Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Арнайы жобалар
Аударма
Мұхтар Әуезовтің Тәкен Әлімқұловқа жазған хаты

29.02.2016 6237

Мұхтар Әуезовтің Тәкен Әлімқұловқа жазған хаты

Автор: adebiportal.kz


Мұхтар Әуезовтің Тәкен Әлімқұловқа жазған хаты.jpg


№ 119 17.VІІІ.1956 ж.



Қадірлі Тәкен![1]


Хатыңды алдым, ниеттеріңе ризамын.


Бүгін 17/VІІІ Зоя Сергеевнадан[2] да хат алып ем. Екінші сентябрьде Москвада болмақшы, саған барымша көмек етем депті, тек жазсын дейді. Рас, басқармасында өзгеріс те бопты біраз. Шамота кетіп қапты, ол аса бағалы адам еді. Ендігі жағдайларында не жайлы, не жайсыз өзгеріс болады, оны болжау алыстан оңай болмау керек. Сендер мақала жазсаңдар, әсте Никитичке бермеңдер де айтпаңдар, З.С. барған соң табыс етерсіңдер. Айтсаңдар, тек Кочетовтың өзіне ғана айтуға болар. З.С. телефоны 7-28-36 (үйі), соған жалғасарсың.


Ал “Соц. Қазақстанның” 12-індегі санында Сүйіншәлиевтің үлкен мақаласы “Абай жолын” мақтап шықты. Тіпті “алайдасы” жоқ – редакция ер екен дедім. Онда көп роль Серік Қирабаевтікі[3] болу керек. Бізде “Правданың” бір үлгісі болмаушы, қонбаушы еді ғой. Ол мақтағысы келсе, алғаш таныстырам деген, жақсы деп бағалаған заттарын “алайдасыз” айтады ғой. Біздің баспа орындарымыз бірер кемдікті қоса айтпаса, онысын күнәкәрлік көретін. “Күпірлік” деп “тәубә, тәубәлап” отыратын. Өзің оқыған шығарсың, Сүйіншәлиев мақаласынан (ол қазақ прессасы болғандықтан және бас орган болған соң) бір-екі жерін цитата қып әдейі келтірсең деймін. Сонда әсіресе тілді айтқан сөйлемдерін атап, бағалап, өз сөзіңе қосып берудің әнеугі былшыл сөйлеушіге қарсы және “Знамялар” үшін аса қажет бағасы болар еді. Мен 15-інде барам, хабар күтем.


P. S. Передай от меня Семену Владимировичу сердечный, дружеский привет.

Зейінге көп сәлем, ақылдас боларсың.


Қош, М. Әуезов




[1] Әлімқұлов Тәкен (Тәңірберген) (1918–1987) – жазушы, сыншы, әдебиет пен өнер зерттеушісі, аудармашы. М. Әуезовпен көп жыл қызметтес, пікірлес, достық көңілде болған. Оңтүстік Қазақстанды аралаған шығармашылық сапарында бірге жүрген.


[2] Кедрина Зоя Сергеевна (1904–1992) – әдебиет сыншысы, ғалым, аудармашы, ф.ғ.д. (1974). Сыни-зерттеушілік, аудармашылық жолы М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов, Ғ. Мұстафин, Б. Майлин, т.б. шығармашылығымен байланысты. М. Әуезовпен 1932 жылы “Октябрь үшін” пьесасына материал жинау кезінде танысқан. Әуезов шығармашылығын зерттеумен ұзақ жылдар айналысып, 1951 жылы Мәскеуде “Мухтар Ауэзов” моногра- фиясын шығарған. “Абай жолы” роман-эпопеясының соңғы екі тарауын, “Асыл нәсілдер”, “Білекке білек”, т. б. шығармаларын аударған. Отбасыларымен достық қарым-қатынаста болған.


[3] Қирабаев Серік Смайылұлы (1927 ж.т.) – әдебиет зерттеуші ғалым, сыншы. Филология ғылымының докторы (1964), профессор (1966), ҚР ҰҒА-ның академигі (1994). 1951–1958 жылдар аралығында “Социалистік Қазақстан” (қазіргі “Егемен Қазақстан”) газеті редак- циясында қызмет істеген

Көп оқылғандар