Ахмет Байтұрсынұлы және «Зар заман» әдебиеті

Бөлісу:

05.09.2017 19084

Өткен ғасырдағы көрнекті әдебиет зерттеушілерінің көпшілігі ХІХ ғасырда қазақ даласында қалыптасқан ірі әдеби ағым – «Зар заман» әдебиетінзерттеуге қызығушылық танытқаны мәлім. Мәселен, Сәкен Сейфуллин 1932 жылы қазақ әдебиетінің төңкеріске дейінгі тарихын «Билер дәуірі» және «Орыс патшасына бағынған дәуір» деп екі дәуірге бөліп қарастырса, Сәбит Мұқанов Шортанбай дәуірін «Зар заман әдебиеті» деп атады. Бұл кезеңге қазақ әдебиетін дәуірлеу мәселесіне қатысты зерттеулер жүргізген Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев, Ә.Қоңыратбаев, Ы.Дүйсенбаев сияқты белгілі ғалымдарымыз да айрықша мән береді. Абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметов «Зар заман» әдебиетін сипатына қарай «Отаршылдық дәуірдегі әдебиет» деп атауды ұсынды.Ал қазақ халқының ұлы қаламгері Мұхтар Әуезов 1927 жылғы «Әдебиет тарихы» оқулығының «Зар заман» атты бөлімінде бұл кезең жайында арнайы зерттеуін жариялады.

Ахмет Байт9рсынов.jpg

Бұл кезең әдебиетін зерттеуге алғашқылардың бірі болып қалам тартқан ұлт көсемдерінің бірі, ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынұлы. Оның «Зар заман» әдебиетіне қатысын екі түрлі бағытта қарастырамыз. Бірінші, «Зар заман» әдебиетіндегі азаттық идеясының Алаш идеясымен, оның ішінде А.Байтұрсынұлы шығармаларындағы ұлттық рухпен өзара байланыстылығы, екінші,«Әдебиет танытқыш» еңбегіндегі «Зар заман» әдебиеті өкілдерінің шығармаларының көрініс табуы тұрғысынан айтуға болады.
Әрине, ХХ ғасыр басындағы Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы сияқты ұлт зиялылары бастаған Алаш идеясының арғы тегі ХІХ ғасырдағұмыр кешкен Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Әбубәкір Кердері, Албан Асан, Нарманбет Орманбетұлы т.б. сияқты «Зар заман» ақындарының қазақтың азаттығын аңсаған айшықты жырларында жатқандығы анық. Тек ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында қазақ даласының әр тұсында басталған поэзиядағы отаршылыққа наразылық идеясы мен Кенесары Қасымұлы, Исатай-Махамбет бастаған ашық күрескерлік ХХ ғасырдың басында пісіп жетіліп, үлкен ұлттық мәдени-саяси қозғалысқа айналды. ХІХ ғасырда ескіше хат таныған ақындар тығырықтан шығар жол таппай күңіреніп, жалаң қылыш асынған батырлар мұздай қаруланған жауға қарсы шапса, ХХ ғасырда еуропалық терең біліммен жарақтанған қазақ зиялылары азаттық идеясын өркениетті түрде жаңа сатыға көтерді. Олар білек күшімен емес, білімнің мысымен күресті. «Зар заман» әдебиетін зерттеуші ғалым Бауыржан Омарұлы ХХ ғасыр басындағы ұлттық оянуға бетбұрысты: «Міне, зар заман поэзиясындағы сарындардың, дәстүрлі тұжырымдардың біртіндеп жоғала бастайтын тұсы да осы. Алдымен «заман азды, жер тозды» мотивін ағартушылық идеялар, әрекетшілдік қадамдар ығыстырды. Өлең-жыр ақырзамандық сарыннан арылды. Мағжанның «өткен – аяулы» деп жырлағанындай, кешегі күнді көксеу сарыны халықтың көшпенді өмірін, азат дәуренін сағынудан гөрі, адам баласы үшін артта қалған қалған тіршіліктің қадірлі болатынын айту әуеніне қарай ойысты. Жаңа дүниенің құбылыстарына тосырқай қарау, күдіктене-күмәндана жырлау үрдісі жойылып, тосын жаңалықты дәріптеп, мұны қазақ үшін керек нәрсе деп бағалау дәстүрі қалыптаса бастады», –деп жазады. Ұлы мақсатқа жету үшін Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш зиялылары да өзінің алдындағы қазақ халқына ойы азық, сөзі темірқазық болған ұлт данышпандарының ұлы қайнарынан сусындады. «Олар кімдер еді?» дегенде әрине, алдымен ұлы Абай Құнанбаевты атар едік.
Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы «Қазақ» газетінде жарық көрген «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласында:«1903-ші жылы қолыма Абай сөздері жазылған дәптер түсті. Оқып қарасам, басқа ақындардың сөзіндей емес. Олар сөзінен басқалығы сонша, әуелгі кезде жатырқап, көпке дейін тосаңсып отырасың. Сөзі аз, мағынасы көп, терең. Бұрын естімеген адамға шапшаң оқып шықсаң, түсініп, көбінің мағынасына жете алмай қалады. Көп сөздерін ойланып дағдыланған адамдар болмаса, мың ара оқыса да түсіне алмайды. Не мағынада айтылғаны біреу баяндап ұқтырғанда ғана біледі.Сондықтан Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр тиетіні рас. Бірақ ол ауырлық Абайдың айта алмағанынан кемшілік емес, оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағанынан болатын кемшілік. Олай болғанда, айып жазушыда емес, оқушыда. Не нәрсе жайынан жазса да Абай түсіндіріп, тамырын, ішкі сырын, қасиетін қармай жазады», – деп баға берген ұлы ақынның шығармашылығы Алаш идеясының негізгі ұстыны болғаны анық.
Алаштың астанасы Семей қаласы деп, өздері Абай мектебінің өкілдері Шәкәрім Құдайбердіұлы, Көкбай Жанатайұлы, Тұрағұл Абайұлы, Кәкітай Ысқақұлы сияқты сұңғылалардың айналасына топтасуының бір ұшығы осында жатыр. Абайды жан-жақты таныған Ахмет Байтұрсынұлы ол үлгі тұтқан «Зар заман» әдебиетінің көрнекті өкілі Шортанбай Қанайұлының шығармашылығын зерттеу нысанына енгізгенімен, ұлы ақынның рухани ұстазы делініп жүрген Дулат Бабатайұлы туралы пікірін еш жерден кездестіре алмадық. Бір қызығы ХХ ғасыр басындағы ең көрнекті зерттеу еңбектері болып табылатын Ахаңның «Әдебиет танытқышында» да, М.Әуезовтің 1927 жылы жарық көрген «Әдебиет тарихы» еңбегінің «Зар заман» атты тарауында да Дулат Бабатайұлы аталмайды. 1870 жылы Қазанда «Өсиетнама» атты кітабы жарық көрген ақынды қазақ оқығандары білмеді деу негізсіз. Зиялыларымыздың аумалы-төпелі заманда сақтануына себеп болған Дулат шығармаларында орыс отаршылығына наразылық ашық айтылғандығы болса керек. Қалай дегенмен де, Абайды Дулаттан, Шортанбайдан бөліп қарастыра алмаймыз. С.Мұқанов «…қазақтың халық әдебиетінсіз, Бұхар жыраусыз, Махамбетсіз, Шортанбайсыз Абай да болмас еді.Қазақ әдебиетінің қайнар бұлағы – Абай емес, Абайды туғызған халық», – десе, академик Р.Бердібай Абайдың ескі ақындарды сынаған өлеңдерін тілге тиек ете келіп, «Бірақ Бұқар, Шортанбай, Дулат сынды ақындардың сөз кестесінен, бейнелеу құралдарынан мүлде тағылым көрмеген деген үзілді-кесілді қорытынды тумайды», – деген пікір айтады.
«Зар заман» әдебиеті өкілдерінің Абай поэзиясына әсер еткен уытты толғаулары Ахмет Байтұрсынұлының өлеңдеріне әсері аз болған жоқ.Дулат, Шортанбай, Мұраттардың шығармаларында көтерілетін ел мен жер мәселесі, халықтың әлеуметтік тұрмысы, жұртты еңбекке, білімге, рухани оянуға шақыру идеясы Ахмет Байтұрсынұлының да өзегін жарып шыққан туындыларының өне бойынан көрініс табады.
Шұрайлы жерлердің жат қолына түсуі, айрандай ұйыған ел ішінің нілдей бұзылуын Дулат, Шортанбай, Мұраттар ел басқарған сатқын, «Жатып ішер жалмауыз, борсық тұмсық қандауыз» қазақ ұлықтарынан көрсе, А.Байтұрсынұлы бастаған Алаш зиялылары оның себебін жекелеген адамдардың ашкөздігінен емес, жалпы халықтың надандығының, бейғамдығының кесірінен іздейді. Мәселен, Дулатта:
Әуелгі қазақ деген ғаріп жұрт,
Миығыңды көрсетпей,
Ұстарасыз өскен мұрт.
Ұйқы басып сезбедің,
Шырмағанын жаудың сырт, – десе,

Шортанбайда:
Қайсы бірін айтайын,
Қазақтың ұлы қамалды.
Қамалмай енді неғып тұр,
Тәубасынан қазақ жаңылды.
Тұс-тұсынан жау шығып,
Дұшпанға жаман табынды.
Кәдесі қалың Арқаңыз
Ақ шөбін қимай бағынды.
Бағынғанның белгісі:
Билік кетті басыңнан,
Қорлық көрдің жасыңнан.
Ұл-қызыңнан үміт кетті,
Айрылдың құда, досыңнан, -

Ал Мұратта:
Еділді келіп алғаны -
Етекке қолды салғаны.
Жайықты келіп алғаны -
Жағаға қолды салғаны.
Ойылды тартып алғаны -
Ойындағысы болғаны…-
деп келетін жолдарда қазақ қоғамының тығырыққа тірелгені, одан шығатын жолдың жоқтығы, күнбатыстан басқыншылар кіріп, «ақырзаманның» таянғаны көкірегі ояу ақындарды дүниеден түңілдіргенін көреміз.
Ал, ХХ ғасыр басында бұл идеяжаңаша сипатта жаңғырып, түлеп Алаш қайраткерлерінен Міржақып Дулатұлының, Мағжан Жұмабаевтың, сонымен қатар Ахмет Байтұрсынұлының өлеңдерінде де айқын көрініс тапты. Мысалы, «Жиған-терген» өлеңіндегі:
Қазағым елім,
Қайқайып белің,
Сынуға тұр таянып,
Талауда малың,
Қамауда жаның,
Аш көзіңді оянып.
Қанған жоқ па әлі ұйқың,
Ұйықтайтын бар не сиқың?!
немесе «Жұртыма» деген өлеңіндегі:
Бірлік қып іс етуге шорқақ жұртым,
Табылса оңай олжа ортақ жұртым.
Сияқты қара қарға шуылдаған,
Үрейсіз, қоян жүрек қорқақ жұртым, -
деген шумақтардан ақынның бейғам қазақтың надандық дәуіріндегі іс-әрекетіне налыған, оларды рухани оянуға, бірлікке шақырған жанайқайын көреміз.Отаршылдықтың қамытын мықтап киген надан халықты тек білім мен өнерді үйрету арқылы ғана санасын оятуға болатынын жырға қосады. Қазақтың жеке басын ойлағанда мықты болып көрінгенімен, ұлттық мәселеге келгенде өзгеге еліктегіш, тез бейімделгіш,көнбіс мінезіне ашынып:
Келгенде өзді-өзіңе мықты-ақсыңдар,
Қайтейін, өзге десе көнгішіңді.
Сықылды сынық бұтақ төмендесең,
Кім жұлмас оңайдағы жемісіңді?! –
деп елді оқуға, білімге, ғылымы дамыған ұлттармен қатар тұруға үндейді. Байқағанымыздай, бұл өлең жолдары зар заманның жалғасы сияқты болғанымен, бұрынғыдай тығырыққа тірелу, шығар жолды таппау, заман азғанына күйіну сияқты ескі сарын жоқ. Оғаны негізгі себеп бірінші, Абай, Ыбырайлар, одан кейін Алаш қайраткерлері бастаған оқу, білімге, жаңалыққа ұмтылу кезеңі, рухани ояну дәуірі халықтың көңілін басқа арнаға бұрды. Өткенді аңсап зар айтудан гөрі жаңа дәуір ақындары елдің сауатын ашса ғана бодандықтан бостандыққа ұмтылуға болатынын түсінді. Екіншіден, Абайдың негізін қалаған қазақ классикалық поэзиясы сөз өнерінің ішкі сипатын мүлде өзгертті. Елдің мұңын, жердің қадірін жырлаудың басқаша үлгісі қалыптасты. Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақтың бас ақыны» мақаласында: «Хақиқатты тануға, тереңнен сөйлеуге, бойына біткен зеректіктің үстіне, Абай әртүрлі Еуропа білім иесілерінің кітаптарын оқыған. Тәржіма халін, жазушы Ғалихан Бөкейхановтың айтуына қарағанда, Абай Спенсер, Луис, Дрепер деген Еуропаның терең пікірлі адамдарының кітаптарын оқыған. Өлең жазушылардан орыстың Лермонтов деген терең пікірлі ақынының өлеңдерін сүйіп оқыған. Сондықтан Абайдың терең пікірлі сөздерін қарапайым жұрттың көбі ұға алмай, ауырсынады», – деп жазғандай, Абай Фирдоуси, Сағди, Хафиздер бастаған шығыс шайырларымен қатар Еуропаның үздік философтары мен ақындарының заманды астарлап жырлау әдісін қазақ өлеңіне енгізді. Оны Мағжан Жұмабаев бастаған жаңаша бағыттағы ақындар ары қарай дамытты. Ал Абайдың осылайша жырлауына, «Зар заман» ақындарының, әсіресе,Дулат Бабатайұлының да әсері ерекше. Академик Рабиға Сыздықова «Дулатты танып болдық па?» атты мақаласында: «Қазақ жазба поэзиясының алғашқы нышандары Дулат өлеңдерінен көрінеді. Іргетасты қалаған Абай болса, соны қалау кезеңі туғандығын, қалайша қалаудың алғашқы үлгілерін көрсеткен Дулат деп айтуға әбден болады», – дей келіп: «Дулаттың өлеңдері бұрынғы жырауларды былай қойғанда, тіпті кешегі Бұқар толғауларынан, одан қалды өзімен тұстас ақындардың туындыларынан мүлде өзгеше дүниелер»,- деген тұжырым айтады. Әрине, әдебиеттің қоғамдық құрылыстардың өзгеруімен бірге жаңғырып, жаңарып отыруы заңдылық. Алаш қайракерлерінің жырларында айтылатын елдік, ұлттық мұратттардың жыраулар поэзиясынан, оның бергі жағында «Зар заман» әдебиеті өкілдерінен жалғасып жатқанын жоққа шығара алмаймыз.
Енді «Әдебиет танытқыш» еңбегінде «Зар заман» әдебиеті өкілдерінің шығармалары талдануына келсек, профессор-ғалым Бауыржан Омарұлы: «А.Байтұрсынов сөз өнерінің әр түрін талдап-таразылау барысында зар заман үлгілерін мысал ретінде пайдаланды. Ғалым көркейте айқындауды – Мұрат, насихат өлеңді Әбубәкір, діндар әдебиет термесін Шортанбай шығармаларынан алынған үзінді жыр тармақтарымен дәйектеп көрсетеді», – деп жазады. Қазақ өлеңін жанрлық жағынан алғаш жіктеп көрсеткен Ахмет Байтұрсынұлының зар заман ақындары жырларының табиғаты бірнеше жанрға сәйкес келгендіктен мысал ретінде алған. Мәселен, Мұрат Мөңкеұлының өлең жолдарын «Тіл көрнектілігі» тарауының «Көріктеу» тараушасында көркейте айқындауға, Шортанбай Қанайұлының шығармаларын «Діндар дәуір» тарауындағы «Насихат» тараушасында, «Терме» тараушасында, Әбубәкір Кердерінің өлеңдерін «Әсірелеу» тарауындағы «Қайталақтау» тараушасында, «Діндар дәуір» тарауындағы «Насихат» тараушасында, «Даттау» тараушасында, «Терме» тараушасында пайдаланған. «Зар заман» ақындарының жырлары көбінесе Ахаң жазған «Діндар дәуір» әдебиетіне сәйкес келеді. Себебі, олардың барлығы діни біліммен сауатын ашқан, Ислам дінінен мол хабары бар ақындар болғанын шығармаларынан анық байқауға болады. Елге діни насихат айту, жаманшылықтан сақтандыру, жаны күйзеліске түскенде Құдайдан жәрдем тілеу, Жаратқанға жалбарыну олардың жырларына тән болып келеді. «Әдебиет танытқыштағы»: «Діндар дәуір мұңды, зарлы сөздеріне мінажат деп ат қойған. Әуелгіде мінажат деп ғұламалардың құдайға айтқан зары, арызы, налысы айтылған. Бара-бара зарлық, мұңлық мағынасына айналып, зарлық өлең сияқты сөздер де мінажат деп аталатын болған», – деген сипаттаманың «Зар заман» жырларындағы сарындарға да қатысы бары анық.
Ахмет Байтұрсынұлы анықтама беретін налыс толғауы, терме, мінажат өлеңдердің «Зар заман» жырларының жанрлық сипатына сәйкес келеді.
Жинақтай айтқанда, зерттеу еңбектерінде шығармаларын пайдаланғанын және жырларыдағы идеялық сабақтастықты ескере отырып, Ахмет Байтұрсынұлы «Зар заман» ақындарының шығармашылығымен жақсы таныс болған, олардын рухани үлгі алған деген қорытынды жасауға толық негіз бар. «Зар заман» әдебиеті мен «Алаш ұранды» әдебиеттің сабақтастығын індете зерттеу келер күндердің де талабы болмақ.

Дүйсенғазин Cерікзат Мақсұтұлы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты

Бөлісу:

Көп оқылғандар