Әдебиет және өнер институтының жұмыс жоспары бекітілді

Бөлісу:

15.02.2017 6102

Биыл М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ұжымының 2016 жылы атқарылған және 2017 жылы атқарылар жұмыстары туралы Есеп беру жиыны жаңа форматта өтті. Бұрын Ғылым комитеті мүшелерінің алдында есеп беріп қайтатынбыз. Қазіргі қоғамды толғандырып отырған күрделі мәселелер кезеңінде, Елбасы тапсырғандай ашық қоғам құру, мемлекетті одан әрі демократияландыру үрдістері басталды. Қазақстан халқына Үндеуінде Елбасы, Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев билік тармақтарының өкілеттігін кеңейтіп, тікелей Президенттің қызметіне байланысты 40-қа жуық өкілеттікті Парламент пен Үкіметтке берді. Мұны Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына жолдауы бекемдей түсті.

0a405f31d8b8e8d70f1c619c22812c41.JPG

725d816f2e0a7ac7cf68f0f11a6c4440.JPG

8718c053a474ed735886ccfa33c60d6f.JPG

09034a3298f6c76daf50a89969f6e885.JPG

Жаңа даму моделі Қазақстанды сын-қатерлерден алып шығатын, жаңа жағдайға бейімделген іргелі мемлекеттердің қатарында болуды қамтамасыз етеді.

Жаңа заман – жаңа талаптар қойып отыр. Сондықтан да Білім және ғылым Министрі, креативті азамат Ерлан Кенжеғалиұлы Сағадиев мырза Министрлікке қарасты ұйымдардың, Ғылыми-зерттеу институттары атқарып отырған қызметті халық, қоғамдық ұйымдар өкілдері, БАҚ білсін деген ұстаныммен директорлар өз есебін қоғам өкілдері алдында берсін деген шешімге келді. Сондықтан да бірінші рет осынау көпшілік алдында есеп беру жиынын өткіздік.

Мұхтар Әуезов сынды ұлы тұлға-классик жазушының атын алып отырған Әдебиет және өнер институтының тамаша дәстүрі бар. Бұл жерде Мұхтар Әуезовтің, Мұхамеджан Қаратаевтың, Әбділдә Тәжібаевтың, Рахманқұл Бердібаевтың, Мүсілім Базарбаевтың, Шәмсиябану  Сәтпаеваның, Ләйлә Мұхтарқызы Әуезованың, Зоя Кедринаның, Борис Ерзаковичтің тағы да басқа Әдебиет пен өнер сарапшыларының, ғалымдарының ізі сайрап жатыр.

Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясын құрушы, әрі оның бірінші Президенті Қаныш Иманбайұлы Сәтпаев М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтын «Академияның ішіндегі академия» деп атап еді. Міне, осындай жоғары бағаға лайық болу институт ұжымының ең басты мұраттары десек артық айтқандық емес. Сондықтан да Институт ғалымдары Егемендік алғаннан кейінгі кезеңде ұлт тарихын зерделеуге, ұлы әдеби жәдігерлерімізді халыққа жеткізуге күш салып жатыр. Оған 100 томдық «Бабалар сөзі», 34 томдық «Классикалық  зерттеулер» сериясы, 10 томдық «Қазақ әдебиеті тарихын», 20 томдық «Әдеби жәдігерлер» сериясын айтсақ та жеткілікті. Колумбия университетімен бірлесе шығарған Қазақ поэзиясы мен прозасының Антологиясы АҚШ оқырмандары тарапынан өте жылы қабылданып, өткен жылы Вашингтонда Конгресс кітапханасында депутаттар мен қоғам қайраткерлерінің қатысуымен екі кітаптың тұсаукесер рәсімі өткізілді.

Кез келген ұжымның күші – оның ғылыми қызметкерлерінің потенциалында екені айқын. Сондықтан да адами капитал мықты болған жерде Ғылыми зерттеу де мығым болмақ. Осы ретте М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында қазақ әдебиеті мен өнерін зерттейтін 10 бөлім жұмыс істеуде.


Институттың ғылыми табыстары


2016 жылы 26 гранттық жоба және нысаналы бағдарлама аясындағы  1 жоба бойынша жоспарлы жұмыстар толық іске асып, тиісті нәтижелерге қол жеткізілді. Атап айтса:

- «Халық тарих толқынында» бағдарламасы аясында 2015-2016 жылдары жүзеге асқан «Қазақ тарихының халық әдебиетіндегі көріністері» жобасы сәтті аяқталып, 2 томдық ұжымдық монография жарық көрді.

Ұсынылып отырған кітаптардың қазақ халқының өткен тарихы мен мәдениетін, салт-дәстүрін, фольклоры мен авторлық ауыз әдебиетін кең ауқымда таныстыруға мүмкіндік беріп, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының тұғырлануына зор ықпалын тигізері сөзсіз.

- Институттың Қолжазба қоры өткен жылы қазақ тарихы мен мәдениетіне қатысты 1689 бет қолжазбамен және түрлі құнды кітаптармен толықтырылды. Сонымен қоса, жобалық жоспар аясында 20 бумадағы қолжазбаларды өңдеу, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

- ортағасырлық парсы деректері негізінде Қожамқұли бек Балхидың «Қыпшақ тарихы» тұңғыш рет парсы тілінен тікелей қазақ тіліне аударылып жатыр. 2017 жылы жарық көретін бұл еңбек қазақ тарихының беттерін тың мағлұматтармен толықтырары анық. Аталған жобаны жүзеге асырудың ұлттық гуманитарлық ғылымды ілгерілетудегі деректанамалық маңызы айтарлықтай зор деп айтуға болады.

- шетелдік танымал ғалымдармен бірлестікте қазақ-американ әдеби байланыстарының сыр-сипатын ашуда және даму бағыттары мен перспективаларын айқындауда ауқымды жұмыстар атқарылып, ғылыми жаңалығы мол монография шығарылды.

- қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлы шығармашылығының шетелде зерттелу жайы қарастырылып, осы орайда тұңғыш ғылыми жинақ жарық көрді.

- Бірлік пен қоғамдық келісім идеясын жүзеге асыру аясындағы Қазақстан халқы ассамблеясының қызметін зерделеуге арналған гранттық жоба жүзеге асырылуда. Қазақстандық музыка өнерінің даму үрдістері  мысалында еліміздегі этносаралық мәдени интеграция үдерісінің тарихи мән-маңызы таразыланады.


Ғылыми іс-сапарлар


1) Гранттық жобалардың күнтізбелік жоспарына сәйкес алыс-жақын шет елдерге, республика аймақтарына ғылыми іс-сапарлар жүзеге асырылды. Институт қызметкерлері өткен жылы әлемнің Нью-Йорк, Лондон, Пекин, Анкара, Стамбул, Мәскеу, Санкт-Петербург, Омск, Киев, Минск, Қазан, Уфа, Тблиси, Баку, Ташкент, Бішкек секілді ірі мәдени орталықтарына сапар шекті.

Осы қызметтік сапарлар барысында тың материалдар мен деректер жиналды, ғылыми конференцияларда баяндамалар жасалды.

Ғалымдарымыз Ұлыбритания (Лондон), Қытай (Пекин), Түркия (Стамбул), Литва (Вильнюс), Ресей (Мәскеу, Санкт-Петербург, Омск, Самара, Орынбор), Белорусь (Минск) елдерінің ЖОО-ларында студенттерге дәрістер оқып, Қазақстан ғылымының жетістіктерімен таныстырды.

Институттың 39 жасқа дейінгі 11 жас маманы – ғылыми қызметкерлер мен PhD докторанттар, магистранттар Испания, Түркия, Венгрия, Ресей, Татарстан, Башқұртстан сынды алыс және жақын шет елдердің жетекші оқу орындары мен ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтіп, кәсіби біліктілік деңгейлерін жоғарылатты.


Ғылыми басылымдар


2016 жылы гранттық және нысаналы қаржыландыру есебінен жалпы саны 9 кітап, оның ішінде 4 ұжымдық монография, 1 жеке монография, 1 ғылыми жинақ, 3 конференция материалдарының жинағы жарық көрді:

1. Творчество Абая Кунанбаева в зарубежной рецепции. Ғылыми жинақ.

2. Мировой литературный процесс XXI века. Ұжымдық монография.

3. Казахско-американские литературные связи: современное состояние и перспективы. Ұжымдық монография.

4.  Халық әдебиетіндегі тарих көріністері. Қазақ фольклорының тарихилығы. Монография. – Алматы: НВ Принт, 2016. – Т.1.

5.  Халық әдебиетіндегі тарих көріністері. Ауыз әдебиетінің тарихилығы. Монография. – Алматы: Әдебиет әлемі, 2016. – Т.2.

6. У.Қалижанов. Замана сөзі. Зерттеулер.

7.  «XIVӘуезов оқулары». Конференция материалдарының жинағы.

8. «1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс: тарихи маңызы, халық әдебиетіндегі орны, құжаттық дерекнамасы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдарының жинағы

9. «Тәуелсiздiк дәуiрi – ұлттық құндылықтар дәуiрi» атты ғылыми-практикалық конференция материалдарының жинағы.

2016 жылы «Қазақстан халқы» энциклопедиясы жарық көрді. Қазақстан халқының дәстүр байлығы мен әралуандығын айқындап, рухани құндылықтар қазынасымен кеңінен таныстыратын бұл еңбектің жалпы редакциясын басқарған – У.Қалижанов және Е.Тоғжанов.

Сондай-ақ осы жылы Жамбылдың 170-жылдығына орай көптен күткен «Жамбыл» энциклопедиясы да баспа бетін көріп, қалың оқырманға жол тартты. Жыр алыбының өмірі мен шығармашылық шежіресінен сыр ақтаратын бұл басылымның жауапты шығарушысы өзім болғанымды айта кетейін. Бұдан дәл бір жыл бұрын жыр сүлейі – Сүйінбайдың 200 жылдық мерейтойына арналған төрт томдық тамаша топтаманың жарық көруіне де Институт ғалымдары атсалысқан болатын. Осы орайда тұңғыш толық нұсқада басылым көрген Сүйінбай ақынның толық шығармалар жинағының жалпы рекдакциясын басқарған едім.

Өткен жылы АҚШ-тың Сан-Диего қаласында «Летний вечер, ночь в прерии, земля золотой пшеницы: зарубежный мир в казахской литературе» («SummerEvening,PrairieNight,Land of GoldenWheat») атты антология ағылшын тілінде жарық көрді. ҚР Сыртқы істер министрлігі, ЮНЕСКО және Колумбия университетімен (АҚШ) білестікте дайындалып, жарық көрген антология болашақ энергиясына арналған ЭКСПО-17 көрмесінің елімізде өткізілуіне орайластырылған. Себебі Қазақстан ТМД көлемінде жасыл экономикаға өту тұжырымдамасын қабылдаған бірден-бір ел.

Биыл осы бірегей басылымның тұсаукесер рәсімі еліміздің түрлі ұйымдары мен мекемелерінде және АҚШ-та өткізіліп, жұртшылыққа таныстырылатын болады.

Жоғарыда аталған басылымдармен қоса өткен жылы филология ғылымдарының докторлары Б.Әзібаева, Г.Пірәлі, Г.Орда және филол.ғ.к. А.Ойсылбай сынды жекелеген қызметкерлердің монографиялық еңбектері де жарық көрді. Олар мемлекеттік тапсырыспен және жекелеген баспалардың ұсынысымен Институт бюджетінен тыс басылым көрді.

2016 жылы «Керуен» журналының кезекті 6 саны мерзіміне сай басылып, таратылды.


ЖАРИЯЛАНЫМ


2016 жылы Институт ұжымы жалпы саны 562 ғылыми мақала жариялады. Соның ішінде 71 мақала республикамыздың беделді басылымдарында жарық көрді.

 Томсон Рейтер ақпараттық базасының мәліметіне сәйкес нолдік емес импакт-факторға ие басылымдарда Институт ғалымдарының 3 мақаласы жарық көрді.


Конференциялар


2016 жылы жоспарға сай 3 халықаралық және 9 республикалық конференция ұйымдастырылып, жоғары деңгейде өткізілді. Солардың ішінде маңыздыларына тоқталып өтейік.

1.  2016 жылы 24 ақпанда Алматы облыстық және қалалық әкімдіктерімен бірлестікте Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында  ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың  170 жылдығына арналған «Ұлы дала жыршысы» атты Халықаралық  симпозиум өткізілді.  Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова, Мәдениет және спорт вице-министрі Ғалым Ахмедияров, Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев, Қазақстан жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай сынды ірі тұлғалардың қатысуымен өткен салихалы жиында ұлы ақынның мұрасының ұлт мәдениетіндегі орны жайлы толғамды пікірлер айтылды.

2.  4 наурызда ЮНЕСКО-ның ұйғарымымен Алаш көсемі, ірі қайраткер Әлихан Бөкейханұлының 150 жылдығы кең көлемде аталып өткені белгілі. Республикамыздың білім ошақтары мен ғылым ордаларында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып өткізілді. Солардың ішінде Қазақ география қоғамы ұйымдастырған «Әлихан Бөкейханов ізімен» атты ірі экспедицияны атауға болады. Осы экспедиция құрамында Институттың бас ғылыми қызметкері, алаштанушы Айгүл Ісімақова да болып, Қазақстан, Ресей, Түркия елдерінде болып, біраз шаруаларды атқарып қайтты. 

  Мерейтойлық іс-шаралардан Институтымыз да шет қалған жоқ. Осыған орай 4 наурыз күні «Әлихан Бөкейхан: ұлттың ұлы тұлғасы» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция өткізіліп, М. Қойгелді, Т.Омарбеков, С.Смағұлова сынды белгілі тарихшы-ғалымдар қатысты. Жиын барысында Алаш мұрасын бүгінгі күн тарапынан зерттеудің өзекті мәселелері жайында кеңінен сөз болды.

3.  Мемлекет және қоғам қайраткері, зерделі зерттеуші, Қазақстанның Еңбек ері, ақын Олжас Омарұлы Сүлейменовтің 80 жасқа толуына орай 20 мамырда «Мир Олжаса Сулейменова» атты кітаптың тұсаукесер рәсімін ұйымдастырып, өткіздік. Бұл кітап – «Қазақ әдебиетінің халықаралық байланыстары» атты серияның жалғасы. Бұған дейін осы сериямен «Мир Абая», «Мир Нурпеисова» сынды бағалы еңбектер жарық көріп, көпшіліктің ықыласына бөленген еді.

  Тұсаукесер рәсіміне БҰҰ Қоғамдық ақпарат департаментінің өкілі Властимил Самек, Алматыдағы ЮНЕСКО Бюросының директоры, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдеріндегі ЮНЕСКО өкілі Андрей Шевелев, Ресей Федерациясының Алматыдағы консулы, Қазақстан Республикасындағы Ресеймен ынтымақтастық ұйымы төрағасының орынбасары Ирина Переверзева, Абай өлеңдерін алғаш корей тіліне тәржімелеген Ким Бен Хак және т.б. қатысып, сөз сөйледі.

4  Институт өміріндегі елеулі оқиғалардың енді бірі 24 қарашада Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай өткен «Тәуелсіздік дәуірі – ұлттық құндылықтар дәуірі» атты Республикалық ғылыми-практикалық конференция болды.

Ұлттық әдебиет пен өнердiң ширек ғасырдағы өсу жолы мен жетістіктерін саралау мақсатында арнайы ұйымдастырылған салтанатты іс-шараға әдебиеттанушы, өнертанушы мамандар мен жас ғалымдар қатысып, баяндама жасады. Конференцияның құрметті қонақтары қатарында танымал қаламгерлер, театр және кино саласының қайраткерлері, сазгерлер мен қылқалам шеберлері де болды.

Бүгінгі көркем әдебиет пен өнердің даму үрдістері мен перспективаларын нақты зерделеуге бағытталған ғылыми жиынның тұжырымдары негізінде көркем мәдениеттің шынайы проблемалары айқындалып, жалпы ахуалына баға берілді.

Ғылыми кадрлар дайындау саласында да айтарлықтай жетістіктер бар. Ғылым мен білім интеграциясы аясында

2014 жылдан бастау алған жас кадрларды даярлау ісі сәтті жалғасып келеді. 2016 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен бірлестікте «Ғылым ордасы» базасындағы Ғылыми кадрлар даярлау орталығы арқылы «Әдебиеттану» мамандығы бойынша кәсіби дайындықтан өткен алғашқы 10 түлегіміз оқуларын аяқтап, магистр атанды.

2017 жылы «Әдебиеттану» мамандығы бойынша PhD докторантураның алғашқы толқыны (4 PhD докторант) оқуларын тамамдап, диссертация қорғамақ.

2016 жылы магистратураның 1 курсына 2 магистрант, PhD докторантураға 1 докторант қабылданды.

Жалпы соңғы уақытта Институтымыздың кәсіби біліктілік деңгейі айтарлықтай жоғарылады. 2012-2016 жылдар аралығында Институттың 19 жас маманы магистратурада білім алып, академиялық біліктілік дәрежесін жоғарылатты. Ал 2014-2016 жылдары 12 жас маман PhD докторантураға түскен, оның 2 шетелдік білім гранттарына ие болып, Түркия мен Қытай Халық Республикасының жетекші жоғары оқу орындарында білім алып жатыр.

Бүгінгі таңда Институттағы 5 жоба еліміздің жетекші ЖОО-ларының оқытушы-профессорларының қатысуымен орындалады. Бұл үрдіс келешекте де сақталатын болады. Себебі ол – ғылыми-зерттеу нәтижелерін оқу-педагогикалық үдеріске енгізудегі маңызды фактор.

Ғылыми қызметкерлердің 27%-ы жоғары оқу орындарында сабақ береді. Демек, бұл – Институт қабырғасында жүзеге асатын зерттеу нәтижелері дәріс курстары аясында іс жүзінде қолданысқа енеді деген сөз. Сонымен бірге ұжымдық монографияларымыз оқу үдерісін оқулықтармен, әдістемелік құралмен қамтамасыз ету ісіне септігін тигізуде.


Халықаралық байланыс


Бүгінгі таңда М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты әдебиет пен өнер саласы бойынша Нидерланды, Чехия, Молдова, Беларусь, Украина, Ресей, Грузия, Татарстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан елдерінің 21 шетелдік ұйымымен (ЖОО, ғылым академиялары,  ғылыми-зерттеу институттары, ғылыми орталықтар, консерваториялар, баспалар және т.б.) ынтымақтастықта жұмыс істейді. Соның ішінде 5 мекемемен ғылыми ынтымақтастық жөніндегі келісім-шарт 2016 жылы жасалды:

1)  Якуб Колас атындағы мемлекеттік әдеби-мемориалдық музей (Беларусь, Минск);

2)  РҒА Уфа ғылыми орталығының Тарих, тіл және әдебиет институты (Башқұртстан, Уфа);

3)  С.С.Суразаков атындағы Алтаистика ғылыми-зерттеу институты (Алтай Республикасы, Горно-Алтайск);

4)  Хакасия Тіл, әдебиет және тарих ғылыми-зерттеу институты (Хакасия, Абакан);

5)  Шыңжаң мемлекеттік педагогикалық университеті жанындағы Консерватория (ҚХР, ШҰАР, Үрімжі).

Сонымен қатар АҚШ, Франция, Германия, Болгария, Румыния, Литва, Словакия, Үндістан, Түркия сынды алыс-жақын шет елдердің жекелеген ғалымдарымен серіктестікте ұжымдық монография, ғылыми жинақ және антология дайындалып, жарық көрді.

АҚШ-тың Колумбия университетінде «SummerEvening,PrairieNight,Land of GoldenWheat» атты антологияның, ал Лондонда «Казахстанская пушкиниана» атты монографияның тұсаукесері ұйымдастырылып, жоғары деңгейде өткізілді.

Сонымен қоса Б.Әзібаеваның «Казахский эпос. Доминанты и константы сюжетно-мотивного фонда» атты монографиялық еңбегі халықаралық  Ламберт Академик Паблишинг баспа үйінің ұсынысымен Германияда жарық көргенін де айтып өткен жөн.

Халықаралық байланыстың енді бір формасы – бірлесіп ғылыми конференциялар мен симпозиумдар өткізу және ғылыми еңбектерді бірлесіп дайындау. Осы орайда былтыр Тбилисиде өткен халықаралық ғылыми симпозиумның "Қазіргі әдебиеттану мәселелері. Эмиграциялық әдебиет" атты жинағының редакциялық алқа құрамында болғанымды айта кетейін.

Статистикалық тұрғыда Институтта жүзеге асырылатын 26 жобаның
9-ы халықаралық әдеби-мәдени және ғылыми байланыс мәселелерін зерттеуге арналған. Жекелеген мәселелерді түркі өркениеті аясында және әлемдік көркем үдеріс контексінде зерделеуге деген ұмтылыстың қарқын алуы – заман талабынан туындаған қажеттілік. Жаһандану дәуіріндегі өркениеттер қақтығысынан ұтылмай шығудың жалғыз жолы - мәдениетаралық интеграцияның тиімді жолдарын қарастыру, әлеммен сұхбат құру және өз құндылықтарымызды сақтап қалу.  Сондықтан қазіргі магистрлік, докторлық диссертация тақырыптарын, жоба тақырыптарын таңдауда халықаралық байланысқа баса назар аударылып келеді.

Жалпы халықаралық деңгейдегі ауқымды жұмыстарымыз Институт ғалымдарының ғылыми еңбегіне деген шынайы сұраныстың бар екендігін айғақтайды. Шетелдік әріптестермен ынтымақтастықты күшейту бойынша нақты ұсыныстар әлі де баршылық. Олардың іске асып, нәтижелі болуы алдағы уақыттың еншісінде.

Қоғаммен байланыс

Институтымыздың елдегі әдебиет пен өнерге қатысты келелі мәселелерді шешу бойынша сараптамалық қорытынды беретін консультативтік орган ретіндегі салмағы мен беделі артып келе жатыр. Бұл да ұжымымызға жүктелген жауапты міндет екенін айтқым келеді.

Осыған орай әдебиет пен өнер саласы бойынша жекелеген мәселелерді қарастыру барысында ҚР Президенті әкімшілігімен, ҚР Парламентімен, министрліктер және ведомстволармен, облыстық, қалалық, аудандық  әкімдіктер және департаменттермен тікелей жұмыс істейміз.

Сондай-ақ ел өміріндегі маңызды саяси, мәдени, әлеуметтік іс-шараларға атсалысу және Институт қызметін қоғамда кеңінен насихаттау мақсатында бірқатар үкіметтік және үкіметтік емес қоғамдық бірлестіктермен, шығармашылық ұйымдармен, атап айтқанда, «Ғылым қоры», «Ғылым ордасы», «Қазақ энциклопедиясы», Қазақстан халқы ассамблеясы, Қазақстан Жазушылар одағы, Түрксой ұйымы, Қазақстан суретшілер одағы, Қазақстан театр қайраткерлерінің одағы, Халықаралық Түркі академиясы, т.б. тығыз қарым-қатынас орнаған.

Аталған жиынымызға ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы С.С.Қирабаев, академик, филология ғылымдарының докторы, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Ө.Айтбайұлы, ҚР БҒМ Шығыстану Институтының директоры Ә.Дербісәлі, Алматыдағы Ресей Федерациясының бас Консулдығының консулы И.В.Переверзева, Алматы қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасы В.Мамсуров, саясаттанушылар Дос Көшім, Расул Жұмалы, Қазақстан Жазушылар одағы ұйғыр әдебиеті секциясының жетекшісі А.Әшіри, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА деканы, өнертану докторы Б.Нұрпейіс, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы С.Д.Әбішева, «Культура» қорының вице-президенті В.Г.Толмачев қатысып, бүгінгі әдебиет пен өнерге қатысты ойларын ортаға салды.  

Қазіргі таңда ғаламтор желісіндегі Институт сайты (http://litart.kz/) жаңарған мазмұнда жұмыс істеп тұр. Ұжым өміріндегі маңызды оқиғалар, жарық көрген кітаптар мен өтетін іс-шаралар жөніндегі ақпарат ұдайы толықтырылып отырады. Сонымен бірге Институт өміріндегі жаңалықтар Фейсбук әлеуметтік желісіндегі парашқамыз арқылы да жұртшылыққа кеңінен таныстырылып отырады.


2017 жылғы жоспарлы жұмыстар


Сонымен Институтта өткен жылы атқарылған ғылыми-ұйымдастыру және зерттеу, шаруашылық жұмыстардың нәтижелері осындай болды. Ұжым қазіргі уақытта жаңа 2017 жылғы жоспарлы жұмыстарды іске асыруға кірісіп кетті.

Жуырда Елбасының билік тармақтары арасында өкілеттіліктерді қайта бөлуге қатысты Үндеуіндегі, сәл кейін жария болған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы мәселелер ұжым мәжілісінде талқыланды. Ғалымдар өз ойларын ашық білдіріп, пікірлерін ортаға салысты. Осы мәселелер бойынша қоғамдық талқылау Қазақстан Жазушылар одағы, ҚР Ұлттық ғылым академиясы сынды мекемелерде де жалғасын тауып, ғалымдарымыз өз ойларымен бөлісті.

2017 жыл біз үшін аса жауапты жыл болмақ: үш жылдық жобалар аяқталады, алдағы үш жылға ғылыми-зерттеулер конкурсы да осы жылы өтетінін баршаңыз білесіздер. Осыған Институттың алда тұрған міндеттері төмендегідей:

1. 2017 жылы аяқталатын 26 гранттық жоба бойынша ұжымдық монографиялар мен оқулықтарды сапалы дайындап, жарыққа шығару. Институтта жүзеге асырылатын жобалар бойынша біздің басты өніміміз – ғылыми монографиялар. Үш жыл бойы жасалған зерттеу жұмыстарының нәтижесі осы кітаптарда қорытылып, көрініс таппақ.

2. ҚР Білім және ғылым министрлігі Жас ғалымдар кеңесінің жұмысын жандандыру мәселесін тікелей өз бақылауында ұстап отыр.Сондықтан Институттың жас мамандарының ғылыми-ұйымдастырушылық және зерттеу жұмыстарын жолға қою бойынша бірқатар маңызды шаралар қолға алынып жатыр. Осы ретте атқарылар жұмыстардың барлығы жастардың ғылыми, әлеуметтік, қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталатыны анық.

3. Үстіміздегі жылы Алаш партиясының құрылғанына 100 жыл, М.О.Әуезовтің туғанына 120 жыл, ақын Әсет Найманбайұлының туғанына 150 жыл толады. Сондай-ақ ҚР ҰҒА академигі С.С.Қирабаевтың 90 жылдық мерейтойы, ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті С.Ә.Күзембайдың 80- жылдық мерейтойы.

Бұдан бөлек әдебиеттану ғылымының тұтас бір буыны әдебиеттанушы ғалым-ұстаздарымыз – М.Базарбаев, З.Қабдоловтың, Р.Бердібаев, Н.Ғабдуллин, Т.Кәкішев, Ү.Сұбханбердиналардың туғанына 90 жыл толғалы отыр. Осы айтулы мерейтойлар аясында халықаралық, республикалық конференцияларды жоғары деңгейде өткізу жоспарда бар.

4. 2018-2020 жылдарға арналған ғылыми-зерттеу жобаларына ұсыныс әзірлеу.


Бүгінгі жаһандану дәуірінде мемлекеттің даму жолындағы әлемдік сын-қатерлердің алдын алу – ең алдымен ғылыми қауымдастықтың міндеті екені даусыз. Әдебиет және өнер институтының қызметі осы негізгі міндетпен сабақтас. Осыған орай болашақ жобалардың негізгі тақырыптық бағдары еліміздің зияткерлік әлеуетін арттыру, рухани және ұлттық қауіпсіздікті сақтау сынды стратегиялық міндеттер аясында жоспарланатын болады.


Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,

М.Әуезов атындағы Әдебиет және

өнер институтының директоры,

ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті,

филология ғылымдарының докторы,

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері.


Бөлісу:

Көп оқылғандар