"Танакөз" театрда

Бөлісу:

29.10.2024 1442

Өткен жиырма бесінші, жиырма алтыншы қазанда, Республика күні қарсаңында Астана қаласындағы Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Шахановтың «Танакөз» драмасы қойылды. Өткен ғасырда хатқа түскен «Танакөз» поэмасының сахнаға бейімделген нұсқасын көрермендер екі күн қатарынан тамашалады.

Қойылым басталар алдында асқақ рухты ақын Мұхтар Шаханов пен жас режиссер Әли Бидахмет қатысқан шағын баспасөз конференциясы өтіп, поэма не үшін театрға бейімделіп, қайта жаңғырып жатқаны туралы баяндама жасалды.

«Өзімнің «бұзау» кезімде жазған шығармам еді», - деп әр сөзін әзіл-қалжыңмен бастайтын М. Шаханов, «Танакөз» поэмасының жазылу тарихы туралы сұраған көпшілікке сол әзілкеш қалпынан танбай жауап берді. 

Жиырмасыншы ғасыр қазақ әдебиеті махаббат лирикасына толы ғасыр болды. Бұл тақырыпқа сол заман ақындары мен жазушылары цензура болмағандықтан да көп барған секілді. Және де ол заманда құндылықтар қазіргіден басқаша бағаланып, махаббат пен сезім басқаша жырланғанын көркем еңбектерді оқып отырып ой түйесіз. Өз дәуірінің сондай өзгеше махаббат хикаясынан сыр шертетін «Танакөз» поэмасы, Мұхтар Шаханов қаламынан туындаған ғажайып лирикалық дүние екеніне көз жұма алмаймыз . 

Жалпы шығарма жастай жетім қалған қос мұңлық, яғни:

Біздің қатал тағдырымыз қалай шебер тоғысқан,

Екеуміздің әкеміз де оралмады соғыстан.

Бір-бірінен жан аяспас дос болыпты олар да.

Дос болыпты. Біздің достық содан өнген болар ма? - 

дейтін екі әкеден ұласқан достық, Мұрат пен «Мен» арасында жалғасын тауып, бөлінбестей болып егіз қозыдай тел өседі. Осы егіз қозының ортасында көздері тананың көзіндей болған Танакөз атты қыз бойжетеді. Әңгіме осы үш кейіпкер ортасында өрбиді. Үшеуі кішкентайынан бірге жүреді, бірге ойнайды, бірге оқиды. Кейін, мектеп бітіріп, ересек өмірге аяқ басқан екі достың Танакөзде көңілдері болса да, оны бір-бірінен жасырады. Ал, «Меннің» Танакөзді ұнататынын алғаш сезген Мұрат досы өзі сүймесе де ауылдың бір қызына үйленіп кете барады. Ал, Мұраттың бұл шешімі «Мені» мен Танакөздің тағдырын қоса аламайды. Үшеуін бақытты да ете алмайды. Кейін талаптанып оқуға кеткен бас кейіпкер ауылда қалған Мұрат досының трактордың астында қалып, екі аяғынан айырылып, әйелі тастап кеткенін, сол қайғыны көтере алмаған анасы қайтыс болып, қарайтын адам болмай мүгедектер үйіне жіберілгелі жатқанын естиді. Жан досы Мұраттың өзі жоқта ұшыраған трагедиясына қарап отыра алмай, Алматыдан аудандық ауруханаға ұшады. Келсе, досын туған ауылына алып кеткен болып шығады. 

Шығарманың шарықтау шегі осы жерден өз түйінін шешеді. Асылында Мұрат пен Танакөз бір-бірін ұнатқан жандар болып шығады, бірақ, достығын бәрінен биік қоя алатын Мұрат Танакөзге деген сезімін тұншықтырып, бас кейіпкер «Менге» мәрттікпен жолын береді. Сезім үшін достығын үзбейді, сезім үшін өзімшілдікке салынбайды. Сұлу да сүйген қызынан өз еркімен бас тартады. Ақыры тағдыр Танакөз бен Мұратты өз сынағына салып отырып, екі аяғынан айырылғанда қайта қосады. Екі ғашықтың бір-біріне деген сезімі барын, бір-бірін шын сүйетінін досының үйіне келіп, терезеден Мұрат пен Танакөздің қуанышты жүздерін көрген шақта өзімшіл бас кейіпкер сонда ғана түсінеді. Шығарма осылай тәмамдалады.

Әли Бидахмет, «Танакөз» қойылымының режиссері

«Бұл «Танакөз» поэмасы әдебиет сүйер, әсіресе өлең сүйер қауымға аты мәлім шығарма. Өз басым бұл еңбекті мектеп қабырғасында жүріп оқыған едім. Алғаш оқығаннан көңілдің түкпіріне ұялаған бұл шығарманы, кейін театрға лайықтап қойылым етіп қоятынымды білдім бе екен? Мұхтар ағаның бұл шығармадағы көтерген тақырыбы – адал достық пен шын махаббат. Қазіргі біздің қоғамға, мына заманға мұндай тақырыптар өте керекті дүние деп ойлаймын. Өйткені қазір достықты сақтамайтын, махаббатты қадірлемейтін, тіпті отбасында береке мен сыйластықты құндылық ретінде бағаламай, оны қалай болса солай бұзып, тіпті аяққа таптап жататынына талай куә болып отырмыз. Бізде осының барлығына бір кереғар көзқарас, оңды жауап болсын деген ниетте осы қойылымды бастадық. Бұл театрды көрген халық өздеріне басқаша бір түсінік қалыптастырып, жақсы бір ойға жетелесін деген оймен сахналадық. Бұл қойылымда ешқандай жағымсыз кейіпкер жоқ. Барлығы жақсы адамдар болады. Барлығы бір-бірін құрметтеп, шын сүйетін адамдар. Былайша айтқанда адам ретінде біреуге агрессиясы жоқ адамдар.

Поэманы сахнаға бейімдегенде поэзиялық ішкі иірімін сақтап қалдық та, негізгі мәтінді қара сөзбен бердік. Өйткені өлеңді оқу бір бөлек де, оны ойнату бір бөлек. Бұл шығарма сондай бір ұзақ лиро эпостық жыр емес. Бұл жерде поэманың өзіндік, өзгеше поэтикалық мақамы бар. Соған байланысты біз поэзия тілін театр тілі етіп өзгерттік. Оны автордың өзіне де айтып, актерлердің сөйлейтін кей диалогін реттеуге ағамыздың көмегіне жүгіне отырып, көпшілікке ұсынып отырмыз», - деді. 

Бөлісу:

Көп оқылғандар