерекенің маңызы бөлек. Қазақ ұлтының сан ғасырлық тарих сахнасынан өшкен оты лап етіп жанған күні – осы аталғалы отырған жиырма бесінші қазан республика күні еді. Қазақ халқы – осы топырақта мың жылдықтарды артқа тастап, сан қилы тағдырдың қыспағына түссе де, ұрпақтан-ұрпақ жалғап осы күнге аман-есен жетіп отыр.

Мың тоғыз жүз тоқсаныншы жылғы Қазақ КСР Жоғары Кеңесіндегі «Егемендік декларациясының» мақұлдануы, қазақтың мемлекет ретінде дүние тарихы мен уақыт ізін қайтадан таңбалау сынды тарихи сәттің жаңа парағын ашқан еді. «Егемендік декларациясы» бұл қазақ мемлекетінің ірге тасының мызғымастай орнығуына негіз болғанын, оның сол кездегі тарихи жағдайға қармастан қандай қиындық пен тәуекелдің күшімен Кеңесте қабылданғанын, бұрынғы сенатор, қоғам қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммед өзінің «Академик Зиманов және егемендік декларациясы» атты 2022 жылы жарық көрген «Егемен Қазақстан» газетіндегі мақалада былай деп ашық баяндайды. 

«Жоғарғы Кеңестің декларацияны талқылауға арналған сарғайған стенографиясын мұқият қарап отырып, бір нәрсеге таңғалдым: әлі тәуелсіздігін жариялап үлгермеген, төл Конституциясын қабылдамаған, тек бабалары ғасырлар бойы аңсаған егемендікке енді ғана ұмтылған қазақтардың ізгі тілектеріне басым көпшілігі осы елде туған, топырағын басқан, дәм-тұзын татқан, тіпті күнделікті дос-жар ретінде араласқан «өзге» халық өкілдері өршелене қарсы болды. Біз тамыр, ағайын, дос ретінде қаншалықты бауырымызға тартсақ та, олар өздерін декларацияда көрсетілгендей, «Қазақстан халқы» деп ешқашан есептемеген екен. Бұл сол баяғы империяшыл өктемдіктен туған, өзді-өзін әрдайым жергілікті халықтан жоғары ұстайтын кесапат кесірлік, дандайсыған менмендіктің көрінісі еді. Өкінішке қарай, мұндай астамшыл аужарлықтың әлі күнге дейін жалғасып келе жатқандығы жасырын емес»,- деп таң қала, ашына жазады. 

Ұлттың ұлт ретінде құндылығының кепілі – ұлттық мемлекетінің болуы, болмаса құндылықтарға толерантты қарай алатын әділетті елде өмір сүру. Қазақтың жүріп өткен жоғалтқан ғасырларына қарасаңыз ұлттық құндылық түгілі, Отан үшін отқа түсу сынды ұғымының өзі парадокске айналған шақ көп болды. Үнемі біреудің қалауы мен қарамағында қан жұтып жүріп күн кешкен, қорланған, тапталған, жоққа баланып қанша ғасыры өтті.

Соңғы жиырмасыншы ғасыр әлемдік картаның күрт өзгеріп, империялардың ыдырап, державалардың әлсіреп бөлшектенген ғасыры болса, сол бөлшектенудің ішінде ғасырлар бойы өз тәуелсіздігіне ұмтылған қазақ халқының да асыл мұраты орындалған еді. Мың жылдықтар айырығында өзінің атына мініп, керуенін тартқан қазақ көші өз ұлтының атымен жаңа мың жылдықтың қақпасынан кіріп келді. Елдік алдық, егемендік құрды. Бұл бір делік.

Екіншіден «Республика күннің» маңызы туралы неге сонша жіңішкелікпен қарастыра бастадық. Ел президент Қ. Тоқаевтің 2022 жылғы Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдағы сөзінен бұрын да, осы «Республика күні» мен «Тәуелсіздік күніне» байланысты ел ішінде екі-үш түрлі пікір үнемі дауға ұласып жүрді. Он алтыншы желтоқсан тәуелсіздік жариялаған күн есебінде қарастырсақ та, ол күннің ерекше бір тойланбай тасада қалып жататыны бар еді. Оның да бірнеше себебі бар еді. Біріншіден, «Тәуелсіздік күні» мерекесі жылдың аяғы, келе жатқан жаңа жылдың алдында болғандықтан, бұл мереке жаңа жыл мерекесін тойлауға кесе көлденең болып тұрған дата секілді қабылдайтындар әлі де көп. Себебі, кеңестік кезеңнен қалыптасқан жаңа жылды асыра тойлаудың қанға өтіп кеткен әдеті, азат елдің санасына Тәуелсіздік ұғымымен қатар жүретін «Тәуелсіздік мерекесі» сынды құндылықты қондыруға өз кедергісін жасады.

Екінші себеп, желтоқсан айы қазақ даласының қаһарына мінген аязды күндері басталатындықтан, мерекелік тойдың сәнін кетер еді. Қарапайым халықтың мерекені тойлауға көшеге шықпақ түгіл, ол кездерде жүріп-тұруының өзі суықта біраз қиындық туғызады. Кей жылдары тіпті қар түсіп жатса, кей жылдары бұрқасын соғып, әншілердің аязға қарлыққан даусы мен боран жұтқан музыка үндерін «тамашалап» тарқасатын кездер көп болатын. Үшіншіден, жұмбағы шешілмеген, не мойындалмаған, не тыңғылықты бағасы берілмеген 1986 жылғы он алтыншы желтоқсанда орын алған «Желтоқсан оқиғасы» деп аталатын, алаштықтардан кейінгі қазақтың мінезін көрсеткен, сол мінезінен қаншама өрімдей жасы мерт болған қанды датаның ызғары есетін күн еді. Ол аздай екі 2011 жылғы «Жаңаөзен» оқиғасы дәл осы он алтыншы желтоқсан күніне тура келетінін ұмытпаңыз. Сол үшін де желтоқсан айын мемлекет ретінде қазақтың теңдігі, әділеті үшін мерт болған боздақтарын еске алатын, рухтарына тағзым ететін ай деп, он алтыншы желтоқсанды қаралы күн есебінде еске алу күні деп бекітсе  еш артық болмас еді.

«Егемендік декларациясы» шындығында қазақ мемлекеттігінің алтын кілті- тұғын. Мейлі мемлекет кеңестік шинелдің астынан шықсын, мейлі мемлекеттік құрылыс социалистік жүйенің негізінде түзілсе де, бұл ел біз бас тарта алмайтындай, бұлтартпас бөгенайымен қазақтың өз елі екендігін мың тағдырымен дәлелдеп болған.  Мейлі алғашқы жылдары мемлекет қайраткерлер мен саяси тұлғалар қазақ егемендігіне күмәндана қараса да, қазіргі, отыз жыл өткеннен кейінгі әр қазақтың таңдайында тәуелсіздіктің дәмі ұйыған, жеке мемлекет екендігіне күмәнсіз қарай алатын сана биігіне жеткен кезеңге жетіп отырмыз.

Осыдан отыз жыл бұрын Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінде «Егемендік декларациясын» талқылауға қатысқан 360 депутаттың 71-інің қарсы дауыс беруі деген сөз, қазақ егемендігіне қарсы дауыс екенін бүгінгі тәуелсіздігіміз дәлелдеп отыр. Араға он үш жыл салып, мемлекеттік маңызы бар, басты мерекеге айналып жатқан «Республика күні» халқымыздың бірлігіне, мемлекетшілдігіміздің мызғымас көк туы болып  көкірегімізде мәңгі желбіреп тұра берері анық.

Бөлісу:

Көп оқылғандар