Сұлтанәлі Балғабаев: Рухани жаңғыру: қаламгер мен кітап
Бөлісу:
Белгілі қаламгер, драматург, «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің мүшесі Сұлтанәлі Балғабаев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: ұлттық жаңғыру» атты мақаласы төңірегінде ой бөліскен еді.
– Қазіргі таңда елімізде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты Елбасы мақаласы бүкіл халық тарапынан жоғары бағаланып, жан-жақты талқылануда. Бүгінгі әңгімемізді ең алдымен осы маңызды мәселеден бастасақ. Елбасының бұл еңбегі cізге қаламгер ретінде қандай ерекшеліктерімен әсер етті?
– Елбасының бұл мақаласы – қазақ халқын ұлт ретінде жаңа деңгейге көтеріп, әлемдегі ең дамыған өркениетті елдердің қатарына жеткізетін нақты, айқын бағдарлама. Қазақстанның бүкіл халқы осы еңбекте көрсетілген міндеттерді жүзеге асыруға бір кісідей жұмылып, белсене кірісулері керек.
Осы тұрғыдан келгенде, қаламгер ретінде Елбасы мақаласындағы бәсекелестік қабілет туралы мәселе айрықша қызықтырды.
– Қаламгерліктің бәсекеге қандай қатысы бар?
– Мұны түсіну үшін Елбасының мақаласына және бір назар аударғанымыз жөн: «Болашақта ұлттың табысты болуы, оның табиғи байлығымен емес, адамдардың бәсекелікке қабілеттілігімен айқындалады. Бәсекелікке қабілеттілік дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін». Елбасының осы бір-екі ауыз сөзінде қазақ халқының бүгінгі ең өзекті мәселелері қамтылған. Яғни, қазір біз тек табиғи байлықтың – мұнай, газ, көмір, темір т.б. өндірудің нәтижесінде өсіп-өркендеудеміз.
Сонда біз табиғи байлыққа неге тәуелді болып отырмыз? Оның себебі – бәсекеге қабілетіміз төмен. Қолдағы бар мүмкіндікті дұрыс, тиімді пайдалана алмаймыз. Мысалы, Қазақстанның жері ұшан-теңіз кең. Дүниежүзі бойынша алтыншы орын алады. Жеріміздің көбі құнарлы, егін ексең де, бау-бақша салсаң да, мал өсірсең де мол өнім алуға болады. Сөйте тұра айналдырған 17 миллион халықты азық-түлікпен қамтамасыз ете алмай, еттің біразын сонау Латын Америкасынан әкелеміз. Көкөністің басым көпшілігін Өзбекстаннан тасимыз. Киім-кешек жөнінен де бізден қырғыздар озып кетті. Бішкектің киім-кешектері Қазақстанның сауда орындарын жаулап алған.
Бәсекеге қабілетіміз мәдени-рухани салада, нақтырақ айтқанда, әдебиетте де мақтанарлықтай емес. Мысалы, ақын-жазушыларымыздың басым көпшілігі Алматыда тұрады. Кітап шығарумен айналысатын 300 баспа бар дейді, олардың да негізгі бөлігі осында. Бірақ Алматыдағы кітап дүкендерін араласаңыз, алдыңыздан, негізінен Ресейдің кітаптары қаптап шығады.
– Ресейдің кітаптарына сұраныс көп деген сөз бе?
– Мұның себебі – жоғарыда айтқанымыздай, бәсекеге қабілетіміздің төмендігінен. Осыған орай мына жағдайды айта кеткеніміз жөн. Бүгінгі таңда Қазақстанда кітап шығару жөнінде арнайы бағдарлама қабылданып, көп мөлшерде қаржы бөлініп отыр. Түрлі марапаттар мен атақтарды, Президенттік және Мемлекеттік стипендияларды да ең көп алатын – ақын, жазушылар. Бұл – Елбасының ұлттық әдебиетімізге жасап отырған айрықша қамқорлығы. Ең дамыған мемлекеттердің өзінде әдебиетке мұндай қолдау өте сирек. Демек, Қазақстанда жазушылардың кітаптарын көп таралыммен шығарып, халықтың сұранысын толық өтеуге нақты мүмкіндік бар. Бірақ ол мүмкіндікті тиімді пайдалана алмай келеміз.
– Тиімді пайдалана алмауымыздың сыры неде?
– Бүгінге дейін кітап шығару Мәдениет және спорт министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жүзеге асырып келді. Бұл бағдарлама әдебиетімізді дамытуға, қаламгерлердің жаңа, сапалы шығармалар тудыруына жағдай жасап, жарық көрген кітаптардың оқырманға көптеп жетуіне қызмет етуі тиіс. Бірақ бағдарлама бұл міндетін ойдағыдай атқара алмай келді. Бұған дәлел – бағдарлама бойынша жарық көретін кітаптардың таралымы 2 мыңмен шектелетіндігі. Еліміздегі кітапханалар 12 мыңнан асады. Демек, мемлекеттік тапсырыспен шыққан кітап олардың екі мыңына ғана жетеді. Сонда қалған 10 мың кітапхана жаңа кітапты қайдан алады? Кітапханалардың өзіне жетпей жатқанда, кітап дүкендері жұртшылыққа не ұсынады?
Міне, осының салдарынан Қазақстан халқы жаңа кітаптарға өте зәру. Оның үстіне, биылға дейін кітаптың шынайы иесі – авторға төленетін қаламақы да түкке тұрмайтын жарытымсыз болып келді.
– Бұл тұйықтан шығудың жолы бар ма?
– Кітап шығаруды қазіргі заман талабына сай, яғни нарық заңдылығына бейімдеп жүргізу керек. Өркениетті елдерде кітап шығару үш саладан тұрады. Оның біріншісі – кітаптың түпнұсқасын автордан сатып алу. Екіншісі – кітапты басып шығару. Үшіншісі – дайын болған кітапты тарату, негізінен, саудаға шығарып сату. Осыған орай, оларда кітап шығару – бизнестің ең тиімді түрінің бірі. Кітап саудасының менеджменті де барынша дамыған. Жақсы жазушының табатын табысы да, кітаптардың таралымы да барынша жоғары. Тіпті, бұл мәселе өзімізбен көрші Ресейде де алға басқан. Қазақстандағы кітап дүкендерін Ресейдің өнімдерінің «жаулап» алуы – осының нақты дәлелі.
Біздің Қазақстанда бұл үш саланың тек екіншісі ғана нақты жұмыс істейді. Яғни, «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы, аты анық көрсетіп тұрғандай, тек кітапты басып шығаруға ғана арналған еді. Сонда өзге елдердегідей кітапты автордан сатып алу, жарық көрген соң оны таратып, саудаға шығару жұмысымен кім айналысады? Бұған нақты ешкім жауап бере алмайды. Өйткені, кітап шығаратын жекеменшік баспалар аталған бағдарламаға бөлінген қаржыдан тиісті үлестерін алып, кітапты 2 мың таралыммен ғана шығарып, осыған жұмсалған шығындардан қалған пайданы қалталарына басып, үнсіз отыра береді. Халықтың сұранысын ескеріп, кітаптың таралымын көбейтіп, менеджмент мәселесін қолға алайық деген ешкімнің де қаперіне кірмейді.
Яғни, бізде мемлекет қаржысының есебінен кітап шығару автордың да, оқырман қауымның да мүддесіне емес, жекеменшік баспалардың пайда табуына арналған. Егер бұған күмәнданатын болсақ, соңғы бес-алты жылда «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша қандай баспалар қанша қаржы алды, ол қаржының қаншасы кітапты басып шығару мен тасымалдауға жұмсалды, баспалардың өзіне қанша пайда түсті дегенді арнайы комиссия шығарып, тексеру керек. Сонда біраз жағдайдың беті ашылар еді.
Бұл жерде мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтін баспаларды ғана айтып отырмын. Бұлардан басқа, авторлармен тікелей байланыс жасап кітап шығаратын баспалар да жетіп артылады. Бірақ олардың шығарған кітаптарының таралымы бір жүзден басталып, ең мықтағанда бес жүз дананың төңіргенде болады. Олардың бәрін автор таныс-білістеріне тегін таратады. Яғни, мұндай кітаптар сатуға түсіп, халықтың сұранысын өтеуге ешқандай да ықпал ете алмайды.
Бәсекеге қабілетіміз мәдени-рухани салада, нақтырақ айтқанда, әдебиетте де мақтанарлықтай емес. Мысалы, ақын-жазушыларымыздың басым көпшілігі Алматыда тұрады. Кітап шығарумен айналысатын 300 баспа бар дейді, олардың да негізгі бөлігі осында. Бірақ Алматыдағы кітап дүкендерін араласаңыз, алдыңыздан, негізінен Ресейдің кітаптары қаптап шығады.
– Кітаптың аз таралуына халық санының аздығы да әсер ететін шығар. Қалай ойлайсыз?
– Бұл жәй сылтау ғана. Дүниеде халық саны бізден де аз мемлекеттер жетіп артылады. Мысалы, Финляндия, Норвегия, Швеция. Міне, осы елдерде де кітап бизнесі жоғары деңгейде дамыған. Біздің мүмкіндігіміз олардан артық болмаса, кем емес. Соңғы уақытта бізде қазақ мектептері барынша көбейді. Жастарымыздың басым көпшілігі өз ана тілінде білім алуда. Өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне деген қызығушылығы да артып келеді. Өзбекстан, Ресей, Қытай елдерінде де сан миллион қандастарымыз бар. Олар да Қазақстан кітаптарына мұқтаж. Яғни, бізде кітап тарату мүмкіндігі айтарлықтай жоғары. Мәселе – кітап саудасын дұрыстап жүргізе білуде.
– Бұл істі нақты кім қолға алуы керек?
– Ең алдымен жазушылардың өздері қолға алуы керек! Әрине, әр автор өз кітабын дүкенге барып, базар жағалап сатсын демеймін. Мәселе – басқада. Дүниежүзінің бәрінде ақын-жазушы болу – ең қадірлі мамандық. Олардың қаламынан туған дүние неғұрлым көбірек таралып, жұрт көбірек оқыса, ол соғұрлым жоғары бағаланады. Жақсы кітапты оқырман іздеп жүріп, өзі сатып алады. Автор кітабының қалай таралып, қаншалықты сатылып жатқанын, одан өзіне қандай пайда түсетінін де есептеп, біліп отырады. Біздің жазушылар кітаптарының саудаға түсіп, сатылымға шығуына онша көңіл бөлмейді. Өйткені, бізде кітап шығару – ең алдымен, мақтаныш. Яғни, біздің қаламгерлер көз майын тауысып, талай уақытын жұмсап жазған еңбегінің бағасы, құны қанша болды; қалай таралып, өзіне қандай пайда түсті – онда ешқандай шаруасы жоқ; тек әйтеуір сырты жылтыраған жаңа кітабын ұстап, «міне, осындай шаруа бітірдім» деп жұртқа көрсетіп, мәз болып отыра береді. Мұндай жағдайда қаламақы аз болды ма, көп болды ма деген мәселенің ұмыт болатыны айтпаса да түсінікті. Тіпті, бізде қаламақы алмақ түгілі, кітапты өз ақшасына шығарып, сосын оны жұртқа тегін тарататын жағдайлар да жиі кездеседі. Сонда қаншама шығындалып шығарған кітабын тегін алған адам оны керек ете ме, жоқ, былай шыға қоқысқа лақтырып тастай ма – бұл ешкімді де ойландырмайды. Бұл – кітаптың қадірін кетіретін келеңсіз жағдай.
Осыған орай, кітап шығару мен таратуды қазіргі нарық заңдылығына бейімдеп жүргізудің қажет екендігін ең алдымен қаламгерлердің өздері түсініп, соған орай әрекет етулері керек.
– Сонда қалай әрекет етуі керек?
– Кез келген мәселені шешу үшін біріншіден қолданыстағы заң-ережелерге сәйкес нақты, айқын ұсыныстар жасалу керек. Қажет жағдайда бұл жөнінде арнайы жоба-бағдарлама жасап ұсынған да жөн. Екіншіден, бұл ұсыныс пен жоба-бағдарламаны дайындаған адам оны іс жүзіне асыруға өзі белсеніп атсалысуы керек.
Әдебиет туралы сөз қозғайтын қаламгерлер осы екі мәселеге назар аударса деген тілек айтар едім. Өйткені, қазіргі кезде бұл екі мәселе де ойдағыдай ескерілмей келеді. Бұған бір-екі нақты мысал келтірейін. Соңғы уақытта кітап тарату мен сатуды мемлекеттік мекеме құрып, сол арқылы жүзеге асыру керек деген ұсыныс айтылып жүр. Қазіргі заманда бұл мүмкін бе? Бізде кітаптардың бәрі жекеменшік баспалардан шығады, ал жекеменшік субъектілердің өндірген өнімін сатуды мемлекеттік мекеме қалай өз мойнына алады? Барлық заманда, барлық елде әркім өзі өндірген өнімін өзі таратып, өзі сатады.
Сондай-ақ кітап шығаруды жақсарту үшін мемлекеттік баспалар ашу керек деген де әңгіме болады. Бұл да бүгінгі заманда орындалмайтын мәселе. Өйткені, қазір Қазақстанда мүмкін болғанның бәрі жекеменшікке өтуде. Тіпті, «Қазақстан темір жолының» активтері де жаппай сатылуда. Жоғары оқу орындары, емханалар, кітапханалар да жекеменшікке бейімделуде. Осындай жағдайда, мемлекеттік баспаны қалай ашамыз?
Енді екінші мәселеге келейік. Жасыратыны жоқ, біздің қаламгерлер барлық жерде өте жақсы сөйлейді. Кез келген салада үлкен мәселелер көтеріп, әдемі тілмен керемет ақыл-кеңестер, ұтымды ұсыныстар да айтады. Өкінішке қарай, сол ақыл-кеңестері мен ұсыныстарын жүзеге асыруда онша белсенділік танытпайды. Тіпті өздеріне тікелей қатысы бар ұлттық әдебиетіміздің қазіргі жағдайы мен болашағы туралы тиісті орындарға қағазға түскен ең болмаса жарты бет ұсыныс та бермейді.
Болашақта қаламгерлер осы екі мәселеге назар аудара жүрсе деймін. Әйтпесе, қаншама атымыз шыққан ақын-жазушы болсақ та, кітабымыз халыққа жетпей, өзіміз ешкімге керек болмай қалуымыз мүмкін. Мұндай жағдайдың алғашқы белгілері қазірдің өзінде байқалуда. Осындай жағдайдың алдын алу үшін бірінші кезекте кітап шығару мен таратуды қазіргі нарық заңдылығына бейімдеп жүргізудің қажет екендігін өзіміз де түсініп, өзгелерге де түсіндіре білуіміз керек.
Бұл ретте, белгілі қоғам қайраткері, ғалым Шериаздан Елеукеновтың «Қазақ әдебиеті» газетінде осы мәселе жөнінде көлемді проблемалық мақаласы жариялағыны айта кеткен жөн. Өзім де кітап шығару мен таратуды нарыққа бейімдеу туралы баспасөз бетінде бірнеше рет ұсыныс-пікірлерімді ортаға салдым.
Әйтсе де, ең бастысы соңғы уақытта Қазақстан Жазушылар одағы бұл мәселеге ерекше назар аударып отыр. Яғни өткен жылдың басында Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, сол кездегі Парламент Сенатының депутаты Нұрлан Оразалин әдебиетіміздің көркемдік сапасының төмендеп, кітап таратудың қиындап бара жатқаны, соған байланысты бұл жұмысты бір жүйеге түсіру қажеттігі туралы мәселе көтеріп, бізге осы жөнінде ұсыныс беруді тапсырған еді. Басқаларды қайдам, өзім 2016 жылдың ақпанында «Әдебиетімізді дамыту және кітап шығару мен таратуды жетілдіру туралы» деген тақыраппен бірнеше беттен тұратын ұсыныс дайындап бердім.
Кітап шығару мен таратуды нарық қатынастарына бейімдеп жаңа деңгейге көтеру – ең алдымен осы жұмыспен тікелей айналысатын баспагерлердің міндеті екендігі біз айтпасақ та түсінікті. Соған орай, баспагерлер қауымы да өз жұмыстарын қазіргіден нығайтып, жаңа деңгейге көтеруі өте қажет. Болашақта нарық заңының талаптары барынша қатаяды. Жұмсалған әрбір тиынның қайтарылымы болуын қажет ететін шарт күшейеді. Кітап шығаруға бюджеттен бөлінетін қаржы ешкімге пайда бермей, босқа кете берсе, күндердің күні қазіргі бағдарлама жабылады немесе бұл мәселе мықты құрылымдардың қолына өтеді. Баспагерлердің сол бәсекеге осы бастан дайындалып, нарыққа бейімделе бергендері жөн.
– Бұл ұсыныста қандай мәселелер қамтылды?
– Мұнда негізінен үш мәселеге назар аударылды. Бірінші – мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптардың таралымын көбейту; екінші – «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасының ауқымын кеңейтіп, оны кітапты сатып алу және тарату мәселелерімен толықтыру; үшіншісі – мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптарды іріктейтін Сараптамалық кеңестің құрамын нығайтып, жұмысын жетілдіру. Қазір бұл ұсыныстың үшеуі де жүзеге асты.
Бұл ретте, әсіресе, кітапты автордан сатып алу және тарату мәселесінің «Мәдениет туралы» заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілгенде нақты ескерілгені айрықша маңызды болды. Елбасы күні кеше ғана бұл заңды бекітті.
– Кітап шығару мен таратуға заңның қатысы бар ма?
– Тікелей қатысы бар. Бұған дейін қолданыста болған «Мәдениет туралы» заңда әдебиетті қолдау мәселесі «кітап шығару» деген тұжырыммен ғана шектелетін еді. Заңның жаңа нұсқасында бұл тұжырым, жоғарыда айтқанымыздай, «сатып алу» және «тарату» деген екі тұжырыммен толықтырылды. Осы екі тұжырым негізінде кітаптың түпнұсқасын қаламақы төлеп автордан сатып алуға және оны таратуға яғни, нарыққа шығаруға заңды жол ашылды. Соған орай, қаламақы төлеудің мәселесі нақты шешілді.
Осыған орай, кітап шығаруға арналған бағдарлама да «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, шығару және тарату» дейтін кеңейтілген атқа ие болды. Әрі бұл бағдарлама бойынша шығатын кітаптардың таралымы бұрынғыдан көбейіп, 5 мың болып белгіленді. Сондай-ақ мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптарды іріктейтін Сараптамалық кеңестің нығайту мәселесі де нақты қолға алынуда. Сөз реті келгенде, бұл жаңалықтарды жүзеге асыруға Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалинның үлкен еңбек сіңіріп, айрықша ықпал еткенін атап айту – парызымыз.
– Демек, алдағы уақытта қаламгерлердің жағдайы жақсарып, кітап шығару мен тарату жаңа деңгейге көтеріліп, әдебиетіміз бүгінгі заман талабына сай өркендей бермек. Солай ма?
– Иә, солай деуге үлкен үміт бар. Елбасы бұл мәселеге де нақты жол ашып отыр. Яғни, бағдарламалық мақалада «Заманауи мәдениетті қалыптастыруда Жазушылар одағы да үлкен рөл атқаруға тиіс» деп атап көрсетілген. Сондай-ақ жақында Елбасы қазақтың ең мықты жазушылары – Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржекеев және Смағұл Елубаевты қабылдап, мәдени-рухани мәселелер жөнінде арнайы әңгіме өткізді. Бұл да ұлттық әдебиетімізге деген үлкен құрмет.
Кітап шығару мен таратуды нарық қатынастарына бейімдеп жаңа деңгейге көтеру – ең алдымен осы жұмыспен тікелей айналысатын баспагерлердің міндеті екендігі біз айтпасақ та түсінікті. Соған орай, баспагерлер қауымы да өз жұмыстарын қазіргіден нығайтып, жаңа деңгейге көтеруі өте қажет. Болашақта нарық заңының талаптары барынша қатаяды. Жұмсалған әрбір тиынның қайтарымы болуын қажет ететін шарт күшейеді. Кітап шығаруға бюджеттен бөлінетін қаржы ешкімге пайда бермей, босқа кете берсе, күндердің күні қазіргі бағдарлама жабылады немесе бұл мәселе мықты құрылымдардың қолына өтеді. Баспагерлердің сол бәсекеге осы бастан дайындалып, нарыққа бейімделе бергендері жөн.
Бүгінгі таңда елімізде кітап шығарумен Мәдениет және спорт министрлігінің Баспа істері жөніндегі басқармасы айналысады. Алдағы уақытта бұл басқарманың қызмет ауқымын қазіргіден кеңейтіп, кітап шығарумен қатар таратып, саудаға шығару жұмыстарына да бағыт-бағдар беріп отыратындай дәрежеге көтеру қажет. Сондай-ақ кітап шығару жөніндегі конкурстың шарт-талаптарына да өзгерістер енгізген жөн. Яғни, мұндай конкурста кітаптың таралымын барынша көбейтіп, бұл жұмысты нарық заңдылығына сәйкес жүргізуге мүмкіндіктері бар баспаларға басымдық берілгені жөн.
Соңғы уақытта әдебиет мәселесіне «Нұр Отан» партиясының да белсене араласа бастауы көңілге қуаныш әкеледі. Қазіргі кезде партияның ел ішіндегі абырой-беделі мен ықпалы барынша нығайған. Соған орай, «Нұр Отан» партиясының жанындағы мәдениет пен өнерді дамыту мәселелері жөніндегі «Мирас» қоғамдық кеңесінің бұл саладағы маңызды мәселелерді шешуге бастамашы болатын толық мүмкіндігі бар. Бұл республикалық қоғамдық кеңеске құрылған алғашқы күннен мүшемін. Сол уақыттан бері «Мирас» кеңесі мәдениет пен өнерге қатысты көптеген талқылаулар өткізді. Соңғы уақыта «Мирас» қоғамдық кеңесі «Нұр Отан» партиясының облыстық, қалалық филиалдарының да жанынан құрыла бастады.
Бұл жаңалық Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңару» мақаласындағы мәдениет пен өнерге, оның ішінде әдебиетке де қатысты міндеттерді барынша нәтижелі орындауға жол ашатыны анық. Мұның бір айқын дәлелі – жақында ғана «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы жанындағы «Мирас қоғамдық кеңесінің «Қазақ әдебиетін қолдау және кітап өнімдерін тарату» деген атпен арнайы жиын өткізуі болды.
Мәжіліске «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жұлдыз Омарбекова, Мәдениет және спорт министрлігінің өкілі Күміс Сейітова қатысты. Басқосуды жазушы, Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қалалық «Мирас» қоғамдық кеңесінің төрағасы Әлібек Асқаров жүргізіп отырды. Баспагерлер мен қаламгерлер бұл мәселе жөніндегі ой-пікірлерін ортаға салды. Басқосуда әсіресе, «Меломан» компаниясы өкілінің сөзі айрықша әсерлі болды. Бұл – негізінен халық тұтынатын өнімдер сатумен айналысатын компания. Соңғы уақытта кітап бизнесіне де көңіл бөле бастаған. Қазірдің өзінде 15-тен астам кітап дүкенін ашқан. Әзірше, Ресейдің өнімдерін көбірек таратып жүр. Алдағы уақытта Қазақстандағы баспалармен де, жекеленген қаламгерлермен де тығыз байланыс орнатуға ынталы.
Бүгінгі заманда әдебиеттің дамуы мен жаңа кітаптарды таратуда әдеби агенттіктер өте үлкен рөл атқарады. Бізде бұл жаңалық қолданысқа енді ғана ене бастады. «Бестселлер.kz» әдеби агенттігінің төрайымы Бахтыгүл Махамбетқызы осы бағыттағы жұмыстары туралы сөз қозғады. Нарық жағдайында кез келген өнімнің халыққа неғұрлым көп жетіп, кең таралуы жарнамаға байланысты. Бұл – кітап өнімдеріне де тікелей қатысты. Жиынға қатысушылар кітап өнімдерін таратуда жарнамаға айрықша көңіл бөлу, бұл мәселе, әсіресе, телеарналада жиі көрсетілуі қажет деген ұтымды ұсыныс айтты.
Жиында айтылған бұл ұсыныстар әдебиетті қолдау мен кітап өнімдерін дұрыс таратуға қажетті ең басты, ең негізгі алғы шарттар екендігі даусыз. Егер осы ұсыныстар нақты жүзеге асатын болса, біздің кітап шығару мен таратудағы бәсекеге қабілеттілігіміз бүгінгіден әлдеқайда жақсарып, көш ілгері алға кетер еді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Гүлзина БЕКТАС
Бөлісу: