«16 май. 25 жыл.
Бауырым Ахмет!
Әлімхан келіп, сонан естідім, сен ауырып оңалыпсың. Енді ауырма. «Жоқтауым» 21 болды (Ә.Бөкейханов құрастырған жинақ – Т.Ж.), оны мен қазақ секциясына бердім. Сеид-Ахмет жоқтауымды алып қалды. Өлеңі жақсы болғанымен, қайталамасы көп екен. Соны өңдеп барып, сонан соң баспасаң, қайталама жақсы өлеңді бұзып кететін. Сабындай бұзылған, жалдаптай ойнаған біздің Ц.И. (орталық баспа – Т.Ж.) сұлу әдебиет сөзін басатын көрінеді. Сеид-Ахметтің өлеңін өңде. Күзде басылып та қалар. Ц.И. бірінші октябрьге дейін оқу құралын ғана баспақ. Баспа күшінің бәрін осыған салмақ. Орынбор баса алмай отырған мектеп кітаптары болса, Мәскеуге жіберіп қараңдар. Басқанына ақы аласыңдар, жылдам басып береді.
Біздің Нәзір (Н.Төреқұлов – баспа меңгерушісі): Шәңгерейді, Шоқанды, Ыбырайды да (Алтынсары) кітап қылып шығарайық, – дейді. Мен: “Жарайды”, – дедім. Мен Шәңгерейді жазбақ болдым. Ыбырайды саған бермек болдық. Шоқанды Мадиярға берейік деп едім, “латын” ойына түсіп кетіп, тасырқап қалды. Мен: «Сен тақсыр баспа, өзің жаз», – дедім. Мен майды бітіріп елге кетем. Шәңгерейді ауылдан жібермек болдым. Бәрі бір күзге шейін басылмайды. Сен де күзге жазып берем деп Ыбырайды ал. Шоқанды тағы да көрерміз. Абайды жазатын кім? Білесің бе? Тұрашқа жаздырсам, сыңаржақ болып, жүгі бір жаққа ауып кете ме деп қорғанып тұрмын. Біздің Ц.И. мектепке деп дәптер шығармақ. Ол дәптердің оң бұрышында Абай, Шоқан, Ыбырай (Алтынсары), ақын Ахмет, Шәңгерейдің суреті болмақ. Маған сен өз суретіңді жібер. Мен оны Ц.И.-ге беріп кетейін.
«Жоқтауға» әлі ақы алғаным жоқ. Алғанда саған жіберем.
Мадияр жолдасқа айтшы, мен “Еңбекші қазақтың” егіз санын алам. Маған біреуі де болады. Екіншісін Қарқаралыда Бәжікейге жібер деп 3-4 рет жаздым. Мадияр дәл Еркесары (сияқты): баспалап істейді, дәнеме айтпайды. Газетін қосақтап Мәскеуге жібереді де отырады. Тағы да (ҮІІ том. 159-бет) Мадияр: газетті былай қылып елге тарат дегенде дым-ақ шешен. Өз газеті Мәскеуге 8 күнде келеді де, соңғы шыққаны (алдыңғысынан) озып жүреді. 31-майдан кейін маған Мәскеуге газетті жібермесін. Мен елге кетем. Сеид-Азымға беретін істер әлі де түзеліп біткен жоқ. Мен жүргенше бітпесе, секцияға тапсырып кетем. Ол да күзге дейін басылмайтын жазбалар болады ғой.
Елдесім (Омаров – Т.Ж.) жолдастың физикасына сын жазайын десем, газетке үлкен, журналым жоқ болып, делдал болып тұрмын. Елдесім жақсы жігіт. Бұрын да жақсы еді. Енді онан да сүйікті болып кетті.
Бір күні Шәңгерей маған: “Мен сені жақсы көрем! Білесің бе?”, – деді. Мен: “Жоқ”, – дедім. Шәңгерей: “Сен шын қазақсың ба? Сені қазақ деп жақсы көрем”, – деді. Физиканы оқып қарасам, Елдесім де қазақ екен.
Бәріңді құшақтадым – сүйдім.
Ғали-хан».
"Ұраным - Алаш" 1-кітабынан алынды