Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Гүлбақыт Қасен: Ән ақберені ...

22.02.2017 5701

Гүлбақыт Қасен: Ән ақберені

Гүлбақыт Қасен: Ән ақберені  - adebiportal.kz

(поэма) 


Қазақтың әнші, сазгер, ақыны  Дәнеш Рақышұлының рухына!


 Бұлбұл


Жер әсемі Жетісу – туған жерім,

Сайрандаған сауықшыл думан елім


                                           Халық әні


 

Қазағымның бақ қонған маңдайына,

Ұя салған бұлбұл құс таңдайына.

Қасиетті жерімнің шыбығы мен

әр ағашы татиды бал қайыңға.

7cf37796b60a2672ea64fca0ff1ed46b.jpg

 

Жері – дархан қазақтың, кенен елі,

Көшін бастар көреген, кемел ері.

Ұрпақ  ұстар – салт-дәстүр, өнегені,

Уық ұстар – шаңырақ, керегені.

 

Болашағын бесікке құндақтаған,

Қасиетін ешкімге былғатпаған.

Қазағымның жеріне кие қонған,

Жер жәннаты – Жетісу қымбат маған.

 

Жетісудың өзені өрнектелген,

Өлең-жыры өмірге өрнек берген.

Жаны жайсаң жандар бар Жетісуда,

Пейіл болса, «жақсыны көрмек» деген.

 

Жадыратар жаныңды тау самалы,

Табиғатын көрген жан тамсанады.

Бір баласы – алаштың өлең жазып,

Бір баласы – қазақтың ән салады.

 

Бір өрені қазақтың – дүлдүл Дәнеш,

Жасампаздық үнімен бұл күнге әуес.

Әуелетіп зеңгірін алты алаштың,

Жетісуда сайраған бұлбұл Дәнеш:

 

...«Біздің ауыл Текшенің етегінде,

Ерте шықсам ауылыңа жетемін бе?

Ақ тамақтан емінте бір иіскетсең,

Айналсоқтап ауылыңнан кетемін бе?»

 

Ән алады тынышын әр естінің,

Тіріледі. Тірілді Дәнеш бүгін.

Еріп кетті таңдайда тәтті өлеңі,

Келіп кетті еріксіз ән естігім.

 

Бұлбұл Дәнеш – өнердің Ақберені,

Дүлдүл Дәнеш – ән-жырдың бақ-кенені.

Аққу-қазды әлдилеп сазды үнімен,

Ән теңізде тербеген ақ кемені.

 

 

 

Өзім жайлы


 

«Өзге емес өзім айтам өз жайымда...»

                                 

Қасым Аманжолов

 

Талдыда тал бесігім тербетілген,

Тай мініп, арғы бетте ержетіп ем.

Қандағы өнер қозса төкпелетем –

Төресі текті сөздің терме тілмен.

 

«Өзге емес өзім айтам өз жайымда,

Жүрегім жалын атқан сөз дайында».

Кеудені кернеп тұрған осы әуенмен,

Күйімді Қасымдайын қозғайын ба:

 

Бай Суан. Мен – Рақыштың Дәнешімін,

Күзеткен бала жастан ән есігін.

Біреудің арманымын қол жетпестей,

Біреудің құлқы кеткен дәмесімін.

 

Рақыштың жыр саулаған қамшысынан,

Аталған ежелден-ақ «әнші суан».

Тәжіхан – анам да әнші, сүйекте – өнер,

Асығым түскен екен алшысынан.

 

Он жаста көзге ілігіп тарттым сырнай,

Дос таптым домбыраммен жатты сыйлай.

Он бесте сері атанып, сұлу сүйдім,

Қалықтап ерке күннің ақ құсындай.

 

Пендені өтпелі өмір мұңайтады,

Өлгеннің өнегесін тірі айтады.

Қазақтың құндылығы – «Қисметті»,

Ішінен мың жігіттің бірі айтады.

 

Ыбырай, Ақан сері, Қасым әнім,

Жайымды бүркеп қалай жасырамын?

Делебем қозып кетер өнер десе –

Әсетті – алты қырдан асырамын.

 

Болғанда Әсет ақын – сөз байламы,

Кеудемді күңірентіп қозғайды әні.

Ұстаздан шәкірт озған дауылпаздар,

Мәмет пен Қадырихан – көзге айғағы.

 

Жаңғыртып тау мен тасты үн шыға ма?  

Бітелсе бұлақ көзі тұншыға ма?

Оралдым отыз үште туған жерге –

Алдымда күтіп тұрды мың сыбаға.

 

Өмірді өлең-жырмен өріп келдім,

Талайды арғы беттен көріп келдім.

Мұхтардың ақ батасы әнмен бірге,

Көгертті көсегесін көрікті елдің.

 

Өмірге келер әлі талай Дәнеш,

Есімде ару сүйген арайлы кеш.

Сайрамкөл жағасынан көз саламын –

Сағынып маған да бір қарай ма көш?..

 

«Дүние жалт-жалт еткен кең мекенім»,

Толқында тербетілмес кеме тегін.

Тапқаным, бар байлығым – өнер кені,

Мен әнмен бірге туғам...

Бір кетемін!

 


                         Ән-құдірет


 

Жүйрік ат, қыран бүркіт, ұшқыр тазы,

Жігіттің бұған құмар өнерпазы!

Күлімкөз, оймақ ауыз бір сұлуды

тағы да алсаң тауып айдын көлдің қоңыр қазы.

                                       

«Аңшының әні»

 

Жүйрік атты баптаған,

Қыран бүркіт баулыған,

Ұшқыр тазы мақтаған,

Ауыл шеті, таулы маң.

Таудан төмен құлайды,

Әппақ қарға малынып,

Жігіт қызға ұнайды,

Түлкі ішікті жамылып.

Жігіт құмар болады,

Бір сұлуға ажарлы,

Қызды ауылға қонады,

Қыздырады базарды.

Кілең жүйрік жорғалар,

Кербезденер, паңданар.

Домбыраны қолға алар,

Өнерпазға таңданар.

Төгіледі күй ағын,

Асқақтайды ән әсем,

Шарықтатып қиялын,

Жарасады. Бәрі әсем.

Ән-құдірет. Ән-кие,

Дәнеш шырқап сала ма?

«Аңшының бұл әніне» -

Құмарың бір қана ма?

 

Ән-құдірет. Ән-кие...

 

Мен аққумын көлдегі...

 

 

Дәнеш пен Әдиша өлеңді танысудан бастады.

        ...бір-біріне тікелей көз тастап, алғашқы көргендегі

                    сәттері естеріне түсіп, отты сезімдері өртене тұтанды.

                                               

«Әнші Дәнеш», Тоқбай Исабек

 

Салтанат, салдық құрған самала кеш,

Ғашықтық лап еткенде қалама ес?

Ән-күйге жұрт аңсары ауған шақта –

«Ақ тұйғын...» асқақтатқан бала Дәнеш.

 

Ақшаңқан ақ үйлерде өнер қызған,

Жүйрік көп. Бозбала жоқ өлең бұзған.

Сайрамкөл – бастау болған сезім жырға,

Бағын да, сорын да ақын көрер – қыздан...

 

Тастүлек көмей кернеп, өршеленді,

Несіне аяр жұрттан, берсе  өнерді?

Әдиша – Ардақ қыздай қиылады,

Тәкәппар көз тастасаң өршең, өңді.

 

Өңірге аты шыққан керім еді,

Шынында асқан сұлу көрінеді.

Кермиық кербез ару шендестірмей,

Артық сөз айтуға да ерінеді.

 

Дәнештің үні шықты қалықтаған,

Сезім де қайнап жатты жан ұқпаған.

Әуелеп «Гүл-гүл жайна» ән еседі,

Аударып қызға – сырын, халыққа – мән:

 

Боламын Дәнеш ақын, танысаңыз,

Табылам қасыңыздан сағынсаңыз.

Ұқсайсың айдын көлдің аққуына

Ақ жүзің алмадайын, Әдиша қыз.

 

Е-е-ей!

Қыздарда да қыздар бар

Аппақ сары қауындай.

Жігітте де жігіт бар

Тонның ішкі бауындай.

Е-е-ей, гүл-гүл жайна,

Күліп ойна,

Қыз-бозбала шағыңда!..

 

Қайырды әуелетіп бозбала ақын,

Қазақта ең қастерлі – сөз болатын.

Үні де шарықтады,

шамырқанып,

Қомдады қаршығадай өз қанатын.

 

Келгенде қызға кезек іркілмеді,

Көмейден сөз төгіліп, бүлкілдеді.

Әдиша «Айғайшаға» салған кезде,

Көрген көз, естір құлақ «шіркін» деді.

 

Әдиша – атым, қызымын Тұғылбайдың,

Жаман-жәутік жандарға бұрылмаймын.

Келеді әнге келсең, бұлбұл дегім,

Қыран болса, қондырар тұғыр дайын...

 

Мен аққумын көлдегі,

Сен сұңқарсың шөлдегі.

Арманына жете алмай,

Құрбың әбден шөлдеді.

 

Дәнеш:

 

Қып-қызыл түлкідейін сылаңдайсың,

Талдай боп желді күнгі бұраңдайсың.

Қол ұсынсам, жетпейтін арман болдың,

Тілегімді көңіліңмен құп алғайсың.

 

Әдиша:

 

Құрбыжан, құпияң көп сырлы екенсің,

Әніңмен көңілімді гүлдетерсің.

Жүрекке тілегіңді ұялаттым,

Өмірде қол ұстасып бірге өтерсің.

 

Айтыстың Әдиша қыз нәріне енген,

Жасырмай ақтарады бәрін елден.

«Жүректе тілегіңді ұялаттым...»,

Қозғады әңгімені әріменнен.

 

Амал не, басы бірақ бұғалықта,

Бұғалық үзілмейді, бұл – анық та...

Ел үшін айттырылған бір малайға,

Қалмақтан келіп қайтқан құдалық та.

 

Кіріптар тұрмыс солай шырықты алған,

Еркіндік еріктен тыс ырықталған.

Салса да сандуғаштай сайран әнін,

Амалсыз құлын-ғұмыр құрықталған.

 

Айтыстың жауаптасу кәдесі еді,

Қалықтап қос ғашықтың әні еседі.

Бас жібін бос тастады Әдиша қыз,

Әкетер іліп оны Дәнеш еді.

 

***

 

... Бұл айтыс талай жанды елеңдетті,

Ақындар сауға сұрап өлеңдетті.

Астарсыз ақтарылған айшықты сөз,

Жігіттің сағынышын тереңдетті...

 

Өткенмен айтыс қызу дүбірлетіп,

Атпады қуаныш таң сібірлетіп.

Әдиша – көкейінде,

Сары уайым,

Жіберді жан-жүрегін іріңдетіп.

 

Сезімі сарқылмайды сертпен кеген,

Күйеді сағынышқа өрттен денең.

Әдиша түсінде де «кел» деп тұрды,

Санасын, ақыл-ойын дерт меңдеген.

 

Көлдегі аққу-ару елестеді,

Көкейден өшетұғын емес тегі.

Дәнештің көз алдында сол бір бейне,

Өмірдің басқа жағы көмескі еді.

 

             Жігерлендіру

 

Уайымы шыдатпады жарып, түпте,

Өмірде қалмағандай парық түк те.

Қолында қайраны жоқ жасай қояр,

Әншінің күні ауысты ғаріптікке.

 

Күндіз-түн сал болғандай дөңбекшіді,

Жігіттің мүшкіл халін ел де естіді.

Жанашыр Мәмет ақын бір күн келіп,

Көңілін ойпыл-тойпыл теңдестірді.

 

– Әй, Дәнеш, жап-жас басың – шерленесің,

Қашыпты қарап тұрсақ шерден есің.

Несі бар, сөзі болса, әкетелік,

Есті қыз бәтуасыз ез демесін!

 

Мәметтің үні шықты екпінменен,

Жайыңды естіп сенің жеттім деген.

– Әкетер азар болса қалың малын,

Сұрамас бір қыз үшін көп құн елден.

 

Тұр қане, атыңа қон, тілдес барып,

Жатқанша жапа шегіп, күнде еске алып.

Тастасақ жалғыз сені құса-мұңға,

Біздің де жайымызды білмес халық.

 

Осы сөз – дойыр қамшы тілгіледі,

Әйтпесе не боларын кім біледі?

Өмірдің өзі жол сап қойғанымен,

Қай жаққа дәм айдайды кімді, нені?...

 

 

Серт


 

Мәмет аға... екеуміздің қосылуымызға жол нұсқады. Біз нартәуекелге баспасақ, қосылмаймыз.    ...Сертіміз осы болсын дегендей, қос ерін түйісіп, бал шырынды жұтқандай балбырап кетті екеуі де...

 

                                                                    

«Әнші Дәнеш», Тоқбай Исабек

Серт байласты:

Бір болуға екеуі,

Екеуінде ерік-жігер жетеді.

 

Асып өтіп Талқы таудың кезеңін,

Басып өтіп Көксаланың өзенін.

 

Кебенек сай Сарбұлаққа бет түзер,

Көзсіз ерлік Құлжа жаққа жеткізер.

 

Ең бастысы – бай ауылы сезбесін,

Бағыт – осы. Алла білер өзгесін.

 

Жүректегі  от – көкте жанар жұлдыз ғой...

Нартәуекел. Жүзеге асса күндізгі ой.

 

...Қыз кешікті. Бәлкім, сезім алдай ма?

Сылқ-сылқ күлген бұлақ суы арбай ма?

 

Уәделі жер. Ақ жартаста ақ арман,  

Жетті Әдиша, шәй көйлегі ағарған.

 

Ерке қызын ғашығына табыстап,

Ұзай берді қимас жеңге алыстап.

 

Екі жасты аққайыңдар жасырған,

Қайран дүние!

Кім айласын асырған?!

 

 

Аяусыз тағдыр...


 

Қарағай іші. Тынбайды үні ұлардың,

Елінен қашқан сұрауы кімде бұлардың?

Қыздарды малға сатқызып, шалға айттырған –

Мың батпан мұңы.

Мұнар да мұнар, мұнар күн...

 

Қорлығың аз ба?

Шашылдың қазақ тарыдай,

Ата қонысың өзіңе бақ боп дарымай.

Дүрбелең дәуір, құтымды неге қашырдың,

Аяусыз тағдыр.

Аязы қатты, қарыды-ай.

 

Отыз жеті мен отыз сегіздің зардабы –

Қытай жерінде қазақты талай жалмады.

Шыңжаңда билік Шн-Ц-Сай жауыз қолында,

Үрімші, Құлжа тысқары одан қалмады.

 

Белгісіз еді ел-жұрттың онда ертеңі,

Әдиша қызға бұйырмай қазақ өркені.

Қанқұйлы қалмақ есіктегі құл малшыға –

Атастырғаны өзекті тіліп, өртеді.

 

Жылай да жылай көзінен елдің қан ақты...

Түрмеге жапты.

Қазақты солай талатты.

Құтылу үшін қаймығып әке тажалдан –

Әдиша қызды беруді жөн деп санапты...

  

 Талқы асуы

 

-      Оу, қариялар-ау, бейғам отырғандарың не?

Әдишадан айырылыппыз ғой!

 

Ес қалмады бар-жоқты сұрасуға,

Тосқауылдар қойылды қыр-асуға.

Сақшы шығып, аттанды қуғыншылар –

Мыңжылқы мен Көксала, Тураасуға.

 

Қыз жағының намысы жібермеді –

Тапты екеуін қатулы ел, шідерледі.

Қан-жоса ғып қамшылап, атқа өңгерді,

Қос ғашықтың қайғысын білер ме еді...

 

Істің жәйі белгілі ноқталанған...

Орта жолда қос ғашық отта қалған:

- Ала берме туған жұрт шаужайымнан,

Қайда тартып әкеттің, тоқта, жалған...

 

Қош айтысып барамын Дәнешіммен,

Айырылдым басымдағы бар есімнен.

Көрем бе, көрмеймін бе, құдай білер,

Жүректе махаббаттың нәрі есілген.

 

– «Жаным құрбан!»

Дәнеш те жұбатты ма?

Талқы асуы сезімге тұрақты ма?

Екі жаққа айырды тағдыр-тажал,

Қос мұңлықты тепкілеп жылатты да...

 

Әкетті алып жігітті атқа өңгеріп,

Қуғыншылар жосылды шатқалда өріп.

Түсіргенге тұтқынға қылмыстыны,

Бара жатыр сабаздар мақтан көріп.

 

Адамдардың ниеті тазарса-ау бір,

«Қарғысы – оқтай әкенің», назасы ауыр...

Әкетті алып Кеңсайға не Сүйдінге –

Байлап-матап Дәнешті. Жазасы ауыр.

 

Бәтуа жоқ тірлікте қайғыңды алар,

Қауқар қалмай барады айбын болар.

Қос аққудай Дәнеш пен Әдиша қыз –

Енді қайтып қонбайды айдынға олар...

 

 

        Зұлымдық құрбаны

 

Әдишаны әкелді ұстап, талап...

Қадамы үшін ол басқан кішкене ағат.

Кетер еді көкке ұшып беталбатты,

Ғайыптан бір біткен бе құсқа қанат?

 

Сұлады кеп іргеге екпетінен,

Арман-үміт кетті ұшып бет-бетімен.

Шыға алмады өмірдің ырығынан,

Шыға алғанда, не айтпақ көпке кілең?

 

Отқа түсіп анасы шырылдайды,

Кешіруге көндірді Тұғылбайды.

Әдишада қан-сөл жоқ, дертті болды,

Қайғы-уайым ақылын жырымдайды.

 

Аман келсе Дәнеш деп елеңдейді,

Қыздың шері көз жаспен төленбейді.

Бақсы алдырып, ұшықтап, дем салдырды –

Күннен-күнге хәлі ауыр, төмендейді.

 

«Қызын беріп жыртығын бүтіндемек,

Қыздан ғана бола ма бүкіл көмек?

–Жоқ! – деп тұрды орнынан, – қателік – бұл!»

Белін буып, түпкілік бітімге кеп.

 

–Ұзатамын қызымды жөніменен,

Дәурен сүрсін бақытты теңіменен.

Жылатыппын шикі өкпе жалғызымды,

Еркелеген қайтейін, елігім ең...

 

Беу, жалған-ай!

Кесімнің кеш келгені,

Бекер ме еді? Көз жасты ескергені.

Жалған өмір пенденің қалауына,

Сырт айналып, бәрібір дес бермеді.

 

Біле алмаймыз жазғанның бәлесін көп,

Ғашықтарға килігер кәде, сын – көп.

Жанын қиды таң сәрі Әдиша қыз:

«Бұл дүниеден кеттім мен Дәнешім деп»...

 

Әдиша қыз – құрбаны зұлымдықтың,

Қос ғашықтың мұңдарын, күйін ұқтым.

Дәнеш салған әндердің әуезінде –

Ғашық-сезім тұрғандай құйылып тым...

 

***

 

Дәнешті түрмеге сап, үкім еткен,

Жазаға ұшырады хикіметтен.

Көңілдің көк айнасы шытынады,

Тағдырдың терезесі шытыр еткен.

 

Күлімкөз, оймақ ауыз

Көлеңдеді,

«Айырған қандай адам сенен мені?

Екеуміз табысып ек ғашық болып,

Біздерді қосқан әлде өлең бе еді?»

 

Көзіне елестейді шырайлы ажар,

Шыдады темір торда бір айға азар.

Хабар жоқ Әдишадан.

Назаланды,

«Салмады бізге неге Құдай назар?»

 

«Әу» десе көмейден ән құйылады,

Көңілі нілдей болып сұйылады.

Таяқтан сүйекке өткен қаймықпайды,

Запыран кеудесіне жиылады.

 

 

Әншінің бұлбұл болған меселі өлген,

Байқаса шыққан екен кесел елден.

Екеуін ажыратқан ағайын ба?

Ештеме асқан емес пешенеден.

 

Дәм тартып құтылды ақыр тұзақтан да,

Жол шегіп жүре берді ұзақ таңға.

Бір елден Әдишаның жоғын естіп,

Құлады...

Қырсық тегі ұзатқан ба?

 

Сөзіне мына жұрттың иланбады,

Ақты жас. Құйылды ма, миға қаны...

– Әдиша! Әдиша жан, өлгенің бе?

Өмірдің бұзылды ма иран-бағы?

 

Әншінің ақылы ауып, есі қашты,

Таң атып, мезгіл болса бесін асты.

Тағдыры қарсы алдынан бұл білмейтін –

Беймәлім.

Мүлде бөтен есік ашты...

  

        

 Саясында алманың


 

Алма үзгенде сен кеше алма ағаштан,

Жаулығыңды мойныңнан ала қашқам,

Саясында алманың.

Қуып келіп жармасып тұрғаныңда,

Көріп едім гүлдерін жаңа ашқан,

Саясында алманың.

 

Алма бақта қос ғашық сыр ақтарған,

Не күткенін білмеді бірақ та алдан.

Алма үзеді ару қыз қылық тастап,

Арман ағып жатады бұлақтардан.

 

Нарттай қызыл алманың иісі қандай,

Жей алмайсың шіркінді сүйсіне алмай.

Жаулығына қол созып Дәнеш қыздың,

Бұл бақытты тұрғаны түйсіне алмай.

 

Бойжеткен де жымиып, ынтығады,

Кеудесінде жүрегі бұлқынады.

Екеуінің сезімі сағымданып,

Айдалаға лапылдай ұмтылады.

 

Алма ағаштың гүлдері түрленеді,

Түйін тастап шіркіндер үлгереді.

Әппақ қауыз шашылып қалған кезде,

Әдиша қыз сол жерде жүрген еді...

 

Есіңде ме барғаның алма баққа?

Мені сезім тағы да алдамақ па?..

Біздер ғашық жандармыз қосылмаған,

Құлап кеткен арманы жарқабаққа...

 

...Ерке лақтай наздана бұлаңдадың,

Жадыңда ма өзеннен су алғаның?

Көзің қандай мөп-мөлдір нәркес еді,

Ойымда әлі баладай қуанғаның.

 

Бір тамшы жас тамғаны есіңде ме?

Хикаяттың тармағы есіңде ме?

Сан ойлардың салмағы есіңде ме?

Ғашық жанның арманы есіңде ме?

 

От боп күйіп-жанғаным есіңде ме?

Ақыл-естен танғаным есіңде ме?

Саясында алманың...

      Есіңде ме?

Саясында алманың...

Сені сүйіп қалғаным!

Есіңде ме...

Есіңде ме...

 

***

 

 

Жанардан тамған бір тал жас – арман көліндей,

Қайдасың қалқам?

Кеттің ғой мүлдем көрінбей...

Дәнештің әнін сағынып сен де жүрсің бе?

Басынан сипап өнерлі ұлдың өрімдей...

 

Аққуын...

әлде аспанын аңсап жетті ме? 

Таулар да ән сап, баулар да ән сап кетті ме?

Айтты ма сырын атажұртына, аяулым –

Айналдым сенен, бас иген асыл тектіге!

 

Белжайлау мүлгіп,

Баркөрнеу жыр боп еседі...

Бурақожырдың гүрілі құлақ теседі.

Әншінің үні қозғады бәрін, жаңғыртты –

Естіген ел-жұрт: «Әсет тірілді!» деседі...

 

Тыңдашы қалқам,

естіліп тұр ма таныс ән?

Өзіңдей мен де сағынған жанмен табысам.

Жетісуымның Бұлбұлы – Дәнеш сайраған,

Өнер көгінің «Ән Ақберені» - Ол. Танысаң!

 

Өнер көгінің

«Ән Ақберені» - Ол.

Танысаң!!!

 

 









Гүлбақыт ҚАСЕН


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар