Ерденеттен хат

“Махаббатқа куә болған дала-ау бұл,
Бәрi орнында анау өзен, анау қыр.
Алматыға кеткенiмде мұңайып,
Осы ауылда бiр қыз қалған сонау жыл ...”
– деп бастап:
“... Он бесiңде шешек аттың, гүл аттың,
Мына жерде қызғаныштан жылаттым.
Сенiң ойлы көздерiңе ғашық боп,
Сенiң аппақ көйлегiңдi ұнаттым ... ”
деп жалғасатын ұзақтау бiр өлеңдi аса бiр сезiмталдықпен мәнерлеп отырып жатқа оқыды.
Он бес-ақ жастағы қыз тағы сол секiлдi көптеген өлеңдердi аса бiр сырлы толқыныспен оқи бердi, оқи бердi. Дәрiгерлер “ешбiр дауасыз” деп үйге шығарып жiберген, бiрақ оны өзi бiлмейтiн, әйтсе де күн санап жатқан бойжеткен өзiнiң айтқысы келген ой-арманын сол өлеңдер арқылы маған жеткiзiп, сыр ақтарған секiлдi. Өлеңдердi оқып бiткен ол ғашықтық өлеңдердiң әсерiнен арыла алмаған қалпы әңгiмеге кiрiсiп:
– Аға, айтыңызшы маған, ғашық болу деген соншалық ғажайып сезiм бе? Махаббат деген не өзi соншалықты? Қыз деген жандардың несi қызық сiздерге? Ақындар, сiздер неге сонша үздiге бересiздер осы?.. – дедi маған от шашқан жанарын қадай түсiп. Шынымды айтайын, аға, өмiрде бiрiншi рет ер жүрегiм екi бөлiнiп түстi. Не дерiмдi бiлмей қипақтадым, күлдiм, сосын барымша жайбарақат қалыппен сөйледiм. Бейне сын берiп отырған секiлдi. Бара-бара шешiлдiм, махаббат деген сезiмдi өлiм аузында жатқан пәк пендеге ақырын-ақырын жеткiзе бастадым ...
Жиырма бес жастағы “көптi көрген” жiгiттiң, махаббаттың “майталман жыршысы” – ақынның әңгiмесi оның көңiлiне жақты бiлем, маған рақметiн айтып, тағы бiраз өлең оқыды да, ештеңе болмағандай:
– Аға, “Бесiктен бейiтке дейiнгi” (бұл Сiздiң кiтаптың аты едi) өмiр не деген тәттi едi, неткен қысқа, келте едi. Амалым қанша, амалым ... Ғаламат мына жалғанға бiр сұлу қызбала болып жаралып, ғашық болып үлгермей жатып, сөнiп кету деген не деген өкiнiш едi ...– деп көкiрегi қарс айырыла күрсiндi.
Айтқанға ғана жеңiл, егер дәл сол бiр сәттi өзiңiз көзiңiзбен көрсеңiз ғой (Ол өлетiнiн әлдеқашан бiлген екен). Күрсiнудiң қандай ауыр арпалыс екенiн мен сонда алғаш рет жан-тәнiммен түсiндiм. Темiрден жаралғам жоқ ғой, шыдамым таусылып, үн шығармай, ағыл-тегiл егiлiп, тоқтай алмай жыладым. Сонда не болды дейсiз ғой?“ – Аға, дап-дардай жiгiт бола отырып, қыз алдында жылаудан ұялсаңызшы”,– деп күлiмдеп, кiп-кiшкентай алақанымен жасымды сүртiп, басымнан сипағанын қайтерсiз ...
...Сондай асыл перизат өмiрiнiң соңғы сәттерiнде сол кiтаптан ләззат тауып, басына жастанып жатып, бұ дүниеден қайтқанда сол кiтапты (Сiздiң кiтабыңызды) маған қалдырып кеттi. “Жоғалтпаңыз” дедi. “Жоғалтуға” кiмнiң дәтi шыдар, әлi сақтаулы. Кiтапханамның төрiнде тұр.
Күнi бүгiнге дейiн сол асыл жанды ойлаған сайын, есiме алған сайын “Бесiктен бейiтке дейiн”; “Қасымхан Бегманов” деген есiмдер ерiксiз тiлiме оралып, жұп-жұқа көк кiтап көзiме көрiнедi (бұл Қасымхан деген ақынның ақын болғандығының, барша мақсаты орындалғандығының ап-айқын бiр көрiнiсi деп ойлаймын әрi сенемiн, аға).
Мен сiзбен содан берi сыртыңыздан “достасып” келемiн. Сiз тiлесеңiз де, тiлемесеңiз де, бұдан былай да достаса беремiн.
Қош. Әзiрше осы, аға. Бiзде түн болды, таңертең жұмыс.
Iнiңiз: Байыт Қабанұлы,
Ерденет қаласы, Моңғолия

Беу, менiң Байыт бауырым, алыстан хаттар жолдаған,
Ағаңның шерлi жүрегiн қап-қара қайғы торлаған.
Төлеген жазған сағыныш кеудеме мәңгi орнаған,
Менде бiр мұңлық жан едiм өмiрде жолы болмаған.
Беу, менiң Байыт бауырым,
Сен де бiр дерттi ақынсың, менде бiр шерлi шайырмын,
Шалғай бiр жатқан жерлердiң шерменде сырын айырдың.
Самолеттердiң бортында қара бұлттарды қақ жарып
қара жолдарды қайырдым.
Дариға дәурен баяғы бозбала кезгi дос қандай,
Ол кезде бiздiң бұл көңiл бәйгеге тұлпар қосқандай.
Жырымды саған жатқа оқып, үзiлген сол бiр жас ару,
Байытжан саған не дейiн қайғыма қайғы қосқандай,
Жанардан қатар екi өзен жосылып төмен жосқандай...
Бейтаныс бiр қыз түсiмде алыстан қолын бұлғады,
Желбiреп тұрған орамал, жалт ете қалған сырғаны.
Аңғардым анық, апыр-ай бұл ненiң болды белгiсi,
Есiмнен шықты сол сәтте түстегi жырдың ырғағы.
Қанша рет көзiм көл болып, қанша рет құрғыр құрғады,
Қаншама мөлдiр сезiмдi аямай жұлқып жұлып ап,
Аяулы сол бiр сәттердi уақыт тонап, ұрлады.
Моңғолдың мұңлы даласы, қаласы екен Ерденет,
Құстар да қайтып жатыр ғой айдынды мынау көлге кеп.
Қуантып неге қайтпайсың, ағаңа хаттар жазғанша,
Байыт-ау сенiң бабаң да алшаңдап жүрген жерге кеп.
Қарашы ана жарықтық Қозысыз Баян Өлгейдiң,
Қымызын iшкем үш рет, еске алсам әлi шөлдеймiн.
Соққылап жатқан жағаны толқыны қатты көлдеймiн,
Бiлемiн Байыт осынау дүниеге екi келмеймiн.
Қатептi қара нарлар мен атанға жүктi артпадың,
Қазақтың қайда даласы деп елге неге тартпадың.
Қыратта тұрар қалқайып, күн салып қарап алысқа,
Бесiнде намаз оқып ап Бессала жақта қарттарың.
Шыр етiп жерге түскенде жасайды тағдыр кесiмiн,
Он бес жасында үзiлген бiлмеймiн қыздың есiмiн.
Артық сөз етiп қайтейiн Алланың сол бiр шешiмiн,
Кездеспей кеткен қарағым, сұраймын сенен кешiрiм.
Шарт сынам ендi сынама, сындарға мұндай төзбеспiн,
Сен ғана қалқам түсiндiң, ұқпаған сырды өзге ешкiм.
Ерденет жақта елiктей өлеңдi сүйген қалқам-ай,
Өзiммен емес, өмiрде жырыммен ғана кездестiң.
Арманда кеткен қайтейiн аруы бiздiң даланың,
Бұлт басқан нұрлы келбетiн туған бiр айға баладым.
Қай жерде қалды тым ерте ұстаған айна-тарағың,
Басыңда белгi бар ма екен, жат жерде қалған, қарағым!
Байыт-ау, бiрақ бiреуге ол ару жай бiр кейiпкер,
Кейiпкер деген оларға сыртынан шулап кейiптi ел.
Құпия сырын ашпайды құлыптаулы тұрған сейiптер,
Томпиып үнсiз жатады бетiнде жердiң бейiттер.
Сол қыздың аппақ жүзiндей алдымда жатыр парақтар,
Бұтақтарымен түртедi терезе жақтан қарап тал.
Мен жайлы айтқан боратып, сенбеңдер ғайбат сөздерге,
Жырымды оқып, өзiмдi көрмеген әлi қарақтар...
Қасымхан Бегманов