Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Арнайы жобалар
Аударма
Ахмет Байтұрсынұлының Әлихан Бөкейханға жазған хаты

26.02.2016 3952

Ахмет Байтұрсынұлының Әлихан Бөкейханға жазған хаты

Автор: adebiportal.kz


Безымянный.png


«Қадірлі (құрметті) Әли!


Астананың Қызылордаға ауысу мәселесі түпкілікті шешілмегендіктен де, сенің көптеген хаттарыңа дер кезінде жауап бере алмадым. Енді, Қазақ институтының онда ауыспайтынына қарамастан, оқушылардың кетіп жатқанын көрген соң, мен де Қызылордаға көшуге бел байладым, сондықтан пәтер қарап іздестіре беру үшін әйелімді сонда жібердім. Биыл орталықтағы тәржіманың шығуына байланысты еліме баруға да мүмкіндік алдым. Қалғанына және көшудің қамына тамыз бен қыркүйекте кірісерміз деп ойлаймын. Егерде сенің профессорың Торғай мен Ырғыз уезіне баратын болса, онда менің де сонымен бірге жүріп кетуім керек шығар. Ән-күйлерді жиыстырып, фотографияға түсіру менің де көптеген ойымда жүрген іс еді. Егерде мен оны профессордан үйреніп алсам, маған да пайдалы болар еді.


Қазақ мемлекеттік баспасымен жасасқан шартым бойынша жаңа жазу үлгісіне орайластырып үш грамматика оқулығын және қырғыздардың әліппесін құрастырып: біріншісін – 15 маусымда, екіншісін – 1 шілдеде, үшіншісін 1 тамызда және төртіншісін 20 тамызда бітіріп беруім керек. Міне, осы уақытқа дейін басқа жұмыстарға мойын бұруға мұршам жоқ, содан кейін де, егерде Қазақ институтында дәріс басталатын болса, бос уақытқа тағы да ділгір болып қаламын. 20 тамызға дейін Ибрагимнің (Абайдың) өмірбаянын жазып бере алмаймын дегенім сол. 20 тамыздан кейін де уақыт бола ма – оны да айта алмаймын. Өзіңе өзімнің фотографқа түскен суретімді жіберемін, бірақ байқарсың, менің суретім сенің шығатын қатираңа кірмей қалып жүрмесін.


Біздің коммунистер, сендердің мәскеуліктерің сияқты жарты емес, нағыз “96-пробаның” өзі.


Алтынсарының баласының суретін “Шолпан” журналының № 6,7,8 кітабынан таба аласыңдар. Одан басқа оның суреті менде жоқ.


Міржақып Қостанай уезіне кетті. Кеше одан: “Гая (Ғайнижамал, Міржақыптың әйелі – Т.Ж.) жеңілдеді, ұл тапты!”, – деген телеграмма алдым. Пішпек қаласында өткен қырғыз мұғалімдерінің құрылтайынан (бұл арадағы бір әріпті не санды ажырата алмадық. «Келдім» бе, жоқ «Е, келді» ме. Егерде қысқартылып жазылған кісі аты болса, онда бұл “Елдес Омаров” деген сөз. Ал “2” деген сан болса – онда “2 күні Пішпектен келдім» деген сөз. Аудармашының өзі де түсінбеген сияқты. Сондықтан Пішпектегі съезге Ахмет Байтұрсынов барды ма, Елдес Омаров барды ма, ол арасын анықтау керек. Ахмет Байтұрсыновтың “Әліппесі” сол жылы қырғыз мектептері үшін басылып шыққаны анық – Т.Ж.) 2-де келдім. Күн тәртібіне қойылған мәселе мынадай: тіл, қарып, жазу үлгісі, ғылыми терминдер, көне сөздерді жинастыру және мектептің бағдары.


Латын алфавиті туралы бұларда осы уақытқа дейін бір жиналыс болыпты да, қаулы қабылдапты. Сияз оны қолдады. Ол қаулының мазмұны мынадай: қырғыздардың келешегі үшін латын жазуы пайдалы, бірақ та, оны бірден қолданудың ыңғайы келмейді, оған дейін араб қарпіне біраз өзгерістер енгізу қажет – делінген. Олар: латын – “назира” қарпінен нашар. Бізде үлкен және кіші қаріп деген болмау керек, сондай-ақ, баспаша және жазбаша түрінің де қажеті жоқ. Академиялық орталық жағырафияны орыс тілінде басып шығара алмайды, – дейді.


Бұл ұсыныстарды қырғыз өлкесін зерттеу қоғамының талдауына ұсынамын, нәтижесін кейін хабарлаймын. Соңғылар оны шығаратын шығар деп үміттенемін, себебі, оларға қырғыз жағырафиясы өте қажет.


Құшақтап сүйдім. Ахмет. Орынбор. 11/ҮІ – 25 жыл»

Көп оқылғандар