Дәулетберді Жекей: Біздің жақта жалғыз ғана мезгіл бар...
Бөлісу:
Дәулетберді Жекей – талабы зор жас ақындардың бірі. Дәулетберді 1995 жылы 4 қаңтарда Моңғолияның Баян-Өлгий аймағы, Қызылқайың ауылында дүниеге келген. Топтама өлеңдері «Ертіс толқыны» жинағында, «Шұғыла» журналы мен түрлі мерзімді басылымдарда жарық көрген. Қазір Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік университетінің студенті. Халықаралық, республикалық әдеби конкурстардың жүлдегері.
Дәулетбердінің бір топ өлеңдерін әдебиеттанушы ғалым Ерболат Баятұлының білдірген ағалық лебізімен қоса жариялай отырып, «Әдебиет порталы» жас ақынға шалқар шабыт тілейді!
Өлең өлкесіне ат басын бұрған әрбір жас ақынның өлеңдерінен жаңа леп, жас иіс іздейтінің өтірік емес. Өмірді қабылдаудың өзіндік формуласы жоқ десек те, ақын жүрегіндегі әр бір лүпіл мен дүрсіл сол өмірдің тамырындай соғып тұратыны тағы рас. Әңгіме сол лүпілді қалай бере білгенін де болса керек. Жас ақын Дәулетберді Жекейдің өлеңдеріндегі жас тынысты, балалық демді сезінгендей боласың. Ақын әлдекімдерше жалаң пафосқа, әсіре бояуға бой алдырмай, жүрек қылын шерткен әр қилы құбылысты өзінше суреттеуге бейім. Сезім мен ойдың ішкі иіріміне ден қояды. Жарыспалы, салыстырмалы ойдың параллелін қолданады. Ол өзінің бір өлеңінде: «...Біздің жақта жалғыз ғана мезгіл бар. Ол – негізі күз ғана», - дейді. Ішкі сезімді, дүниені қабылдауды бір ғана мезгілмен астастыру, ол – ақын әлемінің өз бояуы. Ал, «Ана» атты өлеңіндегі «...Кейде, Ана, етегіңе тығылып, ағыл-тегіл жылап алғым келеді», - деген жолдар таза табиғилығымен, шынайылығымен баурап алады. Көзді алдайтын, көңіл сенбейтін құбылмалы көркемдіктен ада. Ақындық болмысын осылай қалыптастырып, шабыт шағаласын алысқа ұшырып ұшыра берсін! - деген ізгі тілектеміз.
Ерболат Баятұлы, ақын ҚР Жазушылар одағының мүшесі.
ОЛ КЕЗДЕ...
Ол кезде сен бала едің.
Мен де бала.
Тұрушы ең жанымда үнсіз жерге қарап.
Ар жағыңда жасырынып діріл, кемсең,
Маған қарап сәл ғана күлімдеуші ең.
Ұялғаның – ұлы бір сұлулық-тын.
Білем,
Менен өзгеше жылу күттің.
Мен бейбақ оны-дағы бере алмаппын.
(Жаныма жан болсаң да ең ардақты)
...Ол күндер қазір бізден жырақтаған.
Жанымда қалғаны тек сұрақ ғана.
Ойлармен кеште оңаша отырғаннан,
Философ болуға да жақын қалғам.
Ал сен ше?
Баяғыдай ұяңбысың?
Бір кеште ұшып кеткен қиял құсым.
Ешкім де түсінбейтін тылсым, бөтен,
Өзіндік әлеміңде жүрсің бе екен?!
Сағынам...
***
Бұл өлкенің Аспаны – сенің бейуаз жанарыңдай
Неге сонша жылауық?!
Әлсін-әлі жылай берді-ау түн ауып.
Көк аспанның көз жасы боп ағатын
Сенің мұңың – сірә, бұлт.
Сол бұлтыңның нөсеріне бейкүнә үнде төгілген,
Менің жаным көмілген.
Сырларыңның сыбырынан ойларыма мұң сіңіп,
Қара жердей өзегімнен өлең болып өрілген.
Сенің мұңың сірә – бұлт!
БІЗДІҢ ЖАҚТА ЖАЛҒЫЗ ҒАНА МЕЗГІЛ БАР
Көктем қашан келеді деп сұрама!
Басқа жаққа ауып кетсе, білмеймін...
Ол келмейді-ау сірә да.
Сызда, жүрек!
Сызда, мейлі, сыздама!
Біздің жақта жалғыз ғана мезгіл бар.
Ол – негізі күз ғана.
Шындығында, бәрі жалған.
Ал, наншы!
Жаз, қыс, көктем дегендердің
Барлығы да алдамшы.
Жаз – жақсылық дегенімен көп сыншы.
Жаз – қуаныш, жаз – мереке дегендер
Жаңбыр сынды өткінші.
Десек тағы қыс – сезімдер мекені.
Сенім, достық дегендердің барлығы
Қар секілді... кетеді.
Ал көктем бе?
Махаббатқа теңейді оны елдер көп.
Махаббатта жолы болған жандарды
Әлі күнге көргем жоқ.
...Мейлі, мейлі.
Мен болайын әңгүдік.
Күз келгенде жапырақтай сарғайған
Сағынышым – мәңгілік.
P.S
...Біздің жақта жалғыз ғана мезгіл бар.
Ол – негізі күз ғана!
АПА
І
Қызықтары болғанымен қаншама
Мына өмір қатал. Оны білем ғой.
Бірдемеден сіл көңілі қалса да
Сізге келіп жылай салар ұл ем ғой.
Ренжіп-ақ қала берем бәріне.
Рас, жалған айтпаймын ғой. Ант етем.
Жасым қанша есейгенмен, әлі де
Көңілім сол сәби күнгі қалпы екен.
Сол баяғы... аңқылдақпын, аңғалмын.
Барлық әлем ақ екен деп қалғам ғой.
Бірақ менің көңілімді аулар кім?!
Анығында, өмір деген – жалған ғой.
Тірлік қанша болғанымен тайталас,
Ешкімнің де құтын алған емеспін.
Бәз біреулер мендік мұңды байқамас,
Сосын тағы түсінбейді мені ешкім...
Жазық жерден жүрем ылғи сүрініп,
Ақын деген – ақымақпын, себебі.
...Кейде, Апа, етегіңе тығылып.
Ағыл-тегіл жылап алғым келеді...
ІІ
Жүргеніммен қу тірлік деп қарманып,
Күлгеніммен күлгін түске алданып,
Жалғыздығым жылайды ылғи ішімде
Тар маңдайдан түн ауғанда, зар қағып.
Солай. Рас. Сіз кеткелі жалғызбын.
Қарманам деп талай қыршын талды үздім.
Сар(ы) сағыныш, күрең ойлар нығарлап
Қоржынын да толтырыппын сан күздің.
Сайқал сана арбауынан басталған,
Күндер де бар көңіл-күйім хош болған.
Менде қалай бәрі дұрыс болмасын?!
Жұмыс, тірлік... сосын тағы «достар» бар.
Сандырақ – бұл! Жиі-жиі сандырам.
Сан ойлардың етегінде қаңғырам.
Жүрегімді обалыма үсітіп,
Қиялымның бұрышында қалғығам.
Тірлік... «достар»... құлақ түбім жауыр ән.
Мен де жиі жалғандықпен ауырам.
Жабырқасам бұ фәниде жалғыз қап,
Сізді және бақи жақты сағынам!
Апа...
Бөлісу: