Сіз неге үнсізсіз?!
Бөлісу:
Бірде жазушы, сыншы, күйтанушы Таласбек Әсемқұловтың мақалаларын оқып отырып, «Үнсіздік қоршауы және тағы басқа «қазақы» келісімдер» атты мақаласында мына жолдарға жолықтым: «Жақсыға, талантқа, талантты құбылысқа қазақтың көрсететін тағы бір қыры бар. Ол – бүкіл қоғам келіскен үнсіздік. Қазақтың дарынды баласы әлемдік деңгейде бір шығарма жазды дейік. Сол күні қазақ әлеуметін жым-жырт тыныштық басады. Жаңағы бейбақты барып құттықтайсың, жұбатасың. Содан соң онымен бірге пікір күтесің. Алайда қара жамылған әлеумет әлі үнсіз. Бұл траур қашан аяқталады, әлде сол ақталмаған күйде кете ме – ол бір Құдайға ғана аян. Асекеңнің (Асқар Сүлейменов. авт) тағы бір айтқаны бар, «Промолчать – значить солгать» деп. Бұл оның «Үндемегенің – өтірік айтқаның» дегені. Себебі, сен үндемей, жақ ашпай отырғаныңмен жамандыққа қолқабыс етіп отырсың. Сенің үнсіздігіңнің арқасында қиянат салтанат құрып отыр», - дейді ағамыз. Осы ретте жазушы Төлен Әбдіктің «Біз үшеу едік» пьесасындағы Дариға мен Мұраттың диалогы жадымда жаңғыра кетті. Сондағы Мұраттың, «Егер біреу біреуді жазықсыз зәбірлеп жатса, жанында үнсіз тұрған адам – ол үшінші лагерь емес, бұзақыға көмектесуші, өйткені ол ана бейшараға қосылса, екеулеп бұзақының бетін қайтарар еді. Ол өзінің үнсіздігімен зорлыққа қарсы еместігін, зорлыққа жаны ашымайтындығын білдіріп тұр. Ал жаны ашымау – үлкен қатыгездік» деген сөзі де Таласбек ағамыздың сөзімен үйлесіп тұрған жоқ па?!
Иә, бүгінде «үндемеген үйдей бәледен құтылады» синдромы асқынып тұр. Кешегі ұлт қайраткерлерінің есімін аузыңа алсаң болды «халық жауы» атанатын кезеңдегі үрейден туған үндемеу қазақтың генінде сақталып қалған сыңайлы. Кешегі тоталитарлық жүйе қазақтың қанынан өтіп, сүйегіне сіңе бастағанда қарасын өшіргені жөн болған. Әйтпегенде... Қазақ ел айтқандай, «мықтылары сөз айтса, шыбындап бас изей беретін» (Абай) көнбіс мінзеді, жасық емес еді. Тіпті, хан алдында да датын айтып, дәтін көрсететін. Кешегі «желтоқсандағы» жастардың атойлаған рухы – соның белгісі. Дегенмен, соңғы уақытта іштей тыну белең алған сыңайлы. Әңгіме – бүгінгі әдебиеттегі үнсіздікте.
Әдебиеттегі үнсіздік, Таласбек аға айтқандай, бүкіл қоғам келіскен үнсіздік секілді. Мұндағы күтпегіміз – мақтау сөз емес. Әдеби полемика қайтсе дамиды? Дискуссиялық диалогтар ашық мінберлерде көрініс тапқанда ғана. Кезінде «Әдебиет порталында» ақын Тыныштықбек ағамызға бір бауырымыз, «Ұлы Абайдың «моласындай бақсының жалғыз қалдым, тап шыным» қайғысы сіздің басыңызда бар ма?» деген сауал жолдайды. Сонда Тыныштықбек ағамыз, «Бірталай жыл болды, Аңқыма туралы біраз сөзді айтып та, жазып та келеміз. Мысалы, жоғарыда аталған «Ұлттық Йс пен «көптілділік» һәм ұлттық идеология» атты көлемді мақаламызда да біз Аңқыманың біраз аксиомаларының басын шалып өттік. Соның қай-қайсысы да – қазіргі қоғамдағы діндік, философиялық. т.т. ұстанымдардың баршасын «әуре-сарсаңға салатын» аңқымалық қағидаттардан. Және, ол мақаламызды жариялаған баспаңыздың өзі де қатардағы жай газеттердің бірі емес, – Қазақтың Жаны мен Ары болып табылатын Әдебиетінің Бас Газеті! Алабөтен өзге де сойдауыл пайымдарға толы сондағы мақаламызды, сөз жоқ, аз дегенде мың қазақ оқыды. Оның ішінде, әрине, теолог, философ, тілші-ғалым қазақтар да бар. Ақын-жазушылар өз алдына. Әлбетте, біз сонда қоғамдық бір зор талқы басталады деп күттік. Қайдағы!», - деген жауабы расында өзегіңе шоқ тастайтын сөздер. Әлбетте, ақын өз басына телінетін мақтаулар мен мадақтауларды күткен жоқ. Елдің көмескіленген жадына сәуле түсірер бабалар танымын жеткізуде аманат жауапкершілігін түсініп, өмірінің ширек ғасырын сарп еткен еңбегіне халық тарапынан ешқандай реакцияның болмауы – расында Абай айтқан, бақсының моласындай жалғыздыққа жетелемегенде қайтпек?! Дүмшелер мен догматиктердің данышпансып айтқан діни уағыздарын еміне тыңдап, еліре насихаттаушы топтар бабатанымдық еңбекке келгенде неге аузына құм құйыла қалды? Үнсіздік...
Бұрнағы жылы Қазақ хандығының құрылғанына – 550 жыл толып, түрлі конференциялармен қатар әдеби додалар да дүркіреп өтті. Еліміздегі әдебиеттің «сен тұр мен атайындарының» көбісі қал-қадерінше шығарма тудырды. Сонда, бүгінгі әдебиеттің талантты өкілі Ерлан Жүніс «Нараду» атты көлемді поэмасын додаға ұсынды. Әлбетте, айтары мол, жүгі ауыр поэма өз дәрежесінде бағаланды да. Бірақ, әдебиеттің процесі мүшәйралармен жүрмейді. Айтпағымыз, сол поэма хақында бірде-бір көлемді талдау мақала немесе сын жазылмағандығы. Әдебиеттанушы Әуезхан Қодар ғана жарымды пікір білдірді. «Бүгінгі таңда көлемді әдеби туынды жоқ, бүгінгі ақындар поэма жазбайды» немесе «бүгінгі ақындарда тарихи таным жоқ, күйреуік» деп заржақ болып жүрген жұрттар тағы үнсіз қалды. Ақынның бұл поэманы жазуда тарихтың көбігін алмай, қаспағын қыруға ұмтылысы, тарих тұңғиығына бойлауы мен қазақ болмысын ашып берудегі жанкештілігі біраз әдеби мақалаларға арқау болуға тиісті еді. Одан бөлек Ерлан ақынның былтырғы жылы «Энтелехия» атты поэтикалық ойлар жинақталған кітабы жарық көрді. Кітаптың атынан бастап, ішіндегі мазмұны мен жеткізу форматы да ерекше. Қазақ әдебиетіне қосылған көлемді еңбектің бірі дер едік. Ал осы еңбек жайлы кітаптың тұсаукесері туралы деректен өзге бірде-бір рецензияның, мақаланың жазылмауы да өкінішті жайт.
Қарағандылық жас ақын Жанат Жанқашұлы да Шыңғыс хан туралы микропоэма жазды (мүшәйраға емес). Бұл ретте де әдебиет сыншыларының шығарма туралы не жақсы не жаман деген сыңайдағы үнін ести алмадық.
Жалпы, жыр додаларында жүлдеге ие болған немесе жүлдеге ілікпей қалған шығармалар туралы әдеби-сарапатамалық дүниелер жазылып тұрғаны жөн секілді. Нендей жаңалығымен ерекшеленеді, қандай көркемдік концепциясы елді елең еткізді, дегендей. Ал ілікпей қалғандар несімен әлсіз? Міне, осындай жағдайда ғана бүгінгі жыр додаларының әдеби статусы жоғарыламақ. Мәселен, екі жыл сайын өткізіліп тұратын халықаралық «Шабыт» фестиваліндегі жүлделі ақындардың өзгелерден оқ бойы озуына қандай потенциалы әсер етті. Оның әдебиеттегі жаңалығы қандай? Сол халықаралық статусына ие болған фестивальде әдебиеттің ірі өкілдері мастер кластар өткізіп, додаға қатысушылардың туындылары талқыланатын конференция ұйымдастырылса – нұр үстіне нұр.
Әуезхан Қодарды бекер есімізге салмадық. Әдебиеттанушы, абайтанушы ағамыз алдыңғы Тыныштықбек, Маралтай ағаларымыздан бастап, бүгінгі Ақберен Елгезек, Бауыржан Қарағызұлы сынды талантты әдебиет өкілдері жөнінде де жақсы талдау мақалалар жазды. Ағамыздан айырылып қалмағанда, бәлкім бүгінгі буыны бекіп келе жатқан жас ақын, жазушылар туралы да көптеген дүниелер жазар ма еді...
Таласбек Әсемқұловтың жоғарыда келтірген мақаласында өзінің басынан өткен бір жағдаятты баяндайды. «Бірде Ә.Қашаубаев конкурсына қатысып, өзінің қылтасынан келетіндерден жеңіліп, тауы шағылып, жападан-жалғыз қайтып келе жатқан тамаша әншімен пойызда ұшырасқаным бар. Вагон-ресторанға ертіп апарып, коньяк әперіп жұбаттым. Қолымнан басқа не келеді? Кейіннен осы эпизодтан туған ойларым «Біржан сал» фильміне енді. Біржан мазардың қабырғасына маңдайын тіреп тұрып, «аяқ-табақ жалаған сарай әнші, сарай күйші етігімен төрге шыға ма деп қорқам. Шын өнердің бағлан басы табалдырықта қала ма деп қорқам» дейтін жері бар емес пе?! Міне, бұл сөзді айтқызған, баяғы Біржанның бүгінгі адал мұрагері, адал інісі, сол пойызда кездескен әншінің күйзелген көңіл-күйі еді», - деп еске алады Тәкең.
Біздің де айтпағымыз, ағамыз айтқандай, қара жамылған үнсіздік талай таланттының тауын шағып, сарай қаламгерлерін етігімен төрге оздыра ма деген қауіп еді. «Айтпаса – Сөздің атасы өледі» дейді халық. Айтар ауыз болса, тыңдар құлақ табылар. Есесіне, айтуға емес, айтақтауға келгенде алдына жан салмайтындар жетіліп артылады. Ал таза әдеби пікірталас, үлкен әдеби толғаныстар, көркем шығарманы талдайтын сыншылар мінберге көтерілсе дейміз.
Бүгінде әдебиетке жаңаша көзқараста, еркін ойлы, көркем танымды, білімді жастардың қосылып жатқаны шындық. Әйтсе де, олардың аяқ алысы мен басқан шалысы туралы көңіл көншітерлік ешқандай дүниелер жазылмауы іштей қынжылтады. Бұрынғы Мұхтар Әуезовтың «Жыл келгендей жаңалық сезінеміз» сынды мақалалары осы ретте керек-ақ. Кейде сол кездегі әдеби конференцияларға, дискуссияға ұласатын сыни мақалаларға қызығып кеткеніміз, бүгінде сондай дәрежеде әдеби полемиканың жоқтығын айқындағандай көрінеді.
Наурызбек САРША
Бөлісу: