Әлімхан Жүнісбек. Қазақ жазуы: төл дыбыс – төл әліпби

Бөлісу:

14.04.2017 32811

1.ӘЛІПБИ АУЫСТЫРУ
ЖАЗУ РЕФОРМАСЫНА АЙНАЛУ КЕРЕК

1. Өтпелі дәуір кезіндегі кез-келген ауқымды шара, ол экономикалық шара болсын, әлеуметтік шара болсын, елді бір дүрліктірмей қоймайды. Өйткені ондай шараның, жұртшылық жаппай қатыспаса да, өз жақтаушылары мен қарсыластары болады. Әліпби ауыстыру мәселесі де осы жайды басынан кешіріп отыр. Сондықтан оған таң қалуға болмайды, тек оның себебін дұрыс түсінуге тырысуымыз керек.

1.1. Бірінші, заман тәжірибесі әлеми ақпарат кеңістігіне өтудің төте жолы ретінде латын жазуын көрсетіп отыр. Мұны бұрын аңғарғандар - біздің информатика мамандары. Енді, міне, өзге мамандар да оларды құптай бастады. Әлеми ақпарат кеңістігіне жолын тауып ене алмай қалған елдердің даму қарқыны, сөз жоқ, бәсең болып қалмақшы. Жазуын сақтап отырған қытай мен жапонды алға тартпай-ақ қояық, олардың да ғылыми-өндірістік үрдісі сол латын негізінде дамып жатыр.

1.2. Екінші, сөз жоқ, әліпби ауыстырудың астарында, біздің пайымдауымызша, саяси-әлеуметтік мән жатыр. Орыс жазуынан қашу - көрші империяның сан ғасырға созылып келе жатқан «ағалық» ықпалынан құтылудың бір амалы екені рас. Ендеше, әңгіме кезінде орынсыз көтерілген жоқ. Мұны қазақы көпшілік қауым дұрыс түсініп отыр. Егемендіктің айғақ белгісі салтанат үстінде көрінетін дербес елтаңба, ту мен әнұран болса, күнделікті мазмұнының бірі - жазу. Жазу дегенді тек әріп жиынтығы деп қарамау керек. Жазу әліпби, таңба және емле-ережеден құралады. Әліпби - тілдің дыбыс құрамы, таңба - дыбыстың қауызы, ал емле-ереже - әліпби мен таңбаның ұлттық дәнекері. Олай болса, әліпбиі, таңбасы мен емле-ережесі үйлескен жазу тіл егемендігінің бір кепілі болып табылады.

1.3.Үшінші, тіптен, әліпби ауыстыруды былай қойғанда, қазақ жазуын бір саралап-пысықтап алатын мезгіл жеткендігін көпшілік, оның ішінде тіл мамандары, біліп те, түсініп те отыр. Ендеше бұл бағыттағы шараны тек әліпби ауыстыру деп қарамай, кең қамтып, жазу реформасына айналдыру қажет. Сондықтан әңгімені тек әліпби ауыстыру төңрегінде ғана қалдырмай немесе бір таңбаны екінші таңбаға қалай ауыстырамыз дегенге ғана саймай, жазу төңрегіндегі өзге де мәселелерді қамтып отыру керек болады.

2. Шынына келетін болсақ, қазақ зиялыларын әліпби айтысымен таң қалдыруға болмайды. Өйткені, қазақ жазуының тарихы - «әліпби айтысының» тарихы болып келе жатыр.

2.1. Әліпби ауыстырамыз, ал ауыстырмасақ, бірлі-жарым әріпті қосып-алып, емле «жетілдіріп», әйтеуір, құр отырмаймыз. Ахаңның (Ахмет Байтұрсынұлының) жазуынан латынға, латыннан кирилге көшкеніміз тарихтан белгілі. Кирилге жарлықпен бір-ақ түнде көшкеніміз тағы белгілі.

2.2. Оның үстіне елуінші жылдардың басында қазақтың ы, і, ұ, ү тәрізді төл дыбыстарын ысырып тастап, орыс тілінің и, у әріптерін алғанымыз бар. Тіптен, белгілі бір академигіміз «и, у әріптеріне қарсы шыққандардың пиғылы дұрыс емес» деп, сес көрсетіп, партия журналында дәуіріне лайық мақала да жариялап жіберген көрінеді.

2.3. Ол аз болғандай, КПСС, ТАСС, ООН деп жазу керек деп, айды аспанға тағы бір шығардық. Ең соңында орыс тілінен енген сөздерді «сол тілде қалай жазылса, солай жазып, қалай айтылса, солай айту» керек деп бір-ақ тыныстадық.

2.4. Ендеше, араб, латын, орыс әліпбиінің «қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс» деген сұрақ пен «анау дұрыс, мынау бұрыс» деген жауап бұрын бастан талай өткен. Сондықтан қазір де осы үш жазудың үшеуінің де өз жақтастары аз болмай отырғандығына және олардың бір-бірімен беріспей сайысып жатқандығына таң қалуға болмайды.

3. Бұл басталған «әліпби айтысының» да ауқымы кең, сайыпкерлерінің арыны қатты, үні қатқыл шығып жатыр. Қалай болған күнде де арабтан латынға, латыннан орыс жазуына көшкендегі бұрынғы дәлел-долбарларға тың ұсыныс қосыла қояды деп ойламаймын. Өйткені бар-жоқтың бәрі бұған дейін, сонау отызыншы жылдары-ақ, ортаға салынып болған.

4. «Күнімізді көре алмай жатқанда» деп аузымызды қу шөппен сүртпейік. Шүкіршілік, еңсе көтеріп, жан-жаққа қарайтын шамаға жеттік. Мемлекетіміз ешкімге жалтақтамай, тірлік істейтін дәрежеге жетті. Енді күн көрістің ғана қамы емес, қоғами-мәдени болашақтың қамын жеуді де ұмытпау керек. Ал, шындап келгенде, білген адамға латын арқылы әлеми ақпарат кеңістігіне өту, жоғары технологияны игеру - сол күн көрістің деңгейін көтерудің ең ұтымды амалы.

5. Бүгінгі әліпиді біреу мақтайды, мақтағанда да шарықтатып жібереді. Енді біреулердің, жұмсартып айтқанда, көңілі толмайды. Сол көңілі толмайтындардың бірі - біз. «Біз» деп қазақ тілінің дыбыс саласында еңбек етіп жүрген тіл мамандарын айтып отырмын. Олардың арасында кеше ғана арамыздан кеткен әріптесіміз профессор Сапархан Мырзабековты ауызға алдымен алуға тура келеді. Марқұм әріптесіміздің «өзіме өгей өз тілім» деген жан айқайы баспа беттерінде мақала ретінде талай жарық көрген болатын. Ғалым қазіргі қазақ тілі жазуындағы тіл бұзар емле-ережелерге қарсы күресіп өтті. Енді, міне, ғалым аңсаған еркіндік заман келіп жетті, алайда мәңгүрт санамызға сіңіп қалған сол тіл бұзар емле-ережелерден құтылу оңай болып отырған жоқ. Оны осы қазіргі «әліпби айтысының» тұсында айқын көріп отырмыз. Тіптен басқаларды былай қойғанда, тіл мамандарының арасынан орыс тілінің и, у тәрізді кірме «жетістіктерінен» айрылғысы келмейтіндер табылып жатыр. Олар оны қазақ тілінің «даму жетістігі», тіптен «жаңа сатыға көтерілген түрі» деп бағалап, қазіргі орыстекті ми, ки, су, ту деген жазуымызды латын негізінде mi, ki, tu, su деп жазуды ұсынып отыр. Егер қазақтың мый, кій, сұу, тұу деген сөздерін қайтадан mi, ki, tu, su деп, қазақ сөзінің түбір, буын, морфем айтылымын бұзып жазатын болсақ, онда әліпби ауыстырмай-ақ орыс жазуында қала бергеннің өзі жөн.

6. Қазіргі әліпбиімізді «қазақ әліпбиі» деп атаудың еш реті жоқ. Өйткені ол «қазақ әліпбиі» емес, «қазақ-орыс әліпбиі», тіптен ақиқатын айтып «орыс-қазақ әліпбиі» десе де болады. Өйткені әліпбиіміз бір тілдің емес, әлдеқашан қос тілдің әліпбиі болып орнығып алды. Латынға қарсы мамандар «құдай бере салған 42 әріптен айрылып қаламыз, сол 42 әріп арқылы кез-келген сөзді жаза береміз» дегенді алға тартады. Орыс жазуынан айрылып қалсақ далада қалатындай сезінеміз.

6.1. Біріншіден, ешбір мемлекет, ешбір ғылыми жұртшылық әліпби санының (құрамының) көптігін айтып мақтанбайды. Әріп саны көп болды деген сөз – ол тілдің әліпбиінде бір кемшілік бар деген сөз. Әріп саны неғұрлым кем болса, ол солғұрлым жетілген әліпби болып саналады.

6.2. Латын әліпбиіне байланысты, қосақ арасында, ағылшын жазуын ұрса беруге болмайды. Керісінше, ағылшын жазуының тәжірибесін пайдалану керек. Өйткені олар аз таңбамен көп дыбысты белгілеудің ұтымды амалын көрсетіп отыр. Емле-ережесі күрделі болғаннан ағылшын жазуы түк те ұтылып отырған жоқ, керісінше, әлеми ақпараттық кеңістікке бірінші болып шығып, қай салада болмасын көш басында келеді.

6.3. Жақсы, орыс жазуы арқылы енген сөздерден айрылғымыз келмейді екен, айрылмай-ақ қояық. Ал, бірақ орыс тілінен енген дыбыстарға арнайы таңба іздеп әуре болмау керек. Оның амалын тағы да ағылшын жазуының тәжірибесі көрсетіп отыр. Ағылшындар да орыс тілінің сөздерін пайдаланбай отырған жоқ, пайдаланып отыр. Алайда сол үшін қосымша таңба іздеп, әлек болып жатқан жоқ. Тіптен қосымша таңба іздеу деген ойларына кіріп-шығып жатқан жоқ. Өздеріндегі бар таңбаны пайдаланып, емле-ереже жолымен өзге тілден енген сөздерді жазып пайдаланып отыр. Оны күнделікті гәзет-жорнал беттерінен, теледидар айнасынан күнде көріп отырмыз. Ендеше латын әліпбиі арқылы орыс сөздерін қалай жазамыз деп сары уайымға салынудың керегі жоқ.

6.4. Осыған байланысты есте болатын нәрсе - ешбір мемлекетте кірме сөздердің жазылуына деп қосымша таңба ойлап таппайды, не де болса өз әліпбиінің құрамынан шығады. Кірме дыбыстарға бола жаңа таңба алу деген тек бұрынғы Кеңес құрамындағы түркі республикаларында ғана болды, олардың ішінде біз де бармыз.

7. Біздің тілімізде, орыс тілінің «игі» әсері деп, кезінде зорлықпен енгізілген ережелердің басы баршылық. Ондағы мақсат – қазақ сөзінің айтылымын орыс сөзінің айтылымына мейлінше жақындастыру болатын. Бұл мақсат көп жағдайда орындалды. Соның нәтижесінде «тоталитарлық фонологизация, тоталитарлық фонемалар» мен «тоталитарлық фонетистердің» пайда болғаны рас. Оларға қазақ сөзінің өз айтылым үлгісі бар екенін түсіндірудің өзі қиын. Жазу сол қазақ сөзінің төл айтылым үлгісін сақтаудың амалы болу керектігін түсіндіріп әлек болып келеміз. Түсіндіре бастасаң болды, «ескіні аңсап отыр», «өмірдің ағымынан қалып қойған» т.б. атақтарды жапсырып шыға келеді.

Мұндай жағдайда қазақ тілінің төл айтылым үлгісін (сөздің айтылым әуезі, буын құрамы, морфем заңдылықтары, тасымал реті, сөйлеу ырғағы) сақтап қалу үшін «ескіні де аңсап, өмірден де кеш қалып жатуға» тура келеді. Біздің жанымызға «ескішіл» атанып, «өмірден кеш қалғандығымыз» емес, ана сөзінің тұрқы бұзылып бара жатқандығы батады. Сондықтан қазір жан аяп, жан аясып қалатын кез емес. Көресіні орысша тәлім алған орыс тілді ағайындарымыздан көретін боламыз. Орыс жазуы арқылы тілі шығып, құлағына сіңген дыбыс пен қолы жаттыққан әріптің бәрін қазақ тіліне әкеліп тықпалай беруге болмайды.

7.1. Орыс тілінің ықпалына байланысты «игі» деген сөзді бірде тырнақшаға алып, зиянын көрсетіп, бірде тырнақшасыз жазып, пайдасын дәріптеп отыруға тура келеді. Жақында, Елбасымыздың «біз орыс тіліне қарсы емеспіз, біз оның қазақ қауымына қалай ендірілгенін құптамаймыз» деп, мәселенің басын ашып айтқаны есімізде. Бұл көпшілік көкейінде жүрген көп ойдың шын ақиқаты еді. Сондықтан әліпби ауыстыруды белгілі бір елдің тіліне не жазуына қарсылық деп түсінбей, тағы да қайталап айтамыз, қазақ тілінің жазуына реформа жасау деп бағалау керек болады.

7.2. Әрі қарай орыс тілінің тырнақша арқылы жазылатын «игі» ықпалына ғана тоқталамыз. Егер бүгінгі жазуға байланысты науқанды жазу реформасына айналдыра алсақ, онда қазіргі қазақ жазуының емле-ережесінің көптеген жаңсақ тұстарынан арылар едік. Себебі кезінде араб дәстүрімен, кейіннен орыс жазуының ықпалымен енген бір топ кірме әріптер мен емле-ережелер қазақ тілінің ішкі айтылым заңдылықтарына кереғар келіп жатыр. Соның нәтижесінде жазумен тілі шыққан кейінгі жас ұрпақтың, тіптен, жас ұрпақ қана емес, ересектердің де тілі бұзылып барады. Мысалы, мектептен бастап «мынау - и» деп орыс тіліндегідей жіңішке айтқызып үйретіп, сонан соң жартыкеш емлеге сүйеніп, қазақ сөзін ми деп жазып қоямыз. Сөйтіп, қазақтың ый, ій деген дыбыс тіркесін орыстың и деген дауысты таңбасына байлап беріп, ми деп жазып, кейінгі ұрпақты мый деп айтқыза алмай әлек болып келеміз. Осыдан кейін баланың қазақтың мый деген сөзін ми деп жіңішке айтпасқа амалы жоқ. Бүгінгі күндері солай айтып та жүр. Жас ұрпақ тілінен мұндай мысалдарды көптеп табуға болады.

7.3. Тіл мамандары орыс жазуының мұндай тіл бұзар әсерін көрмей отырған жоқ. Қазақ жазуына жасалар болашақ реформаны (тек қана әліпби ауыстыру емес) тіл бұзар емле-ережелерден құтылудың бір амалы деп түсініп отыр. Сондықтан орыс тілінің ықпалы дегенде, орыстың тілін емес, оның төркіні бөлек емле-ережесінің туыстығы бөлек қазақ тіліне орынсыз тықпаланғандығын айтамыз. Табиғаты бөлек орыс әліпбиін орыс тілінің емле-ережесімен қоса алғандықтан, қазақ сөзінің айтылым үлгісі сол жазу келген тілдің қанжығасында кеткені рас. Бұл - ғылым дәлелдеп, тарих көрсетіп отырған жай. Оған дәлелді алыстан іздемей-ақ, орыс жазуының үлгісімен қалыптасқан қазіргі ұрпақ тіліне көңіл бөлейікші. Күні-түні үйде де, түзде де көз алдымызда тұрған орыс жазуы жекелеген қазақша дыбыс түгілі, тіліңді де ұмыттырып жібере жаздаған жоқ па ?

7.4. Осыған орай, «қазақтар орыс тілін үйренуге өте икемді, таза сөйлейді» деген өте жаңсақ пікір бар. Қазақтың өзге ұлттардан артық түгі жоқ, ал грузин мен армиянның, латыш пен эстонның аузы-мұрнында не ынтасында еш кемшілік жоқ. Гәп - олардың әліпби таңбасының бөлек болғанында да емес, сол ана тілі жазуының ішкі емле-ережесінің бөлек болғанында. Олар орыс тілінде и дауысты дыбысы бар екен деп и әрпін, у дауысты дыбысы бар екен деп у әрпін, ф дауыссыз дыбысы бар екен деп ф әрпін, ц дауыссыз дыбысы бар екен деп ц әрпін алып отырған жоқ. «Орыс сөзі қалай жазылса, солай жазайық, қалай айтылса, солай айтайық» деген емле-ережені алу олардың ойына да кіріп-шыққан жоқ. Ана тілінің емле-ережесі бөлек болған соң, бала күннен өзіндік дыбыстау үлгісі қалыптасады. Бертін келе орыс сөздерін бұзып сөйлейтіні сондықтан. Ал, армиян-грузин, латыш-эстон тілінің әліпби тұрқына байланып қалған ерекшелік болса, онда неге орыс тілінің емле-ережесімен сауат ашқан грузин, армиян, латыш, эстондар орысша тап-таза сайрап отыр? Ендеше, екінші бір тілде жақсы сөйлеу деген – сол тілдің емле-ережесін жақсы меңгерген деген сөз.

8. Тілдің айтылым емле-ережесі мектеп оқулығынан басталады. Ендеше қазақ сөзінің айтылымын орыс сөзінің айтылымына жақындастыру сол мектеп балаларынан басталғанын байқамай келдік.

8.1. Кез келген қазақ тілінің оқулығын алыңыз да бетін ашыңызшы. Қайран қаласыз! Қазақ тілінің өзіне тән дыбыстары деп 7-8 әріпті бөліп қояды. Сонда не, өзге дыбыстардың бәрі қазақтікі емес пе? Қазақ дыбыстарын осылай бөлектеудің өзі шәкірт санасын тұмшалап, есейгенде мәңгүрт қылады. Сөйтіп, 26 (28) дыбысымыздың бәрінің де (!) дыбысталуы сол іспеттес орыс тілінің (сол іспеттес араб т.б.) дыбыстарына баспа-бас ұқсай қоймайтыны, дыбыстардың өзара тіркесім емле-ережелері мүлдем бөлек екендігі не тіл мамандары – біздің санамызға жетпей-ақ қойды, не оқулық авторларының қаперіне ілінбей-ақ қойды. Дыбыстарымыз бірдей, әріптеріміз бірдей деп ұзын желінің аяқ жағына басымызды тұқыртқан өзіміз екен, кімге өкпелейміз? «Ұра берсе құдай да өледі» дегендей, жазуымызды орыс жазуына теліп, орыс жазуының емле-ережесінің мұртын бұзбай көшіріп алып, орыстармен бір-біріміздің иінімізге дем алып отырсақ, орысша біз сайрамағанда, кім сайрайды. Ендеше «орыс тілін үйренуге икемдіміз» деп әсіре мақтанға салынбай, алдымен табиғат-тәңірі берген тілімізге ие болайық.

8.2. Жазудың сөздің айтылым үлгісіне ықпалы зор екенін ескерсек, жазу жүйесін қалыптастыруға жауапкершілікпен қарау керек. Ол үшін жазу ережелері (әліпби құрамы, таңба үлгісі, емле-ережесін бірге қарау керек) сол тілдің ішкі табиғи заңдылықтарына телінгенде ғана жүйелі жазу шығады.

9. Қазіргі кезде ағылшын тілінің ықпалы өте күшті болып тұр, солай бола да бермек. Ағылшын тілінің ықпалынан, тіптен, орыс тілінің өзі жасқана бастады.

9.1. Ағылшындардың өздері де емле-ережесінің (әліпбиінің емес) әлсіз тұсын мойындайды. Бірақ олар «Манчестер деп жазып, Ливерпуль деп оқимыз» деп, мәдениетті түрде күліп қояды. Біріншіден, ағылшын тілінің емле-ережесі қазақтарға емес, ағылшындарға арналған. Екіншіден, ағылшындар мұндай емле-ережені өздерінің қырықтан аса дыбыстарын бар болғаны жиырма алты таңбамен беру үшін үнемді ойлап тапқан. Сондықтан да олардың ойына тілінің емле-ережесін өзгерту деген әрекет кіріп-шығып жатқан жоқ. Біз болсақ, «жығылып жатып, сүрінгенге күледінің» кебін киіп, өзіміздің 26(28) дыбысымызға 42 таңба алып отырып, 46 дыбысын бар болғаны 26 әріппен белгілеп отырған шеберді мұқатамыз.

9.2. Кім не десе, о десін, біздің ойымша, ағылшын тілінің емле-ережесі аз таңбамен көп дыбысты қамтудың ең озық үлгісі болып табылады. Сондықтан да ағылшын жазуы сол емле-ережісімен-ақ бүкіл дүние жүзін игеріп келеді.

9.3. Шындығында, өзге тілдердің де, оның ішінде қазақ тілі де бар, айтылым емле-ережесінің оңай болып тұрғаны шамалы. Жалпы, қай тілдің болмасын, ең қиын жері оның айтылым емле-ережесі болып табылады. Айтылым емле-ереженің оңайы болмайды. Екінші бір тілді үйрене алмау сөз жаттаудың қиындығынан емес, азды-көпті сөзді әркім-ақ жаттап алады, сол тілдің айтылым емле-ережесін меңгере алмағандықтан болады. Латын әліпбиі мен ағылшын тілінің емле-ережесін шатастырмау керек. Өйткені ағылшын тілінің емле-ережесін ешкім көшіріп алайын деп отырған жоқ, әліпби латындікі (ағылшындікі емес) болғанымен, емле-ереже қазақтың өзінікі болады. Қазақ жазуы үшін ағылышын тілінің емле-ережесінің еш қажеті жоқ, өйткені қазақ тілінің төл дыбыстары бар болғаны 26 (28), компьютер түйметақтасындағы 26 түйметаңба толық жетіп жатыр. Бір дыбыс - бір таңба болып құйылып тұр.

9.4. Кирилшілердің тағы бір дәйегі - бұрынғы орыс жазуы негізіндегі жазба мұраларымыздан айрылып қаламыз, ертең оларды ешкім оқи алмай қалады деген қауіп екені рас. Орыс жазуын бүгін-ертең ешкім өшіріп тастайын деп отырған жоқ. Мамандардың ұсынысы бойынша кирил жазуы латын жазуымен он-он екі жыл қатар жүреді. Оқулықтар жыл ретімен бірте-бірте латын жазуына көшіріліп отырады. Әдеби шығармалар мен көпшілік ғылыми еңбектер де сол ретпен жаңа жазуға ауысып отырады. Бұрынғы жарық көрген шығармаларымызды бәрі бір қайта баспай отыра алмаймыз ғой. Ендеше олар латын үлгісінде толық болмаса да жеткілікті түрде үзбей жалғаса жарияланып отырады. Қазіргі ұрпақ кем дегенде жарты ғасыр кирилді ұмытпайды ғой, ендеше орыс жазуымен көзін ашқан ұрпақ жазба мұрағаттарымыз оқылмай, мақұрым қаламыз деп уайымдамай-ақ қоялық.

9.5. Оның үстіне болашақ ұрпақты үш тілді (үш тұғырлы) етіп тәрбиелеу мәселесі мемлекеттік шараға айналып отыр. Сол үш тілдің бірі орыс тілі болып қала береді. Өркениетті елдердің тәжірибесі де көп тілді ұрпақ тәрбиелеу қажеттігін көрсетіп отыр. Қазақстанға келген шетелдіктердің кез-келгені кем дегенде екі-үш тіл білетінін көріп жүрміз. Олар бізден қазақ тілін үйретуді сұрайды, біз әңгіме арасында «Өмір бойы бір ғана орыс тілін үйреніп келеміз, соның өзінде сол бір тілді аяғына дейін меңгере алмай қойдық. Ал сендер болсаңдар, кез келгенің бірнеше тіл білесіңдер. Соның себебі не?» деп сұрап қаламыз. Сонда олардың бізге айтатыны: «Егер Батыста жақсы тұрамын десең, ісім өнсін десең, онда көп тіл білуің керек» дейді. Батыс елдерінде көп тіл білу – кәсіби жетістік болып саналады. Осы жағдай бізге де келіп жетті. Сондықтан да Қазақстанның тіл саясаты осы бағытта өрбіп келеді. Ендеше орыс тілі ұмыт болып қалады деу орынсыз.

9.6. Қазақ жазушыларының шығармалары оқылмай қалады деген де күмән бар. Оның да жауабын жазушының аузымен қайтарайық. Әліпби мәселесіне қатысты бір «дөңгелек үстел» үстінде белгілі жазушымыз Қ.Жұмаділов «Оқылатын шығарма қай әліпбимен жазылса да оқылады, оқылмайтын шығарма қай әліпбимен жазылса да оқылмайды» деп қысқа қайырып еді. Ендеше жақсы шығарма латын әліпбиімен де оқыла беретін болады, тек шығарма жақсы болсын.

10. Жазу ауыстырудың шығыны да бар екені рас. Кез-келген шаруа шығынсыз бітпейді. Латын әліпбиіне өту шарасы да шығынсыз болмайды.

10.1. Алайда шығынның да шығыны бар. Біріншіден, латын әліпбиіне қарсылар кітап басудың, оқулық шығарудың шығынын алға тартады. Сонда немене, латын әліпбиіне өтпесек, кітап баспай, оқулық шығармай отырамыз ба? Сонда немене, кирилше қайта басуға шығын кетпейді де, латынша жаңадан басқанда шығынның астында қаламыз ба? Кітап та басамыз, оқулық та шығарамыз. Оның қағаз шығыны, бояу шығыны, жұмыс күші т.б. жайттарды кирилде қалсақ та, латынға өтсек те бастан өткереміз. Ендеше бұл бағыттағы шығынды латынның шығыны деп есептемеу керек.

10.2. Сонда қалатыны - мамандарды латынға икемдеп, қайта дайындау мәселесі ғана. Оның да артық шығын шықпайтын жолдары көп. Мұғалімдер үшін, жұмыс бағыты бұрыннан қалыптасып қалған, мұғалімдердің білімін жетілдіру институттары бар. Мектептердің өзі латын әліпбиін үйретудің ошағына айналады. Мемлекеттік мекемелер мен жекеменшік кәсіпорындарының өз мүмкіншілігі бар. Қазіргі заманда не көп - ақылы-ақысыз тіл үйрететін орталықтар көп, олар да қарап жатпайды. Жалпы, латын әліпбиін үйренуге көп жылдар керек дегенге өз басым сенбеймін. «Тәуекел» деп кірісіп кетсе, берісі үш ай, арысы жарты жылдың мерзімінде халықтың негізі сауаттанып бітеді.

10.3. Ауыл сауатсыз қалады деп кемсітудің де керегі жоқ, ауыл қаладағы сіз бен бізден бұрын үйреніп алады. Компьютердің тапшылығын алға тартып та керегі жоқ. Осыдан бар болғаны бес-алты жыл бұрын өзіміз үрке қарайтын компьютеріміз бүгінде балалардың ойыншығына айналып кеткен жоқ па? Әні-міні дегенше ауыл көркінің бірі компьютер болады.

10.4. Тіптен, басқаны былай қойғанда, болашақ қағаздың заманы емес, электронды оқу-құралдар мен оқулықтардың, гәзет-жорналдардың, әдеби шығармалардың, ғылыми еңбектердің заманы екеніне де күман келтіреміз бе?

10.5. Латынға қарсы әріптестеріміз, тіптен, мекеме маңдайшасын алмастырудың өзін үлкен шығын деп дүрліктіреді. Әр мекеме үшін өз маңдайшасын алмастыру көтере алмайтын жүк емес қой. Оның үстіне жекеменшік мекемелер үкіметтен қаражат сұрамайды.

10.6. Баспа орындарын латын әліпбиіне икемдеп қайта құруды да даурықтырып керегі жоқ. Өйткені бұрынғыдай батпандап қорғасын сапырып, құлақты тұндыратын тарсыл-тұрсыл шығып жататын баспаханалар қазір жоқ. Компьютер тетігінің бір ғана бұрауымен қыруар іс бітіп жатады. Оның үстіне кез-келген баспаханада латын жазуына байланысты компьютер қоры дайын тұр.

10.7. Осы тұста Түрік Республикасының бір тәжірибесіне қарайлаған дұрыс сияқты. Түрік Республикасының кезінде латын әліпбиіне жарлықпен бір күнде өткені белгілі. Жарлықпен өткендіктен латын әліпбиі елдің барлық азаматтарына міндетті болды және араб жазуын пайдалануға тиым салынды. Сондықтан басы Ата Түріктің өзі болып латын жазуын үйренуді бастады, үйреніп қана қоймай, басқаларға өзі бас болып үйретті. Ең бастысы, баспаларға, жазушыларға мемлекет тарапынан қаражат көмек бөлдірген. Егер мелекет тарапынан көмек болып жатса, біздің баспа орындарымыз да қиналмай латын жазуына көшер еді. Өйткені баспа иелері мен жазушылардың дені латын әліпбиі негізінде кітап шығарудың қаражат шығынын алға тартып, қарсы болып отыр.

11. Көпшілік арасында тұрқы бөлек латын жазуы өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілге деген ынтасын тоқтатады, бөлек жазу ұлысаралық татулыққа бүлік салады деген де қауіп бар.

11.1. Әліпби тұрқынан шошып тіл үйренбейтін болса, онда сол орысың да, қазағың да, басқаң да бала-шағасымен қосылып неге қазір жаппай латын жазуындағы ағылшын тілін үйреніп жатыр? Ендеше, себепті де орнымен іздеу керек.

11.2. Орыс ағайындардың қазақ тіліне деген құлқы тасып тұрмағаны белгілі. Бірақ қазақ тілін үйрене алмаудың басты себебі басқада. Ол – орыс ағайындарға ұсынып отырған әдістемелеріміз бен оқулықтарымыз. Әзірге біз өзге ұлт өкілдерін қазақ тілінде сөйлеуге емес, оларға қазақ тілінің грамматикалық ережелерін жаттатып әлек болып жатырмыз. Егер біз қазақ тілінде сөйлеудің әдістемесі мен оқулықтарын дұрыстап ұсына алсақ, онда, сөз жоқ, нәтиже басқа болған болар еді. Өкінішке қарай, әзірге олай болмай отыр.

11.3. Біз өзімізді балабақшадан бастап ересектерге дейінгі орыс ағайындардың бел ортасында жүрміз десек, артық айтқан болмаймыз. Сондықтан бұл мәселенің жайын жақсы білеміз. Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретудің жайын өз ынталарымен қолға алып жүрген саусақпен санарлықтай ғана әріптестерімізді білеміз. Өзге ұлт өкілдеріне деп оқулық жазып жатқан да тек солар, өз қалдерінше әдістеме ұсынып жүрген де солар, семинар-кездесулер ұйымдастырып, қазақ тілін дәріптеп жүрген де тек солар.

11.4. Ал, енді, «қазақ тілі құрып барады, жойылып барады, парламент неге қазақша сөйлемейді...» деп, қазақтың зарын қазақтың өзіне айтып, жұртты құр дүрліктіріп жүргендер қанша десеңізші! «Шүкір» деу керек, қазір қазақ тіліне деген бетбұрыс мол. Бала-бақшаларда қазақ тілін үйреніп жатыр, мектептерге міндетті пән болып еніп жатыр. Осы жас ұрпақтың жетілгенін күту керек, бұл – көп болса бес-он жыл деген сөз, тіл тарихы үшін бес-он жыл деген үлкен мерзім емес. Ал, қазіргі ересектердің жайы басқа, өзге ұлт өкілдерінің аға ұрпақ, ата ұрпағын дүрлікпемен жаппай қазақша сөйлетіп жібереміз дегенге өз басым сенбеймін. Егер әдістеме-оқулықтарды оңтайлай келіп, олардың қазақшасын қазақ тілінің бастау сатысына (тұрмыс-тіршілік деңгейіне) бір өткізіп алсақ, әрі қарай жалғасын (кәсіби, іскери-ұйымдастыру, әдеби деңгейлер) табу жеңілдей береді.

11.5. Ал, латын әліпбиі ұлт араздығын тудырады дегеннің тіптен жөні жоқ. Ұлт татулығы мен ұлт араздығы жазуға емес, тұрмыс-тіршіліктің бабына байланысты. Жазуы түгіл, тілі бір халықтардың өз ара қырқысып жатқанын көрмей отырған жоқпыз ғой. Ендеше ұлыстар татулығы мемлекет саясатына байланысты. Еліміздің еселі даму қарқыны мен орнықты ұлт саясаты кімге де болса аян. Ендеше тұрмыс-тіршілік мүддесі Қазақстанға қарап тұрса, ешбір ұлт-ұлыс оның жазуына өкпелеп теріс айналмайды.

12. Әліпби ауыстыру төңрегінде төрт бірдей пікір бар.

12.1. Бірінші, орыс (кирилл) әліпбиіне көзіміз үйреніп қалған, оның үстіне талай-талай жазба еңбектер жарияланған. Егер басқа жазуға көшетін болсақ, соның бәрінен бір сәтте айрылып қаламыз дейді.

Екінші, арабы әліпбиді қолдаушылар оны діні бір шығыс жұртымен қайта табысудың амалы деп үміттенеді. Оның үстіне Ахаңның (Ахмет Байтұрсынұлының) төте жазуын (оған төменде қайта ораламыз) аңсаушылық тағы бар.

Үшінші, латын әліпбиін жақтап отырған қомақты да қарулы ғылым мен қоғам өкілдері оны өркениет жетістіктеріне алып баратын бірден-бір төте жол деп дәлелдейді. Оның үстіне егемен түрік елдерінің бәрі латын әліпбиіне өтіп болды немесе өтіп жатыр. Қол қусырып отыра берсек сыртта қалып қоятын түріміз бар.

Төртінші, сонау көне (ежелгі) түрік жазуына көз тігіп отырған шағын топтың әрекеті. Осыған орай, біз де әлдеқашан өшіп кеткен көне жазуын қайта жаңғыртып жатқан еврей, моңғол халықтарының жанкешті әрекеті мен бір уыс қана грузин, армян халықтарының елтаңбасындай болған бірегей әліпбиін тілге тиек етіп, жүз елу миллион түрік халықтарының құр алақан қалғаны қалай деп қынжыламыз. Өкініштісі, түркі жұртының қазіргі өркениетті елдердің жазу тарихын он орап алып кететін, атам заманғы тарихы бар жазуы бола тұрып, «жазу-сызусыз» жұрт атанғандығында болып отыр. Ал, «жазу-сызусыз» халық дегеннің ар жағында «жабайы, мешеу, телмірінді, тілі дамымаған» т.б. сияқты «атақтар» тұрған жоқ па? Мұның өзі елдің еңсесін басып, ерді езге айналдырудың таптырмас құралы болып шықты. Тіптен, кешеге дейін кеңес құрамындағы түркі халықтары «өзіміздің жазу-сызусыз халық екенімізді әлемге жар салып айтып, орыс жазуы келіп жанымыз қалғанын» жарыса жамырай, мақтана мойындап келген жоқпыз ба? Ендеше «көк түрік» жазуын жаңғырту – еріккен мен есі кеткеннің ісі емес, түрік жұртының әлеми қоғам алдындағы елдік намыс-абыройын көтеретін іс.

11.2. Енді, осы әліпби сараптаудың жолына түскен төрт додагердің қайсысы мәреге бұрын жетеді? Сөз жоқ – латын әліпбиі. Сәл ерте, сәл кеш, әйтеуір латын әліпбиіне көшетінімізде еш күман жоқ. Сонда қалғандар неге босқа шабылады? Басқаларды білмейміз, көне түрікші ретінде бәсеке-бақталастықтан аулақпын. Өйткені көне түрікшені қолдап, жөн екен дейтіндер аз, бүгін-ертең көне түрікшеге өте қоямыз деудің де жөні жоқ. Себебі көне түрікшілердің өз арасында ортақ пікір жоқ, бір таңбаны екі адам болса екі түрлі, он адам болса он түрлі оқиды. Соның нәтижесінде «көне түрік әліпбиі – мынау» деп ұстата қоятындай дайын әліпби, «жазылым емле-ережесі мынау» деп ұстата қоятындай дайын емле-ереже жоқ. Мақсат – көне түрік жазуының икемделген (унифицированный) әліпбиін, таңбасы мен емлесін дайындап, танымдық дәріс ретінде сыныптар мен дәрісханаларға жеткізіп беру. Сөйтіп көзі ашық келесі ұрпақ көне жазуды танып-біліп, оны жатырқамас, ертең-ақ олардың заманы туады, сол кезде ойланар. Біздікі – ата жазудың қыр-сырын олардың жадына құйып, ой салып кету.

11.3. Сонда қалатыны – кирилл, араб және латын жазуы. Әзірге осы үш жазудың бірін таңдағаннан басқа жол жоқ. Әлеми ақпарат кеңістігіне шығатын бірден-бір төте жол, шындығында, тек латын жазуы. Қанша шатқаяқтағанмен ақылға сала келіп, мойындауға тура келеді.

12. Әліпби ауыстыру – мамандар шешетін мәселе.

12.1. Жазу табу - араға ғасырлар салып барып ілуде бір туатын даналардың ғана қолынан келетін шара. Славян жазуын Кирилл мен Мефодий тауып берсе, бүкіл түркі жұртына үлгі болған қазақ жазуын жалғыз Ахмет Байтұрсынұлы жеке шешті. Бұл жерде Ахаң ұсынған араб әліпбиінің тұрқын айтып отырған жоқпын. Ахаңның қазақ тіліне дән лайық жазудың емле-ереже қисынын тапқанын айтып отырмын. Ахаң тапқан жазу қисыны әліпби таңдамайды, өзімізге белгілі кез келген әліпбиді Ахаң қисынына салып, қазақ тіліне пайдалана беруге болады. Сондықтан мен тілтанымға (лингвистикаға) «Байтұрсынұлы қисыны» немесе орысша айтсақ «эффект Байтұрсынова» деген дәйектеме енгізіп отырмын. Ахаңның жазу қисынын кезінде орыс ғалымдары математикалық формулаға салып, әлемдегі ең озық және ең ықшам әліпби деп бағалаған. Сөйтіп өзге көпшілік жұрттың ойына кіріп шықпайтын, көп пенденің қолынан келемейтін жаңалық ашылды.

12.2. Ал, енді, жасыратыны жоқ, латынға көшетінімізді іштей бәріміз біліп отырмыз. Оған еш күман жоқ. Ендеше осы елдің азаматы ретінде, осы жазу саласының маманы ретінде мен бұл шаруадан шет қала алмаймын. Ондағы мақсат - латын жазуына дұрыстап көшу.

12.3. Мұндай шешімнің тағы бір себебі бар. Қазіргі кезде латын әліпбиіне өтудің ондаған жобасы бар. Бір жобаны бір кісі, енді бір жобаны ұжым болып ұсынып жатқан авторлардың саны жүзден асты. Сонда бұл - неғып қаптап кеткен «байтұрсыновтар»? Тіптен қазақ тілінде қанша дыбыс бар екенін білмей жатып, жоба ұсынып жатқандар бар. Әріп пен дыбыстың айырмашылығын білмей жатып, дыбыс пен әріпті шатастырып жатып, жоба ұсынып жатқандар бар. Қазіргі әліпбиіміздегі 42 таңбаны қайтсем компьютер түйметақтасының 26 түймешесіне сиғызамын деп әлек болып жатқандар тағы бар. Жоба ұсынушылардың бәрі дерлік әліпби ауыстыруды кирилше бір таңбаны латынша екінші таңбаға алмастыру ғана деп ұғып отыр. Бұл - әліпбидің бас қатырмайтын ең оңай тұсы. Сондықтан да ұсынылған жобаларда ешқандай тілдік дәйектеме жоқ. Осының бәрін көре отырып, қалыс қалуға дәтім шыдамады. Себебі әліпби ауыстыру бір таңбаны екінші таңбамен алмастыру ғана емес. Ең бастысы, әліпби ауыстыру деген соқыр (механикалық) көшірме емес.

13. Әліпби ауыстырудың үш деңгейі бар: бірінші - әліпби деңгейі, екінші - таңба деңгейі, үшінші – емле-ереже деңгейі. Егер біз әліпби құрамын өзгертетен болсақ, онда оның ар жағындағы таңба және емле-ережелеріне де өзгеріс ендіруіміз керек. Таңбаға өзгеріс ендіретін болсақ, онда оның емле-ережеге әсері қандай болмақ, алдымен соны ойлап алуымыз керек. Бұл - тіл мамандары мен әдіскерлердің шешетін мәселесі.

13.1. Әрине, әліпби мәселесіне әртүрлі мамандардың қатысы болады. Солардың ішінде тіл мамандары мен информатика мамандарының орны бөлек. Алайда, ешкімнің көңліне келмей-ақ қойсын, жоба авторлары бұл тұста неше түрлі ойға қонымсыз «шеберлік» танытуда. Мұның басты себебі олардың өз алдына ғылыми пән болып табылатын жазу теориясы мен әлеми жазу дәстүрінен бейхабарлығында болып отыр. Сондықтан әркім өз орнын біліп араласса деймін.

13.2. Мысалы,

-тіл мамандары тілдің дыбыс құрамын анықтап, әліпби ретін белгілейді, емле-ережесін құрастырады;

-математиктер әрбір дыбыс пен таңбаның кездесім жиілігін есептеп шығады;

-информатиктер компьютер түйметақтасына оңтайлы орналастырудың амалын (бағдарламасын) қарастырады;

-сызбашылар әріп сұлбасының қарапайым үлгісін іздейді;

-әдіскерлер оның сауат ашу дағдысын бағалайды;

-көз дәрігерлері көзтанымға әсерін байыптайды;

-психологтар бала жүйкесіне шақ келу жағын пысықтайды т.с.с., сөйтіп бәріне жұмыс табылады.

13.3. Латын әліпбиіне өтуде информатика мамандарының ынтасына ырза болу керек. Олар үлкен көрегендік танытып отыр. Латын әліпбиіне өту жолында ең үлкен белсенділік танытып отырған – сол саладағы әріптестеріміз. Өйткені олар, қанша дегенмен, жоғары ақпарат технологиясының алдыңғы шебінде келе жатыр, оның қыр-сырын басқаларға қарағанда жақсы біледі. Латын әліпбиінің ақпараттық кеңістіктегі болашағын дұрыс болжап, оның оңтайлы сәті енді келіп отырғанын күнде айтып отыр. Олар кейбір кертартпа пікірлермен арпалысап-ақ келеді. Енді тіл мамандары дайындап берген әліпбиді компьютер түйметақтасына орналастырудың ретін, қазақ тілінің төл тұрқына негізделген программаларды жасауды қолға алсын.

14. Қазіргі кездегі латын әліпбиіне Өзбекстан, Түркменстан және Әзірбайжан толық көшіп алды. Іргеміздегі Өзбестанды күнде көріп, күнде біліп отырмыз, әрідегі Әзірбайжанда жақында болып қайттық. Көшенің бәрі латынша жазу, ешкім ешнәрседен жаңылып немесе адасып жатқан жоқ.

14.1. Мұны айтып отырған себебіміз «ана жақтан латынды игере алмай, зар еңреп жазған хат келді, мына жақтан латын сор болды деген хабар келді» деген кирилшілердің сөзін баспа бетінен де, теледидардан да оқып-көріп қаламыз. Сөз жоқ, ондай хат-хабар келіп қалуы да мүмкін. Бірақ соны бүкіл өзбек не әзірбайжан халқының мұңы деп жеткізбеу керек қой. Тек латын жазуына қатысты емес, кез-келген қоғами шараға байланысты көңілі толмай немесе ағымға ілесе алмай, кемтарлық көріп жүрген жалғыз-жарым адам қайдан да болса, қай кезде болса да табылады. Оны үлкен сөзге тиек етіп керегі жоқ. Бірақ сондай жалғыз-жарым пікірдің елді даурықтырар әсері күшті болады. Әдетте істің жөніне жығылып, жаңаны жатырқамай, керісінше, оны тез игеріп алуға тырысып жатқан көпшіліктің жоғары жаққа арыз, баспа орындарына хат жолдап жату деген ойларына кіріп те шықпайды, оған уақыты да болмайды. Ал, көшке ілесе алмай немесе заман ағымын байыптай алмай қалған бірлі-жарым адамдардың көңілінде күдік қалады. Күдік қалып қана қоймайды, сол күдік жоғары жаққа арыз болып аттанып, баспа беттерінде хат болып жарияланып жатады. Сөйтіп көпшіліктің байыпты тірлігінен гөрі бір адамның айқайы басым болып шығады, өйткені ондай айқай, жасыратыны жоқ, гәзет беттерінде тез жарық көреді.

14.2. Алайда, бұл жерде мәселенің екінші жағы бар. Түркі республикаларының латын әліпбиіне өткені дұрыс, ал қалай өтті, ол – бір басқа мәселе. Олар әліпби ауыстыруды саяси шараға айналдырып жіберді, сөйтіп асығыстық жасады. Сондықтан әліпби ауыстыру жазу реформасына айналмады. Кезінде ол республикалардың да таңба саны сол қырықтың үстінде болды. Латынға өткен кезде сол «айтулы қырық екіден» бастарын босатып алмай, кеңес дәуірінен қалған мұраны түгел қамтуға тырысты. Соның нәтижесінде олардың әліпби құрамы артып кетіп, таңба түрлері күрделеніп, емле-ереже жүйесі қиындап кеткен тұстары бар. Сондықтан да олар жаңа жазуына жол-жөнекей өзгерістер ендіріп, жазу реформасына қайта-қайта оралып жатыр.

14.3. Ал біз болсақ, сол латынға бұрын өткен республикалардың тәжірибесін байқап алуымыз керек болды. Ондай жоспар А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мен Астанадағы Түркі академиясында орындалды, орындалып та жатыр. Олар жіберген қатені біз қайталамауымыз керек. Ол үшін, бірінші кезекте қазақ тілінің төл дыбыс құрамын қоспасыз, таза күйінде анықтап алуымыз керек (қазақ тілінің төл дыбыс құрамы бізде әлдеқашан анықталып қойылған, жоғарыдағы Институт қоржынында дайын тұр).

14.4. Мәселе - «айтулы қырық екімен» байланып қалған көпшілік санасын оятып, «өзіміздікі деген – мынау, өзгенікі деген – анау» деп, түсіндіріп алу. Біздің ойымызды дұрыс түсінген жөн. Өйткені басқаларды былай қойғанда, қазақ тілі пәнінің мектеп мұғалімдері мен жоғары оқу орындары оқытушыларының өздері төл дыбыстардың басын ажыратып ала алмай жүр. Кірме әріптерді «дыбыс» деп жазып беріп отырған оқулықтар мен «дыбыс» деп оқытып отырған мұғалім/оқытушылар әлі баршылық. Әрине, бұл олардың кінәсі емес. Мектептен бастап, жоғарғы оқу орнын бітіргенше бір ғасырға жуық «қазақ тілінде 42 дыбыс (әріп) бар» деп тоқпақтай берсе, кімде болса сеніп қалады. Сеніп қалған соң бұрыстың өзі дұрыс көрініп, дұрыстың өзі бұрыс көрініп жатады. Біз бәріміз қазір осы күйді бастан кешіп отырмыз. Өз ағайындарымыздың өзінен қазақтың бар дыбысын жоқ деп, жоқ дыбысын бар дейтін уәжді әлі көп еститін боламыз. Құлақ үйренген орыс тілінің дыбыстарынан, көз үйренген орыс тілінің әріптерінен арылтып алу оңай болмайды. Тағы да қайталайық, «айтулы 42-ден» айрылсақ далада қалатындай сезінеміз.

14.5. Сонымен, бірінші кезекте, мамандар анықтап берген қазақ тілінің төл дыбыс құрамын танып-біліп, оны бәріміз түгел мойындауымыз керек. Соған лайық айтылым/жазылым емле-ережені меңгеріп алуымыз керек.

15. Ең жақсы жазу деп ереже-ескертпелері мейлінше аз жазуды айтады. Ондай жазу үлгісі тілдің төл дыбыстары мен төл таңбалар үйлесімін тапқанда ғана құрастырылады. Ендеше, әліпби құрамы дұрыс анықталып, оның таңбалары қазақы реттелсе, емле-ережені жөнге салудың төте жолы ашылады. Сауат ашуды тек сауатты жазу деп түсінбеген жөн, сауат ашу сауатты қазақы дыбыстаудың да амалы болып табылады. Ал сауатты қазақы дыбыстаудың дағдысы қазақы сауатты жазудың арқасында ғана қалыптасады.

15.1. Қазіргі кирил мен оның емле-ережесі тек тіл бұзар құрал болып отыр, сондықтан оны басшылыққа алған жобалардың дұрысы болмайды. Сонан соң «айтулы 42 әріпті» қамтыған жобаның жолы болмауға тиіс.

15.2. Кез-келген жазуды кез-келген тілге жамап-жасқап пайдалана беруге болады. Алайда, мақсат «әйтеуір жазу» болмау керек. Жазу ең алдымен тілдің ішкі заңдылығымен тонның ішкі бауындай қабысып жатуы керек. Сонан соң жазу тілдің дыбыс жүйесіне нұқсан келтірмейтін, керісінше, оның әдеби үлгісінің қорғанышы болу керек. Осы екі мақсатты орындау үшін жазудың емле-ережесі көшірінді емес, төл болу керек. Таңбада тұрған ешнәрсе жоқ.

15.3. Жетілген әліпби - қолдағдыны жеңіл қалыптастырудың, көзтанымды оңай жаттықтырудың, ең бастысы, ана тілінің айтылым үлгісін ұрпақтан ұрпаққа бұзбай жеткізудің кепілі. Латын әліпбиінің қолданба бағыттағы саласының аса қажет екеніне еш күман жоқ. Бірақ компьютерді қазақ тіліне икемдеудің оңай да жалған-жасанды жолы көп, ал ауыр да ақиқат жолы біреу-ақ. Оңай болатын себебі – одан-бұдан өгей дыбыс жинап, таңба талғамай қиып-құрап, жамау-жасқау әліпбиді әркім-ақ түзе береді. Қиыны - бір ғасыр бойы баса-көктеп, қордаланып қалған көп дыбыстың ішінен төл дыбысты танып-біліп, жиып-теріп, өлшеп-пішіп, қазақ тіліне лайықты төл әліпби жасау. Соның нәтижесінде қазақ тілінің төл дыбыстарына сай төл әріптер қалыптасады. Қазіргі тіліміздегі басы артық ондаған жаңсақ емле-ережелер өзінен өзі жойылып, басы артық кірме әріптердің тіл бұзар машақатынан құтыламыз.

15.4. Әрине, мұндай ұсыныс орыс сөздерінің айтылымын қазақ тілінің әдеби нормасы деп қарастырып отырған қазақ ағайындарымызға ұнай қоймайды. Жарайды, орыс сөзінің айтылым үлгісіне тиіспей-ақ қояық, бірақ орыс тілі дыбыстарының таңбалау реті басқа болады. Орыс тілі дыбыстарының айтылу үлгісін латын әліпбиі негізінде арнайы емле-ереже реттеп отырады. Ондай тәжірибе европа тілдерінде бар. Европа тәжірибесіне сүйенетін болсақ, онда орыс тілі дыбыстарының таңбасы қазақ әліпбиінің құрамына кірмейді. Осы тұрғыдан түзілген әліпбиді, менің ойымша, дұрыс деп тану керек.

16. Әзірге қазақ жазуын (әліпби, таңба, емле-ереже үшеуінің басын біріктіріп) құрастырудың екі жолы бар. Бірі - европа үлгісі, бүгінгі кирил жазуымыз - сол европа үлгісіндегі жазу, екіншісі - А.Байтұрсынұлының үлгісі.

16.1. Егер европа үлгісіне сүйенетін болсақ, онда қазақ тілінің әліпби құрамы 28 таңбаға барып тіреледі, өйткені қазақ тілінің үндесім дауыстыларын кирил үлгісімен жеке-жеке таңбамен белгілеу қажет болады. Ол үшін кейбір дауысты таңбалардың үстіне қосалқы белгі қондыруға (немесе қосақ таңбалар пайдалануға) тура келеді (1.1 кесте). Қазақ әліпбиінің бұл үлгісін ұлттық жоба деп отырмын. Өйткені қазақ дыбыстарының әрқайсысына тән өз таңбасы бар. Сондықтан компьютер түйметақтасына біршама сиымтал емес, арнайы бағдарлама керек болады. Оның үлгілері неміс, француз, испан т.б. тілдерінің жазуында бар. Европа тілдерінде қасалқы белгілер немесе екіден-үштен қосарлап белгілеу кеңінен пайдаланыла береді, себебі олардың сөзінде бір дыбыстың сөз құрамында екі рет кездесуі - өте сирек құбылыс. Ал біздің тіліміз - жалғамалы (агглютинатив) және үндесім (сингармонизм) тіл. Мысалы, бір дауысты бір сөздің құрамында бірнеше рет кездесе беретін болғандықтан, олай ете алмаймыз. Өйткені бір сөздің ішінде қосалқы (диакритик) таңбалы немесе қосақ таңбалы дауысты-дауыссыз бірнеше рет қайталанып жатса, жазу дағдысын былай қойғанда, көзтанымға ауыр болады.

1.1 кесте. Қазақ латын әліпбиінің «Ұлттық жобасы»

№№

кирилше

латынша

аталуы

№№

кирилше

латынша

аталуы

1

2

3

4

5

6

7

8

9

10

11

12

13

А а

Ә ә

Б б

Ғ ғ(-Г г)

Д д

Е е

Ж ж

З з

Й й

Қ қ(-К к)

Л л

М м

Н н

A a

Ä ä

B b

Ğ ğ(-G g)

D d

E e

J j

Z z

Y y

Q q(-K k)

L l

M m

N n

а

ә

бы

ғы(-гі)

ды

е

жы

зы

ый

қы(-кі)

ыл

мы

ны

14

15

16

17

18

19

20

21

22

23

24

25

26

Ң ң

О о

Ө ө

П п

Р р

С с

Т т

У у

Ұ ұ

Ү ү

Ш ш

Ы ы

І і

Ň ň

O o

Ö ö

P p

R r

S s

T t

W w

U u

Ü ü

Š š

І ɪ

İ і

ың

о

ө

пы

ыр

сы

ты

ұу

ұ

ү

шы

ы

і

16.2. А.Байтұрсынұлының емле-ережесін алатын болсақ, онда бар болғаны 22 таңба керек болады. Дәйекшіні таңба санына қосатын болсақ – 23 таңба болады. Қазақ әліпбиінің бұл үлгісін интернет жоба деп атап отырмыз (1.2 кесте). Өйткені жоба арқылы бірден интернет жүйесіне еніп кете беруге болады. Компьютер түйметақтасына сиымтал, сондықтан арнайы бағдарламаның қажеті жоқ. Алайда компьютер түйме тақтасында бар таңбалар жетіп тұрғанымен (тіптен олар артылып та қалады), дәйекшіге қарай бір таңбаны екі түрлі оқуға тура келеді. Оның өзіндік емле қиындығы бар.

1.2 кесте. Қазақ латын әліпбиінің «Интернет жобасы»

№№

кирилше

латынша

аталуы

№№

кирилше

латынша

аталуы

1

2

3

4

5

6

7

8

9

10

11

12

А а

Ә ә

Б б

Ғ ғ(-Г г)

Д д

Е е

Ж ж

З з

Й й

Қ қ(-К к)

Л л

М м

Н н

A a

Ä ä

B b

Ğ ğ(-G g)

D d

E e

J j

Z z

Y y

Q q(-K k)

L l

M m

N n

а

ә

бы

ғы(-гі)

ды

е

жы

зы

ый

қы(-кі)

ыл

мы

ны

13

14

15

16

17

18

19

20

21

22

23

Ң ң

О о

Ө ө

П п

Р р

С с

Т т

У у

Ұ ұ

Ү ү

Ш ш

Ы ы

І і

дәйекші

Ň ň

O o

Ö ö

P p

R r

S s

T t

W w

U u

Ü ü

Š š

І ɪ

İ і

'

ың

о

ө

пы

ыр

сы

ты

ұу

ұ

ү

шы

ы

і

16.3. Бұл екі шешімнің де өзіндік қиындықтары бар.

16.4. Қарап отырсақ, екі жағдайдың да шешімін табуға болады. Ал, Ахаң үлгісіне оралатын болсақ, онда, біріншіден, компьютер түйметақтасындағы таңбалардың құрамынан шықпайтын боламыз, екіншіден, олардың бірнешеуі артылып та қалады. Ахаң үлгісінің сиымталдығы мен ықшамдылығы осылай жасауға мүмкіндік береді.

16.5. Осы жерде А.Байтұрсынұлының тағылымына арнайы тоқтала кетейік. Біздің, жерден жеті қоян тапқандай болып, «апостроф» деп әріптің бір шекесін шертіп сәндеп, «диакритика» деп әріпті төбесіне сызықша қойып шендеп, о әрпінің белінен тартып ө жасап мәндеп, ае-ні қосақтап ә деп егіздеп жүргеніміздің бәрі Ахаңнан қалған үлгі. Ендеше, қазіргі жоба авторлары алып отырған жуан-жіңішкелік белгілер (әртүрлі нұсқасына қарамай) - сол А.Байтұрсынұлы салған сара жол. Арабы таңбалар негізінде туындаған дәйекші дауыстылардың жуан-жіңішке таңбасына таңылып, кирилшеге көшті. Енді, міне, кирилшеден «апостроф, қос нүкте, сызықша, қосақ әріп болып», мың құбылып, латынша жобаларда жүр. Қалай құбылса да бәрінің мазмұны яғни емле қызметі - сол бір дәйекші.

17. Қазақ тіліндегі кірме сөздер деп жүргеніміздің бәрі орыс тілінің айтылым үлгісіндегі сөздер. Сол сөздерді қазақы айтылым үлгісіне бағындырып аламыз ба, жоқ әлде «орыс тілінде қалай айтылса солай жазамыздың» керімен оның төркін айтылымын сақтаймыз ба? Егер қазақ тілінің айтылым үлгісіне икемдеп алатын болсақ, онда мәселе оп-оңай шешіле кетеді де сол жоғарыдағы әліпбиіміз толығымен жетіп жатыр, оған ешнәрсе қосып-алып керегі жоқ. Ал, шын мағанасындағы халықаралық сөздерді (орыс тілінің айтылым үлгісіне икемдемей) сол өз латын үлгісіндегі жазылымын ала салуға болады. Күнделікті шет тілін көріп-тыңдап, оқып-жазып жүрген балаға да, ересекке де оның еш қиындығы жоқ. Қайта оқу-әдістемелік тұрғыдан ұтымды болып шығады.

18. Біздің ойымызша болашақ латын әліпбиі ешкімнің атымен аталмау керек. Өйткені бұл жерде ат қоя салатындай үлкен жаңалық ашылып отырған жоқ. Жазудың дыбыс құрамы мен емле-ережесін Ахаң шешіп беріп қойған, ал латын әліпбиі - тарихи дайын тұрған дүние. Оның үстіне компьютер түйме тақтасында қазақ дыбыстарына сай келетін таңбалар жеткілікті. Оны іздеп табуға да көп бас қатырудың керегі жоқ, бәрі алақандағыдай көрініп тұр. Мәселе бірегей 3-4 дыбысты қалай таңбалаймыз дегенге ғана саяды. Қазақ дыбыстарын латын негізінде таңбалау үлгілері өткен жылдардың жазба мұрағаттарында ұсынылып қойылған.

Авторлық жайына келетін болсақ, «жоба жасама, жобаңа өз атыңды қойма» деп, әрине, ешкімге ешкім тиым сала алмайды. Жасаған жобасын тиісті орындарға тіркетіп, патент алып, сертификатын жалаулатып жүргендер жоқ емес. Бірақ бір таңбаны екінші таңбаға ауыстыра салу үшін аса үлкен бастың керегі жоқ. Ең бастысы, жоба авторлары әліпбидің, жоғарыда айтқандай, кешенді мәселелерін (әліпби, таңба, емле-ереже) қалай шешіп берді, бәрі соған байланысты. Ендеше, бар боғаны, кирилше таңбаны латынша таңбаға ғана өз білгенінше ауыстырып беріп, жаңа қазақ әліпбиін иеленемін деген әрекеттің өзі орынсыз болып табылады.

19. Жазу реформасын іске асыра алсақ, ең алдымен әдістемелік тұрғыдан жеңілдік болады. Ойланайық, 42 әріптің жазу-сызуын үйрену оңай ма, әлде 26(28) әріптің жазу-сызуын үйрену оңай ма? 42 әріпке таңылған емле-ережені меңгеру оңай ма, әлде 26(28) әріпке таңылған емле-ережені меңгеру оңай ма? Жауабын әркім өзі тапсын. Ал, орыс тілінің өзіне тән 33 әліпбиі мен емле-ережесіне сүйенген «Букварьді» орыс мектептері қанша уақытта бітіреді, қазақ тілінің өзіне тән емес 42 әліпбиі мен емле-ережесіне негізделген «Әліппені» қазақ мектептері қанша уақытта бітіреді? Осыған көңіл бөлген біреулер бар ма екен? Мұның да жауабын әркім өзі іздеп көрсін.

Сонан соң, қазақ тіліне байланысты қолғанат қондырғыларды (оргтехниканы айтып отырмын) құрастыруға көп септігін тигізеді. Оған бір ғана мысал келтірейін. Шағын латын әліпбиі қазақ тілінің мәтін терімін ықшамдауға мүмкіндік береді. Егер біз үндесім (сингармонизм) заңдылығын пайдаланып, қазақ тілінің өзіне тән компьютер түйметақтасын құрастырып, программасын жасай алсақ (жасай алатынымызға күман жоқ), онда мәтін терімі көп жеңілдейді. Қарапайым тілмен айтқанда, компьютер түйметақтасындағы түймешелерді жүз рет ұрудың орнына 70 рет, бір сағаттың орнына 40 минөт жұмыс істейсіз.

Қолданба бағыттағы жетісітік мұнымен ғана шектелмейді.

20. Соңғы кезде әліпби ауыстыру мәселесін, ауыстыра қалған күнде қай әліпбиді таңдау жайын халық талқысына салып, референдум арқылы шешу керек деген ұсыныстар айтылып жүр. Шындығында, бұл мәселе бүкіл халық жабылып шешетін іс емес екенін түсінген жөн. Әліпби жобасын тіл мамандары дайындайды, сонан соң педагог-ұстаздар, әдіскерлер, сызба шеберлері, көз дәрігерлері, психологтар т.б. арнайы сараптаудан өткізеді. Жоба арнайы сараптаудан өткен соң мемлекет тарапынан бекітіліп, көпшілікке міндетті құжат ретінде ұсынылады. Әрі қарай ол талқыланбайды, тек орындалады.

Ендеше, ғылыми ақиқат көпшілік дауысқа салумен анықталмайды, ғылыми іс «асармен» бітпейді, ғылыми нәтиже аламан жұрттың қау-қаулауымен алынбайды. Ерсі көрінсе де айтайық, ғылым саласында «көп ақылы - көл болмайды». Ғылыми таным жолында азшылық көпшілікке бағынбайды, тіптен бір адам дүйім жұртқа жөн сілтеп, жол көрсетіп отырады. Жазу саласында ол - Ахмет Байтұрсыұлы. Ғылымда қоғами теңдік те (демократия) жоқ, адами теңдік те (ғұламалық) жоқ. Ғылым - адамзат болмысының бейтеңдес (бейдемократиялық) тұсы.

21. Сонымен сөз қорытындысында мынаны айтпақпын. Біріншіден, орыс жазуына байланысты алған жартыкеш-жарамсақ емлеміз бен әліпбиіміздің ана тілімізге тигізген бүгінгі зардабын көре отырып, әлі де болса орыс жазуында қаламыз деудің енді реті келе қоймас. Оның үстіне Ресейдің өзіндегі орыс тілі мамандарының ішінде де латынға көшейік деген академиялық деңгейдегі пікір қалыптасып келеді. Тіптен, орыс жазуында қала қойғанның өзінде оған түбегейлі өзгерістер енгізу керек. Ал, оған өзгеріс ендіреміз десек, оның дауы латынның дауынан да асып түсетініне еш күман жоқ. Екіншіден, араға ғасырға жуық уақыт салып, араб әліпбиіне қайта оралып жатудың тағы жөні жоқ. Өйткені қазіргі ұрпақ үшін араб жазуы - көп бейтаныс жазудың бірі ғана. Үшіншіден, латын жазуы қалай-қалай дегенде де әлеми ақпарат жетістігінің бірден-бір құралы болып қалды. Оның үстіне егер латынға қазақтың төл дыбыстарын баптап өте алсақ, қазіргі жазуымыздағы тіл бұзар басы артық таңбалар мен емле-ережелер жол-жөнекей өзінен өзі түсіп қалады. Жазу реформасы дегеніміз – осы.

Ендеше латын әліпбиін жатырқамай, дер кезінде қабылдау керек болады, тек емле-ережесін баптап өтейік, ертең-ақ көз үйреніп, қол жаттыққан соң күман сейіліп, үрей өзінен өзі басылады.

2. КІРМЕ (БҮЛДІРГІ) ТАҢБАЛАРДЫҢ ТАЛДАНЫМЫ

Алдымен қазақ тілінің төл дыбыс құрамы ғылыми тұрғыдан анықталып, төл дыбыстар өз алдына, қазақ тіліндегі кірме (бүлдіргі) дыбыстар мен әріптер өз алдына топтастырылу керек. Өйткені кірме дыбыстар мен таңбалар қазақ сөзінің айтылым әуезін, морфем құрамын, буын тұрқы мен тасымал ретін, тіптен, сөйлеу (сөйлем) ырғағын бұзып бітті. Сонда қазақ тілінің фонетика деңгейінен (дыбыс құрамы) бастап, лексика, морфологияны қамтып, синтаксиске дейінгі табиғи қалпын сетінетіп отыр. Ендеше, бірінші кезекте, төл дыбыстардың құрамы мен әріп таңбалары анықталып, қазақ тілінің төл «Әліпбиі» түзіледі. «Әліпби» төл дыбыстар құрамын түгел қамтып, олар үйлесімді орналастырылуға тиіс.

Қазақ тілінің төл дыбыс құрамы:

А Ә П Б М

Ы І Т Д Н

Е Қ(-К) Ғ (-Г) Ң

Ұ Ү С З Р

О Ө Ш Ж Л

Й

У(w)

Мұндағы у таңбасының дыбыс мәнін латын әліпбиінің құрамындағы w әрпімен белгілеп беріп отырмыз. Өйткені қазақ тілінде ерін-еріндік, жуысыңқы, үнді дауыссыз бар. Ол дауыссыз халықаралық практикада осы таңбамен беріледі. Ондай дыбыс ағылышын тілінде де бар. Ағылшын тілінде сауатты өсіп келе жатқан жас ұрпақ оны тез аңғарып, жеңіл қабылдайды. Ал орыс тілінде ондай дауыссыз дыбыс жоқ. Олардың Көкшетау дегенді Көкчетав деп өз тіліндегі тіс-еріндік, жуысыңқы, ұяң в дауыссызымен алмастыратындығы сондықтан. Қазақ тіліндегі дауыссыз у[w] мен орыс тіліндегі дауысты у[u:] дыбыстарын естілім ұқсастығына қарап өзара шатастырып жүргеніміз сондықтан. Тіптен и мен у әріптерін (дыбыстарын емес) өз алдына дауысты «фонема» деуге де жеттік. Оны қазақ тілінің дамуы деп түсіндіруге тырысып жатырмыз.

Қазақтың төл сөздерінің жазылымындағы кірме әріптер түгел шығарылып тасталады. Олар:

И У Я Ю Щ Х Һ

Өкінішке орай, орыс тілінің емле-ережесі арқылы қазақ тілінің төл сөздерінің жазылымына енген и, у, я, ю таңбаларының (дыбыстарының емес) әрқайсысын өз алдына дербес дауысты дыбыстар деп қабылдау бар. Көпшілік (тіптен, тіл мамандарының өздері, қазақ тілі пәнінің мектеп мұғалімдері мен жоғары оқу орындарының оқытушылары) осыған әбден ден қойып, психологиялық тұрғыдан мойындап алған. Олай етпеске амалы да жоқ, өйткені мектептен бастап, жоғары оқу орнын бітіргенше оларды дауысты дыбыс деп санасына құя берсе, кімде болса сеніп қалады. Оның үстіне оқу бағдарламалары мен оқулықтар түгелдей осы ережені құптап отыр. Қазақ тілі дыбыстарының құрамына зорлықпен енгізіліп отырған «дауысты дыбыстардың» жөнін табу үшін олар «дауыстыдан кейін дауыссыз болады, дауыссыздан кейін дауысты болады» деген (мұндайда болады екен!?) әлеми жұртқа күлкі болатын ереже де ойлап таптық.

Оның зардабын әлі көріп келе жатырмыз. Тіл мамандарының өзі өздері ұсынып отырған әліпби жабаларында осы жалған қағиданы ұстанып отыр. Мысалы, орыс жазуының ережесімен жазып келген ми, ти т.б. сөздерді латын негізінде де mі, tі деп жазып, ми, ти деп оқуды ұсынып отыр. Сонда қазіргі орыстақы емлеміз бойынша да [ми, ти], жаңа латынша да [mi, ti] болып шыққалы тұр. Жоба авторлары осы жолмен жазу желісін үнемдеуге болады, яғни екі таңбаның орнына бір таңба ғана жазамыз деген болжамды алға тартады.

Жоба авторларының дәйектемесіне көз жеткізу үшін «Абай жолы» романы, Әнұран т.б. мәтіндерге есептеу жүргізіп көрдік. Сондағы үнем 0,5-0,7% ғана болып шықты. Сонда түкке тұрғысыз үнем үшін, егемендіктің арқасында ғана құтылғалы отырған, тілбұзар емле-ережелерді тағы несіне қайталаймыз деген ой туады. Оның үстіне өздері ұрынған шым-шытырықтан шығу үшін құрау-құрау таңбалар ұсынады. Мысалы, ы[ı], і[і], й[ï], ұ[u], ү[ü], у[û]. Мұндай шешім әдістемелік тұрғыдан өте тиімсіз. Өйткені ұқсас таңбалардың үстіне үстеме белгілер қоя беруге болмайды. Себебі сауат ашуды қиындатып жібереді: ұқсас таңбалар екіден аспау керек; үстеме таңба біріне қойылып, екіншісіне қойылмау керек. Ал, жазу реформасының басты мақсаты орыс тілінің тіл бұзар ережелерінен арылып, қазақтың мый деген сөзін айтылуына лайық мый деп жазып, жуан айтқызу, тій деген сөзін айтылуына лайық тій деп жазып, жіңішке айтқызу үшін жасалып отырғанын ескерсек, әріптестеріміздің бұл әрекетіне қалайша «жол болсын» демекпіз.

Кез-келген жазу тілдің ішкі өзіне тән құрылымы мен табиғи айтылымына зиян тигізбеу керек. Керісінше, тілдің әдеби айтылымының қорғанышы болу керек. Ол үшін:

1. Жазу сөздің дыбыс құрамын дәл бейнелегенде ғана дұрыс жазу болады. Ендеше қазақ жазуы қазақ сөзінің үндесім әуезін дұрыс көрсетіп отыру керек, басқаша айтқанда, жуан айтылатын сөздің таңбасы мен жіңішке айтылатын сөздің таңбасының арасында көрнекі айырма болсын.

2. Жазу қазақ сөзінің буын құрамын бұзбау керек. Мысалы, ми-ы, су-ы [мый-ы], [сұу-ы]болмау керек, мы-йы, сұ-уы болу керек. Қазақ тілінде сөз ішінде буын дауыстыдан басталмайды. Оқулықтардағы осындай кереғарлықтардың қиындықтарын айтып, балаларға түсіндіре алмай, олардың алдында «бірде олай болады, бірде бұлай болады» деп екі сөйлеп, әлек болып жатқан ұстаз мұғалімдердің пікіріне де құлақ асу керек қой.

3. Жазу қазақ сөзінің тасымал ережесіне сай болу керек. Тағы да ми-ы, су-ы болып тасымалданбау керек, мы-йы, сұ-уы болып тасымалдану керек.

4. Жазу қазақ тілінің морфем (түбір мен қосымшалар) желісін үзбеу керек. Мысалы, қазақ тілінің «егер түбір дауыссызға бітсе, қосымша дауыстыдан басталады» деген іргелі заңдылығы бар. Сонда мың – мы-ңы, сұр – сұ-ры тәрізді мый – мы-йы, сұу – сұ-уы болып, тіл жүйесі бұзылмайды.

Қазақ тіліндегі дифтонгтардың фонологиялық мәртебесін (статусын) анықтау бүгінгі қазақ фонетика ғылымының өзекті мәселесіне айналып отыр. Өйткені бұл мәселенің теориялық және практикалық маңызы қатар өзекті (актуал) болып отыр. Мәселенің теориялық шешімі қазақ тілі дыбыстарының құрамын дәл анықтап, «қазақ тілінде қанша дауысты дыбыс бар?» деген сұраққа нақты жауап тауып беретін болады. Ал оның практикалық шешімі қазіргі қазақ жазуындағы қайшылықтардан арылуға мүмкіндік береді.

Жазуда и, у әріптерімен таңбаланып жүрген дыбыстарға, бір жағынан, «дауыстыдан кейін дауыссыз, дауыссыздан кейін дауысты болады» деген мектеп және жоғары оқу орындарының оқулықтарындағы жаңсақ анықтамамен қатар, екінші жағынан, олар «дауысты мен дауыссыздың тіркесін белгілейтін таңба» деген академиялық грамматикадағы ақиқат анықтама беріледі. Біз бұл жерде қазақ тілі оқулықтары мен ғылыми грамматикаларында кездесіп жүрген бір-біріне қарама-қарсы пікірлердің негізгілерін ғана келтіріп отырмыз.

Өзара артикуляциялық үйлесімі күшті, естілімі ұқсас болып келетін қысаң дауыстылар мен үнді дауыстылар тіркесінің құрамды бөліктерін ажыратып алу оңай болмайды. Оның үстіне орыс тілінің ы, и, у дауыстыларының естілімі мен қазақ тілінің ый, ій, ұу, үу дыбыс тіркестерінің естілімі өзара ұқсас болуы да өз әсерін тигізді. Кезінде қазақтың төл сөздерінің құрамында и, у таңбаларын жазу туралы тоталитарлық ереже қабылдауға да, сөз жоқ, осы жай себеп болған. Олардың құрамды бөліктерінің жігін ажыратудың бірнеше тәсілі бар.

Солардың бірі – морфем талдау: егер өзге морфем жігі анық тіркестермен ұқсас келсе, яғни тіркесім сыңарларының арасынан морфем жігі өтетін болса, онда олар дербес-дербес дыбыстардың тіркесі болып саналады.

Ендеше, бірінші, морфем жігі анық тіркестермен салыстырып шығамыз. Төмендегі әртүрлі түбір морфем дыбыс құрамының әртүрлілігіне қарамай, бірыңғай тілдік бірліктер болып табылады (көпшілікке түсінікті болу үшін тіркес транскрипцияларын да кирилше беріп отырмыз):

ай [ай], әй [әй], ей [ей], ой [ой], өй [өй], ұй [ұй], үй [үй], и [ый], и [ій]

Алғашқы жеті сөздің (тіркестің) дыбыс құрамына ешкім күманданбайды, ал соңғы и арқылы жазылып отырған сөзге (тіркеске) келгенде күмән басталады. Шындығында, барлығы ды әртүрлі дауысты дыбыстар мен үнді, жуысыңқы, тіл ортасы (тілшік) й дауыссызының тіркесі болып келеді. Егер ай немесе үй тіркестерінің дыбыс құрамына күман туғызбайтын болсақ, онда солармен теңдес ый, ій тіркестерінің де дыбыс құрамына күмәнданбауымыз керек.

Тіптен, басқаны былай қойғанда, и таңбасы бір дауысты дыбыс болса, онда ми деген сөздің құрамында неге жуан айтылып, ти деген сөздің құрамында неге жіңішке айтылып, екі түрлі дыбысталады деп ойлану керек қой. Өйткені и таңбасы бірде құрамында жуан ы дауыстысы бар ый тіркесін, бірде құрамында жіңішке і дауыстысы бар ій тіркесін белгілейді. Тілі қазақы шыққан, естілімі қазақы қалыптасқан адам үшін оны аңғарудың еш қиыншылығы жоқ.

Енді у таңбасымен келетін бірыңғай сөздер тобын көрейік (у таңбасының мәні түсінікті болу үшін оны арнайы w таңбасымен белгілеп отырмыз, өйткені қазақ тілінде ерін-еріндік, жуысыңқы, үнді w дыбысы бар. Ескерте кететін нәрсе, орыс тілінде ондай дауыссыз дыбыс жоқ, сондықтан да олар қазақтың Көкшетау тәрізді сөзінің соңына, w дауыссызын айта алмайтын болғандықтан, өздерінің үйреншікті в дыбысымен алмастырып отырады):

ау [аw], әу [әw], оу [оw], өу [өw], у [ұw], у [үw]

Алғашқы төрт сөздің (қазақ тілінде ы, і, е дауыстылары у[w] дауыссызымен тіркеспейді) дыбыс құрамына ешкім күманданбайды, ал соңғы у арқылы жазылып отырған екі сөзге (тіркеске) келгенде тағы да күмән басталады. Шындығында, барлығы ды әртүрлі дауысты дыбыстар мен үнді, жуысыңқы, еріндік у дауыссызының тіркесі болып келеді. Егер ау немесе әу сөздерінің дыбыс құрамына күмән туғызбайтын болсақ, онда солармен теңдес ұу, үу сөздерінің (тіркестерінің) де дыбыс құрамына күмәнданбауымыз керек.

Тағы да, басқаны былай қойғанда, у таңбасы бір дауысты дыбыс болса, онда алу деген сөздің құрамында неге жуан айтылып, елу деген сөздің құрамында неге жіңішке айтылып, екі түрлі дыбысталады деп ойлану керек болар. Өйткені у таңбасы бірде құрамында жуан ұ дауыстысы бар ұу тіркесін, бірде құрамында жіңішке ү дауыстысы бар үу тіркесін белгілейді. Мұның да тілі қазақы шыққан, естілімі қазақы қалыптасқан адам үшін аңғарудың еш қиыншылығы болмайды.

Екінші, түбір морфема мен қосымша морфеманың жігіне қарайық.

май [май], ма-йы [ма-йы]

ми [мый], ми-ы [мы-йы]

тау [тау], та-уы [та-уы]

ту [тұу], ту-ы [тұ-уы]

Қазақ тіліндегі қосымшалар талғампаз келеді. Соның бірі түбір морфеманың дауысты не дауыссызға бітуіне байланысты. Егер май, тау сөздерінің дауыссыз дыбысқа бітуіне байланысты қосымша морфема дауысты дыбыстан басталып тұрса, онда дауысты дыбысқа бітіп тұр (?) деген ми, ту сөздеріне неге дауысты морфема жалғанып тұр? Ендеше бұл сөздер де дауыссыз дыбысқа бітіп тұр деген сөз. Олай болса, транскрипциядан көрініп тұрғандай, дыбыс тіркесінің екінші сыңары й, у дауыссыз дыбыстары болғаны. Бұған қоса, мысалға алынып отырған сөздердің бәрінің буын және морфем құрамы біркелкі екенін де ескеру керек.

Ендеше и, у таңбаларының дыбыс құрамын ый, ій, ұу, үу дыбыстарының тіркесі деп қарау керек. Өйткені қазақ жазуының құрамына енген кірме әріптердің дыбыстық мәнін анықтау аса күрделі фонетикалық мәселеге айналып отыр. Себебі қазақ тілінің оқулықтары мен әдістемелік құралдарында кірме әріптер бірде дауысты, бірде дауыссыз, ал енді бірде дыбыс тіркесі деп түсіндіріліп келеді. Соның салдарынан, өкінішке орай, кейбір авторлар оларды қазақ тілінің жаңа латын әліпби құрамына да енгізуге тырысып жатыр. Жаңа фонема болу үшін ол қазақ сөзінің үндесім әуезін бұзбайтын (қазақтың жуан үндесім әуезді мый сөзін жіңішке әузбен ми деп айтқызбайтын), буын құрамын өзгертпейтін (ми-ы деп тасымалдатпайтын), морфем жігін үзбейтін (мый+ы деп түбір мен қосымша тіркесіміне нұқсан келтірмейтін) болу керек.

Ал, қазақтың төл сөздерінің жазылымына еніп кетіп, дауысты дыбыс болып жүрген я, ю таңбаларының тек дыбыс құрамын ғана ашып кетеміз. Дауысты я деп жүргеніміз йа, йә тіркестерінің таңбасы болса, дауысты ю деп жүргеніміз йұу, йүу тіркестерінің таңбасы болып табылады. Мысалы, жая [жайа], сая [сайа], әлия [әлійә], дүрия [дүрүйә], аю [айұу], ою [ойұу], үю [үйүу], түю [түйүу]. Бұлардың да ақиқат дыбыс құрамына жоғарыдағы әдістермен көз жеткізуге болады.

Жаңа латын әліпби мен оның емле-ережелері қазақ сөзінің айтылым әуезіне, буын құрамына, морфем жігіне, тасымал ретіне нұқсан келтірмейтіндей болу керек. Мұндай келелі шара мектеп «Әліппесі» мен оқулықтарынан бастау алмаса, «әліпби мен емле-ереже сырқаты» бүгінгіден де асқынып кетері сөзсіз.

3.ӘЛІПБИ ӘҢГІМЕСІ

Бүгінгі күні латын әліпбиі жайлы әңгіменің бір толастамай тұрғаны кездейсоқ емес. Өйткені біреу ұнатып айтса да, біреу ұнатпай айтса да латын жазуының (графикасының) жайы өзін толғандырып отырғандықтан айтады. Сондықтан ешкімге «мұның қалай» деуден аулақпын.

Қазақ жазуына (баса айтуға тура келеді, бір әліпби ауыстыру ғана емес) қажет реформа жайлы өз басым аз жазып, аз айтып жүрген жоқпын.


Дегенмен, осы мәселенің басы-қасында жүрген маман болғандықтан, жазу реформасына тағы да бір оралуға тура келіп отыр.

Бірінші айтатыным, ерте ме, кеш пе латын жазуына әйтеуір көшетініміз күмәнсыз. Өйткені ол - заман талабы, әлеми ақпараттық кеңістікке көштен қалмай енеміз десек, сондай-ақ күнделікті қолғанат қондырғыларды (оргтехниканы) еркін пайдаланамыз десек, оның басқа жолы жоқ. Бүгін біз көшпегенмен, ертең бізден кейінгі ұрпақ қалай да қалай көшеді, бірақ ол кешеуіл тірлік болады.

Мен саясаткер емеспін, сондықтан мәселенің саяси астарына соқпаймын, ол жағы, мен айтпай-ақ, әрбір ұлтжанды қазақтың ойында жүргені анық. Бұл жерде Ресейдің төл жазуынан айрылмай отырғанын алға тарпай-ақ қояйық, оның да бізге белгілі өз сыры бар...

Екінші айтатыным, қадірлі ағайын, қазақ жазуының тағдырын шын сөз еткіміз келсе, ең алдымен қазақ тілінің өзіне ғана тән төл дыбыс құрамының басын ашып алайықшы... Өйткені көбіміз (тіптен - бәріміз) дәл осы мәселеге келгенде шорқақпыз. Оған себеп жылдар бойғы «орыстандыру» саясаты болды. Аға ұрпақтың есінде болар, кезінде «бәріміз түгел орыс тіліне көшсек, коммунизмге тез жетеміз» деп, Кеңес басшыларының бірі тастаған ұранымыз да болған. Ең жанға бататыны, орыс тілінің «игі ықпалы» деген сылтаумен, өткен ғасырдың 50-ші жылдары төл сөздеріміздің жазылу емлесіне қосылған и, у тәрізді таңбалар (дыбыс емес) болды. Оқулық пен оқу-құралы біткен осы күнге дейін түгел сол жапсырмадан арыла алмай келеді.

Мектептен (тіптен – балабақшадан) бастап «қазақ тілінде 42 дыбыс (???) бар» деген тоқпақпен өскен ұрпақтан не сұрайсыз. Өзгені былай қойғанда, қазақ тілінің мұғалім-оқытушыларының өзі осыған ұйып қалған. Сондықтан да мен бүгінгі қазақ әліпбиін «қазақ-орыс», тіптен, керісінше, «орыс-қазақ» әліпбиі деп атауға мәжбүрмін. Өйткені бүгінгі әліпби мен емле-ереже - түгелімен жүйесі (туыстығы) бөлек орыс тілінен келген көшірінді. Дәлел керек пе? Онда кез-келген оқулықтың бетін ашыңыз немесе кез-келген қазақ тілі кабинетінің босағасын аттаңыз, «қазақ тілінің өзіне тән дыбыстары» деп 7-8 таңбаны ең көрнекі тұсқа бадырайтып бөліп қояды. Сонда осы бір санаулы дыбыстан басқа қазақ тілінің өзіне тән дыбыстары болмағаны ғой... Басқаша қалай ұғуға болады?

Осыған орай еске түседі. Осыдан бірер жыл бұрын белгілі бір ақынымыз (аты-жөнін атамай-ақ қояйын) орталық орыс гәзетінде бір бетті толық алып, ауыл деген бір сөздің төңрегінде қазақ тілтанымы мен оның мамандарын қазақ тілінің өзімен қоса, өзінің дағдылы әдетінше, сыбап өтіп, орыс аудиториясының алдына жығып сап беріпті. Сондағы уәжі үш дауысты дыбысты қатар жазған деген «не сұмдыққа» саяды. Ұмытпасам, қырғыздың айыл, өзбектің ағыл сөздерінің жазылымын мақтап өтеді. Қазақ сөзінің төл дыбыс құрылымын білмеу мен маңдайға жазған орыстақы емле-ережеден бейхабарлықтың салдары ғой. Болмаса, қырғыздың аЙыл сөзі й дауыссызымен, өзбектің аҒыл сөзі ғ дауыссызымен, қазақтың аУыл (дұрысы – ауұл) сөзі у[w] дауыссызымен (оның жасалым анықтамасы төменде беріледі) бір текті ғой. Әттең, орыстың у дауысты таңбасы бәрімізді естен тандырып, дауыссызымызды дауысты етіп елестетіп тұр ғой. Біз бастан кешіп отырған орыстақы орфографияның «көз елес» азабы бір бұл емес. Кірме таңбаны (әріпті) қазақтың дыбысы деп өзеурегендерді, олардың ішінде фонетист-мамандар да бар, әлі көп кездестіретін боламыз. Өз ағайындарымыздың өзінен қазақтың бар дыбысын жоқ деп, жоқ дыбысын бар дейтін уәжді де әлі көп еститін боламыз. Құлаққа сіңген орыс тілінің дыбыстарынан, көз үйренген орыс тілінің әліпбиінен, қол жаттыққан орыс тілінің әріптерінен арылтып алу оңай болмайды.

«Батпандап кірген ауру мысқалдап шығады» деп, өзімізді алдаусыратып, жұбатып қоямыз. Сөйтіп шыдам танытып, шыдас беріп келеміз.

Бүгінгі қазақ жазуына, тек әліпби ауыстыру ғана емес, түбегейлі реформа керек деп жүргенім сондықтан. Реформа бір ғана әліпби ауыстырумен тынбайды. Реформа үш мәселені - дыбыс, әліпби және айтылым емле-ереже (орфоэпия) - бірдей қамтиды: дыбыс – өзге тілдерден бөлектеп тұратын тілдің тұрпат-тұрқы; әліпби (таңба) сол дыбыстың қауызы, басқаша айтқанда, қорғаны мен оққағары; емле-ереже - дыбыстардың басын біріктіріп, сөзді қазақы етіп құрап тұратын дәнекері. Осы үш мәселе бір-бірімен байланысты және қатар шешілмей төл жазу қалыптаспайды. Ал әліпби ауыстыру қазақ жазуына реформа жасаудың алғы шарты және ең төте жолы болып табылады. Егер латын таңбаларын баптап қабылдай алсақ, онда көптеген тіл бұзар әріптер мен емле-ережелер өзінен-өзі түсіп қалады.

Қазақтың төл дыбыстарын түгендеп, соған лайықтап таңба санын ықшамдау А.Байтұрсынұлынан басталған болатын. Сол кезде таңба санын қорғаштап Ахаңның «жағасынан алғандар» болған. Оларға Ахаң «таңбаларды қысқартып, артығын борышыма берейін деп отырған жоқпын» деген екен. Менің де 42 таңбаны байлығымыз деп масаттанып отырған ағайындарымызға айтарым: артық таңбаларды еншілеп кетейін деп отырған ойым жоқ.

Сонымен, қазақ тілінің төл дыбыстары: а, ә, б, ғ(-г), д, е, ж, з, й, қ(-к), л, м, н, ң, о, ө, п, р, с, т, у(w), ұ, ү, ш, ы, і. Бас-аяғы 26(-28) дыбыс. Осы дыбыстардың сыртында қазақ тілінің дыбыстарын іздеп әуре болмау керек, өзге дыбыс жоқ. Осы жердегі бәрімізді шатастырып жүрген у таңбасының дыбыс мәні, тілімізде өте жиі кездесетін, «ерін-еріндік, жуысыңқы, үнді [w] дауыссыз дыбысы» болып табылады: ау [aw], ауа [awa], әу [äw], әуе [äwe], су [suw], суы [suwu], у [uw], уық [uwuq], уіл [üwül], күлу [külüw], аю [ayuw], үю [üyüw] т.с.с. Мұндай дауыссыз дыбыс орыс тілінде жоқ, ал ағылшын тілінде бар, көріп отырсыздар, қазақ тілінде де бар.

Мен латын графикасын тек осы төл дыбыстар үшін ғана құрастырған едім. Ондағы ойым, алдымен қазақ сөзінің үндесім әуезіне лайық әліпби үлгісін дайындап алу болатын. Ондай әліпби, егер қазақ тілінің қамын шын ойласақ, бөгде тілдің дыбыс-таңбасынан арылған таза, қоспасыз болу керек. Ал өзге орыс тілінен енген кірме дыбыстар мен таңбалар жайын, басқа амалдың жоқтығынан, өз алдына шешу керек деп, екінші кезектегі мәселе ретінде ескертіп отыратынмын. Және оның үлгісін алыстан іздемей-ақ, орыстардың өздері көрсетіп отырғанын да еске салып қоятынмын. Мысалы, в-v//ph, ф-f//bh, ц-tc, ч-ch т.б. Маған сенбесеңіздер, орыс тілінің жазба дерек көздерін ақтарып қараңыздар. Орыстардың өзі халықаралық құжаттарды, әкімшілік-кеңсе аттары мен жарнамаларды латынша беруге мәжбүр болып отырғанын күнде оқып-көріп отырмыз ғой. Соны көре-біле отырып, неге орыстақылықты аспандатып, қазақылықты тұқыртып отырамыз? Жалпы, Ресейдің өзінің кирилшеден айрылмай отырғанын уақытша жайт деп қарау керек.

Сонда бүгінгі қазақ әліпбиі дербес-дербес екі бөліктен тұрады. Төл әліпби өз таңба құрамы және айтылым емле-ережесімен, ал кірме сөздердің жазылуы өз таңба құрамы және айтылым емле-ережесімен тізбектеледі. Өйткені олардың үйлесім тауып, бір шаңырақтың астында басы бірігуі ғылыми тұрғыдан да, қолданба (практикалық) тұрғыдан да мүмкін емес. Бұған дейінгі барлық жарияланымдарымызда оның үлгісін беріп отырған болатынбыз [Латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиі: тарихы, тағылымы және болашағы. –Алматы: Арыс, 2007. –Б.231. т.б.]. Кестеде тек ұлттық әліпби тізімі тұрады, кестенің сыртында кірме дыбыстардың жазылым емле-ережесі мен үлгісі беріледі. Бұл - амал жоқтан болып жатқан іс. Ендеше, орыс сөздерін жазалмай қаламыз деп уайымдап, орыс тілінен айрылса далада қалатындай болып жүрген өз ағайындарымыз үрейленбей-ақ қойсын. Айтылымы орыс үлгісіндегі кірме сөздерден («халықаралық атаулар» деген атты жамылған) әзір құтыла қоймаймыз, сондықтан оның орысша жазылымына көңіл бөлмей отыра да алмаймыз.

Қазақтың төл сөздерінің жазылымына қатысты орнықты әліпби мен емле-ережеміз өткен ғасырдың ортасына дейін болды. Сол кезде қазақ сөзінің айтылым әуезі, морфем құрамы, буын үлгісі мен тасымал ретіне еш нұқсан келіп көрген емес болатын. Былық сол ғасырдың елуінші жылдарының ортасында қазақтың төл сөздерінің құрамында и, у, я, ю, щ таңбаларын жазу керек деген «зорлықтан» басталды. Жасыратыны жоқ, төл сөз құрамындағы кірме таңбалардың орынсыз екенін айтып шырылдаған жанашыр топты алпауыт орыс тілінің «игі ықпалын» қолдаған саясатшыл топ жеңіп шықты. Қазақ сөзінің үндесім айтылымы бейәуезденіп, морфем құрамы сетінеп, буын құрылымы жарықшақтанып, тасымал реті бұзылып сала берді. Тый мен тійдің, сый мен сійдің (кешіріңіздер!) жазылымын үйлестіре алмай әлек болғанымызға күлеміз бе, әлде жылаймыз ба? Қазіргі ұрпақтың мый деудің орнына ми деп кеткеніне қайғырамыз ба, әлде қуанамыз ба? Қазақ тілінің бастан кешіп отырған тауқыметі бұл екі-үш мысалмен бітпейді.

Ендеше, әрі қарай.

Қазақтың төл жазуындағы кірме таңбаларға қатысты бүлдіргі жаңсақтықтардың бәрін термелеп жатудың бұл жерде реті жоқ. Сондықтан оқулықтарда дауыстылардың қатарында жүрген и, у таңбаларына ғана тоқталамыз (я, ю, щ, х, һ таңбаларының жайы осыған ұқсас).

Сонымен, жазылуына қарай талданым.

Морфем талданым:

-оқы етістігінің көсемше түрі оқи болса, сонда көсемшенің көрсеткіші дауысты и дыбысы болғаны ма? Онда көсемшенің бір «көрсеткіші дауыссыз й» деген ереже қайда қалады?

-оқы етістігінің тұйық рай түрі оқу болса, сонда тұйық райдың көрсеткіші дауысты у дыбысы болғаны ма? Онда тұйық райдың «көрсеткіші дауыссыз у» деген ереже қайда қалады?

Ең сорақысы, осы жердегі «дауысты ы дауысты у-мен алмасады» деп түсіндіретін ереженің барын қайтерсің! Ал оқы етістігі дауысты ұ-ға (жарайды, тіптен, көз елес ы дауыстысы бола қойсын) аяқталып тұрғаны, оған келіп дауыссыз у тіркесіп, тұйық рай оқұу жасалатыны қаперімізге кірмей-ақ қойды.

Қазақтың ұу дыбыс тіркесінің естілімі орыстың у дауыстысының, қазақтың ый(-ій) дыбыс тіркесінің естілімі орыстың ы(-и) дауыстысының естілімімен жалған ұқсас екеніне сеніп қалғанбыз.

Буын талданым:

-миы сөзінің буын құрамы ми-ы болып, алғашқы буын дауысты и дыбысына аяқталып, келесі буын дауысты ы дыбысынан басталып тұр ма? Онда қазақ сөзінің ішінде «буын дауысты дыбыстан басталмайды» деген ережені қайда қоямыз? Оның үстіне сөз соңында «дауысты буын тұрған деген не?» деп, аң-таң боламыз.

-суы сөзінің буын құрамы су-ы болып, алғашқы буын дауысты у дыбысына аяқталып, келесі буын дауысты ы дыбысынан басталып тұр ма? Ендеше қазақ сөзінің ішінде «буын дауысты дыбыстан басталмайды» деген ережені тағы еске сала кетеміз. Оның үстіне «сөз соңында дауысты буын неге тұр?» деп, тағы аң-таң боламыз.

Тасымал талданым:

-жиын сөзі жи-ын болып тасымалданып, тасымал жігі екі дауыстының арасынан өтіп тұрады ма? Онда «қазақ сөзінің ішінде екі дауысты қатар тұрмайды» деген ережені қайда қоямыз? Оның үстіне «сөз соңында тұйық буын тұрған деген не?» деп, әрі-сәрі боламыз.

-суық сөзі су-ық болып тасымалданып, тасымал жігі екі дауыстының арасынан өтіп тұрады ма? Ендеше «қазақ сөзінің ішінде екі дауысты қатар тұрмайды» деген ережені тағы қайталаймыз. Оның үстіне «сөз соңында тұйық буын неге тұр?» деп, әрі-сәрінің үстіне дел-сал боламыз.

Көріп отырғанымыздай, аттаған сайын сұрақ белгісі алдымыздан шығып отыр. Бұл – бүгінгі қазақ жазуының күманды тұстары көп деген сөз.

Енді дәлелдемеге көшейін.

Қазақ сөзінің құрамындағы кірме и, у, я, ю, щ, һ, х таңбаларының дыбыс мәні жайлы фонетика-фонологиялық тұрғыдан бұған дейін көп жазылған, сондықтан оған тоқталып жатпаймын. Тек қана, дыбыс құрамын көрсетіп өтейін.

и –[ый, ій], у – [ұу, үу],
я – [йа, йә], ю – [йұу, йүу],
щ – [шш], һ – [қ], х – [қ]

Кірме әріптердің дыбыс құрамына қарағанда олар екі-үш дербес дыбыстардың тіркесімін белгілейтін таңбалар екенін көреміз. Осы кірме әріптердің дыбыс мәнінің дәлелдемесін, бәріне тоқталып жатпай, и мен у таңбаларына ғана қатысты жеке-жеке талдап берейін.

Морфем дәлел. Тіркесімнің екінші сыңарының морфологиялық қызметін өзге морфем бірліктерімен салыстырып барып аңғаруға болады:

оқы – л [oqu - l]
оқы – п [oqu - p]
оқы – с [oqu - s]
оқы – й [oqu - y]
оқы – у [oqu - w]

Осында оқыл дегендегі дауыссыз л[l] – ырықсыз етіс көрсеткіші, оқып дегендегі дауыссыз п[p] - көсемше көрсеткіші, оқыс дегендегі дауыссыз с[s] – ортақ етіс көрсеткіші ретіндегі морфологиялық қызмет оқи [oquy] дегендегі дауыссыз й[y] – көсемше көрсеткішіне, оқу [oquw] дегендегі дауыссыз у[w] – тұйық рай көрсеткішіне де тән екенін көреміз. Тілдік (морфологиялық) қызмет осындағы [l], [p], [s], [y], [w] дауыссыздарына бірыңғай тән. Ендеше и, у таңбаларын дауысты деп шатаспауымыз керек.

Буын дәлел. Тіркесімнің екінші сыңары, қазақ тілінің өзге дауыссыз дыбыстары тәрізді, буынның құрамды бөлігі болып табылады:

қыр – қы+р [qɪ-r] тіc – ті+c [ti-s] ұл – ұ+л [u-l]

Осындағы [r], [s], [l], [y], [w] дауыссыздары буынның соңғы дауыссыз сыңары ретінде бірдей жұмсалып отыр.

Тасымал дәлел. Тіркесімнің екінші сыңары қазақ тілінің өзге дауыссыз дыбыстары тәрізді тасымал жігін көрсетеді:

тыным – ты-ным шіре - ші-ре
тиым – ты-йым шие - ші-йе

құсы – құ-сы елігі – е-лі-гі
қуы – құ-уы елуі – е-лі-уі

Осындағы [n], [r], [y], [s], [g], [w] дыбыстары дауыссыз болғандықтан сөз ішіндегі буынның бас шебінде тұр. Сөйтіп сөз соңындағы бейтәртіп дауысты буын мен тұйық буыннан құтыламыз.

Олай болса, дауысты и, у, я (ю) деп жүргеніміз екі (үш) дыбыстың тіркесімін белгілейтін таңба (!) екен.

Жазу реформасының реті бірнеше сатыдан тұру керек. Соның ең бастысы - алдымен, кешіріңіздер, «сауат ашып» алу. Арамызда «Астапыралла, неғылған сауат ашу, мектеп түгілі қалтамда қос институттың дипломы бар» деп қалатындар табылып қалатыны сөзсіз. Дегенмен, сабыр-сабыр. Сөз жоқ, ми [mi] емес, мый [mɪy] екенін, су [su] емес, сұу [suw] екенін, ащы емес ашшы т.с.с. екенін көбіміз біле бермейміз (ұмытып қалдық немесе ұмыттырып жіберді). Бұлар – ең қрапайым мысалдар. Мұндай мысалдардың тілімізде ұшы-қиыры жоқ. «Сауатсыз» болып қалғанымызға да біз кіналы емеспіз, бізді солай сауатсыз етті. Немесе қазақтың еркін кең тыныспен айтылатын сәнді ашшы, тұшшы, кешше сөздеріндегі қос дыбыстың орнына төркіні бөлек тұншығыңқы щ дыбысын қойып айта алатын қазақ табылар ма екен. Бар болғаны үш сөздің ерсі жазылымына бола басы артық емле-ереже алып, бас қатырып отырғанымызды қозғамай-ақ қойдық.

Ендеше, алдымен сабыр сақтап, сауат ашып алуымыз керек. Сонан соң барып жазу реформасын, оның ішінде әліпби ауыстыру да бар, бастау керек.

Сонымен ұлттық әліпби жоба (3.1 кесте):

3.1 кесте. Қазақ латын әліпбиінің «Ұлттық жобасы»


кирил

латын

ата-луы

кирил

латын

ата-луы

1

2

3

4

5

6

7

8

9

10

11

12

13

А а

Ә ә

Б б

Ғ ғ(-Г г)

Д д

Е е

Ж ж

З з

Й й

Қ қ(-К к)

Л л

М м

Н н

A a

Ä ä

B b

Ğ ğ(-G g)

D d

E e

J j

Z z

Y y

Q q(-K k)

L l

M m

N n

а

ә

бы

ғы(-гі)

ды

е

жы

зы

ый

қы(-кі)

ыл

мы

ны

14

15

16

17

18

19

20

21

22

23

24

25

26

Ң ң

О о

Ө ө

П п

Р р

С с

Т т

У у

Ұ ұ

Ү ү

Ш ш

Ы ы

І і

Ň ň

O o

Ö ö

P p

R r

S s

T t

W w

U u

Ü ü

Š š

І ɪ

İ і

ың

о

ө

пы

ыр

сы

ты

ұу

ұ

ү

шы

ы

і

Осы саланың білікті мамандарының бірі Серік Ерғали ініміз www.abai.kz сайтында менің әліпби жобамды жариялап жіберген екен. Інімізге, рахметтен басқа айтарым жоқ. Жоба едәуір пікір таласын тудырыпты: қолдап жатқандар бар (көп рахмет!), қорлап, намысқа тиіп жатқандар тағы жоқ емес (интернетте бейтәртіп еркіншілік қой, ешкімнің аузына қақпақ, қолына байлау бола алмайсың). Көпшілік болған соң әрнәрсені күтуге болады. Дегенмен, қолдаушылар жағының басым екендігі - көңілге демеу.

Ұсынылған әліпби «Ұлттық жоба» деп аталады, өйткені ол ұлт жазуына арналған. Сайтта берілген жоба көшірмесінде бірер жаңсақтық кетіп қалыпта: і таңбасы қос нүктелі ï болып кетіпті, ал ұ және ү дыбыстарына ü деп бір-ақ таңба беріліп кетіпті. Соның салдарынан оқырмандар арасында «бұл қалай» деген түсінбестік туып қалған.

Әліпби «Жоба» деп аталады, ендеше ол біткен жұмыс болып саналмайды. «Жоба» деген түзетілуі мүмкін, жетілдірілуі мүмкін, тіптен, қабылданбай да қалады. Сондықтан «Жобаға» тек ұсыныс деп қана қарау керек. «Жоба» қазақ сөзінің үндесім әуезін, морфем құрамын, буын тұрқын, тасымал жігін бұзып жазуға еш мүмкіндік бермейді. «Жоба» мазмұнынан ешқандай тіл бұзар (бүлдіргі) жаңсақ айтылым емле-ереже туындамайды.

Жақында Астанадағы Түркі академиясы мен Тіл комитетінің қатысуымен Түркі мемлекеттері кеңесі қабылдаған «Түркі әліпбиінің» жобасы қолға тиді. Енді Түркі кеңесі қабылдаған ортақ әліпби үлгісіне байланысты Ä ä таңбасын


Ә ә деп, Ň ň таңбасын Ņ ŋ деп, Š š таңбасын Ş ş деп алуға тура келді. Қанша дегенмен түркі бірлігіне, алшақтай бермей, мойын ұсынумыз керек қой. Бұл жерде бір нәрсені ескеру керек болады. Егер ŋ таңбасын алатын болсақ, онда оның бас әріп таңбасы Ŋ болу керек еді. Оның орнына алынған Ņ таңбасының жайы түсініксіздеу болып отыр. Қазақ тілінде сөз басында ң таңбасы кездеспейтін болғандықтан, бұл мәселеге көп көңіл бөлмей отырмын (3.2 кесте).

3.2 кесте. Түркі әліпбиінің негізінде құрылған қазақ латын әліпбиінің
«Ұлттық жобасы»

№№

кирилше

латынша

аталуы

№№

кирилше

латынша

аталуы

1

2

3

4

5

6

7

8

9

10

11

12

13

А а

Ә ә

Б б

Ғ ғ(-Г г)

Д д

Е е

Ж ж

З з

Й й

Қ қ(-К к)

Л л

М м

Н н

A a

Ә ә//Ä ä

B b

Ğ ğ(-G g)

D d

E e

J j

Z z

Y y

Q q(-K k)

L l

M m

N n

а

ә

бы

ғы(-гі)

ды

е

жы

зы

ый

қы(-кі)

ыл

мы

ны

14

15

16

17

18

19

20

21

22

23

24

25

26

Ң ң

О о

Ө ө

П п

Р р

С с

Т т

У у

Ұ ұ

Ү ү

Ш ш

Ы ы

І і

Ņ ŋ//Ň ň

O o

Ö ö

P p

R r

S s

T t

W w

U u

Ü ü

Ş ş//Š š

І ɪ

İ і

ың

о

ө

пы

ыр

сы

ты

ұу

ұ

ү

шы

ы

і

«Жобаға» ақыл қосатын тұстары да жоқ емес. Мүмкін қос нүкте мен қанатшаның орнына бір ғана көлденең сызықша жүргізе салған әдістемелік тұрғыдан (қол жаттығу) ұтымды болар ма еді. Емле-ереже құрастыру үстінде де ақылдасып шешетін жайттар бар.

Әлеми жазудың тәжірибесіне қарасақ, ешбір мемлекет, ешбір халық кірме дыбыс үшін арнайы таңба ойлап таппайды немесе сол кірме дыбыстың төркін таңбасын алмайды. Таңбаны сол өзінің төл әліпбиінің ішінен құрастырады. Кірме дыбысқа сол дыбыстың төркін таңбасын қоса алу деген бұрынғы Кеңес түркі республикаларында (оның қақ төрінде өзіміз бармыз) ғана болды. Мысалы, орыс тілінен ц, ч т.б. дыбыстарын қабылдап, ц, ч т.б. таңбаларын қоса алып отырдық.

Қазіргі европалық елдер де орыс сөздерін жазып-сызуға мәжбүр болып отыр, бірақ олар ц дыбысын tc деп, ч дыбысын ch деп латын әліпби үлгісімен жазу амалын тауып отыр. Бұл амал теория-практикалық тұрғыдан әбден сыннан өткен. Орыстардың өзі жатсынбай қабылдап отыр.

Ендеше бір сәт ағылшын жазуының үлгісіне жүгініп көрейік. Ағылшын тілінде 48 дыбыс бар, бірақ әліпби тізбегінде 48 таңба жоқ, бар болғаны 26 таңба. Сонда қалған 22 дыбыстың жазылым-айтылымы еміле-ережемен реттеледі. Олай болса, «орыс-қазақ» әліпбиінің құрамынан шығара алмай отырған кірме дыбыстардың жазылымын осы ретпен жөнге салуға әбден болады: ф-f//ph, в-v//bh, ц-tc, ч-ch, х-kh т.с.с. «Қимай» отырған кез-келген кірме сөзді жазып/оқып кете берудің еш қиыншылығы болмайды. Алайда бұл таңбалар, ағылшын тәжірибесімен, қазақ тілінің әліпби тізбегінде тұрмайды. Phonetik(a), tcekh деп жаза береміз, бірақ ph, tc, kh деп әліпби тізіміне кіргізе алмаймыз. Бұл біз ойлап тапқан ұстаным емес, әлеми жазу тәжірибесі. Ал [i], [u] таңбаларының қазақы және халықаралық оқылымының жайын әлі де болса ойлануға тура келеді, бұл жерде шешілмей тұрған едәуір қиындық бар екені рас. Өйткені кірме уран [uran] мен қазақы ұран [uran] сөздерінің жазылымы бірдей болып кетеді. Бұдан басқа да мысалдар табылып қалары сөзсіз.

Қазіргі орыс айтылымындағы халықаралық сөздерді «Ұлттық жобаның» негізінде жазып көрсетіп («федерация-ны п[p]-мен жазамыз ба?» деп), жерден жеті қоян тапқандай күлкіге қарқ болып, интернет бетінде мазақ қып жүрген орыс (тілді) ағайындарымыз тағы бар. Олар ұлттық әліпби ұлт сөздерін жазуға арналған деген зарымызға құлақ аспаса, амал қанша.

Кірме дыбыстардың жазылымы өз алдына шешілу керек дей беретінім сондықтан. Орыс айтылымындағы халықаралақ сөздердің жазылымын алға тартып, айбат шегіп отырған ағайындарымыздың тынышталуына болады.

Жазу реформасын тәуекел деп бастау ғана қалды. Өйткені реформаның оңайы болмайды: саяси реформа, әкімшілік реформа, қаражат реформасы т.б. Алайда, бұл реформалар жоғары билікте орындалады да төменгі көпшілік оның дайын нәтижесін ғана алады. Сөйтіп бұқара көпшілік реформа ауырлығын сезбейді. Ал жазу реформасының қиыншылығын сауат ашуды бастаған баладан бастап, демалыстағы зейнеткерге дейін әрқайсысы өз жеке басынан өткереді. Жазу реформасының өзге реформалардан ерекшелігі де, міне, осында. Сондықтан да жазу реформасына тәуекел деп кірісудің алдында сабырлы сақтық керек болады.

Латын графикасына көшудің мерзімі жайлы да ортақ пікір жоқ, біреулер ұшқырлық танытып жатса, енді біреулер шабан басып, он-он бес жыл деп жобалайды. Жазу реформасының (тек әліпби ауыстыру емес) мерзімі алдын-ала дайындыққа байланысты болады: мақсаты мен мазмұны айқын болу керек. Мақсаты – қазақ әліпбиін ұлттық үлгіге түсіру, мазмұны – қазақ сөзінің айтылым-жазылым үйлесімін орнықтыру.

Ол үшін (дайындық реті):

-бірінші, «сауат ашып алу» керек, көпшілік үшін қазақ мәтінінің «әліпби дыбыс жазбасын (транскрипциясын)» дайындау. Қазақ сөзі ми емес мый, су емес сұу, у емес ұу, и емес ій, ки емес кій, ит емес ійт, ою емес ойұу, сүю емес сүйүу, ащы емес ашшы, хат-хабар емес қат-қабар, жиһаз емес жиқаз, құлын емес құлұн, жүрек емес жүрөк екеніне көз жеткізіп, көңілге қондыру қиынның-қиыны болады (х, һ таңбаларын жасанды дыбыстап жатамыз, бірақ ол тіл заңдылығына жатпайды);

-екінші, «әліпби дыбыс жазбасына» лайық морфем, буын, тасымал емле-ережелерін қайта дайындау (өзгерістер енгізу);

-үшінші, қазақ тілінің төл дыбыстарына (кірме дыбыстар да қалып қоймасын) берілген балама латын таңбаларына көз үйретіп, қол жаттықтыру;

-төртінші, содан кейін барып, латын графикасы негізіндегі қазақ жазуына ырғалып-жырғалмай, жүрексініп-тартынбай, уақыт оздырмай жаппай көшу.

Жазу реформасын игеру үшін көпшілік бұқараға бір жылдың ар жақ бер жағы жетіп жатыр. Ал мектеп және өзге оқу орындары үшін жазба құралдарының дайындығына кететін уақытты есепке алуға тура келеді. Дегенмен, бұрынғыдай қорғасын сапырып, тарсыл-гүрсіл боп жатқан баспаханалар жоқ, компьютердің кілтімен кирилшеден латыншаға қас қағымда аударып алуға болады ғой. Ағылшын тілін жаппай оқып жатқан балаларға қазақ латыншасына жаттығу қиындық туғызбайды. Ендеше жылдан жылға созып, бес-он жылдап созбидаға салудың еш реті жоқ. Егер оқулықтар мен оқу-құралдарының латыншаға көшірілуі қол байлау болмаса, қазақ латыншасының көз жаттамы мен қол дағдысын қатар игеріп алу, арысы екі-үш жылдың шамасы, берісін тым жақындатпай-ақ қояын, уақыт көрсетер.

Ең маңызды мәселелердің тағы бірі... Әліпби ауыстыру әңгімесі көтерілгелі бері жүзге тарта жобадан хабардармын. Әліпбиін заңдастырып, куәлік қағазын (патентін) жалаулатып, әліпбиіне өз атын беріп жүргендерді де көрдім. Қазақ тілінде қанша дыбыс бар екенін білмей-ақ жоба ұсынып жатқандар бар, таңба мен дыбысты шатастырып алып жоба ұсынып жатқандар тағы бар, 42 кирилді 26 түймешеге қалай сидырам деп әлек болып жатқандар да жоқ емес. Әлеми жазу дәстүрі мен ұстанымынан (теориясынан) бейхабарлық көпшілігіне тән. Соның нәтижесінде таңба құрамында бір ізділік пен жүйе жоқ, сөздің оқылым-жазылымында әдістемелік қайшылық көп.

Соған қарамай, әркімнің өз әліпбиі - озық, өз уәжі - басым, пендәуи тірлікке төрелік жүрмейді. Ендеше, менің де өз уәжім жоқ емес: қазақта «шымшық (бөдене, тауық деп те айтады) сойса да қасапшы сойсын» деген сөз бар. Олай болса, қорытынды сөзді тілтаным мамандары, оның ішінде фонетистер, айту керек деп ойлаймын.

«Мұның бәрін не үшін айтып отырсың» дерсіз... Ертең әліпби бәйгесі басталды дейік. Қазақы дәстүрде бәйгеге ат қоспа дейтін тиым жоқ. Әркімнің өз әліпбиі әдемі, сондықтан әліпби науқанына жоба авторларының түгел қатысатынына күман жоқ. Солай болғаны да дұрыс шығар. Бірақ жазу реформасы тек әліпби бәсекесіне айналып кетпеу керек.

Бәйгенің аты бәйге... Ат қосар межесі, шауып өтер жолы, барып жетер қарауылы анық-айқын болмаса, ауыл балаларының апыр-топыр шаң қапқан жаяу жарысына айналып кетуі мүмкін. Сондықтан байыпты ұсыныстарды қолдайтын, аптықпа-асығыстыққа сабыр айтатын, алып-қашпа тентектікке тоқтау салатын, турасын айтқанда, шылбыр мен тізгінді қоса ұстаған билік керек. Нақты айтқанда, латын әліпбиінің болашағына сеніп, тұнып-тұтасып тұрған араб қоғамына жалтақтамай, жаңа жазуға жүрдек өтіп алған Ататүріктің «қара тақтасының» тәжірибесі керек... Қазір, әрине, қара тақта деген жоқ, бірақ оның орнына «интерактив (қоликемді) тақта» келді ғой.

Жарайды, қазіргі ұрпақ латын таңбасына көшерміз-көшпеспіз, бұйырғаны болар. Жоғарыда айттық, біз өтпегенмен келесі ұрпақ өтеді. Ал, бірақ сол келесі ұрпақтың еншісіне қазақ тілінің төл дыбыс құрамын айқын түгендеп, әліпби үлгісін соған лайық ықшамдап, айтылым емле-ережесін реттеп беріп, «өзіңдікі мынау, өзгенікі анау» деп жөн-жобасын сілтеп кету тілтаным мамандарының борышы болу керек қой. Жаңа ұрпақ бүгінгі біз сықылды «дүбара» жазудың шытырман торында адасып-шатасып жүрмес еді, сонда бұл да бір біткен іс болмай ма? Сол үшін кінәлі бола қоймаспыз.

Күдік те жоқ емес: бүгінгі жазу тәрбиесімен өскен бір ұрпақ ауысса, үндесім әуезді қазақ тілінің жайы не болмақ екен.

Сөз соңында, біреулер қазақ тілі «дамып, кірме таңба/дыбыстармен байып жатыр» деп қоқан-лоққы көрсетеді, біреулер жазудағы «таңба үнемін» алға тартып, тапқырлық көрсетеді, біреулер қаражат шығынымен қорқытады, біреулер орыс үлгідегі атау/терминдер байлығын қимайды, іздей берсе бітпес іске себеп көп. Алайда, қазақ сөзінің үндесім әуезін, морфем құрамын, буын тұрқы мен тасымал жігін бұзатын әріп байлығының, таңба үнемінің, қаражат сараңдығының, орыс тілінің айтылым үлгісіндегі сыңар жақ атау/терминдерді қимаушылықтың не қажеті бар?

Бұл сұраққа менің жауабым, әңгіме түрінде болса да, айтылды. Ал көпшілік оқырман не дерін өзі білсін.

Мысал мәтіндер үлгілері:

ABAY JOLI

Üş kündik joldɪŋ bügingi, soŋǧɪ künine bala şәkirt barɪn saldɪ. Qorɪqtan kün şɪǧa atqa mineyik dep asɪqqan-dɪ. Bunɪ qaladan alɪp qaytqalɪ barǧan aǧayɪnɪ Baytastɪ da taŋ atar-atpasta özi oyatɪp turǧɪzɪp edi. Kün uzɪn attan da tüspey, özge jürginşilerden oq boyɪ alda otɪrǧan. Key-keyde özine tanɪs Köküyirim men Buwratiygen, Taqɪrbulaq sɪyaqtɪ qonɪs-qudɪqtardɪŋ tus-tusɪna kelgende bala oqşaw şɪǧɪp, astɪndaǧɪ jaraw qula bestisin aǧɪzɪp-aǧɪzɪp ta aladɪ…

-Mɪna balanɪŋ awɪlǧa asɪǧuwɪn-ay!

Төмендегі мәтінде жоғарыда айтылған Ii, Uu таңбаларының төл және халықаралық оқылымындағы қайшылықты емле-ереже арқылы реттеуге тура келеді.

Biz aldɪmɪzǧa qoyɪp otɪrǧan biyik maqsattarǧa jetüw biyliktiŋ barlɪq organdarɪ men instituttarɪ, isker, ǧɪlɪmɪy jәne sarapşɪ toptar tarapɪnan qosɪmşa köp jiger-qayrat jumɪldɪruwdɪ, kerek deseŋiz, köp rette iske jaŋaşa qarawdɪ, mülde tosɪn turǧɪdan kelüwdi talap etedi.

Eŋ bastɪsɪ, keşendi jaŋartuw üderisi elimizdiŋ külli qalqɪnɪŋ, qoǧamnɪŋ barlɪq toptarɪ men insnituttarɪnɪŋ müddesi üşin, әri solardɪŋ tikeley qatɪsuwɪmen jürgiziledi.

Nursultan Nazarbaev.

Jaŋa әlemdegi jaŋa Qazaqstan.

MENIŅ ELIM

Altɪn kün aspanɪ,

Altɪn dәn dalasɪ,

Erliktiŋ dastanɪ,

Elime qaraşɪ!

Ejelden er degen,

Daŋqɪmɪz şɪqtɪ ǧoy,

Namɪsɪn bermegen,

Qazaǧɪm mɪqtɪ ǧoy!

Meniŋ elim, meniŋ elim,

Güliŋ bolɪp egilemin,

Jɪrɪŋ bolɪp tögilemin, elim!

Tuwǧan jerim meniŋ –
Qazaqstanɪm!

Төменде латын таңбалары негізіндегі қазақ тілінің «ұлттық жоба» оңаша үлгісі беріліп отыр (3.3 кесте).

3.3 кесте. Қазақ латын әліпбиінің
оңаша «Ұлттық жобасы»

A a

J j

N n

T t

Ә ә/Ä ä

Z z

Ņ ŋ/Ň ň

W w

B b

Y y

O o

U u

Ğ ğ

Q q

Ö ö

Ü ü

G g

K k

P p

Ş ş/Š š

D d

L l

R r

Ι ɪ

E e

M m

S s

İ i

ҚОРЫТЫНДЫ

«Жоба» қазақ сөзінің:
-үндесім әуезін,
-морфем құрамын,
-буын тұрқын,
-тасымал жігін,

-сөйлем (сөйлеу) ырғағын
бұзып жазуға еш мүмкіндік бермейді.
«Жоба» мазмұнынан ешқандай тіл бұзар жаңсақ емле-ереже туындамайды.

Бөлісу:

Көп оқылғандар