Әуез әлдилеген әлем жыр болып төгілді
Бөлісу:
Өнердің өркендеуі де әлеуметтік ахуалдың салауаттылығына байланысты. Қоғам, қоршаған орта рухани дүниелерге аңысын аңдатып тұрса, шығармашыл адам көпшілік көңілінен шығуға құмбыл. Жігерлендірген ниет оны алға жетелеп, көкейдегі өрбіген өрнек пен қарым-қабілеті қалай да жемісін береді.
Жетісулық ақын қыз Гүлбақыт Қасеннің соңғы жылдардағы шығармашылық әлеуетінің қарқыны жан жадыратар жағымды факторға байланысты болса керек. Өйткені, Талқалада кейінгі уақытта әдебиеттің аурасы басым. Бүгінгі жазу өнеріндегі танымал талантты қыз-жігіттердің біразы осы шаһарға шоғырланған. Ауызбіршіліктері, ынтымақтары сырт көзге алыстан аңғарылады. Гүлбақыттың өлең өлкесіндегі аяқ алысы, ақындық қуатының жаңа лебі байқалуы, ендеше, орынды сияқты.Оның таяуда ғана қалың оқырманға жол тартқан «Ән ақберені» атты поэмасы, қаламгердің ұдайы ізденіс үстінде жүргенінің белгісі.
Бұл дастан қазақтың көрнекті әншісі, сазгер Дәнеш Рақышұлы жайлы. Көмейіне бұлбұл қонған дарын иесінің көркем бейнесін сомдауда біршама орайлы ой, ұтымды тіркестер дөп табылған. Туынды поэтикалық екпінмен басталып, ақындық бояумен әрленген.
Бір өрені қазақтың – дүлдүл Дәнеш,
Жасампаздық үнімен бұл күнге әуес.
Әуелетіп зеңгірін алты алаштың,
Жетісуда сайраған бұлбұл Дәнеш:
Ән алады тынышын әр естінің,
Тіріледі. Тірілді Дәнеш бүгін.
Еріп кетті таңдайда тәтті өлеңі,
Келіп кетті еріксіз ән естігім.
Поэма– ежелгі эпостық қиссаның заманауи түрі. Ол белгілі бір оқиғаны, адам тағдырын, заман шындығын арқау етеді. Және осының бәрін өлеңмен өретін эпикалық не лирикалық үлгідегі ауқымы кең поэтикалық шығарма.
Бүгінгі күнде ақындар, оның ішінде жастар, поэма жаза қоймайды. Дастан жазу, әрине, белгілі бір әзірлікті қажет етеді. Өйткені ол жанрлық өлшеміне сай көбіне сюжетке құрылып, кейіпкерлердің қарым-қатынасын, тартыс-таласын, күйініш-сүйініш, мінез-құлық, іс-әрекеттерін суреттеуі тиіс.
Сондықтан осы талап пен биік өреден көріне алу үшін объектіге қатысты дүниелерді әріден індете қарау керек. Ой сүзгісінен өткізіп, керектісін ғана қалдыру және ең ұтымдысын тап басу – зеректікті қажет етсе, оны өлеңге түсіру – таланттан туындайтыны аян.
Жаңа шығарманы оқып отырып, сюжет көріністері жазушы Тоқбай Исабектің «Әнші Дәнеш» деректі романынан алынғанын бағамдайсыз.
Дәнеш тумысынан дарынды әнші, композитор, ақын. Ежелгі сал-серілік дәстүрдің жолын ұстанған. Оның әкесі Рақыш та айтыскер ақын, анасы Тәжіхан – әнші. Бұл жайт шығармада былай көрініс тапқан:
Бай Суан. Мен – Рақыштың Дәнешімін,
Күзеткен бала жастан ән есігін.
Біреудің арманымын қол жетпестей,
Біреудің құлқы кеткен дәмесімін.
Рақыштың жыр саулаған қамшысынан,
Аталған ежелден-ақ «әнші суан».
Тәжіхан – анам да әнші, сүйекте – өнер,
Асығым түскен екен алшысынан.
Дәнеш арғы бетте Құлжа, Күнес өңірі мен Сайрамкөл жайлауын аралап ән салады, серілік құрады. Жас жігіт дүниенің бар қызығы өнерде деп түсінген. Оның жомарт табиғат тарту еткен асқақ үні, өміріне өзек болған Әсеттің әндері қалың қауымның алдында асқақтатып жіберді. Сөйтіп, өрімдей өнерпаздың бойындағы ерекше қабілеті халықтың ықыласына бөленді. Ол жастайынан ауызға ілініп, тез мәшһүрге айналады. Оны автор:
– Он жаста көзге ілігіп тарттым сырнай,
Дос таптым домбыраммен жатты сыйлай.
Он бесте сері атанып, сұлу сүйдім,
Қалықтап ерке күннің ақ құсындай, – деп суреттейді.
Былайғы жұртқа «Ән ақберені» сияқты дастанды тудыру оңай сыңайлы көрінуі ықтимал. Қолмен қойғандай жазулы тұрған оқиға, оны өлеңге өру қиынға соқпайды деп ойлауы мүмкін. Алайда, болған істің сілемінен ажырамай, ұлттық болмыс пен салт-дәстүрді сақтай отырып жырлау, екінің бірі баратын шаруа емес. Дәнеш пен Әдишадай ынтық жандардың ынтызар көңілін, сол қалпындағы хал-күйінде бүгінгі оқырманға ұсыну үлкен шеберлікті қажет етеді.
Негізінен, Дәнеш тағдыры шаттығымен қатар трагедияға толы. Оның ең алғаш өмірден қатты таяқ жегені – сүйген адамын жоғалтуы. Гүлбақыт осы бір тарихи шындық пен сезім иірімдерін әдемі әдіптей алған.
Қайда жүрсе де қазақтың басынан қасірет бұлты арылған ба еді. Кеңес өкіметінің қыспағынан арғы бетке ауып барған жұрт ол жақтың билігінен озбырлық шекті. Ағайынды арашалап қалудың жалғыз жолы, бауырындағы баласы – әлі бойжетпеген Әдишаны солардың ықтиярымен бір қалмақтың босағасындағы жалшыға айттырып, жан сауғалайды.
Алайда, тірліктегі қатынастың бәрі пенденің қалағанындай пәтуаға тоқтай бермейтіні және мәлім. Бір-біріне сырттай қанық дақпырт буған Дәнеш ақын мен аты әйгілі Әдиша алғаш той үстінде жолығады. Көпшіліктің қолқалауымен екі өнерпаз қыз бен жігіт айтысын әдемі өрбітеді. Әуелде ықыласқа бүр жарған ниетпен табысқан қос саңлақ ақырында жүрекпен ұғысады:
– Әдиша – атым, қызымын Тұғылбайдың,
Жаман-жәутік жандарға бұрылмаймын.
Келеді әнге келсең, бұлбұл дегім,
Қыран болса, қондырар тұғыр дайын...
Мен аққумын көлдегі,
Сен сұңқарсың шөлдегі.
Арманына жете алмай,
Құрбың әбден шөлдеді, – дейді Әдиша көңілінің әлденеден дығы барын байқатып.
– Қып-қызыл түлкідейін сылаңдайсың,
Талдай боп желді күнгі бұраңдайсың.
Қол ұсынсам, жетпейтін арман болдың,
Тілегімді көңіліңмен құп алғайсың, – деп ләм қатады Дәнеш.
Әдиша:
– Құрбыжан, құпияң көп сырлы екенсің,
Әніңмен көңілімді гүлдетерсің.
Жүрекке тілегіңді ұялаттым,
Өмірде қол ұстасып бірге өтерсің, – деген байламын аңғартады.
Сөйтіп, екі жастың арман-тілегі қалың көпшіліктің алдында айтылып, жалпақ жұртқа мағұлымданады. Қыз әу дегеннен ықтиярын танытып қояды. Себебі, есіктің алдында жүрген жалшыға қосылғанша жұрт мақтаған әрі көкейінде алтын сандығы бар, жүзіктің көзінен өткендей азаматтың етегінен ұстағаны абзал еді.
Уақыт келе жүректерде өршіген сезім тағдырдың тоқсан қабат тосқауылына мойынсұнбай, ырыққа көнбеуге айналады. Тұғылбай да елді аман сақтап отырған мәмілеге көлеңке түсірген жалғыз қызының әрекетіне күйінеді. Ауыл азаматтары сөз байласып қашқан екеудің соңынан түре қуып, Құлжаға бет алған оларды Талқы асуында қолға түсіреді. Дәнештен айырып алып келгенде шешесі ғана қызының халін ұғып, «жалғызымды кешіре гөр» деп, ерінің аяғына жығылады.
Сөйтіп, жарқын болашаққа қол ұстасып бірге аттануға уәде байласқан ғашықтар торға ілігеді.
Оқиға желісіне ұйыған оқырман, кенеттен көлденеңдеген кедергілерге қынжылары рас. Өйткені, осы тұста ежелден келе жатқан қатыгездік пен зұлымдықтың өктемдігі шынайы көрініс табады. Ел алдында бұла боп өскен еркелердің өміріне өксік араласады. Кіршіксіз мөлдір махаббат, тұнық сезім сол зұлымдықтың қан шеңгеліне ілінеді де пора-порасы шығады. Тұтқындалған әнші жігіттің айыбы қаралып, абақтыға жабылады.
Дәнешті түрмеге сап, үкім еткен,
Жазаға ұшырады хикіметтен.
Көңілдің көк айнасы шытынады,
Тағдырдың терезесі шытыр еткен.
...Әншінің бұлбұл болған меселі өлген,
Байқаса шыққан екен кесел елден.
Екеуін ажыратқан ағайын ба?
Ештеме асқан емес пешенеден.
Ал, Әдиша қарабет болған ісіне күйініп, әрі махаббат зауалынан бүк түсіп, булыға жылап жатып қалады. Басын көтермейді, ақыры науқасқа шалынады. Сүлеленген хал кешіп, бақсы-балгерлер ем жасаса да беті бері қарамайды. Осы кезде әке жүрегі елжіреп, «қызымды өзі қалаған теңіне қосамын, Дәнешті алдырыңдар, ұзату той жасаймын» деген уәжді айтады. Алайда, бұл шарапаты екі жасқа тимейді. Сол күні түнде қасірет араласқан ауыр сырқаттан Әдиша көз жұмады.
Аайдай сұлу аруынан біржола айырылғанын Дәнеш түрмеден қайтып келе жатып, жолай ұшырасқан ауыл адамдарынан естиді.
Жан толқытар сюжет өкінішке әкеп тірейді. Әйткенмен, ешкімді жамандыққа қимай заманды кінәлап, торығатының бар. Екі оттың ортасында қалған қыз әкесі Тұғылбайды да жек көре алмайсың.
Дастан әншінің күрделі де қызықты тағдырының осы бір тұсын ғана сөз етеді. Солай болса да әнші, ақын Дәнештің бейнесін біршама көрнекі жасап шығара алған. Драма араласқанымен мейлінше лирикаға орын берілген. Шығарма соңында алма бақтың саясында Әдишаның қыдырып жүргендей бейнесі – ұлы сезімнің табы сөнбейтін құдіретті күш екенін аңғартады.
«Ән ақберені» әнші Дәнеш тағдырының бозбалалық тұсын арқау еткенімен бірқатар мағлұматтарды қамтыған. Оның атажұртқа оралғаны, ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің өнер иесіне ықыласы құлап, бата бергені де жыр арасында баяндалып өтеді. Туынды форма жағынан «Құлагер» поэмасының композициясын қайталағандай. Әуелгіде Жетісудың ерекшелігі сипатталады:
Жері – дархан қазақтың, кенен елі,
Көшін бастар көреген, кемел ері.
Ұрпақ ұстар – салт-дәстүр, өнегені,
Уық ұстар – шаңырақ, керегені.
Болашағын бесікке құндақтаған,
Қасиетін ешкімге былғатпаған.
Қазағымның жеріне кие қонған,
Жер жәннаты – Жетісу қымбат маған.
Осыдан кейін барып қазақ халқының әйгілі әншісі Дәнештің өміріне ойысады.
Қаламгер бас кейіпкер образын жасағанда поэма жанрының талаптарын ұстауға ұмтылған. Оқушы қауымға мейлінше оның өмір-дерегін ашуға, кескінін айқын танытуға ден қояды.
– Талдыда тал бесігім тербетілген,
Тай мініп, арғы бетте ержетіп ем.
Қандағы өнер қозса төкпелетем –
Төресі текті сөздің терме тілмен, – деп, Дәнештің Жәркент өңірінде туғанын, алайда, тағдырдың жазуымен арғы бетте ержеткенін мәлімдейді.
Сонымен қатар, кейіпкер өнердің өршіл өкілі болғандықтан оның бойындағы ерекшелікке зер салады.
– Пендені өтпелі өмір мұңайтады,
Өлгеннің өнегесін тірі айтады.
Қазақтың құндылығы – «Қисметті»,
Ішінен мың жігіттің бірі айтады.
Ыбырай, Ақан сері, Қасым – әнім,
Жайымды бүркеп қалай жасырамын?
Делебем қозып кетер өнер десе –
Әсетті – алты қырдан асырамын.
Аса саңлақ Дәнештей дарын иесі жетісулық ән айту мақамымен бірге Арқаның үрдісін уызын бұзбаған қалпында халқына ұсынды. Үкілі Ыбырай, Ақан сері, Әсет әндері сүйіне әуелететін әуезді дүниелері еді. Арғы бетте көз жұмған Әсет Найманбаев мұраларының туған халқына оралуын тікелей дүлдүл Дәнештің өнерімен байланыстырған жөн.
Поэманың сөз ұстартуы шымыр. Автор құнарлы тілімен айтпағын образды айшықтап, оқырманның жан дүниесін эстетикалық ләззатқа кенейді. Көз алдыңа бірде әдемі кескіндеме көлбеп шықса, енді бірде оқшау пішіндер елестейді, тәтті леп буынды алып, сезім сиқыры баурайды. Аракідік он бір буынды қара өлеңнен ауытқып, сөз саптасын өзгертіп отырады.
Жігіт құмар болады,
Бір сұлуға ажарлы,
Қызды ауылға қонады,
Қыздырады базарды.
Кілең жүйрік жорғалар,
Кербезденер, паңданар.
Домбыраны қолға алар,
Өнерпазға таңданар.
Төгіледі күй ағын,
Асқақтайды ән әсем,
Шарықтатып қиялын,
Жарасады. Бәрі – әсем.
Сонымен қатар, Әріп Тәңірбергеновтің айтыс түрінде жазған «Тәуке-Ұрқия» дастанының сарыны аңғарылады. Автор Дәнеш пен Әдишаның қыз бен жігіт айтысы үстіндегі сұхбаттасу, жауаптасу сәтін үзінді ретінде орамды жарата білген.
Поэмадағы әр көрініс, әр оқиға мейлінше нақты ықшамдалып ұсынылған. Бұл амал – бүгінгі оқырманның сұранысын ескергендіктен әдейі жасалған әрі ұтымды жол.
Өйткені эпикалық немесе лирикалық үлгіде жазылатын көне жанр көбіне түркінің ежелгі әдебиет нұсқасында қазіргі романдардың орнына жүрген. Егер сол үлгіні ұстанғанда шашыраңқылыққа ұрынып, автор шығарманың қызуы мен дәмін кетіріп алуы ықтимал еді.
Біз сөз етіп отырған«Ән ақберені» атты жаңа туынды өлмес мұра – өнерді дәріптеген шығарма. Гүлбақыт «Күй», «Күйші», «Құлагер» сынды поэмалары, «Әнші» сияқты бірегей туындыларымен қазақтың ән, музыка өнерін аса асқақтата жырлаған Ілияс ақынның дәстүрін жалғауға талпынған. Бұл – әдебиетіміздің Жетісуға тән өзіндік мектебі десек артық айтқандық емес.
Жалпы, қолына қалам ұстаған шайырлардың бәрі поэзия патшалығынан «өзін» іздейді. Егер шынайы жан-дүниесін өлеңде оқшаулау етіп әйгілей алмаса, көптің бірі болып қатарда жүру қаншалықты орынды. Ал, Гүлбақыттың өзіндік мұңы бар, жұмбағы бар... жанынан көкейге қонымды сөз суырып айта алатын ақын.
Әрі, ол әдебиетке жайырақ ден қойған. Сондықтан болар еш кеткен уақыттың орнын толтыруға ұмтылысы мен мақсат үдесіндегі табандылығын аңғарасыз.
«Әдебиетке жаңалық әкелді деген ақындардың көбі отызға дейін жазды, ақындық – жастыққа тән» деген ұйғарым да қатып қалған қағида емес. Мұнымен келісуге де болады, келіспеуге де болады. Келіспейтініміз, бүгінде жастардан қалам ұстағанның дені – ақындар. Қайсыбірінің тіл білмейтінін, өлең теориясын меңгермендігін көріп, қарының ашады.
Сондай-ақ, қартайғанда ойын қағазға төгіп, соңына «Керегетас» деген жалғыз тал кітап қалдырған жетісулық Сағымхан Сәрсенбайұлын оқып көріңіздер. Тіпті, ондай ақынның барын ешкім білмейді. Ақындық деген дер уақытында дүрмектің ішінде жүру емес. Ақындық деген тәңірден келген сый. Оның бағы 50-де де, 90-да да жануы мүмкін. Тіпті, өмірден өткен соң танылатын таланттар болады.
Біздің қоғамда соңғы 25-30 жылдың аумағында біреуді мақтаса басы жерге жеткенше мақтайтын дарақы дағды қанға сіңді. Жаман әдет қарынға жабысқан талақша әдебиеттен шетінемей қосарлана бірге келеді. Мұның соңы жақсылыққа апармайды деп ойлаймын.
Жалпы алып қарағанда, Гүлбақыттың шығармашылығын таза мінсіз асыл тас деуден аулақпыз. Кемшілік жоқ емес, атүсті кететін тұстар, әлсіз ұйқастар, болымсыз байламдар ұшырасады. Алайда, ұлыжіңгір лекке мезгілінен кештеу қосылған табанды қыздың мұндай орашолақтықтан арылатынына күмән келтірмейміз.
... Тумысынан талантты бұлбұл Дәнештің асқақ үнімен қазақ даласында әуез боп тербелген әлем орнады. Ән толқынына тың сарын, иірімді ырғақ, шарықтау биіктік, мөлдір тұнықтық қосылды.
Енді, осы – көңілді кернеп, жүрек қылын шертетін тылсым дүние – жырмен кестеленіп, қалың қауымға жол тартып отыр. Саф сезім мен мінсіз өнерді әспеттеген туындының оқырман ықыласына бөленіп, әдебиеттегі ғұмыры баянды болғай деп тілейік.
Әділбек ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ,
Халықаралық әдеби «Алаш» сыйлығының иегері
Бөлісу: